Тақырыбы: «Қазақ хандығы дәуіріндегі ханымдар»


Қазақ ханымдарының әлеуметтік және саяси өмірдегі орны



бет6/9
Дата09.11.2023
өлшемі59.62 Kb.
#482826
1   2   3   4   5   6   7   8   9
zhoba-2

Қазақ ханымдарының әлеуметтік және саяси өмірдегі орны


Еуразия тарихындағы төре билігіне қатысты ауызша жəне жазбаша деректерде ханымдардың ерекше орыны атап көрсетіледі. Бұл əсіресе Алтын орда (Ұлығ ұлыс) кезеңіне қатысты тарихи құжаттарда орын алады. Көшпелілердің соңғы империясының билеушілері өткізген саяси кеңестер мен ресми құжаттардың жазылуына қашанда ханымдардың қатысы барлығы деректерден айқындалады. Сол сияқты XVIII ғ. қазақ тарихына қатысты құжаттардың көбi қара халықтан гөрi төре тұқымының, яғни хандар мен сұлтандар өмiрiне қатысты мəлiметтердi көбiрек бередi. Бұл əрине Ресей мен Қазақ Ордасының, немесе Қытай мен Қазақ Ордасының арасындағы қарым-қатынаста қазақ елiмен түбегейлi жақындық, зерттеу, бiлу емес, саяси аңдысудың, тамыр басудың үстем жүргендiгiнiң көрiнiсi. 1731 жылы бодандық туралы алғашқы қабылданған құжаттарда «Император қамқорлығынан ада қалмайық, жауларымыздан қауiп күтпейiк» деген сияқты тиянақты пiкiрлермен қоса Әбiлқайыр бəйбiшесi Бопай қолын кездестiремiз. Ресейдiң императрицасына Бопай ханым өз атынан 10 түлкi терiсiн сыйға тартқан. Әз Тəуке, Әбiлмəмбет пен Абылай хандарға байланысты жазылған көптеген архив құжаттарында ешқашан əйел атын кездестiрмесек те, Әбiлқайыр маңындағы оқиғалардан Бопай ханымның белсендi əрекеттерi көрiнiп тұрады. Соның iшiнде Қ.Тевкелевтi қарсы алу, қарсы жақпен күрес, ел кеңестерi бəрi де бар. Көптеген қатынас қағаздардан Бопай ханымның Қ.Тевкелевке қазақ мəселесiн талдап жеткiзiп отырғанын байқаймыз. Бопай ханым елшiнi қайынаға деп атауы да өтiмдiлiктiң белгiсi болса керек. 1740 жылы Бопай ханым Ресей астанасына барып Анна патшаға жолықпақ ниетте болды. Бұл тақырыпта құпия кеңесшi Қ.Тевкелевтiң үкiметке жазған хабарламасы бар. Атақты Ор кездесуiнде генерал- лейтенант В.Урусов Нұралы мен Ералы сұлтандардан ханымның қай уақытта астанаға бармақ ойы бар екенiн бiлiп жəне Орынбор үкiметiнiң өз тарапынан қосымша дайындық жасап жатқанын хабар еттi. 1740 жылы қыста бұл келiсiм өз жалғасын таба қойған жоқ, сонымен Бопай ханымның нақты жоспары iске аспады деп жобалауға болады. 1748 жылы Бопай ханымды хан ордасындағы қабырғалы кеңестен көремiз. Ханым ел басшыларының бетiне Кiшi жүз бен Ресей арасындағы ренiш алдымен елдiң бəтуəсiз мiнезiнен, ханды қəдiрлей бiлмейтiн қасиетiнен, хан тiлiн алмайтын, өз бетiмен жайылып жүретiн тұрақсыздығынан деп қатты екпiнмен айтады. «Ресейге бодандықтың арқасында ел аздап болса да тыныштық көре бастады, iргеде найзасын төсеп тұрған жау жоқ, қаласы салынып, саудасы жүрiп тұр. Хан болса осы қазақтың амандығы үшiн деп баласын орысқа аманатқа бердi, кiм бауырындығы баласын қиып бөтен жұртқа бередi» деп қазақты қатты сөгiп, бiр жағы ақыл айтып, бiр жеңнен қол, бiр жағадан бас шығару керектiгiн басалқы сөзбен бiлдiрдi [1,]. Қазақ хандарының шежіре деректерінде тектілік мəселесі ерекше орын алады. Оның бір мысалы Есім хан мен Тұрсын ханның заманында жаугершілікте қолға түскен қыздардың тағдыры туралы аңыз əңгімелер. Шəкəрім Құдайбердіұлы «біздің аналарымыз Қатаған ханы хан Тұрсынның қызы екен» дейді. Есім хан Қатағанды шапқанда, хан Тұрсынды өлтіргенде қырық қыз олжаға түскен. Мəшһүр Жүсіп Көпейұлы ол қыздардың олртасында екеуі ғана Тұрсын ханның қызы еді дейді: «біреуін Еңсегей бойлы Ер Есімнің өзі олжаға алып, біреуін «Сары жетім Шақшақ» атанған Шақшақ батыр олжалап алып, баласы Қошқар батырға қосқан. Онан туған Өр Жəнібек. Дəулетбике деген қызды Алтай-Тоқаның Тоқасы алған. Ол қыздан туған балалардың аты – Айыт, Қожабарған, Сатыпалды. Нұрбике деген қызды Шаншар тоқалдыққа алған. Мұнан туған балалардың аты: Тілеуке, Бертіс. Оразбике, Қоңырбике деген екі қыздың біреуін Бөйбөрі алған. Онан туған балалардың аты Қойке. Жəне Байбөрінің Қырырəлі, Кедей деген балалары болған. «Қыдырəлі, Кедейміз, Қойке келсе не дейміз?» деседі екен. Бұл екеуі Қойкемен бір туыса ма, жоқ, енелері басқа ма, ол жерін айырып біле алмадым». Тұрсын ханның қыздары туралы Есім заманындағы тарихы əңгімлердің көпшілігінде бар. Мəшһүр қолға түскен қыздардың ішінде тек екеуі ғана Тұрсын ханның қыздары еді дейді. Осы ханшалардың жанында жүрген өзге қыздарды жорыққа қатысқан батырлар мен билер бөліп алған. Есім хан мен Тұрсын хан арасындағы жаугершілікті баяндаған шежіренің толық нұсқасында Мəшһүр қазақтың көне атауларын жиі қолданып, мəтіннің соңына қарай мынадай анықтама береді: «Бұрыңғы заманда «хан», «хан ием», «ханым», «ханша» делінуші еді. Бұл заманда қоян көрсе қорқатытындарды «батыр», «хан» дейтұғын болды. Шүберек қылып кигізіп «ханым» делінеді. Мес мойынды қыздарды «ханша» дейтұғын болды. Ешкіні апа, текені жезде дейтұғын заман болды. «Бике», «Бикеш» -бұрыңғының қыздарына айтылатұғын тілі. Бұл зманда «би», «биеке», «бибі» атына қалды. Өз үйіндегі аты сол болса, бір жерге келген соң «келін», «келіншек» атымен жүреді. Оң жақта «күйеу», үйге келіп орнаған соң «байы» делінетұғын болды. Оң жақта «қалыңдық» аты, үйге келген соң «қатын» атанады» [2]. Ел ынтымағы туралы сөз болғанда «Абылай аспас арқаның Сарыбелi» деген əңгiме еске түседi. М.Ж.Көпейұлының айтуынша Абылай хан бiр өкпе кекке байланысты қаракесектен Жанай, төртуылдан Ботақан деген адамдарды ұстатып «екеуiн де көрге тiрiдей салғызып, үйiне келедi. Ханымы айтты: Төре, көп кешiгiп қалдыңыз, қайдан келдiңiз? дейдi. Сонда Абылай – Ботақанды тiрiдей көрге салдырып келдiм, – дейдi. Ханымы сонда айтты дейдi: – Бұл Орта жүзден бiзге дəм бұйырмаған екен. Шығарыңыз көрден Ботақан мен Жанайды» деп [2, 9 т, 55]. Қазақтың тарихи шежiресiнен алынып отырған бұл оқиға елдiң iшкi шаруасына ханымдары араласатындығын көрсетедi. Оған негiзгi себептiң өзi беделдi деген хандардың қолдау iздеп күштi рулардан, елдерден əйел алуы. Ш.Уəлиханов Абылайдың 12 əйел алғанын, олардың қай екенiн анықтай жазады. «Ханның бiрiншi əйелi – төре қызы, екiншiсi – қарақалпақ, үшiншiсi – қашқарлық, төртiншiсi – қожа, бесiншi – алтыншы əйелдерi қалмақ нояндарының қыздары, жетiншiсi – қырғыз, қалған бесеуi түгел қалмақ елiнен». Шежiре бойынша Абылай ханның артында 30 ұл, 40 қыз қалды. Қазақ төрелерiнiң iшiнде осы шамалы ұрпақ қалдырған адамдар аз емес, мысалы Кіші жүзде Әбілқайыр баласы Нұралы ханның бала-шағасының саны одан да көбірек, тек Абылай сияқты əйелдiң бəрiн сырттан алғаны сирек. Бопай ханымның да, Абылайдың ханымының да ел билiгiне араласуы тек өз бастарының асыл қасиеттерiне ғана байланысты емес. Көшпелi патриархалды қоғамда əйел ер адамнан төмен тұрады. Мұның ең сенiмдi дəлелi əдет-ғұрып заңдары, соның iшiнде құнға байланысты ережелер. Егер ер адамның құны 100 жылқы болып бағаланса, əйел адамдiкi 50 жылқы. Қазақ əйелi əлеуметтiк белсендi орынға ие болуы оның отбасындағы статусына байланысты. Негiзгi шарт ұлдарының болуы. Бопай ханымның ұлдары: Нұралы, Ералы, Қожақмет, Айшуақ, Әдiл Кiшi жүзде хан билiгiн жалғастырған мұрагерлер. Олай болмағанда капитан Н.Рычков «қазақтар ылғи да Хан əйелдерiне аз iлтипат көрсетедi, əсiресе бiрдеңеге ашуланып тұрған сəтiнде ханымдардың көзiнше балағат сөздер айтып, ұратын адамдарына қол жұмсай бередi. Нұралының ханымы бiр қалмақтың қызына ара түсем деп кейiннен қазақтарға айып төлеген», – деп жазады.
Қазақ хандарына қатысты айтыла кетер тағы бiр жайт олардың эндогамды некелік тəртiбi. Төрелер мен қожалар негізінен жабық қауым құрады. Сол себептен жəне саяси қалыптасқан қарым- қатынастар тəртiбiне, мұддеге орайлас неке түзу өз iштерiнде. 1730 жылдан бастап Кiшi жүздегi шиеленiскен бақталастықтың ортасында жұрген Әбiлқайыр мен Қайып балалары тығыз неке арластығында. Батыр сұлтан Әбiлқайырдың қарындасына үйленген, Батырдың баласы Қарабас сұлтан ол да Әбiлқайырға күйеу бала, Батырдың тағы бiр баласы Бөрi сұлтан (ол қарақалпақ қолынан 1763 жылы қаза тапқан) Абылайдың қызын алған. Батырдың Хиуда хан болатын Қайып деген баласы Қырық сан Барақ сұлтанның қызын алған, Барақтың туысы Көшек хан Нұралы ханның қайын атасы болса, Орта жүздiң белгiлi сұлтаны əбiлпейiз Нұралы ханға күйеу бала, Айшуақ сұлтанның əйелi Батырдың кiшi қызы, 1761 жылы үйленген. Соныменен қазақтың сұлтандары бiр-бiрiне туыс. Төрелердiң iшiнде жетi атаға толғанша үйленбейтiн қазақ салты жоқ. Қазақ отбасындағы əйел жағдайы тым төмен, қадiрсiз деп суреттеу үстiрт болмақ. Әрине, қазақ əйелi тұрмыстың негiзгi ауыртпалығын, шаруаның көбiн атқарады. Фальк XVIII ғасырдағы қазақ əйелi туралы «күнделiктi бала күту, тамақ пiсiру, кiр жуудан басқа, отын жинау, ағаш, қамыс, қараған, тезек, жапа, т.б. жұн тұтiп, иiру, тоқу, кигiз басу т.б. терiнi илеу, бояу, кигiз үйдiң туырлығын, үзiгiн басу, жылқыны, түйенi, сиырды, қойды сауу, iрiмшiк, май, қымыз дайындау, сiңiрден тарамыс, терiден ыдыс – торсық пен саба тiгу, ел көшкенде үй жығып, қайта құру, сабын қайнату т.б. толып жатқан шаруа əйел мойынында» деп жазады [4, ]. Сонымен бiрге əйелдер арасында тек қана үй шаруашылығымен қатар сиректе болса əр түрлi қоғамдық шаруаларға ат салысу əдетi бар. 1740 жылы Ор кездесуiне қазақ əйелдерi де қатысқан. Соның бiрi Орта жүздiң өкiлдерiмен келген ана. Ол В.Урусовқа жолығып өзiнiң Едiл қалмақтарының қолында жатқан ұлын босатуды сұрайды. Бəйбiше ұлын тезiрек босата ма деп айырбасқа бiр қалмақты ала келген. Ананың бел буып сондай iрi мəжiлiске баруы қазақ көшпелi қоғамында əйел адамның əлеумет iсiне араласу мүмкiндiгiн көрсетсе керек. Көшпелiлер арасынан, соның iшiнде билеушiлер тарапынан неке қарым-қатынастары əр түрлi болатынын бiлемiз. Неке, соның iшiнде сұйек жаңғырту т.б. алдыменен əлеуметтiк байланыс шарты, одақ кепiлi, саяси қадам. 1730 жылы Хиуада хандық құрған Елбарыс қазақ төрелерiнен, оның қызы Ералы сұлтанға айттырылған. 1740 жылы Нəдiр шаh Елбарысты өлтiрген уақытта оның от басы тұтас парсы қолына тұстi. 1732 жылы көктемiнде Әбiлқайыр Арал ханы Шатемiрге немере туысының қызын ұзатты. Оны Нұралы апарып салып, аралдықтармен бiрге Хиуаға қарсы соғыспақ болып келдi. Яғни, отбасынан туындайтын қарым-қатынастар кейде ел мен елдiң арасындағы дəнекер, немесе арасын ашатын құрал.




Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8   9




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет