Семинар: 248 сағат обтөЖ: 124 сағат ТӨЖ: 40 сағат Барлығы: 412 сағат І аб-30 балл ІІ аб-30 балл Емтихан-40 балл



бет9/16
Дата17.06.2016
өлшемі1.74 Mb.
#142608
түріСеминар
1   ...   5   6   7   8   9   10   11   12   ...   16

3.Ауа райын бақылайтын станцияларда ауаның температурасы тәулік ішінде 4 рет өлшенеді.Тәуліктік орташа температураны табу үшін өлшеу нәтижелері қосылып, бақылау санына бөлінеді.0 С-тан жоғары (+) және төмен (-) температуралар болса, олардың әрқайсысы бөлек жинақталады.Көп саннан аз сан алынады да, шыққан айырма бақылау санына бөлінеді.Алынған нәтижеге көп санның таңбасы « + »немесе « - » қойылады.

Мысалы, сәуірдің 20 күні ауаның температурасын бақылау нәтижелері сағат 1-де +5с, 7-де -2с, 13-те+10с,19-да+9с.

Тәуліктік жиынтығы 5с-2с+10с+9с-22с. Тәулік бойынша орташа температура +22с – 4- +5,5с.

Тәуліктік орташа температурадан айлық орташа температура шығарылады . Ол үшін тәуліктік орташа температуралардың жиынтығын айдағы күн санына бөледі.

Мысалы, қыркүйектегі тәуліктік орташа температуралар жиынтығы +210 0 С болды делік . Қыркүйектегі күн саны 30 . Сонда айлық орташа температура 2100 С : 30 = +70C

4.Температураның жыл ішіндегі өзгерісі Жердің Күнді айналу жолындағы орнына байланысты (жыл мезгілдерінің ауысу себептерін естеріңе түсіріңдер.)

Жазда күн сәулелері жер бетіне тік түседі де, оны жақсы жылытады.Оның үстіне күн ұзақ.Қыста керісінше күн сәулелері жерге көлбей түседі.Әрі күн қысқа.Сондықтан жер бетіне жылу аз келеді.Солтүстік жарты шардағы ең жылы ай –шілде,ең суық ай-қаңтар.Оңтүстік жарты шарда керісінше.Ең жылы аймен ең суық айдың орташа температураларының айырмасы ауа температурасының орташа жылдық амплитудасы деп аталады.

Әр айдың орташа температурасы бір жылдан екінші жылға ауытқып отыруы мүмкін.Сондықтан неғұрлым көп жылдық орташа температуралар алынады.Бұл жағдайда бірнеше жылғы орташа айлық температуралар жиынтығы жыл санына бөлінеді. Сонда айдың көп жылдық орташа температурасы шығады.

Әр айдың көп жылдық орташа температураларының негізінде жылдық орташа температуралар есептеп шығарылады.Ол үшін айлық орташа температуралардың жиынтығы ай санына бөлінеді.

Оң (+) температуралар жиынтығы + 900С.Теріс (-) температуралар жиынтығы -45ос.

5.Ауаның температурасы термометрмен өлшенеді.Термометрге күн сәулелері тікелей түспеуі керек.Өйткені тікелей күн көзіне қойған жағдайда термометрдің өзі қызады да, ауа температурасының орнына өзінің шынысы мен сынабының температурасын көрсетеді.

Ауа райын бақылайтын станцияларда термометр жан-жағында желбезек тәріздес саңылаулары бар қораптың ішіне қойылады.Желбезектер термометрге ауаның еркін өтіп тұруына қолайлы жағдай жасайды, сонымен бірге оған күн көзін түсірмейді.Қораптың есігі міндетті түрде солтүстік жаққа қарап ашылады.



Бақылау сұрақтары :

1.Температураның тәуліктік амплитудасы деген не?

2.Құрлық бетімен су бетіндегі ауа температурасының амплитуда мөлшері неліктен бір-бірінен алшақ болады.

3.Орташа жылдық амплитуда деген не?


27 - сабақ

Тақырыбы: Ауадағы су буы

Жоспар:

1.Аудағы су буы қайдан таралады

2.Ауадағы су буының температурамен байланыстылығы.

3.Абсолют және салыстырма ылғалдық.

4.Су буының конденсациясы

5.Ауаның ылғалдылығын өлшеу.



Сабақтың мақсаты: Ауадағы су буын қарастыру

Теориялық мәлімет:

1.Құйып өткен жаңбырдан кейін көшеге қақ тұрып қалғанын талай байқадыңдар. Үйлердің шатыры, ағаштың жапырағы мен діңі, көкорай шалғын – бәр суға малшынған. Бұлт сейіліп, Күн шыққаннан кейін су тиген заттардың бәрі де құрғайды.Осының алдындағы жаңбыр суы із – түзсіз қайда жоғалып кетті? Шынында су жоғалып кеткен жоқ, буға айналып, ауаға тарады.Ауа сияқты түзсіз болғандықтан, бу көзге көрінбейді.

Кез келген ауада белгілі – бір мөлшерде бу күйіндегі су бар. Судың өте майда бөлшектері бөлмедегі ауаның құрамынада кіреді. Оны байқау қиын емес.Қыста аяздан үйге алып кірген металл бұйымдарға ( портфельдің құлпы, коньки және т.б.) көңіл аударыңдар.Үйде, жылы жерде сәл тұрғаннан кейін олардың терлей бастағанын көресіңдер.Бұл – бөлмедегі жылы ауа суық затқа жанасқанда бөлінген су тамшылары.

Жер бетіндегі ылғалды топырақтан, батпақтан, өзендер мен көлдерден, мұхиттар мен теңіздерден буланған су ұдайы атмосфераға қосылып жатады. Судың басым көпшілігі мұхиттар мен теңіздерден келеді.

Табиғатта су буы тынымсыз айналыста жүреді.Мұхиттар мен құрлық бетінен көтерілген су булары атмосфераға жайылып таралады.Ауа ағымдары оларды ілестіріп басқа жаққа айдап алып кетеді. Бу салқындаған кезде бұлтқа айналады. Одан жауын - шашын түрінде жер бетіне қайтып оралады.



2.Ауадағы су буының мөлшері буланатын беттің жағдайына және температураға байланысты. Ауадағы су буы мұхит үстінде мол, ал құрлық үстінде аз болады.Сонымен бірге неғұрлым температура жоғарылаған сайын ауадағы су буының мөлшері арта береді.

3.Ауадағы су буының мөлшері абсолют және салыстырма ылғалдықпен анықталады.

Абсолют ылғалдылық-1м3 ауадағы су буының нақты мөлшері, ол граммен есептелінеді.

Салыстырмалы ылғалдық – 1м3 ауадағы суц буының нақты мөлшерінің сол температурадағы ауаны қанықтыратын су буы мөлшеріне қатынасы: пайызбен есептелінеді.Салыстырма ылғалдық ауаның су буымен қанығу дәрежесін көрсетеді.Мысалы, 1м3 ауа -20 0 С температурада 1 г су буын ұстап тұра алады. Ауада бар ылғал 0,5 г делік . Сонда салыстырма ылғалдық 50 % болады.

4.Ауа су буымен қаныққанда салыстырма ылғалдық 100% - ға жетеді.

Ауа су буымен қаныққаннан кейін будың артығы су тамшыларына айналады. Егер 1м3 ауаға – 100 С температурада 2г орнына 3г су буы жинақталса, оның артық 1 г-ы су тамшыларына айналып кетеді. Сондай – ақ қаныққан ауаның температурасы төмендесе де, бойындағы су буларын ұстап тұра алмайды.Мысалы, 1м3 ауа +100С –та қанығу үшін 9 г су буы керек. Егер температурасы 00С- қа дейін төмендесе, ол ауа 5г ғана су буын ұстап тұра алады, артық 4г бу су тамшыларына айналады.

