Төртiншi, нақты-проблемалық немесе жеке әдiстемелер — ол өзiнiң аты көрсетiп тұрғандай iс-әрекеттердiң барысын, сипатын нақты оқып үйретуге бағытталады. Объектiнi оқып-зерттеу барысында қолданылатын әртүрлi әдiстердiң жиынтығы тарихи-құқықтық ғылымның әдiстемесiн құрайды.
Заңды тұрмыс-тiршiлiк — әр түрлi әдет-ғұрып, рәсiм, салт-жора, iс-әрекет, тәртiп пен тәлiм арқылы қалыптасып, солардың көмегiмен құқықтық қызмет ретiнде жүзеге асады. Ал адамдардың iс-әрекеттерi олардың әдiлеттi немесе әдiлетсiздiк, заңды не заңсыздық деген ұғымдарды қалай қабылдап, қалай түсiнуi арқылы айқындалады. Құқықтың негiзгi көзi — сот тәжiрибесiнен өсiп-өнсе, оның бастауы - әдет-ғұрып, яғни дәстүр. Сондықтан Қазақстан Республикасының мемлекет және құқық тарихы курсын кезеңдестiру бiрнеше себеп-шартпен (фактор) белгiленедi. Оның басты негiзi — қоғамдық әлеуметтiк-экономикалық дамудың құрылысы мен тәртiбi (экономикалық, техникалық дамуы, меншiк түрi) және мемлекеттiң дамуына байланысты. Бұл тұста ерекше атап өтетiн жағдай, құқықтанушы мен заңгерлер үшiн қажеттiсi тарихтағы мемлекеттiк-құқықтық түрлер (формалар) және фактiлер мен құбылыстар.
Қазақстан Республикасының мемлекет және құқық тарихының зерттелуі мен оның негізгі кезеңдері. Жалпы, Қазақстан Республикасының мемлекет және құқық тарихын зерттеу ХVIII ғасырдан берi жүргiзiлiп келедi. Қазақ хандығының мемлекеттiк құрылымы және алғашқы мемлекеттiң сипаттамасы Еуропа, оның iшiнде әсiресе орыс ғалымдарын қатты қызықтырды. Оларды бiз А.Тевкелев, Т.Рычков, И.Г.Георги, П.С. Паллас, И.П.Фальк, А.Левшин еңбектерiнен анық байқаймыз. Олардың әрқайсысы Қазақстан Республикасының мемлекет және құқық тарихының өткенiне әртүрлi көзқарастар бiлдiредi. Мысалы, П.Рычков қазақтардың мемлекеттiк құрылымын нағыз “демократиялық” деумен бiрге “оларда ешқандай да құқықтық нормалар және құқықтық талас-тартыстарды шешетiн соттар болған жоқ” дейдi. Ал, А.Левшин болса қазақ хандығының мемлекеттiгi және құқығы тарихын зерттей келе, ол оның ХVIII ғасырдың аяғы ХIХ ғасырдың басындағы даму кезеңдерiне кеңiнен тоқталады.
Сондықтан да, Қазақстан Республикасының мемлекет және құқық тарихын төмендегiдей кезеңдерге бөлуге болады. Ол бiзге мемлекеттiк-құқықтық жүйенiң даму процесiн жүйелi түрде жан-жақты оқуға мүмкiндiк ашады.
1. Қазақстан территориясында мемлекет және құқықтың пайда болу кезеңi.
2. Қазақстан көшпендiлерiнiң мемлекеттiк-құқықтық жүйесiнiң өркендеу кезеңi.
3. Қазақстан көшпендiлерiнiң мемлекеттiк-құқықтық жүйесiнiң жойылуы мен дағдарысқа ұшырау кезеңi.
4. Қазақстанның Ресей және КСРО құрамында конституциялық даму кезеңi.
5. Тәуелсiз Қазақстанның мемлекеттiк-құқықтық жүйесiнiң қалыптасу кезеңi.
Әрбiр дәуiр бiрнеше кезеңге бөлiнiп, олар өзара iшкi логикалар арқылы үндесе жалғасып жатады. Бiрiншi дәуiр мемлекеттiң пайда болу себептерiнен басталады. Өйткенi өндiретiн шаруашылық түрi пайда болып, қоғам әлеуметтiк жiкке бөлiнедi. Бұл процесс Қазақстанда бiздiң эрамызға дейiнгi III мың жылдықта басталған. Оның бiрiншi кезеңiн мемлекеттiң пайда болуына дейiнгi жағдай деуге болады. Ол уақытта билiктiң жариялылық түрi қалыптасып, мемлекеттiк құқықтық жүйенiң тағы да басқа элементтерi құқықтық нысанда пайда бола бастаған едi. Бiздiң эрамызға дейiнгi IХ-VIII ғасырлар аралығында Қазақстан территориясында көшпелi мал шаруашылығы мен өндiргiш күштердiң дамуына байланысты, ондағы мемлекет пен құқықтың даму процесi де жаңа кезеңге көшедi. Ол алғашқы мемлекеттiң негiзi болып саналады. Бұл процесс бiздiң эрамызға дейiнгi III ғасырға дейiн созылды. Содан кейiн-ақ Қазақстанды жайлаған көшпендiлер тыныс-тiршiлiгiнде мемлекеттiлiк қалыптасып, оның мемлекеттiк-құқықтық жүйесi жаңа өркендеу кезеңiн бастайды. Ол төрт кезеңге бөлiнедi. Алғашқы үшеуi еуразиялық ғұн, түрiк, Моңғол-қыпшақ (Ұлы ұлыс) империясы тарихының дамып құлдырауы мен күйреуi кезеңiн анықтайды. Бiрiншi көшпелi ғұн империясы кезеңi бiздiң эрамызға дейiнгi III ғасырдан бастап V ғасыр аралығындағы уақытты қамтиды. Екiншi кезең VI ғасырдан бастап көшпелi түрiк империясының Түрiк-ашин iрi мемлекетiн құрайды да, оның құлдырауына дейiнгi аралықты айқындайды. Содан кейiн қарлұқ, Қарахан, қыпшақ, керей, найман мемлекеттерi құрылып, олар өздерiнiң тыныс-тiршiлiгiнде түркi дәстүрiн сақтайды. Үшiншi кезең болса ХIII ғасырдан бастап Моңғол-қыпшақ көшпелi империясы деп аталады. Оның негiзi — моңғол империясының Шыңғыс хан жасаған “Ұлы ясасы”. Аталған мемлекеттiк-құқықтық жүйе Еуразия даласында ХVI ғасырдың аяғына дейiн билiк құрды. Моңғол империясы тарихы әдеттегiдей өркендеу, құлдырау және күйреу кезеңiнен тұрады. Ол кейiн Сiбiр, Маңғыт және Қазақ мемлекеттiлiгiн өмiрге келтiрдi. Ал соңғы төртiншi кезең ХV ғасырдан бастап ХVIII ғасыр басы аралығындағы тұтас қазақ хандығын өмiрге әкелдi. Алғашқы қазақ хандығында қалыпты құқық пен мемлекеттiлiк қалыптастырылады, ол хан билiгi сайлауы мен автономиялық әкiмшiлiк бiрлiгiн құрайды.
ХVIII ғасырдың басында тұтас қазақ хандығы ыдырап, Қазақстандағы көшпелiлердiң мемлекеттiк құқықтық жүйесi дағдарысқа түсiп, келе-келе жойылу кезеңi басталды. Оны үш кезеңге бөлуге болады:
- протекторат кезеңi. ХVIII-ХIХ ғасыр басы;
- Ресей боданындағы әкiмшiлiк-құқықтық жүйенiң пайда болу кезеңi (ХIХ ғасырдың 20-шы-60-шы жылдары);
- Ресей боданындағы әкiмшiлiк-құқықтық жүйенiң беку кезеңi (ХIХ ғасырдың 60 жылдары — 1917 жыл).
Достарыңызбен бөлісу: |