1. Тақырыптың өзектілігі және оның жалпығылымдық және жалпымемлекеттік бағдарламалармен байланыстылығы



Дата03.03.2016
өлшемі80 Kb.
#35971
Төлеубаева Камшат Аманбайқызының 10.01.02 − қазақ әдебиеті мамандығы бойынша филология ғылымдарының кандидаты ғылыми дәрежесін алу үшін дайындаған « Қазақ романдарындағы драматизм (1970-80 ж.ж.)» атты диссертациясы туралы ресми оппоненттің

П І К І Р І

1.Тақырыптың өзектілігі және оның жалпығылымдық және жалпымемлекеттік бағдарламалармен байланыстылығы.

Қазақстан Республикасының тәуелсіздікке қол жеткізіп, егемендік пен дербестікке ие болуы рухани мұраларымызды жаңаша көзқарас, тың пікірлер бойынша саралауымызға кеңінен жол ашты. Күні кешегі тоталитарлық тәртіп кезінде қатаң да қасаң идеология ауқымында бағаланған көптеген рухани игіліктеріміз шынайы бағасына қазіргі кезеңде ие болуда. «Қазақ романдарындағы драматизм (1970-80ж.ж.)» атты диссертациялық жұмыс осы бағытта орындалған, талапқа сай еңбек. Оның жүйелі ғылыми зерттеудің бір саласы, жаңалығы мол дүние екендігін айтқан абзал.

Ұлттық әдебиет, оның ішінде қазақ романы белгілі дәрежеде ұлттық болмыстың айнасы рөлін атқарды. ХХ ғасырдың 70-80 жылдары әдеби процеске енген қазақ романдары адамгершілік­этикалық, әлеуметтік­ философиялық проблемаларды өз өзегіне арқау етті. Сол кезеңде жалпы адамзат баласының алдында аса күрделі мәселелер қордаланып қалған еді. Адам мен қоғам. Адам өмірінің мәні мен маңызы, мазмұны, оның қоғамда алатын орны жайлы толғанған қаламгер санасында сол кезеңдегі «жылымық» сәттен басталған серпіліс пен сілкініс пайда болған еді. Суреткер болмысындағы осынау өзгерістер оның шығармаларына көшті. Әдебиетке жаңа тұрпаттағы қаһармандар келе бастады. Сана сілкінісі қазақ романдарындағы әдеби­эстетикалық категория – драматизмнің жан­жақты көрінуіне алғышарттар жасады.

Қазақ романдарындағы драматизм ұғымының аясындағы авторлық концепцияға, сондай­ақ көркемдік өзгерістер ауқымындағы драматизмнің орнына үңілу барысында ізденуші мәдениеттану, тарих, философия, эстетика, әлеуметтану, өнертану т.б. ғылымдар түрін кешенді түрде пайдаланған.

Жалпы диссертациялық жұмысқа арқау болған Қ.Ысқақовтың «Тұйық», «Ақсу – жер жаннаты», М.Мағауиннің «Сары қазақ», «Көк мұнар», «Шақан – Шері», Ә.Таразидің «Кен», «Тасжарған», «Қорқау жұлдыз», М.Сүндетовтің «Ескексіз қайық», О.Бөкейдің «Өз отыңды өшірме», Д.Исабековтің «Қарғын», С.Елубаевтың «Ақ боз үй», «Мінажәт», «Жалған дүние» романдарындағы драматизм зерттеу нысанына айнала қойған жоқ. Бұл жайт тақырып өзектілігін көрсетеді, сондай-ақ рухани игіліктер саласындағы мемлекеттік бағдарламалармен де сәтті сабақтасып тұрғанын айту қажет.
2.Ғылыми нәтижелердің «Ғылыми дәреже беру туралы Ережелерінің» (11, 12, 13, 14 6 ) талаптарына сай сәйкестігі.

Диссертациялық жұмыс қазақ романындағы драматизм табиғатын талдауға арнала отырып, оның жеткен жетістігі мен жекелеген кемістіктерін салыстыра, кешенді түрде саралауды мақсат еткен.

