1-практика Алаш идеясы, қозғалысы, ұраны. Жаңа атаулар, ықшамдалған және төлтума сөздер емлесі Қазіргідей жаһанданған заманда қарулы күштері ең мықты елдер ғана басқаларға өз айтқанын істетіп, оларға өз үстемдігін жүргізе алады. Екінші әлемдік тарих сахнасында ұлт тарихы тереңде жатқан мемлекеттер ғана ең мықты ұлтқа айнала алады. Әлемде мемлекеттік құрылысы нығайып, қарулы күштері мықты озық елдердің қатарына Ресей, АҚШ, Қытай, Ұлыбритания корольдігі сияқты елдерді жатқызамыз. Осыдан бір ғасыр бұрын ұлт тарихында ойып тұрып орын алған, алты Алаштың арманын ұлттық идеяларымен Алаш ұранды қазақтың басын біріктіргісі келген бірден-бір үкімет – Алаш Орда. Ол қуатты мемлекеттің ұлы тарихы мен ұлттық әскері болу керектігін сол ғасырда ойластырды.
Алаш тарихы. Еліміз Қазақ хандығының 550 жылдық мерейтойын атап өту жөніндегі ұсынысты бірер жылда ғана кәдеге жаратты. Азуын айға білеген қуатты мемлекет болу үшін тарихта сенің мемлекеттілігің болу керектігін саясат мойындатты. Алаш үкіметі бұл рухани қайнарды сол уақытта ойға сараптады. Тіпті олар құрған мемлекеттің атын «Алаш Орда» атады. Оның бұлай аталуы жөнінде тарихшы ғалым М. Қойгелді өз зерттеуінде: «Ұлы Қытай қорғанынан бастап орыс ормандарына дейінгі ұлан-байтақ далада негізінен қазақ халқының этногенезін құрайтын тайпалардан тұратын аса қуатты мемлекет Алтын Орда дәуірін аңсаудан туындағанын аңғару қиын емес. Қазақ хандығы сол қуатты мемлекеттің үзігі еді», – дейді.
«Мыңдаған жылдық тарихы бар Қытай империясына шабынып, азуын айға білеген жолбарыс – Жоңғар мемлекетіне лайықты тойтарыс беріп, ата қоныстан түре қуған Қазақ хандығы сол тұстағы Орталық Азиядағы бірден-бір қуатты мемлекет болды», – дейді профессор М. Қойгелді. Сол қуатты мемлекет Ресей отарына айналып, пұшайман халге түскенде, Алаш Орда үкіметі Қазақ хандығының аңсар-арманын серпілтіп, керегесін кеңейтіп, шаңырағын биіктетуді мақсат етті. Алаш зиялылары ұстанған ұлттық идея мен елдік мұрат ұстанымы сонау сақ, үйсін, түркі кезеңдерінен бастау алған, қазақ хандары мен батырларының, билерінің, ақын-жазушыларының елдік ұстанымынан анық көрініс тапқан жер тұтастығы, ұлттық мемлекеттілік, қауіпсіздік идеясымен сабақтастықта өрбіді.
ХХ ғасырдың бас кезіндегі Алаш қозғалысының негізгі мақсаттарының бірі де қазақ халқының мүддесіне сай қызмет ететін, ұлттық мемлекеттілікті қалыптастыру жоспары да Қазақ хандығымен байланыста өрбіген. Алайда тарих үрдісі көрсеткендей ол жүзеге аспай қалды. Ал советтік негізде құрылған Қазақ АССР-ы, одан кейінгі Қазақ ССР-да қағаз жүзінде егеменді деп аталғанымен, іс жүзінде орталықтың толық бақылауында болып, ұлттық мүддеден гөрі орталықтың мүддесіне сай саясат жүргізілді.
«Отар елдің тарихын отарлаушы елдің өкілі жазады» деген қағидаға сай советтік авторлар қазақ тарихын жазуды өз қолдарына алып, қазақ халқының ұрпақтарына өз мемлекеттілігінің болмағанын дәлелдеумен өтті. Қазақ қоғамындағы хандықты мемлекет емес, ру-тайпалық ұйым ретінде түсіндірді. Сөйтіп, қазақтардың санасына мемлекетсіздік, мемлекеттілікті Ресейдің әкелгендігі сияқты идеялар бірте-бірте қалыптаса бастайды. Ол тіпті Тәуелсіздік алған жылдардың алғашқы жылында да советтік сана-сезімнің идеясында болды.