Оқушылардың танымдық белсенділігі – оқуға қажетті білім мен дағдыны меңгеруге және оларды өмірде, практикада пайдалана білуге оқушының істейтін саналы әрекеті. Оқыту процесінде оқушының белсенділігі негізінен екі түрлі сипатта болады: сыртқы және ішкі белсенділік. Сыртқы белсенділік – оқушы әрекетінің сыртқы көріністері (белсенді қимыл қозғалыстары, тәжірибелік әрекеттері, мұғалімге зейін қойып қарауы, мимикасы т.б.), бірақ осы кезде ол басқа нәрсені ойлап отыруы мүмкін. Оқушының ішкі белсенділігі – оның белсенді түрде ойлау әрекеті жатады. Белсенділік жеке басқа тән, маңызды бір қасиет болып саналады. Мұндай қасиеттері жоқ адамның қандайда болмасын жұмысы нәтижелі болуы мүмкін емес.
Оқушы белсенділігі қандай болғанда да ой дербестігіне сүйенеді. Оқыту процесінде оқушылардың белсенділігін арттыру принципін жүзеге асыруды мақсат еткен мұғалім сабақтың барлық кезеңінде олардың ой дербестігін дамытуға тырысады. Оқушыда белсенділік бірқалыпты болмайды, оның қарапайым (еліктеушілікке, жай қайталауға, біреудің айтқанын бұлжытпай орындауға негізделген белсенділік ) және күрделі (шығармашылық т.б. белсенділік) түрлері болады. Күрделі белсенділік оқушының жоғары саналылығы мен дербестігін керек етеді.
Оқушының жас ерекшеліктеріне және психикалық даму дәрежесіне қарай белсенділіктің бірнеше түрі қалыптасып дамиды: қимыл және сөйлеу, ойын және оқу (таным), өзін-өзі тәрбиелеу т.б. белсенділіктер.
Оқушылардың дербестігін, белсенділігін арттыруда мұндай өзіндік әрекеттерге үйрету маңызды мәселе болмақ.
Студенттердің қарым-қатынас мәдениетін қалыптастырудың дәстүрлі үлгілері. Қазақ қарым-қатынас мәдениетін өзгелермен байланыс жасау, өзара сыйластық таныту, қонақ күту сияқты дәстүрлі әрекеттерден танылады. Солардың ішінде қазіргі мемлекетаралық қарым-қатынастарда ұлттық сипатты танытатындары көші-қон және қонақжайлық қарым-қатынастық мәдениет. Осы саладағы заман талабына лайықтыларын іріктеп ұлттық болмысты таныту арқылы елдігіміздің сақталуына жол ашамыз. Ресми қонақтар мен ата мекенімен қауышқандарды қарсы алу, күтуде орын алатын дәстүрлі мәдениет сөз болмақ.
Көші-қон, қазақ көші-қон салтының басқа ұлттардан басты айырмашылығы қарым-қатынастық мәдениет қалыптастыруға арналғандығы. Ынтымақтасу, бірлік, татулық арқасында тамыр шашып өсіп-өну, дәулетті болу мақсатына жетуді басты арман тұтуында. Көне аңыз бойынша ел-жұртынан айрылған отбасыларды елді мекенге жайғастырып, ол жерге сіңісіп, бауырласып, халқымен тіл табысу үшін, ауыл қариялары көшіп келгендерді топырақ үстімен жаяу жүргізіп – сол жерге ізін қалдыратын тірлік жасауға, ағынды судан өткізіп – сол жерге судай сіңісіп, бойындағы ауыртпалықтан тазартуға, басшы тұтқан ер азаматтардың арқасынан иран ағашының бұтағымен үш реттен қағып – сол жеде тамыр жайып, көгерсін деген ниет білдірген екен. Ал жаз жайлауға, қара күзде қыстаққа көшудің өзінде сақталған ерулік пен айрылысар көже де көші-қонның басты мақсаты қарым-қатынас сабақтастығын оң бағытта қалыптастырып сақтауға арналған.
Ерулік салтында қонысқа жайғасқан ел жаңадан көшіп келгендерге деген ықыласы көрініс алады. Қоныс аудару әрқашан да тек мекен ауыстыру, табиғи өзгерістерге, жер – суына үйренісу ғана емес. Мал жайлауын бөлісу, қоныстанған елмен тіл табысу, танысу арқылы болашақта араласу қолайлылығын талап етеді. Сонымен, қоныс ауыстыру тек шаруашылық мәселелерін шешу емес, сонымен бірге адамдар арасындағы байланыстарды қайшылықсыз қалыптастырып, қарым-қатынас мәдениетін түзеу болып табылады. «Бірлік бар жерде тірлік бар» деген мақал төркіні сол қарым-қатынас мәдениетін меңзейді. Сол себептен көшіп келгендер де, қоныс теуіп жайғасқандар да тірлігінің қарама-қайшлықсыз, қалыптасқан дағдысын бұзбай, татулықпен жарасып, төскейде малы, төсекте басы амандықпен аралас болуын тілеген. Сол тілегін е р у л і к атаулы салтпен реттеген.
Жоғарыда баяндалған мәліметтер негізінде келер қорытындымыз- көршіге көрсетілер сый-құрметтің көшпелілер үшін өмірлік мәні болған. Ол: көмек көрсетіп демеушілік жасау арқылы; жаңа жұртта жақсы тілек білдіру арқылы; адамдардың бір-біріне бауыр басуы арқылы сыйластық қарым-қатынас мәдениетін қалыптастыру.
Қонақжайлық – тұрмыстық қарым-қатынас мәдениеттің басты саласының бірі. «Қонақ» сөзінің түбірі «қону». Бұл сөз көші-қоны салтымен және қазақ мекендейтін елдің географиялық жағдайымен байланысты. С.Ақатаев айтпақшы, «қонақ ұғымы көшпелі өмір салтынан сабақтас болғандығы дәлелдеуді қажет етпейтін шындық» [1,105]. Барлық этностардың өмір салты, ата кәсібі, салт-дәстүрі, тіпті пішіні мен психологиялық қасиеттері де ең алдымен дәстүрлі тағам түрлерінен, сол этностың өмір сүруіне кепілдік айғақ ретінде танылады. Дәстүрлі тағам дайындауы мен ұсынылуы арқылы этностың болмысы мен қарым-қатынас және дүниетанымдық қасиеті сипат алады. Демек, қазақтың қарым-қатынас дәстүрлі мәдениетін тану ас-дәм беру, соның ішінде қонақжайлық ерекшелігін анықтамайынша толық болмас еді.
Қонақжайлық қазақ үшін этносты біртұтас әлеуметтік организм ретінде іштей үйлестіре реттеп отыратын ең пәрменді мәдени құралдардың бірі болған. Қонақжайлық мәдениеттің терең тамыр жайуы, оны өмір салтының жазылмаған заңы деп тануы, қазақ үшін кеңістік игеру, тұрмыстық, информациялық қажеттіліктерден туындаған қасиет. Ол қарым-қатынас жасаудың басты құралдарының бірі. Ол құралмен қаруланбағандар қарым-қатынас айналымынан тыс қалған немесе шеттелген. Қонақты қарсы алу рәсімі үй болып шаңырақ көтерген кез келген отбасы үшін бұлжымайтын моральдық-этикалық норма ретінде орныққан. Қазақ даласы жолаушыларының кез келгені жолай кездесетін ауылдан үй иесін қонақты қарсылаудан ұялтпайтынын таңдап өзіне тиесілі бөлінбеген еншісінің барына алаңсыз сеніп, босағаны еркін аттаған. Осы орайда А.Сейдімбек «бөлінбеген енші» ұғымына берген талдауымен келісетінімізді айтып, «әр бір отбасының кез елген қонаққа берер қонақасы» деп түсіндіруін құптаймыз [2,180]. Қонақжайлық мәдениет қалыптасуына ықпал еткен қажеттіліктерді көрсеткен болатынбыз. Соның алғашқысы ретінде кеңістікті игеру қажеттілігі аталған. Әр этнос өз өмір тіршілігіне қауіп төндірмей, жақын аймақтағы өзі іспеттестермен бейбітшілік қарым-қатынас сақтауы шарт. «Бір көріскен –біліс, екі көріскен – таныс» деген мақалдың астарында танысу арқылы жауласпай, керісінше жақындасу мақсатын көздеген ишарат жатқан.
Қонақжайлақ мәдениетіндегі екінші қажеттілік - қарым-қатынас құралының бастысы – информациялық алмасу. Жолаушы, қонақ өз елінің, ауылының жағдайы, жаңалықтары туралы информациялардың иегері. Үй иелері өз аймағындағы жақсылық пен қиындықтар туралы мәлімдейді. Өз ауылы -шектелген кеңістік, өзара болмыс туралы мәліметке қанық. Өзгелердің өмір тіршілігі туралы естіп білуі арқылы жетістігі мен кемшіліктерін ажыратып, тәжірибе алмаса алады. Осындай информациялық байланыс арқасында қазақ даласын мекендегендер бір-бірінің көңілін аулап, тіршіліктің үйлесімділігін көздеген. Әңгіме дүкен мазмұны табиғат құбылыстары, жайылым мен су-тоған, мал-өнімі мен жылқы баптау, құсбегілік пен саяткерлік төңірегінде болып, әр саладағы шеберлігімен танылған есімі елге аян адамдардың жағдайлары сұрастырылған. Ата кәсіп мал шаруашылығы мен ісмерлік байқатқан шеберлер аты осындай кездесулер арқасында ел ішіне тараған.
Қонаққа арналған малға бата беріліп, тағам дайындалғанша жөн сұрасу, ел ішіндегі жаңалықтармен алмасу жүргізілген. Ол әңгімелер дастархан басында да жалғасын тапқан. Жол жүрушінің түскен үйінің иелеріне, қоса шақырылған адамдарға құрмет көрсетудің белгісі әңгіме-дүкен құру шеберлігін таныту. Ол қабілет әр ер адамның бойынан табылуы шарт. Сол себептен бірінші мүшел жасқа толғанға дейін ұл баланың ата тегі, бабаларының батырлығы мен елдік қасиеттері, шаруашылық жүргізу мен елге танылған қабілеттері туралы білуі, жадына сақтауы, мақтан тұтып білмегендерге жеткізе алуы ата-анасына, ағаларына сын болған. Нағашыларының ауылына бірінші рет өздігінен барғанда сынға алынып, көпшілік ортасында жөн сұрасып, байсалдылық пен көрегендік таныту осы жөн сұрасу арқылы сыналған. Сондықтан баба рухын қастерлей білу, шежіремен таныстығы, тыңдай отырып, орынды жерде әңгімеге араласа білу қазақ мәдениетінің белгісі.
Қонақ бола білу мен қонақ күту мәдениетінде қалыптасқан үшінші қажеттілік - тек материалдық жетістіктермен шектелмей, келгендердің рухани байлығымен де танысу болған. «Қонақ кәде» деп аталатын қонақжайлық мәдениеттің сабақтастығын сақтау, насихаттау міндеттерін атқарады. Ұйқасын тауып сөз қайтару, суырып салма ақындық байқатып, қонақжайлық байқатқаны үшін арнау айтып беру сияқты өз шығармашылығын таныту шеберлігі жоғары бағаланған.
Қонақжайлық мәдениетін қалыптастырудың төртінші қажеттілігі – кездейсоқ немесе арнайы ұйымдастырылған қонақтықты жекжаттық, құдандалықпен сабақтастыру. «Серне», «Марқатой», жастар жиындары. Оған жиналатындар сырттан, басқа ауылдан келетін жігіттер мен тұрақты ауыл жастары.
Бесінші қажеттілік – қонақты күту арқылы ұлттық тағамдардың рәсімдік міндеттерін сақтау арқылы дастархан мәзірі мәдениетін көрсету. Күткен қонағына сыбаға беру, арнайы қонағына табақ тарту, ондағы мал мүшелерінің орынды ұсынылуы шарт. Бас табақ тартылған адамның орынымен жөнін айтып құйқа таратуы, сол адамның өмірлік орынын біліп, үй иесіне құрмет көрсете білуі, отырғандарға көрегендігін танытуы. Жоғарыда келтіірілген мысалдар құрсақ тойдырудан гөрі рухани биіктік таныту дастархан мәзірінің мақсаты болғанын дәлелдейді.
Сонымен, ата қонысына оралғандарға ерулік, жаңа қоныс тепкендерге босаға майлау салтын сақтап, қарсы алған ресми қонаққа дастархан мәзірінің мәдени сипатын көрсету - дәстүрлі мәдениеттің сабақтастығын білдіру болмақ.
Әдебиет:
Ақатаев С. Күн мен көлеңке. – Алматы, 1990, 105 б.
Сейдімбек А. Қазақ әлемі. - Алматы: Санат, 1997.- 180 бет
Достарыңызбен бөлісу: |