8-күн тапсырмасы
Тапсырма. Ұсынылған оқу мақсаттарымен танысып, көркем шығармадағы заман көрінісі мен қазіргі заман көрінісін салыстырып бағалаңыз.
Мұғалім ретінде «Қазақ әдебиеті» пәнінің «Бағалау және салыстыру» бөлімі бойынша ұсынылған оқу мақсаттарына қандай тапсырма ұсынар едіңіз?
О. Бөкей «Атау кере» повесі
11.3.2.1 көркем шығармадағы заман көрінісі мен қазіргі заман көрінісін салыстырып бағалау;
Қазақтар Бек-Алқа, орыстар Фадиха деп атап кеткен ауылдан шыққан қос жолаушының жүрістері мандымады: астында елпек аты бар Еріктің бір өзі ғана болса баяғыда-ақ сау желіп, соза тартып ұзап кетер еді.
Әттең... не керек, соңында ілбіген «сапарласы» бар, жүруінен отыруы көп, әрең-ақ еріп келеді байғұс. Қазақтар «Мың жолдыны бір сорлы байлайды» деп бекер айтпаған. Тастап-ақ кетейін десе, даяр тұрған «құлдан» аяқ астынан айырылып қалғысы жоқ, ал атының артына мінгестіріп алайын десе – көкбестіні аяйды. Сондықтан да асықпай, асқан шыдамдылыққа басып, өгіз аяңмен келе жатқан. Әлгі бір әзірде бір шөлмек арақтың ақырын сарқып тұрып ішіп алған Таған жүруге шамасы әбден келмеген соң, таудың құлын жоғалып кетер шалғынына етпетінен түсіп, тырп етпей жатып алған. Тәлтіректеп келе жатқан шығар деген оймен омарташы көпке дейін артына бұрылмап еді, жалт қарағанында – жоқ болып шықты. Алғашында, қашып кетті ме деп, сасып-ақ қалғаны. Көкбестіге қамшы басып, келген жолымен кері құйын-перен шапқылай жөнелді: зым-зия, жер жұтқандай... «Сайтан ба, сағым ба? Атаңа нәлет, пияншік, басыма бәле болып тимесін... Әй, бірақ осы қуыс қурайды іздеуші, сұраушысы жоқ та шығар-ау» деген оймен ойқастап ары да шапқылады, бері де шапқылады. Амалы таусылған соң: «Таған, әй, Қарабура, қайдасың?» – деп дауыстады. Тура алдына алып самолеттей ауыр көтеріліп, дүрілдеп ұшқан ұлардан астындағы көкбесті қорс етіп үрке жөнелгенде, Ерік ердің қасынан ұстап әрең қалды. «Қап, әкеңді...» деп, тақымына қысқан мылтықты алып оқтағанша, таудың алып құсы көзден таса ұзап кеткен. Ашу қысқан омарташы сонда да ентігін баса алмай, ұлар ұшқан жақты көздеп, шүріппені басып қалған. Мылтық үнінен әбден үйренген ат мыңқ еткен жоқ, тек қамшылар жақ қапталдағы шөптің арасынан «ой-бай» деп, бажылдай атып тұрған маскүнемнің үнінен ғана көкбесті және жалт ете түскен
– Ерік бұл жолы да ердің қасынан ұстап құламай қалды. «Алла, әкең-ай...» деп барып, ербиген Тағанның жонарқасынан ала қамшысымен осып өтті... Шынжырдай болып өрілген қамшы күн жеп, кір жеп онсыз да әбден тозған помази көйлекті қақ айырды, бірақ Таған өзіне емес тулаққа тигендей, ауырсынған да жоқ, тіпті кірпігін де қақпады. Әлі де болса әлін жоғалта қоймаған ұзын кірпіктерін көтере, сүзіле қарап тұра берген. Ол Ерікті мүлдем көріп тұрмағандай, меңіреу күйде еді. Омарташы таң қалды, алайда таң қалғанын білдірмеді. «Жүр, кетейік» деп, атын тебініп алға түсе берді. Таған жақ ашпаған қалпы соңынан ерген.
Сайға жасырына орналасқан жалғыз үйге Таған жеткенде, Ерік атын байлап кіріп кеткен екен. Неге екені белгісіз, Таған үйге бірден кіріп бармай; қашаға сүйеніп тұрып қалды. Күндізгі қарбалас тіршілік тырапай асып, іңірмен бірге іріп, таусылғандай тыныштық.
Үй ұядай жылы екен. Табада қуырылып жатқан балықтың иісі мұрынды жарып барады. Таған жұтынып, қарны ашқанын сезді. Үйдің иесі өзін Захар, әйелін Марфа деп таныстырды. Ерік етігін шешіп тастап, пеш түбіндегі орындықта арқасын қыздырып маужырап отыр. Көзі тас жұмулы, рақатқа батқан сыңайы байқалады. Жасқаншақтана кіріп, босағада ебедейсіз тұрып қалған Тағанға әйел: «Проходите, садитесь», – деді. Бір аттап барып тақтай орындыққа жайғасты. Дастарқан жасады. Захар темекісін бұрқыратып шұлық тоқып отыр. Көрден жаңа ғана шыққандай, мыж-мыж боп тұрған бөтен жігітке көзінің астымен қарап қояды. Еріктің екі беті, бал-бұл жанып, жып-жылы үйдің шуағына масайғандай қалғи бастады.
– Дастарқанға келіңдер, – деген әйелдің оқыс даусынан селк етіп, салбырап, енді болмаса иығынан домалап түсіп кетердей болған басын жұлқа көтеріп алды. Көзі ақиған ақ шабақтың бірін енді ала берген Тағанға алая қараған Ерік:
– Қолыңды жусаңшы, бес баттам қылмай, – деп күңк етті. Таған сасып қалды. Әкесі зекіген жас балаша жаутаңдап кейін шегінді де, ләм деместен шыға жөнелді:
– Ұят болды-ау,− деді Марфа. – Дардай жігітке даусыңды көтергенің не?
– Бал сырадан бір стақан берсең, атасының құнын кешеді, – деді Ерік балықтың ең үлкенін өзіне қарай мысықша сүйреген күйі.
– Мұны қайдан қазып тауып алдың? – деді Захар. – Өзінің есі дұрыс па?
– Есі дұрыс болса, осынау ит арқасы қиянға аттыға еріп таңы айырылар ма еді? Маскүнем деген рудың елшісі. Қолбала ретінде ұстауға ертіп келемін. Қыстай бағып-қағып, егер жақпай жатса, келесі жылы жазда тауып алған жеріме апарып тастармын.
– Азып-тозып кеткені болмаса, түбі жаман кісіге ұқсамайды. Кірпіктері қандай ұзын, еркектердің көзі осыншалық әдемі боларын бірінші көруім, – деді Марфа.
– Мен осы бір нәрсеге таң қаламын, – деді сұқ саусағын шошайта. – Неге біз осы өтірік сөйлейміз, өтірік күлеміз, қысқасы – өтірік өмір сүреміз, а? Неге біз осы өзіміздің бұл әлемге артық, түкке де керегіміз жоқ бейшара мүскін екенімізді мойындамаймыз? Қазір жоқ болып кеттік делік. Сен де, ей, орыс, сен де, ей,қазақ... Жоқпыз... дүниенің қылшығы қисая ма? Қайта ұлы мәртебелі табиғат-ананың организмі тазарар еді, көк жөтелден сауығар еді... Білем-білем, «сен неге тірі жүрсің?» деп сұрағалы отырсыңдар. Мен... мен... осы қарапайым ғана қағиданы сендерге түсіндіру үшін жүрмін... Осы күйкі тірлікке душар қылған мына мені атарға оқтары жоқ сеңдер, мен... сендерге ерегесіп, ыза болған соң амалсыз ішем...
– Мына философқа жатар орын тауып беріңдер, – деген Ерік орнынан шапшаң тұрып далаға шығып кетті. Таған сырадан тағы бір стақан сылқитып алды. Темекісін бықсытқан Захар Тағанның арқасына қағып:
– Дегенмен, сөзіңнің жаны бар. Жүр, братан, ұйықтар орныңды көрсетейін,– деді.
– Маған төсек салып әуре болмай-ақ қойыңдар. Қай тұсқа құлаймын – сол төсек... Анаңда – қара жер, атаңда – қара жер... ла-лау...
Тұра беріп тәлтіректеген жігіттің қолтығынан демеген Захар тысқа беттеді.
«НЕГЕ БІЗ ОСЫ ҚАТЫГЕЗ ДЕ ҚАСИЕТСІЗ БОЛЫП КЕТТІК... НЕГЕ БІЗ ОСЫ...»
Тағанның әлдекімге ашулы, әлдекімге наразы да азалы үні бәсеңдемеген қалпы, есік жабылғанша Марфаның құлағын жаңғырта сарсытып еді.
1. Тағанның "НЕГЕ БІЗ ОСЫ..." деп басталатын сөздері арқылы не айтқысы келеді?
(олардың өмір сүрген дәуірдегі талай тартыс пен қайшылықтарды көреміз)
2. « Қолбала ретінде ұстауға ертіп келемін. Қыстай бағып-қағып, егер жақпай жатса, келесі жылы жазда тауып алған жеріме апарып тастармын» деген Еріктің сөзінен қазір де осындай адамдарды қолбала етіп ұстайтындар бар ма?
3. Автордың негізгі ойын қазіргі кезеңмен салыстыра бағалаңыз
Достарыңызбен бөлісу: |