Қайыңды қарағай – көлемі 18200га, оның ішінде 11880 гектарын қарағай алқабы алып жатыр. Қарағайлар даланың шоқ-шоқ ормандар санатына жатады. Синегор (Көктау) бауының аумағы- 137га, оның 97 гектары орман жамылғысы, реликті және жойылып бара жатқан өсімдіктерді атап көрсеткен. Қалба жотасының өсімдік қорларын зерттеген А.Б.Мырзагалиева осы аумақта 188-ге жуық пайдалы өсімдіктер өсетінін белгілеп, оларды топтастырып,таралу заңдылықтарын анықтаған. Оларды талдау нәтижесінде дәрілік өсімдіктердің 16 түрі және барлық өсімдіктер бірлестігіне толық сипаттама бергені анықталды.
Өсімдік жамылғысына байланысты топонимдер өсімдік түрлерінің бұрынғы, қазіргі атаулары туралы және тарихи ландшафттардың келбетін қалпына келтіруге көмектеседі. Өсімдік жамылғысының зоналық таралу ерекшелектері оны пайдаланудың маусымдық жүйесін қалыптастырады. Топонимиялық зерттеулердің ландшафт өзгерістеріне қатысы да көбіне фитонимдердің таралу ареалымен байланысты мәселелерде көрініс табады. Бұл белсенді компонент ретіндегі өсімдік жамылғысының палеоклиматтық, палеогеографиялық зерттеулерде арнайы бағдар беруші нысан бола алатындығымен түсіндіріледі. Өсімдік жамылғысы топонимдерде бейнелеуін, табиғи жағдайлармен байланысын, таралу аймақтарын зерттеудің алғашқы тәжірибесі (карта, кесте жүзінде) К. Д. Каймулдинова, А. С. Омарбекова, Ә. Е. Аяпбекова, Қ. Т. Сапаров зерттеулерінде жүзеге асырылды.
Дала аймағында орналасқан Ертіс маңы жазығында өсімдік жамылғысының қаулап өсіп, географиялық нысандарда фитонимдердің жиі кездесуі ландшафтық, климаттық факторлар арқылы қалыптасып, дәстүрлі шаруашылықта геоэкологиялық ақпарат ретінде алатын орны ерекше. Ертіс, Бұқтырма, Үлбі, Оба, Қайыңды, Тайынты, Қызылсу, Мұқыр, Шаған, Аягөз т.б. өзендердің жайылмасында өсетін тоғайлы ормандар, бұталы, шөптесінді, бидайықты, арпабасты, айрауықты, субетегелі, қияқты, шилі, ажырғылы шабындық және көл маңында қамысты өсімдіктер дүниесімен бірге қоға, қияқ, құрақ, мия, өлең, бетеге атауларының ақпараттық құндылығын атап кеткен жөн. Екі құрамды сөзден жасалынған қамыс фитонимі 60-тан астам географиялық атауларда көрініс тапты. Суқамыс өз., “судың қамысы”, Қамысқопа батпақ қамыстың батпақ арасында, Сорқамыс көл, сорлы жерде орналасқанын, Ащықамыс қон., Тұщықамыс қон., судын ащы-тұщылығы жөнінде бағдар береді. Ши фитонимі су маңында өсетіндіктен 100-ден аса атауларда көрініс тапты. Ақши (7 рет), Қараши, Жалпақши, Киікши, Шиліқолат, Шиліқұдық, Шиліөзек, Шилікөл т.б. солтүстік-шығысы жалпақ-жапырақты, көктеректі-қайыңды орман, Алтайдың көгілдір ормандары, ырғайлы, аршалы, шілікті және Ертістің жайылмасы ағашты-бұталы өсімдіктер: қандыағаш, қайың, терек, тал, мойыл, қарақат, қараған бірлестігінен тұрады. Профессор К. М. Мусаевтың пікірінше "ағаш" сөзінің шығу тегі өте көне, өсімдік атауынан бұрын пайда болып, барлық түркі тілдес халықтарда кездесітінін, ареалы тек семантикалық тұрғысынан ғана ажырытылады деп түсіндіреді. Ағаш лексемасының су сөзіне семантикалық жағынан эквивалент болуын Е.Жанпейсов көптеген зерттеулерді талдау негізінде былай түсіндіреді: “Судың қозғалысын белгілеуде ағ=ақ қолданылады. Бұл “ағаш сөзінің негізін құрап, тарихи тұрғыдан алсақ, бұл сөз су дегенді білдіреді”.
Ағаштардың су маңында өсіп тұрғанын дәлелдейді. Ағаш термин өзен жайылмасы, орманды жерлерде жиі кездесіп отырғанына көз жеткізуге болады. Көктеректі-қайыңды орманды жерлерде ағаш, тал, терек сөздерінің айтылу әр түрлі жолдар арқылы көрініп, күрделі топонимдер құрамында кездесуі, су маңында шоғырланып қалыптасқанын білдіреді. Терек терминінің мағынасын А. В. Суперанская су, өзен сөзімен байланыстырады. 1980–1990 жж. тюркологтардың ортақ пікірлері ежелгі түркі тілінде “бұлақ”, жылға, қайнар мағынасында демек, терек – “өзен” атауына сәйкес келеді. Сандық көрсеткіштер арқылы Бестерек (2 қон.), Үштерек қон., Қостерек қон., сыртқы көрінісіне қарай; Ұзынтерек, көл, Қотантерек қон., Қоскеңтерек қон., Байтерек теректің ареалының кеңдігін білдіреді. Орманның түрлік құрамын анықтайтын Шұбартерек көл, қон., Шоқтерек қарасу қон., шұбар термині Ғ. Қоңқашбаевтың топшылауынша “қайынды, қайыңды-көктеректі шоқтар” деген мағынаны береді. Қаратерек (3 қон.), (3 ойк.), Көктерек (3 қон.), ойк., ерекшелігін білдіретін Терекше (3 қон.), Терекше айр., Ақтерек ойк., Еменбұлақ төбе, Үйеңкі қонысы, орыс тілінен енген атаулар Тополево қон., Подосинка көл, Дубрава ойк., Дубровка қон., (Ертіс жайылмасында) қайыңды, қайыңды-көктеректі ормандар ландшафтысының келбетін қалыптастырады. Шығыс Қазақстан облысы аумағында Теректібұлақ,Теректі(6 рет), Топтерек, Қостерек, Сарытерек, Орта Теректі славян тілінен енген Осиновка (3 рет), Тополев мүйіс, Тополевка,Тополька өзен, е.м.,атаулары бар. Зерттеу нысанына айналған аймақтарда терек термині негізінде (121 атау), қайың термині арқылы (103 атау) кездесіп отыр.
Қайыңды (9 рет) қон., өзен, тау, (279 м), Қайыңша қон., қайыңға ұқсас, қайыңның молдығын білдіреді. Үшқайың ойк., Жалғызқайың, Қызылқайың түсін және сандық көрсеткішін, Басқайың көл, бастапқы шағында Кіші Майқайың тау (283,6 м), май сөзімен жасаған атауларды Е. Қойшыбаев ежелгі түркілік нанымдарға орай “әулие” (қасиетті) деген мағынада түсіндіреді. Жергілікті халықтар қайыңды қасиетті ағаш ретінде қарастырып, өте берік, т.б. ерекшеліктерін ертеден аңғарған. Майқайың – сөзбе-сөз қасиетті қайың деп топшылаймыз. Жарқайың 2 көл, дәлме-дәл жардың жиегінде өсіп тұрғанын білдіреді. Славян тілінен енген Березовка е.м.,қоныс (10 рет), Березовый исток қон., Малые Березняки ойк., Березовая қон., атаулары қайыңды жерлерде орналасқаны жөнінде хабар береді.
Жемісті ағаштарға жататын алқа, долана, мойыл, қарақат, жиде, өрік, т.б. топонимдер топтамасының ареалының кеңдігін Қазақстаннның шығыс өңірі аумағынан аңғаруға болады. Доланалы, Доланасеңгір, Жалғыздолана Долана қон., Итмұрын айрық, Итмұрынды қон., Бүргенді өз., Алқакөл фитонимі, алқа араб тілі негізінде “дөңгелек” пішініне байланысты қойылған. Ырғайлы қон., тау (723,8 м) ойк., Қарақатты тау, Қарақат Қарасу тартылып қалатын кішігірім өзен атауы. Мойылды көл, ойк., шипалы балшығы бальнеологиялық мақсатта пайдаланатын республикалық маңызы зор, Мойылды курорты көлдің оңтүстік жағасында орналасқан. Өрікті қон., Жиделі е.м.,Үшқатты қон., Алмасай және Арбузное е.м.,атаулары бар. Далалық аймақтағы өңірлерде өсетін аласа бұталы тікенекті ағашты өсімдіктер: қараған, шырпы, тобылғы, орманды-шөптесінді өсімдіктер бірлестігімен араласып, фитонимдердің санын толықтырып отыр. Қарағанды (30 рет) қыст.,өз., Қарағандытөбе (171 м), қон., көл, Қарағандыөзек өз., қон., Бетқараған көл, құдық, оронимдер және гидронимдер құрамында кездесіп отыр. Тобылғы
қазақтар үшін маңызды өсімдік, қымызды күбіде ыстап, оны пайдаланған. Тобылғысор көл, Үлкен Табылжан, Кіші Табылжан (2 көл), ойк., бұл жерде тобылғы атауының орыс тілінде “таволожка” өзгеріске ұшырап, Таволжан, Табылжан деп айтылып жүр.
Өзен-көлдер маңында қаулап өсетін қамыс (65 рет), тал (114 рет), тоғай (38 рет), ши (102 рет) өсімдік жамылғысының қаулап өсіп, алқаптың кеңдігін,сонымен қатар гидронимдердің ерекшеліктерінен мол ақпарлар береді. Талды көл, ойк. Талдықұдық қон., Аяқтал бұл., төмен жатқан, Кәкенталды, Бауыртал қон., Бауыртал сырты, Бауырталдың бауыры қоныс. Талдың “ық” жерде Талдышат қон., тау аралында аңғарлы ойыста өсіп тұрғанын білдіреді. Жалғызтал қон., Шоқтал (2 ойк.), қон., азды-көптілігін түсіндіреді. Қаратал қон., Мұрынтал қон., Ешкітал, Әулиетал талдың түрлерін атайды. Мырзатал қон. ойк., талдың орналасқан жері, басқа да ерекшелігіне қарай қойылған деп жорамалдаймыз. Шілік (жатағантал) Қарашілік (2 қон.), Қызылшілік (2 ойк.), Шілікті аңғар,өз., (Тарб.,Зайс.) атаулары шіліктің ареалының кеңдігін білдіреді Шіліктіағаш қон. түрлік мағынасында айтылады. Құршілік қон., шіліктің құрғап-кеуіп қалғанын білдірсе, метофоралық Басшілік қон., Бауыршілік қон., Аяқшілік қон. құд. атаулары Кезеңшілік, Шілікті Керегетас қон., жер бедерінің ерекшеліктері арқылы сипатталады. Шілікөзек өз., құд., Шіліктомар (2 бат.), Шілікті бұлақ Шұбаршілік бұлақ, Шоқшілік өсімдік жамылғысының су маңында, қаулап өсіп тұрғаны туралы мәлімет береді. Тоғай өзен маңында өсетіндіктен Ақтоғай (2 көл) станса, кент, аудан орталығының атауы . Қаратоғай (2 бұл.), Қортоғай қон., түрлік мағынада алқаптың кеңдігін білдіреді Құртоғай қон., Жамантоғай қон., ағаштың нашарлығын, құрғап-кеуіп қалғанын көрсетеді. Ахметтоғай қон., ойк., Шәріптоғай қон., адам атына аталса, Жолтоғай тау (242,5 м), Шұбартоғай, Шағантоғай, Көптоғай, Баянтоғай төбе, тоғайда орналасқанын ағашқа мол екендігін анықтайды. Гидронимдердің құрамында жиі кездесетін өсімдіктердің бірі қияқ пен қоға. Көпжылдық астық тұқымдастарға жататын қияқ мал азығын дайындауда маңызды рөл атқарады. Бетқияқ қон., Қияқтөбе кұд., төбелі-беткейлі жерде, Қияқтықұдық (3 құд.), Қияқкөл (2 көл), құдық манында өсіп тұрғанын, Сарықияқ е.м., (3 бұлақ) атауында кездесіп, үлкен алқапты қамтып отырғанын анғартады. Өлеңт өзен (5 рет), Сарыөлең, Өлеңтіқұдық қон., атаулары өлең шөппен тікелей байланысты болып отыр. Қоға мен селеу шөп жаздың басында мал жайлымына өте қолайлы, қалған уақытта сабақтар мен жапырақтары қатайып, жарамсыз болып қалады. Қоғалы (3 көл), (6 қон.), Аққоға қон., Қарақоға (4 көл), ойк., (3 қон.), түстен басқа қоғаның географиялық нысандардың маңында қаулап өсіп тұрғанын білдіреді. Бозды-селеулі жерді “жыртылмаған тың жер, тәлімі жер” мағынада, Е. Қойшыбаев еңбектерінде бозайғыр атауын қос тұлғалы жалқы есімнен туындаған деп топшылайды.
