Қонаққа қатысты ырым-тыйымдар
1.Үйге кіріп келе жатқан қонақ абайсызда сүрініп кетсе, үй иесі марқайған түрмен төрінен сыйлы орын ұсынады. Мұның түп төркіні «үйге күтпеген жерден байлық келеді, бақ дариды» деген ырымды білдіреді. 2.Қонақ болып барған үйінде қызды төрге отырғызады. Себебі, «қызда қырық шырақты бақыт бар» деп білетін халқымыз, «сол бақыттың жұғыны қыз отырған төрде қалады» деп ырымдайды. «Қызда қырық періште бар» деген наныммен де қызды төрге шығарады. Өйткені, сол періштелер қонақ күтуші үйге қонады. Сондай-ақ «қызда оттай ыстық мейір бар, қыз қонақ боп барған үйінде төрде отырса -бойындағы мейірі сол отбасына сіңеді» деп ырымдайды.
3.Жолаушылап келе жатқан адам бір үйге сусын ішуге түсетін болса, сол үйдің есігіне тура беттеп келіп, аттан түспейді. Үй иесі сыртқа шыққанда, амандық-саулық сұрасқан оң, атының оң жағынан түседі және үйді айналмайды. Өйткені, жау адамдар бөгде үйдің жай-күйіне қарамайды, баса-көктеп кіреді және өлімнің суық хабарын естірткелі келген адам да күй таңдамастан бірден үйге кіреді. Сол себепті, бұл «жолаушының жүрісі жаман ырымға ұқсамасын» деген мағынаны білдіреді. Досжаран, ағайын-туыстар да оң тілеумен үйдің оң жағынан келіп, үйге оң аяқпен кіреді.
4.Қыдырып, қонаққа келген жас баланы үйден құр қол қайтармайды. Бұл –«сәбидің меселі қайтпасын, көңілі қалмасын, жүрегі суымасын, келер бақытының беті қайтпасын, үйде оттай ыстық ықыласы қалсын» деген ырымнан туған ежелгі салт. Егер сәби үй иелерінен суық рай көріп, кейіген кейіппен қайтса, «бұл шаңырақтан – бақ, төрден – бақыт, дәннен – ырыс кетеді» деп ырымдалады.
5.Үйде отырған қонақты саусақпен санамайды. Малды, қолға түскен тұтқындарды ғана саусақты шошайтып санайды.
6.Үлкен тойда, аста немесе салтанатты мерекелерде сыйлы қонаққа көк қасқа тай, ақ сары бас қой, аттан түйе, дөнен өгіз сойылады. «Сонда барлық тілек қабыл болып, зор бақыт қонады» деп ырымдайды.
7.Қонақ қонған түні мал төлдесе, қонаққа киіт кигізіп, «ақжолтай қонақ» деп, құрметпен шығарып салады. «Құтты қонақ келсе, қой егіз табады» деген сөз осындайдан шықса керек.
8. Дастархан қос қабатталған болса, қонақ келгенде оның тұйық жағын төрге қаратып, оң бетін келтіріп жаяды. Бұл «дастархан оң болмай, ісіңде жол болмайды» дегенді білдіреді.
9.Қонақ келгенде есікті үй иесінің өзі ашады. Ал қонақ шығарда, есікті қонақ өзі ашып шығады. «Қонақ үйге келгенде-құт бірге кіреді, қонақ кетерде үй иесі есік ашып берсе, құт та әлгі кісімен бірге ілесіп кетеді» деп ырымдалады.
10.Қазақ қыздары үйдегі қонақтың қарсы алдына келіп, талтайып отырмайды. «Мұндай қылық қызды ұятсыз іске ұрындырады, бақытсыздыққа душар етеді» деп ырымдайды.
11.Қонақтың пышағы немесе бәкісі дастарханмен бірге жиналып кетсе, қайтарып берілмейді. Қонақ ет тураған соң, пышағын өзі сүртіп, қынына салып алуы керек. Егер дастарханмен бірге жиналып кетсе, пышағын сұрамайды. Сұраса, «қырық пышақ боп өштеседі» деп жориды.
12.Қонаққа беретін тамақ «қонағасы» деп аталады. Қазақ үйіне келген қонақтың қайсысын болса да тойғызбай аттандырмайды.
13. Дастарқан басында адамдар жасына қарай отырады. Тамақ әуелі үлкен кісінің алдына қойылады.
14.Қазақта кетік, сынық ыдыспен қонаққа ас бермейді. «Ыдыстың кетігінен шайтан қосарлана ас ішеді, қонақ қорланады, қонақтың жебеуші иесі шамданып, кәрін төгеді» деп ырымдайды.
15.Қонақты сыйламас бұрын үй қожасының өзі астан ауыз тиюі керек. Бұл ырым арқылы астың адалдығы, үй иесінің қонақжайлығы танылады.
16. Халқымыз үйге келген кісіге астан дәм татырмай жібермейді. Ертеде қазақтар бар болса, ол болмаса, айран, ірімшік, құрт сияқты тағамдар ұсынатын болған. Асты қадірлейтін қазақ «дәм-тұзымды тат, расынды айт» дейді. Қастандық қылған біреу жайлы «дәм-тұзыма тапсырдым» дейді. «Татқан дәмге қас қылған жігіт оңбас» деп өлеңдетеді.
17. Сый табақпен екі кәрі жілік бірге тартылса, қонақ қуанады. «Оң жол болады, байлық келеді, бақ дариды» деп ырымдайды. Қонақ жіліктерді еттен тазалап, мүжіп, өзі алып кетеді де, үйінің босағасына іліп қояды.
18.Дастарқан басында мағынасыз әңгімелер айтуға болмайды. Тамақтану кезінде әрбір адам өзін-өзі ұстай білуі, мүмкіндігінше аз сөйлеуі тиіс.
19.Асқа, тойға, мереке-мейрамға бағышталып сойылған малдың еті сол үйдің адамдары ауыз тимей тұрып, басқаларға берілмейді. Қанын итке иіскетпей көміп тастайды. Бұл – жақсы тілеу басқаға аумасын, оң тілек ит-құсқа жем болмасын дегені. Сондықтан мұндай кезде ылғи нышанды мал сойылады. Дені сау көк қасқа тай, ақ сары бас қой, атан түйе, атан өгіз, ту бие секілді;
20.Дастарқан басында отырған қонақты санамайды. Қонақты санау жаман ырым саналады.
Достарыңызбен бөлісу: |