МҰСА ПАЙҒАМБАРДЫҢ АСА ТАЯҒЫ
– Балам, баяғы бір заманда Мұса пайғамбар болыпты. Ол адамдарды дінге үгіттепті... Тастан, ағаштан – қолдан құдай жасамаңдар. Көктегі жалғыз Жаратушыға бағыныңдар! – депті.
Сол кезде Перғауын деген патша Мұса пайғамбарға қарсы болыпты.
– Сен керемет болсаң, менің сиқыршыларыммен бәсекелесіп көр! – деп мақтанады.
Бір алаңға Перғауынның мың сиқыршысы жиналады. Әрқайсысының қолында бір-бір жібі бар. Аспанға лақтырып қалса, жылан болып ирелеңдей жөнеледі.
Мұса пайғамбар Жаратушыға жалынады. Сөйтеді де, қолындағы аса таяғын аспанға қарай атып жібереді. Сол кезде аса таяқ айдаһарға айналады. Сиқыршылардың жыландарын жұтып қояды. Аса таяқ жай таяқтан жуан, үлкен. Жонып, өрнектеп жасалады.
Бұл оқиғаны көріп тұрған адамдар Мұсаның алдына келіп, бас иеді. «Сенің айтқаның рас екен!» – дейді. Перғауын Мұсаны өлтірмекші болады.
Мұса пайғамбар жанындағы серіктерімен қашады. Ніл деген дарияның жағасына келеді. Перғауын жасақтары артынан жетіп қалады.
Мұса пайғамбар тағы да Жаратушыға жалынады:
– О, Жаратушым, жәрдем ете гөр! – дейді.
Сол кезде Ніл дариясы қақ айрылып, ортасынан жол шығады. Мұса пайғамбар серіктерімен өтіп кетеді. Ал артынан қуған Перғауын Мұсаның соңынан дәрияның ортасына бара бергенде, су жүріп кетеді. Қара ниет, дінсіздер суға батып кетеді.
Данабек әкесінен сұрады.
– Әке, дінсіз деген не? – деді.
Әкесі жауап берді:
– Адамды Алла тағала жаратқан. Біздің иеміз – Алла. Оның бар екеніне сенген адам жақсы адам болады. Жамандық жасауға Құдайдан қорқады. Ал Құдайға сенбейтін адамды «дінсіз» дейді. Дінсіз адам жамандық жасаудан қорықпайды.
Осы кезде әңгімеге Айбегім араласты:
– Әке, Алла тағала мен Құдай бір ме? – деді.
Әкесі күлді:
– Е, оны байқап қойыпсың ғой, қызым. Қазақтар екеуін алмастырып айта береді. Бірақ мағынасында айырмашылық бар. Алла тағала – жалғыз, біреу ғана. Оған тең келетін ешкім жоқ. Ал құдайлар көп. Мысалы, От құдайы, Су құдайы тағы басқалар.
ЖАНУАРДЫҢ ТІЛІ
Сүлеймен пайғамбар жан-жануардың тілін білетін. Сиырдың мөңірегенінен, есектің ақырғанынан, қарағанынан, не айтып тұрғанын біліп қоятын.
Бір кісі Сүлеймен пайғамбарға өтініш айтты: «Жануардың тілін үйретші», – деп жалынды. Бірнеше айдан соң үйреніп алды.
Әлгі кісі үйіне келіп, қораның сыртынан тыңдады. Сөйтсе, есек пен өгіз сөйлесіп жатыр екен. Есек:
Өгіз, бауырым, халің қалай? – дейді.
Өгіз:
– Ауыр жұмыстан шаршадым. Қожайыным мені аямайды, – деп ыңырсиды.
Есек оған ақыл айтады:
– Сен бүгін шөп берсе жеме, су берсе ішпе. Ауырып қалған екен деп, жұмыстан қалдырады, – дейді.
Өгіз айтқанды орындайды. Шөп те жемей, су да ішпей жатып алады. Екеуінің сөзін есіткен қожайыны құлына айтады:
– Ертең өгізді қалдыр да, есекті жұмысқа жек! – дейді.
Ертеңіне өгіздің бар жұмысын есекке салады. Арба да сүйрейді. Отын да тасиды. Өлердей шаршайды. Кешке аяғын әзер сүйретіп қораға кіреді.
Өгіз болса, тынығып қалған еді. Қутың-қутың еді.
– Халің қалай, достым? – дейді есекке.
Әбден шаршаған есек күйіп кетіп:
– Сені қожайын сойып жеймін деп жатыр. От оттап, су ішпесең, ертең сояды, – деп алдайды.
Қорқып кеткен өгіз дереу шөп жеуге кіріседі. Қораның сыртынан тыңдап тұрған қожайыны есектің қулығына әбден күледі.
Достарыңызбен бөлісу: |