Зерттеу объектісі. Қазақтар және Орталық Азия халықтарының дәстүрлі отбасы және отбасылық әдет-ғұрып, салт-саналары.
Зерттеу пәні. Қазақ, өзбек, қырғыз, түркімен, қарақалпақ, тәжік халықтарының отбасы түрлері, отбасы мүшелерінің қарым-қатынасы, неке құру, бала туу, адамды жерлеу сияқты отбасылық әдет-ғұрыптардағы ұқсастықтар мен ерекшеліктер, осы этнографиялық ортақтастықтар мен айырмашылықтардың қалыптасуының тарихи-этногенетикалық, шаруашылық-мәдени типтік себептері.
Зерттеудің хронологиялық шеңбері. ХІХ ғ. аяғынан ХХ ғ. басына дейін - дәстүрлі этнографиялық кезең. Мұндай хронологиялық шекті алуымыздың себептері: біріншіден, Орталық Азия халықтары және қазақтардың отбасы жөніндегі біз пайдаланған зерттеулер және дереккөздік әдебиет материалдары негізінен осы кезеңдерді қамтиды; екіншіден, бұл кезең қарастырып отырған аймақ халықтарының тұрмыс-тіршілігінде әлі де дәстүрлі қоғамдық қатынастар өз қалпында сақталып тұрған заманалар еді.
Зерттеу жұмысының мақсаты. Орталық Азия халықтары мен қазақтардың отбасы, отбасылық әдет-ғұрыптарының негізгі дәстүрлі тұстарын сипаттау, от-басылық әдет-ғұрыптардағы ортақтастықтар мен ерекшеліктерді ашып көрсету, олардың шаруашылық, мәдени, тарихи-генетикалық себептерін, сырларын түсіндіруге тырысу. Осыған байланысты мынадай міндеттер қойылды:
қазақтар мен Орталық Азия халықтарының отбасы формаларын, олардағы ер-әйел, ұрпақтар арасындағы қарым-қатынастарды сипаттау, сол арқылы аталған халықтар арасындағы осы саладағы ұқсастықтар мен ерекшеліктерді анықтау;
зерттеу нысанасы болып отырған халықтардың неке құруға байланысты әдет-ғұрыптарының негізгі циклдарын сипаттай отырып, олардың бәріне тән ортақ ғұрыптар, белгілі бір халықтар тобына тиісті ортақтастықтар, жекелеген халықтарға тән ерекшеліктерді анықтау;
қазақтардың, өзбектердің, қырғыз, қарақалпақ, түркімен, тәжіктердің баланың дүниеге келіп, өсіп, тәрбиеленуіне байланысты әдет-ғұрыптарын салыстыра талдау, олардың этногенетикалық, мәдени-генетикалық үдеріс-терімен байланысын анықтау;
Орталық Азия мен Қазақстан аумағын мекендеуші байырғы халықтардың адамды жерлеу, өліктің артын күтуге байланысты әдет-ғұрыптарын сипаттау және өзара салыстыру арқылы олардағы исламнан бұрынғы дейтүркілік, түркілік, үнді-ирандық, беріректегі жалпы мұсылмандық ғұрыптардың мәдени қабаттарын анықтау;
Орталық Азия және Қазақстанның тұрғылықты халықтарының әдет-ғұрыптарындағы жалпы ортақтастықпен қатар жекелеген халықтардың, мысалы, қазақ-қырғыз, қазақ-өзбек, өзбек-тәжік т.б. варианттардағы ортақтастықтарды анықтау арқылы жекелеген халықтардың өзара ұқсастықтарының тарихи мәдени, шаруашылық, тіршілік қамын ұйымдастыру жақындықтарымен, т.б. факторлармен түсіндіруге тырысу;
Достарыңызбен бөлісу: |