Белгілі жағдайда су буларының сұйық күйге (су тамшыларына) айналуын к о н д е н с а ц и я деп атайды(лат.конденсацум – қоюлану).00С-тан төмен температурада су булары қатты күйге ауысады, яғни мұз түйіршіктеріне айналады.

5.Ауаның салыстырма ылғалдығы шаш гидрометрі деп аталатын құралмен өлшенеді ( грекше гигрос –ылғал, метр -өлшеу ).Бұл құралда адам шашының ылғал артқанда ұзару қасиеті пайдаланылған.Ауа құрғаса керісінше , шаш қысқарады.Шаштың ұзаруына немесе қысқаруына қарай оған жалғастырылған тіл циферблаттың бойымен жылжып,салыстырма ылғалдықтың пайыз мөлшерін көрсетеді.

Бақылау сұрақтары :

1.Тәулік ішіндегі ең төмен температура неліктен түн ортасына емес, Күн шығар алдындағы уақытқа тура келеді?

2.Салыстырма ылғалдық деген не?

3.Конденсация ұғымы .

4.Абсолют ылғалдық.

5.Ауадағы су буының температурасы.


28- сабақ

Тақырыбы: Тұман және бұлт

Жоспар:

1. Тұман қалай пайда болады?

2. Бұлт және оның түрлері.

Теориялық мәлімет:

1.Жер бетінен көтерілген су буы салқындағанда онын құрамындағы су буының қайтадан сұйық күйге ауысатынын (конденсацияланатынын) байқадыңдар. Ауаның жер бетіне жақын қабатындағы су булары су тамшыларына айналғанда т ұ м а н түседі.

Жаздың соңына қарай немесе күзде ауа райы ашық, бұлтсыз кезде ауаның жер бетіне жақын орналасқан ең төменгі қабаты түнде жылу шашудың нәтижесінде салқындайды. Ондай жағдайда ауаның құрамындағы су буларының біразы өте майда су тамшыларына айналады, яғни тұман түседі. Мұндай тұмандар, әсіресе ауасы салқындап қалатын ойпаңдарда шалғынды жерде, батпақ үстінде, сайлар мен жыраларда, шағын бөген мен өзен үстінде жиі пайда болады. Олар температураның тәулік ішіндегі ең төмен кезі - күн шығар алдында түседі де, күн көтеріле тарқап кетеді.

Бұдан басқа көктемде немесе күзде оңтүстіктен соққан жел жылы ауаны айдап алып келеді. Жылы ауа қар немесе салқын топырақ бетімен жанасқанда салқындайды да, су булары су тамшыларына айналады. Мұндай жағдайда түскен тұманның қалыңдығы бірнеше жүз метрге барады, үлкен алқапты қамтиды және ұзақ уақыт тұрып адады.

2.Жер бетінен жоғары көтерілген ауа салқындағанда оның құрамындағы бу су тамшылары мен мұз түйіршіктеріне айналады. Олар шоғырланып, бұлт құрайды.

Бұлт құрайтын су тамшылары өте майда, ұлпадай жеңіл болғандықтан, жерге түспей, қалықтап жүре алады.

Пішініне қарай бұлттың негізгі үш түрі ажыратылады. Будақ бұлт үйіліп жатқан жүнге немесе мақтаға ұқсайды. Жеке будақтар сұрғылт түсті келеді. Олар тұтаса келе түнеріп, жаңбырдың будақ бұлтына айналады. Ондай бұлттан жазда нөсер жаңбыр, қыста жапалақтап қар жауады.

Будақ бұлттар, әдетте 800-1000 м биіктікте түзіледі де, жоғары қарай 2 км биіктікке дейін таралады. Жер беті қатты қызып, жоғары өрлеген ауа ағындары күшті жүрген жағдайда ол қалыңдап, 3-4 км-е дейін көтеріледі.

Қабат бұлт тұманға ұқсас бір сыдырғы сұрғылт қабат құрайды. 2 км биіктікке дейін түзілетін қабат бұлт аспанды түгелдей торлап алды да, одан ұзаққа созылатын ақжауын жауады . Шарбы бұлт өте биікте (6 км және одан да жоғары) түзілетіндіктен, майда мұз кристалдарынан тұрады. Ақ түсті, нәзік шілтерге немесе малдың ішкі шарбы майына ұқсайды . «Шарбы бұлт» атануы да содан, одан жауын -шашын жаумайды.

Бұл айтылғандардан басқа бұлттардың бірінен-бірне өтпелі аралық түрлері де болады: Мәселен, өте үлкен биікте қабат - шарбы бұлт түзіледі. Ол нәзік буалдыр шарбы тәріздес болып келеді. Мұндай бұлттардың өте нәзік мұз кристалдарынан жарық сәулелері өткенде олардың шашырауынан Күннің немесе Айдың төңірегінде жарық шеңбер пайда болады. Оны халық арасында Куннің немесе Айдың қоралануы дейді .

Аспанды бұлттың торлау дәрежесін бұлттылық деп атайды. Оның мөлшері 0-ден 10 балға дейін белгіленеді. 0 - аспан шайдай ашық, 5 - бұлт аспанның жартысын басқан, 10 - бұлт аспанды түгел торлап алған және т.с.с. Бұлттылық дәрежесі көз мөлшермен оңай анықталады. Метеорологиялық станцияларда бұлттың түрін, биіктігін және аспанды бұлт басу дәрежесін бақылайды. Жер шарының үлкен көлеміндегі бұлттылық жағдайы туралы Жер серіктерінен және орбитадық станциядан түсірілген фотосуреттер аса құнды мағлұмат береді.

Бақылау сұрақтары:

1.Тұман мен бұлттың қандай ұқсастықтары бар?

2. Тұман қалай пайда болады?

3.Бұлт қандай түрлерге белінеді?

4.Нөсер жаңбыр қандай бұлттан жауады?
29- сабақ

Тақырыбы: Атмосфералық жауын-шашын

Жоспар:

1.Жауын-шашынның түрлері.

2.Ауаның жер бетіне таяу қабатынан түсетін ылғал.

3.Жауын-шашынды өлшеу.

4.Жауын-шашынды есептеу.

5.Булану және буланушылық.



Теориялық мәлімет:

1.Бұлттан жер бетіне түсетін сұйық немесе қатты күйдегі ылғалды атмосфералық жауын-шашын немесе тек қана ж а у ы н - ш а ш ы н дейді.

Жауын-шашынның түрлері: жаңбыр, қар, бұршақ, шық, қырау және қылау.

Бұлтты құрайтын су тамшылары өте майда келеді. Олардың диаметрі әдетте 0,01 мм-ден аспайды. Бұлттан жауын-шашын жауу үшін су тамшылары іріленіп, салмағы ауырлауы керек. Тамшылар бір-біріне қосылу немесе төңірегіндегі су буының суға айналып қонуының (жамалуының) нәтижесінде іріленеді. Сөйтіп олар ауада қалықтап жүре алмайтын халге келеді де, салмағымен құлдилап құлайды, яғни ж а ң б ы р жауады.

Жазда жер беті өте қатты қызатын жерлерде ауаның жоғары өрлеген күшті ағындары пайда болады. Жаңбыр бұлты осындай жерге тап келсе, ондағы су тамшылары өте үлкен биікке көтеріліп кетеді де, қатып, мұз түйіршіктеріне айналады. Мұндайда салмағымен құлап келе жатқан мұз түйіршіктері салқындаған су тамшыларына қосылып жұмырланады әрі үлкейе түседі. Соның нәтижесінде жерге бұршақ жауады.

Бұршақ түйіршіктерінің ірі немесе ұсақ болуы жоғары өрлеген ауа ағын-

дарының күшіне байланысты. Кейде бұлттың ішіндегі мұз түйіршіктері жоғары - төмен әлденеше рет ауысатын жағдайға тап келеді. Онда бұршақ іріленіп, диаметрі бірнеше сантиметрге жетеді. Үлкендігі асбұршақтай, тауықтың жұмыртқасындай, тіпті одан да ірі бұршақ жауған кездері болған.

Бұршақ шаруашылыққа үлкен зиян келтіреді. Егінді қиратып кетеді, жеміс ағаштары мен бұталарының гүлін, жемісін қағып түсіреді, малдың жас төлі мен үй құстарын өлтіреді.

Қыста үлкен биіктікте бұлттағы су тамшылары қатып, әуелі ине сияқты мұз түйіршіктерін түзеді. Кейін олар бір-бірімен жабысып қарға айналады.

Мұз түйіршіктері мен қар ұлпасы биіктегі бұлтта жазда да түзіледі. Бірақ олар төмен құлап келе жатқан жолында жылы ауа қабатынан өтіп, жаңбыр тамшыларына айналып кетеді.

2.Ылғал жерге тек бұлттан ғана жаумайды, сонымен бірге тікелей ауадан да бөлініп таралады. Олар шық, қырау және қылау.

Жаз күндері күндіз булану күшті жүретіндіктен, ауаға су булары көп жинақталады. Бұлтсыз, ашық түнде жер беті күндіз жылынған жылуынан тез айрылып, салқындайды. Бұл кезде әлі де жылы қалпын сақтаған ауа жер бетіндегі салқындаған заттармен (шөп, бұта, т.б.) жанасқанда бойындағы су тамшыларын бөліп шығарады, яғни ш ы қ түседі. Шық әсіресе жаздың соңына қарай жиі түседі. Күзде, қыста және көктемде осындай жолмен қ ы р а у пайда болады.

Кейде қалың тұманда немесе қатты аязда ауаның жер бетіне жақын қабатындағы су буы мұз түйіршіктеріне айналады. Мұндай ұсақ қиыршық мұз тартылған сымға, ағаштың қылқанына, үйлердің желдің өтіндегі қабырғасына ақ борпылдақ зат түрінде ілігіп тұрып қалады. Оны қ ы л а у деп атайды.

Шық, қырау және қылау да атмосфералық жауын-шашынның түріне жатады.



3. Жер бетіне түскен жауын-шашын мөлшері миллиметр есебімен есептеледі. Ауа райын бақылайтын станцияларда жауын-шашын өлшеуіш қолданылады. Ол кәдімгі тік шелекке ұқсайды. Шелек қаданың басына ернеуі 2 м биіктікте тұратындай етіп орнатылады. Жауын-шашынды жел ұйтқытып алып кетпеуі үшін шелектің айналасы қалқанмен қоршалады. Шелекке жиналған судың мөлшерін өлшеуіш стақанға құйып анықтайды. Стаканның қабырғасы өлшем сызық-шаларымен бөліктерге бөлінген. Ондағы әрбір 10 бөлік 1 мм-ге сәйкес келеді. Шелектен құйған су стақанның 30 бөлігін алды дейік. Бұл жерге 3 мм жаңбыр жауғанын көрсетеді.

Жауын-шашын тәулігіне 2 рет, таңертеңгі сағат 7-де және кешкі 19-да өлшенеді.

Қыста шелекті ішіндегі қарымен бөлмеге әкеліп қояды. Қар ерігеннен кейін ондағы суды өлшеуіш стақанға құйып өлшейді.

Осымен қатар қыста әр он күндіктің соңында қар жамылғысының қалыңдығы өлшеніледі. Қар жамылғысының қалыңдығы мен тығыздығын анықтау топырақ, күздік егіс, жидек және т.б. аяздан қалай сақталатынын және қанша су қоры жинақталғанын білу үшін қажет. Қазақстан жағдайында көптеген өзендердің су тасу мөлшері де қар жамылғысының қалыңдығымен және ондағы су қорымен тікелей байланысты.

Қар жамылғысының қалыңдығы қар өлшеуіш сырықпен анықталады . Сырық сантиметрлік бөліктерге бөлінген. Оның төменгі жағы сүйірленіп, қаңылтырмен қапталады. Есеп қара жерден қардың бетіне дейін алынады.

4.Жауын-шашынның тәулік, ай және жыл ішіндегі мөлшері есептелінеді. Ауаның температурасы сияқты жауын-шашынның да көп жылдық орта мөлшері шығарылады. Мәселен, орташа жылдық жауын-шашын Астанада 411 мм, Алматыда 629 мм.

Жыл ішінде бүкіл жер бетінде түсетін жауын-шашынның жартысына жуығы 20° с.е. пен 20° о.е. аралығына тура келеді. Экватор маңында жылдық жауын-шашын 2000 мм-ге дейін барады. Жауын-шашынның ең көп жауатын жері - Тынық мұхиттағы Гавай аралдары және Гималай тауының етегі (12000 мм-ден астам).

Экватордан тропиктерге қарай жауын-шашын мөлшері азаяды да, қоңыржай белдеуде қайтадан көбейеді. Полярлық аймақтардың үлесіне жер бетіне түсетін жылдық жауын-шашынның 4%-ы ғана тиеді (неліктен аз?).

Жауын-шашынның таралуына аумақтың мұхитқа алыс-жақындығы, жер бедері, басым желдер күшті ықпалын тигізеді. Қазақстан мұхиттардан алыс, Еуразия материгінің түкпірінде жатыр (Жарты шарлар картасына қарап анықтаңдар). Сондықтан біздің жерімізде жауын-шашын аз түседі (көпшілік бөлігінде 200-300 мм).



5.Жер бетінің ылғалдану дәрежесін анықтау үшін тек қана түсетін жауын-шашынды білу жеткіліксіз. Екі нүктенің жауын-шашын мөлшері бірдей болғанымен, температурасы әр түрлі жағдайда ылғалдану дәрежесі бір-бірінен елеулі айырма жасайды. Өйткені неғұрлым жылу мөлшері көп болған сайын түскен жауын-шашынның көбі буланып кетеді.

Булану дегеніміз судың сұйық күйден газ тәріздес күйге өтуі. Булану мен буланушылықты бір-бірінен ажырата білу керек. Буланушылық - су қоры жеткілікті болған жағдайда булану мүмкіндігі.

Буланушылық пен нақты булану бір-біріне ашық су бетінде және жауын-шашын жеткілікті, ауаның температурасы төмен болған жағдайда ғана сәйкес келуі мүмкін. Басқа көп жағдайда олар бір-бірінен үлкен айырма жасайды. Мысалы, Қазақстанның оңтүстік шөлді аймағында жылдық жауын-шашын 100 мм-дей, ал буланушылық (булану мүмкіндігі) 1000 мм-ден асады. Мұншама ылғал тек Арал теңізі мен Балқаш көлі сияқты ашық су айдынынан ғана көтеріле алады. Құрлық бетінде нақты булану 100 мм-ге жетпейді. Оған керісінше полярлық аймақта жаз қыска әрі салқын болғандықтан түсетін жа-уын-шашынның жартысы ғана буланады, яғни булану мен буланушылық (булану мүмкіндігі) бір-біріне толық сай келеді.

Бақылау сұрақтары:

1. Бұлттан жауын-шашын жаууы үшін қандай жағдай қажет?

2.Бұршақ қалай пайда болады?

3.Шық пен қырау қандай жағдайда түседі?

4.Қылаудың қыраудан айырмасы неде?
30- сабақ

Тақырыбы: Жел

Жоспар:

1.Жел қалай пайда болады?



2.Желдің жылдамдығы мен бағытын анықтау.

3.Жергілікті желдер.

4. Жел өрнегі.Желді зерттеудің маңызы.

Сабақтың мақсаты: Желдің элементтері мен құбылыстарын қарастыру

Теориялық мәлімет:

1.Жер бетіндегі ауа үздіксіз қозғалыста болады. Жылыған ауа жоғары көтеріліп, оның орнына салқын ауа темен түседі. Ауа бір жерден екінші жерге ауысып, салқын немесе жылу алып барады.

Жер бетіндегі ауаның горизонталь бағытта бір жерден екінші жерге ауысуын ж е л деп атайды.

Желдің пайда болуының негізгі себебі - ауа қысымының жер бетінде әркелкі таралуы. Жер бетінің кез келген бір бөлігінде қысым жоғарыласа, ол жердегі ауа қысымы төмен жаққа қарай ауыса бастайды, яғни жел соғады. Өз кезегінде қысым айырмасы жер бетінің әркелкі жылынуынан туады.

Жазғы аптапта тоғайдың шетіне барған адам ол жақтан салқын леп ескенін байкайды. Оған себеп күндіз өсімдігі аз, тақыр жердегі ауа тез қызатындықтан, жоғары көтеріліп, жан-жаққа тарайды да, ол жердегі ауа сиреп, қысым төмендейді. Оның есесіне тоғайдың үстіндегі ауа ашық жерге қарағанда азырақ қызатындықтан, тығыз болады. Ол жерде қысым жоғары . Енді жер бетіне таяу тұрған ауа қысымы жоғары жерден қысымы төмен жерге қарай қозғалады. Біз оны жел соғып тұр дейміз.

Жел көкжиектің қай жағынан соқса, сол бағыттың атымен аталады: солтүстік желі, солтүстік-батыс желі, шығыс желі, т.с.с. Желдің жылдамдығы (күші) түрліше болады. Оны секундына метр есебімен есептейді (қысқаша м/сек).



2.Желдің жылдамдығы мен бағытын ауа райын бақылайтын станцияларда желбағар (флюгер) деп аталатын құралмен анықтайды. Онда желдің бағытын жағалай еркін айналып тұратын айыр қанат жебе көрсетеді. Оның астында көкжиек тұстарына сәйкес келетін 8 көрсеткіш таяқша бар. Олардың біреуіне С (солтүстік) әрпі бекітілген. Желбағардың ұшар басына орнатылған қалақшаға қарап желдің жылдамдығын анықтайды. Жел күшейген сайын қалақша да тік доғаны бойлап, желбіреп көтеріле түседі. Доғаның бөліктері желдің белгілі бір жылдамдық мөлшеріне сәйкес келеді:

0-1 таяқшалардың арасы 1 м/сек, 1 таяқшаның тұсы 2 м/сек, 1-2 таяқшалардың арасы 3 м/сек, 2 таяқшаның тұсы 4 м/сек, т.с.с.

Желбағар биіктігі 10-12 м темір сырықтың басына орнатылады.

Желдің бағытын сырыққа байланған шүберектің көмегімен де анықтауға болады. Мұндайда көкжиек тұстарын ажырату үшін компас қолданылады.



3.Жер шарының кейбір аймақтарында тұрақты түрде жергілікті желдер соғып тұрады. Олардың ішінде негізгілері - бриздер мен муссондар.

Бриз (французша - жеңіл жел) - теңіз жағалауында соғатын жел. Құрлық пен судың үстіндегі ауа әр түрлі жылынуына байланысты бағытын тәулік ішінде 2 рет өзгертіп тұрады. Күндіз күн сәулесінен құрлық теңізге қарағанда тез және қатты жылынады. Соған сәйкес құрлық үстіндегі ауа да су бетіндегіге қарағанда көбірек жылынады. Жылы ауа жоғары көтеріліп жан-жаққа таралатындықтан сирейді. Сондықтан құрлык үстіндегі ауаның қысымы төмендейді. Судың үстіндегі салқын әрі тығыз ауа қысымы көп жақтан аз жаққа қарай ағылады, яғни жел соғады. Бұл - күндізгі бриз.

Түнде керісінше, құрлық суынады. Бұл кезде су күндізгі жылуын әлі бойында сақтайды. Құрлық үстіндегі ауа су бетіндегіге қарағанда салқын және тығыз болады. Ауа қысымы күндізгіге керісінше -құрлықтың үстінде жоғары, теңіздің үстінде төмен жағдайға келеді. Құрлықтан теңізге қарай түнгі бриз соғады.

Бриз желі жағалаудан құрлықтың және теңіздің ішіне қарай ондаған километрге барады. Ол ірі көлдердің жағасында да байқалады.

М у с с о н да - бриз сияқты құрлық пен теңіздің арасында тұрақты соғатын жел. Бірақ муссон желдері бағытын бриз сияқты тәулік ішінде емес, жыл ішінде ауыстырады (арабша муссон - маусым). Бұл желдердің бағыты қыс пен жазда құрлық пен теңіздің әр түрлі жылынуына байланысты өзгереді. Қыста құрлық қатты салқынадайды да, оның үстінде жоғары қысым орнайды. Бұл кезде теңіздің үстіндегі ауа жылы, қысымы төмен болады. Қысымның осындай таралуына сәйкес қыста құрлықтан теңізге карай суық әрі құрғақ жел соғады. Жазда керісінше құрлыққа қарағанда теңіздің үстінде қысым жоғары (неліктен?). Енді теңізден құрлыққа қарай ылғалды жел соғады.

Муссондар Еуразияның Тынық мұхитпен жапсарлас өңіріне тән.

4.Желдің жылдамдығы мен бағытын бақылау нәтижелерінің орташа айлық және орташа жылдық мөлшерін қорыту нәтижесінде карта және жел өрнегі сызылады. Жел өрнегі картаға түсіріледі немесе жеке сызылады. Ол желдің көкжиек тұстары бойынша қайталануын және басым бағытын көрнекі түрде көрсетеді.

Жел өрнегін алу үшін белгілі бір жердегі желдің белгілі бір уақыт ішінде (ай, маусым, жыл) түрлі бағыт бойынша қайталану кестесі алынады. Кестеде желдің әр бағыттан соққан күн саны немесе қайталану пайызы көрсетіледі.

Айталық, кез келген бір айдың жел кестесін сызу қажет болды делік. Ол үшін алдымен ай ішінде желдің қандай бағыттардан соққаны және неше күн соққаны есептеледі. Қағазға көкжиектің негізгі және аралық тұстары сызылады. Осы сызықтардың әрқай-сысының бойына таңдап алынған масштаб бойынша (мысалы, 1 күн-0,5 см) күн саны белгіленеді. Алынған нүктелердің бастары сызықпен косылады.

5.Адам желдің күшін өте ерте заманнан бері пайдаланып келеді. Жел айдаған желкенді кемелердің арқасында бүкіл Жер шарындағы құрлықтар мен мұхиттар ашылды. Желдің күшімен жел диірмендердің қалағы айналдырылды. Қазіргі кезде жел қозғағыштар жер астынан су тартады, электр қуатын өндіреді . Жел - сарқыл-майтын қуат көзі. Оны «көгілдір отын» деп босқа атамаған. Ғалымдар жел жыл сайын бүкіл дүние жүзінде жағылатын көмірден үш есе артық қуат бере алатынын есептеп шығарған. Жел - жер бетіндегі су айналымының негізгі қозғаушы күші. Мұхит бетінен көтерілген ылғалды құрлыққа жел айдап алып келеді.

Осымен бірге желдің зиянды өрекеті де жетерлік. Жер шарының түрлі аймақтарында жыл сайын көптеген сұрапыл апатты дауылдар өтіп жатады. Олар үйлерді қиратады, электр желілерін үзеді, жол қатынасын тоқтатады, су тасқынын тудырады, көптеген адамдардың өмірін қиып кетеді. Мұндай апаттардан сақтану үшін алдын ала зерттеу жұмыстарын жүргізіп отыру қажет.

Бақылау сұрақтары:

1. Жел қалай пайда болады?

2. Бриз бен муссонның қандай ұқсастығы бар?

31- сабақ



Тақырыбы: Ауа райы

Жоспар:

1.Ауа райы.Ауа райының элементтері мен құбылыстары.

2.Ауа массалары.

3.Ауа райын болжау




Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   5   6   7   8   9   10   11   12   ...   16




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет