7-тақырып. Түркі тілдерінің дамуындағы жаңа және ең жаңа дәуірлер
Жоспары:
1. XV ғасырдағы түркі халықтарының тарихи-экономикалық жағдайлары
2. Жеке түркі тілдерінің қалыптасуы
3. Қазан төңкерісінен кейінгі кезеңдегі тілдің негізгі салаларындағы өзгерістер
Тірек сөздер: ХV ғасырда түркі халықтарының тарихи-әлеуметтік жағдайы түрліше қалыптасты: Орта Азиядағы түркі халықтары егіншілікпен, Қазақстан және Мауереннахр құмды өлкелерін мекендеген халықтар мал шаруашылығымен айналысты, ХV ғасырда қыпшақ-половецтер одағы қазақ, қарақалпақ, ноғайларғы және Кавказ өңіріндегі кыпшақтарға бөлініп кетті, Түркі тілдерінің қалыптасуындағы ең жаңа дәуір ХХ ғасырдың 20-жылдарынан кейінгі кезеңді қамтиды, бұл дәуірде әуелде қалыптасқан тілдер коммуникативті қызметі жағынан дамып, стильдік қызметі жағынан сараланып шыңдала түсті.
1.XV ғасыр түркі тілдес халықтар өмірінде жалпы түркілік одақ құруымен не одақтардың ыдырап, бірнеше халықтардың жеке отау тігуімен айрықша дараланып тұрады. Әрине, халықтардың бір ортадан бөлініп шығуы ұзақ жылдар бойынша созылады да, белгілі мерзім ішінде жіктерін ажыратып, дербес халық ретінде бой көрсетеді. XV ғасырда түркі халықтарының әлеуметтік тарихи-экономикалық жағдайлары түрліше болып қалыптасты. Мысалы: Орта Азияда тұратын түркі тілдес халықтар отырықшылыққа ауысып, жер өңдеу кәсіб мен тығыз байланысты болды. Егіншілік олардың шаруашылық кәсібіндегі басты сала болып саналады. Ал Қазақстанның және Мауренахрдың құмды өлкелерін мекендейтін түркі тілдес халықтар мал шаруашылығымен айналысып, көшіп-қонып жүрді. Тұрмыстағы осындай экономикалық жағдай түптеп келгенде екі халықтың дүниеге келуіне себеп болды. Халықтың пайда болуы рулық, тайпалық қатнастың даму барысындағы заңды көрініс болса да, қоғамдағы жаңа этносоциологиялық басқыш болып саналады. Жерге иелік ету көшпелі халықтарда отырықшы халықтардың өміріндегі сияқты анық байқалмайды. Алайда олардың да тұрмыс тәжірибесінде белгілі бір аймақтарды өз қарамағына икемдеуге тырысушылық мүлдем жоқ деуге болмайды. Мысалы: әр рудың, әр тайпаның көшіп-қонып жүретін нақтылы аудандары болған. Келе-келе қандық туысқандыққа сүйенген бірлік біртіндеп жерге байланысты құрылған бірлікке ауысады. XIV-XV ғасырдағы түркі тайпаларының да ара жігі осы принципке сәйкес бөліне бастайды.
2.Батыста чуваштардың ру-тайпалар одағы негізінде чуваш халқы қалыптаса бастайды. Ал одан беріректегі қыпшақ-бұлғар тайпаларының одағы екіге бөлініп, татар мен башқұрт халықтарының қалыптасуына негіз болды. Олар XV ғасырда қыпшақ-половецтер одағынан бөлініп қазақ пен ноғайлар, қарақалпақтарға және Кавказ өңіріндегі қыпшақтарға (қарайым, құмық, қарашай-балқар, қырым татарларының солтүстік тобына) бөлінеді. Қазақтардың халық ретінде қалыптасуын тек Ноғай ордаларымен байланыстыру жеткіліксіз болатындай, себебі, оның этникалық құрамында көшпенді өзбектердің де көп рулары болған. Сондықтан да кейбір ғалымдар қазақ хандығының құралуын көшпенді өзбектердің, Махмуд Шайбанидың Мауренахрды жаулап алуымен, қазақ сұлтандары Керей мен Жәнібектердің Әбілқайыр қол астынан бөлініп шығумен байланыстырады. Тарих мағлұматтарына жүгінсек, бұл дәуір қазақ халқының жеке отау тігуінен аяқталған дәуір болатын. Ал оның қалай, қай кезде басталуын Дешті-Қыпшақтағы тайпалар одағынан іздеу керек сияқты. Ноғай ордасының күшейе түскен дәуірі Нұрад-дин билік жүргізген мезгілдер болатын. Осы уақытта хандық құрамындағы тайпалардың ең күштісі де, билік жүргізіп отырғаны да маңғыттар болатын. Маңғыттардан басқа да Ноғай ордасының құрамына қоңырат, қарлұқ, найман, арғын, қаңлы, алшын, қыпшақ, кенгерес, алаш, тама сияқты рулар енген. Ноғай ордасының құрамына енген рулар қазақ, қарақалпақ, ноғайлардың халық ретінде қалыптасуына үлкен рөл атқарған.
Оғыз тайпалары одағының да құрамынан азербайжан, түрікмен, гагауыз, түрік халықтарының бөлініп шығуы осы XV ғасыр нобайына сәйкес келеді. Әзірбайжан мен түрікмендердің этникалық құрамы ертеректер жүйеге түссе де, олар халық ретінде тек монғол шапқыншылығынан кейінгі жерде ғана қалыптаса бастады. Әрине, түрікмендер мен әзірбайжандардың этникалық құрылымы бірдей емес. Селжүктердің қозғалуымен байланысты Кіші Азияға енген оғыздар мен Әмударияның жағасында қалғн оғыздардың ата тегш бір болғанымен, олардың кейінгі тарихы басқаша болған.
Ұйғырлар өздерінің этникалық құрамы, шығу тегі жағынан ұйғыр қағанатының іргесін қалаған тайпаларының мұрагері болғанымен, тілдік құрылымы жағынан олардың барлық қасиеттерін түгелдей сақтап қала алмаған. Ұйғырлардың негізгі көпшілігі өз Отаны-Шығыс Түркістанда орналасып, бір тобы Қазақстан мен Орта Азия республикаларында тұрады. XV ғасыр Шығыс түрк қағанатының құрамына енген халықтардың жеке отау тіге бастаған кезеңі болды. Ертедегі оғыз, ұйғырлар мен қырғыздардың шығыста қалған ұрпақтары үш топқа: 1. ұйғыр-түрік; 2. саха; 3. хакас болып өз алдына бөлек болып шоғырланады. Ұйғыр түрік тобына қазіргі тува және тофалар (қарағас) тілдері, якут тобынан қазіргі якут (саха) тілі, ал хакас тобына қазіргі хакас тілі мен шор тілі және сары ұйғыр, камасин татарларының тілі сияқты т.б.
Орта Азиядағы қарлұқтар одағы да ыдырап қәзіргі өзбек және ұйғыр тілдерінің қалыптасуына негіз жасайды. Әрине, өзбек тілін Лутфи, Сакаки, Атаи, Дүрбек, Науаи, Бабырлар тілінің заңды жалғасы екендігін мойындамасқа болмайды. Бірақ шағатай (көне өзбек) тілі тек өзбектерге ғана тән деп кесіп айтудың да реті жоқ. Олардың дәстүрлі әдеби тілі Қазан төңкерісіне дейін басқа халықтардың жазба тіліне өз ықпалын тигізіп отырған. Бұны қазақ тілі ескерткіштерінің ертерек кездегі кітаби тіл үлгісінен анық байқауға болады. Өзбек халқының қалыптасуында Махмуд Шайбани бастаған өзбектердің құрамына енген қыпшақ тайпаларының да үлесі мол. Сондықтан ба екен, қазіргі түркі тілдерінің ішінде диалектілік шұбарлығы жағынан өзбек тілімен қатар тұратын бір тілдің атын атау қиын. Хорезм мен Қазақстанның көпшілік жерінде ж-мен сөйлеуші (қыпшақ тіліне жақын) диалектілік айырмашылық өте көп. Этникалық құрылымы жағынан да өзбек халқы бірнеше тайпаның элементтерін қамтыған. Ең алдымен ескеретін нәрсе-өзбектердің барлығы бірдей өз ру атауларын кейінгі кезге дейін сақтап қала алмағандығы. Қазіргі мекеніне ертеде келген ең майда тілдер өз алдына бөлініп шықты.
3.Түркі тілдерінің дамуындағы ең жаңа дәуір Қазан төңкерісінен кейінгі кезеңді қамтиды. Оның басқа дәуірден айырмашылығы сол-бұл дәуірде жаңа тілдер пайда болмайды, бір тіл екінші тілден бөлініп те шықпайды. Бірақ бұл дәуірде әуелде қалыптасқан тілдер коммуникативті қызметі жағынан дамып стилдік жағынан сараланып, шыңдала түседі.
Түркі тілдерінің стилдік тармақтар патшалық Ресей кезінде қалыптаса бастаған болатын. Мысалы, 1870-жылы Ташкенттен «Түркістан уалаяты» газеті, 1912 жыл Орынбордан «Қазақ», Омбы қаласынан «Дала уалаятының газеті» жарық көреді де, қазақ тілінің публицистикалық стилін пайда болуына, дамуына жағдай жасады. Кей стилдік тармақтардың жаңадан пайда болғандығын да жасыруға болмайды. Мысалы, қазақ тілінің төл ғылыми стилі XX ғасырдың 30-40-жылдарында қалыптасты. Әрине, Қазан төңкерісіне дейін тарих, география пәніне байлансты ғылыми еңбектер пайда бола бастады. Мысал ретінде, Ш.Уәлихановтың, Қадырғали Жалайридың еңбектерін көрсетуге болады.
Фонетикалық өзгерістер.Түркі тілдерінің Қазан төңкерісінен кейінгі дыбыс жүйесіндегі өзгерістер: а) орыс тілінің әсерімен жаңа дыбыстарды қабылдау; ә) емлелік принциптердің түбегейлі өзгеруі негізінде болды. Бірақ дыбыстық өзгерістер бір дыбысты екіншісінің орнына қолдану есебінен дамымай, қайта дыбыстардың тіркесу мүмкіндігінің жетілуі және жаңа дыбыстар қабылдау есебінен өсе түсті. Мысалы, кеңес дәуірінде қырғыз тіліне ф,в,ж,ц, дыбыстары енсе, ф,в,ч,ц,х,э, дыбыстары қабылданды. Бұл дыбыстар орыс тілінен енген көптеген интернационалдық сөздердің жетегімен келіп орнықты. Дыбыстық жағынан түркі тілдерінің барлығы бірдей деңгейде дамымағаны да аңғарылады. Мысалы, тува тіліне төңкерістен кейінгі дәуірде в,ф,ц дыбыстары, түрікмен тіліне в,ф,с,з,ц дыбыстары, башқұрт тіліне ч,в,ц чуваш тіліне б,г,д,ж,з,ф,ц дыбыстары қосылған. Сонымен бірге тілдердің дыбыс жүйесі тек сан жағынан ғана өзгеріп қоймастан, тіркесу қабілеті жағынан да, қызметі жағынан да үлкен өзгеріске түсті. Мысалы, қазақ тілінің байырғы сөздерінде ств, скв, зд, зң, кс, см, нт дыбыстарының тіркесуі кездеспесе, қазір Москва, вексель, вахмистр, висмут, гастроном, диктант сияқты кірме сөздер де молынан ұшырасады. Ал сөз соңында қолданылмайтын г дыбысы геолог, технолог, герцог, сияқты өзге тілден ауысқан сөздерде, д дыбысы фонд, наряд сияқты сөздерде қолданылатын болды. Бұл сияқты құбылыс өз түркі тілдерінен де өз орнын тапқан.
Дауыссыз дыбыстардағы өзгеріс барлық түркі тілдерінде аяқталып біткен процес деуге болмайды. Бұған мысал ретінде өзбек тіліндегі орыс тілінен енген ф, х дыбыстарын алуға болады. Өзбек тілінде ф дыбысы бұрыннан бар болатын. Араб-парсы тілінен енген көптеген сөздерде ф дыбысы қолданылады, бірақ ауызекі сөйлеу тіліндегі дыбысталуында ф дыбысы п-ға жуық айтылатын: Фатима-Патима, фарқ-парқ, Фарғана-Пәрғана т.б. Араб тілінің емле заңдылықтарын жақсы білетін сауаты жоғары, көзі ашық адамдар ғана бұл сөздерді дұрыс айта білетін. Қазір орыс тілінен көптеген сөздердің енуімен байланысты ф дыбысы орыс орфоэпиясы негізінде оңай айтыла береді.
Достарыңызбен бөлісу: |