Боз термині селеулі–бетегелі өсімдіктер басым өскен, астық тұқымдасты өсімдіктерден тұратын далалар келбетін анықтайды. Айғыр көп жылдық шөптесін өсімдік аты, көбінесе зоотопонимдердің құрамында жиі кездеседі. Бозайғыр (2 көл), е.м., көл, Бозайғырсор көл, Бозарал қон., Бозша қон., Бозшакөл е.м., Бозбай қон., Бозалаң е.м., Бозтоғай қон., Бозтомар, Селеулі қон., көптеген географиялық атауларда кездесіп, оның ареалының кендігін көрсетеді. Қараайғыр қон., е.м., айғыршөптін қалың өскендігін, Сарыайғыр қон., кең алқап мәніндегі атаулар. Жусан, жантақ, жынғыл, мия, тікенек, шағыр, шеңгел өсімдіктері шөлді аймақта өсетіндіктен аумақтардың оңтүстігіңде ғана кездеседі. Кермек қыс., Жантақжамансор көл, Жыңғылды көл, Миялы,Тікенекті қон., Шеңгелдібидайық көл, Тарлаулы е.м., Шеңгелдіқұдық қоныс атауларында кездесіп отыр. Ерменді, Жусанды қон., “қор отты” жерде түйе мен қой түлігінің күзде семіретінінен ақпарат береді .
Жусан - қазақ халқы үшін қасиетті шөптің бірі. Сонымен қоса материалдық әрі рухани болмысын бейнелейтін ,қамтитын өте күрделі ұғым. Біздің ата-бабаларымыз ұзақ жол сапар шеккенде кепкен жусанды «жақсылық ырымы» ретінде былғарыға орап алып жүретін болған. Бұл кездесумен қайта оралудың және сағынған елді жусан иісін иіскеп,мауқын басу белгілі болса керек. М. Аджи ұлттық болмысты бейнелейтін жусан туралы: «...мен үшін жусанда Отанның, ата-мекеннің иісі бар». Демек, сапарға аттанған ер-азамат еліне аман-есен оралу үшін жусанның бір тобын ырым үшін ала кететін болған. Жергілікті құмды,шөл жерлерде (Жайсаң , Алакөл қазаншұңқырлары) судың аз екенін сексеуіл өсімдігі негізінде анықтауға болады. Белгілі ғалым И. Г. Борщаков еңбегінде «сексеуіл –құмды шөлдің қорғаны », ол құмды бекітіп ұстап тұрады. Өскіндері түйеге, қойға бір жағынан азық,екіншіден-сусын. Сексеуіл су «аулауға да» бейімделген. Көктемде тұқымнан шыққан тамыр тез өсіп суды қуалағандай тереңге тез ұзарып 30 метрге дейін өсіп,тіршілігін сақтайды. Жергілікті халық сексеуілді мақтанышпен «жасыл көмір» деп атап, сексеуіл ағашынан сапалы көмір дайындалады деп келтіреді.
Аумақта Ойсексеуіл, Сексеуілді, Сексеуіл фитотопонимдері сексеуіл фитонимі негізінде қалыптасқанын аңғартады. Қазақстанның солтүстік-шығыс ,шығыс өңірлерінің өсімдік әлеміне қатысты атаулар көбінесе ұқсас келеді. Фитотопонимдер құрамының айырмашылықтары мен ұқсастықтары тек физикалық-географиялық факторларға (табиғи зона, тік белдеулік) ғана қатысты емес, сонымен қатар аумақтарда өсетін өсімдік түрлеріне де байланыстылығын аңғаруға болады. Қазіргі уақытта антропогендік әрекеттерден (өнеркәсіп, Семей полигоны т.б.) аумақтың өсімдік жамылғысы көп өзгеріске түскен. Жайылымдардың дұрыс пайдаланылмауы, тоғай, орман ағаштарын отау, өртеу және егістік көлемін ұлғайту және т.б. факторлар аумақтың табиғи ландшафтысын біршама өзгертті.
Дегенмен, бұрынғы өсімдік жамылғысы жөнінде сол өлкедегі географиялық атаулар нақты геоэкологиялық ақпарат бере отырып, оларды қалпына келтіруге (реконструкция) мүмкіндік туғызады. Ормандар (қарағай шырша, балқарағай, самырсын) Ертіс бойындағы тоғайлар мен ормандардың ареалы, бұрын әлдеқайда көп болғанын палеогеографиялық палеоботаникалық зерттеулер дәлелдеп отыр. Топонимикалық мәліметтерді ландшафттанудың жаңа бағыты, «ландшафтық индикация» пайдалану мүмкіндігі ерекше қызығушылық тудырады. Топонимдерде сақталып қалған өсімдіктер атауларын ландшафт өзгерістерінің басты индикаторларының бірі ретінде бағалауға болады.Зерттеу нәтижесінде аумақтардың табиғат жағдайлары, ландшафт ерекшеліктерін айқындайтынөсімдіктер әлемі топонимдерде (7-сурет) бейнеленіп, фитонимдерді топтастырудың алғашқы қадамы жасалынды.
7-сурет – Шығыс Қазақстан облысының фитотопонимдерінің салыстырмалы сипаттамасы
-
Зоонимдердің ландшафт өзгерістерін анықтаудағы орны
Шығыс Қазақстан аумағы табиғи жағдайларының әртүрлілігі, ландшафт ерекшеліктері, жануарлар дүниесінің ареалының кеңдігін айқындайды. Әрбір ландшафттық зонада (табиғи) немесе биіктік белдеулерде өзіне тән жануарлар дүниесі мекендейді. Сондықтан дала, орманды дала, шөлейт зоналарында және тауларда тіршілік ететін жануарлар дүниесі жиі кездесетіндіктен, жер-су атауларында көрініс тапқан жануарлар дүниесі өз іздерін қалдырған деуге болады. Аумақ жеріндегі географиялық атауларда жергілікті табиғат жағдайларын сипаттайтын деректер көптеп кездеседі. Сан ғасырлық тарихи бар қазақ халқының ең негізгі кәсібі мал шаруашылығы болғаны баршаға белгілі.
Мал шаруашылығымен шұғылдану арқылы халықтық материалдық байлығы қалыптасып, дүниетанымының рухани мәдениетінің басты қағидалары мен ұстанымдары өркендей түсті. Осы негізгі кәсіптің әсері, ықпалымен қазақ тілінің лексикасында мындаған сөздер туындап өрбіді, тілдік айналымға еңгізілді. Сол сөздердің едәуір көпшілігі зоонимдер, зоотопонимдер болып келеді. Мал шаруашылығымен, үй жануарлары атымен байланысты жалқы есімдерімен қатар қазақ ономастикалық кеңістігінде жабайы андардың, құстардың жыланның, шыбын-шіркейлер, жәндіктер атаулары да кездеседі. Белгілі кеңес зоологы А.Н.Формозов Қазақстан картасында андарға байланысты атаулар бар екенін айта келе, аңдардың халық өмірінде атқарған маңызды мән-мағынасын атап өтеді.
Белгілі бір табиғи ортаға бейімделген жануарлар дүниесінің ареалы сол аумақ жеріндегі географиялық атауларда кездесетіні анық. Шығыс Қазақстан облысының аумағында мекендеген жануарлар мен өңірдің өсімдік жамылғысын таралу ареалдарын анықтау үшін тау жыныстарын зерттеу нәтижесінде де мәліметтер алуға болады. Тау жыныстарының қабаттарында өсімдіктермен жануарлардың іздерімен бірге қалдықтары да табылуда. Осындай шөгінділер Тархан, Асулы – Үлбі, Таулы Үлбі, Жоғары Оба, Үлкен - өзен, Первомайское елді мекендері және т.б жерлердің жағалық жарларында жиі кездеседі. Осындай ерекше табиғат ескерткіштерінің бірі - Тархан геологиялық қимасын атауға болады. Оның ежелгі қабаттары омыртқасыз жануарлар фаунасына бай келеді. Палеозой эрасының тас көмір дәуірінде ШҚО-ның аумағының табиғат жағдайлары біршама өзгеріске ұшырады. Теңіз шегініп, тау жасалу үдерістері байқалды. Теңіз сулары Жайсаң қазаншұнқыры мен Қалба жаталарының маңында болған. Ұзақ геологиялық уақытқа созылған Мезозой эрасында тропиктік климат қалыптасып, алып ағаштардың қырықбуын, папоротниктердің өсіп өнуіне мүмкіндік туғызды. Ормандарда динозаврлардың мекендегені анықталды. Жайсаң қазаншұңқырынан Қазақстанға ғана емес, дүние жүзіне танымал тасқа айналған ерекше қазба орны ашылды. 1959 жылы ғалым-геолог В.С.Ерофеев бұл қиманың төменгі қабаттарындағы кварцты құмдардан динозавр жұмыртқасының қабығы мен сүйек қалдықтарын тапты. Сондықтан қима «Динозаврлы» деген атауға ие болды. Кендірлік өзенінің алабында жақсы сақталған ежелгі балықтар қалдықтары, өсімдіктер және жәндіктер іздері табылған. Ондаған миллиондаған жылдар бұрын осы жерде саваннамен орманды дала ландшафттары басым болған. Онда гиппариондар, керіктер, мүйізтұмсық, бөкендер және тағы басқа жануарлар мекендегені белгілі болды. Батыс Сібір жазығының оңтүстік бөлігінде палеонтологтар жүргізген зоофитогеографиялық зерттеулер нәтижесінде зерттеу аумағы мен Батыс Сібірдің флорасы фаунасы (Ертіс маңы, Құлынды, Бараба жазықтары) неогенде біртұтас болғаны дәлелденді. Плиоценнің аяғы, миоценнің басында климат өзгерісі, топырақ жамылғылық факторлар, орогенез әрекетінен өзгеріске ұшыраған жас платформаның жануарлар дүниесі жасырақ келеді. Төрттік (антропогендік) шөгінділерде ежелгі жүндес мамонттар мен мүйізтұмсық қалдықтары Жайсаң көлі маңынан табылды. Қиын-Керіш тауының қазбаларында (Күршім ауд.) флораның көптеген түрлерімен омыртқалы жануарлар қалдықтары табылған (тасбақа және т.б). Осы табылған қазбалар мен қалдықтар сол кезеңдегі органикалық дүниенің даму бейнесін ашып, сол уақытта тіршілік еткен жануарлармен өсімдіктер туралы толық палеоэкологиялық мәліметтер береді.
Ғылыми еңбектерде Сібірді мекендеген жануарлар дүниесі Қазақстан жағына қарай ығысуына мұздық кезең әсер еткені көрсетілген. Олардың кейбір түрлері таулы аудандарда әлі де сақталған, оларға тундра кекілігі, жапалақ т.б. жатады. Осы уақытта орталық Азия жануарлары мен құстары да Қазақстанға ығысқан. Оларға құр, тоқылдақ, самырсын құс, ақ қоян т.б. атауға болады. Кейін олар дала мен шөлейт зоналарына ауысқан деген пікірлер бар. Палеоген дәуірінде Қазақстанда тропиктік және субтропиктік жануарлар мекендеген. Олар Үндістан және Африка жануарларының түрлерімен ұқсас болған. Ал мұз басу дәуірінде жылы климатқа бейім жануарлардың кейбір түрлері қырылып, кейбіреулері жылы жаққа қоныс аударған. Олардың кейбір түрлері Алтайда сақталып қалып, қарақұйрық, марал, бұғы, қабан (доңыз) мұз дәуірінен кейін қайтадан дамып өскен. Негізінен, Алтайда солтүстіктен және оңтүстіктен, Жерорта теңізінен, Қытайдан ауып келген аңдар көбірек кездеседі. Олардың ішінде бұлғын, тиін, тоқал бұғы, қоңыр аю, тундра құры, тау ұларын атауға болады. Жерорта теңізінен ауысып, Алтайға жетпей, Тянь-Шань, Тарбағатай шекарасынан өтпей қалған андар қатарына Гималай ұлары, күшігенді, байғызды атауға болады. П. С. Паллас (1769-1770) өзінің Ертіс өзені бойымен жүргізген зерттеулерінде орманды дала, дала зоналарында бөкен, құлан, жабайы жылқы (тұрпан) көл маңында, құндыз кабан (доңыз), орман арасында бұлан марал, елік т.б жануарлардың көптеп жүргенін жазады. Тархан қимасынын палеофаунасын алғаш рет ғалым-саяхатшы П. А. Чихачев зерттеді. 1842 «Шығыс Алтайға саяхат» атты еңбегінде осы өңірдің табиғатын зерттеп, Кенді Алтайдың геологиялық және орогидрологиялық картасынын алғашқы нұсқасын құрастырды.
Алтайда жануарлар дүниесі ерте кезден қалыптасқанын әр жерден табылған мамонттың, мүйізтұмсықтың, буйволдың сүйектері дәлелдейді. И.М.Ренванц бұл сүйектер топан су басқанда Индиядан ағып келген деп есептейді. Ал, ғалымдар И.Лейбе мен Г.Спасский олардың Алтайда тіршілік еткендерін айтады. Ғылымда соңғы пікір дұрыс саналып жүр. Көнекөз қариялар Алтай шөбінің сілбі емес, құнарлы екенін ескеріп, бұл таудың топан су астында қалмағанын айтып отырады. XIX ғасырда бұл аймақты аралаған неміс ғалымы Алфред Брэм 300-ге жуық аң мен құсты зерттеп, өзінің «Жануарлар әлемі» атты көп томдық еңбегіне енгізген. Орыс саяхатшысы А. И. Седельников 270 шақты құстың түрін тауып, Омск мұражайына тапсырса, В. В. Сапожников сирек кездесетің аң түрлерін, шөптің әр түрін талдап, жазып отырған. Жануарлар дүниесі туралы мәліметтер Қазақстандық ғалым ономастар Ә. Әбдірахманов, Е. Қойшыбаев, Т.Жанұзақов, Ә. Нұрмагамбетов, В. Н. Попова, Е. Керімбаев, географ-ғалымдар Ғ. Қонкашпаев, К. Каймулдинова, А. Омарбекова, Ә. Аяпбекова және қырғыз топонимисі К. Конкобаев еңбектерінде кездесіп, лингвистикалық, экологиялық тұрғыдан талқыланып, жарыққа шыққанын айта кеткен жөн. Қазақстандық белгілі ғалым Р.Сәтімбеков топонимикалық әдістер арқылы кейбір жануарлардың (құлан, марал, бұлан, құндыз) Қазақстан аумағында кең таралғанына тоқталып, құланға қатысты 80-нен астам жер су аттарын анықтаған. В.А.Селевин Семейдің таспалы қарағай орманы (реликт) тайгамен өзара байланыста болып, ұштасып жатқанын, осыдан 150–200 жыл бұрын бұлан, марал, аюлар мекендеген деп жазады. А. В. Афанасьев Солтүстік және Орталық Қазақстанда жиі кездесетін арша, қарағай, қайың, қарағаш, тал т.б топонимдік компоненттер қылқанды және аралас орманның кең таралып, орманда өмір сүретін сүткоректілердің көп түрлілігін дәлелдейді деп жазады. Сонымен қандайда болмасын аумақтың топонимдерін қалыптастыруға ландшафтық ерекшеліктер және өсімдік дүниесімен қатар, осы аймақтағы жан-жануарлар, құстар, жәндіктер дүниесі әсер еткенін аңғарып, бұрынғы, қазіргі атаулары олардың таралу тарихын зерттеуге мүмкіндік туғызатыны анық. Шығыс Қазақстан аумағындағы географиялық атауларда жергілікті табиғат жағдайларын сипаттайтын деректер көптеп кездеседі. Мұндай атаулар өсімдік және жануарлар түрлері жөнінен құнды мәлімет береді. Алтайдың тау беткейлерінде қылқан жапырақты ормандар кең таралған. Оларда шырша, майқарағай, бал қарағай, самырсын, биік таулы белдеулерде дала зонасына тән өсімдіктер өседі. Қалба жатасында өскен қарағай, самырсын ормандары, Ертіс өзенінің бойындағы тоғайларға біртіндеп ауысады. Шығыс Қазақстан облысында 109 сүткоректілер, 373 құс, 22 бауырмен жорғалаушылар түрі, қос мекенділердің 5 түрі, балықтың 37, және жәндіктердің 15000 түрлері анықталды. Шығыс Қазақстан аумағында жануар атауларының(зооним) көптеп кездесуі, шаруашылықта алатын орнына байланысты оларды топтастыруға мүмкіндік береді ( 6-кесте).
Шығыс Қазақстан облысы аумағында зерттелген 686 зоотопоним атауы, барлық топонимдердің (20.000) 3,4 %-ын құрайтыны анықталды. Қазақстан картасындағы өзен-су және ежелгі мекен атаулары жабайы аңдардың атымен байланысты. Өйткені Қазақстанның ландшафтық өмірінде жануарлар дүниесі маңызды рөл атқарады. А. Н. Формозов жануарларға қатысты географиялық атаулардың Құндызды, Шошқакөл, Шошқалы, Майбұлақ, Майтабан, Құланды, Құланөтпес, Құлантау, Арқарлытау, Бұғылы, Маралтөбе, т.б. сияқты көптеген түрлерін көрсетеді және солтүстіктегі тоғайлы аймақтардың шөліне дейінгі қамысты көлдерде ертеректе шошқа (доңыз) мол болғандықтан, Қазақстандағы көлдердің көбі Шошқакөл, Шошқалы болып келетінін айтады (6-кесте).
6-кесте – Зоотопонимдерді түрлері бойынша топтастыру
Жануарлар түрлері
|
Саны
|
1 Дала жануарлары
|
252
|
2 Үй жануарлары
|
206
|
3 Құстар
|
116
|
4 Балықтар
|
23
|
5 Жәндіктер
|
89
|
Барлығы
|
686
|
Аталмыш жануарларға байланысты географиялық атаулар Қазақстанның шығысында көптеп кездеседі. Мысалы: арқар, бұғы, бұлан, құлан, сайғақ, таутеке, бөкен, киік, марал, аю, борсық, қоян, сусар, суыр, құндыз, доңыз т.б. дала жануарлар атаулары 252 географиялық нысандарда көрініс тапты. Жануарлар дүниесінің жиі кездесуі, жер беті жамылғысы, ландшафттық және климаттық фокторларға тікелей байланысты болады. Жергілікті жер ерекшеліктеріне байланысты болатын жылу мен ылғал қоры да үйлесім тапса, динамикалық тепе–теңдігін сақтап қалады да, биогенді құрамдас бөліктерін қалыптастырады. Зоотопонимдермен байланысты атауларға талдау жасау барысында бұл атаулардың табиғат қорғау мәселесіне қатысты маңызын айрықша атап өтуіміз қажет. Өйткені атаулар құрамында қандай да болмасын жануардың белгілі аумақта таралу ареалы жөнінде толық мәлімет алуға болады. Әсіресе қазіргі кезде сирек кездесетін немесе жойылып кеткен жануарлардың атаулары топонимдер құрамында сақталып қалуы мүмкін. Топонимдер құрамында жиі кездесетін жануар атауларын жабайы жануарлар, жәндік, құс және балықтар, сонымен қатар үй жануарлары деп екі топқа жіктеп, қарастыруды жөн көрдік. Бірінші топтағы атаулар жабайы жануарлардың таралу ареалын дәл бейнелесе, екінші топтағы атауларда ұқсату негізінде жасалған метафоралық немесе үй жануарларымен байланысты болған әлдебір оқиғаға қатысты атаулар басым болып келеді.
Шығыс Қазақстан облысы аумағында кездесетін 140-қа жуық зоотопонимдердің көпшілігін дала және үй жануарлары, құстар құрап отыр. Кейбір жануар атауларының славян, монғол (қалмақ) тілінен енгенін де анғаруға болады. Ғ. Қоңқашбаев бұлан, құлан, доңыз, жолбарыс, аю, құндыз т.б. жануарлардың таралу ареалдарын (бұрынғы) зерттеу арқылы, оларды қалпына келтіру мәселелеріне алғышарт жасады. Оның зерттеулерінде Шығыс Қазақстан аумағында мекендеген жануарлардың кейбір түрлері қарастырылған. Қазақстан жерінде Алтай тауының оңтүстігінде бір жерді Бұланды деп атайды. Өйткені Алтайда бұл жануар көп болған, мүмкін қазірде де кездесетін болар. Қалба тауының оңтүстік батыс жотасы (Жарма ауданы маңында) Қандығатай (1018 м) деп аталады. Қандығатай-моңғол тілінде «бұланды» деген сөз. Қалба маңында бұлан болды деген дерек бұрын кездеспеген. Ал мына атау осы тауларда бұланның болғандығын негіздейтін ақпарат көзі болып табылады. Өр Алтайдың топонимдерін зерттеген Б.Бияров Сахатушка гидронимін – көне орыс тілінен енген атау негізінде қарастырады.Орыстың әдеби тілінде Бұланды «лось» десе ,көне орыс тілінде «Сохатый» деп атаған.Өзеннің шағын көлеміне қарай,кішірейтілген мәнді жұрнақ жалғап,Сохатушка атауын берген. Қазақша «бұланшық» деген мағынаға саяды. Сохатушка қазақша дыбысталуында Сақатүшке, Сақатүскен болып өзгеріске ұшыраған.Бұл өзеннен бастау алатын шағын көл Бұланды деп аталады. Аумақта Большая Сохатушка, Верхняя Сохатушка өзен атаулары бар.
XVIII ғасырдың басында белгілі орыс тарихшысы және географы В.Н.Татищев Ертіс өзенінің сол жағында (Семей өңірі) Бұланай тау атауы болғанын айтады. Ф.И.Байков Қытайға жасаған саяхатында Аягөз өзенінің маңындағы Бұланды өзені жөнінде мәліметтер келтірген. Бұл аумақта Бұлансай, Бұлантай, Қандағатай қоныс атаулары болғанын жазады. Аталмыш топонимдер Семей өңірінде бұландардың болғандығын растайды. Бұланды өзен (Күрш.ауд.) (7 рет) Бұлансуықбұлақ қон., (Тарб.), Қандығатай тау (Зайс.) атаулары бар. Қазақстанда бұланға байланысты бірнеше географиялық атаулар бар. Орталық Қазақстанда Бұлансай-тау(287.4м), Бұланты өзен атаулары бұланның бұл жерде көп болуымен байланысты аталған. Бұланты өзені атауымен байланыстыра айтылатын тарихи оқиға Бұланты-Білеуті шайқасы (1727) қазақ халқына кеңінен таныс. Ақмола облысында Бұланды қарағай орман бекеті атауы бар. Қазіргі уақытта бұландарды «Ертіс орманы» МТОР, (Павлодар обл.), «Семей орманы» МТОР (ШҚО) аумағынан кездестіруге болады. Биік таулы, орман-тоғайы мол Алтайда аңның көптеген түрі өмір сүрген. Л. Н. Гумилев ҮІІ ғасырда Алтайда мекендеген төлеугіт, телес тайпалары аңшылықпен күн көретінін жазады. ХІХ ғасырдың басында Алтайды аралағын Н.И.Яблонский қазақтар аңды сауық, саят ретінде ермек етсе, қалмақтар күн көру үшін аулайтынын байқаған. Қалмақтар суырлы жерге от қойып түтінге тұншығып інінен шыққан суырларды құр қолмен ұстап алатынын жазады.
Аңшылықтың Алтай экологиясына тигізетін зиянын мәселе етіп көтерген. Аңшылық кәсіптен хабар беретін мынадай атаулар сақталған: Аюалған, Аюбасқан, Аюбаспа, Бөрітастаған, Бүркітұя, Киіктісай, Қақпанқұрған, Қарасуыр, Сәрсенбі тосқауыл, Сонар т.б. Мұндағы баспа – аюды жемтікпен алдап ұстайтынын ағаштан қиылған үй. Аю кіріп жемтікті тартқанда ауыр бөренелер басып қалады. Алтайлықтар аютартқы дейді. Аю - қазіргі уақытта Алтай мен Тарбағатайда кездеседі. В.А Селевиннің еңбектерінде Семейдің таспалы ормандарында аюдың болғандығы жөнінде мәліметтер келтірілген. Аюжайлаған, Аюкеткен, Аюлы (2), Аютас (2), (Катон-қар., Үржар, Ұлан) ороним атаулары бар. Медведка- тау, е.м., (Ұлан, Шемонайка), Павлодар облысындағы Аютөбе тауы (482.4 м), Большая Медведка қонысы атауына зер салсақ, тарихи деректерде Сарыарқаның кейбір жерінде аюдың болғаны айғақ, Көкшетау маңындағы Аюлы, Қарқаралы тауының оңтүстік батысында Аюшат атауы бұрын аюдың болғандығын дәлелдейді. Бұған қарағанда ертеде Тарбағатай, Сарыарқада аю көп таралған, аюдың біртұтас ареалы болғанына күмән жоқ деп жазады Ғ.Қоңқашбаев. Құлан Қазақстанда көп таралған аң. Ол биік таулы аудандардан басқа жерлердің бәрінде болған. Әсіресе құландардың ұзақ мекендеген жері Сарыарқа, Бетпақдала аймақтары. Сондықтан бұл аймақтарда құланға қатысты атаулар жиі ұшырайды. Олардың кейбіреулерін Құлансу көл, Құланөтпес өзен (Ақмола, Қарағанды обл.), Құлантөбе, Құланкескен, Құланжорға, Құландыбұлақ, Құланойнақ, Құланши көл, өзен (ШҚО) және т.б. атауға болады. Павлодар облысының шығысында, Ертістің оң жағында Құлынды даласы жатыр. Осы даланың аты, біздің пікірімізше құланмен тікелей байланысты деуге болады. Бұрын, ХҮІІІ ғасырда бұл аймақта құландар (П.С.Паллас) көп болған. Сарыарқада тұратын қазақтар Ертістен өтіп Құлынды даласында құлан аулайтын болған.
Ғ. Қонқашбаев Құлынды - даласы атауын Құландының Құлындыға өзгерген формасы деп топшылайды. Оның айғағы бұрын осы маңда құландар көп болған. Бұғы, марал атына байланысты атаулар Алтаймен Тарбағатайда баршылық. Алтайда Маралды өзен, Маралұшқан, Маралқашқан, Ақмарал (Парк) орысша Маралье, Мараленок, Маралиха (4 атау) деген және т.б. атаулар жиі кездеседі (қосымша Ә5). Семейдің Таспалы қарағай орманы (реликт) және Павлодар облысының ормандарында кездесетін (Ертіс орманы МТОР) Маралды қоныс, көл атаулары, олардың бұрын осы маңда болғандығын айғақтайды. Сонымен қатар Бұғыжыра өзені, Бөкенсор көлі, е.м., Киікқашқан, Киіксу (киіктер келіп су ішетін бастау), Сайғақ өзен, төбе, Үлкен Бөкен, Бұғылы (3 рет), Бесбұғы, Бұғымүйіз (3рет, Күршім, Катон-қар.,Аягөз) т.б. атаулар осы жерлерде жануарлардың мекендегеніне мол ақпарлар береді. Алтай таулары орналасқан өңірде маралға таутеке,арқарға қатысты топонимдер кездесіп отырады. Өйткені Алтайдағы ең сұлу, ірі ақ маралмен жазда тау құздарында, күзде тау қар жауа бастағанда төмендеп түсіп аршалы, бұталы өңірді мекендейтін таутеке сиқты табиғат еркелерінің мекендейтін жерлері жергілікті тұрғындардың назарынан тыс қалмай топонимдік атауларға айналып отыр. Таутеке, Таутекелі, Тазтекелі көл, тау (Катон – қар., Күршім) атаулары бар. Ал аймақтың Тарбағатай тауларымен жазықтарында суырға қатысты топонимдер тараған. Суырлы, Суырту моңғол тілінде «Суырлы тау» мәніндегі Тарбағатай тауларынан далалық шөптермен қоректенетін , терісі мен майы пайдалы кемірушілердің осы аймақты ежелден мекендеп келе жатқанын аңғаруға болады]. Балқаш көлінен солтүстікке қарай 130км жерде (Аягөз ауд) Арқарлы жотасы орналасқан. Бұл маңда Арқарлы тау шоқы, қоныс атаулары бар. «Арқары көп, арқарлар мекендейтін жерлер» мәніндегі атау.
Тарбағатай тауында Жақсы Арғанаты, Жаман Арғанаты деп аталатын тау сілемдері, Дегелең (Семей қ.ә.) тау, станса атаулары бар. Ә.Әбдірахмановтің пікірі бойынша атаудың түбірі «арғана» көне алтай заманында «арқар», «тау ешкі» ұғымын білдіріп, кейін моңғол тілінде «арғал», ал түркі тілдерінде « арқар» түріне көшсе керек. Сондықтан Арғанаты тау сілемдері арқар сөзімен байланысты болуы мүмкін. Дегелең ұсақ шоқылардан тұратын Дегелең тауын Ұзынбұлақ өзені екіге бөледі. Үлкен және Кіші Дегелең тауларының маңында кезінде атом бомбаларын жаратын сынақ орталығы болды. Е.Қойшыбаев бұл атауды «көне түркі: деге (теке) және иелең (қылан–қарау)» компонеттерінен құралған атау мағынасы: «теке қаптаған жер» - деп түсіндіреді.
Қазақстанның географиялық атауларында (шошқа, доңыз, қабан) түрінде атаулар (50-ге жуық) жиі кездеседі, Олардың көпшілігі көл атауларын сипаттайды, өйткені олар көлдерді мекендейді. Көл маңында жиі кездесетіндіктен Қабанкөл, Қабанкөл, е.м., көл атаулары қалыптасты. Қамысты құрақты көлдер мен өзендер маңында тіршілік ететін дала шошқалары әртүрлі климатқа бейімделген. Павлодар облысында 10-ға жуық шошқа атаулары гидрографиялық нысандарда көрініс тапты. Біздің зерттеулерімізде ШҚО-ның аумағында шошқалы, қабан атаулары (24 рет) кездеседі. Шошқалы (2 көл) қыстау (Бесқар. ауд), е.м., (Жарма ауд), тағы басқалар. Құндызды деген атаулар шығыста Алтай мен Тарбағатайда, Ертіс өзенінің албында жиі кедеседі. Қазақ құндыз деп өзендерді мекендейтін екі түрлі аңды айтады.Орыс тілінде оның бірін бобр, екіншісін выдра дейді. Қазіргі уақытта Қазақстанда аталмыш аңдар көп ауланғандықтан жойылып кеткен. Дегенмен, осы аңдардың ареалынан мол ақпарат беретін географиялық атаулар кездеседі. Бобровский затон, (Ертістің ағынсыз қолтығы), арал, Боброва көлі е.м., кемежай атаулары қалыптасып отыр. ШҚО аумағында бобр (17 атау), құндыз (4 атау), выдра (3 атау) негізінде қалыптасқан өзен-көл, елді мекен атаулары көптеп кездеседі. Олардың негізгі мекендейтін жері тоғайлы өзен, өйткені ағаштың қабығы және балықпен қоректенеді. Оларды зерттеу арқылы теориялық тұрғыда жануарлардың байырғы таралу ареалын, сол кездегі табиғат жағдайларын қалпына, (реконструкция жасауға) келтіруге болады .
Қазақстанға санын көбейту мақсатында әкелінген құндыздар өзен-көлдерге бейімделіп, қалпына келе бастады. ХХ ғасырдың 30-40-шы жылдары Солтүстік Америкадан әкелінген ондатра (су тышқан) Қазақстанның су нысандарында көндігіп кеткен. Қазақстанда құндыздарды қалпына келтіру мақсатында өте қолайлы экологиялық жағдайымен ерекшеленетін Марқакөл қорығы, Күршім, Қалжыр және Құндызды өзендерінің алабы жатады. ХІХ ғасырдың соңына дейін бұл аумақта табиғат жағдайларына байланысты құндыздар кең таралған еді. Алайда терісі қымбат болғандықтан көп аулап құртып жіберген. Топонимдердің жануарлар атымен аталуына олардың сол аймақта өте көп болуы себеп болатынын байқаймыз. Осы жөнінде А.Н.Формозов былай дейді: «Қазақтың географиялық атауларын зерттеудің мәні зор», өйткені мұндағы Құланды, Бұланды, Шошқалы, Құндызды, Маралды, Аққулы т.б. атаулар өткенді баяндап қоймайды, сонымен қатар елдің табиғатының тарихына, кейбір аймақтардың даму жолына талдау жасауға мүмкіндік береді. Аумақтарда славян тілінен басқа монғол (қалмақ) тілінен енген зоонимдер де ұшырасады. Алтуайт (монғ. туулай-қоян), Қалғұты (галуут-қоңыр қазды өзен), Қандағатай (қандага-бұлан), Тарбағатай (тарбаған-суыр), Шындағатай (чиндага-аққоян), Зеренді (зерен-киік) т.б. В. В. Сапожников Оңтүстік Алтайдың күнгейінде еліктің екі түрі кездесетінін жазады. Құйрығы қара елікті монғолдар «Хар сюльте» деп атайды да, екіншісін «Зерен» дейді.
Қазақстанның солтүстік-шығыс, шығыс өңірлерінің топонимдерін қалыптастыруға ландшафтық ерекшеліктер және өсімдік жамылғысымен қатар осы аймақтардағы жан-жануарлар, құстар, жәндіктер әлемі де әсер еткен. Оған төмендегі географиялық атаулар: Арқарлы,Борсықты,Бұлғынды, Қасқырлы, Қарғалы, Қоянды,Күзенді, Жыланды, Суырлы, Сусарлы, Тағанды, Таутекелі, Шыбынды, Үкілі (3 рет), Ұялы т.б. мысал бола алады. Жылан атауы көбінесе өзен, тау, төбе, шоқы, бұлақ, сай аттарына тән. Көбінесе оронимдерде жиі кездеседі. Алтай, Тарбағатай, Қалба, Шыңғыстау мен Баянаулада жыландардың ордасын кездестіруге болады. Ескі діни нанымдар арқылы тұрғындар қасиет тұтып, жыландарға тимеген.
Жыланды топонимдері маңында түсті металдардың болатын кезінде академик Қ.И. Сәтбаев топонимикалық әдістерді пайдаланып дәлелдеген. Жыланды (16 рет), Жыландыбұлақ, Жыландықақ, Қарасу Жыланды арал атаулары бар.Жәндіктерге байланысты Шыбынды (21 рет), Үлкен Шыбынды, Кіші Шыбынды, Масалы, Масашат тау, қоныс,көл атаулары бар. Өзен-көл атауымен Құрттыөзек өзен, Қарасу Құртты, Құрттысу, Құрттыкөл зоотопонимдері аумақтардың табиғат жағдайларында көрініс тапты. Зоотопонимдерге көңіл қою барысында, қазақ халқының саятшылық, құсбегілік, аң, балық аулау кәсіп өнерлерімен тікелей байланыстылығын аңғаруға болады. Қазақтың ғұлама ғалымы, академик Ә.Марғұлан саятшылық жөнінде былай жазған: Саятшылдықтың, әсіресе, қазақ халқының тарихында, мәдени дамуында маңызы зор болғаны белгілі. Қазақ тілінде осы саятшылыққа байланысты туған мың жарымдай сөз бар, олар қазір де небір тарихи жазбаларда, көркем әдебиетте қолданылады.
Қазақ халқының өмірінде саятшылық өнері ХХ ғасырдың басына дейін өз орнын алып келген, өнерлердің айнымас ізі деп есептеуге келетін зоотопонимиялық атауларға: Аққу (аудан орталығы) Аққуатқан, Қуатқат, Ақшәулі, Бүркітұя, Бүркітауыл, Құсқонар, Сұңқарұя, Ұларлы, Құрдың ойнағы, Сарыалақаз сазы Текеатқан, Қасқыраунаған, Құстыкөл, Бөденелі, Дуадақ, Аюқашқан, Күзен асуы, Борсық іні, Балықтыкөл, Шабақты, Шортанды т.б. жатқызуға болады. Зоонимдермен байланысты атауларға талдай жасау барысында бұл атаулардың табиғат қорғау мәселесіне қатысты маңызын айрықша тап өтуіміз қажет. Өйткені атаулар құрамында белгілі бір жануарлардың таралу ареалы жөнінде мәлімет кездеседі. Әсіресе қазіргі кезде сирек кездесетін немесе тіпті жойылып кеткен жануарлардың атаулары топонимдер құрамында сақталып қалуы мүмкін. Оларды зерттеу арқылы теориялық тұрғыда жануарлардың байырғы таралу ареалын, сол кездегі табиғат жағдайларын қалпына келтіруге болады. Бұл деректер жануарларды қайта жерсіндіру, қорықтар ұйымдастыру ісінде пайдаланылып, оң нәтижелер беруі мүмкін. Біз зерттеулерімізде облыс аумағында кездесетін 686 зоотопонимдердің 36,7 %-ын дала жануарлары, 30,02 %-ын үй жануарлары, 16,9 %-ын құстар, 3,3 %-ын балықтар, 12,9 %-ын жәндіктер құрайтыны анықталды. Бұл топонимиялық деректер жануарларды қайта жерсіндіру, қорықтар ұйымдастыру ісінде пайдаланып, болашақта оң нәтижелер беруі мүмкін демекпіз. Сонымен қатар зерттеу барысында топонимдердің қалыптасуының палеоэкологиялық геоэкологиялық негіздеріне талдау жасау тарихында топонимдердің белгілі бір ланшафтарға (табиғат зонасы) шоғырлану заңдылығы бар екенділігі анықталды.
Достарыңызбен бөлісу: |