04.05.2012жыл.
Сезімге шабыт көш толық.
Көңілімді кетті күй тербеп,
Жақсылықтарға асықтым.
Қуаныш күтем үн кернеп,
Өмірге шындап ғашықпын.
Ертеңгі күнмен үндестім,
Бүгінгі таңмен дос болып.
Жайнатты жанды жыр кескін,
Сезімге шабыт көш толық.
Сұлулық мені баурады,
Жылылық толды жаныма.
Сағыныш тағы жаулады,
Әкетіп көркем бағына.
Саябақ мені сағынды,
Сырлы етті сыршыл сезімді.
Аңсатты жастық шағымды,
Керемет керім кезімді...
Көктеммен келген күн шуақ,
Ертеңге үміт дем бе еді?
Жалынғанменен мың сұрап,
Өткен күн қайта келмеді...
10.05.2012жыл.
Табиғат
Жаңбырын төкті көктемнің күні таңменен,
Жанданды өмір асыққан әрбір жанменен.
Көрінбей көптен көңілімнің саябағы боп,
Сарғайттың сағым сәнменен.
Мөлтілдеп тамшы дүние бейне жаңарған,
Аңсарым ауып ауамен тағы қана алғам.
Табиғат мені тартылыс күшке айналтты,
Бұлбұлы сайрап және алдан.
Сұлулық баурап, әсемдік естен тандырды,
Табиғат жұмбақ, шешілмес сырлы, сан қырлы.
Құшаққа алған қамқоршы қалың қарағай,
Мәңгілік жас боп шыршалар жүрек жандырды.
Сырласым болып келіншек тал да бұралып,
Құшағын жайып тұр ма екен ағаш бір алып?
Сол жақта мені көлімен күтер көктемім,
Сезімім тұрар құралып...
Періште бейне сол жақта сұлу құрағым,
Кеудемде күй боп төгілер мәңгі жыр ағын.
Жаныма жақын үндесер табиғатыма,
Тартылып күнде тұрамын...
14.05.2012жыл.
Көркем із
Жан сарайымды ашып, қуантып басты жүлдемен,
Өмірге ғашық болумен келем күнде мен.
Бақыттың мәні - көңілдің сәні екен-ау,
Өзіңмен қалай білмегем?
Өткізіп небір керемет сәтті гүл еткен,
Ұмытылып уайым, шығыппыз уайым түнектен.
Өкініштісі өткен күн қайта келмейді,
Сағыныш жеңер тілекпен.
Бой ұра бермей сағым мен салқын елеске,
Ерекше жанның тілегі бақыт емес пе?!
Ұлғайса жасың балалық шағың сағынтып,
Аңсатар жас күн бәрі есте...
Өмірдің заңы, адамдық әркез күшінде,
Белгісі оның парасат, пайым, ісінде.
Сыйлаған жанды сыйлы етіп мәңгі өтесің,
Құрметті болу үшін де.
Тек өмір қысқа, армандар шексіз, ой теңіз,
Ар, намыс биік, иманмен нұрлы өлкеміз.
Бағалар бүгін, ертеңім елеп елжірер,
Біздерден қалсын көркем із...
16.05.2012жыл.
Жыр сезім
Сен жаққа қарай талпындым,
Сырласқым келді алаңдап.
Жылылық жанда жарқыл мың,
Сезіммен жыр боп таралмақ...
Сағыныш аңсау бірігіп,
Өзіңді әр сәт іздетті.
Табиғатыңа құнығып,
Кеудеме қоңыр күз кепті.
Білдік пе өмір қадірін?
Сезілген шуақ дидарың.
Әр адам шешер тағдырын,
Сыйы мен елге сыйларын.
Адамдық атты қорғадық,
Абырой іздеп келеміз.
Жақсылықтарды жалғадық,
Еңбектен оны көреміз.
Қарбалас тірлік қоғамда,
Білімді әркез биіктер.
Өмірге ғашық саған да,
Тілерім мендей сүйіп көр...
18.05.2012жыл.
Киелі өлең
Өлең шіркін өміріңді өрнектер,
Сырлы әлемде құлашыңды сермеп көр!
Жазам деген жазалы боп тұтқында,
Бар санаңды шырмап алар шерлі өткел.
Өлең шіркін ғашық етер табанда,
Махаббатқа тартылады ғалам да!
Құпияңды түсіресің дәптерге,
Айтылмайтын жырың сырың шамамда.
Өлең шіркін тәрбиеге бастады,
Екпінінен құмға айналар тас-тағы.
Өрнегінде абыройдың асқағы!
Ынтық оған балғын кәрі жастағы.
Өлең шіркін ерліктерге елітер,
Адамдықта пейіліңді кеңітер.
Жақсы мінез еңбегіңмен еленсең,
Кітап болып шақырады сені төр.
Киелі өлең қасиеттің шынары!
Тектіліктің өр рухтың сыңары!
Мәңгілікке мұра болып жол бастар,
Елдігімнің ұлылықтың тұмары!!!
21.05.2012жыл.
Достық құны...
Жолға шықтық, қария отыр қасымда,
Ширақ өзі тоқсандағы жасында.
Сөзге тарттым, жол қысқарсын дегендей,
Көктем кезі көңілді етер расында.
Әңгіме етті тіршілігін сан қырлы,
Тағдыры да тым боранды, жаңбырлы.
Ашаршылық, соғыс көрген қарт қыран,
Айтқан сайын дауысы керім жаңғырды.
Қиындықпен түзетіпті тұрмысын,
Кеш үйленіп, түсіргенде жыл құсын.
Бір перзентке зар болыпты көп уақыт,
Аңсатыпты сарғайтумен ұл- мүсін.
Бәйбішеге ақтарып бар шындықты,
Аялауға басыменен құн тікті.
Тоқал алып келісіммен налытпай,
Бір жылдан соң перзент келіп, күн шықты.
Шаңырақта он екі ұл, қос ана,
Ынтымақты алтын болар босаға.
Еңбекпенен жетіпті олар байлыққа,
Өкпе, реніш қалып қойып тасада.
Барлығы бар, мал мен құрал сайман да,
Байлық келген ұлдар құшақ жайғанда.
Бәрі жетер бір-бір үй боп бәрі отыр,
Неткен бақыт, келдім осы байламға!
Сұрақ қойдым: «Неткен бақыт сіздегі?
Сізден ғана бастау алар із кені.
Шөберелер тойлайтын да шығар-ау,
Бал бақытты, абыройды жүздегі!»
Қарияның салқын тартып қабағы,
Мұңайды да сақал мұртын тарады.
Көңілсіздік, жаулап алды үнсіздік,
Жасы толған жанарымен қарады.
Сүртіп тағы көзін орамалымен,
Қоштасқандай қимас дара бағымен.
Қарияның жан жүрегі жаншылып,
Тұрғандай ед тағдыр қара дағымен...
«Бақытсызбын, бір құрдасым қалған жоқ,
Доссыз болса бұл өмірдей жалған жоқ.
Сырласым жоқ, ойнап әзіл көтерер,
Басқа қайғы мұнша жара салған жоқ»
«Шынында да достық екен бағалы!
Күндей көңілім, «Дос»-деп жүрек қағады!
Доссыз өмір бос екені ақиқат,
Өмір-өзен қимай ағып барады...»
Достың орны бөлек сырлы сыйымен,
Ғажап әлем, жырлы әзіл күйімен.
Сол қария аман ба екен шежіре?
Соңғы кезде ойланамын жиі мен...
Достық туы желбірейді мән барда,
Адал достан алыптықты аңғар да.
Құрмет етіп қадіріне жеткейсің,
Бір сені ойлар жан барда...
21.05.2012жыл.
Ине мен жіп...
Ине мен жіп туысқан,
Жаралғандай ырыстан.
Ине аға жіп іні,
Еңбектеніп тырысқан.
Ине сүйреп інісін,
Жылдамдата жүрісін.
Тыным таппас еңбекпен,
Ертеңгі нұрлы күн үшін...
Инені бәрі мақтады,
Бұл сөздер жіпке жақпады.
Іштарлық етті тартылып,
Үзіліп тағы тоқтады.
Көрпеше құрақ гүл еді,
Таза еді ылғи тілегі.
Тірлігі жіппен біткен соң,
Басқаға ауды жүрегі...
Жіп өрнекке ауысты,
Сөйтіп өзін тауысты.
Ине қайтсін амал жоқ,
Басқа жіппен қауышты...
Ауыспалы өмір-ай,
Тағдыр берер тәңір-ай.
Ине жіпті уайымдап,
Ойларға кетер небір-ай...
Басқа жіптер табылар,
Бірақ жүрек қағынар.
Бауырлыққа жетпейді,
Жіп інісін сағынар...
Орнына ине түйрелді,
Ойлармен жүдеп күйрелді.
Бәрі уақытша екенін,
Жіп қауымнан үйренді...
22.05.2012жыл.
Мәңгілік сезім алауы
Сен білесің бе?
Таңдарым «Сен»-деп атқанын,
Күндерім күтіп батқанын.
Жұлдыздар жайнап жанымда,
Бақыттан тұрар бақтамын.
Үніңнен есіп үйлесім,
Тілегім болып біргесің.
Сыйластық деген сарайда,
Өмірден алған жүлдесің.
Аман боп жүрсең шаттанам,
Жанымда күлсең бақ табам.
Ешкім де сендей ренжітіп,
Емес-ау демеп, мақтаған.
Өзіңсіз өмір қаңырап,
Шырайлы болмас шаңырақ.
Үндестік тауып өзіңнен,
Жан дүнием кетер жадырап.
Қайсар бол әркез құлама,
Жалғанның өзі сынама.
Көңілден көрік қосамын,
Ешқашан енді жылама.
Мәңгілік жоқ қой тұрағы,
Тәңірдің жалған сынағы.
Алау қып жаққан сезімнің,
Сөнбесін мәңгі шырағы...
23.05.2012жыл.
Ұстаздық мерей
Ұстаздық мерей қиыннан өнер құралып,
Тәрбие тектен ертеден келер сұралып.
Қызық пен уайым қатар жүретін кемеде,
Біліммен жүзген ірі алып...
Ұрпақты сүйіп, жанымен тағы беріліп,
Өнегесімен, өнермен бағы өріліп.
Ертеңнің қамын, бүгіннің заңын белгілеп,
Келеді алдан көрініп...
Өмірін арнап, көрсетіп шаштың ағымен,
Мәңгілік қалмақ білімге жаққан шамымен.
Жауапкершілікпен, күн-түні ізденуменен,
Бақытқа жетер бағымен...
Шыдамдылықпен еңбекпен елге танылып,
Ұстаздық жолы көрмеген ешбір жаңылып.
Жемісін көрер қаншама жылдар өткен соң,
Жүрегі жүрер жарылып...
Абыройды ойлап, болашақ қамын бағамдап,
Өзегін жарып, шәкіртке өтер алаңдап.
Ұлттық намыс, салт пенен сана, ұлылық,
Ұстазбен ғана қаланбақ!!!
25.05.2012жыл.
Бұрынғы мен бүгінгі
Бұрынғы адам күн өтсе,
Егіле түсіп жылаған.
Иманмен сәтін жыр етсе,
Алладан демеу сұраған.
Бүгінгі адам күн өтсе,
Балаша мәз боп қуанған.
Байлықпен өзін ірі етсе,
Құдіреті сонда құралған.
Бұрынғы адам аңқылдап,
Мұсылманмын десе сенетін.
Қонағы келсе жарқылдап,
Бақытқа керім енетін.
Бүгінгі жанда қорқыныш,
Сенуден қалған пенделер.
Көшеде жан жоқ тым тырыс,
Шақырсаң ғана сол келер...
Бұрынғы адам қарт болып,
Армансыз өтер өмірден.
Кәрие болу шарт толық,
Шежіре кетпес көңілден.
Бүгінгі адам шын қонақ,
Шыға алмас өсек бос ойдан.
Тәрбие төмен күн санап,
Насихат сөздер азайған.
Бұрынғы менен бүгінгі,
Ұрпаққа қалар шын үлгі.
Ізіңді қалдыр мәңгілік!
Естісін ертең үніңді!
29.05.2012жыл.
Табиғат тарту
Жаямын да жапырақ жүрегімді,
Тілегіңнен жаныма гүл егілді.
Табиғатқа айналып барамын мен,
Сол жақтан тапқандаймын бір емімді...
Сұлулықтан ес кетіп саясында,
Самал керді кеудені, тоясың ба?
Көл көрінді арудың жанарындай,
Самғайсың, құшағыңды жаясың да...
Саябақты сүйемін көңілім тартып,
Жерде жұмақ бар ма екен мұнан артық?!
Елжіредім, елеңдеп, елегізіп,
Аққулары көз тартар, көлде қалқып...
Аққайыңдар бұралар арудайын,
Шыршамен мәңгі жастық тағынайын.
Еліктер емірентер ентелетіп,
Ұмытылар сол бір сәтте қайғы уайым...
Табиғат талықсытты, сезім дара,
Көркем күн батып барар көзімді ала.
Жүрегім елеңдеді аласұрып,
Сол бақта жоқ екенсің өзің ғана...
30.05.2012жыл.
Жігерлендіру
Күн сәулесі құйылды да,
Көңіл шіркін шаттануда.
Нұр қуаныш жиылды да,
Бақыт таптым ақ таңымда.
Бақты тағы сезіндім мен,
Денім сау боп жүргенімнен.
Абыройды ойлап көз ілдім мен,
Ой шырмады күлгеніммен.
Намыс алға апарады!
Еңбегіңмен еленесің.
Мерей таңы атар әлі,
Бар байлыққа кенелесің!
Шыдамдылық, сабыр жеңер,
Қанағатта қасиетің.
Ынтымақты өсіп өнер,
Бірлігіңде өсиетің.
Берілмегін қайғы мұңға!
Орындалар жас талабы!
Бақыт пенен байлығың да,
Дәл бүгіннен басталады!!!
01.06.2012жыл.
Сыр екпін
Табиғаттың тылсымымен тербеліп,
Жұмбақ жаным әлдеқайда асықты,
Ақ жүрегім бар әлемді тең көріп,
Жақсылығын тасытты...
Көркем күнмен таңғажайып түрге еніп,
Көңілімді күмбірлеген күй еттім.
Қызық пенен қиында да бірге едік,
Құпиясы құрметтің...
Сен ғарыштан жеткендейсің сый болып,
Мен алыста сағынышты жыр еттім.
Шабытымсың көкірекке нұр толып,
Асықтырар өзің жаққа сыр екпін...
Өзің барсың өмірімнің өзегі,
Арман көп қой, қиялым да тым шексіз.
Бәрі жақсы, жүрек іңкәр сезеді,
Абыройды тілеппіз...
Бүкіл әлем ұсталып тұр сезіммен,
Адамдықта барлық байлық аңғарғын.
Бақытына жетсе бәрі төзіммен,
Жақсылығы жандардың...
Сағынышпен ұсталатын ғалам да,
Үміті боп келе жатыр таңдардың.
Жақсылықты сыйлайтұғын саған да,
Бақытыңды тілейтұғын мен бармын!
06.06.2012жыл.
Өмір сүру - сәттілік
Сұлулықты сүйіп өстім, тартылдым,
Кәусарына қана алмадым өмірдің.
Бақыт сыйлар жанарыңда жарқыл мың,
Күн сәулесі көңілдің...
Арманына асығады адамзат,
Бірі ме едің тағдырымен күрескен?
Ақылдыға таңылады ғажап ат,
Бақ береке ілескен...
Жас кезіңде көкіректе күй кернеп,
Ой санаңды шырмап алар гүл сезім.
Ең аяулы бір ғажайып үн тербеп,
Тым ардақты қайталанбас бұл кезің...
Табиғаттан ұқтым сенің жаныңды,
Мөлдіреген жапырақта сыр анық.
Жаз дидарлы жансың өзің жағымды,
Тазалықтан құралып...
Әдемілік әрлендірер жаныңды,
Сұлулықтан сезінесің тәттілік.
Сақтай алсаң абырой мен арыңды,
Өмір сүру – сәттілік...
15.06.2012жыл.
Сезінсең жүрек түсінсін...
Сұлулық мені баурады,
Керемет өскен көк терек.
Самалмен сезім жаулады,
Тамаша таңнан леп келед...
Кеудемді кетті күй тербеп,
Табиғат тарту талықсып.
Жаңбырмен бейне үн кернеп,
Сезіммен кеттім алысып.
Бұлбұлым сайрап бақтағы,
Сен жаққа іңкәр болдым да.
Елесің мені сақтады,
Шаттыққа тағы толдым да.
Сұлулығыңа сүйсіндім,
Қайталанбайтын мүсінсің.
Кеудемде жұмбақ дүрсіл мың,
Сезінсең , жүрек түсінсін...
Жанымда толы жарқын іс,
Сағыныш тағы жеткені.
Өзіңе деген тартылыс,
Өмірге ғашық еткені...
26.06.2012жыл.
Жырым менің...
Күн көңілімді сәуле сүйді күй тербеп,
Бақыт таңы атып келер үн кернеп.
Бағымдағы бұлбұл сайрап тәнті етті,
Жырды сүйдім, шабытыммен шыңға өрлеп.
Жырым менің кәусар таза бұлағым,
Мәңгілікке сөндірмейтін шырағым.
Сұлулықпен сақталатын ғұмырым,
Өлеңіммен өрілерін ұғамын.
Жырым менің ғашық еткен, талдырған,
Жастығымды басып өткен, қалдырған.
Сағынышпен сарғайтқан да сол әлем,
Үмітімді үлбіретіп таң нұрдан.
Жырым менің құштар еткен, самғатқан,
Аңсарымен өмірімді арнатқан.
Сәби етті салиқалы шағымда,
Қария боп абыройын қамдатқан.
Өлеңіммен өрге өрлеп келемін,
Жыр болатын жақсылыққа сенемін.
Рухани жаны жомарт халқыммен,
Бірге жасай беремін...
Өмір өзі жыр емес пе білгенге?!
Не жетеді адамша өмір сүргенге?!
Жаза алмаған, сезімімен шайқалтқан,
Бір толғаныс жүр менде...
28.06.2012жыл.
Күн-көңіл...
Жыр жаздым өн бойымды өртке салып,
Сағыныш жазылмайтын дертте қалып.
Өмірдің мағынасын ұғынсаңыз,
Көңілдің тоқтығына жетпес анық.
Күн - көңіл тым биікте тұрақтанған,
Өткен күн жастығымен сыр ақтарған.
Мәңгілік көңіл – көктем жас боп тұрар,
Жаңғырып естен кетпес ұнап қалған.
Көңілден сыйластықтың заңдылығы,
Өмірде адамдықтың мәнді ұғымы.
Алыстан аңсататын жақсы адам көп,
Ғарыштан берілгендей жан жылуы...
05.07.2012жыл.
Үміт , сенім
Көңілімді жарық етті сұлу бейнең күлімдеп,
Ақ жанымның жарқырауы өзіңменен білінбек.
Тағдырымның тәтті лебі сыйластықпен ескендей,
Үміт таңның кірпігінде, алаңдаумен дірілдеп...
Күй кешкенмін адамдықтан тауып барлық емімді,
Үндескенмін табиғатпен, алып мәнді кенімді.
Өмірімнің мағынасын өзіңменен өргенмін,
Өткен қызық, бүгін бақыт, ертеңгі күн сенімді...
Бар ұтқаным имандылық, жеткен жерім, жүлдем де,
Қонақ ғұмыр, не жетеді адамша өмір сүргенге?!
Үміт пенен сенім жүгін адам мәңгі арқалар,
Тастан қатты қасиетте, нәзік болып гүлден де...
13.07.2012жыл.
Бақ таймасын!
Көкбөріні бес төбет қаумалады,
Боялды қанға бөгіп сау балағы.
Еркіндік сүйер міне тұтқын болып,
Тәкәппар ызаланар, жан жаралы...
Беймәлім, қалай түсті мұндай күйге?
Ұраны: «Ешқашанда басыңды име!»
Жабылған қызық көріп жас төбеттер,
Бір жақты етпей қоймас сұрқай үнде.
Алқымды ап, бірі тістеп арқасынан,
Мүсәпір күйде жатыр шалқасынан.
Жанашырлық жоқтығын енді ұғынды,
Алабайлар талауда қан сасыған...
Бұл жайлау еркін жүрер дара бағы,
Қой қырған талай қыста аралады.
Тамағын тасып берген апанынан,
Әттең-ай бірі келіп қарамады...
Шынында бақ таюы бір сәтте екен,
Өмір-ай өреңді де өлшетпеген.
Көкбөрі көз алдымда демі бітті,
Қиналып әлсіздігін көрсетпеген...
Жамандық жамандықпен қайтары анық,
Биікке шыққанын да байқамадық.
Абырой берсін және де бақ таймасын!
Дегенді ішімізден қайталадық...
25.07.2012жыл.
Ән: «Жыр-ағын»
(Төлеген Айбергеновке арналған)
Әнін жазған Орақбаева Фарида Жанұзаққызы
Дауылды жырмен ескенсің,
Шабытты мұңды кешкенсің.
Жүректің қылын мың тербеп,
Ұмытылмай мәңгі өскенсің!
Қайырмасы:
Мөлдіреп жырың бұлағың,
Тым ерте өшкен шырағың.
Ғажайып күйге келтірер,
Еліммен жасар жыр-ағын.
Ақынсың аңсар дара-шың,
Ардақтар бүгін Алашың.
Өлеңнен маржан тергенсің,
Өлең боп мәңгі қаласың!
Өнерге елді бұрасың,
Ерекше өлең құрасың.
Баламен таңмен оқылып,
Дана боп мәңгі тұрасың!
27.07.2012жыл.
Олимпиада - ардың алауы!
Дүрсілдеп жүрек қағыстан,
Қуаныш тілек табысқан!
Лондонда жанды бағымыз!
Жан алып беріп алысқан...
Намыс пен жігер жаңғырды,
Велоспорт сырлы сан қырлы.
Жеңімпаз болып жылаған,
Құрметте Александрды!
Қазақтың ауыр тағдырын,
Көтерген қыздар – ән бұрын.
Алтынды сыйлап Зулфия,
Көрсетті елдің сан қырын!
Қыран боп қанат жая да,
Арыңды сақтап саяда.
Намысыңды көтерген,
Алтындай ару Мая да!
Пейілі кең дархан даладай,
Қазақтай елге баладай.
Алтыннан абырой сыйлаған,
Қызымнан Светланадай!
Ерлердің ері білінді,
Ерлікке бастар ұлыңды,
Мақтан тұт Илъя Илъинді!
Көтерген алтын туыңды!
Қуанышқа кеуде толғаны,
Алтыннан бақтың қонғаны.
Барысша алға атылған,
Мойындады әлем Олъганы!
Жарылсын бүгін жүрегің!
Әлемде елім гүл егін!
Қазақстан мәңгілік,
Бас жүлде алсын тілегім!
Тек алда болсын тілегім!
Қазақстан алға барысым!
Мақтанышым арысым!
Намысың ту боп әлемде,
Танылдың мәңгі ар үшін!
Достарыңызбен бөлісу: |