Ақ боз үй. Смағұл Елубай



Pdf көрінісі
бет9/9
Дата30.04.2024
өлшемі5.43 Mb.
#500203
1   2   3   4   5   6   7   8   9
Ақ боз үй. Смағұл Елубай

ҒАРАСАТ МАЙДАНЫ
1
Аспанда Күн тұтылғандай. Лабақ ахун көп айтатын "ғарасат майданы" басталғандай. Көзі
жас, көңілі пəс Хансұлу құмсақ жолменен ілбіп келеді. Арқасында — бөпесі. Артта, бел
астында моладай қаңырап ауыл қалды. Алда — шаң буып мұнартқан беймағлүм көкжиек.
Белгісіз тағдыр. Бұлар жаяу-жалпылап шұбырып келеді. Алыстан, арқа тұстан жұртта
қалған иттердің созылтып ұлыған үндері естіледі. Жаманат хабаршысындай аспан астын
құлазытып күңірене ұлиды. Хансұлу енді бұрылып кейін қарауға жүрегі дауаламады.
Сəскеге көтерілген Күн көзі шағырмақтанады. Шөл даланың əр тұсынан шаңыт
бұрқылдайды. Бұта біткен боздап уіл салады. Көзге қиыршық құм ұрады. Жалпақ дүние
бір уыс, тарылып тұр. Бір ғаламат қалайда басталды. Жүрегі қалтырап қорқып келеді
Хансұлу.
Құмайт шағыл аралап ирелендеген аяқ жолменен үздік-создық шұбырған ел. Жыңғылды
алаптан өте бергенде жол жиегінде біреудің ағаш сандығы калды ауызы аңқиып.
Жақындай бере таныды, Күлзипаның қара кебежесі екен, əспеттеп төрінде сақтап жүрген.
Жол шетінде жатқан əшекейлі сүйекті қара кебежеге бұлар бір-бір қарады да, жұмған
ауыздарын ашпастан өте берді. Не əкесінде, не шешесінде, не Дəу апада тіл қатуға деген
құлық болмады. Жалғыз ғана, арқасындағы Түгелхан шыдамады, сұқ саусағын шошайтып:
— Ап! Ап! — деп, кебежені көрсетті.
Хансұлу соң білді. Күлзипаның кəрі əкесі бар еді, ауызы ұрадай опырылған. Сол шал жүре
алмапты. Күлзипа сол əкесін есекке мінгізіп, қара кебежесін лақтырған екен.
Ұзақ жүруге шама қайда, іркіс-тіркіс шұбырған жұрт түске таман жолшыбай кездескен
шоқ жыңғылдың арасына кіріп ығын паналап шоғырланып іркілді. Жүктерін түсіріп,
төңіректен шөпшек жиып, бықсытып əр жерден от түтетті. Шəугім-шəйнектеріне су
толтырып отқа қойды. Жұрттың соңын ала жеткен Хансұлулар да іркілді. Жыңғылдың
түбіне жүк түсіріп, ықтасынға алаша жайды. Əр бұтаның түбінде түстенгелі жатқан бір
үйлі жан. Ескі дағдымен түскі ас қамына кірісіп жатыр. Айтудың құмында отырғаңда
Хансұлу сығандардың тобырын көргені бар-ды. Қазіргі мына шұбырған елдің жыңғыл
арасына кеп түстеніп жатқан кейіптері дəл сол сығандардан аумай қалыпты.
Қыз-келіншек, қатындар жер- жерден бықсытып от жағып, шəугім көтеріп жатса да
танауға бəрібір ет иісі, сорпа иісі келмейді. Содан болуы керек, қатындардың шаңқылдап
бала-шағаға ұрысқан ащы үндері жиі естіледі.
— Қағынды келгір, əрі тұр, отқа түсеме-ай мына қояншық! — деп жатыр Қатира ошақ
басына емінген балаларын қарғап-сілеп.
— О, шұнақ Құдай! Шұнақ Құдай! — деп бір қатын зарланып, Құдайды қарғыстың астына


алып жатыр.
Желкем күн ашық аспан астында Хансұлу жайған шағын дастарқанды қоршап, екі үйдің
төрт-бес жаны қуырылған жүгері, зағра нан, ақ су шайға апақ-жапақ бас қоя берген.
Сөйткенше Дəу апа дауысы дірілдеп:
— Ойбүй, жазған-ай! — деді. Сөйтсе, бөлек-бөлек дастарқан басында отырып қалған
жұртшылықты аралап, қолында тостағаны бар бір бала келеді екен. Майлыбай мүсəпір
деген бар еді. Қой аузынан шөп алмас, момын еді. Бала-шағасы тоғыз ба, он ба, көп
болатын. Ас-суы таусылатын реті бар еді пақырдың. Қайыр сұрап келе жатқан соның
баласы екен.
Əркім дастарқанынан бір нəрсе шымшып алып баланың созған тостағанына салып жатты.
Кейбіреулер көзін алартатын болуы керек, бала жылыстап өте береді. Қолында жамаулы
тостағаны бар, жалаң аяқ, жалаң бас, бұтындағы дамбалы өрім-өрім, он екілер
шамасындағы ер бала бұлардың жанына келді. Жазған баланың назары төменшіктеп,
кісінің бетіне тура қарай алмайды. Төмен қарап тостағанын созып тұр.
— Ау, жақындау керек! — деді Пахраддин, дастарқан үстінен бір уыс қуырылған жүгеріні
ұсына беріп. Бала үрке басып жақындады. Пахраддин тостағанға үңіліп қарады.
Тостағанға Хансұлудың да көзі түсті. Баланың бүкіл ауылдан манадан бері жиған тары,
жүгерісі бір уысқа да жетпейді екен.
— Манадан жиғаның осы-ақ па?— деді Пахраддин, танауы шуылдап өз көзіне өзі
сенбегендей.
Бала бас изеді.
Пахраддин Сырғаның тізесінің астында жатқан шүберек қалтадан жəне бір уыстай жүгері
алып, баланың тостағанына тастады. Бала ұстап алатындай шапшаң бұрылып бүлкілдей
жөнеді. Сырға шаршаулы назарын отағасыға қадап, сəл қабақ шытқандай болды.
Пахрадцин бəйбішесін түсінді. Түсінді де шарасыз күй кешіп:
— Е-е! Е-е -е!!! — деп, ауыр бір күрсінді. Еңсесі күрт түсіп ойға кетті.
— Əнеки, тағы келеді, таратып бер, енді мына қалған бір уыс бидайды да!.. — деді Сырға.
Ақырын айтса да күйініп айтты. Пахраддин басын көтерді. Қараса жетім қозылардай жан-
жақтан өріп келе жатқан өңшең жоқ-жітік балалар.
— Ей, қарақтарым! Қайда келесіндер ентелеп, түге?! — деп қалды зор дауысты Дəу апа.
Балалар үрпиісіп тоқтай қалды.
— Келіңдер! Келіңдер! — деді Пахраддин. Дауысы қатқыл.
— Көкесі-ау!.. — дей беріп еді Сырға, Пахрадцин:
— Жə, доғар! Өлсек бірге өлдік! Осы нəрестелердің жанынан артық емес менің жаным! —
деді ширығып.
Əңгіме осымен бітті. Пахраддин əр баланың жайған алақанына бір-бір шөкім бидай салып
жатты.
Осы жұртта Күлзипаның кəрі əкесі үзілді. Үн шығармай тез жерледі оны ел. Түс ауа тағы
шұбырды.
... Хансұлудың бір қорыққан адамы Балқия еді. Бұрынғы күйіне басса, кез келген уақытта,
басы ауған жаққа тұрып жүре беруі керек еді. Жоқ, Балқия өйтпеді. Жетекке ерген ботадай
томпаңдап қалмай келеді қатардан. Жат қылығы болмағаннан кейін Дəу апа да, Хансұлу да
оны аңдуды қойды. Бірақ, қызықты қараңғы түскесін көрсетті Балқия.
Іркіс-тіркіс шұбырған ел түс қайтқасын да екі-үш бел асқан. Кеш түсе қойселеуі молдау
құмсақ бір шагылды қоналқыға таңдап іркілді. Есектерді жайылсын деп селеуге арқандап,
өздері шөпшек жинап от жағып, жүктен ықтасын жасады. Айсыз қою қараңғы түнде
шағылдың тұс-тұсынан от лапылдап, адам қыбырлап төбе үсті пері қонғандай құжынап
жатты.
— Ойбүй! — деді бір кезде от жанында отырған Дəу апа орнынан түрегеле беріп. — Құдай
безгелдек, келін қайда əлгі?!
Бұлар жүктерді шешіп жұмсақ құмның үстіне төсек жайып күйбеңдеп жүргеңде Балқия
жандарыңда сияқты еді.
— Балқия! — деп дауыстады Дəу апа. — Балқия-ау-ууу?!
Тым-тырыс. Пахраддин бастап бəрі түгел өре түрегедді. Оттан қашықтап түн ішіне таман
барып, бəрі қосылып: "Балқия! Балқия!" деп, айқайға басты.
Аспан бұлтты. Көзге түртсе көргісіз қараңғы. Хансұлу отыра қалып үңілді көкжиекке. Не
көп, жан-жақта бұталы шағылдар көп. Кенет түн түкпірінен сықылықтаған əйел күлкісі
шықты. Хансұлудың тұла бойы түршігіп кетті.
— Мына жақта! — деп, əкесі далпылдап тұра жүгірді түн ішіне қарай. Əлгі есалаң
күлкіден кейін Хансұлу қостан көп ұзауға қорықты. Пахраддинмен бірге ауыл еркектері де
кетті дүрсілдеп жүгіріп.
Балқияны қуған кісілердің айқайы түн ішіне қарай кем-кемдеп ұзай берді.
Хансұлу шешесі екеуі түн жамылып бірауық тұрып, кейін қайтты. Түнгі даланы бастарына
көтеріп, қанша айқайлағанмен бұл түні Балқия таптыртпады. Таң сəулесі жерге түсісімен
сұр есектің беліне отырып Пахраддин Балқияны іздеп кетті. "Ашыққан елді іркуге болмас,
алға қозғала беріндер!" деп тапсырды Лабақ ахунға. Дəу апа, Хансұлу, Сырға бəйбіше
жүктерімен осы шағылдьщ басында күтетін болды Пахраддинді.
Пахраддин із кесіп əлектеніп жатпады. Кешегі келген жолға түсіп ескі жұртқа қарай
тартты. Көп ұзамай жерге жарық түсті. Күн шықты. Таң алдында ғана сəл-пəл сіркіреп


өткен жаңбырдың иісі бұрқырайды. Топырақ, жас шөп иісі кеңсірікті жарып барады.
Сендей соғылысып алажабыр бұлт көшіп жатыр аспанда. Жалғыз аяқ жолга көп ұзамай
Балқияның да ізі келіп қосылды. Балқия жолменен жалаң аяқ ызғып тартып отырыпты.
Тіптен кідірмепті. Бүлкілдеп жүгіріпті əлсін-əлсін. Пахраддин да аямады есекті. Ызғытып
айдап отырды. Содан екінді əлетінде ғана жақындады кешегі ауыл маңында іркіліп өтетін
көлденең белге. Оған шықса ескі жұртта қалған ауыл көрінеді.
Сұр есек мамырлап құмсақ белге тырмысып шығып келеді. Осы арада Пахраддинді бір
сезім биледі. Күтпеген сезім. Ол — жұртта қалған ауылға қараудан сескенген, белгісіз
үрей еді. Қайта айналып келмеуі керек еді жұртқа, қаңырап қалған қара шаңырағын
көрмеуі керек еді.
Есегі, сөйтсе, асудың үстіне де шығыпты. Есектің аты есек емес пе, иесіз ауылға қарап
құлағын тікірейтіп ал кеп ақырсын.
Құм арасы қазан шұқыр ойпаңда үйректің жұмыртқасындай томпиған қоңыр үйлер.
Есектің дүниені көшірген дауысынан кейін сыртқа адам қара жүгіріп шығатындай қарай
қалды Пахраддин. Бірақ, ауыл селт етпеді. Жабулы есіктер жабулы күйінде тұра берді.
Қаңғыбас құйын ғана шайқақтап жер ошақтардың күлін көкке ұшырып, ауылды аралап
өтіп барады.
Шағыл төбенің басындағы Бұлыштың томпайған жалғыз моласына қарай бұрды есегін.
Жан-жағы да қоршалмай, басына қадау ағаш шаншылған жалғыз ғана төмпешік боп жатыр
баяғы Бұлыш. Есіл Бұлыш.
— Боздағым-ай! Есіл азаматым-ай! — деді есегінен түсе берген Пахраддин. — Сен бар
екенсің ғой! Сен жатыр екенсің ғой!
Пахраддин жүресінен отыра қалып көз жасы бетін жуа отырып, аят оқуға кірісті.
Жануар сұр есек иесінің мына тосын халін түсінбей құлағы салпиып тұра берді.
Əлден уақытта Пахраддин көзін сүртіп тізесінің құмын қаққыштап орнынан түрегелді.
Байқаса, моланың төңірегінде Балқияның жалаң аяқ ізі жатыр. "Өй, антүрған-ай!" деп
еңсесін тіктеп таң қалып жан-жағына көз жіберді. Кенет көзі анадай жерде шоқ дүзгеннің
тасасынан сығалап түрған келіншекті шалып қалды. Сол-ақ екен, Балқия жалт берді.
— Балқия! Өй! Қашпа! Өй! — деп, Пахраддин тұра ұмтылды кеп.
Балқия байғұс қобырап тарқатылып кеткен шашы арқасында лықсып, ақ табаны
жарқылдап зытып барады, тап-таза құм бетімен. Үстінде өрім-өрім ескі бөз көйлек, Тəңір
алғырдың тоқ балтыры жарқ-жүрқ етеді.
— Ай! Хай! Ұрып кеткен, тоқта! — деп аяғында етігі, үстінде шапаны жүгіре алмай
қорбаңдап келеді Пахраддин.
"Тəңір алғыр, жабайы болып кеткен бе, киіктей жүйткуін!"
Балқия артына жалтақ-жалтақ қарап қойып қайқайып тартып барады. — Балқия! Сəл
кідірші, айналайын! Балқия! — деп айқайлап келеді Пахраддин. Бірақ, жалаң аяқ есалаң
келіншек сөйткенше қыр асып та кетті. Пахраддин жүгіре алмады. Демікпесі ұстап
ырсылдап қалды. Кеудесін əрең сүйреп сусыма құм төбеге де көтерілді-ау итшілеп. Қайда,
бұл кезде Балқияның əлдеқашан қарасы батқан-ды.
— Қап, мына бейбақтың азабы-ай! — деді, төбе үстінде іркіліп, ұшы-қиырсыз шалқар құм
əлеміне көз жіберіп тұрып. Қайда қарасаң да жал-жал құмдар.
Балқияның ізіне түсіп сөлпектеп жүгіріп жəне бір төбеге шықты.
— Бұ қараң батқырдың қарасы қайда батты? — деді күйініп. Сөйтіп тұрғанда есегі
ақырды, манағы қалған тұстан. Бұрылып қараса, тұсаулы есегі ары қарай шапшып секіріп
қашып барады. Оның ізінен ит пе, қасқыр ма, əйтеуір, бір қос көлеңке тақымдап қуып
барады. Бұл ес жиып үлгіргенше, есегі сол ытырынып қашқан күйі ойпаңға құлап
көрінбей кетті.
Пахраддин есеңгіреп сəл түрды. "Қасқыр!" деген ой сап етті басына. Сол-ақ екен, тұла
бойы мұздап қоя берді. Сөйтсе, байғұс есек мана ақырамын деп басына пəлені шақырған
екен ғой. Түу, атаңа нəлет, енді көрмегені осы еді! Балқия болса құрыды құм арасына
тастай батып, судай сіңіп. Өзінің тұрысы мынау сөлпиіп. Бұ кезде қос қасқыр сұр есектің
кеудесін үңгіп жеп жатқан да болар. Есекті жайғап болып, атойлап қос қасқыр сайдан
шыға келсе не істемек? Пахраддин ауылға қарай елпең қақты.
Ырсылдап борша-борша терлеп қоя берді. Бойынан əл кеткендей. Үйлерге дейін жүгіре
алатын шамасы жоқ. Жөнді ас ішпегендіктен болар, көз алды қарауыта береді. Аяғы да ап-
ауыр, ырқына əрең көнеді.
Ауыл отырған ойпаңға құлады. Қаңырап жетімсіреп тұрған үйлер. Қылт еткен тірлік
нышаны жоқ. Жым-жырт тыныштық. Жалғыз-ақ өзінің аяқ дүрсілі дүниені көшіріп келеді.
Шетте тұрған Қиқымбайдың үйінің есік алдына ырсылдап жақындай бергені сол еді, кенет
іргеден тоқтыдай бір нəрсе ытқып шығып бажылдап тұра келе қашты. Түу, атаңа нəлет,
балпақ тышқан! Өмірінде бұйтіп қорықпаған шығар. Иманы тас төбесінен шықты. Үйдің
іргесінен шырқырап шығып жəне екі-үшеуі безді. Аяғының буыны ұстасыншы енді.
Тышқан жайлап кеткен мына иесіз үйге кіру, қасқырдан да қорқынышты еді. Көзіне тер
құйылып, басы айналып теңселіп Дəу апаның жұлым үйіне қарай өте беріп аяқ астындағы
жер ошаққа түсіп кетіп оңбай құлады. Қолымен жер таянып түрегеле беріп, басына бір ой
келді. "Біткен жерім осы екен" деген. Шалғайының күлін қағып буын-буыны қалтырап
əрең тіктеліп Дəу апаның қауашадай үйіне қарай тəлтіректеп аяқ басты. Одан сəл əрі есік,
түндігі тұмшалаулы өз үйі. Есік алдында төңкеріліп жатқан дəу қара қазанның төңірегін


тышқан қазып тастапты. Жоқ, өз үйіне өлсе жолағысы келмеді. Дəу апаның үйінің есігі
сыртынан байланбапты. Ашық есікті ашып, ішке бас сұғуға келгенде Пахраддин тағы
жүрексінді. Үй ішінде əлгіндей азынаған балпақ тышқандар толып жүргендей елестеді.
Найсап, неткен жиіркенішті мақұлықтар еді!.. Ақыры, лажсыз ішке бас сұқты.
Қаракөлеңке үй ішіңде еш нəрсе байқалмайды. Сəл тұрып ішке кірді. Көзін жұмып
теңселіп біраз тұрды үй ортасында. Ес жинады. Қаракөлеңкеге көзі үйреніп үй ішіне назар
қыдыртты. Тірілей молаға кіргендей түршікті жаны. Адам кеткен үйде не жылу, не ұсқын
болсын. Əйтеуір, қаңқиып тұрған бір қуыс.
Төрде алашаның үстінде қырық құрау ескі көрпеше қалыпты. Сықырлауық есікті іштен
ілдіріп əлгі көрпешенің шаңын сілкіп төрге қайта төседі. Соның үстіне отырды.
Шаршаған, əлсіреген денесі ұйып, тыныш демалыс аңсайды. "Тынығайын, көп ұзамай Күн
батар, атасына нəлет, таң азанда-ақ жүрермін" деді ойы. Сыртқа құлақ түріп қалжырап
жатып көзі ілініп кеткенін де байқамады.
...Түннің біруағында оянды. Тұла бойы тоңазып қалған екен. Түндіктің жыртығынан
жайнап жұлдыздар көрінді. Үй іші қараңғы. Бірақ жүрегі, неге екені белгісіз, дүрс-дүрс
соғады. Қорқыныш бар бойында. Қартаяйын дегені ме, қорқа бергені несі? Сол-ақ екен,
назары көлеңке ұйыған есік тұсқа іркілді, Жабық есіктің арғы жағында əлдене жасырынып
тұрған сияқтанды. Пыс-пыс тыныс алғанын анық шалды құлағы. Дереу төңірегін
қарманды. Түнде шешіп жатқан етігі ілінді қолына. Есіктің бармақ сыйғандай
саңылауынан бұған қарап бақшиған жалғыз көзді көріп қалды. Содан:
— Ай! — деп, ақырып айбат шегіп, қолындагы сыңар етікті есікке қарай жіберсін. Есік
жақ сатыр-сұтыр етті.Бұны аңдыған жын ба, пері ме, əйтеуір, бір пəле апыл-ғұпыл тұра
келе қашты.
— Айт! — деп, тағы ақырды Пахраддин бұ жолы орнынан ыршып түрегеп. Мақұлықтың
аяқ дүрсілі ұзап бара жатты кем-кемдеп. — Астапыралла! Я, пірлерім!.. — деп, Пахраддин
жатқа білетін аяттарын бірінен кейін бірін шұбыртып жатыр. Ұйықтау қайда енді? Тар
үйдің ішінде теңселіп көрер таңды көзбен атырды. Құлқын сəріден тысқа шығып дəрет
алды. Есік алдында отырып таң намазын оқыды. Жүруге халі бар сияқтаңды. Қолына таяқ
алды.
Төңірек ала көлеңкелене бастағанда иесіз ауылдан жаяулатып жолға шықты.
Пахраддиннің жолын тосып айдалада қалған Хансұлу, Дəу апа, Сырға бəйбіше екі түн
ұдай ұйқы көрмеді. Шағыл құмның басына от жақты. Айқайлады. Пахраддин адасып жүр
ме деп.
— Адыра қалғыр, осының бəрі ана қаншықтың əлегі! Өлсе өрем қапсын, неміз бар еді
соны іздетіп?!.. — деп, күйінеді Дəу апа ашық үні саңқылдап.
Сырғада үн жоқ. Иығына ішігін жамылып отқа қарап тұнжырап отырады да қояды. Ауыл,
үйді тастап шұбырған күннен бері төңірек дүниеден бөлініп өзінше бір тұңғиық қалыпқа
түсіп жүр еді. Бұрыннан да сөзге сараң, тілі майда, жұмсақ мінез шешесі соңғы күндері,
тек, көлеңкедей қозғалып жүргені болмаса, үндеуден, сөйлеуден мүлдем қалғандай еді.
Күн көтеріле Хансұлу жақын маңай шағылдарды аралап көсік қазды. Жуа терді. Осындай
тіске басатын нəрселер болмаса қалта түбінде қалған азғантай бидай, жүгеріні бұлар бір-ақ
күнде жеп бітетін түрлері бар еді.
Құмжуаны жұлып ауызына салды Хансұлу. Қуат кеткен бойына ол да болса едəуір нəр,
едəуір жұғын. Ал, көсік дегеніңіз, кəдімгідей ас. Соны іздеймін деп Хансұлу шағыл аралап
қостан ұзаңқырап кеткен екен. Əлден уақытта қыр астынан Дəу апаның айқайы шықты.
Хансұлу етегіне сүріне аттап төбе басына ұмтылды. Дəу апа таң саз берісімен ескі жұртқа
қарай жүріп кеткен.
Қырқаға шықса Күн астынан ақ жаулығын бұлғайды Дəу апа. Шақырып тұр.
Хансұлу жүгіріп келеді. Көкесінен бір белгі болған ғой.
Қырқаның күнгей баурайында керіскідей созылып біреу жатыр, шалқасынан түсіп.
Қасында жаулығы қарқарадай боп Дəу апа отыр. Қарасұр шапанынан таныды жатқан кісіні
— көкесі. Хансұлу жақындай бергенде басын көтерді. Пахраддин сырқаттанып қалыпты.
Беті-аузы ісініп, көзі жасаурап, гүрк-гүрк жөтеле береді. Дəу апа мен Хансұлу екі жағынан
сүйемелдеп қосқа əрең жеткізді.
— От жағындар! — деді Пахраддин.
Отты лаулатып жағып, суды қайнатып алаша керіп қалқа еткен қос ішінде дереу дастарқан
жайылды. Пахраддиннің ерні жарылып тобарсып кеткен. Бір кезде тұз салған ақ су шайдан
тіктеліп отырып ұрттады. Зағра нан, қуырылған бидай, жүгеріден шымшып алып аузына
салды.
— Оуф! — деп қояды Пахраддин, ыстық шайдан ұрттаған сайын.
— Я, Алла!
— Я, Барақ ата! Я, Бекет ата! — деп Дəу апа аруақты сарнап шақырып отыр.
Пахраддинде үн жоқ. Көрпені бүркеніп алып мандайы жіпсіп ақ су шайдан сораптай
береді. Сораптай береді.
Түске таянған көктем Күні шақырайып шекені шағып барады. Аспан тараптан
молдаторғай құйқылжиды. Айнала ызыңдаған шыбын-шіркей. Босаң топырақ құм көгі
ерте көтерілетін əдеті. Қайда қарасаң да қаулап өскен көк раң, жантақ, мия, түйетабан,
қойселеу, ақшатау. Алыс-жақын ой, қырлардың арасында мөлдіреп кілкіп тұнған көгілдір
ауа. Дала жарықтық құлпырып жатыр. Табиғаттың мына мамыражай қалпына назар


жіберіп демі дірілдеп күрсінді Хансұлу.
Қуырылған бидайды қытырлатып, ақ су шайды үнсіз отырып ұзақ ішкен Пахраддин ақ тер,
көк тер терлеп, аздасын көзін жұмып сұлық жатты. Сырға бəйбіше жік-жапар боп
Пахраддинді қымтаумен жүр.
— Ау! — деді бір кезде Пахраддин.
— Не? — деді Сырға елп етіп.
— Тіске басатыннан не қалды?
Сырға үндемеді. Кішкентай қара шүберек қалтаны қоржыннан алып Пахраддиннің алдына
тастады. Қолдағы кішкентай бидайды тал түсте жұртқа үлестіріп берген əпенді еріне не
десін.
— Осы-ақ па? — деді Пахраддин.
Сырға тағы да тіс жармады. Теріс қарап отыр.
— Ым... м, — деп, сағы сынып калды Пахраддиннің.Көзін жұмып сəл-кем үнсіз жатты.
Ойланды. Əйелдер отағасыдан бір лебіз күткендей түгел тым-тырыс.
— Су қанша қалды? — деді Пахраддин.
— Жарты мес... -Дəу апа! — деді Пахрадцин, қымтанып жатқан қалпы.
— Айта бер! — деді Дəу апа.
— Дəу апа! Былай етуге керек! Мен бүгін... асасы, жүре алмаспын... Ал сіздер, Хансұлу
екеулерің жүре берулерің керек! Іркілуге болмас... Менің қасымда... Сырға қалсын. Аман
жүрсек, жетерміз іздеріңнен! Суды торсықтарға құйып екіге бөліндер! Жүгеріден бір қос
уыс тастаңдар! Қалғанын алыңдар! Көтергендеріңше көрпе-жастық, киім алыңдар! Ал,
қимылдандар!
— Бөлінбей-ақ, бірге болсақ қайтеді, көке?! — дей беріп еді Хансұлу, Пахраддин:
— Болды! Сөз қысқа! Қозғалыңдар! — деп кесіп тастады.
Манадан үнсіз отырған Сырға бəйбіше теріс қарап көзінің жасын сықты. Дəу апа:
— Інімдікі жөн ғой, қарақтарым!.. — деп, бет əжімі қалыңдап күңірене күрсінді.
Содан Хансұлу мен Дəу апа екеуі екі баланы жетектеп жолға шықты. Дəу апаның иығында
— ала қоржын. Хансұлудың қолында — су құйған торсық, киім-кешек.
Иен дала. Селеулі шағыл басында шошайып қалып бара жатқан əке-шешесіне жалтақ-
жалтақ қараумен Хансұлу кетіп барады. Дүние бұлдырап көздің ыстық жасымен жидіп
еріп үгітіліп көк жиектер қорғасындай балқып, төңірек көлкіген сұйыққа айналғандай осы
сəт. Аспан асты, жер үсті Хансұлудың шарасыз тұншығуға айналған ғаріп халіне қарап
қаңтарылып тұрғандай. Тірлік доғарылғандай. Жапырақтай жалғыз жүрегі қасірет
айдынында малтыған Хансұлу басқа ұрған балықтай дал. Еш нəрсені ұқпай, əйтеуір, бір
сергелдең далбаса күйде кеудесін сүйретіп келеді. Өмір кəдуілгі көктемнің қызыл суындай
жайыла ақкандай. Ештеңе ұға алмайды, ештеңе байыптай алмайды. Бар білетіні —
жетегінде томпандап келе жатқан құлыншағы, бөпесі. Бар білетіні — содан айрылып
қалмау. Білегінен қыса түседі ұлының.
Біраз ұзап шыққанша баласының да, өзінің де көздері жастан құрғамады.
Қолында ұзын сырық таяғы, иығында ауыр қоржын, еңкендеп тартып келеді жалғыз аяқ
жолменен Дəу апа. Үн жоқ, іштей түйіліп тістеніп алған. Əлден уақта:
— Е-е, балам-ай, "болған іске болат бол" деген. Аллам душар қылмасын... де! Бұдан да
зорын көрген, мына аддыңда келе жатқан бейбақ апаң!.. — деді Дəу апа зор қоңыр дауысы
күңіреніп. Жалғыз аяқ жол біресе құмсақ шағылды аралап ирелеңдеп, біресе тегіс
сортаңға шығады. Жүрген сайын жантақты, ақбасты, жыңғылды, шилі алаңдар кездесе
бастады. Алдан саяқ өскен биік тораңғыл ағаштары көрінді. Құм аймағы артта қалғаны
байқалады.
Кіші бесін шамасында, балалар нан сұрап қыңқылдауға кірісті.
Жол екі жағы жыңғылды, шилі, ажырығы қалың сортаңмен келе жатқан. Лүп еткен леп
жоқ. Кісі бойы жыңғыл арасы бұйығы тыныш ықтасын.
Дəу апа иығындағы ала қоржынын ажырық үстіне тастап, ұйып қалған белін жазып,
тіктелді.
— Ал, балам, кəне, не бар, шеш түйіншегіңді! — деді.
Мана түсте жүрерде Сырға ас-суды өз қолымен екіге бөлген-ді. Дəу апа ол кезде араласпай
сырт беріп күйбеңцеп жүрген-ді.
Хансұлу жарты күлше зағра нан мен қос уыстай қуырылған бидай түйілген орамал
түйіншегін шешіп Дəу апаның алдына қойды. Нанды көріп балалар тамсанып ұмтыла
беріп еді, Дəу апа:
— Тəк! Тəк! Сəл сабыр етіндер! — деді. Күс-күс қолын созып, алдымен шаршы
орамалдың жиырығын жазып кеңірек жайды. Арбиған саусақтарымен орамал үстіндегі
шөкім бидайды бірнеше топқа бөлді.
— Сəл, сəл, сабыр етіңдер, балақайларым! — деп танауынан сөйлеп, бидайды алдымен
төрт, одан кейін сегіз, одан кейін он екіге бөлді. Құмалақ ашып отырған
балгердей.Хансұлу да, балалар да Дəу апаның не істеп отырғанын түсінбеді.
— ...Асып кетсе, Қоңыратқа дейін екі түнерміз... ымм... Мынауың былай, — деп,
қабырғасымен кеңесіп отырған Дəу апа, енді қалған жарты күлше нанды да ортасынан
сындырып, екіге бөлді. Нанның иісі танауды қытықтап барады. Хансұлудың аузынан
сілекейі шұбырды. Дəу апа екі бөлінген жарты күлшені жəне екі рет сындырып төртке
бөлді. Балалардың қолына бір-бірден жапырақтай ғана нанды ұстатты.


— Балаларым, өстіп жеткізбесек болмас, жол ұзақ.
Шыдаңдар! — деді Дəу апа. Піскен кызыл бидайдан Хансұлу аузына салды. Қатты бидай
емес, тандайына бейне бір сары май түскендей тұшынды. Іш-дүниесі қасқырша ұлып
қатты ашыққанын осы сəт сезінді Хансұлу. Зағра нан, піскен бидайдың иісі танауын
жарып барады-ау. Жарып барады.Дəу апа орамалды жинады. Жақсылап түйді. Бəрінің көзі
сол түйіншекте. Түйіншекті Дəу апа қоржынға ықтияттап өз қолымен салды. Содан кейін,
жүктерін иыққа алып жолға түсті. Жол жыңғылды алаптан шығып дүзгенді, қарағанды
құмсақ адырларды аралап ирелеңдеп алға тарта берді.
3
Түс көріп жатыр Пахраддин.
Ел іші бұзылмаған баяғы кездер екен дейді. Көл жағалай қонған өңшең ақ шағала үйлер.
Ауыл іші құжынаған адам. Той ма, мереке ме, əйтеуір бір қуанышты күн. Жұрттың бəрі
Пахраддиннің аузына қарайды. Жұрттың бəрінің құрметтегені Пахраддин. Пахраддин
билік айтуға тиіс екен дейді. Сөйлеуге тиіс екен дейді. Тəйірі, шаршы топ алдында
сөйлеуден, сірə, Пахраддин қашқан ба? Бүгін əңгімені əріден бастағысы кеп жиылған
дүйім қауымды көзбен шолады. Бүгін əңгімені тіптен əріден бастамақ. Мынау алаш
ұранды халықтың ата тегі жайлы, түп тамыры жайлы сөз қозғамақ. Тегін білмегеннен
тексіз шығады. Талай жыл шежіре ақтарғаны содан емес пе? Соны көкірекке түйген
көкірегінде сайрап бұлбұл оянғаңдай, ағарып таң атқандай. Жағын ашса көмейден
күмбірлеп сөз ақтарылардай, оқыс бір шабыт үстінде тамағын кенеп, халқына жүзін бұрып
енді... еңді тіл шеше бергенде... оянды да кетті.
Шалқасынан жатқан Пахраддин басын сəл көтеріп төңірегіне қарады. Ми далада ашық
аспан астында жатқан қалпына сенер-сенбесін білмегендей бір əуре-сарсаң күй кешіп
отыр. Құй сен, құй сенбе, жанбасында — қара жер, төбесінде — жұлдызы жылтырай
бастаған алқара көк кешкі аспан төніп келеді. Əттеген-ай! Түсі болып шықты-ау əлгінің
бəрі. Бір жағынан — түс əсерінен арыла алмай, екіншіден — мына шындыққа, кескіні
суық өмір шындығына көңдіге алмай біраз есенгіреп отырды. Тері қайтып, бойы
əлдеқашан тоңазып қалған екен.
"Уф" деп күрсініп, басын жастыққа қайта қойды. Ұйқысы шайдай ашылды. Бүгінгі күннің
суреттері, тіптен, үй-орманын тастап қалаға қарай шұбырғаннан бергі уақиғалардың бəрі
көз алдынан тізбек-тізбек өтті. Тағдыр шіркін бұны ілгерілі-кейінді дірдектетіп, қуалап
айдай жүріп, ақыры міне, жапан дүздегі қайдағы бір құмсак, жайдақ төбе басына əкеп
тастапты. О, паруардігер! Анау-мынау емес, алпыс жылға тарта созылған бұл фəнидегі
сапарының соңы төбе басы болғаны ма? Бұ не жатыс? Жүргенде не бітірмек? Барғанда
қайда бармақ? Барар жері, басар тауы қайсы!?
Шырағдандай сирек жұлдыздары жылтырап далиған қаракөк аспанға қарайды. Сол баяғы
атам заманнан таныс зеңгір көк, таныс жұлдыздар. Пахраддиннің бала кезінде сол қалпы
еді, əлі сол қалпы. Түк өзгермепті. Бұл неткен кеңістік? Бұ неткен меңіреу əлем? Мынау
жер бетін құмырсқаша шимайлап, шым-шытыр тағдыр соқпақтары жатыр шатысып, ию-
қию араласып, шиеленісіп. О, паруардігер! Соны шешемін деп, соны бір қалыпқа
келтіремін деп кісі ғүмыры өтеді арпалысумен. Қанша бас қурап, қанша шаш ағарады.
Бейне өзі жерді тіреп тұрғаңдай, бейне өзі мəңгі сол жер бетінде алшаң басатындай
тойымсыз, қанағатсыз кісі арманы əлемді шарлайды. Құлқынның да қомағайлығында шек
жоқ. Талай бас соның құлы болып-ақ қурайды. Соның қанағатын толтырамын деп оңды-
солға соқтығады. Алдайды. Арбайды. Иіледі, бүгіледі. Жағынады. Жалбарынады.
Тыныш ымырт қараңғысында жұлдызды алқара көк аспанға қарап осылай ой кешеді
Пахраддин. Ойын бір көлденең тысыр бөліп жіберді. Мынау жым-жырт кешкі өлкеде
өзінен басқа тірлік барын ұмытып кеткен екен Пахраддин. Тіксініп, тұла бойы түршікті.
Кебісі сырпылдап біреу жақындап келеді.
— Сырға, сенсің бе? — деді дауысы бір түрлі алабұртып.
— Мен ғой, — деді Сырға əлсіреп, əрең ғана дыбыс
білдіріп.
Пахраддин бəйбішесінің үнінен шошыды. Үлкен күйзеліс үнін есіткендей құлағы.
— ... Қайда жүрсің... жаным-ау! — Лықсып көмейіне тығылған бір ыстық толқынды ерең
ірікті.
— Жуа тердім. Сен ұйықтасын дедім.
"Алла-ай, Алла-ай!" деп, ет-бауыры езіліп кетті Пахраддиннің. Жасаурай қалған көзін
төңкеріп, бəйбішесіне ұзақ қарады. Сырға жаулығын жагына орап алыпты. Иығындағы
жуа салған ескі кенеп дорбаны алып, ақырын жерге қойып жатыр. Өзінде үн жоқ. Баяу,
биязы қозғалады. Жүрегі шымырлады Пахраддиннің. Жан дүниесі алай-дүлей болды. "О,
кер заман! Кер заман!!!" — деп іштей күңіреніп кетті. Мына Сырға аяғын керіліп басатын
кербездің өзі емес пе еді?! О, кер заман, көрмегенді көрсеттің-ау, сен заман! Қайран
Сырға! Əйел затының падишасы — Сырға! Қыз күніңде сені жұрт бейіштен үзіліп түскен
гүл ме деуші еді. Сəніңді, салтанатыңды көрген, сыңғырлаған күлкіңді естіген жан
қараптан-қарап тұрып, шырын жаннан кешкендей еді. Сені қолға түсіру көктегі жұлдызды
көксегенмен тең еді. Саған бас қосқанда Пахраддин аспанның гауһар жұлдызын
алақанына қондырғандай байтақ сахарадағы жалғыз бақытты жігіт өзі болып еді. Содан
бері мінеки өзіңмен талай сəулелі жылдары бірге өтіпті. Сенің жанарыңның, жаныңның
шұғыласы мынау сұрқай тірлігіне жарығын түсірумен келген. Қайран кермиығым,


кербезім! Керілген кер маралым! Кенеп дорбаны иығыңа салғанынды көргенше,
Пахраддиннің шыққыр көзі неге шықпайды!
Пахраддин жаралы арыстандай ыңыранып, бұлықсып күрсін атты.
— Не болды, көкесі? — деп, Сырға лып етіп отыра қалды қасына. Үздігіп мөлдіреп
қарайды кеп бүған. Өзі көлеңкедей əрең қозғалып жүрсе де аяйтыны Пахраддин. Қайран
Сырға, асылым-ай, аяулым-ай! Сөйткен қосағың, тəңірдей табынып жүрген азаматың не
көрсетті саған? Не əуселе керсетті? Иығыңа кенеп дорба ілгізіп жуа тергізгені ме
көрсеткені?
— Уһ! — деп, көкірегі қарс айрылып кетті Пахраддиннің. Дөңбекпііп кетті.
— Бісміллə! Бісміллө! — деп, үстіне түсіп жыламсырап бебеу қақты Сырға. — Көкесі, не
болды?!
— Уһ, Алла-ай! Не жазығым бар еді?! Уһ! — деп, ышқынып жастықтан басын жұлып
алды Пахраддин. Екі иығынан дем алып, дір-дір етіп, көзден жасы бұршақтап кеп берді.
— Қай қылығымнан жаздым! Не қиянатым болды адам баласына! Не жазығым бар еді?
— Бісміллə! Бісміллө! — деп, зəресі ұшып кеткен Сырға зар илеп Пахраддинді құшақтай
алды. — Не болды, сабыр етші, көкесі!
Сырға ерінің кең иығынан қапсыра құшақтап, ашылып қалған омырауын қымтап əлек.
— ... Асасы, маған лағынет неге айтпайсың?! Мен...қарабет болдым ғой... кешегі қаңғыған
дүйім ел алдында... сенің алдыңда... бала-шаға алдында... сенің обалыңа, жұрттың
обалына қалдым... мен.
— Көкесі, қойшы енді... Құдайдың ісі шығар...
Пахраддин Сырғаның сезіне жұбанғандай, байыз тауып ойланғандай болды. Сырға оны
жұбатып отыр.
— ... Елді көшірсең... мал-жанына жайлы қоныс іздедің... Жамандық ойлаған нең бар?
Көшпеген жұрттың да көріп отырған əуселесі белгілі ғой...
— Білмеймін... "Қырсық бір айналдырса шыр айналдырадының" кері ме. Əйтеуір, бір
шырғалаңнан шыға алмай-ақ қойдық қой... Ақыры, мынау... тозғынға түскеніміз...
Содан кейін екеуі жайдақ төбе басында түн жамыла отырып ұзақ ойға шомды.
— Ел дейсің-ау... Сол елің қайда қазір? Жапан дүзде шойырылып отырған сені неге сол
елің қазір іздемейді? Ауызыңдағыны жырып берген жұртың неге сені іздемейді?— деді
Сырға ашынып.
Пахраддин таң қалды. Сөзге сараң, өмірде үні шықпайтын Сырғаның, міне, тұңғыш рет
ашынып сөйлегенінің куəсі болып отыр. Айтып отырғанының бəрі рас. Бірақ, Пахрадцин
кешегі шұбырған елден Сырға тəрізді қайырым, жəрдем дəме етіп иегі қышымас еді.
Өзгеге қарайламақ тұрмақ, ол жазғандар өз бастарын аман алып ел шетіне жетсе екен.
Сөйтіп, өкіметтің назарына ілігіп, əйтеуір, аштық зұлматтың құрығынан құтылса екен.
— Бəйбіше! — деді Пахраддин бір кезде.
— Ау! — деді Сырға.
— Қозғалайық!
— Шамаң бар ма жүре алатын? — деп, қуанып сұрады Сырға.
— Бар-ау деймін...
4
Кісі арып-ашқанда қарға адым жер мұң болатын əдеті ғой. Ертесіне түске таман тіптен
естен тануға айналды Хансұлу. Жапырақтап үзіп беріп үнемдегенмен нан да бітті. Баласы
нан сұрап қақсағанда алғаш жын қағып кетермін деген. Бірақ оған да көнді. Еті үйренді.
Балалар қақылдап-қақылдап ақыры, нəтиже шықпағасын олар да тыншықты. Біресе
арқалап, біресе жаяу жетелейді баласын. Балапанды жемдегендей ауық-ауық аузына бидай
салып қояды. Бала соны талмап жатып, кейде арқасыңда ұйықтап та кетеді. Өз өзегі
талып, көзінің алды қарауытса дагы сылпытып келеді. Əйтеуір, сылпытып келеді.
Алдында таяғы тырсылдап, өңкендеп адымдаған Дəу апа. Дəу апа... Япыр-ау, бұ неткен
қажырлы кісі. Шаршағаннан, қалжырағаннан Хансұлудың кейде тізесі бүгіліп-бүгіліп
кетеді. Сондайда отыра кетейін десе Дəу ападан қорқады. Дəу апаның түсі өрт
сөндіргендей ызбарлы. Іштей ширыққан, жаныққан қолбасшыдай айбатты. Шаршағанын
айтуға Хансұлу сескенеді.
"Жас басыңмен бұ не, тақа, қамырдай езіліп! Кəне қимылда, бас аяғыңды!" деп тастауы
ықтимал. Өмірінде кісіден сөз естіп көрмеген Хансұлуды намыс қамшылай түседі. Жас
басымен жетпіске келген кемпірден кем соққысы келмейді. Бір жағынан, арқасына
жабысқан қаршадай нəрестесін ойлағанда кеудесінде жан барда қыбырлай беру керек
екенін біледі. Божырауға, босауға хақы жоқ еді Хансұлудың.
— Балам, шаршадың ба? — деп қояды Дəу апа. Үн қатуға шама жоқ Хансұлуда. Дыбыс
қатпайды.
— Жə, шыда, қазір дем аламыз! — дейді тағы да Дəу апа жұбатып.
Жиде, тораңғыл, тал өскен үлкен бір ұзынша аңғар сайдың шетіне жетіп іркілді түске таяу.
Жар басына қоржынын қойды Дəу апа. Хансұлу арқасында ұйықтап жатқан баласын жерге
түсірді. Байғұс балада үн жоқ. Əлсірегенге ұқсайды. Екі баланы жерге көрпеше төсеп
соның үстіне отырғызды. Алдарына орамал жайып, орамал үстіне азғана бидай шашты.
Балалар бидайды балапанша шұқып теріп жеуге кірісті. Бəрінде де үн жоқ. Дəу апа да,
Хансұлу да қытыр-қытыр шайнайды бидайды. Жарықтық қуырылған қызыл бидайдың
иісі-ай. Дəмі балдай ериді таңдайда. Арандары ашылып өңіреңдеп жалмап барады


дастарқаңдағы бидайды, түйіріне дейін теріп жеп. Əсіресе, екі бала шүйкілдеп өліп
барады.
— Жə, болды! Қанағат! — деп, Дəу апа орамалды жинады. Екі бала еріндерін жалап,
жұтынып жəутең қақты.
Баласының түріне одан əрі қарауға дəті жетпей, көзіне жас айналып назарын шөл далаға
бұрды Хансұлу. Аспан таза, ашық. Жазғытұрғы жалпак, əлемге Күн нұрын риясыз төгіп
тұр. Көгеріп, түлеп жатқан қырлар, сайлар, алыс-жақын көк сағым көлкіген алаптар.
Тұла бойы зіл тартып, шаршаған Хансұлу отырған жерінде қоржынды жастанып қисайды.
Сол-ақ екен, күллі денесі маужырап ештеңені ойлатпай ұйқы шақырды. "Ух" деп, жаны
жай тауып күрсінді.
5
Пахраддин мен бəйбішесі түнделетіп біраз қозғалды. Аспанды бұлт бүркеп, аяқ жолдарын
əрең көріп қана отырды. Түн ортасына таман бұлар бір кең айтақырға келіп тірелді де,
соқпақ жолдан адасып қалды. Бірақ, іркілмеді. Келе жатқан бағыттарын өзгертпей ілби
берді. Шығыстан таң сібірлей бастаған шамада қалың раң өскен үй орнындай тегіс көк
шөптің үстіне көрпеше төсеп жатып дем алды. Күн жерден тұсау бойы көтеріле қоржынды
иыққа салып, тағы алға қарай қозғалған.
Сəскеге таман қарағанды, тырбық дүзгенді, көк шөбі тұнып тұрған құмайт шағылға
кезікті. Осы жерде Пахраддин ойланып іркілді.
— О, не көкесі? — деді, діңкелеп əрең келе жатқан Сырға.
Пахраддин сонау алыс, сағым кілки бастаған көкжиекке екі оқтылау ойланып кеп қарайды.
— Ух, — деп Сырға жұмсақ құмға отыра кетті.
— Ымм... о, паруардігер? — деп, жалпақ алақанымен мұртын сылап тұрып дағдарды
Пахраддин. — Менің шамалауымша бұ кезде біз "Есек өлгеннен" өтіп Жиделі сайдың о
жақ, бұ жағында жүруіміз керек еді. Ендігі жерде бағытымызда мынандай құм шағыл
кездеспеуі керек еді...бұ қалай?! Астапыралла!
Сырға бəйбіше сөйлесуге шама жоқ, отырған жерінде басын қоржынға сүйеп көзін
жұмған. Пахраддин өз көзіне өзі сенбей биігірек бір төбешікке шығып тағы назар жіберді,
сағым тола бастаған төңірек атырапқа. Уай, əттеген-ай. Түнделетіп бекер жүрген екен.
Жарыкта болса ғой, соқпақ жолдан шығар ма еді. Тіптен, жолсызбен жүрген күннің өзінде
де бұншалықты бағыттан көп ауытқымауы керек еді. Бұған не көрінді адасып? Əлде мана
таң алдында көз шырымын алып оянғанда, басы айналып басқа жаққа жүріп кетті ме екен?
Ұқса бұйырмасын. Сырғаға не дейді енді? Қай бетімен айтады "адастық" деп? Жетпегені
осы еді енді...
6
Хансұлулар "Ел қарасын көреміз-ау" деген үміттен күдер үзе бастаған. Жол жеткізетін
емес. Əбден титыктады.
— Балам, — деді алда келе жатқан Дəу апа. Бұл — мезгіл кіші бесінге таяған шама еді.
Айнала кісі бойын жасырғандай қалың жыңғыл, тал, ши. Соның арасымен ирелендеп
жалғыз аяқ соқпақ қашады.
— Балам, көріп келесің бе? Ел шетіне де жетіппіз-ау!
Хансұлу еңсесін көтерді. Оң қапталда, əудем жерде қабырғалары жартылай құлаған ескі
кесек там тұр. Одан əрігеректе де қалқиған сыңар қабырғалар байқалады. Жəне сəл
жүргеннен кейін Дəу апа:
— Естіп келесің бе? — деді. Тоқтап тың тыңдады.
Хансұлу да іркіліп құлақ түрді. Есектің ақырғаны естіледі алыстан.
Күн ұясына еңкейген шамада қозыкөш жерде түтіні шүйкеленіп иірілген қала көрінді.
Қоңырат деген қала.
Жыңғыл арасындағы бұлтиған шағын бір төбешікке шығып қарап тұр бұлар. Аштықтан,
жол азабынан итсілікпесі шығып аяқ үстінде əрең тұрған Хансұлуға Қоңырат о шеті мен
бұ шеті көз жеткісіз үлкен шаһардай боп елестеді. Біріне-бірі мінгескен үйлері де көп
сияқты. Əйтеуір, көзге тығыз, жыпырлап көрінеді. Ғұмырында қала көрмеген Хансұлуға
анау көрінген кесек үйлі Қоңырат қыры-сыры беймағлұм бір жат дүниедей.
— Қала дегенмен... бізді онда құшақ жайып күтіп отырған жан жоқ, балам! — деді Дəу
апа, қабақ шытып, арқасында ұйықтап жатқан немересін əлдилегендей теңселе түсіп.
"Бəсе, — деді іштей Хансұлу. — Бəсе, осылай боларын сезген. Сонда бұлар танымайтын
калаға итініп неменеге сонша асықты?"
— Бейтаныс қала ғой... түнде кірмей-ақ қоялық... ұры-қары, аш-арық көп дейді ғой, —
деді Дəу апа, батыс жаққа мойын бұра беріп. — Балам, мына тұрған зират — "Дəуіт ата"
зираты. Басыңда кісі түнейтін жері бар. Сонда барайық!
"Дəуіт ата" зираты Үстірттің бергі бір мүйісінің үстінде екен. Төрт құлақты бейіттер батар
Күннің жалқын нұрына малынып тұр.
— Балам, хабарың бар ма, жоқ па, білмеймін?..— деп, əңгіме бастады Дəу апа. — Мына
алдымыздағы зират жарықтық қасиетті бабамыз Дəуіт батырдікі. Барақ, Барақтан — Асау,
Асаудан — Дəуіт туған ғой. Барақ батырдың аруағы өзінен кейін ұлы Асауға, Асаудан
кейін осы немересі Дəуітке дарыған дейді. Аруағына бас иіп барайық басына!
Жалбарынайық... — Дəу апаның дауысы дірілдеп сөзінің соңын жұтып үнсіз қалды.
Кімге мұңын шағарын білмей келе жатқан Хансұлуға үнай кетті мына ақыл. Бұның
қасіретіне құлақ түрер əулие-əнбиелер бар болса, Хансұлуда оларға айтар мұң-зар аз емес-


ті.
Жайдақ төбе үстіңде екен Дəуіт ата зираты. Көз байлана жетті. Ою-өрнекті сандық
тастармен қоршалған төрт құлақты бейіттердің сəн-салтанаты бірінен-бірі асады. Меңіреу
ымырт қараңғысына еніп бара жатқан қойымшылық маңайы жан үріккендей зіл
тыныштық.
Төбенің батыс жақ құлай берісінде төбесі шым сылақ, қоңыр кесек үй тұр. Дəу апаның
айтқаны рас болып шықты. Есігін күрекпен тірей салған иесіз үй. Мінəжат етуші келім-
кетім жұртқа арналып салынған үй. Балаларды жерге түсіріп, иықтан жүктерін алып
Хансұлу да, Дəу апа да "ух" деп, белдерін жазды. Балалар да төңірекке қарап аң-таң.
— Балаларым! Көрдіңдер ме? Үйге келдік... — деп кояды Дəу апа балаларды алдаркатып.
Дəу апа есікке тіреулі тұрған күректі ала бергені сол еді, маңдайша тұс сатыр-сұтыр ете
қалды.
Құс екен. Қанаты сусылдап қараңғыға сүңгіп жоғалды.
— Тфə! Тфə! Жүректеріңе түкіріндер, қорықсандар! —деді Дəу апа.
Тіреулі күректі алғаннан кейін сықырлауық есік шыңғыра шиқылдап ашылды. Үңірейген
каранғы ішке кіруге Дəу апаның да жасқанып тұрған қалпы бар.
— Е, садағаң кетейін... — деп қояды Дəу апа. — Осы əулиенің өзінің киелі құсы бар деуші
еді. Сол екен ғой əлгі жарықтық.
Дəу апа дегенмен жүректі кісі. "Бісміллə!" деп, қараңғы үйдің табалдырығын жалғыз
аттады. Жан дүниесіңде үміт пен күдік шарқ ұрып, екі баланы білегінен ұстап шеттеңкіреп
тұр Хансұлу. Сыртта жел көтеріле бастаған. Аспанды жапқан бұлт бар. Жауын жауып
кетпесе неғылсын... Дəу апа шырт еткізіп оттык тұтатып қараңғы жайдың ішін ала көлеңке
жарық етті. Іле-шала кемпірдің:
— Е, садағаң кетейін! Бесе! — деген қош көңіл үні естілді. — Хансұлу, балам, бері кел!
Хансұлудың жүрегі лүпілдеп кетті. Құдды жаюлы дастарқан, мол тағамның үстінен
шыққандай Дəу апаның дауысы ширақ шығып еді. Балаларды сүйрей-мүйрей есікке
ұмтылды. Бірақ, ала көлеңке үй ішінде босаға тұста май шамға от тұтатып сопайып тұрған
Дəу ападан басқа назарға еш нəрсе ілінер емес. Хансұлудың назары дастарқанды, нанды
іздегіштейді.
— Көрдің бе, балам, майшамды?! — деді Дəу апа, жарық түскен иесіз бөлме ішіне ол да
енді айнала қарап. Төрде қамыс төсеніш үстінде ескі текемет жатыр. Босаға жақта қазан,
тұтқыш, құман тұр. Дəу апа "Бісміллө!" деп, қазанның қақпағын ашты. Үңіліп қарады.
— Міне, су бар екен, балам! — деді, дауысы ширап.
Хансұлудың күткені бірақ басқа еді. Нан бар ма, сол еді білгісі келгені. Есеңгіреген күйі
тек нанды іздейді. "Нан" деген ғажайып үнді естігісі келеді.
Дəу апа үй ішіне үрпиіп үнсіз назар қыдыртқан Хансұлудың, көздері жаутаң қаққан
нəрестелердің нені іздеп, нені көздегенін түсініп-ақ тұр. Өзі де көлеңкесімен қоса
ербеңдеп тінтіп жүр бөлме ішін. Іздеп жүр. Балалардан маза кетті.
— Əже, ол не, нан ба? — Едігенің таңдайы тақ-тақ етеді.
— Ой, балаларым, кəне, сəл шыдандар! Қазір отты жағып, өйдейт, шайды қайнатамыз!
Өйдөйт, ыстық шай ішеміз! —деп, кенет, Дəу апа дауысы самбырлап бала-шағаға қайрат
бере, жігер бере сөйледі. Өзі құманды алып сүріне аттап сыртқа беттеді.
Бидай салынған кішкентай қалтаның ырқы Дəу апада болатын. Дəу апа айтпайды қанша ас
қалғанын. Үнемдеп келеді əйтеуір. Хансұлудың шамалауынша бүгін бидай бітуге тиісті.
Шайға Дəу апа не бергелі отыр, о жағы жұмбақ. Дəу апаның ажарына қараса үміт оты
жылтырай түседі. Қазір дастарқанға Дəу апа қалайда бір жейтін дəм тауып қоятын тəрізді.
Отта тұрған қара құман, ақыры, сақырлап қайнай бастады.
— Қайнады ғой! — деді Хансұлу.
— Қайнады, — деді Дəу апа. — Сен құманды ішке алып кіре бер.
Хансұлу қара құманды тұтқышпен көтеріп ішке беттеді. Бірақ, Хансұлуға керегі қара
құман емес еді. Анталап отырған балалардың аузына қазір не тауып салады Дəу апа! Сол
еді андығаны. Буы бұрқыраған ыстық қара құманды көтеріп бара жатып ошақ жақта
айналсоқтаған Дəу апаға жалтақ-жалтақ қарай кетіп барады. Қараңғыда жанған отты
айналып Дəу апа əлдене іздейтін тəрізді.
Хансұлу буы бұрқыраған қара құманды алып үйге кіргізді. Иықтарына күпі, бешпет
жамылып, ұяда отырған балапандардай екі бала шүйкілдеп қоя берді.
— Нан!
— Нан!
— Шыдаңдар! Шыдаңдар! — деп, жаны қуырылып ышқынды Хансұлу, есікке қайырыла
қарап. Дəу апа тезірек бір амалын таппаса мына екі бала бұны түтіп жейтін түрлері бар.
Балаларды алдарқатайын деп, кесе алып дастарқанға қойды. Тұз қалтадан бір шымшым
тұз алып құманға тастады.
Сыртта əлдене "дүрс", "дүрс" етті. Балалар есікке жалтақтады. Дастарқанға қоятын енді
еш нəрсе болмағасын Хансұлу бір сəтке лажсыз дағдарып қалды. Аш нəрестелерге қарауға
беті шыдамай, бір қырын есікке бұрыла отырды.
Есік алдын орап жел есті. Іле кір-кір жаулығы қарқарадай боп еңкейіп, ішке Дəу апа кіріп
келе жатты. Дəу апаның қолында бір ораулы шүберек. "Ия, Алла!" деп, Хансұлу көзін
жұмғанда дүние теңселіп кеткендей болды. Балалар мойындарын созып ұшып кете
жаздады.


Дəу апа дастарқанның бұрышына кеп тізе бүкті.
— Бісміллə! Мінеки,— деді ескі сұр шүберекті жаза беріп. Хансұлудың көзіне
бөлшектелген ақ кесек құрт оттай басылды.
— Таңдайларыңа салып талмап сорсаңдар бұдан өткен ас жоқ. Тек асықпандар! — деп,
Дəу апа əрқайсысының қолына бармақ басындай құрттан ұстатты.
Балалар құртқа бас салды. Қақала-шашала шайдан да ұрттап жатыр.
— Асықпаңдар!
— Сорып ішіңдер!
Тілінің астында жатқан бармақ басындай тастай қатты құртты ақ су шаймен қоса талмап
отыр Хансұлу. Жарықтық болмашы тұз қатқан ыстық шай таңдайында еріген құрттың сүт
дəмін бүкіл тұла бойына жайып таратып, күллі алпыс екі тамырына жол тартқандай.
Мандайы жіпсіп қоя берді. Көзі жарқ етіп ашылып, санасына бір сəуле құйылғандай.
Хансұлу осы кезге дейін мынадай дəмді құртты көрмеп еді. Бейне таңдайына майлы
шырын сүт құйылып жатқандай. Бейне таңдайына Бейіс тағамы тамып жатқандай.
Шым-шымдап бойға ас нəрі жүгіре бастағаннан-ақ, енді шаршағандары сезіліп, сүйектері
ауырлап отырған жерлерінде қисая кеткілері кеп маужырай бастады.
Дəу апа бір кезде барып есікті жапты. Бармағын сорып ұйқыға кіріскен бөпесін құшақтап
Хансұлу текеметтің үстінде ұзынынан түсіп сұлық жатыр. Кірпігі айқаса береді. Денесі
қорғасындай зілмауырланып бір шырын масаң күйге көшіп барады ақыл-санасы. Қайдан
келш, қайда жатқанын, ертеңгі күні не болады, о жағын ойлаудан қалған.
7
Көзін ашса босаға тұсы, төбесі күйе-күйе болған қаңыраған ескі жайдың ішінде жатыр
шалқасынан. Таңғы салқын жайлап алған бөлме ішін. Оң жағында бүрісіп тоңып Түгелхан
жатыр, аштан бұралып. Киімі кір-кір. Оған тығылып Едіге жатыр. Оның ұсқыны
Түгелханнан да əрі. Байғұс балаға қарауға аяйсың, Дəу апа орнында жоқ.
Сыртқа шықса Дəу апа Дəуіт ата мазарының алдында тұқшиып, шарт жүгініп құран оқып
отыр екен. Қасына барып Хансұлу да тізе бүкті. Екеуі сарғайып келе жатқан таңға жүз
беріп ата-баба аруағына сиынды.
Аздасын бет сипап орындарынан тұрды.
Екеуінің де назарлары төбе үстінен бейне алақанға салғандай ап-айкын көрініп жатқан
əудем жердегі Қоңырат қаласына қадалды. Қала əлі ұйқыдан ояна қоймаған. Бірақ, тұс-
тұсынан тауықтар шақырып жатыр. Бір-біріне иін тіресе быжынаған кесек үйлер.
Қарауытқан шоқ-шоқ тұт ағаштары.
Қалаға дейінгі аралық тегіс. Айқыш-ұйқыш аяқ жолдар көрінеді. Ақ теңбілденіп тақыр
жатыр.
— Ал, балам, бір Аллаға сиынып, қимылдайық! — деді Дəу апа таң астында жатқан
қаладан көз алмай. — Біз барғанша таң да атып, Күн де шығар...
Содан ұйқылы-ояу, балаларды арқалап, жүктерін қолға ұстап екеуі алагеуім таңменен
қыбырлап қозғалып кетті қалаға қарай.
Əудем жердегі қалаға жеткенше көкжиектен шашырап Күн де шықты. Əр жерден
селтеңдеген адам қара көрініп, қаланың қыбыр-қыбыр тірлігі басталғаңдай. Иті үріп,
сиыры мөңіреп, есегі ақырады. Көшеде ерсілі-қарсылы жаяулар. Есек жеккен жаман
арбасын сықырлатып əне бір шөгерме бөрікті өлмелі шал шөп алып келеді. Орипек
жамылған бір тобыр қыз-келіншек, иықтарыңда кетпендері, шуылдасып қаладан шығып
барады. Бригат болса керек жұмысқа беттеген.
— Ал, балаларым, мінеки, Қоңыратқа да келдік. Қазір базарға да барамыз. Кəнеки, енді
өздерің жүре қойыңдар!—деп, Дəу апа балаларды көңілдендіріп, жерге түсіріп жаяу
жүргізіп қойды. Балалар көрінген нəрсеге бір қарап аздап та болса жұбанып, жетекке еріп
келеді. Түнде жауған жаңбырдан жер бусанып жылы топырақ иісі шығады.
Жан-жағы дуал тар көшеге келіп кіре берді. Бейне бір ертек дүниесіне енгендей қатты
əсерленді Хансұлу. Үйлердің бəрі кесек дуалдың ар жағында. Көрінбейді. Түтіндері
шығып жатыр ошақтарынан. "Қала дегеніміз осы екен ғой!" дейді, Хансұлу іштей үркініп.
Дəу апа бір рет Қоңыраттың базарында болған екен, ертеректе. Ғұмырыңца қала көрмеген
Хансұлу көшеге кірісімен-ақ басы айналғандай. Дəу апа болмаса мəңгіріп тұрып қалатын
түрі бар. Орипек орамал жамылған əне біреулер қалпақтың əйелдері ғой. Ал, мынау
басына шапан бүркеніп беті-аузын тұмшалап алған өзбек келіншектері болар, сірə.
Өстіп, əр нəрсеге бір алақтап келе жатқанда бұрқ етіп, піскен нанның иісі шықты қаптал
тұстан. Жасаған ие-ау, тура оттан енді суырған піскен нан иісі, танауды жарып барады.
— Нан?!
— Апа, нан?! — деп, балалар жамырап қоя берді. Нанның иісі келген тарапта дуалдың
ішінен түтін будақтап жатыр екен. Балаларда ес жоқ. Жемге ұмтылған арық қойдай
топырласып сол үйдің есігіне қарай жүгірді. Дəу апа артта қалды. Мана аяқтарын əрең
көтеріп келе жатқан балалар енді жетім қозыдай томпаңдап шауып барады қақпаға қарай.
Есікке Едіге бұрын жетті. Бала есіктің саңылауынан сығалады. Есіктің саңылауынан ішке
Хансұлу да үңілді.Қателеспепті. Есікке жақын тұста орипегін жамылған қалпақтың бір
келіншегі еңкейіп, тандырдан нан алып жатыр.Жап-жалпақ тандыр нанды оттан суырып,
жердегі ағаш табаққа салды.
— Нан!
— Апа, нан! — деп, шүйкілдеп қоя берді, балалар.


Осы кезде Дəу апа:
— Былай тұрыңдар! — деп, келіп есікті тарс-тұрс ұрды.-—Осы үй ме анық нан жауып
жатқан?
— Осы үй, — деді Хансұлу.
— Əне! Əне! — деп, іш жақты нұсқады Едіге. Сөйткенше есік те ашылды. Орипек
орамалды əлгі сұңғақ бойлы қара сұр келіншек есікті жартылай ашып бұларға таңырқай
қарады.
— Балам, мүсылман баласы екенсің?! Наныңнан сат бізге!— деді Дəу апа, келіншектің
қолына мыж-мыж болған қағаз ақшаны ұстата беріп. Келіншек алаканындағы ақшаға бір,
көзі жəутендеген балаларға бір қарап бөгелеңдей берген.
Дəу апаның:
— Құдай үшін, балам! Сата ғой наныңнан! — деген жалбарынышты үні шығып кетті.
-Яхшы! — деп, келіншек бұрылды да, əлгі табақтың бетіндегі орамалын сыпырып үстінен
бір тандыр нан алды.
— Балаларым, жүріндер! Сыртқа шығайық! — деп, нанды алған Дəу апа, сыртқа беттеді.
Опыр-топыр бəрі сыртқа ұмтылды. Шыға салысымен Дəу апа қоржынын жерге қойып
дөңгелек жұқа тандыр нанды екіге, іле төртке бөлді.
— Маған!
— Маған! — десіп, шүйкілдейді балалар. Оңды-солды ағылған жұртта шаруасы жоқ.
Бұлар енді дуалдың түбіне жүктерді қойып отыра қалып жұмсақ нанды ауызға бұрап
соғып жатыр. Осы дуал түбінде отырып жеген мына ыстық нанның дəмі тандайында өмір
бақи қалар-ау деген ой кірмеп еді Хансұлудың басына. Бұндай хош иісті дəмді нанды
Хансұлу бұрын-соңды жеп көрмеген сияқты. Тіске тиісімен жұмсақ нан таңдайында
өзінен-өзі еріп бара жатқандай. Осы кезге дейін өмірдің бір ақиқатын түсінбей келгеніне
таң. Қызыл бидайдың наны дастарқанда жатса, тіршіліктің өзге тауқыметі тауқымет емес
екен ғой! О, Жасаған Ие! Өмірдің осы ақиқатын бұрын неге түсінбеген?!
Балалар əлгі алақандай нанға тоймай қалып еріндерін жалап, жалмаңдап тағы
қыңқылдайды. Хансұлу да, Дəу апа да қолдарындағы нанның қалғанын балаларға берді. —
Қой, балам, қимылдайық! — деді Дəу апа.
Жүктерді иыққа қағып салып көшені бойлап қозғалып кетті. Анда-санда "Базар қайда?"
деп қарсы кездескен жұрттан сұрастырып қояды. Көше ирек-ирек. Тар. Есек мініп
митыңдап бара жатқан біреу. Базарға қарай ағылған жұрт.
Біреу ешкісін сүйреп, біреу қойын айдайды. Қаланың ішіне ұзап кірген сайын əр түрлі иіс-
қоныс молайғандай. Өздері сияқты, арып азған қыр қазақтары көріне бастады. Балаларына
қайыр сұратып қойып өздері дуалға арқа сүйеп əрең отырғандар көп. Сұлап жатқандары да
көрінеді.
Ағылған жұртпен қабаттасып, ақыры, базар алаңына да келіп кірді-ау. Абыр-жабыр əңгіме.
Ығы-жығы адам. Біреу сатып жатыр. Біреу алып жатыр.
Балаларының қолынан жетектеп құжынаған елдің арасымен келеді бұлар.
— Алыңыз! Түшпəра! Түшпəра алыңыз!
— Қатық бар! Айран! Бері келіңіз!
— Ыстық самса! Ыстық самса!
— Зағра нан! Зағра нан ал!
Едіге мен Түгелхан самса сатқан əйелдің жанынан кегежектеп өтер емес.
— Əже! Нан!
— Ал, балаларым, əжелеріңнің ақшасы əлгінде біткен! - деді Дəу апа, балаларға айтқан
боп Хансұлуға естірте.Хансұлу түсіне қойды Дəу апаның нені мегзеп тұрғанын. "Ақшаң
болса сауатын жер келді" дегені.
Құлағындағы алтын сырғасы мен қолындағы жалпақ күміс білезіктен басқа Хансұлуда
нəрсе жоқ еді. Дəу апаны шеткерірек шығарып құлағындағы сырғасын шешіп қолына
ұстатты.
— Апа! Осыны сатыңыз! Нан-пан алайық! — деді.
— Ақша жоқ па еді? — деді Дəу апа, күректей алақанында жылтыраған алтын сырғаға
қарап. Іле:
— Жүр! Енді бұның бəсін білейік, қанша тұрады екен!— деп, Дəу апа жайма базарға қарай
жол бастады.
— Құдай сəтін беріп, бүгін базар күнге тап келгенімізді қарашы! — деп қояды Дəу апа. —
Жан-жағыңа қарай жүр, таныс біреу кездесіп қалар!
Базардың бір шетінде түйелерін шөгеріп қойып отын сатып жатқан түйежүн шекпенді,
елтірі бөрікті қыр қазақтарын Дəу апа танымады. Дəу апа жақындап жөн сұрап еді, ернінде
бұлтиған насыбайы бар ала көз шермек сары:
— Қошай атам-ау, сол ауыл шіждей ме едіңіждей? Құмның ішінде башпашы шапқан?
Қошай атам-ау, ол ауыл шөйтіп аштыққа ұшыйады деңіш? Шеше! Шіж ол
туыштарыныжды жағадан іждеңіж! Алматыдан өкіл келіп жатый, Ашылбеков деген. Ол
шондай ауылдайды жинап жатый, кемемен алып кеткелі жатый. Шолай, шеше!
— Ай, інім, жағалауынды біз қалай табамыз? Соны айт сен! — деді Дəу апа.
— Қошай атам-ау, міне тиіп түй! Былай жүйе бейіндей! Суға байашындай, көп үжамай! —
деді, шүлжің шермек сары көзі бақырайып.
Сөйткенше арт жақтан шаң-шұң айқай шықты.


— Мелиса шақырың! Бай-бай!
— Мелиса! — деген байбалам үн естілді.
Хансұлу шүлжің қазақтың аузына қарап тұрған кезде Едігеден айырылып қалыпты. Жаңа
ғана қасында тұрған.
Базардың шетіндегі шаң-шүң айкайдың ортасында бір бала көрінеді. Самса сатушы əйел
əлгі баланы білекген ұстап алыпты.
— Ойбай, менің балам ғой анау! — деп, Дəу апа тұра ұмтылды. — Кызым-ау, қалай
айырылып қалдың?
Хансұлу да қоса жүгірді.
Самса сатушы əйел Едігені білектен ұстап тұр. Төңірегі үймелеген кісі.
— Ұстатыш керек!
— Тапсырыш керек мелисаға!
— Шундақлар көбейіп кетті! — деп, бір томпақ саудагер қолын ербендетеді. Қорқып
кеткен Едіге шырылдап тұр жылап.
— Адыра қалғыр. Əй, жібер баланы! — деп ұмтылып келеді Дəу апа, қалың жұртты
жарып.
— Тапсырыш керек мелисаға, шундақларны! — деп
байбалам салып, əлгі томпақ қарын саудагер мұрты ербиіп, Дəу апаның алдын кес-кестеді.
— Адыра қалғыр, былай тұр жолымнан! — деді
еңгезердей Дəу апа, томпақ қарын саудагерге төніп келіп, төбесінен еңкейіп.
— Яқ! Яқ! Болмиды. Мелиса! Мелиса! — деп, томпақ қарын саудагер Дəу апаны
өңменінен итерді. Сол-ақ екен, қаһарына мінген Дəу апа:
— Мə саған "мелиса!" — деп, кестапандай жұдырықпен томпақ қарын саудагерді құлақ
шекеден қонжитты. Томпақ қарын саудагер төрттағандап ұшып түсті. Сəлдесі домалап
кетті. Көріп тұрған халық қыран-топан күлкіге батты. Самса сатушы əйел қара кемпірдің
екпінінен қорыққаннан Едігені
босата салды. Едіге бақырып кеп əжесінің кең құшағына тығылды.
— Қой! Қой! Құлдық етейін, жылама! — деп жатыр Дəу апа немересін көтеріп бауырына
басып.
— Вай, бұ қырады, ə! — деп, сəлдесін қаққылап тұрегеле берді таяқ жеген саудагер, қып-
қызыл боп.
— Мелиса қайда бұ, вай! — деп бажылдаумен тұр самса сатушы əйел.
— Мында! Мен боламын "мелиса!" — деп, топ ішінен қара былғары кепкалы, қара
былғары плащты орта бойлы бір сары кісі алға шыға берді.
Самса сатушы əйел өзіне туралап келе жатқан оқыған төрені көріп сасқалақтап қалды.
— Қанша самсаңызды жеді бала? — деді, əлгі кісі қалтасына қолын сұға беріп.
— Бітта! Біттасын жеді, — деді əйел қаймыжықтап.
— Мінеки, ақшаңыз! — деді кісі. — Жəне сегізін беріңіз!
Қолына ақша тиген самса сатушы əйел тұқшыңдап алдында тұрған өкімет адамының
өтінішін орыңдауға кірісті.
Кісінің соңында екі қызылəскері бар екен. Олар да жақындады. Кісі сегіз самсаны кəзитке
орап алды да, Дəу апаның құшағында өксігін баса алмай тұрған баланың қолына ұстатты.
Жұрт аң-таң. Дəу апа да, Хансұлу да аң-таң.
— Бері жүріңіз, апа! — деді кісі, базардан шығатын есікке қарай жол бастай беріп. Əлгі екі
қызылəскердің бірі —Дəу апаның, бірі — Хансұлудың жүгін қолынан алды.
— Апа, қай жақтансың? — деп, былғары плащты кісі сыр тартты Дəу ападан.
— Е, балам-ай, қай жақтан дерің бар ма бұл апаңның?! Кезінде кəлектиптен қаштық.
Сөйтіп жүргенде баспашыға тоналдық. Ақырында жұтап, қаңғып жүрген бейбақтар
боламыз! — деді Дəу апа.
— Бəсе... біз де солай шығар деп топшылап едік... —деді, былғары плащты, толықша, қой
көзді сары кісі. —Былай, апа! Қазір, мына жігіттер сіздерді жағаға алып барады. Ас та,
баспана да бəрі сонда бар. Қарсы емессіз ғой!
— Қалқам-ау, неге қарсы болайық! Ас берсеңдер, баспана берсендер неге қарсы болайық?!
Көшеде ат жеккен екі арба тұр екен. Соның біріне бұларды отырғызды. Делбеге
қызылəскердің бірі отырды. Мұрты енді тебіндеп келе жатқан жап-жас жігіт екен. Дəу апа
да, Хансұлу да арбаға мінгеннен кейін əлгі "өкімет адамы" берген самсаға қол ұрды.
Қашан самса ораған кəзит босағанша бұларда үн болмады. Бір кезде бойға нəр тарап ес
жиған Дəу апа делбеде отырған қызылəскер баладан там-тұмдатып сыр тартты.
— Балам, əлгі төреңіздің ныспы кім болды?
Қызылəскер мырс күлді.
— Шеше, ол "төреңіз" Абдолла Асылбеков деген Каз.ЦИК-тің секретары. Алматыдан
келген, — деді.
Арба бұл кезде қаланың арқа тұсындағы сортаң жазыққа шыға беріп еді.
— Садағаң кетейін... кім болса о болсын, əйтеуір бір иман жүзді бала екен өзі, — деді Дəу
апа.
Қызылөскер:
— Кешегі асыра сілтеудің кезінде, апа, өздерің сияқты жан-жаққа қашқандар көп болды
қазак жерінен. Бүгінде де аштықтан шұбырып кетіп жатыр елден, жерден. Соларды жинап
елге көшіруге келдік,— деді тағы да.


— Е, жөн екен, балам! — деді Дəу апа бас изеп, риза болып.
Жан-жаққа Күн сəулесі мол түсіп тұрған алаптарға, жыңғылды тоғайларға, тегістеп
тастаған егінжайларға, тұт ағаштарының арасына жасырынған балшық үйлерге қазір
Хансұлу өзгеше бір өміршең көзбен қарайды. Əлгінде базарда, бір түпсіз тұңғиыққа
түскен екенбіз ғой, адам болудан қалған екенбіз ғой деп аспанын мəңгі түнек басқандай
жүнжіп еді жаны. Бір күшті құдірет келіп сол құлдырап құрдымға кетіп бара жатқан
жерлерінен суырып алғандай, тұңғиықтан жарық дүниеге алып шыққандай қазір.
Дəу апа қызылəскерден жағадағы елдің ішіңде "Пəленше деген бар ма, түгенше деген бар
ма?" деп жөн сұрап еді, қызылəскер айтқан кісілерін танымайтын болып шықты.
Көкжиекпен астасып жатқан сұрғылт тегістік шалынды көзге.
— Қайсы, жарықтық Əмудариямыз сонда анау ма? — деп шұқшияды алға қарап Дəу апа.
Дəу апаның да,
Хансұлудың да Əмударияны тұңғыш көруі еді бұл. Балалар:
— Ол не? — десіп, арбадан бастарын қылтитты. Хансұлу:
— Апа, бүл дария неге сұп-сұр? — деп таңырқады.
— Арнасына сыймай аққандықтан шығар лайытып жатқаны.
Алыс көкжиекпен түнере тұтасып жатқан орасан жойқын дария бұларды ə дегеннен
сұсымен сескентті. Лайытып, көбіктеніп жал-жал толқындары аунап төңкеріліп, арнасына
сыймай толықсыған дарияны жаны бар су екен дерсіз. Сол суға, құдіретті жойқын күш
иесіне тіке қарауға дəтің шыдамайды. Бойына бір түрлі үрей шапқандай Хансұлудың.
— Апа, мана сіз саудагерлермен шайқасты бастаған кезіңізде мен біреуді көрдім топ
ішінде... — деді Хансұлу. Дəу апа Хансұлуға қадады көзін.
— Қолында таяғы бар Лабак ахунды көрдім топ ішінде.Тура, əпенді, түрі.
— Е, балам-ай, болса болар... "Тұрымтай тұсына, балапан басына" кеткен заман ғой... Оған
таң қалатыны жоқ... —деді Дəу апа, бет əжімі қалыңдап ауыр күрсініп. —- Сен оны
айтасың... Əлгі базарда мен бір сұмдықты көрдім ғой... Қыз баласын саудаға салып тұрған
аш байғұс ата-ананы көзім көрді ғой... Өзіміз сияқты қырдың қазактары...
Дəу апа одан əрі сөйлей алмады. Тілін жұтып Хансұлу да үнсіз қалды...
Жағада от түтетіп, қостанып жатқан алабажыр бір қауым ел көрінді. Жаулықтары ағарып
арасында əйелдер жүр.Бұттары сидаңдап балалар жүр. Қаратал, шігілдік, бояуы қалың
өскен жағаның тегістеу алаңқайына орныққан бір қауым ел. Екі-үш жұлым үй көрінеді. Он
шақты қоңыр брезент шатыр тұр. Бес-алты жерде от түтеп, мосыға шəугім, шелектер
ілініп қойылыпты. Түс əлеті кезі еді. Шамасы, жұрт ас қамына кірісіп жатса керек.
Қатындар от басында күйбеңдеп əлденені турастырып, еркектер отын бұтарлап от жағып
жүр.
Алдымен бұлардың арбасын балалар қоршап алды. Одан кейін жұмыстарын тастап
əйелдер жүгірді.
— Ойбай, Дəу апа ғой мына келген?!
— Аман жеттіндер ме? — деді шуылдасып.
— Өздерің де амансыңдар ма? — деп, Дəу апа түсіп
жатыр арбадан. Назарлары төмен, сүдіндері жоқ еркектер де біртіндеп жақындады.
— Ойбай-ау, би қайнағалар қайда?
— Балқия табылды ма? — деп, сұрақты жаудырып жатыр əйелдер үсті-үстіне.
— Е, қарақтарым-ай, жетпіске жетсек те бұл фəниде
көрмегеніміз көп екен. Несін сұрайсыз, көрдік кой көресіні.Ух, — деп, қапсағай тұлғалы
Дəу апа белін жазып, қабак шытып ауыр күрсінді. — Анау... біздің "қаншықты" іздеймін
деп Пахраддин сырқаттанып жолда қалды. Сырғасы қасында.Мына екі баламен біз де
əйтеуір, итшілеп Қоңыратқа жеттік-ау. Несін сұрайсыз, абырой болганда, Құдай оңдап
мына өкімет балаларға ұшырасып...
Содан ашық аспан астына алаша, сырмақ төселіп қадірлі қонақ болып бұлар төрде
отырды. Бұларды қоршай кемпір-шалдар жайғасты. Қатын-қалаш дастарқан жайды ортаға.
Күлзипа қуырылған бидай төкті дастарқанға. Қатира шақпақ қантты пышақтың қырымен
ұрғылап жатыр.
Хансұлу қарап отырса жағадағы халықтың ішінде бұл танымайтын да біраз қожалық бар
екен. Дастарқан басына олар келген жоқ. Өздерінше бөлек-бөлек топ болып от түтетіп,
қазан көтеріп дербес тіршілік етіп жатыр. Жəне құлағы шалғаны Қатираның шешесі аштан
ісіп өліпті жолда. Біраз бала шығын болыпты. Ішінде — Майлыбай мүсəпірдщ үш баласы
бар. Бұлардан екі-үш күн бұрын келген өз ауылдастарының да кəдімгідей райы өзгеріп
қалған. Едəуір ес жиып тойынып, тыныққан сыңайы бар. Сөйлеген дауыстары да қаттырақ
шығады. Əнгімелерінің де түрі бөлектеу. Өздері кешеден Арал тараптан келетін кемені
күтулі екен. Сол кеме енді бүгін келер дейді. Алматыдан келген өкіл бұларды сол кемеге
тиеп, теңіз арқылы пойыз аяғына əкетеді-мыс. Содан, жер түбіндегі Əулиеата деген қалаға
дейін тартады-мыс. Əулиеатадан түсіріп сол төңіректегі колхоздарға бөледі-міс.
— Ей, жарайды да. Əйтеуір аш қылмаса болды да! — деп, кемпір, шалдар шүкірана етті.
Астан соң Дəу апа қисайып жатып дем алды. Хансұлу екі баланы ертіп, өзен жаққа барды.
Жаға кісі бойы тік жарлауыт екен. Су төменде шылпытъш жағаны ұрып жатыр. Ағыстың
екпіні жақыннан қарағанда кісі шошырлық. Көз алмай тұрсаң бас айналғаңдай. Əредік-
əредікте шұқыр иірімденіп, лайытып жөңкілген мол су. Балалар лақтырған жоңқаны шырқ
көбелек айналдырып əкетеді. "Бұл неткен құдірет. Бұл неткен мол су?" деп, жар басында


таңырқаумен тұр Хансұлу. Ту, алыс жағада бір қайық көрінеді. Қайық үстіңде шошайған
екі кісі. Соған қарап отырып көз жасы бұрқ етті. Əке-шешесі түсті есіне. Құла дүзде
қалған қос мұңдар! Күндері не болды екен? Тірі ме екен? Əлде... əлде бір бұтаның түбіңде
қарға-құзғынға жем болып жатыр ма екен? Не болды екен? О, арсыз тіршілік! Əлгінде ғана
бұл өз жұмырына жұғын барғанға мəз болды-ау. Дүниені ұмытып, есіл-дерті дастарқанның
үстіндегі дəм болды-ау. Со кезде ғой, жарты жолда қалған байғұс əкесі мен шешесі миына
кіріп те шыққан жоқ. Мінеки, енді есіне алды, əбден қарны тойып болғасын... О, арсыз
тіршілік! Айтпақшы, бұған не көрінді? Əке-шешесін тастап қайда барады? Əке-шешесінің
өлі-тірісін білмей тұрып жер түбіндегі Əулиеатаға қалай кетпек?
— Апа, енді қайттік? — деді Хансұлу, абдырап, дегбірі кетіп.
— Сабыр... сабыр ет, балам! — деді Дəу апа қабақ шытып ойланып. Алыс көкжиекке
еңкейген Күнге сығырайып қарап тұрды Дəу апа. Қайратты, жігерлі, өмірде көрмегені жоқ
Дəу апа бұл жерден де бір жол тауып шығатын тəрізді Хансұлуға.
Өстіп тұрғанда қозы-лақша жар басында ойнап жүрген балалар тағы да шуылдап қоя
берді:
— Кеме! Кеме келе жатыр!!!
— Алақай! Кеме! Кеме! — десіп.
Кеме балалардың қуанышына орай жауап бергендей алыстан үн қатты, Жар басындағы
балалар одан бетер дуылдап мəз болып қалды.
Дарияның төменгі жағынан түтіні будақтап қарауытып кеме келеді. Дəу апаны қайдам,
Хансұлудың тұңғыш көруі еді кемені. Көз ала алмай қарайды. Дарияның ағысына қарсы
жүзіп кеме жақындай түсті. Бұл кемеге отырды бітті, əке-шешесін, Шегені енді қайтып
көре алмайтындай көрінді Хансұлуға. Жер түбіне шығандап кететіндей. Əулиеата қайда,
біреу қайда?
— Апа, мен кемеге мінбеймін... — деді.
— Балам-ай, мен де соны ойлап тұрмын.
8
Қараңғы түсе кемеге отыру басталды. Бұл кеменің шын аты "Баржа" екен. Қарауытып
түнеріп көлбеп тұр жағада. Ішіне ауыл-аймағыңмен, бота-тайлағыңмен кірсең де тарлық
етер түрі жоқ.
Асылбеков басқарған қызылəскерлер алдымен кеменің үстіне шығып аралап көрді. Сөйтіп
жүргенде ымырт жабылды. Жұрт бұ кезде жағада жүктерін буып-түйіп, балаларын қолға
ұстап өкілдің бұйрығын күтіп тұрды.
Заттарын буып-түйіп жол жүретін адам тəрізденіп Дəу апа мен Хансұлу да қамданған.
Шындығында бұлар абыр-сабыр қараңғыны пайдаланып қалың бұтаға қойып кетуді
көздеп тұр. Ақыры реті келді. Жұрт дабырлап тұрғанда:
— Ал, мініңдер! — деген бұйрық болды. Содан көпшілік бірін-бірі басқылап кеме мен
жарлауытты жалғап тұрған ағаш баспалдаққа қарай таласа-тармаса ұмтылсын.
Қызылəскер айқай салды. Оны тындайтын халық па, у да шу, опыр да топыр. Кеменің
ішінен қараң-құраң етіп жəне екі-үш кісі жүгіріп келді. Қара қойдай топырлап ішке
ұмтылған жұрттың алдын кес-кестеді.
— Тəртіп сақтаңдар! — деген айқай ерең естіледі мол нөпір ызы-шудың арасынан. "Бүгін
кемеге сыймай қалғандарды келесі кемеге қалдырады екен. Ол келесі кеме отырғандарды
суық жаққа əкетеді екен" деген қауесет тарап кеткен мана.
Қазір елдің бірін-бірі басқылап, басқа, көзге қарамай кемеге таласа-тармаса мініп жатқан
себебі содан-ды.
— Ал, балам, осыдан ыңғайлы сəт тумас! — деді Дəу апа.
Содан екеуі ығысып шеттей беріп түнерген қалың бұтаның арасына қойды да кетті. Ақ
жаулықтарын қоржынга тыкқан, кешкі ымыртта ағарып көзге шалынбасын деп. Балалар —
арқасында, түйіншектер — қолдарында, қалың шігілдік, боянның арасымен тартып
барады, сарғайған шапағы бар батысты бетке алып. Іздерінен біреу қуып келе жатқандай.
Жортақтап, бүлкектеп бұтасы қалың, бұдыры көп жолсызбен сүріне аттап келеді. Үн жоқ.
Жаңа бір өзірде, Едіге:
— Əже, неге мінбедік... кемеге? — деп қыңқылдап еді. Дəу апа:
— Өшір үніңді! — деп, бір перді құйрықтан. Балалар да, жүк те ауыр, көтеріп қашуға, ақ
тер, көк терлері шығып ырсылдап қалды Дəу апа да, Хансұлу да. Енді құтылдық-ау деген
шамада алда келе жатқан Дəу апа "Ух!" деп іркілді. Тоқтаған жерлері кісі бойы қалың
боянның арасы еді.
Балаларды, жүкті жерге түсіріп екі иықтан дем алып тұр ырсылдап. Бұрылып соңдарына
қарайды, терлерін сүртіп. Боянның тасасынан не көрінсін. Аулақ қалған жаға тараптан сол
ызы-шу, қым-қуыт кемеге мініп жатқан жұрттың дабыры жетіп тұр.
— Мəссаған! — деді, түнеріп түн басқан төменгі ағыс жаққа бұрылған Дəу апа. — Жалт
ойнап келеді, адыра қалғыр, жауын жауып кетер ме екен?
Сөйткенше, арқа түстан жел гулеп бұта бастарын сыбдырлатып шайқап өтті.
Хансұлу өкпесін соғып ентігіп отыр. Жүрегі кеудесіне сыймай дүрсіл қағады. Көзіне
құйылған ащы терін қайта-қайта сүртеді. Алдында тəлтиіп тұрған кішкенгай Түгелінің
басынан сипай береді. Шегені айтам-ау, Хансұлу мен мына Түгелхан қазір түн жамылып
қалың бұта арасында бұғып отырғанын білмейді-ау. Баласы мен жарының дауыл қуған
қаңбақша дірдектеп жүргенін білмейді-ау. Шеге! Қайда екенсің? Алыссың-ау! Жете алмай


жүрсің-ау! Бұл тағдыр сірə көрісуге жазса жарар еді... Осы айрылғанымыз айрылған, сен
дүниенің бір бұрышында, бұлар бір бұрышында қаңғып кетпесе жарар еді... Сондай бір
сұмдық ой келді басына. Жаны түршікті. Мына бұта бастарын теңсеген жел уілі сол
мазасыз ызғар ойға қозғау салғандай. Мына тірліктің опасыз бейнесінен хабар бергендей.
Сұсы жаман шындықты сыбырлап айтқандай.
Дəу апа екеуінің, ендігі мақсаты — Қоңыратқа жетіп Пахраддиннің ескі тамыры Шамұрат
деген қалпақтың үйін тауып алу еді.
Қараңғы əбден қоюлады. Бұлар жүріп келеді. Аяқ асты көзге еміс-еміс шалынады. Қуалай
соққан жел бар. Күн жауатынға ұқсайды. Манадан, көкжиектің ар жағында күн күркіреп
келе жатқан. Кенет, тура көк желке тұстан аспан шатыр-шұтыр етті. Оңбай шошыды
бұлар.
— Бісміллə!
— Бісміллə!
— Қап, қалаға жетпей жаңбырдың астында қалатын болдық-ау! — деді Хансұлу, иығында
қапшық, еңкендеп.
— Неғылар дейсің, балам! Жазғытұрдың жаңбыры ғой...— деді Дəу апа.
Майда құрақ өскен тақырлау сортаң жерменен келеді. Құрақ судырлап аяқты қағады.
— Балам, əне бір қарауытқанды көріп келесің бе? Жассың ғой, қарашы, неге ұқсайды өзі?
— деп, Дəу апа алға еңкейіп көкжиекке көз тікті. Жаңбыр да тамшылай берген бұ кезде.
Қалтаны иығынан түсіріп Хансұлу да отыра қалып батыс көкжиекке шұқшиды.
— Ағаш тұр қауқиған... Қасында құлаған қабырға ма, бір нəрсе көрінеді...
— Дұрыс... — деді Дəу апа. — Неде болса сол қалқиған нəрсені паналайық... Балаларды
жауратып алармыз.
Қайта қозғалды əлгі белгіге бет түзеп. Дəу апа жол қысқарсын деп бір əңгіме бастады.
— Е-ей, балам-ай, жаңбыр дейсің бе, қар дейсің бе, жоқшылық дейсің бе, токшылық
дейсің бе, бұл апаң көрмеген не қалды дейсің бұ дүниеде. Иен далада талай жападан-
жалғыз түнеп те шыққан бұл апаң!
Дəу апаның əңгімесі біткенше түн жамылып түнерген ағашқа да жақындады. Ағашқа таяу
балшык үйдің құлаған қабырғасы. Бұлар тұт ағаштың түбіне тығылып, бұ кезде сабалап
жауып берген жаңбырдан бой тасалады. Өздерінің үстеріне көрпешелерді жамылып,
балаларды күпіге орап бауырларына қысты.
Күн тағы да бірер рет дүниені дүңгірлетті де, соң біржола тынышталды. Содан суылдап
жылы жаңбыр күйсын кеп. Жапырақтар, бұта бастары — төңірек түгел қыбырлап,
сыбырлап сыбдыр қақты. Жаңбырдың ғажайып иісі бұрқырады. Құдіретті жаратылыс
үніне ден қойып бірауық бəрі қыбырсыз үнсіз қалған. Жаңбыр толастар емес. Əлден уақта
балалар ашығып нан сұрады. Сол бүркеніп отырған күйі бəрі құнжындасып бидайдың
нанынан ауызға бұрап соғып отыр. Балалар қарындары тойғасын қалғи бастады.
Хансұлу баласын күпіге орап, бауырына қысып жатты. Тұттың жапырағы қанша қалың
болғанмен, бір кезде тысырлап үстеріне тамшы тамды. Көрпеше су болуға айналды.
Хансұлу ұйықтап қалған Түгелін бауырына қымтап қыса түсті.
— Қалайсың! — деп қояды бұған арқасын беріп немересін бүкіл денесімен жауып жатқан
Дəу апа.
— Тамшы тама бастады, — деді Хансұлу.
— Шыдайық! Жерге жарық түссін. Сосын қимылдармыз. Оған шейін мүмкін, жаңбыр да
басылар. Көз шырымыңды ал!
Итсілікпесі шығып шаршаған Хансұлудың көзі ілініп кеткен екен. Бір кезде тура жауырын
ортасынан құйылған мұздай судан тітіркеніп оянды. Түрегеп малмандай су болған
көрпешені сілікті. Көйлегінің етегі, он иығы, жауырыны су болыпты. Жаңбыр саябырлай
бастаған. Баласын қымтаңқырап, балапанын бауырына басқан тауықтай үстін ылғалдан
көлегейлеп қайта жатты. Киімінен өткен ылғалдан денесі түршігіп, қайтып көзі ілінбеді.
Дəу апа ұйықтап жатып солықтап құрғақ өксіді. "Құлыным!" деп қалды. Көкірегі қарс
айырыла "аһ" ұрды. Қайран Дəу апа! Қасіретіңнің бəрін ішке жиып жүрген болдың-ау!
Бұлышынды жоқтап жатсың-ау, байғұс ана!
Хансұлу тым-тырыс жатыр. Дəу апа жаулығын тартып, көзін сүртіп, орнынан тұрды. Бұ
кез төңірек тұс айқындала бастаған шақ еді. Жаңбыр да толастаған. Дəу апа жөткірініп:
— Хансұлу! — деді ақырын.
— Ау! — деді Хансұлу басын көтеріп.
— Қимылдайық, балам!
Таң атып калыпты. Жүктерін буып-түйіп ұйқылы-ояу балаларын арқалап алып, аздасын
жүріп те кетті. Жер балшық. Шөп ылғал. Күн шыға көлденең үлкен сайға жолықты. Ары
жағында қала да көрініп тұр.
— Су жүріп кеткен бе, балам-ау? — деп таңырқады Дəу апа. Мəссаған, лайытып
жаңбырдың суы ағып жатыр сайменен, кіші-гірім өзендей.
— Ымм... адыра қалғыр... Су кешетін болдық-ау! — деді Дəу апа.
Не десін Хансұлу. Үндемеді. Аздап басы ауырып, еті ысып келе жатқанын айтпады.
Топырақ, қоқым аралас аққан лай судың жағасына жеткесін көк тырбық ажырықтың
үстіне жүктерін қойып, етіктерін шешті. Ұйқыдан енді оянған балалар айналаға жалтақтап
таңырқаңды. Баласы арқасында, жүктерін, етіктерін қолға ұстап жалаң аяқ Дəу апа суға
бастап түсті.


— Бісміллə! — деп, қою лайсаң кешті Дəу апа. Су ені он бес қадамдай-ақ жер. Дəу апа
ортасына таман барды.
Хансұлу бір қолымен етегін көтеріп қырындай қозғалып, лай суға бұл да аяғын батырды.
Су тастай екен. Тура мидан шықты. Үн шығармай еңкейіп еппен басып балтырдан келетін
мұздай суды жалаң аяқ кешіп келеді. Жұмсақ табанына су астының қиыршық тасы батады.
Қабағын шытып тістенеді. Судың ызғары етігінен өтіп, сүйегіне жетті. Акыры жағаға да
шықты. Жағаның құмын басқан кезде табанының біртүрлі жаны жоқ сияқтанды.
Қоржынның үстіне отыра қалып аяғын кептірді. Сүртті. Шұлғауын орап жылы етігін
кигесін барып қана аяғына жан енгендей болды. Бұ жақ бет жерінің "миы шығып" жатқан
балшық екен. Сайдан шыға алсашы, жүкпенен. Арқасында бала. Дəу апа балшыққа
қарайтын емес, тайған сайын:
— О, адыра қалғыр, тақа! — деп қарғанып, немересін сүйрей-сүйрей, қолымен жер таянып
сай кенересіне жақындап қалды.
Қайта-қайта тайып құлап Дəу апаның қиналғанын көріп Хансұлу сайдан шығатын басқа
жылға көздеді. Судың ағысына таман бұрыла түсіп бір шағын жылғамен сайдан шығуға
ыңғайланды. Бұл жылғадан да су жүріп өткен екен. Көк өскіндердің үстімен аттап басып
өрге тырмысты Хансұлу. Арқасында — баласы. Қырқаға шығып алған Дəу апа:
— Балам! Ау, қайдасың? — деп, қақылдап дауыстап тұр.
Хансұлу екі бүктетіліп алға басқан аяғы кері кетіп сары балшығы иленіп етікті ұстаған
баураймен өрлеп келеді. Кей жерде қолымен жер таяп төрттағандайды. Көзіне тері
құйылып аяқ астын əзер-əзер көреді. Көз алды карауытып дым көрмей, басы айналып
тұрып қалады кейде.
— Апа, қара! — деді, бір кезде арқасындағы баласы.
— О, не? — деп, бұл теңселіп тұр. Көзіне құйылған ащы терін сүртті.Бір топ қарға дүрр
көтеріліп əрегірек барып қонды.
— Əне! Əне! — деді Түгелхан. Оң жағына қарай назары түскені сол, жүрегі су етті.
Үйілген балшық төбешіктің астынан қатар-қатар тізілген адам аяқтары шығып жатыр.
Хансұлу сіресіп қатты да қалды. Бір жағын жаңбыр суы шайып кеткен топырақ астынан
ырсиып жалаңаш кісі аяқтары шығып жатыр. Дені шілпиген бала аяқтары. Əйелдің аяғы
да көрінеді, балтыры толықтау. Шала көмілген аштар екенін көріп тұр. Бір баланың
домаланған басы жатыр.Көзін үңірейтіп қарға шұқып тастапты.
— Өліп қалған ғой, — деді Түгел. Сонда барып Хансұлу есін жыйды. Тұла бойы дірілдеп
енді аяғын көтере алсашы.Еңбектеп өрмеледі.
Иттің азабын көріп, ақыры, қыркаға да көтерілді. Хансұлудың қос шекесі солқ-солқ етеді.
Қара терге малшынды. Жаны көзіне көрінді. Қаланың бергі тұсында қалың тұттың
арасында жалғыз там үй көрінеді. Бір сең- сең бөрікті шал қой-қозысын өргізіп жүр.
Түрікпен болар, үстінде қызғыш шапаны.
— Апа, басым... шығып барады, — деді Хансұлу, өң жоқ, түс жоқ көзіне тері құйылып.
Дəу апа бұның маңдайын ұстап көрді.
— Ойбұй, етің күйіп тұр ғой...
Дəу апа бұны жүктің қасында қалдырып, өзі көгалда қой шетінде таяғына сүйеніп
калқиып тұрған түрікпен шалға қарай беттеді. Біраздан кейін сеңсең бөрікті шал бұлардың
жүгін өзі көтеріп үйіне қарай бастап алып жүрді. Хансұлу мең-зең. Бір баспана болса, тек
құлағалы келеді.
Есік алдында шағын тоқал там бар екен. Ас үй тəрізді. Сонда кіргізді бұларды шал. Жерде
қоғадан тоқыған шыпта жатыр. Басында гуппалы қызыл жаулықты кемпір келіп, алаша
төседі əлгі шыпта үстіне.
— Пешті қыздырайық? — деді Дəу апа.
— Хава, хава, гыздырыш керек! Гыздырыш герек өйни!— деп, шал Дəу апаны мақұлдай
кетті.
Пеш жағылды. Үй қызды. Дəу апа жез легенге ысыған су құйып "Аяғыңды мал!" деп,
Хансұлудың қасына қойды. Аяғын ыстық суға малып көзін жұмып бұл біраз отырды.
Хансұлуға осының бəрі көрген түстей. Судың ыстығы шым-шымдап бойға тарады.
Төңірегіндегі күбір-күбір əңгіменің бірін естісе бірін естімейді. Шал үлкен бір тонмен
үстін жапты. Кемпірдің аты Огултəч əже екен. Огултəч əже кесемен, ерітілген азғана
қойдың құйрық майын əкелді, аяғын сылауға. Дəу апа əлгі маймен Хансұлудың аяғын
тізесіне дейін сылады. Аздасын Огултəч əже май қатқан ыстық сүт əкелді. Оттың
қызуынан ба, əлде ыстық сүт ішкесін бе, Хансұлудың мандайынан тері бұрқ етті.
— Енді тырп етпей жат! — деп, Дəу апа бұның үсті-басын түгел қымтады. Киімнің бəрін
үстіне үйіп тастады.
— Мен Шамұратты тауып алайын!.. Сен жат, қимылдама!— деді.
Хансұлу бас изеді. Жүктерді қалдырып, балаларды ертіп Дəу апа қалаға кетті. Хансұлудың
жатқан жері пешке жақын, іші-сыртын саз балшықпен сылаған тауық кетегіндей, төбесі
аласа тап-тар ас үй. Ішінен от жаққаннан кейін қыз-қыз қайнады. Хансұлу қара су боп
терлей бастады. Огултəч əже кіріп-шығып жүріп:
— Гызым, хал нечик? — деп қояды.
Сырттан Қақабай ата да бұның жағдайын ауық-ауық кемпірінен сұрап қояды. Түрікпен
тілін түсінбесе де мына ұлты басқа екі кəрінің мол шуақты пейілін сезеді. Ішкен сүт,
жанған оттан да бөлегірек шипа — мейірім сəулесі жан түкпіріне жарық түсіргендей.


Таңертең кеткен Дəу апа кешкісін бір-ақ оралды қаладан.
— Балам-ай, жолымыз болады екен! — деп, ер пішінді еңгезердей Дəу апа ас үйдің
есігінен екі бүктеліп сөйлей кірді.—Шамұратты тауып алдым. "Шамүрат" десем базардағы
саудагерлердің бəрі біледі екен. Үйін де, жұмысын да көрсетіп жіберді. Содан екі баламды
жетектеп үйіне барсам Шамұратым отыр төрде, садағаң кетейін. Ал, балам, бас қалай?
Хансұлу тауықтың жас сорпасын ішкенін, үй иелерінің зор қонақжайлық көрсеткенін
айтты.
— Шамұратым бір пысық пəле екен... — деп Дəу апа əңгімесін жалғады. — Мені ертіп
"КПУ" дегеніне алып барды. Олар түгел жазып алды Пахраддиннің, Сырғаның,
Балқияның аты-жөнін, жас шамасын, табылса хабарлаймыз деп. Сөйтіп, Шамұраттың
арқасында, балам, ол шаруаны бір жайғадық. Одан соң Шамұратым енді менің
жағдайымды да бір жақты етуге кірісті. "Інтірнат" дегеніне алып барды. Өзі сонда "забхоз"
дей ме, бір қызметті істейді екен. "Інтірнатында" жоқ-жітік, жетім балалар толы екен.
Өңшең қыр қазағының балалары. Солардың асханасында ыдыс-аяқ жуатын болып істей
тұр деді маған. Тамақтарың тоқ болады деді. "Е, жарайды" дедім. Сол "інтірнаттың" отын
жинайтын қорасынан баламыз екеумізге бір қоналқалық орын да тауып берді, садағаң
кетейін. "Бала-шағаңның рахатын көр! Маған істеген жақсылығьщ Құдайдан қайтсын!"
дедім. Осы, міне, кешке дейін айналып қалған себебіміз. Құдай сақтасын, аштан бұралып
жатқандар көп екен көшеде... Бəрі өзіміз сияқты қырдың елі...
— Көкемдер жете алмағаны-ау, — деп күрсінді Хансұлу, балшық сылақты ас үйдің
қарауытқан ыс тебесіне қарап жатып.
— Қайткенде не лаж бар?..— деп, Дəу апа да қамықты, өлі-тірісі белгісіз Пахраддин,
Сырға жайын ойлап. Бірауық алакөлеңке ас үйдің ішін зілмауыр тыныштық басты. Үнсіз
налып отыр екеуі. Сыртта тауықтар қыт-қыттайды. Екі бала ойнап жүр есік алдында.
9
Дүзген түбінде əлі құрып талықсып жаткан Сырға көзін ашса Пахраддин келіп отыр екен
жанына. Сырға ыңырсып қозғалды. Сексеуілдің шырпысындай жіңішке əлсіз саусақтарын
дірілдетіп ауа қармап əлдене іздеді. Неде болса тіске басатын нəрсе іздеді. Жұмырына
жартымды нəр қонбағалы қанша заман. Біліп болмайды. Күннің, түннің есебінен
жаңылған Сырға. Сағыздай созылып бітпейтін бір бейнет мезгіл. Бар үміті —
Пахраддинде. Пахраддин тірі тұрғанда Сырға бүйтіп бейнет шекпеуге керек еді. Өмірде
білмейтіні жоқ, қолынан келмейтіні жоқ асқар таудай отағасының шынымен-ақ жол таба
алмай шағылды айналып шырғалғаны ма? Сырға көрген Пахраддин бүйтіп ойламаған
жерден дəрменсіз күйге түспеуге керек еді. Қой бастаған ай мүйізді серкедей ел бастаған
Пахраддин емес пе? Не болды? Неге сонша бұ тығырақтан шыға алмады?
Сырға, бұған сырт беріп отырған ерінің жауырынына қарады. Еңсесі түсіп отыр ерінің.
Үстінде жалаң ақ жейде. Басында қара тақия. Сақал, шашының ағы қалыңдаған. Сұрайтын
несі бар. Шарасы таусылып отыр.
— Көкесі!.. — деді Сырға, жатқан күйі. Пахраддин қыбыр етпеді. Жел ғана сақал-шашын,
көйлек етегін үлбірете үрлеп қояды. Шыбын-шіркейдің ызыңынан өзге дыбыс естілмейді.
Күн тал түс. Төңірек тұс əуірлеп ысып тұр.Алыстан орағытып бұлаңдап құйын өтіп
барады.
Сырға арық əлсіз қолын созып ерінің арқасынан сипады.
— Адасқанымыз ба?
Пахраддин жауап қатпай, беті шалбарланып алыс көкжиекке шаршап құлазып қарады.
Шағыл төбенің үстінен жарты əлем көрінеді. Сағым кілкіп жатқан ойқыл-шойқыл шөл
дала. Бірақ, қылт еткен тірлік белгісі жоқ.
— Аспан ашық қой бүгін... Жұлдызға қарап қозғалармыз... кешкісін... — деді əлден уақта
Пахраддин Сырғаны жұбауратып. Ерінің үнінен сөне берген үміт оты қайта тұтанғандай.
Пахраддин айтты — бітті. Оның сөзіне өмірде шүбə келтіріп көрген жан емес қой Сырға.
Үміт үзбеді тірліктен.
Шайқақтап билеп алыстай берген жалғыз құйыннан көз алмай тебіренеді Пахраддин.
Жанына у себіліп күрсінеді. Алдамшы... жалған дүние... Бұның да басынан өткені-ау...
Өткені-ау... Бір күнгідей болған жоқ. Кеп-кеше еді. Бала боп тайға шапқаны, жігіт боп ат
жалын тартып мінгені, түн баласы үйқы көрмей қызды ауылды торығаны, соның бəрі кеп-
кеше еді. Одан беріде есі кірді, ел қамын ойлады. Əділет қуды, дау-шарға араласты. Би
атанды. Ірілік емес, бірлік іздеді. О да бір заман екен-ау. Киіз туырлықты көшпендінің
келмеске кеткен заманы екен-ау. Көрген түстей өтті кетті. Зым-қайым. Бəрін айт та бірін
айт, басын ақ шалып жасы алпысқа таяған шағында бүйтіп аштан өлермін деп ойлап па еді
Пахраддин?!... Ит -құзғынға жем болып далада көмусіз қалармын деп ойлап па еді... О,
паруардігер, сонша итқорлықпен өлетіндей не жазығы бар еді бұның? Ең болмаса күнəсін
біліп неге өлмейді? Не үшін, қай қылығы үшін бұндай зауалға тап келді? Қай қылығы
үшін?
Өзегі талып өлім халінде отырған Пахраддиннің көкірегін осындай запыран ащы ойлар
торлайды. Оқта-санда еңсесін көтеріп қаңырап сұлық жатқан жапан дүзге шаршаулы назар
жібереді. Адам-қара көрінбес пе екен деп. Арқа тұсы бірсыдырғы тегіс сыңсыған раң,
жусанды кең жасыл алап-ты. Арагідік сағымға қалқи жүзіп бұлтиған ақ селеулі құмайт
шағылдар да кездеседі. Назары сондай бір шағылдан ысырылып өтіп күншығысқа қарай
жылжи берген. Көк сағымы көлдей көлкіп бұлдыраған жайпақ жотаны қыдыра берген.


Сол-ақ екен, я, паруардігер, көзіне сенсін бе, сенбесін бе, əлгі ұзыннан шұбап сұлық
жатқан жотаның үстінде томпиған бір үй тұр. Сағымнан жартылай шығып үлкен ақ боз үй
тұр. Пахраддин ал кеп шұқшисын. Жоқ, айна қатесі жоқ, ақ күмбез үй тұр. Астапыралла,
бұ қашан келіп қонған үй? Жүрегі өрекпіп кетті Пахраддиннің.
— Бейбіше! — деді, қуанышын ірке алмай.
— А! — деді Сырға көзі жұмулы қалпы. .
— Бəйбіше, əне... Əне үй тұр.
— Не?..— деп, көзін ашты əлсіз Сырға.
— Əнеки... О құдірет! Үй тұр... Біздің үй!
Сырға көзін ашып, мойынын бұрды.
Бұ кезде Пахраддин тəлтіректеп тұрып кеткен еді орнынан. Есалаң жаңдай қолын алға
созып, алыс көкжиектен көз алмай екі-үш аттай беріп іркілді.
— Əнеки! Ана белдің үстінде тұр! Біздің үй...
Сырға қолымен көзін көлегейлеп сығырайып кеп қарады, көлденең белге. Көзіне еш нəрсе
түспеді. Дүниенің бəрі бұлдыр көк сағым. Көкжиек жидіп еріп бұлдырайды. Құбылып
қыбырлайды.
Пахраддин тіктеліп теңселе тұрып буыны жоқ адамдай аяғын əрпіл-тəрпіл басып
қозғалды.
— Қайсы? — деді Сырға сыбырлап.
Бірақ, дауысы шықпады. Пахраддин жейдесін жел кеулеп, жалаң аяқ қозғалып барады.
Соқыр адамдай екі қолымен ауа қармап, біртүрлі ебедейсіз аттап басады. Осы сəт
Пахраддин Сырғаның көзіне тəй-тəй басып бара жатқан бір үлкен сəбидей елестеді.
"Құдайым-ау, құлайым-ау" деп қылпылдайды іші.
— Я, ата-баба! Я, Барақ! — деп əулие-əнбиелерге жалбарынып, құламауға əрекет етіп,
қалт-құлт басып құм-баурайдан ойпаңға түсе берді Пахраддин. Тізесі құрмағырда əл жоқ.
Салмағын ұстай алмай біресе оңға, біресе солға ауытқиды. Бірақ, кеудесінде жан барда
іркілуге жоқ Пахраддин. Құласа да қайтпас, қажымас, ұрынып өлер. Бұ тірліктегі соңғы
үміт, соңғы сəуледейін көз ұшында бұлындаған сол бір үйге жетпей шегінбес. «Төбе
басында қалды, жалғыз қалды, Сырғаны құтқарыңдар!» дер. Соны айтып өлер. Сырғаны
құтқарып өлер.
Жан-жағы қоянсүйек, дүзген, селеулі ойпаң алаңға түсті. Тегіс құмсақ бетінде иретілген
қоңыз, кесіртке ізі. Жұмсақ құм бетінде Пахраддиннің де ойдым-ойдым ізі калып барады.
Құм арасының мəңгі ұйыған зілмауыр тыныштығын Пахраддиннің жүрек дүрсілі, ырс-ырс
еткен тынысы ғана үркітіп, серпілтіп келе жатқандай. Тым ауырлап кеткен кеудесін осы
ойпаңнан алып шыға алар ма енді... Көзіне тері құйылып төңірек түнеріп, қарауытып
кеткендей болады. Аш өзегі талғандықтан шығар... Санасы да божырап біртүрлі түс
көргендей алмағайып кейіпте. Тандайы құрғап тілі аузына сыймай тобарсып ісінгендей.
Соның бəріне қарайлатпай, тоқтатпай сүйрейді бір күш. Алаңнан шығар ернеуде дізерлеп
қолымен жер тірей жүріп көтерілді қырқаға. Бой тіктеп көзіне құйылған терді сүртіп,
назары əлгі сағым буған көлденең дөң үстіндегі ақшаңқан үйді іздеді. Көгілдір айдын
судай көлкіп жатқан көк сағым. Үй зым-қайым жоқ, жер жұтып қойғандай. Астапыралла,
елес болғаны ма? Пахраддин өз көзіне өзі сенбей тұр. Тағы да əрпіл-тəрпіл аттап əрегірек
барып, тағы да бір төбешікке шығып назар салды. О, Жасаған Ие, не көрінген бұған, тал
түсте алжасып?! Ауыл кайда əлгі? Əлгі ақ боз үй қайда?
Жым-жылас шөл дала қатыгез тағдырдай мелшиіп сазарып жатыр. Сағымға алданғаны-ау
бұның. Оңбай алданды-ау. Өзін ғана емес, Сырға байғұсты да алдады-ау, о, алжыған!
Пахраддин бұрылып кейін қарады. Құмсақ төбе үстінде дүзген түбінде қалған Сырға
көрінбеді. Басы қылтиып бұның соңынан қарап отырған тəрізді еді, жатып қалған-ау.
Көз алды қарауытып, басы айналып теңселіп кетті Пахраддин. Одан арғысын білмейді.
Қанша мезгіл өткенін білмейді. Есі кіріп бір кезде көзін ашса Күн ыстығы қайтып, көлеңке
басы ұзарып қалған екен. Бет-ауызы дуылдайды. Құмырсқаның жолағына құлаған екен,
бет-аузын оңдырмай шағып тастапты. Еріндері көнектей ісік. Еңсесін көтеріп тіктеліп
отырып ес жинады. Аштықтан да жаман шөл өртеп барады өзегін. Көзі көк шөпке түсті.
Тырбық дүзгеннің əрегірек қалың раң, мияға араласа өскен жуа сабағы көзге оттай
басылды. Бір тал жуа. Түрегеліп бару қайда. Оған əрекет те еткен жоқ. Шөп арасындағы
тал жуаға қарай тырбаңдап еңбектеді Пахраддин. Жуадан назарын алмайды. Бұ жолы да
елес болып кете ме деп қорқады. Жоқ, елес емес, қолына жуа сабағы ілікті. Жұлғанша
шыдамай еңкейе құлап қарш-қарш шайнады. О, паруардігер! Тал жуаның өзінен-ақ
кəдімгідей өмір нəрі тамғандай таңдайына. Құлшынып, ындыны ашылып, көк шөпті
аралап еңбектеп келеді. Тағы да, тағы да қарш-қарш шайнағысы келеді, көк жуа сабағын.
Ашқарақ назары аласұрып тағы да іздейді құм жуаны. Сөйтіп, еңбектеп, шашағын жайып
сəукеленіп тұрған қоянсүйектің түбіне де жетті. Раңы тұнып тұрған үй орнындай алаңда,
о, құдіреті күшті Құдайым, самсап тұрған мол жуаға кезікті. Ие, берейін десе бұ Жаратқан
Иеңнің шапағаты мол ғой. Содан кіріссін шетінен Пахраддин. Төрттағандап жүріп алаңды
аралап көк жуаны тіспен орып қарш-қарш шайнайды кеп. Осы сəт өзге дүние-тірлікгі
түгел ұмытқан Пахраддин көксегені тек ылғалы бар жуа сабағын талмау. Бар білгені сол
ғана. Көбірек талмау, көбірек жұту. Пахраддин сөйтті. Есі кіргенше көк жуадан орып асай
берді. Есі кіргенде өзінің жуа емес, кəдімгі мал жейтін көк раңға жайылып жүргенін бірақ
білді. Аузы толы қышқылтым шөп... Түкіріп тастады. Еңкейіп төрттағандап тұрған күйі


көз жасы құм бетіне домалады. Адамға лайық ажалын қимайтындай не жазып еді бұ
Құдайға? Не жазып еді? Шөп жеп, құрт-құмырсқаға жем боп, ит қорлықпен өлетіндей бұ
Тəңірге?
— Мылқаусың... қатыгезсің безерген? Опасызсың, сұм жалған? Біресе бетінді, біресе
көтіңді беріп құбыласың! "Бұқа" сынды, Күрең сынды сұқ иттерге сүйек салдың!
Абалаттың, айтақтап! Ақыры жетіп тындың ба дегеніңе!? Жынға тойған иттерге қойдай
қоңыр халықты тақымдатып, талатып, тырқыратып торғайдай тоздырдың ба? Жеттің бе,
мақсатыңа? Жемсауың толды ма? Ыбылыс иектеген кер заман! Судың да сүрауы болар!
Елдің обалы жібермес. Бала-шағаның көз жасы жібермес! Аяғыңнан шалар! Құдай
алдында жауабын əлі берерсің, сен заман! Сұраусыз кетпес еш қылмыс... Сұраусыз кетпес!
Кетпес! Кетпес!!! — деп қырқырап, тұмсығымен жер сүзе құлады Пахраддин. Əлдебір
құдырет иесінің құлағына шалынар дегендей айқайламақ еді, бірақ кеуіп қалған аш
өзегінен ысылдаған дыбыс қана шықты.
Естен танып сол жатқаннан мол жатып əлден уақытта санасы саңылауланып, шала-пұла ес
жиды, Алдымен топырақ, жас шөптің иісін сезді. Кірпігін қозғап еді, тұмсығы жер сүзіп
етпетінен жатыр. Бұл жатысының мəнісін түсінбеді. Өзегін өртеген шөл. Тілі тобарсып,
желім болып қалғандай. Иегі астында жатқан көкөскін шөптен тістеп жұлды. Лабақ ахун
елес берді. Лабақ ахунның үні келді құлағына:
— Айтқаным келіп, болжағаным болды ма? Тау тауға соғылар, теңіз ернеуінен шығар,
мағрыптан бір от, машырықтан бір от көрінер дегенмін. Аспаннан Ғайса түсер, жерден
Мəді шығар дегенмін. Адамзат ғарасат майданына жиналар. Сол жерде Құдайдың жүзін
көрер. Құдай алдында һəмме адам ұлына Ұлы Сот болар дегенмін. Сол күнге жеттік, міне!
Тілегіміз қабыл болды. Ақырды көзбен көрдік. Сен əлі де болса жалғаншыны қимай
жатсың ба?! Көк шөп талмап тірлікті көксеп жатсың ба?! Ол райыңнан қайт! Қазір көз
жұмсаң алдыңнан О Дүниенің нұрлы қақпасы ашылар! Мынау жалғаншы тірліктен
көтеріліп мəңгілікке бет түзерсің! Сол үшін жеттім қасыңа. Жылынбайын деп жаһилдің
жаққан отына, тəрк еттім һəмме тірлікті. Қиналма! Шыдам ет! Қалимаға келтір тіліңді!
Алдымнан жарылқа деп тіле! Иман сұра Алладан!
Пахраддин ерні күбірлеп іштей дұға оқыды. Əлгі ашуланғаным, Құдайды кінəлағаным
асылық болған екен деп ойлады. Кеше гөр, Жаппар Ием, деп жалбарынды.
Пахраддин кеудесін əзер қозғап ауырсынып күш жиып тіктеліп отырды. Басы
айналғандай. Аспан қиялап төңкеріле бергеңдей. Жер жылжығандай. Бет-аузының құм-
топырағын сүрткен де жоқ.
— Бауа, шұбырған ел ... ел не болды?— деп сұрады қиялындағы ахуннан.
— Өлгені өлді, қалғаны қалды, інім.
— Үстірт үстінде қалған ел-жұрттан не хабар?
— Істері бар болсын олардың. Жастары азған-дүр. Бейіт тынышын бұзған-дүр. Аруақты
күңірентіп, содан елі тозған-дүр. Мешіттерді құлатып, сөйтіп Құдай атқан-дүр, Елін аштық
жайлап, өздері тышқан аулап жеп, бытырап жөн-жөніне кеткен-дүр. Өздерімен кетпей
кесапаты күллі адам баласына тиіп содан міне жер бетіне Қиямет-Қайым жеткен-дүр.
— Ехе-еее! — деп күңіренді Пахраддин. Басы салбырап төсіне құлаған. Мұқап, мұңайып
екі бүктетіліп отыр. Аздан соң танау астынан күбірлеп сөйлей бастады. Өзімен-өзі
тілдесті.
— ...Қарағай басын шортан шалды десеңші... Тұрымтай -тұсына, балапан басына кетті
десеңші... Бəсе... бəсе... Күрең мен Сұржекей, Ждақай мен Қозбағар басқарған ел не
оңсын... Басшысын таппаған ел азып, жолдасын таппаған ер азып... зүлмат өктеген екен
ғой... О, Жасаған, осы күнді көргенше күмрə неге болмадым... Осы күнді көрсетіп қинау
ма еді мақсатың? Бір емес, екі өлтіргің келген екен ғой...Өлтірмей-ақ өртегенің ғой Дозақ
отына... Ажалыңды да аяғаның ғой. Пахраддиннің алпыс жыл жанын отқа қақтағаны аз
болып па еді? Ыбылыспен, Сайтанмен, надандық, зүлымдықпен алпыс жыл айқасқаны аз
болып па еді?.. Мынау фəниден өтерде енді... ең болмаса соңын күйретпей алсаң етті!!!...
Пахраддин енді бірде қараса еңбектеп келеді екен. Сөйлеп келеді екен. Қайда бара
жатқанын ұмытып іркілді. Осы арада өзінің қайда бет алғаны есіне түсті Пахраддиннің.
Құм шағыл басында қалған Сырғаға жеткісі келген екен.
Күн ұясына қонып төңірек маңайда көлеңке тұтаса бастаған шақ болыпты.
Құм шағыл басына қарай еңбектеп келеді Пахраддин. Шалбарының қалтасына салған екі
тал жуасы бар. Сырғаны ойлауға тырысты. Өлген шығар. Ең болмаса ақтык сапарға
аттанар алдында қасында да болмады-ау!.. Ит тағдыр-ай... ит тағдыр!
Итшілеп өрмелеп ақыры төбе басына да шықты. Күн де бұ кезде жалындап барып кешкі
ұясына қона берген еді. Дүзген түбінде құм үстінде шалқасынан түсіп Сырға жатыр.
Қимыл жоқ... Үстінде қырмызы торғын көйлегі, ақ жаулығымен мойыны, басы шандып
ораулы.
— Сырға! — деді сыбырлап, бəйбішесінің жіңішке білегінен ұстай беріп Пахраддин.
Сырға тірі екен, кірпігі қимылдады. Ортайып нұры азайғандай болған жанарыңда тілмен
айтып, сөзбен жеткізе алмастық бір қасірет мұң бар. Шаршаулы, жадау назарын сəл
төменшікгетті. Пахраддиннің қалтасына қарады. Пахраддин қос тал жуаны қолына
ұстатты. Басын сүйеді. Сырғада салмақ қалмаған. Қаңбақтай. Əлжуаз, əлсіз саусақтарын
жыбырлатып жуа сабағын дəрменсіз ұстағанмен қолын аузына апара алмады. Пахраддин
жуаны өз қолымен Сырғаның аузына тыққыштады. Сырға ыңылдап асықпай талмады.


Қиян шөл құм шағыл басында бірін-бірі сүйеген қос ғаріп, қос мұңдар.
Кең шөлістан, сайын дала үстіне күміс жүлдызды ал-қара көк кешкі аспан қанатын кең
жайып төңкеріліп келеді. Алыс көкжиек шеңберін тарылтып, күңгірт көлеңкеленіп, сай-
салаға іңір қараңғысы ұйи бастаған.
Еңсені басқан бір ұлы тыныштық бүркеп келеді əлемді. Ымырт қараңғысымен қоса
төңіректі түр-түсі белгісіз бір үрей жайлап келеді. Тысырсыз еппен ши бөрідей
тіміскіленіп бұта-бұтаны тасалап, орағыта жақыңдап келеді. Жым-жырт, құлаққа ұрған
танадай тыныштықты бұзып, əлден уақытта тура желке тұстан байғыз сұңқылдады.
Пахраддиннің тізесіне басын қойып жатқан Сырға дір етті.
Пахраддиннің бойына да ызғар шапты. Қоянның көжегіндей бүрісіп жатқан Сырға əлдене
деп сыбыр етті. Бұл құлақ тосты еңкейіп. Көзі жұмулы Сырғаның ерні болмашы ғана
жыбырлады. Пахраддин құлақ тосып, еңкейе түсті. Бірақ, ести алмады. Сырға кірпігін
əрең қозғады. Алыстан, өзге бір дүние түкпірінен қарады Пахраддинге. Айта алмай жатқан
мол сырын, жан сырын үнсіз жанарымен паш еткісі келгендей. Соған шамасы келмей
қиналғандай. Бақылдасқысы келе ме, кім білсін. Пахраддиннің көзіне жас айналып
бəйбішесінің шүңкиген сопақтау бетіне үңіліп отыр. Үздігіп қиылып қарайды Сырға.
Үнсіз, қимай қарайды. Бəйбішесінің кішкентай ашаң жүзін жалпақ алақанымен аймалады.
Сырғаның көз құйыршығынан ыстық тамшы үзілді.
Қоянсүйек шақасына қонып отырған жұдырықтай жалғыз байғыз сұңқыл қақты.
Қаңыраған елсіз кешкі өлкені сұңқыл үнге толтырып, одан бетер құлазытады. Жаманат
шақырады.
Құм шағыл үстінде құшақтары айқасып жатқан екі адам. Төбеде — жұлдызы жайнап
төңкерілген аспан. Төменде — түнерген алып Жер.
Байғыз қанаты сыпылдап, аздасын бет алды ұша жөнеді.
Құм басында қалған екеу осылай өтті дүниеден.
1982-1985 жж.


Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8   9




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет