Тақырыбы: Болашақ маманның ұлттық санасын қалыптастырудың психологиялық-педагогикалық негізі


ПЕДАГОГИКАЛЫҚ ПӘНДЕРДІ ОҚЫТУДА ҰЛТТЫҚ САНАНЫ ҚАЛЫПТАСТЫРУДЫҢ ҒЫЛЫМИ ТЕОРИЯЛЫҚ НЕГІЗІ



бет4/11
Дата19.05.2022
өлшемі136.27 Kb.
#457784
1   2   3   4   5   6   7   8   9   10   11
Болашақ маманның ұлттық санасын қалыптастырудың психологиялық-педагогикалық негізі

1 ПЕДАГОГИКАЛЫҚ ПӘНДЕРДІ ОҚЫТУДА ҰЛТТЫҚ САНАНЫ ҚАЛЫПТАСТЫРУДЫҢ ҒЫЛЫМИ ТЕОРИЯЛЫҚ НЕГІЗІ
Бүгінгі таңда ХХІ ғасыр табалдырығын еркін аттаған азат ұрпаққа тәлім-тәрбие мен білім беруді жетілдірудің басым бағыттарын айқындап, педагогика ғылымында ұлттық сананы қалыптастыру көкейкесті мәселелердің бірі болып отырғаны анық. Сондықтан келешек ұрпақты ұлттық, халықтық тұрғыдан тәрбиелеу қажет. Жас ұрпаққа ұлттық тәрбие берудің негізгі бағдарлы идеялары еліміздің Президенті Н.Ә.Назарбаевтың «Қазақстан - 2030» стратегиялық бағдарламасында толық өркениетті ел болу үшін алдымен өз мәдениетімізді, өз тарихымызды бойымызға сіңіріп, содан кейін өзге дүниені игеруге ұмтылғанымыз жөн екендігі айтылған [27]. Олай болса, басты мақсат – жас ұрпақты ұлттық игіліктер мен адамзаттық құндылықтар, рухани-мәдени мұралар сабақтастығын сақтай отырып тәрбиелеу.
Ұлттық тәрбие қазір елімізде орын алып отырған көптеген мәселелерді: ана тілін, ата тарихын, ұлттық салт-дәстүрін білмейтін жастар, тастанды жетім балалар, «қиын» балалар, қарттар үйлеріндегі әжелер мен аталар, нашақорлыққа салынған жастар, тағы басқаларды бірте-бірте жоюдың және олардың алдын алып, болдырмаудың негізгі жолы. Ұлттық тәрбие алған ұрпақ дені сау, білімді, ақылды, ұлтжанды, еңбекқор, сыпайы, кішіпейіл болып өседі. Сондықтан да ұлттық тәрбие – ел болашағының діңгегі десек те болады.
Қазақ халқының ғасырлар тұңғиығынан бері тарихымен біте қайнасып келе жатқан ұрпақ тәрбиелеудегі тәжірибелері бізге сол рухани мәдениет, этикалық, эстетикалық құндылықтарын құрайтын ұлттық әдет-ғұрып, салт-дәстүрлер, әдеби, музыкалық, кәсіби, тұрмыстық фольклорлар мазмұны арқылы жетіп отыр. Сонымен бірге ұрпақ тәрбиесіне, жалпы халықтың рухани дамуына байланысты ұлттық тәлім-тәрбиелік ой-пікірлерді: Қорқыт ата [28], әл-Фараби [29], Қожа Ахмет Йассауи [30], Мұхамед Хайдар Дулати [31], Жүсіп Баласағұн [32], Махмұт Қашқари [33], Асанқайғы [34,258] т.б. қазақ ақын- жырауларының мұраларынан, билер мен шешендердің тәлімдік сөздерінен көреміз.
Әр адам өзінің ұлттық тамырын, әдет-ғұрпын, мәдениетін түсіне алады. Өз халқына деген сүйіспеншілігі, өзінің туған жеріне өз халқы өмір сүретін ортаға деген сезіммен ұласып жату керек. Халықтық әдет-ғұрып, салт-санасының байлығы, патриоттық сезім Отанға деген сүйіспеншілігін қалыптастырады.
Көне заманнан-ақ қазақ халқында жазбаша педагогикалық еңбек жазып қалдырмаса да білгір педагогтар, тәрбиешілер, ұстаздар болған. Олар өз көзқарастары мен әрекеттерінде белгілі-бір дәстүрлі дүниетанымды ұстанып, халықтың мұраттары мен арман-тілектеріне сүйеніп отырған.
Ұлттық сана-сезім, ұлттық патриотизм әр адамды, әр халықты ұлттық ойлау қабілеті, ұлттық әдет-ғұрып, ұлттық салт-дәстүр қоршауында сақтайтын негізгі рухани байлық. Егер бір ұлттың бір бөлшегі басқа жерде, я өз Отанында бөлек ұлттың сана-сезімі негізінде тәрбиеленсе, онда ол қоғамның мүшелері басқа ұлттың әдет-ғұрыпын, салт-дәстүрін қабылдайды, біраз уақыттан кейін сол ұлтқа сіңіп кетеді. Сондықтан халықты ұлт ретінде сақтайтын жалғыз жол бар. Ол жол – жас ұрпақты ұлттық сана-сезім негізінде тәрбиелеу. Ұлттық сана-сезімнің қалыптасуы бала дүниеге келгеннен бастап отбасындағы ұлттық тәрбиеге тікелей байланысты. Егер отбасында ұлттық тәрбие болмаса, балалардың ұлттық тұлға болып қалыптасуы сондай теріс тәрбиеге лайықтанып қалыптасады.
Бәсекеге төтеп бере алмаған ұлттың болашағы қашан да бұлыңғыр.Саясаттың кесірінен ұлттық құндылығынан біртіндеп (немесе біржола) қол үзген талай-талай ұлттың жер бетінен жойылып кеткендігіне тарих куә. Ғалымдардың есебінше, «ақпараттар айқасы» басталған ХХІ ғасырда тағы көптеген ұсақ ұлттардың басына осындай қатер төніп тұр. Төл мәдениеті мен әдебиетін сақтай алмағандықтан, ұлттық болмыс-бітімінен адасып, тілі мен ділінен айырылып бара жатқан мұндай халықтар өзге ұлттарға сіңісіп кетуде. Осындай жағдайларға қарап отырып қазақтарды жолы болған халық деп санауға болатындай. Дүние жүзін мекендеген елдердің ішінде тіршіліктің кермек дәмін молынан татқан, тағдыр тәлкегіне түсіп, заманның қиын тұстарымен қатар келген екі халық болса, соның бірі қазақ шығар, жалғыз болса, ол да қазақ болар. Барлығымызға белгілі талай «қилы замандарды» басынан өткерген біздің жұрт қазіргі мемлекет дәрежесіне дін аман, алдына асқақ мақсаттар мен міндеттерді межелеп жетіп отыр. Тәуелсіздігімізді алған жылдар ішінде саясат пен экономикадағы жетістіктеріміз бен бағындырған асуларымыз туралы көп айтылып, көп жазылып жүр.
Кеңестік идеологияның кесірінен ғасырлар қойнауынан сыр шертетін ұлттық ерекшеліктерімізді айшықтайтын төл тарихымыз, мәдениетіміз бен әдебиетіміз қолмен тұншықтырылып, ел игілігі үшін жұмыс істеудің орнына сан жылдар бойы архивтерде «шаң басып» жатқандығы мәлім. Өткен ғасырдың сексенінші-тоқсаныншы жылдарына дейін орта білім алған әрбір қазақ баласының санасы миллиондаған ұрпақ құдайдай сенген «ұлы кеңестік идеологияның иісалмас идеясымен уланып», нәтижесінде түрі өзгермесе де тілі шұбарланған әрі ділі дүдәмаланған талай буын төл тарихы мен мәдениетінің, одан қала берді әдебиетінің тамырына терең бойлай алмады [35.14]. Ал сол асылдарымыздың барлығын тарих бетіне шығарып, ұлтымыздың қисапсыз мұраларын жаңғыртуға тәуелсіздіктің арқасында қол жеткізіп отырмыз. Оларды жинақтап, бір арнаға тоғыстыруда Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың тікелей тапсырмасымен әзірленіп, жүзеге асырылып жатқан «Мәдени мұра» [36] мемлекеттік бағдарламасының қосқан еңбегі өлшеусіз. Алғашқы кезеңі 2004-2006-шы жылдар ішінде жүзеге асырылған, ал екінші кезеңі 2007-2009-шы жылдарға арналған бағдарлама аясында өлгенімізді тірілтіп, өшкенімізді жаңғыртуда, жалпы мәдени мұрамыздың тұтастай жүйесін жасауда көңілді қуантатын, көзді сүйсіндіретін толағай игілікті істер жасалды, әлі де жасалып жатыр.
Бағдарлама аясындағы сондай берекелі істердің бірі бұл мәдениетіміздің, әдебиетіміздің, салт-дәстүріміздің, әдет-ғұрыпымыздың, жалпы ұлттық болмысымыз бен бітіміміздің, тілдік ерекшелігіміздің, сондай-ақ түрлі дереккөздерден алынған тарихымыздың тұңғиығына етене бойлап, барымыз бен жоғымызды жан-жақты саралауға мүмкіндік беретін көп томдық еңбектердің (кітаптар) жарық көріп жатқандығы. Бағдарлама жүзеге асып жатқан кезеңнен бері түрлі мазмұндағы көп томдық 50-ге тарта кітаптар жарық көріпті. Басылып, түптеліп бүгін-ертең баспаханадан бұқараға жол тартуға дайын тұрған томдықтар да жетерлік. Осының барлығы әрине көңілдің қуанышын еселей түседі. Мұндайда қандай жұрттың алдында болсын «біздерде мынадай бар, мынадай бар», деп мақтануға болады. Бұл мәселенің бір жағы. Мәселенің екінші жағының сабағын тарқатар болсақ, ендігі жерде бағдарлама аясында шыққан еңбектер діттеген жеріне жетіп жатыр ма, жетсе қалай, қаймана қазақ, соның ішінде әсіресе жастар сол кітаптармен жіті таныс па, деген сауалдар төңірегінде мықтап ойлану қажет сияқты.
Бұл сөз жоқ үлкен жауапкершілікті талап ететін дүние. Егер кез-келген мемлекеттің ұлттық идеологиясы сол мемлекетті құрған (қалыптастырған) ұлттың тарихы мен мәдениетінің, әдебиетінің, жалпы ұлттық ерекшелігінің негізінде жасалатынын ескерсек, бұл көзқарас тұрғысынан алғанда «Мәдени мұра» бағдарламасы аясында жаңағы жарияланған еңбектердің, сол еңбектердегі жазылған идеялардың тиісті жеріне жетіп, ұлт игілігі мен мемлекет болашағына, ұлттық сананы қалыптастыруға жұмыс істеуіне маңыз беру қажет. Өйткені адам баласын тал бесіктен, жер бесікке дейін жалықпай-талмай өз ұлтының ұлттық көзқарасы тұрғысынан жазылған кітаптар мен соларды айтылған идеялар ғана тәрбиелей алады. Ал дәл қазіргі таңда қазақ халқының ұлттық санасы толық қалыптасты ма, деген сауал төңірегінде әртүрлі пікірлер айтылып жүр.
Ал сол ұлттық сана ұғымына анықтама берер болсақ, ғаламтордағы ашық энциклопедияда оған төмендегідей анықтама берілген. Ұлттық өзіндік сана дегеніміз — этностық сананың жоғары, күрделіленген, жетілдірілген формасы. Ұлттық өзіндік сананы ұлттың өзінің әлеуметтік-этностық мәнін танып білуі, дүниежүзілік қауымдастық жүйедегі өзінің орнын және қандай орын ала алатынын, адамзат тарихындағы атқарып жүрген әрекеттік рөлін және оның қандайын атқара алатынын, адамзат жасап жатқан өркениетке қосқан және қоса алатын үлесін сезіп тұшынуы, сонымен қоса өзге халықтармен тең, еркін және тәуелсіз өмір сүрудің табиғи-тарихи құқығын түсінуі деп ұғуға болады


Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8   9   10   11




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет