15-тақырып. Дүниетану сабағында сыныптан тыс жұмыстарға көңіл аудару мәселесі



Дата05.12.2022
өлшемі27.21 Kb.
#466570
түріСабақ
б15


15-тақырып.
Дүниетану сабағында сыныптан тыс жұмыстарға көңіл аудару мәселесі.
Дүниетану сабақтарындағы дидактикалық ойын түрлері.
Дүниетану сабақтарында дидактикалық ойындарды ұйымдастыру әдістемесі.

Оқушылардың қызығушылықтарын туғызатын ойындардың бірі -дидактикалық ойындар. Олар:


1. Ойын-саяхаттар. Олар ертегілерге ұқсас фактілер немесе оқиғаларды бейнелейді, қарапайым жұмбақ арқылы беріледі.
2. Ойын-тапсырмалар. Бұл ойындардың негізін заттар мен әрекет, сөздік тапсырмалар құрайды.
3. Ойын-болжамдар. Бұл ойындар «не болар еді...?», «Мен не істер едім, егер....» деген сұрақтарға негізделеді. Ойынның дидактикалық мазмұны балалардың алдына проблемалық міндет пен ситуацияны қоюымен ерекшеленеді.
4. Ойын-жұмбақтар. Жұмбақтың негізгі ерекшелігі-логикалық астарының болуында. Олар баланың ой әрекетін белсендіреді. Жұмбақтар салыстыру, теңеу және сипаттау арқылы ұғымның қасиеттерін ажыратуға тәрбиелейді, оқушы қиялының дамуына әсер етеді.
5. Ойын-әңгімелер. Ол мұғалімнің балалармен, балалардың мұғаліммен және балалардың балалармен қарым-қатынасына негізделеді. Бұл қарым-қатынас ойын мазмұнында ерекше сипатқа негіз болады. Ойынның құндылығы балаларды эмоционалдық түрде белсендіруге, өзара әрекет жасауға, бірлесіп ойнауға мүмкіндік туғызады.
Дидактикалық ойынның сабақ барысындағы басты мақсаты - білім беруді ойынмен ұштастыру. Оқушының ойынға белсенді түрде қатысуы оның ұжымдағы басқа да әрекеттерін айқындайды. Ойын бір қарағанда жәй әрекет сияқты болғанымен, ол ұжымдық әрекет. Ойын арқылы оқушы:
- қисынды ой-қабілетін дамытады;
- өздігінен жұмыс істеуге үйренеді;
- есте сақтау қабілеті дамиды;
- зейіні қалыптасады;
- байқампаздығы артады;
- ойынның ережесін бұзбау, яғни тәртіптілікке үйренеді;
- бір-біріне деген сенімдері артады, достыққа, ынтымақтастыққа баулиды;
- ең бастысы сабаққа қызығушылығы артады.
«Дүниетану» оқу пәнінің жалпы мақсаты бастауыш білім беру деңгейінде білім алушылардың бойында жалпыадамзаттық құндылық ретінде табиғат, адамды қоршаған әлеуметтік орта, табиғат пен қоғамның бір-бірімен байланысы және өзара тәуелділігі түсініктері туралы білім жүйесін қалыптастыру.
Дүниетану сабақтарында ойын технологиясымен оқыту шеңберін жүзеге асыруға негізделген негізгі міндеттер:
-өзіндік жұмыстың дағдысын дамыту мен бекіту
-жағымды ойлай білу ептілігі
-өзара әрекет етуді ұйымдастыру
-шешімді қабылдау және оның орындалуын ұйымдастыру.
Дидактикалық ойын арқылы балаларда табиғатқа және әлеуметтік ортаға деген ғылыми-танымдық, эмоциялы-адамгершіліктік қатынастарды қалыптастыруға болады. Ойын оқушылардың оқуға деген ынтасын арттырудың маңызды құралы. Сондықтан да бастауыш сынып оқушылары сабақ үстінде ойынды көп қажет етеді. Оларға пайдаланатын ойындар оқушылардың жас ерекшеліктеріне қарай күрделеніп отырады. Яғни, алты жасарлармен ойналатын ойынның мазмұны жеңіл болады, ал сыныбы жоғарылаған сайын, яғни екінші, үшінші, төртінші сынынтарда бұл ойынның мазмұны күшейеді.
Дүниетану пәні сабақ жоспарларын үш саты бойынша құрауға болады. Әр кезең «стратегиялар» арқылы жүзеге асады. Енді осы кезеңдердің мақсат-міндеттеріне тоқталып өтейік.
Бірінші кезең – қызығушылықты ояту. Үйрену процесі – бұрынғы білетін мен жаңа білімді ұштастырудан тұрады. Үйренуші жаңа ұғымдарды, түсініктерді өзінің бұрынғы білімін жаңа ақпаратпен толықтырады, кеңейте түседі. Сондықтан да сабақ қарастырғалы тұрған мәселе жайлы оқушы не біледі, не айта алатындығын анықтаудан басталады. Осы арқылы ойды қозғау, ояту, ми қыртысына тітіркенгіш арқылы әсер ету жүзеге асады.
Қызығушылықты ояту кезеңінің екінші мақсаты – үйренушінің белсенділігін арттыру. Өйткені үйрену – енжарлықтан гөрі белсенділікті талап ететін іс-әрекет екені даусыз. Оқушы өз білетінін еске түсіреді, қағазға жазады, көршісімен бөліседі және т.б. талқылайды. Яғни айту, бөлісу, ортаға салу арқылы оның ойы аршылады, тазарады. Осылайша шыңдалған ойлауға бірте-бірте қадам жасала бастайды. Оқушы бұл кезеңде жаңа білім жайлы ақпарат жинап, оны байырғы білімімен ұштастырады.
Ойлау мен үйренуге бағытталған бұл бағдарламаның екінші кезеңі мағынаны тану(түсіне білу). Бұл кезеңде үйренуші жаңа ақпаратпен танысады, тақырып бойынша жұмыс істейді, тапсырмалар орындайды. Оның өз бетімен жұмыс жасап, белсенділік көрсетуіне жағдай жасалады. Үйренушілер білетіндерін анықтап, білмейтіндерін белгілеп сұрауға әзірленеді. Бұл әрекет арқылы жаңаны түсіну үшін бұрынғы білім арасында көпірлер құрастыруға, яғни байланыстар құрауға дағдыландырады.
Тақырып туралы ой толғаныс - бағдарламаның үшінші кезеңі. Күнделікті оқыту процесінде оқушының толғанысын ұйымдастыру, өзіне, басқаға сын көзбен қарау, баға беру назардан тыс қалып жатады. Одан гөрі, үйге тапсырма беру, оны түсіндіру, баға қою сияқты шараларға уақыт жіберіп аламыз. Сын тұрғысынан ойлауды дамыту бағдарламасында бұл сабақтағы аса қажетті мәнді, маңызды әрекет болып табылады. Дәл осы кезеңде үйренуші не үйренгенін саралап, салмақтап, оны қандай жағдайда, қалай қолдану керектігін ой елегінен өткізеді. Осылайша таным қызығушылығын дамытуда дидактикалық ойындар қолданылатын сабақтар оқушыларға мынандай мүмкіндіктер береді:
- айқын мақсат қоя білу;
- белсенді қатысуды қолдау;
- жақсы дискуссияның болуына себеп тудыру;
- өзінің жеке сұрақтарын құрастыру мен қоюға деген ынталарын жандандыру;
- өзінің жеке пікірі мен ойын білдіруге көмектесу;
- оқуға деген оқушылардың мотивацияларын қолдау;
- басқалардың пікірлерін де сыйлау керек деген атмосфера құру;
- кейіпкерлерге деген сезімдері мен елестету қабілеттерін дамыту;
- өзгеруге стимул болады;
- сыни ойлауды дамытуды жоғары деңгейде қамтамасыз етеді.
Дидактикалық ойындар - сыныпта жүргізілетін жұмыстардың ең қызықтысы. Ойынның қай түрі болса да, оқушыларды өзіне тартып әкететіні белгілі. Оқушылардың пәнге қызығуын шығармашылықпен ойлауын және білім сапасын арттыруда сабақта қолданылатын ойын элементтерінің рөлі зор. Сонымен катар оқу процесіндегі пайданған дидактикалық ойындарды төмендегі жағдайға сәйкестендірдік:
1) әрбір жаңа тақырыпты оқыту барысында оқушылардың алдына танымдық, проблемалық мақсаттар қою;
2) қалған басқа тақырыптарды өткізуде танымдық, проблемалық, зерттеу, оқу мақсаттары жүйелі түрде қойылуы;
3) әрбір танымдық мақсат келесімен өзара байланыста болуы;
4) мақсат жүйесі анық, мұғаліммен оқушыларға түсінікті;
Дидактикалық ойындарды ұйымдастыру мен жүргізу педагогикалық тұрғыдан бірқатар шарттарға байланысты:
1. Ойынның сабақтың дидактикалық мақсатына сәйкестігі.
2. Ойындардың мазмұны мен формасына қарай әртүрлілігі.
3. Ойынның балаларға түсінікті және тартымды болуы.
4. Ойынға қатысушылардың белсенді шығармашылық позициясы.
5. Ойынның эмоционалды болуы.
Осы шарттардан ойынды ұйымдастыруға мынадай әдістемелік талаптар қойылады.
1. Ойынның мақсаты және керекті көрнекті құралдар мен материалдар күні бұрын дайындалып отыруы тиіс.
2. Ойынға кірісер алдында оның жүргізілу тәртібі оқушыларға әбден түсіндірілуі қажет.
3. Ойынға сыныптағы оқушылардың барлығының қатысуын қамтамасыз ету керек.
4. Оларды ойын үстінде ойлай білуге, шешім қабылдай білуіне жетелеу керек.
Ойындардың жіктемесін жасауда біз оқытудың білімділік, тәрбиелік және дамытушылық мақсаттарына жетуге бағытталған мазмұндық мотивациялық аспектісін негізге алдық.
Сонымен, дүниетану сабақтарында мынадай жұмыс түрлері пайдаланылады:
- танымдық сипаттағы көркем мақалалар;
- қызықты тапсырмалар: жұмбақтар,сөзжұмбақтар,сканвордтар, ребустар, мақал-мәтелдер;
- проблемалық сұрақтар мен тапсырмалар;
- материалдың қоршаған ортамен байланысы, байланыстың бақылаулар мен тәжірибелерге негізделуі;
- дидактикалық ойындар «Жануарлар бағы», «Ботаникалық бақ», т.б.;
- тәжірибелер, бақылаулар, практикалық жұмыстар;
- көрнекі материалдар.
Дүниетануды оқыту процесінде жұмыстың әр түрін пайдалану бастауыш сынып оқушыларының танымдық қызығушылығын арттырумен қатар, олардың экологиялық сана-сезімін дамытуға септігін тигізеді. Осының негізінде дүниетану сабақтарында оқушылардың танымдық қызығушылығын қалыптастыру үшін төмендегідей жұмыс түрлері пайдаланылады:
Бұл дидактикалық мақсаттағы ойындар - оқушылардың жан-жақты дамуына қызмет етеді. Олар сөздік ойындар, столда ойналатын ойындар, «Жұп картинкалар», «Лот», «Домино» балалардың ойлау қабілеттерін дамытады.
Экологиялық мазмұндағы ойын сабақтары - экологиялық білім беруге және соған сәйкес педагогикалық қорытынды жасауға бағытталған іс-әрекет.
Бұл сабақтардың мақсатты бағыттылығының спектірі әртүрлі:
- дидактикалық- оқушылардың табиғатқа және қоршаған ортаға деген көзқарастарын кеңейтіп, табиғатты қорғауға қажетті практикалық іс-әрекеті жөніндегі дағдыны қалыптастырады;
- тәрбиелік- табиғатқа деген адамгершілік-этикалық позициясын, дүниетанымын қалыптастырады, ұйымшылдыққа, ұжымға тәрбиелейді;
- дамытушылық- ес, зейін, ойлау, қиял, шығармашылық қабілеті, симпатиясы, айырмашылықтары мен ұқсастықтарын таба білу сияқты дағдысы дамиды;
- әлеуметтену- табиғатта және қоршаған ортада өз-өзін ұстай білуге үйрету; табиғат ортасына бейімделу.




Достарыңызбен бөлісу:




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет