2.Пунктуацияны оқыту әдістемесі.
Пунктуация ‒ тыныс белгілерін дұрыс қою ережелерінің жүйесі. Пунктуация жазылған мәтіннің мазмұнын дұрыс түсінуге, оның оқылуын жеңілдетуге мүмкіндік береді. Тыныс белгілері арқылы сөйлем жігі ажыратылады. Пунктуация орфография сияқты жазу тілінің дұрыс берілуін қамтамасыз ететін көмекші белгі болады. Пунктуациялық сауаттылық ‒ адамның жалпы сауаттылығының айғағы.
Пунктуация принциптері: грамматикалық, логикалық (мағыналық) интонациялық. Қазіргі пунктуация бір принципке ‒ семантика-грамматикалық принципке негізделген. Бұның компоненттері ‒ сөйлемнің мағынасы мен грамматикалық құрылысы. Интонация грамматикамен (синтаксиспен) тығыз байланысты, яғни сөйлемнің айрықша белгісі болып есептеледі.
Пунктуациялық қатенің төрт түрі бар: 1)тыныс белгісін қоймай кету, 2)тыныс белгісін артық қою, 3)тыныс белгісінің қайсысын қоярын білмеу, яғни бірінің орнына екіншісін қойып шатастыру, 4)тыныс белгісін тиісті жерге қоймай, басқа жерге қою. Тыныс белгісін артық қою мектепте ең жиі кездесетін қатенің түрі болып табылады.
Пунктуациялық сауаттылықтың төмен болу себептері және оларды болдырмау жолдары
Диктант жазғанда, жалпы жазу жұмысының түрлерінде емле қатесінен гөрі, тыныс белгісінен қате көп кетеді. Себебі: 1)емлеге көбірек жаттығады, әр сыныпта тыныс белгісінен өткенді әрқашан естеріне салып, көбірек жаттықтырса, қате көп болмас еді; 2)пунктуацияның өз ерекшелігіне байланысты: ол адамның жан-жақты жіктелуін, тілінің жақсы дамығанын талап етеді; 3)пунктуация бойынша жұмысты дұрыс ұйымдастыра алмауға байланысты: пунктуацияны оқытудың өзіндік принциптері ескерілмейді, тыныс белгілерінен жіберілген қателердің себептері дұрыс түсіндірілмейді; 4)бір жағынан, пунктуациялық ережелерді өтуде асығыстық болады; екінші жағынан, тыныс белгісін қоюда екі ұштылық туғызатын ережелердің көп болуынан; 5)кейбір оқушылардың жалпы дамуының жетімсіздігі, сөйлеуінің дамытылмауы, сөйлеудегі логикалық ойының жетілмеуі, т.б.
Тыныс белгілерін дұрыс қою үшін, жеке сөйлемнің, сондай-ақ тұтас мәтіннің мағынасын дәл және дұрыс түсіну, сонымен қатар әр сөйлемнің құрылу жолдарын жақсы білу керек. Сондықтан пунктуация бойынша өткізетін сабақтарда тек грамматикамен ғана байланыстырмай, сөйлемді айтылмақшы ойдың мақсатымен де байланыстыру қажет.
Достарыңызбен бөлісу: |