Індеттанудың басқа ғылымдармен байланысы.
Індеттану жұқпалы ауруларға қатысы бар бірталай пәндермен тікелей байланысты. Олардың ішіндегі ең жақын ғылымдар: микробиология, вирусология және иммунология. Бұлар жұқпалы ауруларды балау, емдеу, дауалау әдістерін қарастырады. Індеттану клиникалық диагностика, патологиялық анатомия, патологиялық физиология, терапия, паразитология, акушерлік сияқты ветеринарияның салаларымен тығыз байланыста бірге дамып келеді. Бұл ғылымдардың жетістіктері індеттануда жан – жақты пайдаланылады. Ветеринария практикасында да кез – келген жұқпалы ауруларды жұқпайтын, паразиттік, гинекологиялық аурулардан, уланудан, дұрыс азықтандырылмаудан болатын дерттерден ажырата білу керек. Індетке қарсы шараларды дұрыс ұйымдастыру үшін шаруашылықтың экономикасын, мал өсіру мен селекциялық жұмыстарды да жан – жақты ескерген жөн. Мысалы бруцеллез кең тараған шаруашылықтарды сауықтыру үшін ең тиімді шара – табындағы малды түгелдей сау малмен алмастыру, яғни мәселенің шешімі малды өсіруге келіп тіреледі. Індеттану ғылымы дәл осылайша экономикалық мәселелермен, ауыл шаруашылығын ұйымдастырумен тікелей байланысты. Соңғы кезде індеттанулық талдау жұмыстарында есептеу техникасы, моделдеу және болжау әдістері кеңінен қолданыла бастады. Жалпы бұл ғылым үшін статистиканың берері мол, ал ветеринариялық статистикасыз індеттанулық талдау жүргізілмейді де.
Кейбір жұқпалы аурулардың адам мен малға ортақ болуына байланысты індеттің адамдар мен жануарлардың арасында таралуын бірге қарастыруға тура келеді. Малдан адамға, керісінше, адамнан малға жұғатын аурулар біршама. Бұдан келіп медициналық індеттану /эпидемиология/ мен ветеринариялық індеттанудың /эпизоотология/ тікелей байланыстылығы туындайды.
Індеттанудың зерттеу әдістері. Нақтылы жұқпалы ауру кезіндегі індет процесін зерттегенде оның биологиялық құбылыстармен ғана емес, табиғи – географиялық, әлеуметтік – экономикалық /шаруашылық/ жағдайлармен де байланысты екенін ескеру қажет. Сондықтан да індеттану ғылымы өзінің зерттеулерінде басқа да ғылымдардың үрдістері мен әдістерін кеңінен пайдаланады. Індеттанудың басты әдісі – індеттанулық зерттеу. Оның мақсаттары:
Бір немесе бірнеше, қала берді барлық жұқпалы ауруларға қатысты індеттік ахуалды зерттеу.
Нақтылы жағдайдағы ауру қоздырушысының бастауы мен таралу жолдарын айқындау.
Індет процесінің нақтылы жағдайдағы кейбір бағыттары мен заңдылықтарын анықтау.
Індетке қарсы жүргізілетін шаралардың нәтижелерін бағалау.
Індеттанулық зерттеу кешені төмендегідей әдістерден тұрады:
а) шаруашылықтағы індеттанулық талдау мен бақылау; ә) салыстырмалы тарихи сипаттау; б) салыстырмалы географиялық сипаттау; в) індеттанулық эксперимент; г) математикалық моделдеу мен індеттанулық болжау.
Шаруашылықтағы індеттанулық талдау мен бақылау – індеттанудың негізгі зерттеу әдісі. Жұқпалы аура байқалған сәтте індеттанулық талдау арқылы ауруға нозологиялық балау қоюмен қатар індеттанулық балау қойылады. Ауруға балау қою дегеніміз /нозологиялық балау/ қай ауру екенін анықтау болса /мысалы, аусыл, немесе топалаң/, індеттанулық балау байқалған жұқпалы ауруға індеттану тұрғысынан толық сипаттама беру болып табылады. Яғни індет тізбегінің әрбір буынын, індет ошағының ерекшеліктерін анықтау. Бұл әдіс арқылы аурудың себептері, таралу жолдары, індет ошағының қалыптасу жағдайлары айқындалады. Осындай талдау жүргізу барысында клиникалық, патологиялық – анатомиялық, бактериологиялық, вирусологиялық, серологиялық, аллергологиялық зерттеулер жүргізіледі. Барлық алынған мәліметтер індеттанулық талдау актісінде қорытындыланады. Соған сүйеніп індетке қарсы шаралар белгіленеді.
Індеттанулық талдау мен бақылау жұқпалы ауру байқалған кезде ғана емес, бұрыннан жұқпалы аурудан таза емес шаруашылықта да, жұқпалы аурудан таза шаруашылықта да жүргізіледі. Бұндай зерттеудің мақсаты аурудан таза емес шаруашылықта жүргізілген індетке қарсы сауықтыру шараларының нәтижелігін анықтау болса, аурудан таза шаруашылықта сақтық шараларына баға беру.
Салыстырмалы тарихи сипаттау белгілі бір жұқпалы аурудың бұрын – соңды байқалуын анықтайды, бұрынғы болған жұқпалы аурулардың қазіргі індеттік жағдайға әсерін зерттейді. Жұқпалы аурулар туралы өткендегі деректерді мынандай ақпарат көздерінен алады: ауырған жануарларды тіркеу журналы /№ 1 журналы/, індетке қарсы шараларды тіркеу журналы /№ 2 журналы/, ауданның індет ахуалын тіркейтін журнал /№ 3 журналы/, актілер, есеп – қисаптар мен ресми статистика материалдары. Аталған құжаттарды пайдалана отырып ретроспектикалық /өткендегіні/ талдау жасалынады. Оның нәтижесінде аурудың динамикасы, маусымдығы, кезеңділігі анықталынады. Жалпы алғанда салыстырмалы тарихи сипаттау – індеттік ахуалға уақыт тұрғысынан хронологиялық талдау жасау болып табылады.
Салыстырмалы географиялық сипаттау аурудың таралу ауқымын және індет ошағының қалыптасуына әсер ететін табиғи ландшафтық факторларды зерттейді. Нәтижесінде жұқпалы аурулардың белгілі бір әкімшілк аймақта /аудан, облыс/ тексерілетін территорияның табиғи белдеулерінде таралуы туралы тұжырым жасалады. Салыстырмалы географиялық сипаттауды іске асыру үшін сол территорияның індеттік картасы мен нозогеографиялық картасы пайдаланылады. Індеттік картада жұқпалы аурулардың әрқайсысының байқалған жерлері белгіленеді де /картада қазба байлықтарын белгілеген тәрізді/, нозогеографиялық картада нақтылы бір аурудың таралу шекаралары көрсетіледі. Аурудың таралған аймағын нозореал деп атайды. Осындай зерттеулер жұқпалы аурудың таралуына картографиялық талдау жасау болып табылады. Сонымен салыстырмалы географиялық сипаттау арқылы белгілі бір аурудың кеңістіктегі моделі жасалынады.
Індеттанулық эксперимент – тәжірибе ретінде қолдан жұқтыру арқылы жануарлардың арасында жұқпалы ауру таратып, індет процесіне бақылау жасау. Бұл бір ғана жануарға ауруды жұқтырып биологиялық сынама /биосынама/ жасау емес, ауруды жасанды түрде жануарлардың арасында тарату. Мұндай тәжірибенің індеттану ғылымына індеттің таралуы туралы аса құнды мол мәліметтер беретіндігі даусыз. Індеттанулық эксперимент жасанды індет ошағында, аурудың одан тысқары тарап кетпеуін мұқият қадағалаған жағдайда өткізіледі. Бірақ бұл әдісті іс жүзінде пайдалану мүмкін бола бермейді. Сондықтан да практикада мұндай эксперименттен гөрі экономикалық шығын келтірмейтін, қоршаған ортаға қауіпсіз математикалық моделдеу мен індеттанулық болжау қолданылады.
Математикалық моделдеу деп абстракциялық жолмен індет процесінің әртүрлі көрсеткіштері арқылы індет процесінің моделін жасауды айтады. Індет процесінің математикалық моделі уақыттық және кеңістіктік деп екі түрге бөлінеді. Індет процессінің уақыттық /хронологиялық немесе динамикалық/ моделі індеттің басталу, даму, аяқталу кезеңдерін қарастырады. Кеңістіктік модель болса, ол індеттің жайылу ауқымын анықтауға бағытталады.
Індеттанулық болжау – індет процесінің пайда болуына, оның өршу кезеңдеріне ғылыми болжам жасау. Нақтылы жұқпалы аурудың табиғаты туралы ғылымға белгілі мағлұматтарды, осы аурудың белгілі бір территорияда пайда болуына ықпал ететін табиғат пен шаруашылық жағдайларын ескере отырып індеттанулық болжам жасалады.
Болжамның қысқа, орта және ұзақ мерзімді түрлері болады. Қысқа мерзімді болжам жыл маусымына байланысты індеттік жағдайдың өзгеруін қамтиды. Бұндай болжам маусымдық ауруларға қатысты жасалынады да, оның негізінде жыл маусымдарына байланысты малды ветеринариялық домдау, ауру қоздырушыларын тасымалдаушылармен күрес шаралары жүргізіледі. Орта мерзімді болжам бір жыл уақыт уақытты қамтиды да, оның негізінде індетке қарсы шаралардың жылдық жоспары жасалады. Ұзақ мерзімді немесе көп жылдық болжам табиғи ошақты немесе созылмалы ауруларға қатысты жасалынады. Індеттанулық болжамның дұрыс болуы үшін екі бірдей шарттың сақталуы керек. Біріншіден, аурудың табиғаты мейлінше терең зерттеліп, ол туралы ғылыми мағлұматтар толық болуы шарт. Екіншіден, ветеринариялық есеп – қисап жұмысы дұрыс жолға қойылып, статистикалық көрсеткіштерде қате болмауға тиіс.
Күнделікті практикалық қажеттікті өтеу үшін жан – жақты математикалық модель мен індеттанулық болжам болмаған жағдайдың өзінде де індет жағдайын статистикалық талдау арқылы қолда бар мәліметтерді бір жүйеге түсіріп, індетке қарсы шараларды жоспарлау мен ұйымдастыру ісін нақтылап отыру қажет.
Жоғарыда қарастырылған әдістер індеттанудың өзіне қатысты болып табылады. Осы ғылымның екінші бір саласы «Жұқпалы аурулар» курсына келетін болсақ, оның өзіндік әдістері ауруды балау, емдеу және дауалауға байланысты үш топқа бөлінеді.
Жұқпалы ауруларды балау әдістері: індеттанулық, клиникалық, патологиялық – анатомиялық, бактериологиялық, вирусологиялық, серологиялық, аллергиялық болып бөлінеді. Емдеу әдістері этиотроптық және симптоматикалық болып бөлінеді. Этиотроптық емдеуге өзіне тән және өзіне тән емес әдістер жатады. Дауалау әдістері де өзіне тән және өзіне тән емес болып бөлінеді.
Індеттану курсында қарастырылған ветеринариялық санитарияның негізгі әдістері: дезинфекция, дезинсекция және дератизация. Балау, емдеу, дауалау және ветеринариялық санитария әдістері келесі тарауларда жан – жақты қарастырылады.
Жұқпалы аурулардың экономикаға нұқсаны және індетке қарсы шаралардың экономикалық тиімділігі. Егер жұқпалы ауруларға қарсы уақтылы шұғыл шаралар қолданылмаса мал шаруашылығы орасан зор шығынға ұшырайды. Бұл шығынды құрайтындар: мал өлімі және соған байланысты мал басының кемуі, ауырған малдан алынатын өнімнің азаюы, елдің шикізат қорының және мал мен мал өнімдерін экспортқа шығарудың төмендеуі. Жұқпалы ауру шыққан кезде карантин мен шектеу шаралары шаруашылықтың экономикалық байланыстарына нұқсан келтіріп, оның іс - әрекеттеріне қолбайлау болады.
Індетке қарсы шаралардың экономикалық тиімділігі осы шаралар арқылы жұқпалы аурулардың алдын ала отырып, ауру байқала қалған жағдайда оның зардаптарын шектеу арқылы шаруашылыққа келетін зиянды болдырмау немесе мейлінше азайтудан туындайды. Бұл шаралардың арқасында мал басы сақталып, одан алынатын өнімнің мөлшері мен сапасы артады. Ветеринариялық шараларды жетілдіргенде оған жұмсалатын шығын да азаяды. Індетке қарсы шаралардың экономикалық тиімділігін талдағанда мынандай көрсеткіштер нұқсан, алынған экономикалық нәтиже, жұмсалған әрбір теңгенің қайтарылымы, жұмсалған күрделі қаржының қайтарылымы.
Мал шаруашылығының қазіргі кезеңдегі дамуынан туындайтын індеттанудың мақсаттары. Халықты азық – түлікпен және өнеркәсіпті шикізатпен толық қамтамасыз ету үшін мал шаруашылығын жедел дамытып, оның өнімділігін шұғыл арттырып, алынатын өнімнің сапалығына қол жеткізу қажет. Мал басын көбейту үшін де, оның өнімділігін және алынған өнімнің сапасын арттыруда да індеттану ғылымы мен індетке қарсы шаралардың маңызы аса зор. Мал шаруашылығындағы осы заманғы жеделдетілген технология тек қана мал басы жұқпалы аурулардан толық және тұрақты ада болғанда ғана нәтижелі болады. Экологиялық жағынан таза, санитариялық сапасы жоғары мал өнімдері ғана халықтың талабын қанағаттандыра алады. Осы заманғы жеңіл өнеркәсіп технологиясы малдан алынатын шикізаттың сапасына өте жоғары талаптар қояды. Ол талаптарға дені сау малдан алынған өнім ғана сай келеді. Қазіргі уақытта меншіктің барлық түрлері қатар дамып, жекеменшіктегі мал санының шұғыл артуына байланысты мал шаруашылығына ветеринариялық қызмет көрсету, оның ішінде індетке қарсы шараларды іске асыру.
Достарыңызбен бөлісу: |