8-тапсырма. Төмендегі сөз тіркестерімен сөйлем құрастырып жазыңыз.
Қазақ халқының қаһармандары, әжемнің ертегісі, ұядағы балапан, үйдегі бөлме, аңшылық кәсібі, ою-өрнек, өнегелі өмір, жауһар туындылар.
9-тапсырма. Мәтінді оқып, түсініп алыңыз.
Сөзге тоқтаған ел едік
Қазақ тумысынан шешен, ділмар, батыр халық. Ата-бабамыз аттың жалы, түйенің қомында тіршілік қамымен шапқылып жүрсе де, келер ұрпағына ұланғайыр жері мен ұлағатты сөзін мұра етіп қалдырған. Сол мұраның қадіріне жетіп жүрміз бе, ол бүгінгі ұрпақтың ісімен өлшенсе керек.
Сөз құдіретін түсінетін халық қазақтай-ақ болсын. Үлкеннің сөзін тыңдау, жөн сөзге құлақ асу – біздің қанымызға ана сүтімен дарыған қасиет. Бүгінде сол қасиетімізді жоғалтып алғандаймыз ба, қалай?
Табиғатынан дарынды, ақыл-ойы дария ата-бабамыз небір ғажап ой «маржанынан» - сөз «сарайын» сомдап соққан.
Бір халықтың бойына даналық пен батырлықты сыйлаған құдайтағала аңқаулықты да аямаған. Әйтсе де, аузын ашса жүрегі көрінетін аңғал халқымыз харамдық көрсе, қара қылды қақ жаратын әділеттілікті ту еткен.
Иә, Абылайдай айбатты ханы мен айды аспанға шығарған Қожанасырын дүниеге келтірген орақ ауыз, от тілді халқымыз бір ауыз сөзге тоқтай білген.
Сөзге тоқтау – ақылға келу деген сөз. Үлкен айтса заң, кіші айтса наз дейтін халқымыздың әдемі бір сыйластығы бар еді. Ал мына заманда сөз тыңдаудан да қалып барамыз.
Бүгінде ауылдың екі тентегі төбелесе қалса, бір-біріне дес бермей, жанжал аяғы кісі өліміне дейін барып жатады. Ал баяғыда аталарымыз астында жатқан тентектің «Дат, батыр» деген бір ауыз жөндем сөзіне тоқтап, келіп тұрған ашуын қонышына сарт еткізген қамшыдан алып кете баратын мәрттігі де – сөз қадірін бағалай алғандығында шығар. Соты жоқ, сотқар заманда да аузы дуалы, әділетті билеріміз, елді егестірген ессіз даулардың бәрін бір ауыз сөздің түйінімен шешпеді ме?
Мейлі, ол адам қылышынан қан тамған хан болсын, заманынан асқан бай болсын, жыртық шекпен құл болсын – әділ төрелікке бас иген, бір ауыз сөзге тоқтаған. Сол небір пенделерді иілдірген де сөз құдіреті болар.
Мысалы, қалмақ пен қазақ келіссөзіндегі тауып айтар тапқыр сөздің символы іспетті Қаз дауысты Қазыбектің датын еске түсірейікші:
- Біз қазақ деген мал баққан елміз, бірақ ешкімге соқтықпай жай жатқан елміз, деп шалқыта бастап, ары қарай: - Елімізден құт-береке қашпасын деп, жеріміздің шетін жау баспасын деп, найзаға үкі таққан елміз. Ешбір дұшпан басынбаған елміз, басымыздан сөз асырмаған елміз. Досымызды сақтай білген елміз, дәм-тұзды ақтай білген елміз. Атадан ұл туса құл боламын, деп тумайды, анадан қыз туса күң боламын деп тумайды. Ұл мен қызды қаматып отыра алмайтын елміз. Сен қалмақ болсаң, біз қазақ – қарпысқалы келгенбіз, сен көмір болсаң біз темір еріткелі келгенбіз. Қазақ, қалмақ баласы табысқалы келгенбіз. Танымайтын жат елге танысқалы келгенбіз, – деп елінің айбынын аспандатқан екен. – Берсең жөндеп бітіміңді айт, не тұрысатын жеріңді айт! –деп саңқылдағанда қалмақ ханы Қоңтажы не дерін білмей сасып қалып, бала Қазыбектің (сол кезде 15 жасқа толмаған кезі екен) сөзіне тоқтап, бар ат-шапан айыбын төлеген екен. Міне, қара сөздің тас жаратын қасиеті осындай.
А. Тымболова.
(“Алматы ақшамы”. 1997ж)
Достарыңызбен бөлісу: |