ДАЛАДАҒЫ САБАҚ
Мектеп жанынан өтіп бара жатқан жұрт кейде далада дөңгелене отырып, өзгеге назар аудармастан, ынталана қызу таласқа түсіп жатқан оқушылар мен мұғалімді көрер еді. «Мұндай да сабақ бола ма екен?» – деп түсінбесі анық. Ал біз болсақ: «Вагон секілді автобусымыз болар ма еді? Онымен ауыл сыртындағы көкпеңбек биік жоталардың біріне тоқтап, саф ауа, мөлдір суды жұтып, апта бойғы сабақты табиғаттың ортасында өткізер ме едік», – деп армандаушы едік.
Кейбір «Дене мәдениеті» сабағында («Денешынықтыру») ортадағы аттың бірі жүгенінен ұстап, бірі сауырынан сипап, бірі ер үстінде жарбиып жапырлаған балалар көрінетін. Мұғалім ат мәдениетінің түркілерде қалай қалыптасқанын, оның дене мәдениетіне әсерін айтатын. Іштей: балаларды танауы жел-желп еткен бір-бір жүйрікке мінгізіп, қолына томағасы көзін басқан қыран құс қондырып, атбегілік пен құсбегіліктің сырын сіңірсек-ау деп түйетінбіз.
Расында да, оқушылар «Тіршіліктану» сабағын оқиды, бірақ өз жерінде өсетін ағаштар мен майда өсімдіктің атын атап, түсін түстеп бере алмайды. Жағырапиядан жақсы бағалар алады, әттең туған жерін картаға түсіре алмайды. Денесін шынықтырамыз. Бірақ ол табиғи дәстүрімізден ажыраған. Бір сөзбен айтқанда, оқу нәтижесі өмірден алшақ.
Қыста, «Дене мәдениеті» сабағында директордан – мұғалімге дейін сырғанау, жүгіру, доп ойындарынан оқушылармен жарысып жүрдік. Қар кешіп, баламен бірге ойнау, бірге қуану – достықты бекіте түсудің тәтті сәттері. Ұзын дастарқаннан өз қыздарымыздың еңбек сабағында пісірген жұқпасын, әрқайсымыз үйден әкелген қарапайым тағамдарымызды таласа-тармаса жеу, күлкілі әңгімелер, қандай қызық!
ЖИЫРМА ТОҚТАМ
Мұғалімдер бөлмесінде олардың нені күтетініміз былайша сипатталып ілініп тұрды:
1. Кісі екеніне күмәнмен қараған баладан кісі шықпайды.
2. Оқушының кемшілігін көргіш болсаң, ықыласын өлтіресің. Жеңісін ізде.
3. Баланы таң қалдыруды ұмытпа. Даналыққа ұмтылу таң қалудан басталады.
4. Әр баланың өмір тіршілігі – өзінше бір тағдыр. Баланың тағдырына ой көзімен қара. Сабаққа келмесе, себебіне үңіл. Сабағыңа қызықпаса, себебіне үңіл. Тентек болса, себебіне үңіл. Себебін алдымен өзіңнен ізде, мұғалім.
5. Мұғалімнің өз сабағын білуі жеткіліксіз. Баланың жан дүниесін түсінбейтін мұғалім сабақ беруші ғана.
6. Баға құнды емес, бала құнды.
7. Бала мектеп үшін емес, мектеп бала үшін жұмыс істеуі керек.
8. Әр бала өз мүмкіндігінің жоғары-төмендігіне қарамастан, өзінше бір ғажайып құбылыс.
9. Мұғалімнің мақсаты өз пәнін жақсы үйретуден гөрі тереңіректе. Ол – адам жасаушы адам.
10. Сабақ дегеніміз – мұғалім мен шәкірттің адамгершілік қарым-қатынасы.
11. Баланың мүмкіндігіне сенген мұғалім мен сенбеген мұғалімнің іс-әрекеті әр түрлі болмақ.
12. Көптің көзінше баланың кемшілігін бетіне баспа. Сеніп айтқан сырын шашпа.
13. Сабақтың мақсаты – баланың басқаға ұқсамайтын қасиеттерін аша білу.
14. Сабақ үстіндегі тыныштыққа көп ізденіспен, еңбекпен ғана жетуге болады.
15. Мұғалімнің сөзі мен ісі жасанды емес, шынайы болуы аса қажетті шарт.
16. Баланың ықыласын оята біл. Қолынан іс келетіндігіне сендіре біл.
17. Мұғалім мен баланың қарым-қатынасы қуанышты әрі пайдалы болсын.
18. Балаға сыйлы боламын десең, өзің баланы сыйла.
19. Қиын тақырыпты түсіндіре салып сұрауға асықпа, келесі сабақты қайта түсіндіруден баста.
20. Әр бала – халқының келешек тұлғасы.
Достарыңызбен бөлісу: |