Ұлттық сананың қалыптасуына және оның дамуына екі тұрғыдан қарауға болады: біріншісі-сезімдік, түйсіктік, екіншісі-саналы теориялық. Біріншісі өз елін, халқын, ұлтын сыйлайтын, сүйетін алғашқы ыстық сезімнен туса, екіншісі өз елінің, халқының, ұлтының өткенін, қазіргісін, келешегін толық біліп, тексеріп, халық тағдырына, ұлт мәселелеріне мемлекеттік, елдік, тіпті дүние жүзілік тұрғыдан теориялық ұлттық бағыт-бағдарлама тұрғысынан қарап, аңғару арқылы болатын саналы ойдан туады. Ал, ұлттық сананың жасаушысы, қолдаушысы, қорғаушысы, сақтаушысы әрқашанда ұлттық интеллигенция, ұлттық зиялы қауым.
Ұлттық сананың ең негізгі белгісі - әр ұлттың өзін-өзі танып білуі, өзін өзге ұлттардан айыра білуі, ұлттық мақсаттар мен мүдделерді іске асыру үшін күресу, ұлттық мақсаттар мен мүдделерді бүкіл адамзаттың мақсаттары мен мүдделеріне ұштастыра білу. Өз ұлтының жетімсіздер, мешеулеу жағымен күресе отырып, ілгері дамыған ұлттардың жақсы, жағымды жақтарынан үйрену, дүние жүзілік гуманистік санаға жету
В.Бромлей ұлттық сана-сезім - «адамның өзінің осы ұлттың өкілі екендігін, ұлт мүддесі мен құндылықтарын және басқа ұлттарға көзқарасын сезініп-түсіну, бір сөзбен өзінің кешенді ұлттық ұғымын калыптастыру» деп білгірлікпен атаған .
Біздің ойымызша, ұлттық сананы қалыптастырып қана қоймай, оны заман ағымына сай жетілдіріп отыру бүгінде басқа басқа, дәл біздің халық үшін аса көкейкесті болып отыр. Ұлтты тәрбиелеу, ұлттық сананы қалыптастыру өте нәзік дүние. Оны күштеп істеу мүмкін емес. Сондықтан, бағдарлама аясында аса ауқымды жұмыстар атқарылып жатқан тұста мәдени мұраларымызды насихаттап, ондағы идеяларды жастардың санасына терең сіңіру жұмысы уақытында әрі жоғары сапада жасалуы тиіс. Түйіндеп айтқанда, «қолымызды мезгілінде дөп сермеуіміз керек». Өйткені мемлекеттің болашағы өсіп келе жатқан жас буынның, жастардың қолында. Оған ешкімнің таласы жоқ. Олай болса, енді бір бес-он жылдан кейін шешуші мемлекеттік құрылымдардың тізгінін ұстайтын азаматтардың төл тарихы мен мәдениетін тұмардай қастерлеп, әдебиетін әспеттеуі бүгінгі тәрбиенің, бүгін қалыптасып жатқан ұлттық сананың деңгейімен тығыз байланысты болмақ. Ал ақпараттың ағыны артқан заманда қазақ жастарының ұлттық санасы қалай қалыптасып жатыр, қандай бағытқа бет алуда деген сұрақ қоғамды алаңдатуда.
Бұл бүгінгі күні санамызды өзге ұлттың, соның ішінде батыстың ықпалы артып тұрған тұста зиялы қауымнан бастап, қарапайым әрбір азаматты ойландыруы тиіс. Бұл жерде әрине ол еңбектердің таралымын мейлінше көбейтіп, еліміздің барлық өңірлеріндегі кез-келген кітапханалардан табылуына, ол кітаптарға студент жастардың қол жеткізуін жеңілдетуге жағдай жасау қажет. Қазақтың әрбір баласы ата-бабаларының кім болғандығын, қандай жолдармен жүріп өткендігін мейлінше терең танып-білгені жөн. Бүгінде «Мәдени мұра» бағдарламасын насихатайтын электрондық кітапхананың жұмыс істей бастағанын білеміз [40]. Олардың барлығы жастар тәрбиесіне оң ықпалын тигізері анық. Соңғы кездері жастардың ұлттық санасынының қалыптасуына мәдени, ұлттық құндылықтардың тигізер әсерін жандандыру керектігі күн тәртібінен түспей отыр. Ол уақыт талабы. Бұл жайында ғылыми еңбектерге талдау жасай отырып, жастар тәрбиесіндегі мәдени құндылықтары деп төмендегілерді айтуға болады:
1. Жетілген адам, яғни «Сегіз қырлы, бір сырлы адам» тәрбиелеу.
2. Отанды, халқын, жерін,елін сүю. «Атаның ұлы емес, халықтың ұлын» тәрбиелеу.
3. Адал, арлы азамат тәрбиелеу, яғни «Малым жанымның садағасы, жаным арымның садағасы».
4. Жеті атасын білуге тәрбиелеу. «Жеті атасын білмеген жетесіз».
5. Отбасы шежіресі және мұрагерлік (туыстық қарым-қатынас, үш жұрт, отбасындағы кенже ұлдың ерекше рөлі). Ата-баба дәстүрін жалғастыру.
Оқу мен тәрбие егіз. Оны бір-бірінен бөліп қарауға болмайды. Тәрбиенің өзі күнделікті сабақтың әрбір кезінде-ақ оқушы бойына сіңе бастайды [41.30].
Елімізде ұлттық сананы қалыптастыруда бұқаралық ақпарат құралдарының (БАҚ) маңызы ерекше. Жаңа қазақстандық қоғамда жастардың теледидар мен радионы еркін пайдалануға мүмкіндік мол.
Радио мен телеарналарда біраз ұлттық болмысымызға сай бағдарламалардың жүргізілуін үлкен игілікті істің бастауы деп санауға болады. Мәселен: «Мың бір мақал, жүз бір жұмбақ», «Алтыбақан», «Ақсүйек», «Шаңырақ», «Бастаңғы», «Айтыс», т.б. бағдарламалардың тәлім-тәрбиелік құндылығы өте зор. Сонымен қатар, бала тәрбиесінде өзіміздің ұлттық дәстүрімізде жасалған мультфильмдердің, кітаптар мен бейнетаспа үлгілерінің атқарар рөлі де ерекше деп білеміз.
Өскелең ұрпақ білім мен ұлттық тәрбие негіздерін өзінің ұлттық мектебінен алатыны сөзсіз. «Ұяда не көрсең, ұшқанда соны аласың» демекші, ата дәстүріміздің қалыптаса беруіне отбасы тәрбиесінің ықпалы зор. Әйтседе, күнделікті тірлікте ортақ тәрбие құралы – бұқаралық ақпарат құралдарын баса пайдаланып келеміз.
Қазақтың айтулы қоғам қайраткері Мұстафа Шоқай кезінде былай деген: «Ұлттық мәдениеттен жұрдай рухта тәрбиеленген ұрпақтан халқымыздың қажеті мен мүддесін жоқтайтын пайдалы азамат шықпайды» .
Елдің туын көтеріп, тәуелсіздік талаптарын орындау ісіне батыл бетбұрыс жасаған бүгінгі таңда адамзатттық игіліктерді, халқымыздың ғасырлар бойы армандаған мәдени-рухани мұрағаттары мен ұлттық тәлім-тәрбие саласындағы, білім жүйесіндегі ізденістерін көрсету арқылы жастардың бойында ұлттық сананы қалыптастыру басты міндетіміз болып қала бермек.
Ұлттық тәрбиеге негізделген ұлттық сана – біздің ұрпақтан-ұрпаққа жеткізетін асыл қазынамыз. Ал мұндай мәселелерді зерттеп, көпшіліктің ой-пікірлерін жас ұрпаққа жеткізетін негізгі құрал – бұқаралық ақпарат құралдары екені даусыз.
Өмірден қымбат нәрсе бар ма адамда,
Орындыға жұмсасаң өлмес дәрі.
Қасиетін өмірдің білу керек,
Басында ми бар болса, бетінде ары, - деп Шәкәрім ақын жырлағандай, біздің жастарымыздың өз өмірлерін бос өткізбей, білімге жұмсауды, артында өшпейтін із қалдырып, ұлттық болмысымызды, мүддемізді, намысымызды сақтап қалуға ұмтылуына көмектесуіміз керек. [43.76]. Біздің ұлттық өнеріміздің, мәдениетіміз бен дәстүрлеріміздің алдыңғы қатарлы үлгілерін, тіліміздің орасан зор байлығын жас жеткіншектердің жан дүниесіне сіңіріп, сол арқылы әлемдік рухани өркениеттің өріне шығып, нәр алу – ұлттық сананы қалыптастырудың қайнар көзі болмақ. Ата-бабаларымыздың сан ғасырлар бойы ұрпағына азық болған ақыл-кеңес, өсиеттері, асыл мұрасы ұлттых рух, ұлттық мақтаныш, ұлттық намыс, ана тілі мен ұлттық мәдениетін қалыптастыру сезімін ояту – баршамыздың парызымыз. Сонда ғана ұлттық сана-сезімі толыққанды жетілген, туған тілін еркін білетін, ұлттық сипаты мен ұлттық рухын жоғалтпаған ұрпақ тәрбиелей аламыз
Сонымен қорытындай келе, осындай халқымыздың маңдайына біткен ұлттық құндылықтарымызды, сонау өткен ғасырлардан өшпес мұра болып қалыптасып келе жатқан дархан халқымыздың таратқан үлгі насихаты асыл мұраларымызды өздеріңіздің талмай, қажымай еткен еңбектеріңіздің арқасында дарынды да тәрбиелі оқушылардың бойына сіңіріп, ұлттық мәдениетімізді әлемдік деңгейдегі мәдениетке жеткізіп сақтауға деген патриоттық сезімді қалыптастыруға бір кісідей атсалысу қажет. Ендігі кезекте ұлттық сананы құрайтын компоненттерге тоқталсақ.
Ұлт толыққанды ұлт болып қалыптасып дамуы үшін оның ұлттық санасы, ұлттық құндылығы және ұлттық мүддесі болуы керек. Олай болса бүгінгі күні қазақтар өздерінің саяси тәуелсіздігін алып, егеменді ел болғаннан бері, өткен жиырма жылдың ішінде ұлттық санасын қалыптастырып, ұлттық құндылықтарын қадірлеп, ұлттық мүддесін қорғауда қандай жетістіктерге қол жеткізгенін білу үшін біз әуелі ұлттық сана, ұлттық құндылық, ұлттық мүдде деген сөздердің мағынасына талдау жасап, оның ұғымына түсінік беруіміз керек.
Кесте - 1. С.Пірәлиев бойынша ұлттық сананың құрамдас бөліктері
Ұлттық сана дегеніміз сол ұлтты құрайтын халықтың әр адамының жеке тұрмыс-тіршілігінің сыртында өз ұлтының мүддесін, халқының тағдырын, ұрпағының болашағын ойлау қабілетінің ұлттық деңгейге көтеріліп, жалпы қоғамға тән ортақ сипатқа ие болған ұжымдық түрі, яғни ұжымдық сана.
Ұлттық сана абстракты ұғым емес, ол ұлт тірлігінің тұрмыстық көрінісі, былайша айтқанда, сол ұлтты құрайтын халықтың бүкіл ғұмырнамасының, әдет-ғұрпының, салт-дәстүрінің, әдебиеті мен мәдениетінің, өнерінің, тұрмыс-тіршілігінің тарихын білу дәрежесі, яғни халықтың өзін өзі жете танып, түсінуі. Ұлттық сана ұлттық дүниетанымға негізделеді. Ал ұлттық дүниетаным дұрыс таным-түсінік арқылы өріс жайып, ұлттық дәстүр арқылы өз болмысын танытады.
Өз ұлтыңа деген құрметтің көрсеткіші — ұлттық сана-сезімнің қалыптасу деңгейіне байланысты. Қазақ этносының өкілі болуды құдай маңдайыңа жазғаннан кейін, оны мамандық ауыстырғандай ауыстыру мүмкін емес. Өйткені, ауыстырмақ болып, басқа ұлттың мәдениетін қаншама бойыңа сіңірдім дегеніңмен, бәрібір сен сол ұлтқа кірмейсің, төлтумасы бола алмайсың. Қабылдамайды, реті келген тұста өгейлігіңді есіңе салады да тұрады. Мұндай жағдайды бастан кешірген жан кейін рухани дағдарысқа ұшырап, өмірінің соңы бақытсыздыққа айналады.
Сана-сезімі өзінің төл этникалық ортасында, төлдениетінің аясында қалыптасқандар ұлтшыл болып келеді. Өйткені, оған өзін қоршаған ортаның бәрі етене жақын, адамдарының бәрі бірге туған туысындай көрінеді.
Рухани дүниесін қалыптастырған сезімдердің бәрі ортақ. Сондықтан да ол осы ортақ сезімге қатысты мәселенің қандайына болсын бейтарап қарай алмайды. Бәрін тікелей өзіне қатыстыдай көреді. Ортақ қуанышқа өз қуанышындай мәз болады, ортақ ренішке өз қайғысындай қайғырады. Халқының этномәдени құндылықтарын қасиет тұтады. Ең ғажабы, өздері осылай болған соң, өзгелерді де өздеріндей көріп, оларға түсіністікпен қарайды. Олардың мәдениетін сыйлап, құрмет көрсетеді және олардан осындай кісілікті талап етеді. Ұлттық кемсітушіліктің қандайына болсын төзбейді, ондай жағдайда басын бәйгеге тігуге бар.
Ал бұған керісінше, сана-сезімі өзінің этникалық ортасынан тыс, өзге мәдениет аясында қалыптасқандар ұлтшылдықтан ада болып келеді. Ондай жандарды қазір халық “мәңгүрт” деп атап жүр. Ғылым тіліндегі “этнонигилистер” де осылар [45.152]. Бұлар туралы қазір баспасөз бетінде аз жазылып жүрген жоқ. Төл халқының мәдениетінен бейхабар өскендіктен, олар күнделікті тұрмыста өзінің этникалық ортасына бөгделігін сезініп, қолайсыз жағдайға ұшырайды да, бірте-бірте араласып-құраласып тұруына қолайлы өзге ортаға қарай бейімделіп, соның мәдениетін меңгеріп, солардай болуға ұмтылады. Сол арқылы жанына жұбаныш табады. Бөгде мәдениетті қорғаныс құралы етіп, өз халқының мәдениетіне қарсы қояды. Нәтижесінде өз халқын іштей жек көріп, өз халқының құндылықтарын менсінбейді. Маңында жүрген өз ұлтының әлдебір өкілінің жағымсыз тірлігін көрсе, соны бүкіл халыққа теліп, бүкіл халыққа тән құбылыс етіп көрсетуге дайын тұрады. Өзін өзге қандастарынан артық санап, осы халықтың ұрпағы болғанына іштей өкініп, күйінеді. Сол себепті, бар мүмкіндігінше өзін бір ұлттың емес, бүкіл адамзатқа ортақ перзент етіп көрсетуге ұмтылады. Бірақ өмір шындығы – алдымен ұлттың ұлы болып танылып, содан кейін адамзаттың ұлы болуға ұмтылудың даналық, ал ұлтының ұлы бола алмай жүріп, адамзаттың ұлы боламын деу – шалалық екенін әр жағдайда дәлелдеп келеді.
Сонымен ұлттық сана жайлы ғылыми зерттеулерді талдай келе оның төмендегі құрамдас бөліктерін, компоненттерін белгіледік. Олар: ұлттық мүдде, ұлттық мінез, ұлттық намыс, ұлттықпатриотизм, ұлттық сезім, ұлттық тәрбие, мәдени құндылықтар. Ұлттық сананы құрайтын компонеттер кесте-2-де көрсетілген.
Кесте – 2. Ұлттық сананы құр айтын компонеттер
Бұдан шығатын қорытынды – адам ата-анасын таңдай алмайтыны сияқты этносын да таңдай алмайды. Тағдырдың жазуы солай. Өзінің тәрбиесіздігінен, біліксіздігінен төл мәдениетін жатсынып, өзге мәдениеттің шапанының шалғайына жармасып жүргендер ерте ме, кеш пе, дағдарысқа ұшырап, Абай айтқан: “не ол емес, бұл емес, менің де күнім күн емес” күй кешеді. Асылы, дана халық “Адасқанның айыбы жоқ, қайтып үйірін тапқан соң” дегенді бекер айтпаса керек. Біздің міндет – үйіріне қосылуға талпынғандарды қолдап, барынша бауырмалдық көмек беру, ұлттық сананы қалыптастыру
Жалпы ұлттық сана төмен болса, халық халықтық қасиетінен айырылып, мылқау күш тобырға айналады. Мұндай кезде ұлттық мүдде жеке бастың пайдасының құрбандығы болып, ұлт, халық, намыс деген қасиетті ұғымдар тілде бар да, ділде (жүректе) жоқ, тек рухани алыпсатарлардың көпшілік көзін алдар құралы мен ұранына айналады. Ел болашағын ойлаған есті азаматтың алысты болжаған аңғарлы саясаты жұртынан қолдау таппай, бар уақыт “жалаңаш патриоттардың” жайдақ айқайын басуға, соларға түсіндіруге, өзімен өзі арпалысуға кетеді. Елдік істе нәтиже болмайды. Адамзаттың ұзақ тарихының сабағы осыны көрсетеді.
Мұның бәрі, жоғарыда айтқан, отарлаушылардың жүргізген зұлым саясатының салдарынан қазақтың ұлттық санасы тәуелсіздік талабына ілесе алмай, кенжелеп қалып отырғанын айғақтайды. Бұл кең мағынасында қазақтың төл мәдениетінің де кейіндеп қалғанын байқатады. Сондықтан да қазақ арасындағы қазіргі қазақшылдық көп жағдайда ұлттық жоғары санаға емес, дертке ұшыраған жерлестік түйсік, қандастық соқыр сезімге негізделген. Содан да болар, қазіргі қазақта шамдану бар да, шамырқану жоқ; кіжінісу бар да, қыжыл таныту жоқ; ұрандасу бар да, ұйымдасу жоқ; халқым деу бар да, оның қамын жеу жоқ. Айналып келгенде жетер жеріміз баяғы бос сөзді судай сапырып, өзара қауқылдасумен ғана шектеліп қала беру. Тәуелсіздік алғаннан бергі тілге, жер сатуға және басқа өзекті мәселелерге, тіпті, қылаяғы кешегі ұлттық валютамызды өзгертуге қатысты ықпалды бір нәтижесі жоқ көп шуылымыз осының жарқын айғағы. Бұдан тек ұлттық мүдде ұтылыста болады
Қазаққа тән игілік пен ұлттық сана дегеніміз ол - әдептілік, бауырмалдық, қонақжайлылық, еңбекқұмарлық, ұрлық, қиянат жасамау, үлкенді сыйлау, тағы сондай сияқты
Қазақ ойшылдарының көзқарасындағы басты идея «атаның баласы болма, адамның баласы бол, жақсы көпке ортақ, пайдаң еліңе, халқыңа тисін», деген гуманистік ой-пікірді қуаттау болады
Қазақ халқы баланы жамандықтан жиреніп, жақсылықты жаны тілеп тұратынқұлықты болуын, сұлу сөз, сиқырлы үн, әдемі өң мен түрден ләззат ала білетін, һәм байсалды, ойламды, шымыр болып өсуін ұлт тәрбиесінің негізгі қағидасы етіп ұсынған.
Ұлттық мүдде дегеніміз, сол ұлттың құрамындағы халықтардың (адамдардың) өздеріне тән халықтық рухани-мәдени және материалдық құндылықтарын сақтай отырып, ұлттың ілгері дамуын, өмір сүруін қамтамасыз етуді көздейтін негізгі нысаналы ортақ мақсаты. Сондықтан да ұлттық мүдде өмірдің бар саласында бірінші кезекте тұруға тиіс. Саясатта да, экономикада да, мәдениетте де, таным-талғамда да, қысқасы күнделікті жасалынатын іс-әрекеттің бәрінде де мәселенің ұлттық мүдде тұрғысынан шешілуі – елдің тұрақты өркендеуінің, мемлекеттігінің нығаюының басты кепілі болып табылады. Сол себепті де ұлттық мүддені қорғау — қоғам мүшелерінің бәріне бірдей ортақ қажеттілікке айналады. Бұл ретте ұлттық мүддені уақыт талабына сай белгілі бір нәтижелі мақсаттарға бағыттап отыратын пәрменді тетік мемлекеттік институттар болуға тиіс. Өкінішке қарай, бізде әзірге бұлай болмай отыр.
Біздің қоғамда елдік мәселе ұлттық мүдде тұрғысынан шешілмей, тек қалайда табыс табу, пайда түсіру тұрғысынан ғана шешіліп келеді. Ал мұның ақыры түбінде ұлт болашағы үшін орны толмас өкінішке соқтыруы мүмкін. Өйткені, тарих ұлт мүддесін ойламай, күндік табысқа қызығып, пайда қуғандардың күндердің күнінде тәуелділік, басқа күшті елге кіріптарлық қамытына амалсыз өзі барып бас сұғуға мәжбүр болатынын сан дәлелдеген. Соның үшін де бүгінгі билік басындағылардың да, тәуелсіздігі қолына тиіп, ертеңінен үлкен үміт күтіп отырған жалпы қазақ жұртының да ұлттық мүддені ұмытып, уақытша табыстың қызығына берілудің ақыры қайыр болмайтынын естен шығармағаны абзал. Ұлттық мүдденің қорғаушысы – намыс. Ұлттық намыс болмаған жерде ездік үстемдік алып, ұлтқа қатысты құндылықтарға бейтараптық, немкеттілік көзқарас қалыптасады.
Ұлттық сананы құрайтын компонеттің бірі ұлттық намыс. Ұлттық намыс дегеніміз – ұлтты құрайтын халықтың әр адамының ұлтқа қатысты айтылған кез келген кемсітушілікті, ұлтқа қарсы жасалған іс-әрекетті бейне өзіне бағытталғандай қабылдап, соған қарсы жандүниесінде пайда болған сезімнің буырқанған серпілісінің жалпы халықтық сипатқа айналған ұжымдық түрі. Ұлттық намыс – азаттықтың жаршысы, құлдықтың қас жауы. Ол бар жерде құлдыққа орын жоқ
Кешегі бір елдің екінші елді отарлауы жаппай үрдіске айналған кездегі отар болған елдердің тарихына зерде көзімен үңілсек, отарлаушы елдердің көп жағдайда әлі ұжымдық сипатқа ие бола алмай, рулық, тайпалық, әулеттік, кландық намыс аясында күн кешіп жатқан елдерді жаулап алып, боданына айналдырғанын көреміз. Ал ұлттық намысы оянған елдердің бірде-біріне тиіспеген, тіпті, қуаты аз шағын елдерге де. Өйткені, ұлттық намысы оянған ол елдердің құлдыққа көнбейтінін, бүгін қарудың күшімен бағындырғаныңмен, ертең бәрібір азаттығы үшін қайтадан күреске шығатынын білген.
Біз де осындай жағдайдың салдарынан XVІІІ ғасырда орыс патшалығының боданына айналдық. Жоңғар шапқыншылығына қарсы күресте дүркірей оянған ұлттық намыс шешуші шайқаста Ұлы Жеңіске жеткеннен кейін билікке таласқан хандардың ел тұтастығына жарықшақ түсіруіне байланысты күрт құлдырап, әлсіреп кетті. Ұлттың ішкі тұтастықтан айырылуы ұлттық намыстың жүзге бөлінгендердің жыртысын жыртқан рулық, тайпалық намысқа телімденуіне әкеп соқты. Осыны пайдаланған орыс патшалығы отарлау саясатын кезең-кезеңімен жүзеге асырып, ақырында қазақ халқының мойынына тәуелділік қамытын біржола кигізіп тынды
Билік тізгінінен айырылып, бодандықтың бұғауында тыпырлаған халқының осындай мүшкіл күйге ұшырауының себебін ХІХ ғасырда өмір сүрген Абайдың дәл танып, көре білгені қайран қалдырады. Бәлкім, данышпанның данышпандығы да осы — өмірде болып жатқан өзгерістердің өзгелер мәніне жете бермейтін құпиялы қалтарыстарын сезіп-біліп отыратындығында шығар. Қалай болғанда да, Абайдың қазақ халқының осы күйге жетуінің екі себебінің бірі ретінде сонау азат Қазақ хандығы кезіндегі ұлттық намыстан айырылып қалуы екенін ашып көрсеткені шындық. Ата-бабамыздың намысқойлық “мінезі жоқ болған соң, үйренген өнеріміздің бәрі адамшылыққа ұқсамай, сайтандыққа тартып барады. Жұрттықтан кетіп бара жатқанымыздың үлкен бір себебі сол” дейді данышпан Абай бұл орайда.
Біз жоғарыда, қазақы болмысқа оралу дегеннің не екені жөнінде әңгімелегенде, қазіргі таңда таным-түсінік тұрғысынан да, елдік мүддені ойлау тұрғысынан да біртұтас қазақ халқының бірнеше бөлікке бөлініп отырғанын санамалап айтқанбыз. Енді ойласып көріңіз: осындай ішкі біртұтастығынан айырылып, сан бөлшекке бөлінген халықты ұлттық санасы оянған намысты халық дейміз бе, әлде әр бөлшегі өз тобының намысын жыртқан ұлттық санасы ұйқыдағы халық дейміз бе?! Міне, ұлт болып ойласудың да, ұлт болып нәтижелі іс-әрекетке көшудің де қажеттігі осы тұс! Осы қажеттілікті сезіну үшін ұлттық мінез керек
Ұлттық сананың және бір құрамдас бөлігі ұлттық мінез болып табылады.
Ұлт адамдардан құралатындықтан, сол ұлтты құраушы адамның болмысына тән дүниенің бәрі ұлттың болмысына да ортақ болуы заңды құбылыс. Тек, жеке адамға тән дүниенің тұтас ұлтқа ортақ болуы үшін оның танылу деңгейі жекелік аясынан шығып, жалпылық сипатқа ие болуы, яғни көпке ортақ болуы шарт. Бұл ұлттық мінезге де қатысты. Сондықтан “ұлттық мінез,-деп,-ұлттық дәстүр негізінде тәрбиеленген ұлт адамы мінезінің белгілі бір түрінің ұлт мүшелерінің бәріне бірдей болмаса басым көпшілігіне тән ортақ деңгейге көтеріліп, жалпылық сипат алуын айтсақ керек.
Мінезділік жеке адамның да, ұлттың да болмысының көрінісі іспеттес. Халықтық қасиеттеріміздің негізінде мінез жатыр. Өйткені, мінезсіз адамда қасиет болмайды. Бұл ұлтқа да тән. Ұлттық мінезі жоқ халық та солай. Тағдыры шешілер тартысты кезеңде тастүйін бірігіп, ұлттық мінез көрсете алмаған халық — қалың тобырмен тең. Ездіктің езгісінде болып, құрметтен құр қалады. Мінезді халық – намысты халық. Намысты халық ешкімге есесін жібермейді, кеудесін басқызбайды. Демек, ұлттық мінез — ұлттық намыстың егізі, бірінсіз бірі жетім.
Ғасырларға созылған тәуелділік текті халықты жаппай орындаушыға айналдырды. Ата-баба тектілігін танытып, бодандық бұғауын үзбек болып бұлқынған бұла мінезділерді отарлаушы ожар күш аяусыз қырғынға ұшыратып, езіп-жаншып, елдің есін тандырды. Ақырында — өрлік өңезелікке, ерлік ездікке жол берді.
Қазір бәрі өзгерді. Осындай кезде, яғни тәуелсіз ел болып, өз билігіміздің тізгіні өзімізге еркін тиген шақта ежелгі тектілікке оралып, ұлттық мінезді қалыптастыру – мемлекеттік тұрғыдан қолға алынар бүгінгі күннің басты шаруасының бірі болғаны дұрыс деп ойлаймыз. Бұл орайда көрші өзбек елінің ұлттық мінезді қалыптастыру жөнінде арнайы мемлекеттік бағдарлама жасап, соны жүзеге асыруға ел болып жұмылып жатқаны бізге де ойласудың қажеттігін көрсетсе керек.
Тектілік мінез қай кезде де халықтың парасат биігінде болуын қамтамасыз етеді, адамды аздырар жаман мінездерден сақтандырады. Қазіргі кезде сондай сақтануға тиісті жаман мінездің бірі – мақтаншақтық. Мақтаншақтық – надандықтың белгісі. Бұл ретте ұлтымыздың ұлы ойшылы Абай: “әрбір жалқау кісі қорқақ, қайратсыз тартады; әрбір қайратсыз, қорқақ мақтаншақ келеді; әрбір мақтаншақ ақылсыз надан келеді” – дейді
Мақтаншақтық – ұлттық мінез емес. Жалпы түрік халықтары мақтануды ұнатпаған. Бұл ретте ХІ ғасыр ғылымының ірі өкілі Махмұт Қашқари “Диуан-и лұғат” атты әйгілі еңбегінің “Түрік” атты бабында: “Түрікте өзін ұнату, мақтану жоқ. Түрік үлкен ерліктер және жанкештілік жасағанның өзінде ерекше іс істемегендей сезінеді”, — деп жазады
Бұлай болуы заңды да еді. Өйткені түрік қоғамында ежелден қалыптасқан дәстүр бойынша адамның бала күнгі кезінен бастап бүкіл тірлігі қоғамның бақылауында болған. Сондықтан қоғам мүшесінің бірде-бірінің жасаған жақсы ісі де, жаман ісі де назардан тыс қалмай, дер кезінде өзіне лайық әділ бағасын алып отырған. Бар тірлігі таразыға тартылып, соған орай ортасы өз бағасын беріп отырғаннан кейін, адамның өзі туралы “мен бүйттім, мен өйтім” деп мақтануының да, ақталуының да қажеттілігі болмаған. Бәрін өскен ортасы дұрыс та әділ бағалап отырған соң, адам ештемеге алаңдамай, барынша қоғам талабына сай тірлік кешуді ғана мұрат тұтқан.
Достарыңызбен бөлісу: |