1.2 Ұлттық сананы қалыптастырудағы халықтық педагогиканың маңызы
Ұлттық мәдени құндылықтар дегеніміз не? Қарапайым тілмен айтқанда ұлттық мәдени құндылықтар – белгілі бір ұлтқа, ұлт азаматына тән зат, адами қадір-қасиет, яғни халық ғасырлар бойы жинақтаған ұлттық рухани және материалдық құндылықтар.
Адамдардың бойында қалыптасқан имандылық қадір-қасиеттер рухани құндылықтарға, ал адамдардың қолымен жасалған тұтыну заттары мен кәсібі материалды құндылықтарға жатады.
Өзімізді өзіміз бағалай білуге бет бұру – ұлттық байлығымызды игеру, ұлттық санамызды дамыту. Ұлттық құндылықтарды іріктеп, оқыту процесіне енгізу арқылы ұлттың тұнып тұрған асыл мұралық рухани байлығынан болашақта ел билейтін ұрпақтарды сусындатып, отбасында да, мектепте де ұлтжандалылық пен отаншылдыққа баулып, өз халқын, өз мемлекетін көздің қарашығындай қорғайтын тұлғаларды тәрбиелеп шығару.
Өз ұлтын қадірлеп-қастерлеген, ұлт қадірін білген азаматтың бірі Ж.Аймауытов: «Мен халыққа кіндігіммен байланып қалғанмын. Оны үзе алмаймын. Үзу қолымнан келмейді» - дейді Сырым Датұлы: «Мен ағайынды екеумін: бірі -өзім, екіншісі-халқым» - дейді
Қазақ халқының осындай дәріптеуге, қастерлеуге, дамытуға тұрарлық ұлттық рухани және материалдық құндылықтары туралы ұлағатты, құнды ойларын халық игілігіне, келешек ұрпақты, ел-жұртқа ие болар азаматтарды тәрбиелеуге қолдануға болады деп ойлаймыз.
Қоғамдағы адамдар жасаған рухани, материалдық, мәдени құндылықтардың алмасуы оқыту процесі арқылы жүзеге асырылады.Соның ішінде сын тұрғысынан ойлау жобасы арқылы оқыту – саналы процесс екенін айтқым келеді. Интеллектуалдық деңгейі жоғары тұлғаны қалыптастыру үшін, оны оқытып қана қою жеткіліксіз. Оны тұлға ретінде жан – жақты дамытуға қолайлы, оқытудың шығармашалақ түрін жасау қажет, яғни шығармашылық оқу әрекетін туғызу қажет. Бұл баланы, берілген оқу материалын жаттап алу ғана емес, керісінше өз бетімен білім алу үшін ізденуге үйретеді
Ұлттық құндылықтарды оқушы бойына сіңіруде ақын-жазушылар мен еліміздің ұлтжанды азаматтарымен болған кездесулер әсер етеді десек артық болмас.
Ұлттық тәрбиенің идеялық көздерін Шығыстың екінші ұстазы Әл-Фараби еңбектерінен табамыз. Ол адамның адамгершілік санасы қайырымдылық пен ақиқатқа арналған деп өсиеттеді. Әрбір адам мен халықтарды бақытқа жету үшін бірігуге шақырады. Оның түсінігінше бақыт-жер бетіндегі бейбітшілік,адамдар мен халықтар достығы, олардың бір-біріне көмегі
Ұлттық тәрбиенің маңызды бөлігі-өз халқыңның тарихи мен мәдени ескерткіштері болып табылады. Руың мен отбасының да өткенін есте сақтау пайдалы. Мешіттер мен шіркеулер де адамгершілік бағытында көп жұмыстар жүргізе алады.
Тарихи салт-сана, ұлттық зерде-мәдениетті азаматтық иек артар рухани қазынасы. Өзінің тегін білу ұлттық ерекшелік негізіне арқа сүйеуі тиіс. Оның адамгершілік пен тәрбиелік байқауы қазіргі дәуірдің–жалпықазақстандық шаңырақтың мұраттарына сәйкестенуі қажет. Осы тұрғыда Н.Назарбаев былай деп ерекше көрсеткен: «Тарихи тек-тамырыңның тереңнен бастау алғанын танып-түсіну, ата-бабаның шапағатын мол шабыты істерін заңды мақтаныш ету, тоталитарлы кезеңнің зардаптарынан айырылу, сөйтіп тарихи сананы уақыт талабына сай қалпына келтіру ұлттық тұтастануға тегеурінді серпін беруге тиіс»
.Осы орайда ата-бабаларымыздың өткен жолына үңіліп, тарих дерегінің берер мағлұматын сараптай зерделесек, ұлтқа қатысты киелі ұғымдардың бәрі сол ұлтты құрайтын халықтың қалыптасқан дәстүрінен бастау алып, тамыр жаятынын пайымдау онша қиындық туғызбайды. Осыдан келіп, барлық халықтық құндылықтардың бастауы – ұлттық дәстүрдің мәні мен мазмұнын жете танудың қажеттілігі туындайды.
Халықтық педагогика – белгілі бір халықтың, тайпаның өзіне тән ерекшелігі бар дүниетанымдық, тәрбиелік, мәдени мұрасы. Халықтық педагогика ғылымы екі саладан тұрады: халықтың ауыз әдебиеті және ұлттық тәлім-тәрбиенің жазу мәдениетіндегі көрініс.
Ғылымда жеке бір халықтың, тайпаның этностық (түп-тұқияндық) ерекшеліктерін айқындайтын ғылыми салаларына «этнос» түбірі қолданылады. Қазақ халық педагогикасының негізгі ұғымы - әдеп
Қазақ халық педагогикасының қайнар-бұлағы біздің заманымызға дейінгі дәуірден бастау алады. Ұлттық мәдениеттің тегі сол ұлттың ұлт болып қалыптаспай тұрған кезінен бастап-ақ жеке ұлыстардың ұрпағын тәрбиелеуден туындағаны белгілі.
Н.Дәулетов халықтық тәрбиені белгілі бір ұлттың жеке адамға, соның ішінде балаға тәрбиелік ықпал етуінің тарихи қалыптасқан жүйесі деп түсінеді Академик Г.Н. Волковтың пікірінше халық педагогикасына қарағанда халық педагогикасы әлдеқайда біртекті. Халық педагогикасымен халық тәрбиесінің арасында, тәрбиелеу өрісіндегі идея мен шындықтың арасында педагогикалық ой мен педагогикалық практиканың арасында тікелей бір мағыналы сәйкестік жоқ .
Осыдан келіп шығатын қортынды «Халық тәрбиесі – бұл педагогикалық практика, тәрбиелеу өрісіндегі өмір, шындық, ал халық педагогикасы – бұл халық білімінде жүзеге асқан идея, педагогикалық ой»
Ұлттық салт-дәстүрлер, әдет-ғұрыптар – ұлттық тұлғаның ұлттық өзіндік санасының дамуындағы рөлін, оның тәжірибелік сипатын көрсететін, адам мінез-құлқының көптеген жақтарын қамтитын, белгілі этностың өзіне тән психикасы жөнінде біршама мәнді мағлұматтар беретін білімнің жүйесі.
Қазақ халқының қоғамдық қарым-қатынастары белгілі әдет-ғұрыптар бойынша реттеліп отырған. Ата-бабаларымыз өздерінің достығын қыз алысып, қыз берісіп, құда болу арқылы нығайтатын болған. Оны «Қыз бала – дәнекер» деген әдемі әрі сыпайы ұғыммен түсіндірген. Құда түсу дәстүрінің өзі адамдар арасында құда болудағы қабылдау ерекшеліктерін, қарым-қатынас ерекшеліктерін анықтауға, оның талаптарын дұрыс сақтауға негізделеді.
Қазақ халқының салт-дәстүрлері мен әдет-ғұрыптарының, фольклорлық шығармалырының шығу тарихы мен тәлімдік мәнін тұңғыш зерттеп, ғылыми еңбек жазған, қазақ мәдениетін орыс, батыс ғалымдарына танытуда ерекше еңбек еткен ғалым – Шоқан Уәлиханов.
Қазақтың жас ұрпақтары өзінің тілін, туған елін, кіндік қаны тамған жерін, тарихын, салт-дәстүрін, дінін ата-бабаларымыздың сара жолы арқылы танып-біліп, адам болады.
Біз – үлкен болайық, кіші болайық, бәріміз де талай-талай тәлімнің төліміз, тоқсан тарау арнамен кеп тоғысқан татымды тәрбиенің жемісіміз... Бағзы заманда көз жұмған арғы бабаларымыз, үлкен әкелеріміз бен әжелеріміз де мәңгі өшпес ізгі дәстүрдің өнегесімен бізді баулып жатыр, баули береді де.
Тірлік етуші жан тәжірибе жияды, оны топтап жинақтайды, саралап түйіндейді, оны қорытындылайды. Осы қазынасын орайы келсе, өзшелерге таратады, игілігіне асырады.
Қазақта «ата-қоныс» деген ұғым бар. Яғни, «ата-қоныс» қазақ үшін киелі жер болып саналады және осы көшіп-қонып жүрген жерлердің тауы мен даласы, өзен мен көлдері, орманы мен құмы қазаққа өте ыстық, әрі қасиетті болып көрінеді. Сол себепті қазақ халқы аңыз-әңгімелерінде, өлең-жырларында өзінің өмір сүретін табиғат ортасының сұлулығы мен әсемдігін творчествалық шығармашылыққа арқау еткен.
Бұрын қазақ халқы өз алдына, тәуелсіз мемлекет болып өмір сүргенде оның мәдениетімен қатар әдебиеті де қалыптасып дамыған. Әдебиет, былайша айтқанда көркем сөз өнері қазақ халқының өмірінде жоғары бағаланып, рухани мәдениетінің дамуына зор үлес қосты. Себебі онда халықтың ғасырлар бойы басынан өткерген тарихи тағдыры, арман-мұраты, мұң-мүддесі сөз болды.
Қазақта ертеректе жазу-сызу онша дамымай, адамдардың көбі сауатсыз болған кезде көпшілік арасында ауыз әдебиеті кең тараған болатын. Ауыз әдебиетінің ішінде, әсіресе фольклор, поэзия айрықша орын алды, және аңыз-әңгімелер, мақал-мәтелдер, шешендік сөздер де жоғары дамыды.
Қазақтың мәдени құндылықтарының ішінде өте жақсы дамыған ұлттық өнер болатын. Өнердің дамуы негізінен сол ұлттың күнделікті өмір салтына байланысты. Себебі өнер халықтың тұрмыс-тіршілігіндегі қажеттіліктен туындайды.
Әрине, өнердің түрі өте көп, соның ішінде күнделікті тұрмыс қажеттілігінен туындыған қол өнерін айтуға болады. Оның ішінде – ағаштан, теріден істелінген ыдыс-аяқ; жүннен, теріден істелінген киім-кешек; асыл тастармен әшекейленіп, алтын күмістен жасалынған зергерлік бұйымдар; кілем, алаша тоқу, киіз басу т.б. Мұнан басқа қазақ ұлтының рухани мәдениетіне байланысты – сөз өнері, сәулет өнері, күй өнері, сән өнері, бейнелеу өнері сияқты өнердің басқа да түрлері өте көп .
Ертеде қазақтар өзінің ұлттық табиғи өмір салтымен өмір сүргенде осы айтылған өнер туындылары күнделікті тұрмыста қолданыста болып, дамып жетіліп отырған болатын. Бірақ та соңынан қазақ халқының бірнеше ғасыр бойы Ресейдің бодандығында болып, өмір салтына өзгерістер енгеннен кейін қазақтың төл ұлттық қол өнері басқа рухани және материалдық құндылықтармен ауыстырылып, қазір көбі ұмыт бола бастады,.
Ұлттың рухани мәдениетін дамытуда музыка өнерінің алатын орны ерекше. Себебі музыка халық өмірінің әр кезеңінің тыныс-тіршілігінен хабар береді. Халық ән-күйдің әуен-сазы арқылы өзінің күнделікті өмір салтын, тарихи уақиғаларды келесі ұрпаққа осы өнер арқылы жеткізіп отырған.
Ұлттық тәрбие туралы идея бүгінгі күн талабы мен өмірлік қажеттіліктен туындап отыр. Қазақ елінің әлемдік кеңістікте өз жолын таңдауы әрбір қазақтың емін-еркін өмір сүруінің кепілі. Ол сөзсіз ұрпақтар қамы деген ұғыммен үндеседі. Ел болу, мемлекет құру сонау түркі заманынан желісі үзілмей келе жатқан ұлттық арман-аңсар. Ел болу – болашаққа ашылған даңғыл жол. Сол болашаққа ашылған даңғыл жолды ұлттық тәрбие арқылы жүруді үйренсек, ешкімнен кем болмайтынымыз анық. Бұдан шығатын қорытынды – ұлттық тәрбие идеясы ата-бабалар алдындағы – қарыз бен өкшебасар ұрпақтың алдындағы – парыз деп түсінуіміз керек. Яғни, парыз бен қарыздың түйісер тұсы осы ұлттық тәрбие деп білеміз. Сондықтан мұнда алдымен мемлекет жасауға ұйытқы болып отырған этнос пен мемлекеттің мүддесі қатар тұруға тиіс. Өйткені, біз бұдан былайғы кезеңде бүкіл адамзат баласы жасаған өркениеттермен қатар дамуға тиіс мәдениеттің (қазақ мәдениетінің) мүшесі болып саналамыз. Ендеше, адамзат баласының осы уақытқа дейін жасаған озық тәжірибелері мен жетістіктерін қолдан келгенше түгел игеріп, қажетімізге пайдалануымыз керек. Сондай-ақ, ағымдағы уақыттың талабы мен сұранысын қанағаттандырып отыру да ұлттық тәрбиедегі негізгі қағиданың біріне айналуға тиіс. Бұл үшін қазақ ұлтын қай тұрғыдан да жаңа дәрежеге, жаңа интеллектуалды сапаға көтеріп алу тиімді.
Бүгінгі қазақ ұлты – бұрынғы көшпенді тұрмысқа бейімделген дала халқы емес. Бүгінгі қазақ ұлты – бұрынғы “қызыл идеологияның” қыспағындағы бодан халық та емес; бүгінгі қазақ ұлты – өркениет орталығы саналатын қала халқына айналып, сапалық жағынан көп ілгеріледі, бүтіндей аграрлық жағдайдан гөрі, индустриялық-инновациялық мемлекет құруға көшіп отыр. Сонымен бірге “Мәңгі ел” ұлттық идеясымен қаруланған тәуелсіз халық. Қазіргі кезде әлем жұртшылығы ұлы реформатор, ұлт лидері деп таныған Президентіміз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың тікелей бастамасымен Үкімет осы бағытта үлкен мемлекеттік бағдарлама жасап, барлық деңгейдегі билік өкілдері елдің индустриялық-инновациялық даму жолына түсуін қатаң бақылауына алып, жіті қадағалап отыр. Мұның түпкі астарында да мемлекеттік идеядан туындаған ұлттық мүдде, ұлттық ұстаным жатыр.
Қазақ халық педагогикасында ұлттық сананың маңызды бір бөлігін ұлттық қадір құрайды. Бұл ұғым адамның өз ұлтын қадірлеу, сыйлау, өзгелердің алдында оның беделін түсірмеу, ұлт өкілі ретіндегі адамның өзінің үнемі қадірінің болуын ойлап әрекет етуі сияқты сезімдердің жетегінде жүруін көрсетеді. Бұл ұғымның сезімдік реңкі басым. Яғни, адамның белгілі бір ұлтқа тәнділікті сезінуі болып табылады. Ол әр адам мен азаматтың өзінің белгілі бір ұлттың өкілі екендігін сезінуін көрсетеді. Ұлтқа тәнділікті сезіну белгілі деңгейде оның әрекетіне әсер етеді. Бұл — дүние жүзіндегі елеулі ұлт өкілдерінің бәріне тән қасиет. Ұлтқа тәнділікті сезіну Отанға деген сезіммен үндес болып келеді.
Ұлттың мақтаныш сезімі де халықтық педагогикада жиі ұшырасатын ұғымдардың бірі. Адам өзінің мемлекетінің жерімен, оның қазба байлықтарымен, бай мәдениетімен, қызықты тарихымен, ұлы адамдарымен мақтанады. Бұлар — шет жұрттықтармен кездесіп-танысқанда тілге тиек болатын нәрселер. Өзгелер сияқты қазақ халқының да ауыз толтырып, мақтанып айтатындары аз емес.
Ұлттық қадір, ұлттық мақтаныш, ұлтқа тәнділікті сезіну бәрі қосылып келіп, адамның өз ұлтына деген эмоциялық қатынасын білдіретін, оның ойы мен әрекетіне мұрындық болатын психологиялық күйдің жиынтығын құрайды. Бұл үшеуі ұлттық психологияның құрамына енетін ұлттық сезім деп аталатын кешеннің құрамдас құрауышы есебінде қарастырылады.
Қазақ халқында ұлттық сананы қалыптастыратын факторларға мыналарды жатқызады:
халықтың басынан өткерген тарихы;
ұзақ жылдар бойы айналысқан шаруашылық түрі;
төлтума мәдениеті;
ақпарат алмасу тілі;
салттары мен дәстүрлері;
түрған жерінің табиғаты және климаттық жағдайлары;
діні;
әлеуметтік-демографиялық жағдайы [98].
Бұл аталғандардың соңғысынан басқалары ғасырлар бойы көп өзгеріске ұшырай бермейді, ұзақ уақыт сақталады. Соған сәйкес бұл ұғымдар да халықтың санасына әбден орныққан болып табылады, оны өзгерту өте қиын және ұзаққа созылады.
Қазақи сана өз ғұмырнамасында әлемдік тәжірибе жинақтаған, мойындаған озық тәжірибелер кеңістігіне, сондақ-ақ жалпыадамзаттық құндылықтар арнасына жеке үлесін қосып отырды. Ол көріністердің халық тұрмысында нақты қажеттілікке жаралуы тәлім-тәрбие құралының негізгі қағидаларына байланысты болмақ. Қазақ дүниесіндегі адамзат перзенті үшін үлгі боларлық құндылықтардың бірі – халықтың қонақжайлылық қасиеті деуімізге болады. Қонақжайлылық – ұлттық тәрбиенің айнасы іспеттес. Қазақтың қонақты күту мәдениеті тым ежелден қалыптасқан. Қазақтар үйге келген бөтен адамды «құдайы қонақ» деп қабылдаған, ол дәстүрді жақсы ырымға жорыған. Сол себеппен өмір мәйегіндегі басқа дүниелер тәрбиенің көмегі арқылы жүргізіліп өзінің қағидасын қалыптастырады.
Кісілік ұғымы – ұлттық тәрбиенің негізгі қағидасына жатады. Кісілік қасиеттің жарқын көрінісі – адам мен адамды достастыру, адам бойындағы жақсы қасиеттерді көре-сезе білу және дәріптеу болмақ. Жарық дүниемен қоштасқан адамды қазақтар ешқашан жамандамай «жақсы кісі еді» деп, әділ айтқан. Онда айтпағымыз: қандай адам болса да, оның бойында бір жақсы қасиет бар, яғни ол кісіліктің белгісі екені рас болып шығады. Қазақтардың бойындағы көп қасиеттердің бірі – бауырмашылдық. Бір қария 13жастағы бала биге бата бергенде «.. балам – арқаң нардай жауыр болсын, кеудең толған бауыр болсын», - деп айтқанда, Бала би: «.. Ата – арқаң жауыр болсын дегеніңіз – елдің жүгі ауыр, оны нағыз ер көтереді», ал «кеудең толы бауыр болсын дегеніңіз – жүз бен руға бөлінген азғантай қазақты бөле бермей, барлығын бауыр ретінде кеудеңе бас», - дегеніңіз шығар деп, жауап берген екен
Халық тұрмысындағы аға, іні, қарындас арасындағы туыстық қарым-қатынас ағайын-туыс тарапынан әрдайым ескеріліп, реттеліп отырған. Бұл тәлімдік дүние отбасы һәм әулет дәстүрі ретінде ақсақалдар алқасының қатысуымен қоғамдық өмірде педагогикалық рөл атқарып отырған. Олардың негізгі көріністерінің бірі: жаңадан тұрмыс құрған екі жасқа енші бөліп беру, асар жасап үй (там)салу, әке-шешенің парызын өтеу, іні-қарындасқа көмектесу, ағайынның басына іс түскенде көмек көрсету т.б. дәстүр-талаптар жатады.
Өскелең ұрпағын еңбекшіл болуға баулуды мақсат еткен халық тағылымы – шынайы этнотәлімдік қағида. Еңбек әрекетінің адамзат өркениетінің эволюциялық даму заңдылықтарының бірден-бір қозғаушы күші болғаны белгілі. Қазақ қауымының мал шаруашылығының дамуы мен қалыптасуына әлемдік деңгейде ерекше үлес қосуымен бірге, мал атаулысын «төрт түлік - қазына» деп санап, оны ән мен жырға, батырлық эпостаға қоса білуі – шын мәнісінде табиғат пен адам арасындағы тылсым гармониялық байланыстың үлгісін көрсетіп отыр.
Ұлттық сананы қалыптастыруға тікелей ықпал ететін ұлттық тәлім-тәрбие десек, оның негізгі қағидалары:
- ақылды, намысқор және көпшіл болу. Өнегелі және арманшыл болып өсу, айтқан сөзді тыңдау, адамгершіл, шыншыл және байсалды болу;
- өскен ортаның ықпалдарына мән беру. Табиғат заңдылықтарын, жануарлар дүниесін, өсімдік жамылғысымен танысу;
- ақылды, білімді болып өсу. Ақыл-ойды дамыту әрекеттері. Дамыта отырып тәрбиелеу үрдістері;
- қонақжайлылық, сыпайылық, мейірбандылық, әдет-ғұрыптарды қастерлеу, үлкен адамдарды сыйлау, бата-тілектерді дәріптеу;
- парасатты, қанағатшыл, елжанды және отансүйгіш болып өсу, қайратты, әділетшіл һәм адалдық қасиеттері бойына сіңірген тұлға болу;
- тыйым сөздер мен ырымдарды сақтау және қастерлеу;
- тәлім-тәрбиенің біртұтас этнокомплексті түрде жүргізілуі;
- денсаулықты шыңдау және тазалықты (гигиенаны) сақтау, салауатты өмір салтын қалыптастыру;
- үлкенді өнеге тұту, кішіге ізет көрсету, ұлттық қазыналарды қастерлеу, өсиеттер мен аманаттарға назар аудару [100.12].
Халықтық құндылықтардың адам жандүниесінің ішкі рухани қазынасы екенін сезген қазақи сана, өскелең ұрпағының бойына аталмыш ұлы сезімдерді сіңіруді басты мақсат еткені – ұлттық тәлім-тәрбиенің негізгі қағидаларына жатады. Ал бұл өз кезегінде ұлттық сананы қалыптастырады.
Қазақ халқы өмір сүріп отырған орта мал-егін шаруашылығын негізгі кәсіптің көзіне айналдыруымен бірге ұлттық өнер түрлерін (ән-күй, шешендік өнер, айтыс, қолөнер бұйымдарын жасау, кілем тоқу, өрнек тоқу, би өнері, эпостарды насихаттау, жыр жазу, ән шығару т.б.) жас ұрпақтың үйренуіне, таратуына, этнофилософиялық мән-мағынасын түсінуге және қастерлеуге баулып отырған.
Халықтың ғасырлар бойы жинақталған тәлімдік-танымдық әрекеті ұлттық тәрбие түрлерін қалыптастырады. Тәрбие түрлері мен ата таным ерекшеліктерінің әлемдік классикалық педагогикағылымдары атап көрсеткен тәрбие теориясы мен білім тарихына байланысты педагогикалық технология тәжірибелер қағидаларымен ұштасқаны – халық педагогикасының қоғамдық құбылыс екенін байқатады. Мысалы, 1970 жылдары классикалық педагогика жүйесінде жиі айтыла бастаған «экологиялық білім мен тәрбие» проблемалары, оған дейін халық тұрмысында табиғатты қорғау мен тануға бағытталған тыйым сөздер, мақал- мәтелдер мен тағылымдық ой-пікірлерде айтылғаны белгілі. Қазақ дүниетанымындағы «көкті жұлма», «айға қарап қолыңды шошайтпа» немесе «бұлақ көрсең көзін аш» деген этноэкологиялық тағылымдар қоршаған ортадағы табиғат құбылыстарын терең тануға деген халықтың эмпирикалық білімі мен тәлім-тәрбие беру ісінде қоршаған орта һәм табиғат дүниесін қорғау мен танып-білудің тамаша үлгісін (дәстүрін) жасай білген
Ұлттық тәлім-тәрбиенің қағидалық ғибраттарын ұлттық дүниетаным, ұлттық сана тұрғысынан тарату аталған ой-тұжырымдармен шектелмеуі тиіс. Осы айтылғандармен қатар қазақ халқына тән батырлық, намысшылдық, ұлтжандылық, имандылық, ілкімділік, дәнекерлілік, көпшілділік, қанағатшылық, тәубашылдылық, төзімшілділік сияқты асыл қасиеттердің ұлттық сананы қалыптастырудағы маңызын одан ары зерделей түскеніміз абзал.
Достарыңызбен бөлісу: |