Қазақтар – тумасынан табиғатты сүйіп өскен, қоршаған ортаға үлкен ілтипатпен қараған халық. Бұған, күні кешеге дейін, туған өңіріміздің табиғатының таза болғандығын айтсақ та жеткілікті сияқты. Біздің халық - "экология" деген сөзді естімей өскен ұрпақ. Бір кездерде бізді И. Мичуриннің "Адамзат табиғаттан рахым күтіп отыра алмайды, одан керектіні жеңіп алуымыз керек",- деген ұранымен оқытты. Қаһарман халқымыз тауды бұзып, тасты жарып, жерді терең қазып, өзен-көлді бұғалықтап, ел үшін біраз игі істерді жүзеге асырды. Ғылыми-техникалық революция болды. Көптеген көп тонналық өнер кәсіптер іске қосылды. Сол кездерде мұның қызығын да көрді. Өкінішке орай, ғылым мен техниканың ғаламат жетістіктері және шапшаң дамуы, адамзаттың барғансайын аш көздікпен табиғатты тонауы, биосферадағы жаратылыстың тепе-тендік заңдарын бұзды.