61
«Ішсем, жесем» демектің басын Абай туа біткен қуаттар
қатарына жатқызады. «Білсем екен, көрсем екен» демектің басы
да адам бойында туа біткен табиғи қуаттар. Ал ақыл, ғылым –
жүре келе қалыптасатын кəсіби қуаттар [2, 219].
Абайдың білім концепциясында білу үдерістері үшін біл-
мекке талпынушы жастың ішкі қалпының дұрыс қалыптасуы-
ның маңызы жоғары.
Абайдың білім концепциясындағы білу үдерістерінің басы –
талап→қабылдау. Адам баласының дүние сырын қабылдауы
оның бойына туа біткен қуат көздері арқылы, олардың бірте-бірте
жетілуі, кемелденуі нəтижесінде жүзеге асады. Адам білсем екен,
көрсем екен деген мақсатпен талпынып, талап қылып, «көзбенен
көріп, құлақпен естіп,
қолмен ұстап, тілмен татып, мұрынмен
иіскеп, тыстағы дүниеден хабар алады. Ол хабарлардың
ұнамдысы ұнамды қалпымен,
ұнамсызы ұнамсыз қалпыменен,
əрнешік өз суретіменен көңілге түседі» [2, 219]. Көңілде жақсы
нəрсенің суретімен байланысты жақсы əсер, жаман нəрсенің
суретімен байланысты жаман əсер қалады.
Адамның тыстағы дүние құбылыстарын қабылдаудағы қуат
көздері, оның жолдары, сатылары туралы ойлар мен қағидалар −
Абайдың білім концепциясының өзекті желілері. Олардың
эпистемологияда, білім беру, білу мен түсіну теориясының
тарихында алатын өз орны бар. Сонымен қатар мынаны ескеру
қажет: Абайдың дүние құбылыстарын қабылдаудың, білудің,
түсінудің
тетіктері, жолдары, сатылары туралы ойлары мен
қағидалары оқу мен оқытудың қазіргі заманғы теориясы мен
методологиясы аясында да маңызды.
Көңілі тыныштық тапқан жас білім, ғылым үйренбекке талап
қылатын болса, ол білім, ғылым үренуге талап қылудың
шарттарын білуі қажет.
Əуелі, білім, ғылымның өзіне ғана құмар, ынтық болып, бір
ғана білмектіктің өзін игілік деп санау шарт. Əр білмеген нəрсені
білгенде, көңілде бір рахат күй орнайды. Сол білгенді берік ұстап,
білмеген жайды тағы да сондай
білсем екен деп құмарланған
махаббат пайда болады. Сонда əрбір естігенді, көргенді көңіл
жақсы ұғып, анық өз суретімен ішке жайғастырады.
Егер көңіл өзге нəрседе, мысалы, мал немесе шен-шекпен
табуда болса, ал білім, ғылымды соған себеп қана қылмақ үшін
62
үйренсе, онда көңілдің білімге мейірімі шала болғаны. Адамның
көңілі білімге шын мейірленсе,
білім-ғылымның өзі де
мейірленеді. Шала мейір шала байқайды.
Достарыңызбен бөлісу: