Зерттелетін тақырыптың өзектілігі


Қазақстан Республикасындағы саяси партиялардың құқықтық институт ретінде қалыптасу кезеңдері



бет4/7
Дата23.02.2016
өлшемі489 Kb.
#3053
1   2   3   4   5   6   7

1.3.3. Қазақстан Республикасындағы саяси партиялардың құқықтық институт ретінде қалыптасу кезеңдері
Соңғы жылдары жүргізілген түбірлі экономикалық және құқықтық реформалар қоғамдық сананың саяси әралуандығына алып келді. Мемлекеттегі саяси партиялар рөлінің өсуі олардың құқықтық институт ретінде қалыптасуына жол ашты. Қазақстан азаматтары саяси партиялардың толыққанды құқықтық институт ретінде қалыптасқанының куәсі болды.

Конституциялық құқықтық ғылымда бұл құқықтық феноменнің көптеген анықтамалары бар. Алайда олардың барлығы бір-бірінен біршама ерекше болғанымен мәні бойынша ұқсас болып келеді, яғни, саяси партияларды заңды түрде тану олардың ерекше құқықтық мәртебесін бекіту және т.б.

В. Евдокимовтың пікірі бойынша, «Саяси партиялардың институционализациясы олардың ерекше құқықтық институт ретінде қалыптасуының және оның қызметінің регламентін білдіреді» [36. 42 бет].

В. Даниленко партиялардың құқықтық институционализациясы, бұл «олардың құрылу және тіркелу тәртібі, қызметінің негізгі бағыттары, мақсат-мұраттары реттелетін, олардың ішкі ұйымдасуы мен қаржыландыруы сұрақтары шешілетін, партия қызметі ұйымдастырылатын және бағытталатын құқықтық базаның құрылуы» деген пікір айтады [55].

Қазақстандық партияның құқықтық институционализациялануы мәселесінде, ғалым Б. Машан былай пайымдайды: «Институционализациялану, өзара байланысты екі бағытта, яғни, партиялардың мәртебесінің негізгі ережелерін Конституцияға енгізу арқылы және саяси партиялар туралы арнайы заңды қалыптастыру арқылы дамиды» [56].

Саяси партиялардың конституциялық-құқықтық институт ретінде қалыптасу процесіне хронологиялық зерттеу жүргізгендердің қатарында Кубеев Е. К., Телебаев Г. Т., Аяғанов Б., Көшербаев Қ., Сартаев Р. С., Дьяченко С. А. және т. б. белгілі заңгер ғалымдар мен саясаттанушыларды атауға болады. Жалпы алғанда авторлар мұндай жаңа құқықтық институтқа қоғамды демократияландыратын фактор ретінде оң баға береді.

Қазақстандық зерттеуші Мусин Қ.Қ. өзінің еңбегінде Қазақстандағы партиялардың құқықтық және саяси институционализациялану кезеңдерін былай бөлген:

Бірінші кезең. Қазақстанда саяси партиялар саяси-әлеуметтік құбылыс ретінде едәуір кешірек, XX ғасырдың басында пайда болды және Ресеймен тығыз байланыста өрбіді. Сондықтан саяси партиялардың ресейлік көппартиялық жүйенің дамуымен қосып зерттеген дұрыс болар еді. В. П. Любиннің айтуынша, XX ғасырдың алғашқы ширегі Ресей империясының қоғамдық-саяси өмірінде шешуші кезең болып табылады [57]. Бұған құқықтық негіз болған 1905 жылы 17 қазанда шыққан, халыққа элементарлы саяси бостандықтар және Ресейдегі алғашқы көппартиялық парламент - Мемлекеттік Думаны құруға мүмкіндік берген император жарлығы еді.

Бұл кезеңге тән белгі, ол әртүрлі саяси партиялар мен қозғалыстардың қалыптасуы және қызмет етуі. 1917 жылдың өзінде елде жүзден астам саяси партиялар мен одақтар (кейбір деректер бойынша төрт жүзден аса) болған [46. 37 бет].

XX ғасырдың басында партиялар тек орталықта емес, сонымен бірге, ұлттық шалғай аудандарда да, соның ішінде Қазақстанда да қызмет етті. 1905-1907 жылдары бірінші ресейлік революция біздің аймақта да РСДЖП-ның алғашқы ұйымдарының құрылуына ықпал жасады. Бұл мәселеде Қазақстанға жақын орналасқан аудандар, яғни, РСДЖП-ның Сібір, Астрахан, Самара, Саратов комитеттері үлкен рөл ойнады [58].

Қазақ даласында өзінің саны және ықпалы бойынша маңызды орын иеленген қазақ интелегенциясы либералды-демократиялық позицияны ұстанды. Бұлар негізінен көшпелі аристократияның өкілдері болды, яғни, Ә. Бөкейханов, Ж. Ақбаев, Б. Қаратаев және т.б. Олар 1905 жылдың желтоқсан айында Оралда бес облыстың қазақ тұрғындарының делегаттарының съездін өткізіп, қазақтың ұлттық мүдделерін қорғайтын, Ресейдің конституциялық-демократиялық партиясының филиалын құруға тырысты.

Қазақстан тұрғындарының саяси санасының деңгейін жоғарылатуға Мемлекеттік Дума сайлауы өз рөлін ойнады. Онда сайлаушылардың даусын алу үшін саяси партиялар арасында қызу күрес жүрді. Бұл сайлаулар орыс халқы басым аймақтарда – еңбекшілер мен социал-демократтар, ал қазақ халқы басым аймақтарда - ұлттық интеллигенция мен либерал-демократтар өкілдері қолдау тапқанын көрсетті. І Мемлекеттік Думаға Қазақстаннан он депутат: қазақтардан – төрт, орыстардан – төрт және казактардан – екі адам өтті.

ІІ Мемлекеттік Думаға қазақтардан сайланған депутаттар, егер ертеректе кадеттерге қосылса, кейінірек, Ресейдің басқа ұлтшылдарымен бірігіп, орыс шаруаларын шет аймақтарға қоныстандыруды тоқтатқан мұсылман фракциясын құрды.

1917 жылғы ақпан буржуаз-демократиялық революциясы Қазақстанда саяси қозғалыстардың жаңа толқынын тудырды. Сол уақыттағы қоғамның әртүрлі тобының ұлттық және әлеуметтік мүдделерін білдірген алғашқы қазақстандық партиялар қалыптасты. 1917 жылы 21-26 шілдеде Орынборда өткен бүкіл қазақтық съезде «Алаш» ұлттық саяси партиясы дүниеге келді деп айтуға болады. Съездің шешімінде: «Қазақ партиясын құру қажеттілігін сезіне отырып, съезд өз өкілдеріне бүкілресейлік мұсылман кеңесінде осы партияның бағдарламасын жасап шығаруды тапсырады. Саяси бағдарламаның негізіне Ресейде демократиялық Федеративті Парламенттік Республика құру талабы алынсын». «Алаш» партиясының жетекшілері болып Ә.Бөкейханов, Ж. Ақбаев, А. Байтұрсынов және өзге де қазақ интелгенциясының буржуаз-демократиялық бағыттағы өкілдері табылды. Автономиялық ұлттық демократиялық мемлекеттің Алаш-Орда үкіметі екі жыл өмір сүрді.

1917 жылдың күзінде Қазақстанда тағы бір ұлттық-саяси ұйым - өздерін «Қырғыз (қазақ) социалистік партиясы» деп атаған «Үш жүз» партиясы құрылды. Бұл партия пробольшевиктік бағытты ұстанды және Қазақстандағы қоғамдық-саяси өмірдің көптеген сұрақтары бойынша «Алаш» партиясының басты қарсыласы болды.

Бұлардан басқа 1917-1919 жылдарда Қазақстан территориясында «Шуро и ислами» қозғалысының бөлімшелері жұмыс істеді [59]. Жалпы алғанда, ақпан реоволюциясы саяси жүйені демократияландыруда қуатты катализатор қызметін атқарды.

Екінші кезең. (1917-1986 ж.ж.) Бұл кезең өз бастамасын 1917 жылғы Қазан революциясының жеңісінен алады. Бұл кезең РК(б)П саяси биліктегі монополиясымен және осы партия жариялаған тоталитарлы мемлекеттің дамуымен сипатталады.

Кеңестер Одағының саяси жүйесіне бірпартиялы режимнің қызметі тән болды. Бұл жүйеде жоғары саяси билік коммунистік партия жетекшілерінің қолында болды. Жалғыз партия заңды билікке монополиясын жүргізді, ал онан басқа кез келген саяси қызмет заңсыз болып табылды. 1927 жылы КСРО туралы Н. Бухарин былай деген болатын: «Бір партия - басқарушы, ал қалғандары түрмеде отырады» [60].

Мемлекеттік өмірдегі коммунистік партияның ерекше рөлі туралы 1978 жылы 20 сәуірде қабылданған Қазақ ССР-нің Конституциясының 6-бабында жан-жақты әрі анық жазылған: «Кеңестік қоғамның жетекші және бағыттаушы күші, оның саяси өмірінің, мемлекеттік және қоғамдық ұйымдарының ядросы болып Кеңестер Одағының Коммунистік партясы табылады. Кеңестер Одағының Коммунистік партиясы халық үшін дүниеге келген және халыққа қызмет етеді» [61].

Лениндік идеяларға сәйкес, қоғамды қатал орталықтандыру арқылы басқаруды енгізу көзделді. Бұл басқаруды жұмысшы тап атынан партиялық – мемлекеттік аппарат жүзеге асырды. Оның үстіне Конституцияда баянды етілген дамыған социалистік, одан кейін коммунистік құрылыс орнату идеясы ішкі ресурстарды, елдің әлеуметтік-экономикалық дамуын мобилизациялау бойынша мұраттарды шешуді, идеялогиялық мәселелерді шешуді талап етті. Бұл мақсатқа жету саяси режимді, экономиканы басқаруды қаталдандыру, әкімшіл-саяси, төтенше және әміршіл тәсілдерді енгізумен байланыстырылды.

Алайда, уақыт, мемлекет пен қоғам арасындағы байланысты жойған бірпартиялық жүйенің тұрақсыз екенін дәлелдеді. Көп ұзамай, бірпартияның монополиялық режимінің құлауымен аяқталған глобалды дағдарыстың уақыты келді.

Үшінші кезең. (1986-1991 ж.ж.) 80-жылдардың соңы КОКП-ға саяси және идеологиялық балама болатын ұйымдар мен тұлғалардың пайда болуы және кеңестік қоғамның біртіндеп демократиялануы жағдайындағы көппартиялылық пен саяси полюрализмнің қайта қалпына келуімен сипатталады. Бұл процесс бүкілодақтық кеңістікте қоғамдық-саяси белсенділіктің артуына алып келді.

Қазақстанда бірлестіктердің құрылуына түрткі болған 1986 жылғы Желтоқсан оқиғасы еді. Жастардың Орталықтың диктатына қарсы шығуы қазақстандықтардың саяси санасына түбірлі өзгерістер әкелді. 1989 жылғы 22 қыркүйекте Қазақ ССР-нің Конституциясының 84-бабына өзгерістер мен толықтырулар енгізілді, оған сәйкес, Жоғары Кеңеске сайлау кезінде, халық депутаттарының төрттен бірі қоғамдық ұйымдардан – Қазақстан Компартиясынан, кәсіподақтардан, кооперативтік ұйымдардан, Қазақстан ЛКЖО-сынан және өзге де қоғамдық бірлестіктерден құралды [62].

1989 жылдың қарашасынан 1990 жылдың наурызына дейін республикада тіркелген, негізінен клубтық сипаттағы 100-ден астам қоғамдық бірлестіктер өмір сүрді. Бұларға «Форум» қоғамы, «Әділет» және «Мемориал» тарихи-ағартушылық қоғамы, «Азамат», «Бірлік» сияқты жастар ұйымдарын және басқаларды жатқызуға болады.

Алғашқы бұқаралық, жалпы республикадық ұйым ретінде ядролық сынақтарды тоқату мақсатында құрылған «Невада-Семей» антиядролық қозғалысын атауға болады. 1989 жылдың соңында Қазақстанның тәуелсіз қоғамдық ұйымдарының Ассоциациясы құрылды. Оған Демократиялық одақ пен Мемориалдың филиалдары, Невада-Семей, Доверие, Зеленый фронт, Инициатива, Тәуелсіз кәсіподақ, Бірлік және басқалары кірді [63].

Протопартиялық құрылымдардың қалыптасуының бастауы 1990-91 жылдарға келеді. Дәл осы жылдарда Қазақстанда партиялар маңызды рөл ойнайтын партиялық жүйенің қалыптасуына алғышарттар жасалынды. 1990 жылғы КСРО халық депутаттарының ІІ съездінде КОКП-ның кеңестік қоғамдағы жетекші рөлін бекітетін, КСРО Конституциясының 6-бабының күшінің жойылуы партиялардың құқықтық институт ретінде қалыптасуына жол ашты.

Қазақстандағы көппартиялылықтың қалыптасуына конституциялық-құқықтық алғышарт жасаған 1990 жылы 25 қазанда Қазақ ССР-нің Жоғары Кеңесі қабылдаған «Қазақ ССР-нің мемлекеттік егемендігі туралы» Декларациясы еді. Аталған құжат Қазақ ССР-нің Конституциясының шеңберінде әрекет жасайтын қоғамдық-саяси және діни бірлестіктерге мемлекет пен қоғам өміріне араласу үшін теңдей мүмкіндік берілетіндігіне кепілдік берді [64].

1991 жылы 27 маусымда «Қазақ ССР-індегі қоғамдық бірлестіктер туралы» Заңның қабылдануы партиялар қызметін заңдастырды [65].

Бұл кезеңдегі Қазақстандағы көппартиялық жүйенің даму ерекшеліктері болып, жоғарыдан басталған саяси және әлеуметтік-экономикалық реформалардың көптеген қоғамдық ұйымдардан, оның жетекшілерінен қолдау табуы еді. Тағы бір сол кезеңге тән белгі, ол ұлттық мемлекеттілік идеясының пайда болуына байланысты халықтың көпшілігінің саяси көңіл-күйінің өзгеруі еді. Мемлекеттілікті, ұлттық мәдениет пен тілді қалпына келтіруді өзіне мақсат тұтқан ұлттық ұйымдар құрылды. Екінші жағынан, Қазақстандағы өзге халықтардың құқығын қорғау үшін құрылған ұйымдар дүниеге келді. «Алаш» ұлт-азаттық партиясы, «Азат» азаматтық қозғалысы, «Единство» және т.б. дәл осы кезеңде қалыптасқан болатын.



Төртінші кезең (1991-2003). 1991 жылы 16 желтоқсанда «Қазақстан Республикасының мемлекеттік тәуелсіздігі туралы» Конституциялық Заңға сәйкес Қазақстанның тәуелсіздік алуына байланысты партиялық құрылыстың жаңа кезеңі басталады [66].

1993 жылы 28 қаңтарда Қазақстан Республикасы Жоғары Кеңесінің тоғызыншы сессиясында қабылданған тәуелсіз Қазақстанның тұңғыш Конституциясы жас мемлекеттің плюралистік демократияны орнатуға деген ынтасын бейнеледі. Негізгі заңның 10-тарауы Қазақстандағы саяси партиялардың институционализациялануының конституциялық-құқықтық іргетасын бекітті. Оның ішінде, 56-бап қазақстандық саяси партиялардың құрылуының, оның қызметінің және қызметінің тоқтауының тәртібін реттейтін арнайы заңның қабылдануын қарастырады.

1994 жылдың өзінде Орталық сайлау комиссиясының деректері бойынша Жоғары Кеңестің 13 шақырылымының 176 депутатының 75-і саяси партиялардан және өзге қоғамдық-саяси ұйымдардан сайланды [63. 14 бет].

1995 жылы Қазақстан саяси жүйені одан әрі либералдандырды. Осы жылы 30 тамызда елдің жаңа Конституциясы қабылданып, партиялық құрылысты одан әрі жетілдірді [67].

Негізгі заңның 5-бабында тұңғыш рет саяси партиялардың конституциялық-құқықтық мәртебесін анықтайтын маңызды ережелер бекітілді. Профессор Ғ. Сапарғалиев оларды былайша жіктеді:

1. Идеологиялық және саяси әралуандылықты тану, яғни, түрлі идеологияларға арқы сүйейтін, түрлі саяси партиялардың пайда болуы үшін конституциялық негіз орнату. Бұл, өзінің қызметін конституциялық негізде жүргізетін саяси партиялар легитимді болып табылады дегенді білдіреді.

2. Саяси партиялар тәуелсіз, жеке саяси ұйымдар болып табылады. Яғни, олар мемлекеттік органдармен бірікпейді және оларға тәуелді емес. Саяси партиялар мен мемлекеттің бірігіп кетуіне жол бермеу мақсатында, Конституция мемлекеттік органдарда саяси партиялардың құрылуына тыйым салады.

3. Конституция барлық саяси партиялар заң алдында бірдей деп бекітеді. Бұл бірде бір партия ерекше жағдайға, қандай да бір артықшылыққа не үстемдікке ие бола алмайды дегенді білдіреді.

4. Конституция саяси партиялардың ісіне мемлекет органдарының заңсыз араласуына тыйым салады. Бұл жерде заңсыз араласу деп саяси партиялардың Конституцияда, саяси партиялар туралы заңда бекітілген және қарастырылған мәртебесін бұзатын әрекеттерді түсіну қажет.

5. Конституция мемлекеттік органдардың функцияларын саяси партияларға жүктеуге тыйым салады.Мемлекеттік органдар өзіне жүктелген міндеттерді өзі атқаруы тиіс.

6. Конституция саяси партияларды мемлекеттік қаржыландыруға тыйым салады. Олар өз қаржыларына, Қазақстан Республикасының азаматтары мен заңды тұлғалары бөлген қаржыға өмір сүруі мүмкін. Саяси партиялар шетелдік заңды тұлғалар мен азаматтардан, шет мемлекеттер мен халықаралық ұйымдардан қаржы алуға тиіс емес. Мұндай құқықтық норма саясатқа, мемлекеттің қызметіне сыртқы фактордың араласуына жол бермеу мақсатында енгізілген.

7. Конституция мақсаты мен әрекеті еліміздің конституциялық құрылысын күшпен өзгертуге, республиканың тұтастығын бұзуға, мемлекеттің қауіпсіздігіне нұқсан келтіруге, әлеуметтік, нәсілдік, ұлттық, діни, тектік-топтық араздықты тұтатуға бағытталған саяси партиялардың құрылуына және қызметіне тыйым салады.

8. Конституция саяси партиялардың діни негіздегі қызметіне тыйым салады. Бұл конституциялық ережені екі мағынада түсінуге болады: 1) діни көзқарасты басшылыққа алып саяси партия құруға болмайды; 2) құрылған және тіркелген саяси партиялар өз қызметін діни идеологияға сүйеніп жүргізуге құқығы жоқ.

9. Конституция Қазақстан Республикасында өзге мемлекеттердің саяси партияларының қызметіне тыйым салады. Мұндай тыйым салу Қазақстан Республикасының егемендігін қамтамасыз ету қажеттілігінен туындайды.

Жоғарыда келтірілгендерден түйетініміз Қазақстан Республикасының Конституциясы саяси партиялардың ұйымдасуы мен қызметі үшін кең конституциялық негіз берген [68].

Сондай-ақ, 1995 жылғы Конституция ережелерін Қазақстан Республикасындағы «Қоғамдық бірлестіктер туралы» (1996. 07. 02.), «Саяси партиялар туралы» (1996. 07. 02.), «Сайлау туралы» (1995. 09. 28.), «Қазақстан Республикасы Парламенті және оның депутаттарының мәртебесі туралы» (1995. 10. 16.) Конституциялық Заң күші бар Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлықтары және т.б. нормативтік актілер одан әрі жетілдіруге өз үлестерін қосты.

«Қазақстан – 2030» бағдарламасын жүзеге асыру мақсатында 2001 жылдың 4 желтоқсанындағы Президент Жарлығына сәйкес, Қазақстанның 2010 жылғы дейінгі дамуының стратегиялық жоспарында партия туралы заңды одан әрі жетілдіру бағыты айқын көрініс тапқан [69].

Дәлірек айтсақ, онда көппартиялық жүйеге жағдай туғызу қажеттілігі көрсетілген, яғни:

- аяси партиялар шын мәніндегі беделге, халықтың қолдауына ие болулары тиіс және саяси стратегияларды жасауға қабілетті болуы керек;

- қазіргі саяси партиялар мен олардың парламенттік фракциялары қоғамның барлық бөлігінің мүдделерінің саяси өкілдігінің болашақ құрылымын қалыптастыру үшін алғашқы жағдайларды туғызуға міндетті;

- партиялар қоғамдық пікірді дауыс беру жолымен білдіруге жағдай туғызуға, қоғам мен мемлекеттік органдар арасында тұрақты байланысты жүзеге асыруы тиіс. Партиялық қызметтің негізінде саяси элитаны таңдау және дайындау, басқару аппаратының кадрларын дайындауды жүзеге асыруы тиіс;

- мемлекеттегі көппартиялылықтың өмір сүруі, азаматтардың саясатқа қатысуына мол мүмкіндіктерді қамтамасыз ететін қажетті жағдайлардың бірі ретінде болуы тиіс;

Парламенттегі партиялық фракциялардың рөлін арттыру үшін, Парламенттегі партиялық фракциялардың қызмет ету механизмін нақты анықтайтын заңның қабылдануы қажет.

2002 жылдың 15 шілдедегі жаңа «Саяси партиялар туралы» Қазақстан Республикасының Заңы қабылданды [39]. Онда негізінен саяси партиялардың құрылуы және мүшелерінің саны, партиялар жарғысының қажетті ақпараттық минимумы, олардың қызметін тоқтатудың негіздері мен мерзімдері айтарлықтай өзгеріске ұшырады.

Партияларға жаңа заңның талаптарына байланысты қайта тіркеуден өту ұсынылды. Осының барлығы қазақстандық партия жүйесіне әсер етті.

Егер 2002 жылдың маусымында Қазақстанда «Қазақстанның Халық Конгресі» партиясы, «Алаш» ұлттық партиясы, Қазақстанның социалистік партиясы, Қазақстанның коммунистік партиясы, Халықтық-кооперативтік партия, Қазақстанның қайта өрлеу партиясы, Қазақстанның Республикалық Еңбек саяси партиясы, Азаматтық партия, Әділеттік партиясы, Республикалық халықтық партия, Аграрлық партия, «Азамат» Қазақстанның демократиялық партиясы, Қазақстан әйелдерінің демократиялық партиясы, Шаруалардың «Ауыл» социал-демократиялық партиясы, Қазақстан патриоттарының партиясы, «Қазақ елі» ұлттық бірлесу партиясы, «Ақ жол» демократиялық партиясы, Орыс партиясы, «Отан» республикалық саяси партиясы сынды 19 партия өмір сүрсе, жаңа заңның талабына сәйкес қайта тіркеуден мына партиялар өте алды: Азаматтық партия, «Отан» республикалық саяси партиясы, Коммунистік партия, Аграрлық партия, Шаруалардың «Ауыл» социал-демократиялық партиясы, Қазақстан патриоттарының партиясы, «Ақ жол» демократиялық партиясы.

Келесі 4 партияға, яғни, «Алаш» ұлттық партиясына, Орыс партиясына, Қазақстан әйелдерінің демократиялық партиясына, Қазақстанның қайта өрлеу партиясына мемлекеттік қайта тіркеуден өтуі үшін қажетті мүшелер санын жинағанына қарамастан, Азаматтық кодекстің, «Саяси партиялар туралы», «Коммерциялық емес ұйымдар туралы», «Қоғамдық бірлестіктер туралы» Қазақстан Республикасының Заңдарының талаптарын бұзғанына байланысты тіркеуден өткізуден бас тартылды.

Еңбектің республикалық саяси партиясы мен Халықтық-кооперативтік партиясы «Отан» республикалық саяси партиясының құрамына енді.

Қалған 6 партия, яғни, «Қазақстанның Халық Конгресі» партиясы, Социалистік партия, Республикалық халықтық партия, Әділеттік партиясы, «Азамат» Қазақстанның демократиялық партиясы, «Қазақ елі» ұлттық бірлесу партиясы жаңа заңның талаптарына байланысты тиісті мүшелер санын жинай алмағындықтан қайта тіркеуден өтуге бас тартты.

Саяси процестердің дамуына байланысты елімізде тағы бірнеше әртүрлі бағыттағы партиялар пайда болды. Атап өтер болсақ, «Қазақстанның демократиялық таңдауы» халықтық партиясы (бүгінгі күнде аталған партия Конституцияға қайшы әрекеттер жүргізгендіктен, заңға сәйкес сот шешімімен таратылды), «Асар» саяси партиясы, Қазақстан коммунистерінің халықтық партиясы, «Руханият» партиясы және Қазақстанның демократиялық партиясы.


Кесте №3. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде тіркелген партиялар тізімі






Партия атауы


Куәлік нөмірі мен тіркелу мерзімі


Жетекшінің аты-жөні


Мүшелер саны


Тіркелген филиалдары жайлы мәлімет


1

« Ақ жол » Қазақстанның демократиялық партиясы

№580р

12.12.2002ж.




Бәйменов Әлихан Мұхамедияұы

57406*



барлық облыстарда


2

Қазақстанның азаматтық партиясы

№15р

10.01.2003ж



Перуашев Азат Тұрлыбекұлы

63458*

барлық облыстарда

3

«Отан» республикалық саяси партиясы


№14р

10.01.2003ж




Назарбаев Нұрсұлтан Әбішұлы

111123*


барлық облыстарда


4

Қазақстанның аграрлық партиясы


№97р

06.03.2003ж




Мадинов Ромин Ризович


52567*


барлық облыстарда

5


Қазақстанның патриоттар партиясы

№125р

21.03.2003ж



Қасымов Ғани Есенгелдіұлы

51188*


барлық облыстарда

6

Қазақстанның коммунистік партиясы


№123р

20.03.2003ж




Әбділдин Серікболсын Әбділдаұлы

52246*


барлық облыстарда


7

Қазақстанның «Ауыл» социал-демократиялық партиясы

№142р

02.04.2003ж




Қалиев Ғани Әлімұлы


61043*


барлық облыстарда


8

«Руханият» саяси партиясы


06.10.2003ж




Жағанова Алтыншаш Қайыржанқызы




барлық облыстарда


9

«Асар» республикалық саяси партиясы


19.12.2003ж




Назарбаева Дариға Нұрсұлтанқызы




барлық облыстарда


10

Қазақстанның коммунистерінің халықтық партиясы

21.06.2004ж




Косарев Владислав Борисович




барлық облыстарда


11

Қазақстанның демократиялық партиясы

14.06.2004ж




Нәрікбаев Мақсұт Сұлтанұлы




барлық облыстарда

*- тіркелген кездегі саны


Партиялар туралы заңды реформалауға қарамастан, елдегі саяси жағдайға байланысты жаңа саяси партиялар пайда бола бермек.

Қазақстан Республикасындағы саяси партиялардың құқықтық институционализациялануының негізгі кезеңдерін қарастырудың нәтижесі, елдегі азаматтардың саяси партияларға бірігуге конституциялық құқығын жүзеге асыру, идеологиялық және саяси әралуандылықтың даму ағымын одан ары бекіте түседі.




Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет