ТӨРТІНШІ САРЫН
Шатырда өткен әлгі әңгімеден соң ай жанарын туғанда Дешті-Қыпшақ кіндігін дүр сілкінткен оқиға болды. Жетітөбе жазығындағы қоңырат аулының түндігі желпілдеп, ошақтары түтіндеп думан басталған, Ошақбай батыр мен Баршын сұлудың қосылу тойына қырық ру қазақтан тойшылар ағытылды; алқа топта жауырыны жерге тимеген палуандар, жел аяқ жүйріктер, салымның, көкпардың қайыс білек пәлелері; атқосшылары бір бөлек, өзі бір бөлек жүріп шаңнан қорынған сыпалар, атағы жер жарған жалбағай серілер, небір кергіме масыл салдар; той болады деп сыбыс тарағалы ашығып жуан қарындарын босатып үлгірген мешкейлер; жыршылар, жыраулар, бәдіктер, ақындар, бақсылар, думанкеш дүрмек жұрт сабылып кетті.
Тайқазандар құмырсқа бел жер ошақтарға шермиіп шөгіп жатты, ауыл сыртынан ат шаптырым келетін ұзын керме тартылды, кермеде сұлу сирақ жылқылардың не қилысы, ығай мен сығай, сығылысып тұр, күнгей беттегі төбе басында сауықшы жұрт жиналған; асатаяқ шылдырлатып, шаңқобыз сызылтып, даңғыра қағып, сапы шертіп жер-дүниені даңғазаға толтырып барады; етектегі қосақталып тігілген жеті бірдей отауда мешкейлер жарысы, ойпырмой, шіркіндерде ес болсайшы, шаптан түрткен қожасына, даурыққан жұртқа арқа сүйеп дандайсып өнерін көрсетті дерсің. Ең бір шой мешкейді — жалпақбас сүйір қарын Қазанқап деп бес сөзбен атайды екен, жалпақ төрге жайғасып алып, шарта жүгініп отыр, аспазшысы жаныңда көрінді; дермене жусанға тойып семірген құнан қойды қос жігіт әзер сүйреп есік алдыңа әкелгенде, жалпақ бас сүйір қарын Қазанқап мешкей қасындағы аспазына жарлық жасады; "қойды бауыздап, бауыздау қаның сарқа ағыз", деді, "сосын боршалап әуре болма, терісін сыпыр да қазанға тұтас сал, бас-сирақ, ішек-қарын, қырық қатпаршақ, өкпе, бүйрек деген майда-шүйделері де қазанға түссін. Жалғыз ғана бауырды алып қал. Өзгесін түгел ас". Сөйтті. Терісін сыпырған бойда, тай қазанға тұтас салған құнан қой демде пісті. Үлкен астауға салып мешкейдің алдыңа тартты. Мешкей қолын жуды, білегін түрінді. Жанынан ұзын сапты селебесін суырып жүзін жарқылдатып алақаныңа жаныды. Астауға төнген; әуелі аппақ қардай болып төңкеріліп жатқан құйрықты жәукемдеді, білемдеп тіліп алып, аузына салып жалмады дерсің, нақ бір шөліркеп келіп қауын жеген кісідей болды, көз жұмып қылғытты келіп, жұтты келіп, төбе құйрықты толғап-толғап тамамдаған мезетте, есік жақтағы бірер жігіт жүректері лоблып далаға зытты, жалпақ бас сүйір қарын сабаз енді сүбеге ауысты, содан соң оң жамбас, сол жамбас; жауырын, тоқпан жілік. еті, одан ауысып қолдауды жеуге кіріскен; бара-бара шайнауы шабандап, көзі жұмыла берді, қойдың сырт мүшесі түгесілді, енді ішек-қарынды жұлып жеп рәсуасын шығарды, ең соңында ыңқылдап, күрсініп кеп, сүйектерді мүжуге жұмылған, жұрт жағасын ұстаған: "мынаның қарыны меспен парапар екен", "май жұтуы жүрегімді көтерді", "ішінде айдаһар жыланы болғаны", "ай бойы аш жүрген ғой шамасы", "мұнан өтер мешкей болмас сірә", десіп күңіреністі, күңкілдесті; жалпақ бас сүйір қарын Қазанқап мешкейі сүйектерді тықырлап мүжіп, енді сорпаға ауысқан, аттай жеті зерен шүпілдеген сорпаны ішті, сосын қымыз сұрады, жұрт қыран-топан күлкіге батып өліп қалыпты тағы да жеті зерен қымыз қылғытты, алдыңдағы дастарқанды жиюға әмір етті, соған ғана шамасы жеткен, орнынан көтеріле алмай жүрелеген күйі көзі бозарып мелшиді де қалды: қос жігіт келіп қолтығынан сүйеп тұрғызып, ауыл жаныңдағы тас бұлаққа әкетті, соның салқын суына жатқызып жаның кіргізіп алмақ, әйтпесе, әлгі жегендерінің бәрі сыртына теуіп жүрегі жарылып өліп кетуі кәдік. Жалпақ бас сүйір қарын Қазанқап мешкейдің жегенің жеп, ішкенің қылғыта алмай біраз мешкей жеңіліп қалды, пұшайман болды. Ақыры қоңырат тойының бас мешкейі Қазанқап аталды, қариялар астына ат мінгізіп, үстіне шапан жапты.
Тойшы халық өнерпаздар мен мешкейлер жарысын қызықтап жатқанда байқамапты; "сал келе жатыр", деген сыбыс тараған. Әйгілі салды көруге құмар жұрт ауылдың келесі жағына ағытылған. Жосқындап шабармандар жүр, ерулеп атұстарлар шығыпты. Әлгі айтқан сал көрінбеді.
Келесі тұстан қыпшақтың өрім сұлулары сыңғырлай күлісіп келеді, салды қарсы алуға барады: бұрымдары тірсегін соғып, басындағы сәукелелері тәкаппар теңселіп, жақұт тастары жылтылдап, шолпысы сылдырап, қолдарында қаз мойын домбыра, бұрала басып былқылдап, тізіліп тұсыңнан өткенде тірідей есіңнен тандырады, жұпар иіс әтірлері маңайды мас етті. Орталарында әнші қыздар, қосылып шырқай жөнелді, бейне күміс қанат әсем күс қалықтап көкке көтерілгендей сезілді, қыз аузынан шыққан ән құдды күміс қанат құсқа ұқсайды екен.
Керім сал әлі көрінбейді.
Салдың атын ұстап, қошемет қылуға келіншектер шыққан, кілең жар төсегінен жаңа тұрғандай ашық ренді, жалын жанарлы, жайдары топ; наз етіп қылымси қарағаны мірдің оғындай; аппақ тістерін көрсетіп күліскені құдды кәусар бұлақтың тастан құлаған дыбысы секілді, көгілдір даланың реңін қыз-келіншектердің шеруі шайдай ашып, қызғалдағын төккен көктем мезетіндей құлпыртты, көз жауын алды.
Сал зым-зия жоғалған.
Шабарман жігіт шауып келіп хабар айтты: "сал қыр астыңда аттан құлап жатыр", — деді.
Қыз-келіншектер легі ду етті, біреулері шошынып, біреулері күлісіп жатыр. Келіншектер сал сырына кәнігі білем, кілем көтеріп жүрді. Сал әдейі құлаған екен. Келіншектер келіп кілемге салып әлпештеп әкеткенше жата бермекші, салдың құқы солай. Сал елдің еркесі, желкесінен түспес шолжаңы. Келіншектер барып, жусан үстінде шалжиып жатқан салды көтеріп кілемге отырғызды, жабыла қаумалап ауылға бет алды. Қызылды-жасылды алқа топ жаймен жылжып, иіріле билеп, беткеймен лықып келе жатқан. Келіншектер легіне қыздар қауымы қосылды. Манағы мерекелі орта көз жауын ала құлпырды. Салдың жанары жасаурап, осы қошемет, осы марапазға мас болып мәңгіп отырған; маңдайы кере қарыс, қою қасты, қыр мұрын, қиық мұртты, ат жақты әсем жігіт екен, бұғағы бүлкілдеп ән бастап жіберді; қолында үкілі домбыра, басындағы үкілі бөрікпен қосыла бұлғаңдап тәкаппар салтанат жасап, өзін осынша марапаттаған қауымға бағыштап әу деп дауыс қалықтатқан. Әуелгіде әулетті даусы келіншектердің құлағын жарып өткен, ауыл үстінде еркін қалықтады; асқа отырған батагөй жұртты дүр сілкіндірді, жүз жасаған бейқам қарияларды елеңдетті, сосын тойлы ауылдың барша дуылын саппа басты. Қыздардың сылқым күлкісі тиылып, жігітке аңтарыла қарасады, келіншектерден қымсыну кетті, дүрмектеп көтеріп келе жатқан салға айызы қана, бейіл бере бұрылады. Толып туған айдай аққұба әншіге егіле зер салады, ұят-аятты ұмытып жанаса жүреді, көздері жасаурап, бірін-бірі итеріп ілгері озады. Сал әні қуанышкер қауымды құйын тигендей қылды; жаз болса осы даланы боз бидайық, басатын, шілде түсе толып пісетін, сол бидайық. Теңізіне әлдеқалай құйын кіріп кетсе қызық көрініс жасаушы еді, ат тізесін ұратын бозала шөп жер қауып, мың бұрала үйіріліп, серпіле көтеріліп, толқын ата қайыра түрегелуші еді; тойлы ауыл әнші даусынан сондай күйге ұшырады.
Сал салтанатына алыстан көз салып самарқау тұрған қырағы келіншек көңілсіз еді, жаны жалғызсырап, жаман торықты. Дидарына ғашық болып құлай сүйген батырынан бүгін мәңгіге айрылады. Жат сұлудың құшағына салып бермекші. Маңайындағы үлкен дүрмек, дәл бүгін үшінші күн, селт еткізген жоқ. Еш еліктірмеді. Керісінше жаназаға келгендей көңілі суынып, қайғы жұтып қарая түсті. Санасына сан қилы қиял тоғысты. Әуелгіде Баршын сұлуды қапысын тауып мерт қылғысы келді, тағы ойлады, батырдың жүрегін жаулай алмаса бекершілік болады. Қайырылмай кеткен жігітке қысастық жасаса ше, жо-о-оқ, өмірі тұл болып өтсе де батырға қол көтермек емес. Батырсыз елі қаралы, жері қараң қара жамылып жүріп кешкен күні құрысын, адыра қалсын.
Қырағы келіншек түйліге қалды.
Еңкейіп бара жатқан күннің астынан ағараңдай шұбалған шаңды көрді, енді бір ауқымда шаң арасынан көш сүзілді, қалыңдығын алып келе жатқан Ошақбай батыр бұл. Ауылға жетуге әлі қозыкөш жер бар. Қарап тұрып келіншектің көңілі өрекпіді, кеудесіне өксік толды. Ат жалын құшып жылап жібергісі келді. Кермеден тұлпарын шешіп алды, ауыздығын салды, ерге қонды.
Әлгі жаққа құйғытып шаба жөнелді, неге бүйтеді? Мақсаты не? Өзі де білмейді. Қамшының ащы өрімін тістеді, ат тізгінің барынша босатқан. Кең даланың құлашы жазылды. Құлағының түбінен жел азынады. Жылқы жалы бетін шапаттады. Келіншек ағытылып жылап келе жатқан.
Тізілген көшке тақап келгенде тізгінің тартты.
Түйелердің тізбегіне көз сүрінеді, соңы қырқаның астынан әлі шықпапты, басқы нарлар келесі қайқаңға көтерілген. Тең-тең жасау, жиһаз артқан құбақан түсті түйелер. Қалыңдықтың қай жерде екенің аңғара алмады, басқы нардың белінде балақана бартын, ішінде үлпершектей үлбіреген сұлулар отыр, қайсысына көз салса да іші қыжылдап қисапсыз байлық бетіне басыла берді. Салтанаты сүріндірді. Өзінің жастық шағын еске алды... қолынан қыраны түспейтін аңшы әкесі дұрыстап киіндіре де алмаған. Ұзатылғанда жасау орныңа он батпан астық берген. Құдай-ау, енді ойласа өзіне мына тағдыр әбден күліпті ғой! Қорлап келіпті ғой!
Енді аңыстады, Баршын сұлу балақанада емес, салт атпен батырмен үзеңгілес келе жатыр екен. Осы мезетте қалындық сыңғырлай күлді, келіншек ішін тарта қалды. Жас жұбайлар өзіне күлісті деп жорыды. Жанары салқынданып сұрлана түсті.
Әлгіде ғана Ошақбай қалыңдығына әңгіме айтқан. Сөйтсе, Баршынды кім көрінгеннен қызғанып жүріпті, әміршіден де қорыған, астыртын андып баққан: бір күні жауырыншы Жалаңаш бұған сыр айтқан: "Иланшының баласы шаһар шетіне, Арыс жиегіне шатыр тіккен, Баршын сұлу екеуі сол шатырда кездесіп тұрады-мыс, әмірші әрәдік ханшаға білдірмей көңіл тояттатып қайтады-мыс", деген. Онсыз да елегізіп жүрген батыр әлгі сөзден жаман шошынады. Өрт тиген қаудай болады. Тұлпарына мініп жолға шыққан. Сабыла шауып әлгі шатырды табады, көлденең ұшырасқан күзетшіні итеріп жіберіп, қылышымен пердені тіліп қараса... қасы-көзі қиылған бейтаныс сұлу отыр... қарап тұрып-тұрып кері қайтады. Жалаңаш жауырыншы батырды әміршіге арандатқан екен. Ойламаған жерден батыр мен әмірші арасында араздық туып кете жаздады. Әзер түсіністі. Осы оқиғаны батыр жаңа ғана Баршынға мағлұмдаған; әлгі күлкі содан туған еді.
Қырағы келіншек ат тізгінің тартты.
— Батыр, салауат сұрауға бола ма? — деді.
— Келіншекті Баршын сұлу да таныды. Ошақбай атын ойқастатып тақай түсті. Сәлемдесті. Келіншек тұлпарын тебініп көштен жырақтай берді, батыр да еріксіз соңынан ілескен.
— Жолай кезіккен жолбикені құшып жар тауыпсың, батыр! Қосағынмен қоса ағар, қоңсың қайырлы болсын!
Батыр сұрланып кеткен.
— Тұспалдамай турасын айт, қырағы келіншек!
— Алғашқы ақ төсегіңді армансыз қызылдай алмай қапыда қалып жүрме дегенім ғой, батыр.
— Алғашқы төсегімнің сауабын сенен сұрамадым ендеше!
— Ол не дегенің! Қыпшақ батырлары не төсегін қызылдап қыз алушы еді, е көңіл жарастырып төсек жаңғыртушы еді, қыз емес, әйел емес, еркекшораны құшып не күйге түскенің дегенім де, батыр! Көңіліңе алма! Сені сүйіп едім, қайыр-қош бол!
Осыны айтты да қырағы келіншек тізгінің барынша босатып беталды шаба жөнелді. Батыр аңырып қалды. Әлден уақытта барып есін жиды. Сүлесоқ ілбіп келіп, көшке қайта қосылды, жас қалыңдығының мұңды жүзіне тіктеп қараған жоқ, қарай алмас та еді.
Күн қан қызылданып батып бара жатты.
Меңіреу далада қырағы келіншек көп сенделген; ат тізгіні қалай ауса, солай бұрылып, мәңгүрт күйге түсіп, басы ауған жағына кете берді. Боз дала көз алдыңда мұнартып жатты: әріде аң ба, әлде жылқы ма жосқындап өтеді, көңіл аударып жатқан бұл жоқ, ат тұяғы оппаға түсіп сүрініп кеткенде барып тұңғиық ойдан малтып шығып маңайына қарайды. Тағы еңсесі езіледі, тағы мәңгүрт күйге түседі. Жылай-жылай кеудесі босап жансызданып қалған тәрізді, ендігі өмірі қызықсыз, татусыз құр әурешілік қана; сол құр әурешілікті тезірек тауысуға тиіс еді-ау, маңайына қарады, арқасына дейін шымырлап кетті, тұла бойын мұздай тер жапты, жанарын уқалады.
Тап алдыңда ерттеулі ат тұр, ерінің басына қазандай-қазандай қос дабыл ілінген.
Дабыл ілген иесіз тұлпарды көргенде келіншектің тұла бойы түгел қалшылдап кетті.
Шындығында иесіз тұлпардың түрі жан шошырлық еді. Жал-құйрығы ұйысып, шор-шор болып қатып қалған. Терден бе, шаңнан ба ат сауыры теңбіл ала. Ердің қасына, қанжығасына баттасып қан жұққан. Тартпа аттың бауырын кесіп тереңдеп терісіне сіңіп кеткен. Көп уақыт ері алынбаса өстеді. Ат жанары да кісі шошырлық, ақ пен аласы араласып, әлдебір ала құйын оңаза күйді танытады. Ауыздығы қиылып тіпті, екі жағында құр салбырап жүр. Дабылдың беті шытынап торлаған.
Қырағы келіншек марғаулап есін жиды, қорқынышын басты. Иесіз тұлпарды ұстап алуды ойлады.
Астыңдағы тұлпары шошынып жолайтын емес, енді қайтпек, сәл кідірсе жұмбақ ат жосып жөнелгелі тұр. Жабайы болып қалған. Өзі тақылеттес төрт тұяқтыны аса сағынып, әрі аса шалдығып амалсыз қайырылғаны еді.
Келіншек ат мойнынан шылбырын шешіп алды. Шумақтап қолына жиды. Шылбырдың бір басын түйіп тұзақ жасады. Тәуекел деп тастап көрмекші. Шылбырдың келесі ұшын беліне байлады.
Белін садақша бүгіп оң қолын серпіп қалды, ат мойныңа тұзақты дәл түсірді. Иесіз тұлпар пар етіп үркіп жоса жөнелді. "Келіншектің қолынан қыл арқан шығып кетті. Арқанның бір ұшы тұлпар мойныңда, келесі ұшы өз белінде еді, атын тебініп қалды, өз ойынша соңынан қуа шаппақшы болды, сөйтіп шылбырды саумалап қайта тұтпақшы еді. Астыңдағы аты опасыздық етті, жалт бұрылды, кері тайқыды. Тырсылдап керілген арқан келіншекті ер үстінен жұлып әкетті. Келіншек сүйретіле құлады, сөйтсе де шылбырды қармап үлгерген. Саумалап өзіне тарта бастады. Иесіз тұлпар ышқына шапты. Аз уақытта арқанды босатып еңсесін көтеріп алмаса халі мүшкіл, киімі жыртылып, жусанға шабақталады, арғы жағы анық ажал. Алғашында келіншек ат арының аздап кеміткендей болды, арқанды шірей тартып, кеудесін көтере берді. Енді бір мезетте тізерледі, қатты жусан көйлегін қақ айырып саның шабақтап кетті, тізесі удай ашып ауырды. Сүйегі қан қақсады. Ендігі мезетте қарғып түрегелмекші еді, ат екпіні күшейіп көтеріле алмады, бүгіліп құлай берді, екі мәрте ұмтылды, екеуінде де тізесін жаза алмады. Енді жалғыз амал шылбырды белінен шешіп жіберу. Саусағы қарысып шиеленіп қалған түйінді босата бастады тырнағының көбесі сөгілді.
Келіншек беліндегі қыл арқанның шиесін шешкендей болған, әл дәрмені бітіп қолы босап кетті. Енді бар денесімен сүйретілді. Қас қағым уақытта көз алдыңа Ошақбай елестеді, алып денелі, аса сұсты, аңқылдаған бала мінезді қызық қалпы, өзінің асық жаны, үміті мен тілегі. Келіншек қос қолын созып батырға ұмтылады. Ендігі бір мезетте батыр өзін сүйреткен иесіз тұлпарға мініп алып аяусыз қамшылап жосытып бара жатқандай болады. Келесі бір мезетте батыр даланы бөріктіріп дабыл ұрады. Келіншектің құлақ тұсы шағып шыңылдады. Таңдайына өмір дәмі білінді, дермене дәніңдей ащы, аузын қуырып барады. Өмірдің өз таңдайына мұншама ащы сезілерін білмей келіпті ғой. Одан арғысын келіншек сезінуден қалды, санасы алай-түлей күйге түсіп қараңғы тұңғиыққа шым батып жоғалды.
Ерінің басына дабыл ілген иесіз тұлпарды бірнеше күннен соң Қараспан тауының жылқышысы көріпті, жылқының мойныңда жыландай иретілген қыл шылбыр ғана бар деседі. Сабыла қуып жабайы болған жануарды ұстай алмай қалыпты.
Достарыңызбен бөлісу: |