1.3. Түркiтаным әлеміндегі және қазақ тіл біліміндегі
сөз таптастыру мәселесі
Орта ғасырлардағы Махмұд Қашқаридің Мұхаммед ибн Қайсаның, Асир-ад-Дин Абу Хайианның, т.б. еңбектерінен бастау алатын түркі тілдеріндегі сездерді таптастыру мәселесі XVIII ғасырда орыс түркологтарының еңбектерінде жалғасын тапты. Араб ғалымдары аталған еңбектеріңде араб грамматикалық ілімінің үлгісімен түркі тіліңдегі сөздерді логикалық тұрғыдан есім, етістік, демеулік деп белсе, орыс түркологтары әлемдік лингвистиканың кейінгі дамуы барысында қол жеткен жетістігі тұрғысынан алғашқы кезеңде семантикалық және синтаксистік принципті басшылыққа ала отырып сөз таптарына ажыратты (2, 12).
Араб тілінде, араб грамматикасымен түркологиялық еңбектер ХІ-ХV ғасырлар арасын қамтиды. Осы мезгіл ішінде түркі тілдерінің салыстырмалы сөздіктерін жасау, шағын көлемді практикалық, грамматикалық очерктерін жазу саласында едәуір жұмыстар істелді. Сондай еңбектердің ең алғашқысы және ең көлемді де құндысы түркі әулетінен шыққан, Бағдат ғалымы Махмуд Қашқари жасаған «Диуани Лұғатит Түрік» деп аталатын сөздік. Мұнда түркі тілдерінің сөз қолданысы, оның семантикалық, дыбыстық, грамматикалық сипаттары, бір-біріне ұқсастық, өзгешеліктері кең қойылып, терең баяндалған.
Төрт томдық салыстырма сөздіктің дені сөз табының ерекше, әрі күрделі тобы – етістік деуге болады. Өйткені, екінші том – түгелімен етістік және сөз табына қатысты ережелерден тұрады. Үшінші том мен Индексте де етістіктер басым (5, 66).
Араб ғалымдары Махмұдтың Диуанынан кейін де бірнеше салыстырмалы сөздіктер жазылды. Сондай сөздіктің бірі – Абулқасым Махмұд ибн Омар (Әл-Замахшари) жасаған «Муккаддимат әл-Адаб» (әдебиетке кіріспе) деп аталатын арабша–парсыша–түрікменше–монғолша сөздік. Еңбек төрт бөлімнен құралған: бірінші бөлімі есім сөздерге; екінші бөлімі – етістікке арналған.
ХІV ғасырда сақталған тағы бір материал – араб ғалымы Жамал-Аддин Мұхаммед ат – Турки жазған «Түрік, қыпшақ тілдерін жақсы оқып үйренуге арналған кітап» деп аталатын сөздік. 71 беттік бұл сөздік екі бөлімге бөлінген: есім деп аталатын бірінші бөлімінде астрономиялық, топономикалық атаулар және үстеу сөздер берілген, екінші бөлімінде – етістік сөздер. Бұлардың бәрі де арабша-қыпшақша сөздік түрінде берілген.
Міне, осылайша араб ғалымдарының аталған еңбектерінде араб грамматикалық ілімінің үлгісімен түркі тіліндегі сөздерді логикалық тұрғыдан есім, етістік, демеулік деп үшке бөлсе, ХVІІІ ғасырда орыс түркологтарының еңбектерінде әлемдік лингвистиканың ішкі дамуы тұрғысынан сөздерді таптастыру мәселесі өз жалғасын тапты.
Орыс түркологтарының негізінен семантикалық белгіні, кей сөз таптарына қатысты синтаксистік белгіні нысана етуі түркі тілдері сөздерінің лексика-грамматикалық табиғатына байланысты болды, бұл жағдай, әсіресе зат есім мен сын есімнің, сын есім мен үстеудің қарым-қатынасынан анық
көрінді. Мысалы, қарт сөзін семантикалық принцип тұрғысынан
бірде зат есім десе, қарт кісі тіркесі арқылы сын есім ретінде анықтады, ал жақсы секілді бірқатар сөздерді семантикасы арқылы сын есім дей отырып, пысықтауыш қызметінде жұмсалуына байланысты үстеу деп те таниды. Бұл сипат түркі тілдерінің грамматикалық құрылысын зерттеуге арналған алғашқы ресейлік еңбек «Сочинения, пренадлежащие к грамматике чувшского языка» атты еңбектен бастап, И.С.Хальфиннің «Азбука татарского языка» (1809), М.А.Казам-Бектің «Общая грамматика турецко-татарского языка» (1846), Алтай миссиясы мүшелерінің (негізгі авторы және редакторы Н.И.Ильминский) «Грамматика алтайского языка» (1869) атты зерттеулері де, жалпы, тағы басқа түркологтардың 1930 жылдарға дейінгі еңбектеріне тән болды (2, 12).
Орыс тіл білімінде 1920 жылдардың аяғында сөз таптастырудың үш принципі (семантикалық, морфологиялық, сиптаксистік) пайда болуына байланысты, түркі тілдері сөздерін таптастыру теориясына да өзгеріс енді. 1936 жылы «Революция и письменность» журналында жарық көрген арнаулы мақаласында түркі тілдері сөздерін таптастыруда жүйелі түрде үш принципті (семантикалық, морфологиялық, синтаксистік) бірлікте қолдану керектігін айтқан А.Боровковтың тұжырымы түркологияның кейінгі дамуында берік қолданыс тапты. Орыс түркологтарымен бірге өсіп жетілген ұлттық мамандар да осы дәстүрді дамытып әкетті. Бүгінгі таңда түркологияда сөз таптастырудың бұл дәстүрі қалыптасқан ілім болып табылады.
Ал, жеке түркі тілдеріндегі анықталған сөз таптары саны әр түрлі болуы бұл тілдердің тарихи даму дорсжесінің әр түрлі болуымен қатар, бірқатар сөз таптарының әрқалай танылып, жіктелуіне де байланысты болып отыр. Мысалы, тоғыз сөз табы бар деп саналатын қазақ тіліндегі шылау сөздердің түрлері, шақыру одағайы кейбір түркі тілдерінде жеке-жеке сөз табы ретінде танылады. Орныққан сөз таптастыру теориясы бар түркологияда жеке тілдерге байланысты осылайша сөз таптарының санының әртүрлі болуына әрбір ғалымның жеке көзқарасының да әсер-ықпалы жоқ емес.
Қазақ тіліндегі сөздерді тапқа бөлудің алғашқы соқпағын салған түрколог – Николай Иванович Ильминский (1822-1892). Ол 1860-1861 жылдарда Қазан университетінің ғылыми жазбаларында жарияланған «Материалы к изучению киргизского (казахского. Т.Қ.) наречия» дейтін еңбегінде сөздерді тоғыз түрлі тапқа бөледі. Осы сан (П.М.Мелиоранскийдің «Краткая грамматика казахско-киргизского языка» деп аталатын еңбегін қоспағанда) совет дәуіріне дейін жарық көрген еңбектердің барлығында да сақталған. Тек П.Мелиоранский ғана аталған еңбегінде сын есімді әлі жекеленіп жетпеген сөз табы деп санап, оны зат есім тобында қарайды да, сөз табы санын сегіз деп көрсетеді (6, 167).
Бұл еңбектен басқа қазақ тілінің грамматикалық құрылысын зерттеу объектісі еткен тағы бір еңбек М.Терентьевтің «Грамматика турецкая, персидская, киргизская и узбекская» деген атпен жазылған еңбегі. Осындағы «қырғыз» деген атпен жазылған грамматика қазақ тілінікі. Бұл хронологиялық тәртібі жағынан алғанда қазақ тілі грамматикасына арналған екінші еңбек.
Сипаттау тек морфологияға ғана арналған. Морфология, зат есім, сын есім, есімдік, сан есім, жалғаулық, септеулік (послелоги), үстеу, одағай, етістіктер, көсемше, есімше, жіктеу, сөз туғызу және демеулік (частица), күрделі сөздер деп аталған тақырыптарға бөлінген.
Жалпы алғанда, өз заманы, ғылым тарихы үшін демесек, еңбек білгірлікпен жазылмаған. Оның осылай екендігін, жүйесіздігін, кітаби тіл мен сөйлеу тілін бір-бірімен шатастырғанын өз кезінде П.Мелиоранский де көрсете отырып, өзінің «Краткая грамматика казах-киргизского языка» деген еңбегінің «Есім» деп аталатын үшінші бөлімінде қазақ тілінде сегіз түрлі сөз табы бар деп көрсетеді. Олар: есім, есімдік, етістік, сан есім, үстеу, жалғаулық, септеулік, демеулік деп жазды. Еңбекте зат есім, сын есім, етістікке жеке-жеке тоқталғанмен басқа сөз таптарын топтап бір ғана тарау етіп берген. Оның баяндауларында алдыңғы авторлардан бөлекше айтылған пікір жоққа тән.
1897 жылы В.В.Катаринскийдің «Грамматика киргизского языка, фонетика, этимология и синтаксис» деп аталатын еңбегінің этимология (морфология) деп аталатын бөлімі тоғыз тарауға бөлінген. Сөздерді тапқа бөлуде бұл еңбекте біраз өзгешелік бар. Мелиоранскийде одағай сөздер жеке сөз табы ретінде қаралмаса, мұнда қаралған, алдыңғы автор сын есімді зат есіммен бірге алса, соңғы автор оны дербес сөз табы ретінде қарайды. Соңғы авторда алдыңғыдай демеулікті жеке сөз табы ретінде қарау жоқ.
Мелиоранскиймен Катаринскийдікі сияқты қомақты да мазмұнды болмағандарымен, шағын көлемді, таяз мәнді очерктер де жазылды. 1800 жылы И.Лавтевтің «Краткий грамматическии очерк казахского языка», 1912 жылы И.Созановтың «Записки по грамматике киргизского языка» атты еңбектері жарияланды. Бұларда да соны пікірлер жоқ (7, 41-49).
20 жылдардағы грамматикалық еңбектің екіншісі Г.Архангельскийдің құрастыруымен («Грамматика казахского языка») 1927 жылы Ташкентте басылып шыққан. Бұл – орыс түркологтары қаламынан шыққан грамматикалық әдебиеттердің соңғысы. Осы оқу құралының «Морфология» тарауында қазақ тіліндегі сөздерді тек формалық белгілеріне қарай ғана жіктеуге болатынын көрсетіп: не разложимые основы, самостоятельные слубжебные слова, полуприставки, приставки, междометия деп бес түрге бөледі. (6, 169).
Жалпы алғанда бұл еңбекте сөздердің тұлғалық типтері мен лексикалық-грамматикалық типтері араластырыла берілген. Шылау мен үстеулерді сөз етулерінде де сондай қателіктер бар. Ал сөз табы болып отырған еңбекте осы принципте сақталмаған. Көп мәселеде бұл еңбекті 20-шы жалдарда жарық көрген, осының алдында сөз болған қазақша оқулықтың аудармасы деуге боларлық (6, 169).
Сөздерді таптастырудың теориялық негізінің қазақ тілі білімінде пайда болып, қалыптаса бастауы орыс түркологтары еңбектерінде осылайша көрініс табады. Н.И. Ильминскийдің, М.Терентьевтің, В.В. Катаринскийдің, И.Лавтевтің еңбектерінде қазақ тілі сөздерін зат есім, сын есім, сан есім, есімдік, етістік, жалғаулық, септеулік, үстеу, одағай деп бөлсе, П.М.Милиоранский мен Г.В.Архангельский ғана зат есім мен сын есімді ажыратпай, бір ғана сөз табы ретінде танып, сегіз сөз табын атайды.
Жалпы қазақ тілінің грамматикалық құрылысын сипаттауға арналған орыс түркологтарының ХІХ ғасырдың ІІ жартысынан бастау алатын еңбектеріне қатысты мына ортақ жайттарды айтуға болады:
Бұл түркологтардың еңбектерінде саны кейде сегіз, кейде тоғыз болып ажыратылғанымен, сөз таптарына анықтама берілмейді. Қысқаша жасалу жолдары, түрленуі, бірқатар мағыналық топ, категориялары ғана сөз болады;
Тіл білімі салаларының ара жігі айқын ажыратылмаған, морфология этимология деп аталады, көмекші сөз таптары кейбір еңбектерде синтаксистің аясында қаралады;
Барлық еңбек орыс тілінде, орыс тілі грамматикаларының қалпымен жазылған, орыс тілімен салыстырылып отырылады;
Қазақ тілі сөздерін таптастыруда негізінен семантикалық белгі басшылыққа алынады, зат есім мен сын есімнің, сын есім мен үстеудің қарым-қатынасына байланысты синтаксистік белгіге сүйену де кездеседі. Дегенмен, түркологтардың соңғы еңбектерінде сөз табының формальдiк белгісін тануға қарай алғашқы нақты қадам жасалады (2. 14).
Қазақ тілінде сөз таптастыру проблемасының зерттеліп жарық көруі ХХ ғасырдың 10-15 жылдарынан басталады. Оның бастауы – 1914 жылы «Тіл құралы» деген атпен Орынборда жарық көрген А.Байтұрсынов жазған оқулық. 1914 жылы жарық көріп, кейіннен бірнеше дүркін қайта басылған еңбекте автор сөздерді алдымен атауыш сөздер, шылау сөздер, одағайлар деп үш топқа бөледі де, бұлардың біріншісіне зат есім, сын есім, сан есім, есімдік, етістікті; екіншісіне үстеу, демеу, жалғаулық деп аталатындарды жатқызады да, одағайды өз ішінен еліктеуіш, септеуіш одағайлары деп екіге бөледі. Осы еңбегінде айтылған пікірлерін «Тіл құралының» 1924 жылғы басылымында кеңейте, дәлдей түседі (8, 199).
Бұған қарап, А.Байтұрсынов тіліміздегі сөздерді таптастыру ісінің берік іргетасын қалаушы деуімізге болады.
1930 жылдардан бастап морфологияның жеке мәселелеріне арналған шағын көлемді мақалалар мерзімді баспасөз беттерінде, әсіресе сол кездегі ғылыми-педагогикалық журналдар — «Төте оқу», «Ауыл мұғалімі», оның орнына келген «Халық мұғалімі» журналдары беттерінде жиі-жиі көріне бастайды. Осы он жылдықтың аяғына дейін жеке сөз таптарына, қосымшаларға арналған отызға тарта мақала жарияланыпты. Олардың көпшілігін Қ.Жұбанов, X.Басымов, Ш.X.Сарыбаев, Н.Сауранбаев, С.Жиенбаев, С.Аманжоловтар жазған.
30-жылдарға дейінгі жарық көрген еңбектерді қазақ тілінде пәлен сөз табы бар дегені болмаса, сөздерді түрлі топқа бөлудің принциптері жөнінде ештеме айтылмайтын. Н.Сауранбаевтың «Сөз таптары» атты мақаласында осы мәселе талданады
Автор: тілдердегі сөздерді тапқа бөлуде ғылымда қалыптасқан үш түрлі принцип бар, олар «семантикалық, синтаксистік, морфологиялық белгілер» деп жазады да, осы үш түрлі белгілерді мысалдар арқылы талдай келіп, қазақ тіліндегі сөздерді тапқа бөлуде сөздердің мағыналық жақтарына шешуші мән берілу керек деген дұрыс қорытынды жасайды.
Сөздерді әр түрлі кластарға бөлу, олай бөлуге негіз болатын принциптерді айқындау ісімен профессор Қ. Жұбанов та айналысқан.
Жұбанов ойынша, сөздерді тапқа бөлуде олардың тек мағыналық жағына ғана көңіл аудару жеткіліксіз. Сөз табын ашу үшін үш түрлі өлшеуді қатар алып отыру дұрыс. Үшеудің бірдей сынына толса, сонда ғана бұл пәлендей сөз табы деуіміз керек. Ол үшеудің бірі – мағына, екіншісі – морфология, үшіншісі – синтаксис деп бүгінгі күні қазақ тіл білімінде орныққан сөз таптастырудың үш принципінің атын атап, түсін түстеп көрсетеді (9, 230-235).
Автордың сөздерді тапқа бөлуінде А.Байтұрсыновтың терминдерін қолданбаудан туған кейбір өзгешеліктер ғана бар. Ең алдымен, тілдегі сөздерді түбір тап, шылау тап, одағай тап үш топқа бөледі.
Автордың сөздерді тапқа бөлуге критерий етіп алған түрлі белгісінің қазақ тілі үшін мәні бірдей еместігі, ең маңызды белгі сөздің семантикалық жағы екендігі бұл күнде талас туғызбайтын қағида болса керек.
Отызыншы жылдардың аяқ кезінде жариялған морфологияға тікелей қатысы бар тағы бір еңбек – орта мектепке арналған «Қазақ тілінің грамматикасы» атты оқулық. Бұл – 1938 жылы баспадан шыққан, авторы – С.Аманжолов. Өз кезінде бұл оқулықтың біраз кемшіліктерін сынға алған мақалалар болған. Шынында да, еңбектің жоғарыда талданған А.Байтұрсынов, Қ.Жұбанов оқулықтарынан теориялық дәрежесі төмендеу болатын. Алдыңғы еңбектер сияқты мұнда да өздерді тұлғасына, тобына қарай жіктейді.
Морфология тұрғысынан алғанда 30-жылдардың алдыңғы он жылдан өзгешелігі – бұл саланы тек оқулық көлемінде ғана емес, ғылыми мақалалар жазу арқылы тереңірек зерттеуіге талпынудың алғашқы бастамасы көріне бастады. Сол кездегі педагогикалық журналдар мен Ұлт мәдениеті институтының ғылыми жинақтарында X.Басымовтың, С.Аманжоловтың қазақ тілінің қосымшаларын зерттеген мақалалары, сөздерді тапқа бөлуде басшылыққа алынатын принциптерді айқындауға арналған С.Жиенбаевтың т.б. еңбектері жарияланды. Сөйтіп, алдағы уақытта тек практикалық қана емес, теория мәселесіне де көңіл бөлудің алғашқы қадамы жасалды.
Қазақ тіл білімінің басқа да салалары сияқты морфологияның да жоспарлы түрде кең көлемде зерттелуі 40-жылдардан басталады. Бұл онжылдықтың атап айтуға тұрарлық бір жаңалығы – қазақ тіл білімінің салаларын даралап арнайы зерттеу, солардың негізінде (кандидаттық, докторлық диссертациялар қорғау болды. Мұндай зерттеулерде ғылымның басқа салаларынан гөрі морфологияға қатысты мәселелер көбірек қамтылды. Тек 40-жылдар ішінде ғана морфологиядан етістіктің есімше, көсемше, етіс шақ, көмекші етістік, сын есім шырайлары мен үстеу арнайы зерттелді.
40-жылдар ішіндегі морфологияға қатысты еңбектердің бір елеулісі – Н.Сауранбаев пен Ғ.Бегалиев жазған «Қазақ тілінің грамматикасы». Осы еңбектің морфология деп аталатын саласы «Сөз» деген тақырыппен басталады. «Морфема» дейтін грамматикалық термин қазақ тілі білімінде алғаш рет осы оқулықта қолданылған, бірақ авторлар оны қосымша формалардың ғана атауы деп түсіндіреді. Қ.Жұбанов еңбегінде өзгертіп қолданған грамматикалық терминдерді соңғы авторлар А.Байтұрсынов қолданған атаулармен атап, дұрыстаған.
Қ. Жұбанов сияқты соңғы авторлар да сөздерді тұлғасына қарай алты түрге бөледі. Терминдік өзгешеліктері болмаса, әр тұлғадағы сөздерді түсіндірулерінде А.Байтұрсынов Қ. Жұбановтан айтарлықтай бөтендік жоқ.
Қ.Жұбанов сияқты бұл авторлар да сөздерді тапқа бөлгенде олардың семантикалық, морфологиялық, синтаксистік белгілері бірдей дәрежеде ескерілуін талап етеді. Қазақ тіліндіге сөздерді сегіз тапқа бөлу дұрыс емес деп тауып оларды есімдер, етістіктер, есімдіктер, үстеулер, көмекшілер, одағайлар деп алты түрге бөледі.
Сонымен, терминдік, классификациялық ала-құлалықтарына қарамстан 40-шы жылдар ішінде қазақ тілі морфологиялық жүйесі А.Байтұрсынов қалыптастырған негізде ілгері дамыды. Бұған түркологияның 30-40 жылдар ішіндегі түркі тілдері грамматикалық құрылысын зерттеуде қол жеткен табыстарының да игілікті әсерi аз болмаса керек.
1950 жылдан бері қарайғы уақыт ішінде морфологияның жеке мәселелеріне қатысты жүзге тарта ғылыми мақала, жиырмаға тарта монографиялық зерттеулер мен кітапшалар жарық көрді. Олардың ішінде етістік категорияларын зерттеуге арналған Ы.Мамановтың, А.Қалыбаеваның, И.Ұйықбаевтың, осы жолдар авторының, Н.Оралбаеваның, Т.Ерғалиевтың еңбектерін, сын есім катергориясына арналған Ғ.Мұсабаев, Ж.Шәкенов, Ә.Төлеуов еңбектерін, сан есімге арналған Ә.Хасенов, одағай, еліктеуіш сөздерін зерттеген Ш.Сарыбаев, Катенбаева, үстеуді зерттеген А.Ысқақов, есімдіктерді зерттеген Ә.Ибатов, шылауларды зерттеген Р.Әміров,Т.Қордабаев, Ф.Кенжебаева т.б. еңбектерін атауға болады.
Морфологияға тән әртүрлі мәселелерді бөліп алып, жекелеп зерттеушілер қазақ тіл білімінде аз емес, бірақ солардың ішінде морфологияны, әсіресе оның есім саласын тұтас алып зерттеуші, оны өзінің ең негізгі ғылыми объектісі деп есептейтін ғалым – А.Ысқақов.
А.Ысқақовтың морфологияны ғылыми пән ретінде жоғарғы оқу орындарында оқытуы және оны зерттеуі 40 жылдар ішінен басталды. Содан бері қарай жүргізілген ғылыми зерттеулердің ең соңғы қорытындысы «Қазіргі қазақ тілі. Морфология» деген атпен 1964, 1974, 1991 жылы оқулық ретінде бiрнеше рет жарық көрген кітабы (10, 96-102).
Соңғы жылдары қазақ тіл біліміндегі сөз таптастыру теориясына елеулі жаңалық енгізген ғалым С.Исаев болды. Ғалым қазақ тіл білімінде бұрын да термин ретінде жиі қолданылғанымен, мән мағынасы күнгірт граммикалық мағына, грамматикалық форма, граммикалық категория секілді іргелі грамматикалық ұғымдарды қазіргі лингвистикалық даму дәрежесіне сай нақты анықтап, басын ашып беру арқылы сөз таптастыру мәселесінде де барынша айқындық енгізді.
Ғалымның бұл саладағы негізгі ерекшелігі – А.Ысқақов қалыптастырған жобаны сынай отырып сөз табына оныншы етіп модаль сөздерді қосып қарастыруы болды.
Достарыңызбен бөлісу: |