Төртінші топқа орыс тәрбиесінде болған, орыс мәдениетін ислам мәдениетінен жоғары қойған, бірақ қазақ халқы үшін, оның болашағы үшін күрескен қазақ ағартушылары Шоқан Уәлиханов пен Ыбырай Алтынсаринді жатқызуға болады.
Ы. Алтынсарин 1879 жылы Торғай облысы мектептерінің инспекторы болып тағайындалады . Содан былай Ыбырай Алтынсарин екі "майданда" жұмыс істей бастайды. Біріншісі –аталмыш мектептерге болыстардан балаларды неғұрлым мол тарту, сол үшін мектептер жанына интернаттар салу ; екіншісі – болыстықтарда мектептер ашу . "қазақ болыстық мектептері турасындағы" жазбасында: "үш-төрт болысқа бір мектеп салу жұмысына кірісу ғана қалды" дейді де осы жазбаның бір сілтемесінде: "Ырғызда мектеп үйін салудан ақша артылып қалатын болса, онда облыстық бастықтар оны Елек пен Николаев уездерінің әрқайсысында бір - бірден екі болыста ғана мектеп салуға рұқсат етіп отыр. Ал Торғай облысында қырық шамалы болыс бар. Сондықтан, егер төрт болысқа бір мектептен дегеннің өзінде, енді он мектеп ашуымыз керек болады",- деген де жолдар бар.
Торғай облысының губернаторы, тегі, болашақта ашылатын болыс мектептерінің түр-тұрпатының қандай болатыны жөніндегі инспектор пікірін білгісі келген болу керек, соған жауап ретінде Ыбырай 1883 жылдың 30- қазанында жазған баяндама хатында былай дейді (болашақта Ыбырай ойы қазақ елінде ашылар барлық болыстық мектептің нұсқасы ретінде қабылданатын болғаннан кейін, оны толық беруді жөн көріп отырмыз):
"…Менің ойымша, таза қазақтар арасында болатын бұл мектептердің құрылысы осы халықтың тұрмыс жағдайына ыңғайлану керек; сондықтан бұл мектептер қазақтар қыстаған кезде қыстап, көшкен кезде көшіп жүрулері керек. Оның үшін, мысалы, болыс көлемінде орталық болатын және шаруашылық жағынан қолайлы келетін бір орынды таңдап алып, менің ойымша, жергілікті материалдардан (қам кірпіштен,т.с.), мүмкін болғанша берік, бір кластық бөлмесі бар, оқытушы жататын, ас пісіретін бөлмесі, ауыз үйі, шоланы бар мектеп үйін салу керек. Мұнда қазақ балалары жеті жарым ай, яғни 1-қыркүйектен 1-мамырға дейін, қазақтар, дағды бойынша, жазғы жайлауларына көшкенше оқи алады; ал 1- мамырдан бастап мектеп басқа қазақтарша, киіз үйге шығып алып, көшкен кезде мектепке көлік бере алатын немесе әр ауылдың мектепке кезекпен көлік беруі жайында ресми бұйыра алатын бір беделді қызмет адамымен бірге, көшіп отыруы керек. Мектептің осы айтылған түрде көшіп жүруі қазақтарға ауыр бола қоймады".1
1879 жылдың 25 қарашасында Ильминскийге жазған хатында: "…Болыстық мектептерді ашуға асығудың әзірге қажеті жоқ .Өйткені оларға лайық оқытушы жоқ… Әуелі әрбір уезде қазақ арасынан жақсы жабдықталған бір-бір екі класты немесе үш класты мектеп ашуымыз керек… Ол мектептерден оқушыларды отырықшылыққа, тазалыққа дағдыланатын, әр нәрсеге де ақыл –оймен қарай білетін етіп шығаруымыз керек… Ал болыстық мектептер дегеніміз қазір бұл мақсатқа жеткізе алмайды. Ал егер бұл мектептерге оқытушы етіп небір өсекші казактарды немесе бүкіл Россиядан орын таба алмай жүрген маскүнем бір шенеуніктерді жіберетін болсақ, онда біз ілкі кезден бастап-ақ орысша мектептерге халық көңілін мүлде суытып алуымыз мүмкін. қазақтардың өз арасынан жергілікті жағдайлардың бәрін жақсы білетін, оқыған адамдар көбірек шыққан кезде болыстық мектептерді ашу керек те және ол мектептер күмәнсіз пайдалы болады. Егер ашқалы отырған мектептеріміз тез жүзеге асып , дайындамақ оқытушыларымыз тез бітіріп шығатын болса, бұл онша ұзаққа да созылмас".
Бұл хаттан, біріншіден, болыстық мектептер ашу мәселесі әуелден сөз болып келе жатқанын білсек, екіншіден, әсіресе хат болыстық мектептер ашуда Ыбырай алдында қандай мәселелердің бой көрсетіп тұрғанын артық түсіндірмесіз - ақ айқындап тұрғанын аңғарамыз.
Осы кезеңде қалыптаса бастаған қазақ интеллигенциясы да патша өкіметінің үні болған "Дала уалаяты газетінің" (1888-1902) бейресми бөлімінде оқу-ағарту саласының іргелі мәселелерін көтере бастады. Зиялы қауым өкілдері А.құрманбаев, Ә.Бөкейханов, М.Көпеев, Б.Адықов, О.Әлжанов, Ж.Аппасов, А.Нөкербековтардың мақалалары мен ой-пікірлері жиі жариялана бастады.
"Оқыған жарық, оқымаған қараңғы!" деп, ұран тастаған басылым "ғылым оқудың қажет екенінің баяны", "ғылым түбі- ілім", "ғылымның әуелгі жарығы", "Баянауылдан" атты мақалаларында оқудың неліктен қажеттігі, халқымыз қай салада кейін қалып келеді, нені үйрену керек деген мәселелер төңірегінде сөз қозғайды.Мәселен, Мәшһүр Жүсіп Көпеев "Баянауылдан" мақаласында: "ғылымсыз болған нәрсенің пайдасы жоқ, мал жиып бай болуды ойлама, ғылым үйреніп білгіш болуды талап қыл.Неге десең ,ғылым пайғамбардан қалған мұра" деп, мал бағудан басқа да өнер бар екенін және таусылмас қазына екенін дәлелдеп,одан қыз балаларды оқыту, кәсіппен айналысу ,тәлім- тәрбие ,әдет-ғұрып мәселесі туралы пікірін білдіреді.
Газетті шығарушылар қазақ халқының мәдениеттен кенже қалуы – сауаттылығының болмағандығынан деп есептейді.Сондықтан олар халықты оқу білімге,өнерге шақыруды басты мақсат етеді.
ХІХ ғасырдың екінші жартысындағы зиялы қауым білімнің көзі- жергілікті жерлерде медреселер ашып, балаларды оқыту екенін түсінеді. Және ол халықтың көшпелі тұрмысына лайықты болу керек дейді. Осыған орай:" қандай медресе пайдалы" деген мақалада:"…қазақтар үшін ашқан медреселер де халықтың жүріс-тұрысына қарай көшпелі болсын. Бұл уақытта елге осындай медресе пайдалы. Себебі онда қазақ балалары сабақтан қалмас еді. Және де оқитын балалар көбейер еді.Шаруаға да бөгет болмай, үлкендер де оқыр еді…Тәуір – тәуір ауылдарға бір – бір медреседен болса, ғылым – білім сөзсіз ұлғаяр еді",- деген пікір айтылып, бастауыш мектептер ашу мәселесі көтеріледі. Алекторов: "Көшпелі ауыл мектебі ешқандай қатесіз Дала Уалаятындағы бастауыш білім берудің бірінші басқышы болып есептелінеді"- деп жазған.
"Дала уалаяты газеті" жаңа оқу ісін марапаттай отырып, ескі дін оқуын қатты сынға алады. Діни мектептерде әріптердің атауы ғана оқытылатынын, оның "әліп","би","ти","си" дегені жеке сөздерді оқып үйренуге мейлінше қиындық туғызып, балаға хат танытуға 2-3 жыл жұмсалатынын, ал орыс мектептерінде хат тану 3 айға ғана созылатынын дәлелдеген. Ендеше әріп тану қазақ балалары үшін бірнеше жылға ұласқаны тиімсіз, орыс мектептерінде қолданатын буындап оқыту әдісінің тиімді екенін газет баса айтты.
Осыған орай, орыс мектептерінде қолданылған оқытудың жаңа әдісі, дыбыстап оқу әдісі арқылы оқытуды газет өзінің бірнеше санында елеулі мәселе етіп көтереді. Сондай-ақ басылым бетінде оқытудың әдістемелік нұсқаулары да жарияланып," ежелетіп оқытпай, тура сүресін оқыту керек" деген пікір айтылады.
Газет сонымен қатар ғылым жаңалықтарын, әдеби шығармаларды және аудармаларды жариялап, ағартушы-ғалым Ы.Алтынсариннің жасаған оқулықтарымен таныстырып отырған.
"Дала уалаяты газеті" сол кездегі ең ділгір мәселе- халықтың ғылым-білімге деген ұмтылысын қал –қадірінше қолдап, елдің осы істегі әрекетіне бағыт нұсқап, ақыл- кеңес береді. ғылым- білім жаңалықтарын насихаттап, алғашқы қазақ ағартушыларының озық ойларын жүзеге асыру ісіне өзіндік үлес қосты. Патша әкімшілігінің шылауында қалып қоймай, халықты ілгерілету жөніндегі қоғамдық пікірдің қалыптасуына септігін тигізді.
Ы. Алтынсариннен басталатын орыс-қазақ мектептерін Түркістан өлкесінде "Туземная школа" деп атаған. Түзем мектептерінің көп дамыған жерлері- қалалар ( Ақмешіт, қазалы, Ташкент, қостанай , Ақтөбе , Павлодар, Семей, қызылжар , Верный, Пішпек, қапал, Наманған, Самарқан, т.б.) мен ірі темір жол станциялары болды. Онда орыс, қазақ балалары қатар оқыды. Алтынсарин кезінде бұл мектептердің оқуы орыс, қазақ тілінде қатар жүрді де кейінгі түзем мектептері тәжірибесінде екі тіл қолданыла қоймады. Алайда ХХ ғасырдан бастап 4 жылдық түзем мектебі, гимназия әр жерден-ақ ашылып , онда оқыған қазақ балаларының саны арта бастап еді.1915 жылға қарай сол гимназияларды бітірген қазақтар Омбы, Ташкент мұғалімдер семинариясына түсіп оқыды. Семинаристердің көрнектілері қырда - С.Сейфуллин, М.Әуезов, К.Төгісов, Сыр елінде қожанов, Т.Рысқұлов, Н.Төреқұлов, Есеновтер, ғ.Мұратбаевтар болған еді. Семинаристер көбіне педагог, жазушы кейін белгілі қоғам қайраткері болған.
Достарыңызбен бөлісу: |