І. Қазақстан Республикасының мемлекет және құқық тарихының әдiстерi және оның негізгі кезеңдері
Қазақстан Респібликасының мемлекет және құқық тарихы құқықтық жүйесінде ерекше орны бар, еліміздің өткен күндеріндегі мемлекеттік – құқықтық дамуын және оның қалыптасуының ортақ заңдылықтарын ашып беруге қабілетті ғылым бағыты болып табылады. Қазақстан Республикасының мемлекет және құқық тарихының алдына қойған мақсаттарына сәйкес өзіндік таным жүйесі бар. Қазақстан Республикасының мемлекет және құқық тарихы Қазақстан территориясындағы мемлекеттер мен құқықтық жүйелерді ерекше кезеңдерге бөліп, топтасытра қарастырады.
Қазақстан Республикасының мемлекет және құқық тарихы. Қазақстан Республикасының мемлекет және құқық тарихы — тарихи және құқықтық ғылым. Қазақстан Республикасының мемлекет және құқық тарихы Қазақстан территориясындағы мемлекет пен құқықтық жүйенiң пайда болуын, дамуын әрбiр тарихи кезеңге сәйкес қоғамдағы мемлекет пен құқықтың орны мен ролiн тарих ғылымының жалпы заңдылықтарын басшылыққа ала отырып, хронологиялық реттiлiкпен құқықтық жүйеге сай зерттейдi Қазақстан Республикасы мемлекет және құқық тарихы мемлекет және құқық теориясы, мемлекет пен құқықтың жалпы тарихы, тарих, саясаттану, әлеуметтану, Қазақстан Республикасының Конституциялық құқығы тағы басқа салалық заң ғылымдарымен тығыз байланысты. Жалпы, Қазақстан Республикасының мемлекет және құқық тарихының салалық заң ғылымдарынан ерекшелiгi — ол мемлекеттiк құқықтық құбылыстарды бiртұтас және бiр-бiрiмен тығыз байланысты әрi бiр-бiрiне тәуелдi пән ретiнде қарастырады. Бұл пән сонымен бiрге Қазақстан халқының пайда болуының ежелгi дәуiрiнен бастап қазiргi кезеңiне дейiн, сондай-ақ мемлекеттiк және құқықтық феномендердi уақыттық жағынан қарап қана қоймай, кеңiстiк жағынан да зерттейдi. Оның уақытылығы — мемлекеттiң пайда болуы мен бүгiнгi мемлекеттiк және құқықтық жүйесiнiң жай-күйi болса, кеңiстiгi Қазақстан Республикасының сол тарихи уақыттағы қазiргi мекендеген территориясы.
Жалпы айтқанда, Қазақстан Республикасының мемлекет және құқық тарихы пән ретiнде елiмiздiң территориясын қоныстанған халықтар мәдениетiн, заңды тұрмыс-салтын және оның құқықтық құндылықтарын зерттейдi. Әдетте мемлекет тайпа қоныстанған территорияның бiрлестiгi мен тұтастығы негiзiнде пайда болады. Құқық — солардың әдет-ғұрпынан құралады. Мiне, осынау жайлар мемлекеттiк құқықтық даму процесiн зерттеуге негiз және бастау болады. Содан кейiн мемлекеттiк және құқықтық құрылымдағы заңды феномендерге дейiнгi құндылықтар мен iс жүзiнде қолданылатын (қолданбалы) заңды археология және тарихи құқықтану пәндерi айналысады. Тарихтан белгiлi — құқық өзiнiң жаратылысына қарай мемлекетке қарағанда әлдеқайда көне. Оның алғашқы қауымдық құрылыстың кезiнде-ақ өзiндiк институты болды. Ең қарапайым қоғам өзiнiң iшкi және сыртқы саясатын кәдiмгi қалыпты тұрмыс-тiршiлiк арқылы қалыптастырып отырғандығы да соны айғақтайды. Кез келген адамдар бiрлестiгi ең алдымен олардың шаруашылық жағын реттеу арқылы жүргiзiлiп, өзiн қоршаған ортамен табиғаттың қатал жағдайларымен күрестерi арқылы қалыптасады.Сондықтан да құқықтың пайда болуы мемлекетке қарағанда ерте саналып, алғаш дамуының да сыры сонда. Тұтастай алғанда Қазан төңкерiсiне дейiнгi Қазақстанның саяси-құқықтық тарихы бүгiнгi күнге дейiн аз зерттелген пән болып қала бередi. Тарихи әдiлдiктi қалпына келтiру үшiн бiр кездегi патшалық Ресейдiң отарлау саясаты мен оның қазақ халқына деген көзқарасы, әрi оның хандық жүйеде дамыған мемлекеттiлiгiне жасаған қиянаты бүгiнгi қазақ халқының саяси тәуелсiздiгiне сәйкес зерттелiп-зерделенуi керек. Кеңес мемлекетiнiң тоталитарлық жүйедегi жүргiзген саяси идеологиясы қазақ тарихшыларына Қазақстан тарихын терең зерттеуге мүмкiндiк бермей, ғалымдарға тосқауылдар қойды. Қазақстан Республикасының саяси егемендiк алуы ғана қазақ халқының өткенi мен оның мемлекет және құқық тарихын шынайы да шыншыл пән ретiнде оқытуға жол ашты.
Құқық алдымен материалдық объектiлерден басталады. Мысалы, алғашқы қауымдық құрылыстың өзiнде-ақ адамдардың құқықтық тұрғыда жеке меншiк мүлiктерi болған. Аңшының өз меншiгi ретiнде қару-жарағы болса, ал әйелдiң үйге деген құқығы болған. Кез келген қоғамдағы экономика мен қоғамдық қарым-қатынастардың дамуы жеке адам құқығына байланысты өрбiп, одан әрi мемлекеттiк дәрежеге дейiн көтерiледi. Оның арасында отбасылық құқықтың да орны ерекше. Мiне, осының бәрi мемлекет және құқық тарихы пәнiнiң негiзгi зерттеу объектiлерi болып табылады.
Кеңестiк кезеңдегi үзiп-жарып, не бұрмаланып оқытылған Қазақстан Республикасының мемлекет және құқық тарихы пәнi бүгiнде бiр жүйеге түсiрiлiп, елiмiздiң шынайы түрде тұтас қамтылған тарихы ретiнде оқытылуы тиiс. Аталған ғылым саласының алдында тұрған тағы бiр басты мәселесi, әрi негiзгi мiндетi бiздiң елiмiздiң мемлекет және құқық тарихын бұрмалаушыларды әшкерелеу. Қазақстан Республикасының мемлекет және құқық тарихы заңды бiлiм жүйесiнде өзiндiк орны бар пән. Бүгiнгi пайда болып жатқан мемлекеттiк-құқықтық құбылыстарды түсiну үшiн алдымен мемлекет және құқық тарихының қалай, қайда, неден құралғанын, қандай негiзде жасалғанын бiлген жөн. Сонымен, Қазақстан Республикасының мемлекет және құқық тарихы пәнi болып саналатындар:
- мемлекеттiк-құқықтық жүйенiң пайда болу және даму процесi, әртүрлi тарихи кезеңдегi қоғам өмiрiндегi мемлекет пен құқықтың алатын орны мен рөлi;
- мемлекеттiк-құқықтық жүйе элементтерiнiң мазмұны мен формаларындағы ерекшелiктер, өндiрiстiң көшпелi тәсiлiнiң ерекшелiгiндегi шарттылықтар. Мiне, осы тұста анықтап алатын бiр жай, ол мемлекеттiк-құқықтық жүйе түсiнiгiн анықтау. Өйткенi ол дәстүрлi мемлекет және құқық ретiнде өзге институттармен тығыз қарым-қатынаста болғанына қарамай жеке қаралады. Сонымен бiрге, олар бiр-бiрiнсiз өмiр сүре алмайтын тұтастықты құрайды. Мемлекет тiкелей немесе жанама түрде құқықтық нормаларды белгiлейдi және реттейдi, оған рұқсат бередi. Сондай-ақ бұл заңдылықтар бұзылған кезде нақты шаралар қолдану арқылы оларды қорғайды, ал құқық болса мемлекетке конституциялық немесе басқа нормалармен ықпал етедi де қоғамдағы саяси қатынастарды реттейдi.
Достарыңызбен бөлісу: |