РЕЙТИНГ ЖҮЙЕСІН ҚАЛАЙ ЕНГІЗДІК?
Әдетте мектептегі балалар: «екі алғыштар», «үшке үлгіретіндер» «жақсы», «өте жақсы» оқитындар деп бөлініп жатады. Оның өкпе, реніш туғызатын жақтары көп. Өйткені «баға» бар болғырдың көбіне кілті – кісіде. Мұғалімнің көңіл-күйіне, адамшылық мұраттарына, ішкі мәдениетіне т.т. байланысты. Қысқасы, баға оқушының ынтасын арттырудың орнына, оның жүрегіне қорқыныш сезімін орнатып, қорлайды. Тіпті, баға қоюшының көңілін тауып, лаждауды қулық пен алдауды да үйрететін нысанаға айналады.
Біздің рейтингке келу себебімізді өте қарапайым түрде былай деуге болар еді: баға – кісінің қолында, балл жинау, еңбектену – баланың қолында. Шамасы жеткенше, еңбек етсін де, балл жинасын. Неғұрлым көп еңбектенсең, балл да көп болады. Нарыққа көшу кезінде, бір жағынан үйрену де болып шығады. Мысалы:
1) Оқушы сабаққа кешікпей келді, ол үшін 4 балл алды. Кешіксе, ұрысып әуре болмайсың, 4 балл орнына «К» деген белгі ғана соғылады.
2) Сабаққа қажетті құрал-жабдықтарының бәрі үстел үстінде тұр – 1 балл;
3) Үй тапсырмасын орындап келді, түгел орындалса – 2 балл, жартылай – 1 балл. Орындалмаса, түк те жоқ.
4) Сабақ айтты: 5 не 4, 3, 2, 1 балл жинады.
5) Оқушы өзіндік жұмыс жасап келіпті. Қосымша әдебиет оқыды, оны конспектілеп, тіпті айтып берді немесе үйге берілген тақырыптың мазмұнын ашатын сурет салды, қосымша есеп шығарды, тапсырмадан тыс өлең жаттады, жаттығу орындады т.б. Ол үшін 5 не 4; 3 не 2; 1 балл алады.
БИЛЕР: ТӨБЕ БИ, ТӨТЕНШЕ БИ
Мектебімізді ашқан күні кіре берісте Қазыбек бидің атақты «Біз қазақ деген мал баққан елміз…» деп басталатын сөзі тұрды жарқырап. Ол сөздерді әр балаға құрандай жаттаттық. Көкірегін керіп айтсын дедік. Өзінің қазақ боп туғанына мақтансын дедік.
Әдеп сабағында: Құранның беташар сүресін мағынасын түсіндіріп тұрып тағы жаттаттық. Ораза тұтар кездегі, ауыз ашардағы, жаны құдайы деп мал бауыздардағы айтылатын сүрелерді білді. Дастарқанға бата беру, мұсылманның бес парызын айтты. Пайғамбарларды айырды. Олар несімен тарихта қалған тұлғалар екенін түйді. Тіпті ауылдағы ересектердің өзі жұма күндері Құран оқуға, әңгіме тыңдауға, біздің балаларды шақырып жүрді.
Бұрынғы мектептегі «староста» дейтін лауазымды «билерге» алмастырдық: Төбе би – мектеп бойынша оқушылар басқаруының ең жоғарғы өкілі. Төтенше би – старостылар. Жоғары сыныптың билері – Аға би, төменгі сыныптың билері – Бала би. Мектептегі мәселелер билер кеңесі арқылы шешіліп отырды. Билер кезекті мәселелерді талқылап, ақылдасып, шешіп отыруға тиіс болды. Мақсатымызды түбегейлі орындап үлгірмесек те, бұл өз нәтижесін беретін жүйе екенін түсіндік.
Достарыңызбен бөлісу: |