1. Зерттеу тақырыбының өзектілігі және оның жалпы ғылыми, жалпы мемлекеттік бағдарламалармен (практикалық және ғылым мен техниканың даму сұраныстарымен) байланысы



Дата17.06.2016
өлшемі99 Kb.
#141807
Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің жанындағы жанындағы филология ғылымдарының докторы ғылыми дәрежесін беру жөніндегі Д.14А.02.22. Диссертациялық кеңесте қорғалатын Қамзин Кәкеннің 10.01.10 – журналистика мамандығы бойынша филология ғылымдарының докторы ғылыми дәрежесін алу үшін дайындаған «Қазақ публицистикасы жанрларының эволюциясы» атты диссертациясына ресми оппонент – филология ғылымдарының докторы, профессор Т.Қ.Жұртбайдың
ПІКІРІ
1.Зерттеу тақырыбының өзектілігі және оның жалпы ғылыми, жалпы мемлекеттік бағдарламалармен (практикалық және ғылым мен техниканың даму сұраныстарымен) байланысы.

Публицистика – қазіргі қоғамдық өмірдің өзекті рухани қажетін өтеп қана отырған жоқ, сонымен қатар сөз өнерінің бұл жанры – ақыл-ой мәйегін сауған әр саланың, тіпті, жаратылыстану ілімінің де қажеттігіне айналып отыр. Өйткені өзіңнің ғылыми жобаңды өткізу үшін де белгілі дәрежеде публицистиканың машығы мен мәнерін игеруге тура келеді. Баспасөздің төртінші билік деңгейіне көтерілуі де соның бір айғағы. Сондықтан да публицистиканың жанрлық тектерін, қалыптасу жолын, даму жүйесін, «масс-медианың үнді, таңбалы, көріністі және синтезді формаларына» сай өзіндік ерекшеліктері мен заңдылықтарын қоғамдық ойдың тарихымен үйлестіре зерттеп, оның тамырларын тарамдап, тарату – қазақ журналистикасының тарихы мен теориясы үшін өзекті тақырып болып табылады.

Қазақ журналистика жанрларының тегі, журналистиканың нақты ғылымдармен сабақтастығы, оның ұлттық мазмұны мен сипаты, публицистика жанрларының пайда болуының алғы шарттары, эволюциясы, перспективасы, концепциялық, қағидалық болмысы докторлық диссертация деңгейінде алғаш рет зерттеліп отыр.

Сондықтан да Кәкен Қамзиннің бұл диссертациясының ғылыми мәні зор, зерттеу обьектісіндегі көтерілген мәселелері көкейкесті болып табылады.

Публцистика жанры журналистер үшін ғана емес, мемлекеттік салада істейтін барлық мамандар үшін де қат және қажетті зәрулік, демек, мемлекеттік және ғылыми үлкен сұраныс тудырып отырған зерттеу.
2.Диссертацияға қойылатын талаптар (ҚР ЖАК-нің «Ғылыми дәрежелер беру Ережелеріндегі» 9,10 баптар) шеңберіндегі ғылыми нәтижелер.

Публцистика –журналистиканың басты жанры және ол өзінің ішінде: а) мазмұны, мәнері жағынан (эссе, очерк, мақала, хабар т.б.) ә) қолданбалы орындалуы жағынан (баспасөз, радио, теледидар) б) көлемі мен тақырыптық жағынан (публицистикалық, деректі кітаптар, көркем очерктер, эссе, ғылыми-көпшілік кітаби басылымдар т.б.) болып сан салаға тармақталады.

Ал осы ерекшеліктерге байланысты оның жанрлық табиғаты да, мақсаты да, міндеті де өзгерістерге ұшырайды, кейде олар үйлесім табады, кейде тарамдалып, тармақталып кетеді. Бірақта қуатты көркем құрал ретінде ол қашанда сала аралық сипатын сақтап қала береді. Түрлік, мәнерлік, қолданбалық сипаттарын өзгерткенімен де тегін, міндеті мен мазмұнын өзгертпейді, қайта толықтыра түседі. Қазіргі жаһандану дәуірінің заңдылықтары мен ерекшеліктеріне, ғаламтордың үйден бастап Ақүйге дейінгі аралықты жалғастырып, әр адамның өміріне екпіндей ентелеп кіруіне публицистика бала тәрбиесінен бастап ғаламшар мелесіне дейін араласатын мүмкіндікке ие болып отыр. Демек, әр адамның көзқарасын қалыптастыруға, әр ғалымның ғылми ой алмасуына, әр саясаткердің мемлекетаралық мәселені шешуіне, әр көпестің сауда айналымын реттеуіне өзара қарым-қатынасын реттеудегі демеулік құрал ретінде етене кірігіп кетті. Осыған орай публицистика жанрының тарихы мен заңдылықтарын, ерекшеліктерін, даму жолын зерттей отырып, ертеңгі күнгі бағыт-бағдарын анықтауда стратегиялық мәні бар бұл құбылысты зерттеу – ең бірінші өзінің басты жанры болып саналатын журналистика ілімінің міндеті.

Сондықтан да публицистиканың жанрлық эволюциясын бағамдаған бұл диссертациялық жұмыс қорғауға құқық берілген кеңестің мамандық саласына – журналистика мамандығына толық сәйкес келеді.

Демек, еңбектің ғылыми нәтижелері ҚР ЖАК-нің «Ғылыми дәрежелер беру Ережелерінің» 9,10 баптарына толық жауап береді.
3. Ізденушінің диссертацияда жасаған әрбір нәтижелері мен тұжырымдарының негізділік және дәйектілік дәрежесі.

Диссертациялық еңбектің басты ерекшелігінің бірі «әлемдік руханият өндірісі райына лайықталған, pro мен contra табы да қалып қойған, дүниеге бейтаныс ұрпақ, беймәлім көзқарас ентелей аяқ басқанда адам геномы ашылып, әлемдік жүйе, басқару құрылымы жыға танымас кейіпке, индивидулалистік, квазиреалистік, виртуалдық сипатқа ие бола бастаға Publicus табиғаты, дүниежүзілік қауымдастықтың кескін-кейіпі, публицистика әлемінің картинасы, жанрлар архитектурасы бірсыпыра өзгеріске ұшыраған тұста, инструментарийлері бір-біріне жатырқаусыз жақындай түскен қарсаңда, дүниетанымдағы қарама-қайшылықтың диалектикалық бірлігі, үздіксіздік динамикасы» (диссертациядағы қолданымдық атаулар) барынша қарышты қарқынға ие болған публицистикалық жанрдың құбылу құбылысын – кемеліне келген, көркем ойды жеткізуге жан-жақты қабілетті, ой ағымы келешекке иек артқан, тәжірибелі публицистің дербес көркем-ғылыми ойлау жүйесі, ғылыми мәселені қоюдағы нақтылығы, пікірді дамыта талдаудағы зейіні, тұжырым жасаудағы пайымдылығы анық та қанық танылады.

Бұл – диссертацияның айтпай кетуге болмайтын даралығына жатады және осы бапта талап етіліп отырған «ізденушінің диссертацияда жасаған әрбір нәтижелері мен тұжырымдарының негізділігінің және дәйектілік дәрежесінің» жоғары деңгейде орындалғанына толық жауап беретін тәмсілі болып табылады.

Соның ішінде, қазақ публицистикасы жанрларының эволюциялық даму, қалыптасу, кемелдену кезеңдеріне сай өзіндік көркемдік және құрылымдық ерекшеліктерін санаттық пайыммен санада екшейді. Ғасырларды қамтитын уақыт межесі аясында қарастырылған ғылыми еңбектің таным ауқымы кең, тектеу тамыры терең, көзқарасы байыпты, қойылған мәселені теориялық талдауы мен жанрлық сыпаттардың саралануы пайымды, терминдік атаулары орнықты, ойды дамыту тәсілдері де, қорытынды мен тұжырымға негіз қалайтын тиянақтары мен қағидалары да жоғары талапқа сай.

Зерттеуші:

– публицистиканың нышандық негіздерін;

– ауыз әдебиетіндегі пафос пен сыни көзқарастың бүгінгі публицистиканың жанрларымен арасындағы дәстүр жалғастығын;

– және жанрлық сипаттарның қалыптасуы мен дамуын;

– алғашқы мерзімдік басылымдар мен жекелеген авторлардың қоғамдық-саяси бағыттары мен сіңірген еңбектерін;

– жазба әдеби тілді қалыптастырудағы жетекшілік міндетін өзара тығыз байланыста қарастырған.

– Публицистиканың формалары, түрленуі, қоғамдық, ұлттық және халықаралық астарлары, жаңа формацияға лайық ізденістер мен бейімделулер, жанрлардың өз ішінде жіктеле бастауы;

– публицистиканың бейнелеу құралдары мен тақырыптық ауқымы, даму кезеңдері жинақтала қарастырылып, оларға ортақ поэтикалық құрылым мен көркемдік ерекшеліктер және түрлік-әдіс-тәсілдер арнайы сараланған.

Мұндай аса күрделі теориялық және тәжірибелік ғылыми мәселелер шет ел, соның ішінде Ресей, қазақ ғалымдарының осы саладағы пікірлері мен болжамдары, қорытындылары мен тұжырымдары салыстырыла отырып дәйекті де дәлелді пайымдалған.
4. Ізденушінің диссертацияда жасаған әрбір ғылыми нәтижелері мен тұжырымдарының жаңалық дәрежесі.

Қазақ журналистикасындағы шешуші және күретамырлы жанр –публицистиканың даму эволюциясы тұңғыш рет докторлық диссертация деңгейінде зерттеліп отырғандықтан да, тақырыптың өзі ғылыми соны соқпаққа жетелеп, арналы мәселе қойып, ауқымды тұжырым жасауға мүмкіндік берген.

Мұнда публицистиканың тарихы мен эволюциясы тұрғысынан алғанда

– публицистика жанрларының даму заңдылықтары, тенденциялары; генетикасы мен энергетикасы, ұлттық баспасөз жанрларының байырғы, дәстүрлі үлгілері;

теориялық тұрғыдан алғанда:

– жанрлардың мақсаты мен міндеті;

– публицистиканың, соның ішінде қазақ публицистикасындағы жанрлардың және оның формаларының түрленуі, жанрлық шекаралардың өзгеруі, жанрлардың трансформациясы,

Журналистік шығармашылық пен көркемдік ерекшеліктер тұрғысынан алғанда:

– ақпаратты іздеу, табу, дайындау, коммуникаторға жолдау процестері, қаламгер – оқырман – көрермен – тыңдаушы арасындағы байланыс;

– жанр мен әдістің, мазмұн мен форманың, бейнелеу мен тұспалдардың т.б. мән-мазмұнға, тәсілге айналуы;

– публцистикадағы кеңістік пен уақыт категориялары, авторлық идея мен ой жүйесі, нысанасы салыстырыла сараланады.

Заман ағымына байланысты:

– ғылыми-техникалық ақпараттық құрал-жабдықтардың жетілуіне орай жіктеле бастаған публицистика жанрларының фактографиялық, ақпараттық-талдамалық, көрнекі-бейнелеу сипаттары теориялық негізде салыстырыла, жарыстырыла талданған.

Тәжірибелік-дәрістік мәні бар:

– статикалық графика, акустикалық графика, динамикалық графика тәсілдері арнайы сараланған.

– журналистика жанрларындағы осы заманғы модельдердің пайда болу заңдылықтары дәйектелген,

– болашақта ақпараттық кеңістіктен орын алу мүмкіндігі бар формалар туралы ғылыми болжам жасалған.

– мерзімді басылымдардың, басқа да коммуникация құралдарының бағыт-бағдары, форматына байланысты жанрлардың түрленуі, топтасуы, синтезделуі хақында жаңа теориялық пікірлер айтылған.

– қазақ публицистикасы жанрларының ғылыми-методологиялық жаңа кластері ұсынылған;

– публицистиканың өзінен тарамдалатын әрбір жанрды дербес, орнықты ғылыми ұғым мен жанр дәрежесіне көтеру мақсаты ғылыми тұрғыдан негізделген.

– Байырғы жарияланымдар, тарихи дерек көздері;

– тарихи және мерзім сипаттарына байланысты кезеңдерге бөлуі;

– поэтикалық тұрғыдан жинақтай жіктеуі – түбегейлі тұжырымдық деңгейде ғылыми пікір қорытуға мүмкіндік берген.

Сондай-ақ ізденуші әдебиеттану ілімінде бұрын қарастырылмаған, мысалы, І. Жансүгіровтің «Кереге газеті жайлы көзқарасы». Ғ. Байтасұлының «Қазақ баспасөзінің тарихы туралы» баяндамасы, Қ.Кемеңгерұлының «Тілшілердің міндеті һәм мәнісі туралы» және «Ел газеті қандай болу керек?» деген еңбектері тұңғыш рет ғылыми айналымға түсірілген.

– ХХ ғасырдың 20-30 жылдардағы публицистика жанрының негізін қалаушылардың шығармашылығы негізделе тұлғалана талданып, 40-60-90 жылдардағы шығармашылық ізденстермен сабақтастырыла жүйелі түрде пайымдалған.

Қысқаша айтқанда бір ғасырды қамтитын мерзімдегі баспасөз материалдары нақты талдауға негіз болған.

Диссертациядағы ғылыми жаңалықтың деңгейі тұжырымдамалық тұрғыдан алғанда публицистика жанры:

– қазақтың жазба әдебиетінің дамуына алғышарттар жасаған, жазба тілін қалыптастыруға негіз қалаған, қазақтың ұлттық идеясын қалыптастырған – деген тұжырымды ғылыми негіздеген.

Тарихилық тұрғыдан алғанда қазақ публицистикасы:

– ХІХ ғасырға дейін қазақ публицистикасының тарихи негіздері әр түрлі әдеби формада көрініс берді, ХІХ ғасырдың екінші жартысы мен ХХ ғасырдың басында қазақ баспасөзіндегі публицистика жанры толық қалыптасты; ХХ ғасырдың екінші жартысы мен ХХІ ғасырдың басында қазақ публицистикасы кемелдену кезеңіне жетіп, жаңа сатыға көтерілді. Қазір сапалық және формалық тұрғыдан өзгеру кезеңін басынан кешіріп отыр – деген тұжырым жасаған.

Теориялық тұрғыдан алғанда: публицистика – әдебиет пен журналистиканың арасындағы сала аралық жанр, ол жанрлық және қолданбалық (радио публицистика, кино публицистика, телепублицистика т.б) сипатта көрініс береді. Публицистика сөз өнерінің барлық саласына тел жанр – деген тұжырым ұсынады.

Сонымен қатар:

– қазақ публицистикасындағы ағымдар мен жанрлық тенденциялар;

– ақпараттық технологиялардың жанр табиғатына ықпал-әсері;

– жанрлар жүйесіндегі субъективті категориялар;

– идея, тақырып, объект, сюжет, композиция, журналистік ұстаным;

– қазақ публицистика жанрларының ұлттық тұрпаты –

диссептацияның ұзына бойындағы талдау өзегі ретінде желі тартқан.

Қорыта айтқанда, бұл диссертация – осы уақытқа дейінгі публицистика жанрының эволюциясы туралы зерттеген шетелдік, отандық ғалымдардың пікірлері салыстырыла талданған, тұжырымды зерттеу дәрежесіне көтерілген, деңгейі жоғары еңбек болып табылады.
5. Алынған нәтижелердің ішкі бірлігін сақтау.

Ізденушінің кәсіби мамандық тәжірибесінің молдығы, журналистика саласында жұмыс істеп, публицистиканың бар жанрында қалам тартып, тікелей шығармашылық ізденіспен айналысуы, жинақтаған ойын бір жүйеге түсіре отырып әдістемелік-шығармашылық шеберхана ретінде дәріс оқуы – диссертациялық еңбектің ішкі құрылымдық желісі мен мазмұн тұтастығын, әр тарауша мен тараудың, әр бөлімнің өзара сабақтастығын сақтай отырып талдауға еркін мүмкіндік берген.

Соған сай мәселені анық қоя білген, дерек көзіне сүйене отырып пікірін ішкі бірлікте өрбіткен, пікірін – қорытынды дәрежесіне, қорытындыларын – тұтастай тұжырымдама деңгейіне жеткізген.

Сондықтан да зерттеудің мақсаты айқын, міндеті анық, тақырыбы нақты және зерттеліп отырған тақырыбының құрылымы дұрыс, әр тарау мен бөлімдегі көтерілген ғылыми мәселелер мен теориялық талдаулардың мазмұны өзінің атына сай.


6. Ізденуші мен алынған нәтижелердің өзекті мәселелерді, теориялық және қолданбалы міндеттерді шешудегі бағыты.

Ізденуші: біріншіден, ұлттық публицистикадағы жанрлардың қалыптасу үрдісін, қазақ кәсіби журналистикасы жанрларының жүйеленуін, жанрлардың жіктелу принциптерін, жанрлар жүйесіндегі өтпелі және тұрақты коммуникация мәселелерін көтергенде нақты деректер арқылы салыстырмалы-талдау әдісін қолданған.

Екіншіден, публицистика жанрларының жаңа жүйесі мен модельдері, PR мен жарнама жанрларының үрдісін салыстыра қарастырғанда оның тәжірибелік маңызын ерекше назарда ұстаған.

Үшіншіден, қазіргі қазақ публицистикасы жанрларының архитектоникасы, фабуласы, композициясы; хронотоп және монтаж мәселелері журналистиканың бүгінгі бейнесін анықтап, оның келешектегі келбеті мен бедерін жобалайтындай ғылыми дәлел мен болжам жарыстырыла бағамдалған.

Зерттеу монографиялық тұтастыққа ие.

Публицистика жанрының эволюциясы жылнамалық желімен талданған. Көркемдік ерекшеліктер жинақтала сараланған. Теориялық талдаулары жүйелі. Диссертацияның қолданбалық міндеті нақты көрсетілген.


7. Диссертацияның негізгі тұжырымдары мен қорытындыларының жарияланымда расталуы

«Қазақ көсемсөзі жанрларының кемелдену үдерісі» (2009) монографиясы жарық көріп, басылымдық тұрғыдан ЖАК-тың басты талабы орындалған. Сондай-ақ, диссертацияның негізгі қағидалары мен нәтижесі, тұжырымдары мен қорытындылары – ЖАК-тың талабын қанағаттандыратын жеті халықаралық және екі республикалық ғылыми-практикалық конференциядағы баяндамалар, шет елдегі ғылыми жинақтар мен республикалық басылымдардағы жарияланымдар арқылы дәйектелген.

Диссертациялық жұмыс Әл-Фараби атындағы ҚҰУ-дің Журналистика факультетінің мерзімді баспасөз кафедрасының мәжілісінде талқылаудан өтіп, қорғауға ұсынылған.
8.Авторефераттың диссертация мазмұнына сәйкестігі.

Автореферат диссертацияның құрылымдық және мазмұндық жүйесін толық сақтаған. Талдаулар қорытылып, авторлық пікірлер сақталып, қорытындылары көрсетіліп берілген.

Диссертацияның безендірілуі талапқа сай. Реси құжаттардың бірізділігі сақталған.
9. Диссертацияның мазмұны мен ресімделуіне қатысты ескертпелер мен ұсыныстар.

Зерттеушінің қалыптасқан сыни ойлау жүйесі мен қарымды эрудициясы, көзқарас қиығы мен космополиттік сөздік қоры диссертацияның орындалуына, жазу мәнеріне тікелей әсер еткен. Жаттанды пайымдаулар мен жатымды тіркестерге, жадағай баяндауға, жалпылама бопсаға құрылған диссертациялар әбден мезі еткен жағдайда, бұл қолжазбаны оқудың өзі танымға сын, талғамға өлшем, көзге тоқтам боларлықтай тұлғалық сыпатта жазылғаны барынша құптарлық. Бұл реттен алғанда К.Қамзиннің шығармашылық мәнері оның зерттеу еңбегінде нышан танытқаны ғылыми пайымдау үрдісіне өзіндік мазмұндық сыпат берген. Дегенмен де, «Қасиетің неде болса – қаупің содан», – деп Құнанбай дегдар айтқан көріпкелдіктің кейде дәл келетіні бар.

1.Зерттеушінің қаламгерлік мәнері мен жазу машығынан қал-қадерімізше хабарымыз болғандықтан да, оның тосын теңеулері мен салыстыруларын, терминдердің мағыналық баламаларын, күрделі ұғымды білдіретін архизаманауи (біз де бір еркінсіп көрейік) қолданымдарын үйірсектене қабылдағанымызбен, публицистиканың эволюциясының басты шарттарының бірі – тіл тазалығы болғандықтан да, төменде мысалға келтірілетін абзацтың ұғымға салмақ түсіретіні анық. Мысалы:

«Адам геномы ашылды, әлемдік жүйе, басқару құрылымы жыға танымас кейіпке, индивидулалистік, квазиреалистік, виртуалдық сипатқа ие бола бастады. Publicus табиғаты, дүниежүзілік қауымдастықтың кескін-кейіпі, публицистика әлемінің картинасы, жанрлар архитектурасы бірсыпыра өзгеріске ұшырады...инструментарийлері бір-біріне жатырқаусыз жақындай түсті» (1-бет), «Бүгінгі таңда публицистика жанрлары генезисін әлгінде аталған ғылым салаларымен, оларға қоса сәулет өнері, сұңғат, балет, классикалық музыка, кибернетика, астрономия, математика, генетика, гендік инженерия, бионика, химия, геология, физика, география, лингвистикалық математика, психология және т.б. пәндер дамуы заңдылықтарымен, қазақ ұлтының этногенезімен үндестіре зерттеген жөн. Қоғамдағы әлеуметтік өзгерістер үдерісінің сан қатпарлылығын әлеуметтану, мәдениеттану, саясаттану, әлеуметтік философия, антропология, әлеуметтік психология және тарихнама (историография) сияқты қазіргі әлеуметтік білімнің бүкіл кешенін синтездемей, тек бір ғана категориямен сипаттау мүмкін емес» (3-бет).

Публцистиканың ұғымдық ауқымы қанша кең болғанымен де, бір абзацтың ішіндегі осыншама салмақты терминдерді көтерсе де, қабырғасы қайыса көтеріп тұрғаны анық.

2. «Көсемсөз жанрлары – ұлттық ауыз әдебиет жігері» атты тарауда ауыспалы мағынасы бар халықтық тіркестердің орыстардағы мынададй үлгісін келтіреді де, мұндай тіркестің қазақта жоқ екендігін айтады. Мысалы:



Кто как напивается

Сапожник Рыболов

в стельку наклевался

в лоск

Печник Мясник

в дымину нарезался



Железнодорожник Портной

в дрезину наутюжился



Извозчик Певец

в дугаря промочил горло



Плотник Интеллигент

в доску заложил за галстук



Кузнец.................................................................настукался» (27-28 беттер).

Біздің ойымызша публицистиканың халықтық тілінің дамуына әсерін осы баламаларсыз да дәлелдеуге болатын сияқты. Тіпті, солай болғанның өзінде, қазақта ондай емеуірін сөздер ішімдікке байланысты болмағанымен, бір қойдың етін бір өзі «сыпырып», «сиырып», «жалап», «жұқтап», «үптеп», «түптеп» (түбін көрстетіп), «мұртын майлап», «бармағын жалап»,» «жұғындап», «жұқтап», «ұқиттап», «сұқиттап» кететіндер де болған. Мешкейлердің дәрежесіне қарай «бір ішек», «көкқарын», «қозықарын», «торсыққарын», «месқарын», «сабақарын», «кебежеқарын» деп те бөлінген. Сонда: «Бір ішек» – ұрттайды, «Көк қарын» – жұқтайды, «Қозықарын» – сұқтайды, «Месқарын» – «сыпырады», «Сабақарын» – сиырады, «Кебежеқарын» – мұртын майлайды – дегеннің «нарезался», «настукался», «промочил горло» дегеннен несі кем? Сондықтан да тілдің образдылығы жөнінен бір ұлттың тілдік намысын екінші ұлттың ырқына жыға сөйлеп, публицистиканың эволюциясына дәлел ретінде келтірудің диссертацияға пайдасы бола қояр ма екен?



3. Диссертант кейде сөздің, оның ішінде «статья» деген сөздің орыс тіліндегі этимологиясына: «Статья сөзі Макс Фасмердің аса танымал «Орыс тілінің этимологиялық сөздігіне» мүлде кірмепті. Одан кейін шыққан Н.М.Шаинский, В.В.Иванов, Т.В.Шанскаялардың «Орыс тілінің қысқаша этимологиялық сөздігінде» де аталмыш ұя бос тұр», деп (29-бет) бастайды да 3 бет тоқталады. Орыстардың өзі таппаған терминге К.Қамзиннің осынша қазымырлануы қазақ публицистикасының эволюциясын көрсетуге ғылыми қызмет ете ме?

Сонымен қатар, публицистиканың өмір шындығын бейнелеудегі эволюциясына мысал ретінде мынадай салыстыру ұсынады:

«Шынында да, кей уақытта орыс әдебиетінің классигі, халық ауыз әдебиетінің асқан білгірі А.С.Пушкиннің шығармашылығынан да оқырмандар құлағы нақты өмір ағымы қайшылықтарын, реминисценциялық күмбірді, репортаждық сарынды дәміл-дәміл шалып қалады.

Что ж мой Онегин? Полусонный

В постелю с бала едет он:

А Петербург неугомонный

Уж барабаном пробужден.

Встает купец, идет разносчик,

На биржу тянется извозчик,

С кувшином охтенка спешит,

Под ней снег утренний хрустит.

Проснулся утра шум приятный.

Открыты ставни; трубный дым

Столбом восходит голубым,

И хлебник, немец аккуратный,

В бумажном колпаке, не раз

Уж отворил свой васисдас [37, с. 65].



Онегин қайтсін? Бал бітті

Төсекке құлар қалғып тән:

Петербургті әне сергітті

Мазасы кеткен барабан.

Оянды көпес, тасушы – жаяу,

Биржаға тартты шанашы баяу,

Көзесін ұстай охтенка шықты,

Таңдағы қардың сықыры күпті.

Жадырап у-шу азаннан ерген,

Түрілді жаппа; көлбеңдей

Будақтар түтін көк тірей,

Наубайшы неміс қашаннан келген,

Мақталы қалпақ, кірпияз

Ашып та тастар васисдас, –



Бұдан кейін С.Черныйдан, А.Блоктан осындай көлемде үзінді келтіріледі (37-40 бетер).

Біздің ойымызша, бұл кез-келген зерттеушіге тән логикалық қызықтау қисыны. Дегенмен де дәл осы диссертацияның тікелей міндетіне жатпайтын дәйек деп білеміз.

Бірақ бұл ескертулер диссертцияның құндылығына еш нұқсан келтірмейді. Жеке монографиялық басылымға тән салыстырмалы мәтіндік, герменевтикалық саралау екені түсінікті. Дәлелдің жетпегінінен асып тұрғаны да лазым. Ал диссертацияның қолжазбасында қысқартып пайдаланса да қисыны кемімейді.
10. Диссертацияның ҚР ЖАК-нің «Ғылыми дәрежелер беру Ережелерінің» 2- бөлімінде көрсетілген талаптарға сәйкестігі.

Қамзин Кәкеннің 10.01.10 – журналистика мамандығы бойынша дайындаған докторлық диссертациясы ҚР Білім және ғылым министрлігі ЖАК-ті бекіткен «Ғылыми дәрежелер беру Ережелерінің» 2-бөлімінің талаптарына сәйкес жазылған.

Диссертация авторы Қамзин Кәкенге филология ғылымдарының докторы ғылыми дәрежесін беруге толықтай қосыламын.

Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия

Ұлттық университетінің жанындағы

«Отырар кітапханасы» ғылыми

орталығының директоры, филология

ғылымдарының докторы,



профессор ....Т.Қ.Жұртбай.

Астана. 15 көкек, 2010 жыл.

Достарыңызбен бөлісу:




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет