Ғылым ордасындағы «Археология музейі» (автор Төлегенов А.К.)
Оқушылардың тарихи танымдарын тереңдету үшін оқулықтан оқыған білімдеріне қосымша музейлердегі тарихи жәдігерлермен танысу – олардың көру арқылы есте сақтау қабілеттерін дамытудың тиімді жолы. Қазақтың біртуар ғұламасы Абай ес туралы «Отыз бірінші сөзінде»: «Естіген нәрсені ұмытпастыққа түрлі себептер бар: бірінші көкірегі байлаулы берік болмақ керек: екінші сол нәрсені көргенде ғибраттану керек, көңілденіп, ынтамен ұғу керек» - дейді.
Біз рухани жаңғыру жолында бабалардан мирас болып, қанымызға сіңген, бүгінде тамырымызда бүлкілдеп жатқан ізгі қасиеттерді қайта түлетуіміз керек. Білім алушыларды өз туған өлкесіне, өз тарихына, мәдениетіне салт-дәстүріне, өз Отаны алдындағы адамгершілік борышына аса ыждағаттылықпен қарауға үйрету керек. Әр оқушының бойына кез келген пәнге деген қызығушылығын арттыру шебер ұстаздың қолынан ғана келеді. Білім берудің жаңартылған мазмұнына сай білім бере отырып, тиімді жолмен жаңа заман тұлғасын қалыптастыру – әр ұстаздың мақсаты екені анық. Білім мазмұнын жаңартудың ғылыми негізінде оқушы белгілі бір қажетті біліктер мен дағдылардың иесі, оқу әрекетінің субъектісі, әртүрлі мәдениеттер мен өз көзқарасы тұрғысынан білімді, сауатты, өз ойын дұрыс шебер жеткізе білетін мәдениетті тұлға.
Жаңартылған оқу бағдарламасының ішкі құрылымындағы ерекшелігі, алған білімінің болашақта пайдаға асуы, қажетке жарауын қалыптастыру. Көп ақпаратты талдай жинақтай отырып, ішінен қажеттісін алуға үйрету. Ал, оның ішінде қызықтыру мен үйрету – егіз. Үнемі дайын термин, дайын ережемен, дайын ақпаратпен, сабақта мәнсіз, қажеті кем нәрселермен оқушыларды шырмап алатын мұғалімді Я.А.Коменский «басқа құстардың қанатын байлап алған Эзоп қарғасына» ұқсататын. Бүгінгі таңда оқу үдерісін жетілдіру үшін инновациялық білім беру технологиясын пайдаланудың тиімділігін уақыт өзі дәлелдеп отыр. «Инновация» термині ғылымға ХІХ ғасырда антропология және этнография салалары арқылы енді. Мұнда ол «дәстүр» терминінің антонимі ретінде мәдениеттегі өзгерістер үдерісін зерттеуде қолданылды [9, с. 79]. Ж.Аймауытов: «Сабақ беру – үйреншікті жай ғана шеберлік емес, ол жаңадан жаңаны табатын өнер» деп көрсеткен болатын.
Мен өз тәжірибемде Рухани жаңғыру бағдарламасымен Ұлы даланың жеті қырындағы көрсетілген бағыттарды сабақтастыра отырып, тарихи деректерді меңгертемін. Біздің жерімізде материалдық мәдениеттің көптеген түрлері пайда болып, қазіргі қолданыстағы кейбір бұйымдар сонау көне заманнан бізге жәдігер ретінде келе жатыр десек артық болмайды. Бұған дәлел – қазақтың атқа міну мәдениеті. Халық арасында «Қазақ пен ат – егіз ұғым,атты қазақсыз, қазақты атсыз елестету мүмкін емес» деген сөз тегін айтылмаса керек. Осыған орай, оқушыларға Қазақстан тарихы пәнінен Қазақстан аумағындағы энолит дәуірінің жарқын ескерткіші – Солтүстік Қазақстандағы (Жайық-Ертіс өзендері аралығы) Ботай мәдениеті жайлы мол мәлімет берілді. Ботай тұрағы –әлемдік деңгейдегі құнды тарихи жәдігер. Ботайлықтар бүкіл Еуразия даласындағы ең алғашқы жылқы өсірушілер болып саналады.
Ботай қонысынан табылған 70 мың жылқының сүйек қалдықтары осыған дәлел. Жылқыны қолға үйрету арқылы біздің ата-бабаларымыз атқа міну мәдениетін қалыптастырды. Дала өркениетінің дамуына айтарлықтай үлес қосып, көшпенді шаруашылықтың ілгері басуына мұрындық болған жылқыны адамзат қолға үйреткеннен бастап, бұл жануар ата-бабалар өмірінде ерекше маңызға ие болған Қамбар ата баласынының түр-сипатын, мінезін, көңіл-күйін, қыры мен сырын, әр қимылын бабалар толыққанды зерттеп қойған. Қазақ өзін «жылқы мінездіміз»,-деп сипаттайды. Тұтас бір ұлттың ішкі сезіміне теңестірілген бұл жануардың мінезінің артықшылығы – еркіндіктің, бостандықтың символы. Ол басқа малға қарағанда таза, кірпияз, шөптің асылын, судың тек тазасын ішетін жануар. Қазақ оны «текті жануар» деп, санаған. Қазақтың өзі де, қазақ жылқылары да қашаннан төзімділігімен ерекшеленеді. Ал, оқу мен оқытуда төзімділік – ең басты қажеттілік.
Жылқының адам бойына күш, рух сыйлайтын ала-бөтен қасиеті бар. Ол – намыс, ол – ұлттық сана-сезім, ол – тектілік рухы. Қазақ үшін бұл ауадай қажет. Қазақ баласының кісі қатарына қосылып азамат болуы ат жалын тартып мінуі мен сәйкессе, ауыл-аймағын аузына қаратып, артынан ел-жұртын ертіп елге бас болған азамат атқамінер атанады.
Қазақ үшін лауазым-шеннің, мансап-биліктің де биік шыңы – аттың үсті. Өмір бойы өнегелі ісімен үлгі болып, шау тартса да шалдықпаған, халқының қамын жеген ел ағасын ат үстінен түспеген жан дейді. Аса талапты, таланты тас жарып тұрған адамға теңеу іздегенде де жылқыға келіп тірелеміз. «Талаптың мініп тұлпарын, тас қияға өрледің»,-деген Абайдың сөзі осыған дәлел.
«Ұлы даланың жеті қыры» мақаласында айтылған «Атқа міну мәдениеті мен жылқы шаруашылығы» жер жүзіне Ұлы даладан тарағаны тарихтан белгілі. ҚР БҒМ Ғылым Ордасында орналасқан «Археология музейіне» барған адамның назарын бірден алатын жәдігердің бірі – «Берел» қорымынан табылған жылқының жаңартылған макетін көруге болады. Еліміздің солтүстік өңіріндегі энеолит дәуіріне тиесілі «Ботай» қонысында жүргізілген қазба жұмыстары жылқының тұңғыш рет қазіргі Қазақстан аумағында қолға үйретілгенін дәлелдеді. Жылқыны қолға үйрету арқылы біздің бабаларымыз өз дәуірінде адам айтқысыз үстемдікке ие болды. Ал жаһандық ауқымда алсақ, шаруашылық пен әскери саладағы теңдессіз революцияға жол ашты. Жылқының қолға үйретілуі атқа міну мәдениетінің де негізін қалады. Бес қаруын асынған салт атты сарбаз айбарлы көшпенділер империялары тарих сахнасына шыққан дәуірдің символына айналды.
Сабақ барысында сақтар, үйсіндер, қаңлылар тақырыбына және «Ботай мәдениеті» мен «Берел қорымына» қатысты мәліметтерді сабақ барысында оқушыларға түсіндіре отырып, ҚР БҒМ Ғылым Ордасында орналасқан «Археология музейіне» саяхат жасадық.
|
ҚР БҒМ Ғылым Ордасында орналасқан «Археология музейіне» саяхат (автор Төлегенов А.К.)
|
Ұрпақ тәрбиелеуде рухтың күштілігі – басты мәселе. Рухы мықты, ойы тұнық адам ғана оқуда озат, білімде оқ бойы озық бола алады. Оқушылардың бойына адамгершілік, достық қатынастарын қалыптастыруда бабаларымыздың жолсерігі, қиындыққа тап болса алып шығатын жансерігі жылық жануарының бойындағы асыл қасиеттерді әр адам өз бойына сіңіруі керектігін ұғындыру. Халқымыздың тыныштығы мен бостандығы үшін қан майдандарда шайқасқан қазақ батырларының ерлік жырларында олардың астына мінген аттарымен қатар жырланған. Мәселен, Қобыландының Тайбурылы, Алпамыстың Байшұбары, Қамбардың Қарақасқасы, одан бері Қабанбайдың Қубас аты, Исатайдың Ақтабаны, Амангелдінің Шалқасқа аты бүгінгі күні тарихымыздың құндылықтарына айналып отыр. Осы тұста «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласының Ұлттық бірегейлікті сақтау бағытындағы ескіліке жаңаша дем беру арқылы атадан балаға мирас болып келе жатқан жылқыны сабаққа кіріктіру арқылы ұлттық рухымыз бойымызда мәңгі қалуға тиіс.
Оқушыны қарапайым түсінікті тілмен білімге бағыттау. Сабақ барысында білім шыңына бәсекелестік тудырып, өзіндік ізденістерін қалыптастыруға бағытталған «Аламан бәйге», «Көкпар» ойын әдісін жиі қолданамын. Топқа бөлгенде де «Сәйгүлік», «Жорға», «Арғымақ», «Тұлпар» сияқты жүйріктігі желдей есетін жылқыларға байланыстырып аламын. «Аламан бәйге» ойынын сабақтың кез келген кезеңіне қолдануға болады. Топтарға тақырыпқа байланысты жеңіл, орташа, күрделі сұрақтар қойылады. Барлық тапсырмадан сүрінбей өткен топ (жеке оқушыда болады) бәйгеде жеңіске жетіп марапатталады.
«Көкпар» ойынында қарсылас топтардың қағаз бетіне (бір А4 праққа жазылуы шарт) жазып дайындаған сұрағына лезде жауап бермесе, келесі топ тез арада тартып алып кетеді. Сұраққа толық жауап берілмейінше топтар арасында тартыс тоқталмайды. Ұлттық салт-дәстүрімізді тілімізді, дінімізді, мәдениетімізіді әр сабақта оқушың бойына сіңіре отырып, ұлттық құндылықтарымызды жоғалтпай жаңаша дем беріп көзі ашық көкірегі ояу азамат тәрбиелей аламыз.
Тұңғыш президентіміз Н.Ә.Назарбаев «Табысты болудың ең іргелі, басты факторы білім екенін әркім терең түсінуі керек. Себебі, құндылықтар жүйесінде білімді бәрінен биік қоятын ұлт қана табысқа жетеді» деп көрсеткен болатын. Тарих сабағында ұлттық құндылықарды танытуда оқушының оқуға деген қызығуы мен өзіне деген сенімін арттырып, түйінді мәселелерді іріктей алатындай, шешім қабылдау әрекеті қалыптасқан, өз білімін бағалай білетін іскерлік дағдысы дамыған, өз дүниетанымы қалыптасқан заман жүгін арқалауға қабілетті тұлға тәрбиелеу басты мақсатымыз.
Достарыңызбен бөлісу: |