Тақырып 1. Темір жол стансалар мен торабының жұмысын ұйымдастыру. Пойыздар жүрісіндегі сигнализация жəне байланыс құралдары
Лекция № 1
1.Темір жол және тораптардың міндеті, олардың сипаттамалары мен торапта вагон ағынын ұйымдастыру.
2.Торапта пойыздар жүрісін ұйымдастыру. Көлік тораптарында жүктерді өңдеу бойынша логистикалық орталықтарды ұйымдастыру.
1.Темiржол көлiгi өндiрiстiк қызметiнiң сипаты, ұйымдастырылуы және басқарылуы жөнiнен басқа салаларға ұқсамайтын бiрқатар өзiндiк ерекшелiктерi бар үлкен әрi күрделi шаруашылық болып саналады.
Телiм арқылы қажеттi пойыздар мөлшерiн өткiзу және олардың жүрiс қауiпсiздiгiн қамтамасыз ету мақсатында, сондай-ақ вагондарды тiркеп-ағыту үшiн темiржол желiлерi аралықтарға – бiр-бiрiнен бөлiм бекеттерi мен ажыратылатын жол телiмдерiне бөлiнедi.
Тарам жолсыз бөлiм бекеттерi, сондай-ақ айырықтар мен озба бекеттері желi арқылы әрбiр бағытта өтуге тиiстi пойыздар санын жөнелтiп отыруға арналған.
Негiзiнен, қарсы келе жатқан пойыздар айырықтарда айырылысады, ал озба бекеттерде – бiрiн-бiрi басып озады. Айырылым бекеттерi – бұлар даражолды, ал озба бекеттері – қосжолды телiмдерде орналасады.
Жүктердi қабылдау-тапсыру, жолаушыларға қызмет көрсету операциялары, пойыздарды қабылдау-жөнелту, тоғыстыру және басып озу операцияларын, ал тарам жолдары дамыған бөлiм бекеттерiнде – пойыздарды сұрыптау-құрастыру секiлдi маневр жұмыстарын, вагондар тобымен және жеке вагондармен техникалық операцияларды жүзеге асыруға мүмкiндiк беретiн құрылғылары бар тарам жолды бөлiм бекетi темiржол станциясы деп аталады.
Станциялар дегенiмiз – темiржолдың тұтынушыларымен тiкелей байланысты жүзеге асыратын аса маңызды өндiрiстiк-шаруашылық бiрлiктер. Тасымалдау процесiнiң бастапқы және ақырғы операциялары, пойыздар жүрiсiн қамтамасыз ететiн қыруар жұмыстар станцияларда атқарылады.
Жұмыстың көлемi мен сипатына қарай станцияларда келесі құрылғылар болады:
пойыздарды қабылдап жөнелтуге, маневр жұмыстарын, жүк операцияларын атқаруға арналған тарам жолдар;
сұрыптағыш құрылғылар (сұрыптағыш дөңестер, шағын дөңестер, тартым жолдары); станция жолдары және вагондар мен локомотивтердi тексеруге, жарақтандыруға, жөндеуге арналған құрылғылар;
СОБ және байланыс құрылғылары;
қызметтік-техникалық ғимараттар мен үй-жайлары, жолаушылар ғимараттары мен платформалар, билет және қол жүгi кассалары; теңдеме жүк пен қол жүктерiн қабылдау, сақтау, беру орындары;
жүк сақтау орындары (жабық қоймалар, ашық алаңдар, платформалар, вагон таразылары, контейнер алаңдары);
жарық беру, өрт қауiпсiздiгi және сумен қамтамасыз ету құрылғылары.
2. Бөлiм бекеттерiнiң қызметі және жiктелуi.Арналуы мен жұмыс сипатына қарай станциялар аралық (оның iшiне айырықтар мен озба бекеттерi кіреді), телiмдiк, сұрыптау, жүк және жолаушылар станциялары деп бөлiнедi.
Пойыздарды қабылдап, жөнелтіп және өткiзетiн, сондай-ақ шағын көлемде жүк және коммерциялық операциялар жүргiзетiндерін аралық станцияларға жатқызады.
Негiзiнен алғанда, транзиттiк пойыздармен айналысатын (вагондарды тексеру, локомотивтердi, бригадаларды ауыстыру) станциялар телiмдiк станцияларға жатады.
Пойыздар жаппай сұрыпталатын және құрастырылатын станциялар сұрыптау станцияларына жатады.
Телiмдік және сұрыптау станцияларында, негiзiнен алғанда, техникалық операциялар атқарылатындықтан, бұлар техникалық станциялар деп аталады.
Станция жұмысын реттейтiн негiзгi құжаттарға:
Теміржол станциялары туралы ереже;
Станцияның техникалық-жарлық актiсi (ТЖА);
Станцияның технологиялық жұмыс үрдісі (ТЖҮ) жатады.
Аралық станциялардың жұмыс технологиясы.
Темiржол желiлерiндегi станциялардың басым бөлiгiн аралық станциялар құрайды. Оларда мынадай операциялар атқарылады:
жолаушылар мен жүк пойыздарын қабылдау, жөнелту және тоқтаусыз өткiзу; пойыздарды айрылыстыру және басып озу; құрама пойыздарды күту (вагондарды тiркеу және ағыту);
жүктер мен теңдердi қабылдау, тиеу, сақтау және тапсыру (кейбiр станцияларда – өлшеу), жүк құжаттарын ресiмдеу, жолаушыларды отырғызу және түсiру, билет сату.
Достарыңызбен бөлісу: |