Диссертациялық еңбекте айтылған зерттеушілік пікірлер, қол жеткізілген ғылыми нәтижелер мен қорытынды-тұжырымдар, пайымдаулар осы уақытқа дейін жарық көрген ғылыми­теориялық еңбектерге, басқа да мол дерек көздеріне негізделген.

Диссертанттың ғылыми тұрғыдағы ұтымды ізденісін айқын танытатын дәйектемелері мен негіздемелері жеткілікті, еңбектің ғылыми жаңалығы талапқа сай, қазақ романының ұлттық руханиятқа әкелген жаңалықтарын шынайы түрде ғылыми тұрғыдан талдай алған, лайықты бағасын берген. Сөйтіп, тиісті талапқа сай еңбек қорғауға ұсынылған.

Диссертация тақырыбы, мазмұны 10.01.02 – қазақ әдебиеті мамандығына толық сәйкес келеді және «Ғылыми дәреже беру туралы Ережелерінің» 11, 12, 13, 14 баптарында көрсетілген талаптарға лайық.
3.Ғылыми нәтижелердің негізделуі мен дәйектелуі, жасалған қорытындылар мен тұжырымдардың дәрежесі.

Диссертациялық жұмыс қазақ әдебиетінің ХХ ғасырдағы ең бір өнімді кезеңі – 70­80 жылдардағы ұлттық роман бойындағы драматизм табиғатын талдауға арналғандықтан, ізденуші зерттеу тақырыбының негізгі нысанын тұтас қарастыруға талпынған. Сол арқылы авторлық концепцияның драматизм ауқымындағы қыр­сырына жете тоқталған.

Қоғамның қаламгер алдына қойған проблемасы, сол проблеманы шешу барысындағы авторлық концепция «Қазақ романдарындағы драматизм: авторлық концепция» деп аталатын бірінші тарауға арқау болған. Тақырып сонылығы мен тың идеяның сол тұста әдеби процеске келіп араласқан қазақ қаламгерлерінің аталмыш романдарындағы айрықша бой көтеруінің себеп­салдары қоғамдық­ әлеуметтік, тарихи саяси жағдаяттармен тығыз бірлікте алып қарастырылған. Драматизм ауқымындағы авторлық концепцияның әр қаламгерде түрлі қырынан көрінгенімен, негізінен алғанда, бағыттас, сарындас болып келуіне ізденуші тұшымды пайымдаулар жасай білген. Осы орайда әр суреткердің өзгеге ұқсамас шеберлік қырларына, дүниетаным, эстетикалық идеал мәселелеріне ерекше назар аударғаны байқалады. Әр кейіпкердің жан әлемі мен ішкі дүниесіндегі буырқаныс пен бұлқыныс сипаттары, олардың бастау көздері, жекелеген қаһарманның адами болмысындағы түлеу, жаңару қасиеттері, сол арқылы алуан түрлі қоғамдық құбылыстарға зерделеу жүргізуге тырысуы сәтті шыққан. Қазақ әдебиетіндегі жанрлардың өзара тоғысып, бірін-бірі байытуы, ал, драма тегі мен драматизм табиғатындағы ұқсас жайттарға үңілуі ізденушіге толымды ғылыми нәтижелерге қол жеткізуіне алғышарттар жасаған.

«Қазақ романдарындағы драматизм: көркемдік ізденістер жүйесі» деп аталатын екінші тарау драматизм табиғатының көркемдік­ эстетикалық салаға деген қарым­қатынасын зерделеуге арналған. Суреткер қолданатын көркемдік тәсілдер аясындағы драматизмнің алатын орны мен қызметі талданған. Әдебиет – адамтану ғылымы, оның зерттеу нысаны – адам. Адам болмысындағы драмалық қайшылықтар, асқынған жағдайдың тартысқа шырмалып, драматизм айдынында өз буырқанған күшін көрсетуі әр романдағы көркемдік ізденістер жүйесімен кешенді түрде біртұтас күйде сараланған. Әр қаһарманның қоршаған орта, қоғам жайлы ой­толғамдары, сол қоғамдағы өз іс-әрекетіне бірде сын көзімен, бірде тоғышарлықпен үңілуі жеткілікті талданған. Қазақы философия тұрғысынан келсек, әр пенденің маңдайына жазылып қойылған «пешене» атты шетсіз­шексіз абстрактылы ұғым бар. Өз пешенесіне үнсіз бас иген қаһарман бар, сондай­ақ тағдыр тәлкегін қайыспай, қайсарлықпен қарсы алған қаһарман бар. Драматизмнің көркемдік ізденістер аясындағы орнына зерделеу жүргізген ізденуші әр суреткердің романындағы кейіпкер келбетін қаншалықты кескіндей алғанына жіті барлау жасаған. Сол арқылы өзі қарастырған кезеңдегі қазақ романының ілгерілеу үрдісіне талдау жүргізген. Ізденушінің әр ғылыми нәтижеге үлкен жауапкершілікпен келгендігі, нақты дәйектемеге көбірек көңіл бөліп, әр қорытынды­тұжырымын тиісті дерек көздерімен дәлелдеп отырғандығы тиімді шыққан. Әр тараудағы басты түйіндер бір-бірімен тығыз бірлікте алынғандықтан, талап деңгейіндегі қорытындыларға негіз қалаған.


4.Диссертациядағы тұжырымдар мен қорытындылардың, алынған әрбір ғылыми нәтиженің жаңалық деңгейі.

Диссертация нәтижелерінің жаңалығы төмендегі тұжырымдардан көрінеді:

1.Қазақ әдебиетінің ХХ ғасырдың 60 жылдарынан басталып, айрықша дамыған тұсы – 70­80 жылдар. Бұл кезеңнің іркілісінен ізденісі мол. Жемісті жылдар 50 жылдардың аяғы мен 60 жылдардың бас кезіндегі кеңестік қоғамдағы «жылымықтан» бастау алды.

2.Қоғамның кескін­келбеті мен болмыс­бітімінен туындаған көркем шындық суреткерден алуан түрлі көркемдік­эстетикалық ізденістерге кешенді түрде келуді талап етті. Бұл жайт әдеби процестің өркендеуіне, жалпыадамзаттық проблемаларды әлеуметтік проблема етіп көтеруге мол мүмкіндік туғызды.

3.ХХ ғ. 70­80 жылдарындағы қаламгер саласындағы сілкініс пен серпіліс – сол тұстағы КСРО елдері әдебиетіне ортақ құбылыс.

4.Қарастырылып отырған мерзім тұсында шамалы болса да драматизм табиғатын зерделеген еңбектер дүниеге келді.

5.Шын мәнінде драматизмді әдеби­эстетикалық категория ретінде зерттеу соңғы кезеңде ғана қолға алына бастады.

6.Өткенге сын көзімен үңілу, жалпыадамзаттық проблемаларды көтере отырып, адам болмысына зерделілікпен үңілудің белгілі бір дәрежеде әдеби процеске драматизмді ала келгенін баса айтқан абзал.



5.Зерттеу барысында алынған нәтижелердің ішкі бірлігінің тұтастығы.

Зерттеу барысында алынған нәтижелер өзара тығыз бірлікте екендігі көрініп тұр. Ғылыми жүйелілік сақталған. Негізгі де ауқымды проблемалық сұрақтарға ізденушінің диссертациялық жұмысының екі тарауында да кешенді түрде жауап беруге тырысқаны байқалады. Әр тарауда сөз болған мәселелер ХХ ғ. 70­80 жылдарындағы қазақ романдарындағы драматизм табиғатын аңдатуға бағытталған. Әр суреткердің тек қана өзіне тән шеберлік қырлары, дара қолтаңбасы драматизм табиғатымен тығыз байланыста қарастырылған. Сол кезеңге тән тұтас түсінік, ерекшелікті айқындау жұмыстың ғылыми­ дәйектілік сипатын арттыра түсуге мол мүмкіндік берген.

Жұмыстың қорытындысындағы тұжырымдар екі тараудағы зерделенген мәселелер арқылы нақтыланып, сәйкестік пен бірізділікті, біртұтастықты анықтап тұр. Зерттеу еңбегі нәтижелерінің ішкі бірлігі қамтамасыз етілген, жоғары деңгейдегі ғылыми еңбек деп бағалауға болады.
6.Алынған нәтижелер бағыттарының өзекті проблемаларды, теориялық және қолданбалы мақсаттарды шешуге сәйкестігі.

Зерттеу жұмысы бойынша алынған ғылыми нәтижелер мен пайымдаулар айқын. Ізденушінің қорғауға ұсынған тұжырымдарының құндылығы қазақ әдебиетіне, оның ішінде қазақ романына жаңа ізденістер енгізуінде болып отыр. Бүгінгі таңда қазақ әдебиеттану ғылымының алдында тұрған үлкен міндеттердің бірі – ұлттық әдебиетімізді жаңаша көзқарас тұрғысынан қарастырып, қайта жазу екені рас. Осы тұрғыдан келгенде, К.А.Төлеубаеваның зерттеу еңбегінің қолданбалы мақсаттағы орны елеулі.

Диссертациялық жұмыстың негізгі тұжырымдарын жоғары оқу орындарында «қазақ тілі мен әдебиеті» мамандығы бойынша студенттерге оқылатын сабақтарда, магистранттар мен аспиранттардың ғылыми­зерттеу жұмыстарында пайдалануға болады.
7.Диссертация нәтижелерінің негізгі тұжырымдарының жарияланымдарда дәйектелуі.

Диссертациялық жұмыстың басты бағыт­қағидалары, түйінді тұжырымдары мен қорытындылары әр жылдарда жарық көрген 9 ғылыми мақалада қамтылған. Олар негізінен, ЖАК бекіткен басылымдарда, халықаралық, республикалық ғылыми­теориялық конференция материалдарының жинақтарында, ғылыми­көпшілік басылымдарда жарияланған.


8. Авторефераттың диссертация мазмұнымен сәйкестігі.

Диссертацияның авторефераты диссертациялық жұмыстың негізгі мазмұнымен, құрылымдық жүйесімен толық үйлеседі.


9.Диссертацияның мазмұны мен безендірілуіне қатысты ескертпелер мен ұсыныстар.

1.Ізденуші драматизм табиғатын қазақ романдарына қатысты ашу барысында жекелеген ой қайталаушылықтарына ұрынған.

2.Диссертацияның екінші тарауында стильдік кемістіктер байқалады.

3.Ізденуші зерттеу еңбегінде романдардан узінділерді тым көп келтірген.

Әрине, аталған сын­ескертпелер талап деңгейінде орындалған диссертацияның құнына ешқандай нұқсан келтірмейді. Бұларды түзеуге болады.
10. Диссертацияның «Ғылыми дәрежелер беру туралы Ережелерінің» талаптарына сәйкестігі.

Зерттеу жұмысының аталған жетістіктері мен ғылыми нәтижелерін қорыта келе, ХХ ғ. 70–80 жылдарындағы қазақ романындағы драматизм проблемасын ғылыми тұрғыдан зерттеген бұл диссертация «Ғылыми дәрежелер беру тәртібі туралы Ережелердің» үшінші бөлімі қоятын талаптарға сай келетін, өзекті де күрделі әрі көкейкесті мәселені арқау еткен, көздеген мақсатына жетіп, аяқталған толымды жұмыс деп есептеймін. Сондықтан ізденуші К.А.Төлеубаеваға осы диссертациялық жұмысы үшін 10.01.02 – қазақ әдебиеті мамандығы бойынша филология ғылымдарының кандидаты ғылыми дәрежесін беру лайықты деп есептеймін.


Ресми сарапшы:

филология ғылымдарының

докторы, профессор Т.Қ.Жұртбай


«8» қараша 2004 ж.

БОЛАТОВА ГҮЛЖАН ЖАМБЫЛҚЫЗЫНЫҢ “Абайдың “Қарасөзiнiң” орыс тiлiне аударылуы” (теориялық аспектiлер) –10.01.08 - Әдебиет теориясы. Текстология - мамандығы бойынша Филология ғылымдарының кандидаты ғылыми дәрежесiн алу үшiн дайындалған диссертациясының авторефератына

П I К I Р
Ұлттық көркем ойдың тарихи даму жолы күрделi әрi ұзақ мерзiмдi қамтиды. Бұл өте тылсым және түсiндiруге келмейтiн жұмбақ құбылыс. Әсiресе, көркем сөз саласында ерекше сыпатқа ие. Соның iшiнде Абай, Гете, Пушкин сияқты ұлы суреткерлердiң шығармаларының өзге тiлге түпнұсқадағыдай дәрежеде аударылуы тiптi де сирек кездеседi. Ұлттық ойлау жүйесi мен таным-түсiнiгi, тiршiлiк-тұрмысы, дiнi алшақ жұрттар үшiн мұның өзi шешiлмейтiн мәселе..

Абайдың өз аудармалары туралы зерттеулер бар. Бiрақта Абайдың шығармаларының өзге тiлге тәржiмалануы туралы тиянақты зерттеулер тапшы. Көптеген мақалалар тек ұлы ақынның шығармашылық жолы мен ерекшелiктерiн өзге ұлтқа таныстыру мақсатында ғана жазылғанын да ескеруiмiз керек. Сондай-ақ аудармалардың сапасына баға беретiндей өреге толық көтерiле де қойғамыз жоқ. Бiр тiлдi бiлсек, екiншi тiлдi бiлмеймiз, не талант қуаты жетпей жатады.

Ал Абайдың әр түрлi нұсқада ең көп аударылған тiлi - орыс тiлi болып табылады. Соның өзiнде қаншама солғын және бұрмаланып аударылғаны туралы көптеген пiкiрлер бiлдiрiлiп жүр, кезiнде бiз де өзiмiздiң “Алты өлеңнен бiлiндi iстiң жайы” атты (“Жұлдыз”, №6, 1984) мақаламызда және “Күйесiң, жүрек…сүйесiң!..” атты монографиямызда (“Санат”, 2001) тоқталып өтiп едiк. Онда Абайдың “Қарасөздерiнiң” мағыналық, терминдiк астарларына назар аударылып едi. Ал аударманың сапасы туралы жеке зерттеу жүргiзiлген емес. Сондықтан да:

Бiрiншiден, Г.Болатованың бұл зерттеуi аса түйткiлдi мәселеге арналған орынды еңбек, тақырыбы тың зерттеу деп бағалаймыз.

Екiншiден, “Қарасөздiң” төрт автор аударған нұсқасы әзiрше қазақ әдебиеттану iлiмiнде салыстырыла қарастырылған жоқ. Iзденушi осындай тәсiлдi қолдану арқылы өзiне дейiн осы бағытта қалам тартқан ғалымдардың еңбектерiн назарға ала отырып тың тұжырымдар жасай алған.

Үшiншiден, бұл зерттеудiң абайтану дәрiстерiн өтуде ғана емес, жалпы әдебиеттану пәнiне көмегiн тигiзетiн тәжiрибелiк септiгi бар.

Төртiншiден, диссертацияны жеке көмекшi құрал ретiнде баспадан жарияласа құба-құп болар едi деп есептеймiз.

Авторефераттың көлемi салыстыра талдаудың барлық мысалдарын толық келтiруге мүмкiндiк бермегенi түсiнiктi. Алайда “Қарасөздегi” философиялық астары бар немесе тура аударуға келмейтiн ұғымдардың (мысалы, мал-жанды “скоть” деп аударғаны сияқты) тәржiмалану тәжiрибесiне тереңiрек талдау жасағаны дұрыс едi. Әсiресе, “толық адам”, “хакiм” т.б кең ауқымдағы ұғымдарға тоқталса, бұл еңбектiң мағынасы тереңдей түсетiн едi. Төрт аудармашының да осындай ұғымдарға келгенде Абайды тым қарапайымдатып жiберген тұстары баршылық едi.

Қорытынды: бiздiң ойымызша, диссертация - филология ғылымдарының кадидаты ғылыми дәрежесiн беру туралы ЖАК-тың талаптарына толық сай келедi деп есептеймiз.
Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия

Ұлттық университетiнiң жанындағы

“Отырар кiтапханасы” ғылыми

орталығының директоры,

филология ғылымдарының докторы (Т.Жұртбай)

Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының жанындағы филология ғылымдарының докторы ғылыми дәрежесін беру жөніндегі Д.53.34.01. Диссертациялық кеңесте қорғалатын Болсынбаева Аманғайша Жолдыханқызының 10.01.02 – қазақ әдебиеті мамандығы бойынша филология ғылымдарының кандидаты ғылыми дәрежесін алу үшін дайындаған «М.Әуезовтің «Қараш-Қараш оқиғасы» повесі: шығармашылық тарихы мен текстологиясы» атты диссертациясына

Ресми оппонент – филология ғылымдарының докторы, профессор Т.Қ.Жұртбайдың
ПІКІРІ
Қазақ әдебиетінің әдебиеттану ілімінде өзіндік бағыт-бағдарымен қалыптасып келе жатқан әуезовтану саласы соңғы жылдары жалпыма тақырыптан көрі нақты іргелі мәселеге ден қойып, жазушы мұрасын даралай қарастырып, тереңдеп зерттеуге бет бұрып келеді. Бұған М.Әуезов Шығармаларының елу томдық толық жинағы басылымдарының ықпал жасағаны анық аңғарылады. Осы басылым арқылы жазушының шеберханасы мен туындыларының жазылу тарихына, әдеби нұсқалары мен мәтіндік өзгерістерге бойлап барып, жалпы қазақ әдебиеттану іліміне ортақ өзекті ғылыми зерттеу жүргізуге мүмкіндік туды. Бұл істің түпкілікті игілігін көрмесек те соған негіз қалаудың сәті түскеніне ғылыми тұрғыдан алғанда да, шығармашылық тұрғыдан алғанда да қанағат тұтатынымызды мақтанышпен мойындаймыз. Сондықтан да мұндай аса жауапты және ауқымды да күрделі ғылыми жұмысқа алғашқы әліпбиінен бастап белсене араласқан А.Болсынбаеваның «Қараш-Қараш оқиғасы» повесінің шығармашылық тарихы мен текстологиясына назар аударуы заңды ізденіс деп есептеймін. Өйткені диссертация иесі М.Әуезовтің бүкіл шығармашылық жолы мен көркем ойлау жүйесіне зерделей қарап, әр туындының тағдырына барынша қанық болу арқылы өзінің де сыни пікірін қалыптастырды, сол арқылы жазушының жандүниесіне терең үңіле білді. Тақырыптың тарихына ғана емес, оның мәтіндік негізіне назар аударуы да соны мекзейді. Ал мәтінтану ілімі қазақ әдебиеттануы үшін әлі де айқара ашылмаған сала.

Шындығына келгенде мәтінтану ілімі әлемдік деңгей тұрғысынан қарағанда да қабырғаланып кеткен жоқ. Шекспирдің, Гетенің, Пушкиннің, Толстойдың негізгі шығармалары ғана мәтіндік тұрғыдан сараланды. Ал қазақ әдебиетінде Абай мен М.Әуезов қана осы бағытта назарға ілікті. Зерттеушілердің қадамын қадағалап бастыратын бұл тақырыптың қиындығы өз алдына, сонымен қатар ол аса ыждаһатты назар мен төзімділікті қажет етеді. Теориялық саралануы мен пайымдалуы да, терминдік атаулары мен ойды дамыту тәсілдері де, қорытынды мен тұжырымға негіз қалайтын тиянақтары мен қағидалары да толық қалыптаспаған ілімнің негізінде диссертациялық тақырып алу ізденушінің белгілі бір дәрежеде тәуекелге барғанын дәлелдейді. «Қараш-Қараш оқиғасының» шығармашылық тарихына назар аударуының өзі сондай қажеттіліктен туғандығы анық. Бұл тәсіл диссертанттың зерттеу жұмысының өзіндік құрылымдық кілті ретінде игі нәтижесін берген.

«Қараш-Қараш оқиғасы» жазылған тұстағы әдеби процестің ықпалын анықтау, оның көркем шығарманың жазылуына әсерін анықтау, жазушының тарихи шындық пен көркемдік шындықты пайдаланудағы шеберлігін саралау, көркем туындының екінші нұсқасын жазу кезіндегі шығармашылық психолгияны барлау жасау, осыларға иек сүйей отырып әр сөз бен сөйлемнің, қосымшалар мен қысқартулардың ішкі заңдылықтарын ашу, оған негіз болған түйсіктер мен ішкі-сыртқы жағдаяттарды түсіндіру, сол арқылы жалпы қазақ әдебиетіне ортақ құбылыстаға назар аудару – зерттеушінің басты мақсаты ретінде көрінген. Диссертацияда ізденуші жоғарыдағы мақсат деңгейін төмендетпей, дәлелденуге тиісті деректер мен мәтіндерді тауып, қорытындылар мен тұжырымдар жасауға жетелейтін мәселелрді үйлесімді түрде саралап, міндетін толық орындап шыққан.
Жоғары аттестацилық комитеттің талаптарына сәйкестендіріліп берілетін нақты пікірлерге орай бағамдаулар мынадай:
1.Зерттеу тақырыбының өзектілігі және оның жалпы ғылыми, жалпы мемлекеттік бағдарламалармен (практикалық және ғылым мен техниканың дамуы сұраныстарымен) байланысы.
Мәтіндік зерттеу, соның ішінде М.Әуезов шығармаларын мәтіндік тұрғыдан зерттеу филология ілімі саласында айқындалған өзектілігі басым ғылыми жобаларға да, сондай-ақ жалпы мемлекеттік «Мәдени мұра» бағдарламасына да сай келеді.

«Қараш-Қараш оқиғасы» повесін негізге ала отырып қазақ әдебиетінің қалыптасуы мен даму жолын жалғастыратын рухани процесті, қоғамдық көзқарас пен көркем ойлау жүйесінің арасындағы байланыс пен қайшылықтарды, шығармашылық еркіндік пен жеке тұлғаның қоғамға тәуелді психологиясы, идеологияның идеяға ықпалы, руханият тарихының қилы-қилы бұралаң құбылыстары нақты мәтіндік дәлелдер арқылы ғылыми пайымдалған. Бір шығарманың екі нұсқасын салыстыру арқылы көркем ойдың даму табиғатын ашып көрсете алған. Сонымен қатар мәтінтану ілімі саласында назар аударарлықтай баяндау тәсілдері мен методологиялық әдістерді қолданған. Бұл кейінгі зерттеулерге белгілі бір дәрежеде ұстындық міндет те атқара алады.


2.Диссертацияға қойылатын талаптар (ҚР ЖАК-нің «Ғылыми дәрежелер беру Ережелеріндегі» 9,10 баптар) шеңберіндегі ғылыми нәтижелер.
А.Ж.Болсынбаеваның диссертациялық жұмысы 10.01.02 – қазақ әдебиеті мамандығына толық сәйкес келеді. Зерттеу еңбегінің мақсаты мен міндеті айқын, тақырыптың зерттелу ауқымы барынша қамтылған, ойды дамыту мен пікір қорытуға қажетті деректерді ғылыми айналымға түсірген, ішкі мазмұндық үйлесімдері сақталған, салыстырмалы әдебиеттану тәсілін пайдалана отырып М.Әуезовтің «Қараш-Қараш оқиғасы» повесінің шығармашылық тарихы мен текстологиясы туралы өзіндік тың қорытындылар мен тұжырымдама жасалған, аяқталған ғылыми еңбек болып табылады. Сондықтан да еңбектің ғылыми нәтижелері ҚР ЖАК-нің «Ғылыми дәрежелер беру Ережелерінің» 9,10 баптарына толық сәйкес келеді.
3. Ізденушінің диссертацияда жасаған әрбір нәтижелері мен тұжырымдарының негізділік және дәйектілік дәрежесі.
Зерттеуші:
А) барлық пікірлерін отандық ғалымдарымыздың филология саласындағы тың деректер мен соны көзқарасқа, жаңаша ұстаным мен пайымдауларға құрылған зерттеулері мен тәжірибесіне, теориялық қисындары мен қағидаларына сүйене отырып, қорытады.

Достарыңызбен бөлісу:




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет