1 қыркүйек – Білім күніне арналған «Сыңғырла, күміс қоңырау!» салтанатты жиынының бағдарламасы.
Жүргізушілер: Қарабекова Мадина–10-сынып оқушысы,Балтабайұлы Серік–11-сынып оқушысы
1-жүргізуші: Армысыздар, құрметті қонақтар!
2-жүргізуші: Ұлағатты ұстаздар!
1-жүргізуші: Ардақты ата-аналар!
2-жүргізуші: және күміс қоңырау үнін сағына, асыға жеткен оқушылар!
1-жүргізуші: Аралап көрікті жерлерді,
Жаз бойы тынығып демалдық.
Білімге шақырып келді күз,
Мектепке көңілді оралдық.
2-жүргізуші: Білім күнгі мерекелік жиында
Мектептен басталады білім нәрі.
Елімнің көк байрағы енгізіліп,
Шырқалсын қазағымның Әнұраны!
Тыңдаңыздар, тыңдаңыздар! Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Туы енгізілсін!
/ҚР-ның Мемлекеттік Туы енгізіліп, Әнұраны орындалады./
2-жүргізуші: Дәстүрлі 1 қыркүйек – Білім күніне арналған «Сыңғырла, күміс қоңырау!» атты салтанатты жиынымызды ашық деп жариялаймыз!
1-жүргізуші: Биыл егеменді еліміздің төлқұжаты - Ата заңымыздың қабылданғанына 15 жыл! Ғасырлар бойы тәуелсіздікті армандаған Қазақстан халқының бұл Конституциясы адамзат дамуының ғаламаттық үрдісіне сай қазіргі заманғы либералды-демократиялық құндылықтарды толығымен бекітуімен ерекшеленеді.
2-жүргізуші: Конституция – жеке тұлға және оның өмірін, құқықтары мен бостандықтарын Республиканың ең қымбат қазынасы ретінде танып, мемлекеттен олардың орындалуына жағдайлар жасауын талап етеді.
1-жүргізуші: Сонымен қатар биыл Әбіш Кекілбаев ағамыз айтқандай, әлсізге – Медет, күштіге – Айбар, зарыққанға – Жебеу, тарыққанға – Медеу, асқанға – Тосқан, сасқанға – Сая, ұрпаққа – Ұстаз, ұлысқа – Ұран, ел Иесі, жер Киесі Бекет Атаның туғанына 260 жыл.
2-жүргізуші: Қасиетті Бекет Ата жастайынан рухы күшті рухани ортаның әсерімен тәрбиеленген. Ел аузымен айтылатын:
... Таудан асқан тас бұлақ
Тасыса құяр теңізге.
Жақсыдан туған жас құрақ,
Тартпай қоймас негізге-
деген халық даналығы Бекет атаға да қатысты. Бекет Ата – киелі, әрі пір. Сондықтан да осы айтулы күн, яғни атаның 260 жылдығы кең көлемде аталып өтуде.
1-жүргізуші: Ата Заңымыздың 15 жылдығы мен Бекет Атаның 260 жылдығы тағы бір мерекемен тұспа-тұс келіп отыр. Ол – киелі де құтты шаңырағымыз - алтын ұямыздың құрылғанына 5 жыл!
2-жүргізуші: Осындай мерекелермен қатар келіп жеткен жаңа 2010-2011 оқу жылы баршамызға құтты болсын, ағайын!
1-жүргізуші: Еліміз дағдарыс арқылы жаңару мен дамуға қадам басқан күндерек беттерінде ел сыйлаған ағалар мен апаларымыз бүгінгі жиынымыздың қадірлі қонақтары.
2-жүргізуші: Шарықтасын шат көңілдің алабы,
Шат жүрекке ақ тілектер қонады.
Дархандай кең біз қонақжай халықпыз
Әрқашанда төрде отырар қонағы.
1-жүргізуші: Салтанатты жиынымыздың құрметті қонақтарымен таныстырып өтейік.
/Қонақтар таныстырылады./
1-жүргізуші: Еліміздің келешегі бүгінгі ұрпақ екені баршамызға мәлім. Алтын ордамыздың табалдырығын алғаш рет аттағалы тұрған 1-сынып оқушылары сынып жетекшілерімен арамызда.
2-жүргізуші: Ендеше, 1-а сынып оқушылары мен сынып жетекшісі Бабаева Жібек Шамғалиқызына және 1-ә сынып оқушылары мен сынып жетекшісі Кенжеханова Әлия Мырзахбарқызына ду қол шапалақпен қошеметімізді білдірсек.
1-жүргізуші: Киелі шаңырағымызда жыл сайын жас мамандар қатары толығуда.
Білім бәсекелестігінде өз біліктілігімен танылған биылғы жылы біздің гимназиямыздан ұстаздық жолының бастауын бастағалы тұрған жас мамандарды қошеметпен ортаға шақырамыз.
2-жүргізуші: КубеноваАян Нарымбаевна – математика пәні мұғалімі
1-жүргізуші: Тумаева Гүлзира Бақытовна –география пәні мұғалімі
2-жүргізуші: Баймурзаева Балнұр Тілеубековна – ағылшын тілі пәні мұғалімі
1-жүргізуші: Төлеуова Жамила Султанбаевна – қазақ тілі пәні мұғалімі
/Жас мамандар ортаға шақырылады./
1-жүргізуші: Бүгінгі мерекемен құттықтау үшін және жас мамандарға тілек хаттарын табыс ету үшін алғашқы сөз кезегі гимназия директоры Даурбаев Келдімұрат Түгелбайұлына беріледі.
/құттықтау сөз кезегі беріледі, тілек хаттар табыс етіледі./
1-жүргізуші: Халықаралық «Бозторғай» балалар шығармашылығы байқауының дипломанты 11-сынып оқушысы Меңдіғалиева Жансаяның орындауындағы «Ұстазым» әнін сазды сәлем ретінде жолдаймыз. Қабыл алыңыздар!
/Сазды сәлем/
2-жүргізуші: Дәм жазса жақсылыққа кез келерміз,
Күн сайын өркендерміз, өсерміз.
Бүгінгі салтанатты жиналыста
Құрметпен өзіңізге сөз береміз.
1-жүргізуші: Ендеше, сөз кезегі сіздерде, құрметті қонақтар!
/Құттықтау сөз беріледі./
1-жүргізуші: 5 жылдық тойымызға
Биден шашу шашайық!
2-жүргізуші: Мың бұралған бишілерді
Қол соғып қарсы алайық!
1-жүргізуші: «Құрық балалар өнер мектебінің» бишілер тобының орындауында би.
/Сазды сәлем/
1-жүргізуші: Мектеп ана күліп тұр тағы,
Шақырады қыркүйектің нұр таңы.
Асығуда әліппені алуға
Еліміздің тағы бір жас ұрпағы!
2-жүргізуші: Сөз кезегі гимназия табалдырығын алғаш рет аттағалы тұрған 1-сынып оқушыларына беріледі.
1-оқушы: Абзал жандар, биік тұлға байсалды,
Құшақ жая төл мерекең қарсы алды.
Қуанышпен жарқын тілек білдіріп,
Құттықтайды бірінші сынып баршаңды.
2-оқушы: Келді міне, қоңыр күз
Келді қағып қоңырау.
Мектеп – ана жылы жүз
Ашты құшақ омырау.
3-оқушы: Алты жасқа келгенім
Еркеліктен кеткенім
Кітабымды қолтықтап,
Мектебіме жеткенім.
4-оқушы: Мейірім, нәр, гүл өңі
Ұстаздардың реңі.
Шәкірттерін құшақтап,
Шаттанады, күледі.
5-оқушы: Арттырған шәкірт талғамын,
Ұстаздар – үміт ардағым.
Өзіңнен үміт нәрін ап,
Қырандай алға самғармын.
6-оқушы: Мектеп – қамқор анамыз,
Оқып, білім аламыз.
Өнерпаз боп өсетін
Біз – оқушы баламыз.
7-оқушы: Алдыңа кеп ұстазым,
Тұңғышқалам ұстадым.
Күлімдеген көзіңнен
Мейірімің сезілген.
/1-сынып оқушыларының құттықтауы/
1-жүргізуші: Құтты болсын қарағым,
Білімге қадам басқаның.
Сөмке артып арқаңа
Мектеп есігін ашқаның.
2-жүргізуші: Айналайын, дарын бол,
Жақсы оқып, ер жетіп.
Оқу оқып, ғалым бол,
Жанған оттай жалын бол!
1-жүргізуші: Әділ шешер әр істі
Ақылың асқан дана бол.
Шыбықтай өсіп шынар бол,
Білім жолын қуар бол!
2-жүргізуші: Бүлдіршіндер, білім майданына алғаш аттаған қадамдарың құтты болсын!
1-жүргізуші: Еліміздің көк байрағын аспандататын, келешекке нық қадам баса алатын білімді де саналы азаматтары бола біліңдер.
1-жүргізуші: Келесі құттықтау сөз кезегі ата-аналар атынан ата-аналар кеңесінің төрайымы, «Құрық балалр өнер мектебінің» директоры Әлпіш Фарида Бектемірқызына беріледі.
/Құттықтау сөз/
2-жүргізуші: Халықаралық «Бозторғай» балалар шығармашылығы байқауының лауреаты, жезтаңдай жас әншіміз Жетіс Ақбаянның орындауындағы «Қорқыт қобыз» әні өздеріңе арналады, жас бүлдіршіндер!
/Сазды сәлем/
2-жүргізуші: Биылғы оқу жылында Білім күніне арналған алғашқы қоңырау соғу құрметі алтын ұямыздың 5 жылдығына орай 5 буынға бұйырып отыр.
1-жүргізуші: Ұрпақтар сабақтастығы мен қоңырау үні сыңғырының жалғасының белгісіндей қоңырау соғу құрметі ардагер ұстаз Төлесбаева Айханым апайға,
2-жүргізуші: 11-сынып оқушысы оқу озаты Омарова Рыстыға,
1-жүргізуші: гимназиямыздың негізгі бөлімін үздік куәлікке аяқтаған, оқу озаты 10-сынып оқушысы Алдабергенов Нұрасылға,
2-жүргізуші: гимназияның бастауыш сатысын үздік аяқтаған 5-сынып оқушысы оқу озаты Жәкіш Мұхамбетәлиге
1-жүргізуші: және 1-сынып бүлдіршіндері Нұрмұратұлы Мадияр мен Шынтемірова Жансаяға беріледі.
1-жүргізуші: Қоңырау сыңғырла, асыға,
Үн қосқан қиядан асуға.
Білім ал, еңбек ет, жас ұлан,
Өрле сен, биік шың басына!
/Қоңырау соғылады./
2-жүргізуші: Қағылды алғашқы қоңырау, күмбірледі,
Аралап айлық жерді, күндік жерді.
Ілесіп жез қоңырау үніменен
Қазақтың даласына жаңа леп –
1,2-жүргізушілер: Білімді ұрпақтар тобы келді!
1-жүргізуші: Жаңа 2010-2011 оқу жылы баршаңызға құтты болсын!
2-жүргізуші: Жаңа оқу жылы толағай табыс, жетістіктер әкелсін!
1-жүргізуші: Осымен бүгінгі салтанатты жиынымызды жабық деп жариялаймыз!
2-жүргізуші: Тыңдаңыздар, тыңдаңыздар! Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Туы әкетілсін!
/ҚР-ның Туы әкетіледі, Әнұран орындалады./
1-жүргізуші: Құрметті халайық! 1 қыркүйек – Білім күніне арналған «Сыңғырла, күміс қоңырау!» атты мерекемізді аяқтаймыз!
2-жүргізуші: Амандықпен жүздескенше, ағайын!
Қарлығаш Бисенғали
Мемлекеттік мекеме
Құрық гимназиясы директорының
тәрбие жұмысы жөніндегі орынбасары
Қарақия ауданы
Маңғыстау облысы
Достарыңызбен бөлісу: |