18. ДАИШ террористік ұйымының жазықсыз адамдарды және тіпті өз қатарларындағы жақтастарын жаппай және жария сипатта өлтірудегі мақсаты неде?
ДАИШ - әр елден ондаған мың өкілдерден тұратын, діни-экстремистік бірлестікке айналған, өзін «Ислам мемлекеті» етіп жариялаған террористік ұйым екені әмбеге аян. ДАИШ жер бетінде Ислам халифатын орнатамыз деген ұранмен бірқатар мемлекеттерден жиналған заңсыз қарулы топтар арқылы Ирак жəне Шам елдерінде діни алауыздық тудыруда. Исламдағы «жиһад» сөзін пайдаланып, адамдарды мұсылман елдері арасында болып жатқан қақтығысқа қатысуға шақырады. Содырлардың ғаламтор бетінде дүние жүзінің мұсылмандарын жиһадқа шақыратын аудио жəне бейнематериалдары күн санап артып отыр. ДАИШ содырларының ғаламтордағы бейнероликтеріне қарайтын болсақ, онда олардың қатыгездігін сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес. Мұнда мұсылман немесе басқа деп айырмастан жазықсыз жандар аяусыз атылып, асылып, бастары кесіліп жатады. Исламда адам өмірі, оның құқығы қасиетті. Адамды өлтіру Алла тағалаға серік қосу секілді - үлкен күнə. Мұхаммед пайғамбар: «Ең үлкен күнəлар: Аллаға серік қосу, адам өлтіру, ата-ананы ренжіту жəне жалған куəлік беру» деген.
Бұл террористік топ өз қылмысын, зорлық-зомбылығын ақтау үшін дін атын жамылуда. Тіпті, «Бұл - діннің əмірі, дініміз осылай бұйыруда» деп жатыр. ДАИШ содырларының əрекеттері ақиқат діні - исламды теріс жағынан көрсетуде. Қарулы əскерді де, қарусыз бейбіт адамды да ажыратпай жаппай қыруда. Мұндай топтың Аллаға жəне Елшісіне қарсы шыққандығы Құран Кəрімде: «... Ал кім Аллаға жəне Елшісіне бойұсынбаса, онда анық адасуға түседі» деп айқын айтылған. Ең қорқыныштысы, олар мұсылмандарды өлтіру, азаптау, өртеумен Алланың əмірін орындағандай көңілде. Хадисте: «Кімде-кім мұсылманды өлтіріп, оған қуанатын болса, Алла тағала оның ешбір амалын қабыл етпейді» деп ескерткен. Бұл топқа қатысы бар адам құрдымға кетеді. Оның өлімі шейіттік емес, надақты өлімге телінеді. Əбу Һурайра (р.а.): «Кімде-кім соқыр тудың астында жалған ұранға шақырып, сол ұранды қолдап өлсе, оның өлімі надандық өлім» деген риуаят жеткізген. Міне, ДАИШ-тың жиһады осы. Діни тұрғыдан мақсаты – белгісіз, мұраты - бұлыңғыр.
ДАИШ террористік ұйымының ұстанымында ислам шариғатына теріс «тағут» жəне «тəкфир» түсініктері бар. Олардың пайымдауынша, «тəкпір» деп үлкен күнə жасаған адамды айтамыз.
Ислам шариғатын басшылыққа алмаған кез келген саяси жүйеге «кəпір» үкімін тағады. Яғни, мемлекеттік конституциялық құрылысы Құран мен сүннеттен тұрмаған əрбір жоғары саяси институт «кəпір» болып табылады. Сондай-ақ, ДАИШ-тың бұл пікірін құптамаған өзге мұсылмандар да «кəпір» саналады. Бұл - асыра сілтеп, шектен шыққандық. ДАИШ террористерінің түсінігінше, бұл ұйымға кірмеген жəне олардың шейхтарына мойынсұнбаған əрбір мұсылман «тағут» саналады. Ал, ДАИШ-қа мүше болып, кейін олардан шыққан адам «муртад» (дінін тəрк етуші) болып есептеліп, өз пəтуаларында мұндай қадамға барған адамды өлтіруге рұқсат береді.
«Тағут» туралы түсінік уахабилік-сәләфиттік ілімнің теориясын жазған Мұхаммед ибн Абдул Уаххабтың «Үш негіз» атты еңбегінде кездеседі. Мұхаммед ибн Абдул Уаххаб өзінің бұл пікіріне Ибн Таймия жəне Ибн əл-Қайимның шетін көзқарастарын арқау еткен. Ол «тағуттың» бірнеше санаттарын келтіре отырып, оның ішіне зайырлы жүйені де жатқызады. Яғни, Мұхаммед ибн Абдул Уаххабтың «Үш негізі» бойынша Алланың заңымен құрылмаған əрбір саяси жүйе жəне оның қызметкерлері «тағут» саналады. Олар: «тағут» адамдардың қаны мен мал-мүлкі адал деген үкім шығарған. Осыған байланысты ДАИШ содырлары өздеріне қосылмаған немесе өздерін құптамаған мұсылмандардың бəрін өлтіруді күнə деп есептемейді.
ДАИШ содырларының тарапынан адамға жасаған айуандық əрекеттерін көрген кейбір ислам ғалымдары оларды Мұхаммед пайғамбардың айтып кеткен адасушы хауариждер тобына да жатқызады. Өйткені, олардың киім киістері, адамдардан ерекшелінуі, адамды қойша бауыздаулары, нақты дəлелдерді керек етпестен күмəнға сүйеніп адамның тағдырын шешу, олардағы қатыгездік сияқты т.б. сипаттары пайғамбардың хауариждер туралы айтқан сипаттарымен сəйкес. Сондай-ақ, араларында танымал, мұсылман əлемі мойындаған немесе есімі белгілі пəтуə беріп отырған ғалымдары да жоқ... Ал енді хауариж дегеніміз кімдер? «Хауаридж» араб сөзі - қарсы шығу, бөлініп шығу сияқты мағыналарды қамтиды. Мемлекетте бүлік шығарған саяси-діни топ. Олар мұсылман мемлекетінің үшінші халифасы Осман ибн Аффанды сарайында Құран оқып отырған жерінен өлтірген. Кейін олар төртінші халифа, пайғамбардың күйеу баласы Əли ибн Əбу Талибті де өлтіреді. Пайғамбар харижиттер турасында: «Олар - жаратылыстың ең жаманы» деп айтқан (Мүслимнің риуаяты).
ДАИШ содырлары бір уақытта бірнеше адамдарды қырып тастайды, мұны бейнеролик ретінде интернетке де салады. Террористік әрекетіне қарсы қимылға көшкен азаматтарды содырлар қойша бауыздап өлтіреді, дарға асады немесе атып тастайды. Мұндай тактиканы содырлар «бізге қарсы келгеннің бәрі осылай болады» деп көрсетіп, интернет-роликтерді үгіт-насихат құралы ретінде пайдаланып әлемнің үрейін алатын іс-амалдар жасауда.
Қорытындылайтын болсақ, бұл террористік топтың жазықсыз адамдарды және тіпті өз қатарларындағыларды жаппай және жария сипатта өлтірудегі көздеген бірінші мақсаты - жаппай үрей туғызу, зорлық-зомбылық және қатыгездік көрсету, хаос тудыру болса, екіншісі - осы видеолар арқылы әлемнің түкпір-түкпіріндегі радикалдарды өз қатарына тарту.
19. ДАИШ адамдарды «мұсылмандар» мен «кәпірлер» деп бөліп, өздерін қоғамнан оқшаулап жатады. Ислам діні адамдарды дініне қарап алалауға жол бере ме?
Қазіргі кезде радикалды ағымдар тарапынан ислам дінінің үкімдерін, ұстанымдарын дұрыс түсінбеу, яғни діни білімнің өте төмендігі салдарынан қоғамның тұтастығы мен халықтың ауызбірлігіне кері әсерін тигізіп отырған мәселелер орын алуда. Солардың бірі мұсылман қауымын өз ішінде «мұсылман» және «кәпір» деп бөлу әрекеті.
Қазақ тілінде қолданылып жүрген «кәпір» сөзі араб тілінен енген. Діндегі мағынасы бойынша иман негіздерін, яғни Алла тағаланың бар екенін, Оның періштелерін, түсірген кітаптарын, жіберген пайғамбарларын, жазған тағдырын терістеген, ақырет күнінің болатынына сенбеген кісіні «кәпір» дейді. Сондай-ақ ислам дініндегі парыз амалдарды да терістеген адам діннен шыққан, яғни күпірлікке түскен болып есептеледі. Ислам шариғаты бекіткен амалдарды мойындап, оларды жалқаулық себебінен орындамаған мұсылман баласы діннен шықпайды, дегенмен күнәһар мұсылман саналады.
Шетін көзқарасты ұстанушы адамдар тобының мұсылмандар қауымын «мұсылман» және «кәпір» деп бөлуінің себептеріне «бұрыс» діни көзқарастар мен ұстанымдардан бастап, сыртқы келбет, яғни атрибутикалық формалар да жатады. Мысалы:
1. Салафилік сенім ақидасын қолдамаған (Алла тағаланың сипатына қатысты), яғни Матуриди және Ашғари ақидасын ұстанатын мұсылмандар «кәпір» болып есептеледі.
2. Мұсылман адамның намаз оқымауы.
Ханафи мәзхабы бойынша иман келтірген адам өз жалқаулығы себебінен намазды орындамаса, ол күпір келтірген болып саналмайды, дегенмен күнәһар болып саналады. Себебі, ол іс-әрекет істемесе де, жүрегімен Аллаға иман келтіріп тұр. Бұл жерде іс-әрекет (амал) пен Аллаға жүрекпен сенудің (иман) байланысы жайында мәселе бар.
Әбу Ханифаның көзқарасы бойынша иман тілмен айтып, жүрекпен бекітуден тұрады. Бұл туралы «Әл-Фиқһул-акбарда» және басқа да еңбектерде нақты айтылған. («Фиқһул-акбар», Хайдарабад, 10-б.). Яғни, адам «Алладан басқа тәңір жоқ, Мұхаммед оның елшісі» – деп тілмен айтып, жүрекпен бекітіп, ислам шарттарына иман келтіргеннен кейін мұсылман болып есептеледі. Содан кейін барып оның іс-әрекетіне қарап залым-күнәһар, тақуа сынды дәрежелерге бөлінеді. Ал намаз оқымаған адамды «кәпір» деп санау амалды (ғибадатты орындау) иманнан деп санаудан, яғни, «иман мен амал бір» деп есептеуден туған түсінік. Бұл Қазақстан мұсылмандары үшін дәстүрлі болып табылатын ханафи мәзхабы ұстанымдарына сәйкес келмейді. Мұндай ұстанымды әдетте дәстүрлі емес ислам ағымы болып табылатын салафилер насихаттайды.
3. Мұсылман адамның қабірді зиярат етіп, дүниеден өткен адамдарға арнап Құран бағыштауы мен қабір басына белгітас қоюы діни радикалды көзқарастағылар үшін жүрекпен жасалған «күпірлік» болып табылады.
Қайтыс болған адамдарға арнап Құран бағыштау – барлық мұсылман әлемінде кең таралған. Ол өлі адамдарды еске алу үшін ғибраты мол нәрсе. Пайғамбар: «Құран Кәрім оқылғанда және Алла Құран оқығанға да, оны тыңдағанға да, сауап жазады. Сондықтан, егер оқушылар мәйітке Құран бағыштаса, Алла оқушыларға берген сауабын кемітпестен мәйітке де сауап жазады» және «Ясин сүресін оқу мәйіттің азабын жеңілдетеді» (Имам Ахмад Муснади), - деген. Сондықтан Құран бағыштауды Алланың сөзінің сақталуы және ислам дінінің жандануының бір жолы деп қарау керек.
Қабірге ескерткіш қою мәселесіне келсек, Мұхаммед пайғамбардың өзі Усман Ибн Мазун қайтыс болғанда оның қабірінің үстіне белгі тас әкеліп қойған екен. Себебін сұрағандарға: «Осы жерден өткенімізде тасты көріп, Усманды еске алып, дұға қылып тұрамын», - деген. Демек, ислам дінінде қабір басына белгітас қою шариғатқа жат емес.
4. Зайырлылық қағидатына негізделген мемлекетте өмір сүруі және сол мемлекеттің басшысына бағыну мәселесі.
Діни радикалды ағым мүшелері Мухаммад ибн Абдулуаһаб ат-Тамамидің «Үш негіз», «Төрт қағида», «Күмәннан тазару», «Таухид кітабы» және Шейх Хафиз Ахмад әл-Хакәмидің «Ислам ақидасы бойынша 200 сұрақ» атты кітаптарды оқиды. Сондай-ақ, олардың арасында ал-Албани, ибн Бааз, шейх Усаймин, шейх Фаузан және т.б. шетін көзқарасты ұстанған авторлардың еңбектері үлкен сұранысқа ие.
Аталмыш еңбектер зайырлылық қағидатына негізделген мемлекетті басқару формасына қарсы шығып, сол елді басқарып отырған басшы (Президент) мен оған бағынған мұсылман қауымын «кәпір» деп айыптайды.
5. Мұсылманның шариғатына қайшы келмейтін кейбір ата-баба салт-дәстүрі, тұрмыс-тіршіліктегі әдет-ғұрыптары мен мәдениетін ұстану мәселесі де шетін көзқарастағылар үшін назардан тыс қалмады.
Мысалы, келіннің үлкендерге иіліп сәлем салуы, «көз тимесін» деп маңдайға қара күйе жағып қою, «түкірту», «дем салдырумен» қатар, дәстүрлі музыкалық аспаптарда ойнау белгілі бір адамдар тобы үшін «харам» болып есептеледі.
Сонымен қатар сақал қою, балақ қысқарту, әйел адамдырдың қара түсті киімдерді киіп, күнделікті қолданыстағы сөз айналымындарына «ахи», «ухти», «джазака Аллаһума хайран», «джахил», «мушрик», «мунафиқ», «бидғат», «харам», «Ағузубиллаһ», «Әстағфируллаһ» деген сынды араб тілі сөздерін енгізу әрекеттері діни радикалды топ мүшелеріне тән. Ішкі жан дүниенің мазмұнынан бұрын, сыртқы формаға көп мән береді.
Жалпы бір сөзбен айтқанда олар ұстанатын шетін көзқарасқа негізделген идеологияны қолдамаған мұсылмандардың барлығы «кәпір» болып саналады.
Мұхаммед пайғамбар: «Кімде-кім бауырына: «Ей, кәпір!» десе, егер ол адам шынымен кәпір болмаса, онда айтқан адамның өзі кәпір болады», - деп қатаң ескерткен. Біреуді кәпір деп жариялау үшін Алланы жоққа шығару, басқа құдайларды мойындау, Пайғамбар мен Құранды жоққа шығару немесе тіл тигізу сияқты үлкен күнәлар жасаған жағдайлар секілді анағұрлым дәйекті дәлелдер қажет. Сондай-ақ, «тәкфір» жариялау тәртібі бірқатар шарттарды орындауды қажет етеді және бұл исламдық құқық саласындағы атақты ғұламалардың құзыретіндегі іс. Тиісті білімі және өмірлік тәжірибесі жоқ кез келген адам мұндай маңызды шешім қабылдай алмайды.
Сонымен қатар Әбу Ханифаның «әл-Алим уәл-мутааллим» атты кітабында: «Иман амалдан бөлек болғандықтан артып-кемімейді» делінген. Күнә істеу иман келтірген адамды иманнан ажыратпайды. Өйткені, Құранда зина жасап, кісі өлтіргенді «күнәһар» дегенмен «имансыз» деуге болмайтыны, бір түйір жақсылық жасаушыға да сауабы берілетіндігі білдірілген. Хазіреті Әли де өзіне қарсы соғысқан шамдықтардың мүмін екендігін айтқан. Егер күнә жасау адамды діннен шығаратын болса, ширктен кейінгі күнәнің ең үлкені – кісі өлтірушіні Хазіреті Әли кәпір деп атаған болар еді. Бұл сахабалардың да осы мәселеге кең пайымды көзқарас ұстанғанын әйгілейді (Әбулхайр, «Ақидатул-Ислам уәл-имам әл-Матуриди», 190-б.). Олай болса, күнәһар адам да мүмін ретінде қабылдануы тиіс, ал күнәсіне ақыретте жауап беру мәселесі – Алла Тағаланың еркіндегі іс. Қаласа, жазалайды, қаласа, кешіреді (Әбу Ханифа, «әл-Алим уәл-мутааллим», 18-б. Матуриди, «Китабут-таухид», 615-616-б.).
Жалпы, ислам дінінде ақида және құлшылық мәселелерінде әртүрлі күнәлар үшін мұсылман адамды «кәпір» деп айыптау, әулие-әнбияларды құрметтеуде шектен шығу және діни ұстанымдарда жеңіл емес, керісінше ауыртпашышылық жолдарды қарастыру – шектен шығушылық болып табылады.
ҚМДБ-ның Шариғат және Пәтуа бөлімі 2013 жылдың қараша айында мұсылмандарды «кәпір» деп айыптайтын тәкфіршілер ағымына қатысты: «Тәкфір – дінге енген жаңалық. Әлдекімдердің «пайғамбардың сүннетіне ерудеміз», «таза ислам» немесе «таза таухид» деп жүрген жалған ұстанымының шектен шыққан қателігі» деген мазмұнда пәтуа жарияланды.
Астана қаласы Сарыарқа аудандық сотының 2014 жылдың 18 тамызындағы шешіміне сәйкес «Ат-такфир уаль-хиджра» ұйымы діни экстремизм мен терроризмді насихаттаушы ұйым деп танылып, Қазақстан Республикасының аумағында әрекет етуіне тыйым салынды.
20. Көпшіліктің арасына барып өзін-өзі жарып жіберіп, жазықсыз адамдардың өліміне себеп болған ДАИШ жанкештілері жұмаққа бара ма?
Әлем жаңалықтарына назар аударсақ өзін-өзі жарып жіберу оқиғалары халықтың көңіліне үрей ұялатып, ел тыныштығына нұқсан келтіруде. Жарылысты діни ұйым мүшелері ұйымдастырды деген хабарды естіген қалың халық, тіпті, кез келген дін өкіліне, намаз оқыған мұсылманға секеммен қарайтын жағдайға жетті. «Шаһид» болуды мақсат етіп лаңкестік әрекетке барып жатқан «ДАИШ» жанкештілерінің бұл істері, исламмен байланысы жоқ екендігін бір ауыздан кесіп айтуға болады.
Ислам – құқықтық әрі сенімдік жүйелері толыққанды қалыптасқан дін. Ол адамның жеке және қоғамдық өмірін реттей отырып, мұсылманның ой-пікірі мен сөздеріне, іс-әрекеттері мен тұрмыс-тіршілігіне, діни сенімі мен адамгершілік қасиеттеріне тұтастай ықпал жасайды. Сондықтан діндегі кез-келген қағидаттар мен түсініктер, концепциялар тұтастай ислам шеңберінде жан-жақты талқыланып қарастырылмайынша қолданысқа енгізілмейді. Бұл орайда исламдағы «жанпидалық» немесе «жан қию» (истишһад, шаһид болу) концепциясы исламның моральдік және шариғи қағидаттарына негізделмей тұрып, ешқандай ұғымды білдірмейді.
Дін жолында құрбан болу, яғни жанқиярлық қасиетті соғыс – «әскери жиһад» концепциясының аясында ғана өзіне тән мағынаға ие болуы мүмкін. Ал араб тіліндегі «жуһд» түбірінен шығып, «белгілі бір мақсатқа жету үшін күш-жігерін салу, күресу» деген мағынаны білдіретін «жиһад» ұғымы соғыс жағдайында – ақиқат үшін күресу, хақ дінге шақыру (яғни Алла дінін қорғау) немесе ислам дінінің туын жоғары көтеру және дінді, жанды, отанды, мал-мүлікті т.б. қорғау үшін малымен, жанымен күресу деген түсініктерді береді. Аталмыш ұғымдардың барлығы исламдағы «жақсылыққа үндеп, жамандықтан тыю» ұғымымен біте қайнасып жатыр.
Исламда жанды пида ету шариғаттың белгілі бір бөлімінің ішінде талқыланумен ғана шектелмейді. «Ислам» атауының өзі бейбітшілік, ынтымақ, Жаратушыға бойсұну деген мағыналарды береді. Сондықтан, дін жолында өзін пида ету концепциясын аңғару тек қана исламды толығымен дұрыс түсіну арқылы жүзеге асады.
Шахид дегеніміз – нәпсісінен ар-иманын жоғары қойып, дін жолында жан алысып, жан берісіп күресіп, азап шегіп, құрбан болған адам. Ақиқат жолында қан төккен шахидтердің қиямет-қайым күні барлық күнәлары кешіріліп, жаны жәннаттан жай табады деген деректер исламның түп-негіздерінде (Құран мен Сүннет) бар. Ислам дінін қабылдағанына мың жылдан астам уақыт болған қазақ халқының да арғы-бергі тарихында жауларға қарсы қасиетті күрес (ғазауат) жасап, шейіт болған қаншама ата-бабаларымыз өмірден өткен. Әйтсе де, ғұламалардың берген пәтуасына қарағанда, соғыс майданында ерлікпен қаза тапқан мұсылмандар ғана емес, бейбіт күнде ұдайы Жаратушыны еске алып, қалтқысыз құлшылық жасап, жан азығын садықтық сорабынан алған жандар да шахид болудың сауабын ала алады.
Ал бүгінгі жалған діни ұйымдардың атынан өзін-өзі өлтіру — шаһидтік емес, керісінше ауыр күнә – қылмыс. Өйткені, біздің мемлекеттік құрылысымызға қарсы болып, «жиһад» деп өзін-өзі жарып жіберіп жатқан жанкештілер шаһид сауабына ие бола алмайды. Себебі, біздің қоғам «дарус-сулх», яғни діни бірлестіктердің ұстанымы мемлекет мүддесіне қайшы келмесе, конституциялық заңдары оның қызмет етуіне шектеу қоймайтын мемлекет болып табылады. Сондай-ақ, мемлекеттік қызметке әрі адамның физикасы мен психологиясына кері әсер етпесе, діни рәсімдердің де орындалуына рұқсат етіледі. Ал дін негіздері бойынша жиһад – «дарул-харб», яғни хақ дінді қабылдамаған немесе исламның қанат жаюына қарсы тұрған саяси күштерге қарсы бағытталады. Сондықтан, Қазақстан қоғамы жиһад жасайтын аумақ саналмайды.
Сонымен бірге, дін бойынша, өзін-өзі жарып жіберу «интиһар» деп аталады. Яғни, өз-өзіне қол салу мен шаһид болудың бір-біріне еш қатысы жоқ. Керісінше, бір-біріне мүлде керағар ұғымдар. Дін негіздері бойынша өз-өзіне қол салу ауыр күнәлардың санатына жатады. Жаратушы Құран-Кәрімде: «Бір-біріңді өлтірмеңдер. Расында Алла сендерге ерекше мейірімді. Ал кім осы айтылғанды дұшпандық, зұлымдықпен істесе, оны жақында отқа саламыз» (Ниса, 30) деп бұйырады. Ал Мұхаммед пайғамбар: «Мүмінді лағынеттеу оны өлтіргенмен тең, кім мүмінге кәпірсің деп жала жапса, оның өлтірушісі сияқты болады. Және кім өз нәпсісін (өзін) бір нәрсемен өлтірсе, сол себепті Алла оны қиямет күні азаптайды» (Бухари мен Муслим риуаяты), – деп, өз-өзіне қол салудың қате екенін қатаң ескертеді.
Жаратушы себепсізден-себепсіз өз-өзіміздің жанымызды қию былай тұрсын, бізге он екі мүшеміз бен ағзамызды ақыретте қайта сұрау үшін аманатқа берген. Олай болса, «аманатқа қиянат жасаудың ауыр күнә» (хадис) екенін ескерсек, «шахид белбеуін» тағып, өзін-өзі жарып жіберу – орны толмас зор қателік.
Шаһид болудың басты шарттарының бірі қасиетті күресте жан тәсілім ету болғанымен, әр дәуірдің өзінің алғышарттары бар. Мысалы, Аббасилер кезеңінде мемлекет білім мен ғылымды дамытуға басымдық берді. Мәселен, халиф Һарун ар-Рашид аудармашыларға ғылыми әдебиеттерді араб тіліне қанша көлемде аударылуына қарай, сонша көлемде оларға алтын беріп отырды. Мемлекеттің диван (үкімет) жұмысына да әскери адамдарға қарағанда ғылым адамдарын көбірек тартты. Аббаси билеушілерінің бұл реформасы Мұхаммед пайғамбардың: «Шейіт қанының тамшысынан ғалымның қаламындағы сиясының тамшысы әлдеқайда артық» деген хадисімен қабысатын еді.
Діни себептен болсын, азаматтық ұстанымынан болсын, өзін-өзі жарып жатқан азаматтарға тосқауыл қою, оларды мұндай әрекетке не себепті барғанын зерттеп, оқыс оқиғаның алдын-алу қазір бүкіл қоғамның алдында тұрған үлкен міндет.
«Ислам» – араб тіліндегі «салам», «тыныштық», «бейбітшілік» деген мағыналарды береді. Ислам – бейбітшілік діні. Сол себепті, дүние жүзінде, сондай-ақ, біздің елімізде де ішінара ұшырасып жатқан аса келеңсіз қайғылы жайттардың исламмен еш байланысы жоқ.
ДІН САЛАСЫНДАҒЫ ӨЗЕКТІ МӘСЕЛЕЛЕР БОЙЫНША
20 СҰРАҚ-ЖАУАП
7-шығарылым
ДАИШ – аса қауіпті лаңкес ұйым
______________
Астана қ., Орынбор көшесі, 8, «Министрліктер үйі» ғимараты, 15 кіреберіс
Достарыңызбен бөлісу: |