Төлеубаева күлжазира мейрамқызы қазақ және Орталық Азия халықтарының отбасы, отбасылық әдет-ғұрып, салт-саналары



бет3/21
Дата02.05.2024
өлшемі0.74 Mb.
#500318
түріДиссертация
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   21
Мәселенің зерттелуі. Этнография ғылым есебінде ХІХ ғ. ортасындағы ізденістердің негізінде пайда болғаны белгілі. Колониалдық империялар құру кезінде әлем халықтарын тану, оларды жаулап алу және басқару белгілі дәрежеде этнография ғылымының жәрдемімен іске асты. Осыған қарамастан алғашқы эволюционистердің ішінде отаршылдық саясаттың мақсаттарынан тыс, шын мәніндегі ғылыми ізденістер жүргізгендер аз болмады. Солардың бірі Джон Мак-Леннан. Оның 1865 жылы жарық көрген «Алғашқы қауымдық неке» атты еңбегі адамзат баласының тарихында, оның қалыптасуында некенің атқарған қызметін терең саралайтын алғашқы этнографиялық зерттеу болып табылады. «Алғашқы қауымдық неке» ғылыми айналымға алғаш рет «матриархат», «матрилокалдық коныс», «ана тегімен туыстықты анықтау», экзогамия, эндогамия, т.б. терминдерді енгізді. Оның ойынша алғашқы қауымдық қоғамда әйел санының аздығы, қыздарды жас кезінде өлтіру, белгілі дәрежеде «полиандрия» дәстүрінің тарауына және туысқандықты ана арқылы жүргізуге себеп болды. Қызды алып қашу дәстүрі де Мак-Леннаның пікірі бойынша сол көне кезеңнен қалған сарқыншақ. Ол өз кезеңінде әйелді сырттан ұрлап әкелу өз руының қызына үйленбеуге себепші болып, экзогамияның орнығуына әсер етті, - деп есептеген.
Отбасылық әдет-ғұрыптардың ғылыми тақырып есебінде зерттеле бастауын біз Льюис Генри Морган атымен байланыстырамыз. Жалпы ол этнография ғылымында «алғашқы қауымдық руды» алғашқы зерттеген адам ретінде танылған. Оның «Көне қоғам» (Ежелгі қоғам) еңбегінде (1877) америкалық ирокез тайпаларының бүкіл қоғамдық өмірі рулық дәстүрлердің негізінде атқарылатынын дәлелдеді. Ол ру билігі, экзогамия, мұрагерлік, өзара көмек институттарын зерттеу арқылы рулық құрылымның ең демократиялық кезең екенін сипаттап берді [2].
Біздің тақырыбымыз үшін оның еңбектерінің ішіндегі ең маңыздысы 1871 жылы жазылған «Туысқандық және жекжаттық жүйе» (Система родства и свойства). Бұл кітапта жер жүзінің халықтарының туыстық жүйесі зерттелген, оның классификациясы берілген.
Туысқандық жүйе және отбасылық әдет-ғұрыптар туралы зерттеулер Л. Морган еңбегінен кейін қоғамдық ғылымдарда кеңінен қанат жайды. Оның бір көрінісі Ф. Энгельстің «Семьяның, жеке меншіктің және мемлекеттің шығуы» атты еңбегі. Оны Энгельс негізінен Г.Л. Морганға сүйеніп жазғаны белгілі.
Орталық Азия халықтары мен Қазақ халықының этнографиялық жағынан зерттеуді біз Қазан төңкерісіне дейінгі және Кеңес заманындағы деп екі үлкен кезеңге бөліп қарастырамыз.
Революцияға дейінгі кезең орыс зерттеушілерінің жазбалары мен есебінен тұрады, олардың назарын Ресейге қосылғаннан бастап, географиялық және этнографиялық жағынан беймәлім қазақтар мен Орталық Азия халықтары қызықтырды. Негізінен бұрынғы Түркістан генерал-губернаторлығының аудандары мен қалалары зерттелді. Экспедиция жұмыстарын география, ботаника, зоология мамандықтарымен шұғылданатын ғалым, энциклопедистер, патша шенеуліктері немесе әскери топографтар жүргізді.
ХVІІІ ғ. мен ХІХ ғ. қарсаңында патша өкіметі қазақ жері мен Орталық Азияда экономикалық және саяси байланысын нығайту мақсатында біршама елшілік пен экспедиция жіберді, соның бірі И.П. Шангин бастаған экспедиция еді. Бұдан кейін қазақ этнографиясы, оның ішінде әдет-ғұрыптары жөнінде Г.И. Спасский, С.М. Броневский, А.И. Левшин, Л. Мейер, М. Красовский,
Ы. Алтынсарин, В. Плотников, Г.С. Загряжеский, Н.И. Гродеков, В.В. Бартольд, И.В. Аничков, Х. Кустанаев, А. Диваев, Н. Изразцов, М.Н. Бекимов, Н. Калмаков, Я. Акпаев, М.Ж. Көпеев, т.б. құнды материалдар қалдырды.
Ә.Х. Марғұланның «Ежелгі жыр аңыздар» (А., 1985), «Шоқан және Манас» (А., 1971) еңбектері мен «Қорқыт туралы жазбалар» мақалаларында қазақ жерін мекендеген ежелгі халықтар дәстүрлері (әдет-ғұрпы, тұрмысы), рухани өмірі жөнінде көптеген мағлұматтар берген. Оларда біздің тақырыбымызға қатысты құнды деректер өте көп.
Кеңес дәуірінде қазақтың некесі мен отбасын алғаш арнайы зерттеген ғалым – Х.А. Арғынбаев. Ол өзінің көпжылдық зерттеулерінің нәтижесінде «Қазақ халқындағы отбасы мен неке» атты еңбегін жариялады. Бұдан басқа Х.Арғынбаевтың қаламынан туындаған осы тақырыпқа арналған мақалалар, өзі қайтыс болғаннан кейін шыққан кітабы [3] біздің зерттеуімізге өзінің фактілік материалдарымен, терең талдауларымен бағыт-бағдар болды. Халел Арғынбаевтың «Қазақ халқындағы семья мен неке» атты монографиясы таза теориялық-методологиялық мәселелерге терең араласпағанымен де қазақ қоғамындағы отбасы мен некенің негізгі сипатын, түрлерін, ерекшеліктерін жан-жақты сұрыптап бергені ақиқат. Х. Арғынбаевтың қазақ жанұясының формасы, патриархалды дәстүрлері, жанұядағы әйелдің жағдайы, үйлену ғұрыптарының көне мәні туралы ғылыми пікірлерін өз еңбегімізде басшылыққа алдық.
Өткен ғасырдың 90-жылдарының орта шенінде «Казахи» деген атпен академиялық жинақтаушы еңбек жарық көрген еді [4]. Соның «Отбасылық-некелік қатынастар» деген бөлімін Х. Арғынбаев жазған. Бұл еңбекте де қазақ отбасының түрлері, отбасы мүшелерінің арасындағы қатынас, неке түрлері, құдалық, қалыңмал, жасау мәселелері дәстүрлі тұрғыда сипатталып жазылды.
Қазақтың белгілі этнографы У.Х. Шәлекеновтің Амударияның төменгі сағасының қазақтары жөніндегі монографиясында қазақтың отбасылық тұрмысы, оның ішінде отбасылық қарым-қатынас, отбасындағы әйелдің орны, көп әйел алушылық салты, отбасылық әдет-ғұрыптар қаратырылды. Ғалым өз еңбегінде қазақтың отбасылық қатынастары шариғат пен әдеттік ғұрыптың негізінде құрылатындығын айта келіп, Амударияның төменгі сағасында тұратын қазақтарда қызылқұм, үстірттегі қазақтарға қарағанда исламның әсері күштірек болды, сондықтан олар шариғатқа көбірек бағынды, - дейді [5]. Бұл өте дәл айтылған ғылыми пікір еді, жалпы ислам әсері күшті болған халықтарда отбасылық қатынастар негізінен шариғат жолымен құрылатындығына, біз басқа халықтар тұрмысын зерттеу барысында көз жеткіздік.
Философ, этнограф С. Ақатаевтың еңбектерінде қазақтағы ата-баба аруағына сиыну, отбасылық әдет-ғұрыпқа байланысты жанұядағы әкенің құзіреті, әмеңгерлік, жоқтау, сыңсу, рулық бейіттер, т.б. көне діни сенімдерге байланысты салт дәстүрлер баяндалып зерделенген [6].
Этноархеолог ғалым С.Е. Әжіғалидің еңбектерінде біздің қаратырып отырған тақырыбымызға тікелей қатысты зерттеулер Жетісу, Батыс Қазақстан, Монголия қазақтарына байланысты жазылған [7]. Бұл зерттеулердің бірінде Арал-Каспий өңіріндегі жерлеу архитектурасы негізінде қазақтың жерлеу әдет-ғұрыптары, олардың шығу тегі, дүниетанымдық негізі қарастырылса, екіншілерінде Жетісу мен Монголия қазақтарының отбасылық әдет-ғұрыптарындағы ерекшеліктер мен жалпықазақтық салттары зерделенеді.
Дәстүрлі отбасының әдет-ғұрыптар мен наным-сенімдер жөнінде этнограф-археолог Ә.Т. Төлеубаевтың мақалалары және монографиясы бар [8]. Зерттеуші қазақтың отбасылық әдет-ғұрыптарында сақталып қалған, өзінің шығу тегі жағынан өте көне – мұсылман дінінен бұрын пайда болған ырым-жоралғыларды, діни дүниетанымдық салттарды саралап қарастырған.
Қазақ қоғамының әлеуметтік құрылымындағы үлкен патриархалдық отбасының сарқыншағы іспеттес құрылым – патронимия жөнінде белгілі этнолог Ж.О. Артықбаевтың еңбектерінде жан-жақты сипатталып, талданған. Ғалымның ойынша, «Бір ата баласы» деген атаумен анықталатын осы патронимия өзінше бір шаруашылық бірлестігі болды, әртүрлі жеке отбасының ата балаларымен бірігіп шешетін мәселелері (құдалық, қалыңмал, жылу жинау, үлкен шаңыраққа бағыну, әмеңгерлік, балдыз алу) осы патронимиялық ортада шешілді [9].
Қазақтың отбасылық әдет-ғұрыптарының символдары, олардың дүние-танымдық, мән-мағыналық, сыр-сипаттық астарлары жас ғалым
Ж. Ерназаровтың еңбегінде қарастырылған [10].
Маңғыстау қазақтарының әдет - ғұрыптарының, соның ішінде отбасылық ғұрыптарының ерекшелігі т.ғ.д. Ү. Қыдыралиннің еңбектеріде жарық көрді [11].
Қазақ халқының дәстүрлі тұрмысындағы маңызды әдет-ғұрып, жөн-жоралғылар мен наным-сенімдерінің семантикасы Н.Ж. Шаханованың [12] еңбектерінде қарастырылады.
Халықтан шыққан этнографтар А. Жүнісұлы мен С. Кенжеахметұлының қазақтың дәстүрлі мәдениетінің түрлі мәселелері жөніндегі еңбектері арнайы мән берерлік. Мысалы А. Жүнісұлы өзінің «Пәниден бақиға дейін» (А., 2001) деген кітабында қазақтың балаға, үйленуге және өлімді жөнелтуге
байланысты әдет-ғұрыптарын өте ыждағаттылықпен сипаттап жазған.
С. Кенжеахметұлының көпшілікке арналған осы тақырыптағы кітаптарында [13] қазақтың біраз әдет-ғұрыптарының, туыстық атауларының қыр-сыры өте жақсы сипатталады.
Біздің зерттеулерімізде 1948 жылы Қазақ ССР Ғылым Академиясы орыс тілінде шығарған «Материалы по казахскому обычному праву» (А., 1948) жинағы және әр жылдары жарық көрген «Қазақтың музыкалық фольклоры», «Жар-жар», «Беташар» (А., 1991), «Той кітабы» (А., 1993), «Наурыз» (А., 1991), «Ерте дәуірдегі қазақ әдебиеті», «Ақ бата» жинақтары, Б. Уахатовтың «Қазақтың тұрмыс-салт жырларының типологиясы», «Қазақтың халық өлеңдері», «Қазақтың тәлімдік ой-пікір антологиясы» (VІ ғасырдан ХХ ғасырдың басына дейінгі кезең), ел аузынан жиналып республикалық газет, журналдарда жарияланған тұрмыс-салт жырлары пайдаланылды.
1998 жылғы еліміздің барлық аймақтарын тұтастай этномәдени зерттеу нәтижесінде жарық көрген мақалалар жинағы «Қазақтың әдет-ғұрыптары мен салт-дәстүрлері: өткендегісі және бүгіні» (А., 2001) деп аталады. Бұл жинақта да қазақтың отбасылық ғұрыптарына үлкен мән берілген.
Қазақтың дәстүрлі әдет-ғұрыптарын зерттеуге соңғы жылдары қосылған үлкен ғылыми үлес, ол Тарих және этнология институтының этнология бөлімінің, ғалым С.Е. Әжіғалидың ұйымдастыруымен, жауапты редакторлығы-мен, «Мәдени мұра» аясында жарық көрген екі томдық «Қазақ халқының дәстүрлері мен әдет-ғұрыптары» атты жинақ (А., 2005). Бұл жинақтың бірінші томы осы заманғы қазақ этнографтарының қазақтың әдет ғұрыптарын зерттеуге арналған мақалаларынан тұрады. Жинақтың екінші томы аты айтып тұрғандай қазақ халқының «Дүниеге келгеннен өмірден озғанға дейін» атқарылатын ғұрыптары бойынша ертеректегі авторлардың қазақша тәржімаланған еңбектерінің жинағы [14]. Біз бұл жинақтағы материалдарға өте жоғары баға береміз және жұмысымызда мүмкіндігінше пайдаландық.
Қазақ отбасының жекелеген мәселелері, ондағы жасалатын ғұрыптар регионалдық, диаспоралық материал негізінде Ү. Қыдыралиннің Б. Камалашұлының, Б.К. Қалшабаеваның, Д.Б. Ескекбаевтің, Н. Байғабатованың, С.П. Кульсариеваның, Е. Смағұловтың, А. Құдайбергенова мен Н. Бекбалақтың, Ж. Сәмитұлының т.б. диссертациялық зерттеулері, мақалалары, көпшілікке арналған кітаптарында да қарастырылады.
Қазақ халқының отбасылық-некелік салт-дәстүрлері философиялық, әлеуметтік-тарихи, социологиялық аспектілерде Ж. Қаракөзованың,
А.К. Қалыштың, С.Х. Шалғынбаеваның, А.К. Галимованың еңбектерінде көрініс тапқан.
Қазан төңкерісі қарсаңына дейінгі өзбектердің отбасылық-некелік қарым-қатынастары мен әдет-ғұрыптары жөнінде дерек беретін еңбектер жоқ емес. Белгілі шығыс тілі мен мәдениетін зерттеуші венгерлік ғалым А. Вамбериден бастап, П. Маев, А.Д. Гребенкин, А.П. Хорошхин, В. Наливкин және
М. Наливкина, М.Ф. Гаврилов сияқты зерттеушілер өзбектердің отбасы, отбасылық-некелік қарым-қатынстары, сарттардың үйлену дәстүрлері, қала мен ауылдық жерлердегі берілетін қалыңмал ерекшеліктері, үйлену кезінде атқарылатын кәде жоралғылары туралы мәліметтерді келтіреді. Мысалы, П.Маев қалыңмалды шариғат бойынша болашақ әйелінің меншігінде болатын дүние деп түсіндіреді де, жасау жайында құдалар арасында ешбір келісімнің болмайтындығын айтады.
Кеңес дәуірінде өзбектердің отбасылық-некелік қарым-қатынастары жөнінде алғаш жазған ғалым этнографтардың тобына Л.П. Потапов жатады. Ол өз еңбегінде Кашкадария мен Сурхандария облыстарындағы өзбектер арасындағы туыстық қатынастарға тоқталып, аналық құрылым қалдықтары мен топтық некеге сипаттама береді. Потапов бұл аймақта эндогамды неке басым деген тұжырым жасайды [15]. М.В. Сазонова Хорезм оазисіндегі үлкен отбасын зерттеген. Оның ойынша үлкен отбасының ыдырауының басты себебі – мұраны бөлу [16]. К.Л. Задыхина Әмудария жазығындағы өзбектердің үлкен отбасы туралы жазады [17].
Г.П. Снесарев өзбек халқының өмірінде елеулі рөл атқаратын наным-сенімдер мен ырымдарға тоқталған. Өзбектердің ежелгі дәуірден мұсылмандық кезеңге дейінгі көзқарастары мен ырым-жоралғыларына, діни түсініктеріне жүйелі талдау жасайды, өмірмен байланысты наным-сенімдердің генезисіне, әрі олардың өзгеруіне тоқталады. Кейбір нақты тарихи мәселелері мен жалпы дінтану мәселесін (проблемасын) зерттеуге арналған [18]. О.А. Сухарева еңбегінде өзбектердің отбасы этнографиясы жазылған. Еңбек Орталық Азия халықтарының қауымдық қатынастары, көне неке түрлері мен әлеуметтік институттар және үйлену салтындағы көне қалдықтар жайлы біршама мәліметтер береді [19]. М.А. Бикжанова Ферғана жазығындағы өзбек отбасында үлкен отбасының ыдырауына байланысты бөлінбеген деп аталатын отбасы формасы пайда болды, - деп жазды. Бикжанованың айтуынша мұндай отбасы ХІХ ғ. екінші жартысы мен ХХ ғ. басына тән. Бөлінбеген отбасының патриархалдық отбасынан айырмасы – ол үш немесе одан да көп ұрпақтан емес, бір жұптан – әкесі мен шешесінен және бірге тұратын үйленген ұлдарынан тұрады [20]. К.Ш. Шаниязов қарлұқтар тұрмысын зерттеп, Қашкадария және Сурхандария облыстарында ХІХ ғ. аяғы мен ХХ ғ. басында отбасының негізгі формасы үлкен патриархалдық отбасы сақталуы нәтижесінде әке-шешесі балаларымен бір қазаннан тамақтанғандығы айтылған. Экономикалық негізі – жер мен малды бөліске салмауға тырысқан. Әкелері өлген жағдайда еншілерін шариғат бойынша бөлетіндіктері туралы жазады [21].
Н.А. Кисляковтың Орталық Азия және Қазақстан халықтарындағы отбасы мен некенің тарихына арналған очеркі біздің тақырыбымызға өте жақын келетін зерттеу жұмысы [22]. Бұл жұмыста Орталық Азия халықтарының отбасы формалары, олардың түрлерінің өзгеруі, неке және оған байланысты ғұрыптары сипатталып жазылып, кей жағдайларда салыстырыла талданған. Зерттеуші әсіресе стадиалдық ортақтастықтар мен ерекшеліктерге баса назар аударған. Біз өз жұмысымызда Н.А. Кисляковтың еңбегіне жиі сілтеме жасап, сүйеніп отырдық.
Н.П. Лобачева Орталық Азия халықтары мен қазақтардың үйлену салтындағы діни магиялық рәсімдердің мән-мағынасын зерттеген. Ол халықтың этногенетикалық тарихының негізгі кезеңдерінің дәстүрлі мәдениетте көрініс беретінін өзінің ғылыми зерттеулерінде дәлелдеген. Сонымен қатар, өзбектердің үйлену дәстүрлеріне салыстырмалы бағытта талдаулар жасап, тарихи-мәдени әсерлерді анықтайды [23].
Түркімендердің отбасылық-некелік салт-дәстүрлері, әдет-ғұрыптары жөнінде Қазан төңкерісіне дейін жазылған Э.И. Эйхвальдтың, М. Алиханов-Аварскийдің, Ф. Михайловтың, К.М. Федоровтың мақалалары бар. Олар отбасылық қатынастар, әдет-ғұрыптар мәселесіне аса тереңдеп бара алмаса да, ол туралы орыс тілді баспа бетінде алғаш жазған адамдар еді.
Кеңес өкіметінің алғашқы жылдарында түркімендердің үлкен отбасы, тұрмысы, әйел жағдайы жөнінде алғаш материалдар жариялағандар
Н.В. Брюллова-Шаскольская мен Д.Г. Иомудская-Бурунова еді.
Ұлы Отан соғысынан кейін кейбір түрікмен тайпаларының өткен дәуірдегі отбасылық-некелік қарым-қатынастары жөнінде этнографтар А. Джикиевтің, Д.М. Обезованың, К. Обезбердыевтің еңбектерінде ХІХ ғ. соңы мен ХХ ғ. басында түркімен халқында да үлкен отбасының болғандығы айтылып, отбасылық дәстүрлері сипатталып, әйелдерінің тұрмысы жөнінде мағлұматтар беріліп, қалың мал және жасау жөнінде жазылған. Біздің зерттеулеріміздің мақсатына ұқсас аспектіде түркімен материалы бойынша жазылған
Г.П. Васильеваның мақаласын ерекше атағымыз келеді [24].
Қырғыздардың отбасылық-некелік қарым-қатынастары мен салт-дәстүрлері жөнінде біршама еңбектер жазылды. Осы мәселелер жөнінде тарихи-этнографиялық бағытта еңбектер жазған авторлар Н. Зеланд, Г.С. Загряжский, Н.Т. Дыренкова, Г.И. Кушнер, С.М. Абрамзон, Ф.А. Фиельструп [25],
А. Жұмағұлов [26], Т.Д. Баялиева [27], А.А. Асанқанов [28] т.б.
Қазан төңкерісіне дейін қарақалпақтардың отбасылық-некелік қарым-қатынастары мен салт-дәстүрлеріне зерттеушілер тарапынан онша көп мән берілмеген, энографиялық тұрғыдан арнайы зерттелмеген. Кеңес заманы тұсында ғана (1940-1960 жж.) қарақалпақтардың отбасылық-некелік қарым-қатынастары мен салт-дәстүрлері жөнінде жазған зерттеушілер мыналар:
Т.А. Жданко, А.С. Морозова, С.К. Камалов, А.Т. Бекмуратова, Х. Есбергенов, У.Х. Шалекенов, т.б.
ХІХ ғ. екінші жартысында таулы, жазық және қала тәжіктерінің отбасы мен отбасылық-некелік салт-дәстүрлеріне арналған этнографиялық зерттеулерді Н.А. Кисляков, Г.А. Арандаренко, М.С. Андреев, М. Рахимов, Л.Ф. Моногарова, А.К. Писарчик, А.А. Бобринский, О.А. Сухарева, Б.Х. Кармышева, Е.М. Пещерева, т.б. жүргізді.


Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   21




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет