ІІІ. Қорытынды
Біз – өткенді қадірлеген, жаңаны байыптаған, болашақты бағдарлаған елміз. Сол себепті Қазақ хандығы тұсындағы мемлекетшілдік ой-сананы, отансүйгіштік қасиетті, жоғары адамгершілік парасатты өрістеткен, ұрпағына сіңірген аналарды тарихи еңбегіне əділ баға беруге тиіспіз. Бұл – əрі елдік құндылықты қадірлеу, əрі сабақтастықты сақтау болмақ. Біз елдік түсініктегі əйел-ананың болмыс-бітімін, оның ел басқару ісіне қатысты түсінік-пайымын, ұрпақ тəрбиелеудегі таным-білігін қайта қарамаймыз. Өйткені, ол – бас-аяғы жүйелі, ғасырлар бойы қалыптасқан айрықша төлтума дүниетаным кешені. Оның иесі – халық, киесі де – халық. Бұл байырғы өркениетімізде əйелдің əлеуметтік мəртебесінің биік болғандығын, арулардың айрықша құрметтелгенін дəлелдейді. Қазақстан Республикасы – бүгінгі таңда Орталық Азия аясында əйел проблемаларын елеулі нəтижемен шешіп келе жатқан табысты мемлекет. Әлем бізге осындай баға береді. Біз, əлбетте, бұған тоқмейілсінбей əлі де көп жұмыс атқаруға тиіспіз. Бүгінгі халқымыздың 52 %-ы – əйелдер.. Бүгінде Елбасымыз əйел заты маңызды мемлекеттік жəне саяси шешімдерді қабылдауды болжайтын биліктің барлық деңгейлерінде жүру қажеттігін қадап айтып отыр. Қоғам өмірінде əйелдер қызметтің жаңа аясын жəне мүмкіндігін ашуға себепші екенін мақтанышпен айтамыз. Біз заман ағымына сай, елдің инновациялық бағдарламаларының шеңберінде əйел кəсіпкерлерді, саяси көшбасшыларды, қоғам қайраткерлерін ірі кəсіпорындар басшыларын жиі кездестіреміз. Бұл үрдіс, əрине, ең алдымен ел тəуелсіздігін нығайтуға қызмет етпек. Бұл – заман талабы. Бүгінгі құндылықтың ең маңыздысы – қоғамдық тəрбие. Қазақ анасы өз қызын отбасы құруға, шаңырағының ұйтқысы болуға, отбасы мен қоғам берекесін қатар сақтауға, амандық пен табысқа жауапты етуге бала күнінен баулуы тиіс. Бұл жерде жеке үлгі маңызды. Үлкенге сəлемдесу, орын ұсыну, жол беру, кимелеп баса көктеп өтпеу, қонақтың атын байлатып, есік ашып, төрге шығарып, жақсы қабақпен қарсы алып, орнымен шығарып салу, ағайынға, жетім- жесірлерге, мүгедектерге, жора-жолдастарға қайырымды болу сияқты ата салт-дəстүріміздің бірде-бірі ескірген жоқ. Бұлар – ешеқашан ескірмейтін құндылықтарымыз. Дəстүрлі қоғамымызда адамнан адам əрқашан дəметіп тұратын табиғи-мінез-құлықтың бəрі адамшылыққа негізделген Біз оны хандық дəуір деп аталатын – XV-XVIII ғасырлардағы тарихымыздан анық байқаймыз. 2015 жылы 550 жылдығын атап өтіп отырған Қазақ елінің тарихында Керей мен Жəнібек хандардың ұлттық сипаттағы қазақ мемлекетінің шаңырағын көтеруімен жаңа белес басталады. Үш жарым ғасырдан астам уақытқа созылған хандық дəуірде ел есінде небір аяулы аналарымыз бен əжелелеріміздің есімдері мəңгіге сақталып қалды. «Қазақ әйелдері тарихи және қазіргі заман тақырыбында » жазылған зерттеу жұмысымды қорытындылай келе мынадай ұсыныстар ұсынамын:
Достарыңызбен бөлісу: |