Иксодид, аргазид кенелерін жинау, өңдеу және зерттеу әдістері
Кенелер адамға, мал-жануарларға әртүрлі инфекциялық, инвазиялық аурулар қоздырғыштарын жұқтыратыны белгілі. Сол себептенде кенелермен жұмыс жасағанда өзін-өзі сақтандыру шараларын мұқият жүргізу қажет. Малды кенелерге тексергенде және кенелерді жинағанда халат, резеңке қолғап киіп, жұмысқа кірісу керек. Кенелерді жинаған кезде, оларды мыжып тастауға болмайды.
Жинаған кенелерді шыны түтікке (пробиркаға) салып, аузын резеңкемен немесе мақтамен тығындайды. Егер оларды тез арада тексеру керек болса, онда кенелерді қағаздан жасаған құтыларға немесе Петри шәшкесіне жинайды.
Кенелерді мал денесінен жинау әдістері.
Ірі малды (түйе, жылқы, сиыр, бұғы) кенелерге тексеру үшін, оны алдымен арнайы станокқа мықтап байлайды. Ұсақ малды (қой, ешкі, ит, мысық) мал иесі немесе көмекші санитар ұстап тұруы қажет. Малдың алдымен басын, онан кейін мойнын, жотасын, қабырға тұсын, шабын, желінін, төсін және аяқтарын қарайды. Әіресе тері қыртысының қайызғақтанған, қасыған жерлерін, қыртыстанған қатпарларын көзбен, одан кейін лупамен мұқият қарау керек.
Ірі қара малынан иксод кенелерін құлақтың түбінен, басынан, мойынынан, қолтығынан, емшегінен, шабынан, құйрығынан, анус айналасынан, іздейді. Оларды пинцетпен жинайды.
Қой, ешкі малдарын тексергенде, жүн арасын ашып, теріні саусақпен сипап қарайды. Кірпікшешендердің инелерін ашып, тері арасын түгел қарайды. Тышқан тектес кеміргіштердің бас терісін, құлақ қуысын мұқият қарау керек. Құстардың қанат астын, басын қарайды. Кесірткелердің мойнын және аяқ түбін тексереді. Табылған кенелерді қысқышпен (пинцетпен) мыжып жібермей, еппен жинайды.
Теріге жабыспаған кенелерді анатомиялық пинцетпен жинайды. Ал жабысқандарын пинцетпен көтеріп, жайлап суырып алады. Әр малдан жинаған кенелерді санап, жеке шынықұтыларға орналастырады. Кене салған құтыларға этикетка жазып салады. Этикеткада малдың түрі, инвентарлық нөмірі немесе түсі, жасы, жынысы, жинаған кененің саны, түрі, шаруашылықтың атауы, ауданы, аймағы және кене жинаған адамның аты-жөні жазылуы қажет.
Малдарды кенеге тексерудің қортындылары арнайы журналдарға жазылуы тиіс. Журналда малдардың тексерілген күні, малдың түрі, жасы, жынысы, жанама аты, нөмірі, иесі жазылып, ары қарай тексеріл- 66 ген малдың жалпы саны, одан кене шыққандарының саны көрсетілуі керек. Жинаған кенелердің еркек, ұрғашыларының, нимфасының және балаңқұрттарының саны мен кененің түрі де осы журналда көрсетілуі қажет.
Достарыңызбен бөлісу: |