Сене ала ма? Сенім және ғылым жайлы сұхбат



бет15/18
Дата03.07.2016
өлшемі0.59 Mb.
#175509
1   ...   10   11   12   13   14   15   16   17   18

ИСАҒА СЕНІМ АРТАСЫҢ БА?


Ербол, сен адамды сендірерлік бірқатар дәлелдер келтірдің. Мен Исаға Құтқарушым деп сенім артқым келеді. Алайда бүгінгі өмір салтымды түбегейлі өзгерткім келмейді.

Әр адам өз өміріне өзі қожайын болғысы келеді. Бұны жаман деп те айтуға болмайды. Бірақ ешбір адам өзін өмір бойы кейбір мәселелерде тәжірибесі өзінікінен мол басқалардан ақыл-кеңес алмай өмір сүре аламын деп ойламайды. Ақыры шешім қабылдап, не бір іс бастағанда сол алған ақыл-кеңесті қабылдасақ та, қабылдамасақ та, біз соны өз еркімізбен істейміз. Осылай өміріміздің жақсы, онімді болуы үшін бәрімізге ақыл-кеңес қажет.

Бірақ бізге керектің бәрі жақсы ақыл-кеңес қана емес. Осы жақсы ақыл-кеңесті орындау үшін қабілет те керек. Ондай қабілетті бізге Иса бере алады. Ол Өзінің шәкірттеріне олардың жан дүниелерінен орын алатын, Оның шәкірті болуға күш-қуат беретін Киелі Рухты жіберемін деп уәде еткен болатын (Жохан 14:16-17). Сондықтан Иса бізге қуаныш, тыныштық пен сүйіспеншілікке қалай қол жеткізуге болатынын айтып қана қоймайды, соны істеуге күш-қуат та береді (Елшілер. істері 1:8).

Есіңде болса, ұстамдылық дегеніміз Киелі Рухтың игілікті жемістерінің бірі (Ғалат. хат 5:22-23). Исаға мойынсұнғандардың бойында Құдайдың айтқандары өскен үстіне өсе түседі. Иса бізді роботқа айналдырмайды, қайта Ол бізге өзімізді билеп, жамандықты емес, жақсылықты істеуге күш береді. Адамның Исаға сенуі оның өз өмірін басқарудан бас тартуы дегенді білдірмейді. Исаға сену дегеніміз — өз омірімізді Исаның ізгілігі мен сүйіспеншілігіне сай ету.



Солай да шығар. Бірақ егер мен Исаны қабылдайтын болсам, тым көп нәрседен бас тартуға мәжбүр боламын, ал мен солай істегім келмейді.

Сен қандай нәрселерден бас тартуға мәжбүр боламын деп ойлайсың? Әрине, күнәдан бас тартуға мәжбүр боласын. Ал Иса, әрине, біздің мүлдем күнәсыз өмір сүре алмайтынымызды түсінеді. Күнә біздің өмірімізге өтірік айту, алдау, ұрлау, адал болмау, басқалардың иеліктеріне сұқтану сияқты бақытсыздықтарды алып келеді. Сондықтан күнәдан бас тарту қиын болғанмен, жаман нәрсе емес.

Сонымен бірге, Исаға сену дегеніміз айналадағы сенуші еместердің қадір-қошаметінен айырылу дегенді де білдіре алады. Кейде Исаға сенген адамдарға достары мен таныстары шүбәмен қарай бастайды.

Бұл жерде біздің кімге адал болғымыз келетіні туралы сұрақ туады. Кімге адал болуымыз керек? Бізге өмір лебін беріп, бізді шексіз сүйетіндіктен тіпті күнәларымыздың жазасын өтеу үшін айқышта өлуге дейін барган Құдайга адал болуымыз қажет пе? Әлде өздерін Құдай жаратқан, өмірлері де Оған тәуелді, алайда Исаға мойынсұнбаған достарымызға адал болуымыз қажет пе? Ақыр соңында біз кімге есеп беруге тиіс боламыз? Жауап онсыз да айқын сияқты.

Оның үстіне, біздің бас тартатын нәрселердің орнына алатын игіліктеріміз әлдеқайда бағалы, әлдеқайда құнды. Құдайдан ажырап, мәңгілік азап шеккеннен гөрі Құдайдың қасында мәңгі қуанышты өмір сүру шексіз артық емес пе? Дүниедегі ештеңе содан бағалы да құнды бола алмайды!

Иса мына сөзді дәл осы себептен айтқан: «Маған еріп шәкіртім болғысы келген әркім өз еркі бойынша өмір сүруін қойсын, әрі айқышын арқалаған кісідей азапты өлімге дайын болып Менің жолыммен жүрсін! Себебі кім өмірімді сақтаймын десе, одан айырылады, ал өмірін Мен үшін қиған әркім оған (мәңгі) иелік етеді. Адам бүкіл дүниеге ие болып, сол себепті өмірінен айырылса, бұдан оған не пайда? Яки адам өз өмірін құтқару үшін қандай құн төлей алады?» (Матай 16:24-26)

Мәсіхшінің игілікке толы өмірі о дүниеге аттанғаннан кейін басталмайды. Ол дәл қазір-ақ басталады. Иса былай деген: «Сендерге шындығын айтайын: Маған және Ізгі хабарға бола үй-жайын, туған бауырларын, әке-шешесін, әйелін, бала-шағасын, не жер-суын тастап шыққан әркімге сол үшін осы заманда қуғын-сүргін көргеннің озінде де үй-жай, аға-іні, апа-қарындас, әке-шеше, бала-шаға, жер-су жүз есе артығымен қайтарылады, әрі келер заманда ол мәңгілік өмірге ие болады» (Марқа 10:29-30).

Біреу Исаға сенім артқанда бүкіл дүниеге жайылған үлкен отбасының мүшесі болып, басқа сенушілер оған қуанатын болады. Ол қиыншылыққа ұшырап, жататын орынға мүқтаж болганда, оған сенушілердің есіктері ашық. Дос не отбасы керек болса, сенушілер оған дос та, отбасы да болады. Киетін киімі, ішетін тамағы жоқ болса, басқа сенушілер оған көмек қолын созуға әр- дайым дайын. Әрине, Иса бұны бақытсыздыққа тап болған сенушілерге ғана емес, сенбеушілерге де істеңдер деген. Бірақ сенуші болған адам ғана осындай көмектің бар екенін біледі.

Әрине, Пауыл елшінің Киелі кітаптағы мына ескертуін ұмытпаған жөн: «Біз сендерге нұсқау бергендей, міндеттеріңді атқарып, өз қолдарыңмен еңбек етіп күндеріңді көріңдер». «Араларыңда жүргенде: «Еңбек еткісі келмеген ішіп-жемесін» деген қағиданы саналарыңа сіңірдік. Ал енді кейбіреулеріңнің жүгенсіз жүргендіктерің туралы естідік, олар жұмыс істемей, басқалардың мазасын алып, босқа сандалып жүр екен. Осындайларға біз тыныш еңбек етіп, өз нандарын өздері тауып жесін деп Иеміз Иса Мәсіхтің атынан бұйырып, ескертеміз. Ал сендер, бауырластар, жақсылық жасаудан жалықпаңдар» (Салониқа. 1-хат 4:11; Салониқа. 2-хат 3:10-13).

Иса сенушінің өмірі туралы ашық айтқан. Қуғын-сүргінге ұшырауға, кейбір нәрселерден бас тартуға тура келеді. Бірақ оның орнына алатын нәрселеріміз қазіргі өмірдің өзінде өте қымбат, әрі о дүниеде біз Құдайдың қасында мәңгі де қуанышты өмір сүретін боламыз.



Бірақ мен алдымен окуды бітіріп, жұмыс тапқым келеді. Содан кейін-ақ сенуші бола жатармын. Әйтпесе бұл менің оқуыма не мансабыма кесірін тигізуі мүмкін.

Өзіне сенім артуды кейінге қалдыратын адамдар туралы Иса мынадай астарлы сөз айтқан: Бір бай кісінің егіндік жері мол өнім береді. Ол ішінен: «Ие істесем екен? Астығымды жинап қоятын жерім жоқ, — деп ойланады. — Былай істеймін: қамбаларымды бұзып, үлкейтіп қайтадан саламын. Сонда бүкіл астығым мен мал-мүлкімді жинап қоямын. Сосын өзіме: көп жылға жететін мол қорың бар, енді демалып, ішіп-жеп, көңіліңді көтер деймін». Бірақ Құдай оған: «Ей, түйсіксіз пенде, бүгін түнде жаның алынады! Сонда сенің жиып-тергенің кімге қалады?» — дейді (Лүқа 12:16-20).

Өзінің өлер күнін ешкім де білмейді. Исаға сенуді қазір кейінге қалдыру орны толмас өкінішке әкеп соғуы мүмкін.

Бірақ менде тағы бір мүмкіндіктер болмай ма? Мен бірнеше рет дүниеге қайтып келу (реинкарнация) ілімі туралы көп естігенмін. Осы өмірім біткен соң мен дүниеге қайтып келіп, сонда маған Исаға сенуге тағы мүмкіндік берілмей ме?

Үнді діні, буддашылық сияқты көптеген шығыс діндері адамның жаны қайта-қайта өмір сүріп отырады деп үйретеді. Бірақ Исаның тәлімі бұнымен мүлдем келіспейді. Киелі кітапта «Құдай әр адамның бір рет өліп, содан соң қиямет сотының алдында тұратынын белгілеген» (Еврей, хат 9:27) делінген. Адам қайтыс болғаннан кейін оған екінші рет мүмкіндік берілмейді. Енді оны тек Құдайдың соты ғана күтіп тұрады. Исамен қарым-қатынасымыз біз қайтыс болған кезде қандай болса, мәңгілікке сол күйінде қалады. Егер біз сенім арқылы Исамен тығыз қарым-қатынаста тұрсақ, онда мәңгі-бақи солай қаламыз. Ал егер (біз) Исаға сенбей, Одан ажыраған күйді таңдасақ, онда Одан мәңгі-бақи ажырап қаламыз. Клайв С. Льюис өзінің «Үлкен ажырасу» деген романында былай деп жазған: «Аяғында адамдардың Құдайға «Сенің еркің болсын» деген бірінші түрі және Құдайдың адамдарға «Сенің еркің болсын» деген екінші түрі ғана қалады». Осы екі топтың қайсысына қосылуды таңдап алу — сенің өз еркіңде.

Петір елші де дәл осындай хабар береді: «Жаратқан Ие Өзіне ұнамды өмір сүретіндерді көріп жатқан қуғын-сүргіннен құтқарып, ал әділетсіздерді қиямет соты болатын күнге дейін сақтап, жазалауды, әрине, біледі» (Петір. 2-хаты 2:9).

Ал бірнеше рет дүниеге қайтып келу ілімі тағдырға бойсұнушылыққа жеткізеді. Шығыс діндерінің негізін қалаушыларының адамның мейлінше күнәкар екендігіне көздері жеткен болатын. Бұның дұрыс емес екендігін де олар түсінді. Бірақ Құдайдың бұны дұрыстауға жаса- ған шараларын білмеді. Сондықтан бұл мәселені өз күштерімен шешуге ұмтылды. Олар адам өлгеннен кейін еш үміті қалмайды, алда Құдайдың әділ соты күтіп тұр деген ойдан қашып, адамның көп өмірлері болады, солардың әрқайсысында адамда өз күнәкарлығын жеңіп, кемелдікке жетуге мүмкіндігі болады деп үйрете бастады. Бірақ Киелі кітапта күллі адамдардың күнә жасап, Құдайдың өздеріне белгілеген ұлылығынан құр алақан қалғаны түсіндірілген (Рим. хат 3:23). Бұл мәселеден ешбір адам баласы тыс тұрған жоқ. Демек, ешкім өзін-өзі кемелді ете алмайтындықтан, ешкім Құдайдың әділ сотынан өз күшімен құтқарыла алмайды.

Оған былай қарауға болады. Табиғи әлемде ешбір салдар өзін туғызған себептен артық бола алмайды. Рухани әлемде де сол заңдылық сақталады. Рухани кемелдік күнәкарлыққа қарағанда барлық жағынан артық. Күнә ешқашан рухани кемелдікті тудыра алмайды. Адамның көп рет дүниеге қайтып келуі шынымен мүмкін болған күннің өзінде бәрібір ол өздігінен күнәкарлықтан рухани тазалық пен кемелдікке қол жеткізе алмас еді. Керісінше, күнә жасаған сайын біз жақсармай, жаман бола түсеміз ғой.

Сондықтан біздің мәселеміздің дұрыс шешімі — бізді мықтап ұстап алған күнәкар болмысымызды көптеген өмірлерде жақсартуға ұмтылу емес. Мәселенің шешімі-біздің күнәлы дүниемізге еніп, бізді күнәның бүғауынан азат ететін Құтқарушының келуі. Біз өзіміз арқылы емес, басқа Біреу арқылы ғана шынымен өзгере аламыз.

Иса осыны түсіндіру үшін адамдарды жақсы және жаман ағаштармен салыстырған. «Сол секілді әрбір жақсы ағаш жақсы жеміс, ал жаман ағаш жаман жеміс береді. Жақсы ағаш нашар жеміс, нашар ағаш жақсы жеміс бере алмайды ғой. Ал жақсы жеміс бермейгін әр ағашты кесіп тастап, отқа жағады» (Матай 7:17-19). Ал күнәкарлар — біреуі қалмай бәрі де жаман ағаштар. Өз бетімізбен біздің ешқайсымыз жақсы жеміс бере алмаймыз. Тек өз күнәкар болмысымызға тән жаман жеміс қана бере аламыз. Жаман ағаш қалай жақсы ағаш бола алады? Жақсы жеміс беру арқылы ма? Бірақ бұл мүлдем мүмкін емес! Жақсы жеміс берудің жалғыз жолы-алдымен жақсы ағашқа айналу, ал бұны біз өзіміз істей алмаймыз. Бұны тек Исадан басқа ешкім істей алмайды. Елші Пауыл осы себеппен былай деп жазды: «Сонымен, біреу Мәсіхпен тығыз байланысса, сол — жаңадан жаратылған адам. Ескі өмірі өтіп кетіп, міне, жаңасы пайда болды! Осының бәрі де Құдайдың ісі. Ол бізді Мәсіх арқылы Өзімен татуластырып, бізге басқаларды Өзімен татуластыру қызметін аманаттады» (Қорынт. 2-хат 5:17-18). Сондықтан бізге керегі тағы бір мүмкіндік емес. Екінші, үшінші, төртінші рет өмір сүру біздің күнәларымызды тек көбейте түседі. Бізге керегі — Иса Мәсіхтің біздің өмірімізді өзгертетін құдіретті күші. Көп рет дүниеге қайтып келу бізге бұны бере алмайды.



Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   10   11   12   13   14   15   16   17   18




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет