Наурыз – жыл басы
Наурыз – Қазан төңкерісіне дейін қолданылып келген қазақ күнтізбесіндегі азаматтық жылдың бірінші айы. Бұл атау бізге ежелгі парсы тілінен келген. Алайда ол парсыша ай аты емес, айдың бірінші күні ғана. Байырғы қазақ күнтізбесі бойынша, наурыз күні күн мен түн теңеседі. Бұл – жазғытұрғы теңесу. Осы кезде басталатын ай, григорян күнтізбесі бойынша, 22 март пен 20 апрель аралығы Наурыз айы деп аталған.
Байырғы қазақ күнтізбесі бойынша, наурызда отыз күн болған. Оның алғашқы күнін Жаңа жылдың басы деп біліп, Ұлыстың Ұлы күні деп атаған. Ол күні жер бусанып, жаңарып, қозы-лақ жамырасып, мал төлдейді. Жер-Ананың төсі иіп, ақ мол болады, кәрі-жас құшақтасып көрісіп, бір-біріне ақ ниетпен ақ тілеуін, арман, пейілін білдіріп, наурыз жырын айтатын болған. Жеті түрлі тағам қосып «Наурыз көже» жасаған. Ән шырқап, балуан күрестірген. Топ-топ болып ауылдан-ауылға қыдырып, наурыз көже ішкен. Кездесіп қалғанда, бір-біріне «Аманбысыз, армысыз. Ұлыс оң болсын, ақ мол болсын, ұлыс береке берсін, бәле-жала жерге енсін!» деп, өзара реніштерін ұмытып, кешіретін болған.
Аузынан Алласы түспеген қазақ халқының Наурыз күні бір-бірін кешіруінде үлкен мән бар. Өйткені Құдайдың қасиетті өсиетінде былай делінген: «Егер өздеріңе күнә жасағандарды кешірсеңдер, онда көктегі Әкелерің сендерді де кешіреді. Ал егер басқалардың күнәларын кешірмесеңдер, онда көктегі Әкелерің сендердің де күнәларыңды кешірмейді» (Інжіл, Матай 6:14,15).
Наурыз – жаңару дедік. Онда адам баласы да жаңа жылмен бірге жаңарып, өзгеше өмір сүруі тиіс. Ол қандай жаңару? Сырт келбетін өзгертіп, жаңа киім кию ме? Жоқ! Наурыздағы жаңару – ішкі дүниеңнің өзгеріп, кешірім алып, күнәсіз, таза өмір сүру. Тек сонда Құдай адамға көз қырын салып, пенденің арман-тілегі орындалмақ. «Жаратқан ие мынаны айтады: «Аспан – Менің тағым, ал жер – табан тіренішім секілді. Сонда сендер маған арнап қандай үй сала алар едіңдер? Тынығып демалатын орным қай жер болмақ?! Осы әлем түгелдей Менің қолымнан шығып, пайда болды емес пе? Ал Мен көз қырымды салатындар: күнәларына шын жүректен өкініп, сөзімді терең қастерлеп, іске асыратындар» (Киелі кітап, Ишая 66:1,2). Ендеше, жаңа жылда жаңаша өмір сүріп, ақ батаға кенелейік, ағайын!
НАУРЫЗ ҚҰТТЫ БОЛСЫН!
Наурыз құтты болсын!
Төрт түлік сүтті болсын.
Асқа толсын қазаның,
Құтқарылсын қазағым.
Еңбегің жемісті болсын,
Сапарың жеңісті болсын.
Жан–дүниең жаңарсын,
Пейілің қардай ағарсын.
Бір Құдай жар болсын,
Бойыңда ар болсын.
Жаңа жыл ұлысты болсын,
Еліміз ырысты болсын!
Аумин!
КӨКТЕМ КЕЛДІ, ХАЛАЙЫҚ!
А. ҚЫЗЫЛБӨРІКОВА
Көктем келді, халайық, көктем келді далаға,
Қолға алып қаламды, жыр жазбасқа бола ма?
Сұлу әсем табиғат, жан бітті бүгін өзіңе,
Күннің көзі күлімдеп, шуақ шашты далама.
Қар, мұзы еріп тасқындап, сел жүріп жатыр жағада,
Құстар келді ән салып, оралды біздің араға.
Шұрқырасып, табысып, мал шықты бүгін өріске,
Адамдар шықты алқапқа, дән себуге егіске.
Жүректе де сен көктем керемет бір мезгілсің,
Қыс болмасын өмірде, бүршік атар кез тұрсын.
Иса Өзі ерітер жүректегі қар, мұздарды,
Сенің сөзің әкелер жүрекке нәзік көктемді.
Жүректегі көктемді ұрлатып біздер алмайық,
Ұрлатып алып, байқаусыз мәңгілік мұзда қалмайық.
Иенің сөзін қабылдап, ерітейік мұздарды,
Сақ болайық, халайық, жүректегі көктемге.
НАУРЫЗ КЕЛДІ!
Наурыз келді, ағайын,
Жердің төсі иіді.
Ұйқысынан оянды
Аю, арқар, киігі.
Жамырады қой-қозы,
Арқа-жарқа кәрі-жас.
Жаңа жылда жаңарып,
Үлкен-кіші бәрі – жас.
Құшақтасып көрісіп,
Кешіруде бір-бірін.
Бір Тәңірден тілеуде
Оңғарсын деп тірлігін.
«Сен көктегі мекеніңнен құлақ сала гөр. Оларға кешірім беріп, әрқайсысына өзінің ой-ниеті мен істеріне қарай жауабыңды бере гөр. Адам жүрегінде не бар екенін Сен ғана жақсы білесің ғой. Өзің осы елді ата-бабаларымызға сыйлаған едің. Ендеше меншікті халқың бұл жерде тұрған барлық уақытта Сені терең қастерлеп, тура жолыңмен жүретін болсын!» Киелі кітап, 2 Шежіре 6:31, 32.
«Мұса дереу басын жерге жеткізе иіп тағзым етіп:
-
Уа, Ием, егер Сен маған риза болсаң, онда Өзің арамызда жүріп жар бола гөр. Бұл тоң мойын қыңыр халық. Әйтсе де жасаған әділетсіз істеріміз бен күллі күнәларымызды кешіріп, бізді Өзіңнің меншікті халқың ретінде қабылдай гөр, – деп өтінді». (Киелі кітап, Мысырдан шығу 34:8,9)
«Мен олардың күнәлары мен әділетсіз қылықтарын
Бұдан былай есіме түсірмейтін боламын», – деп қосты. Ал күнәлар кешірілген жерде енді қайтып оларды өтеп, жоятын құрбандықтың қажеті де жоқ. (Інжіл, Еврейлерге хат 10:17,18)
«Құдай Әке Өзінің ұлы құдіретінің арқасында Мәсіхті өлімнен қайта тірілтіп, жаңа өмір бергендей, біз де енді жаңаша өмір сүруіміз керек!» (Інжіл, Римдіктерге хат 6:4)
«Алдамшы құмарлықтарыңмен өмірлеріңді құртып келген ескі күнәкар болмыстарың мен бұған дейінгі өмір салттарыңды енді тастаңдар! Рухтарың мен ақыл–ойларың түгелдей жаңарсын; осылай Құдайға рухани жағынан ұқсас жаратылған жаңа, шынымен әділетті де қасиетті адам болып өмір сүріңдер!» (Інжіл, Ефестіктерге хат 4:22-24)
«... Құдайға бұрынғыдай тек заңның баптары бойынша емес, Киелі Рухтың жетелеуімен жаңаша қызмет етеміз». (Інжіл, Римдіктерге хат 7:6)
Құдайдан кешірім сұрау
Шексіз сүйіспеншілігіңе бола,
О, Құдайым, маған рақым ете гөр,
Мейіріміңнің молдығына бола
Қылмыстарымды өшіріп тастай гөр!
Мені әділетсіздігімнен арылтып,
Күнәларымнан түгел тазарта гөр!
Зәбүр 50:3,4
Әділ шешімдеріңді үйренгенде,
Сені дәріптеймін таза жүрекпен.
Зәбүр 118:7
Жас жігіт қалай таза жолмен жүре алады?
Сөзіңе бағынып соны істей алады.
Зәбүр 118:9
Бос нәрселерге назарымды түсірмей,
Өз жолыңда өмірімді жаңарта гөр.
Ием, орындай гөр маған берген сөзіңді,
Сені терең қастерлесін содан бәрі.
Менен әкете гөр үрейлі масқараны,
Себебі шешімдерің сондай жақсы!
Тілеймін бұйрықтарыңа бағынуды,
Жаңарта гөр әділдігіңмен жанымды.
Зәбүр 118:37-40
Уа, Құдайым, жүрегімді тазартып,
Рухымды берік қылып, жаңарта гөр.
Қасыңнан мені қуып шыға көрме,
Киелі рухыңды менен ала көрме,
Мені құтқарғаныңа қуантып тағы,
Сыйлай гөр азғырылмайтын берік рухты.
Зәбүр 50:12-14
«Мен жарататын жаңа аспан мен жаңа жердің көз алдымда мәңгі жойылмайтынындай, сендердің есімдерің де өшпей үрім-бұтақтарың мәңгі-бақи көз алдымда болады, – деп уәде береді Жаратқан Ие. Сонда әрбір жаңа туған ай мейрамы мен демалыс күні сайын бүкіл адамзаттың өкілдері Менің алдыма бас иіп сиынуға келетін болады». (Киелі кітап, Ишая 66:22-23)
«Сендер қолдарыңды жайып Маған сиынғанда назар аудармаймын. Қаншама көп мінәжат етсеңдер де, Мен құлақ салмаймын. Себебі қолдарың қанға малынған. Күнәларыңнан арылып, тазарыңдар! Жақсылық істеуді үйреніп, әділдікке ұмтылыңдар! Зорлық-зомбылық жасағандарды әшкерелеп, жетім-жесірлерді қолдап, мүдделерін қорғаңдар!» (Киелі кітап, Ишая 1:15-17)
Кемелді – Тәңірдің тағылымдары,
Жан дүниені олар жаңартады.
Иенің ережелері шынайы,
Олар наданды да дана қылады.
Әрі әділ – Тәңірдің бұйрықтары,
Олар жүрекке қуаныш құяды.
Тәңір өсиеттері сондай нұрлы
Көзді ашады да жарқыратады.
Зәбүр 18:8,9
Құдайдан кешірім сұрау
Шексіз сүйіспеншілігіңе бола,
О, Құдайым, маған рақым ете гөр,
Мейіріміңнің молдығына бола
Қылмыстарымды өшіріп тастай гөр!
Мені әділетсіздігімнен арылтып,
Күнәларымнан түгел тазарта гөр!
Қылмыстарымды жақсы білемін де,
Күнәларым әрдайым тұр есімде.
Сенің Өзіңе қарсы күнә жасап,
Көз алдыңда зұлымдық істедім де.
Осылайша әділ – Сенің айтқандарың
Мүлтіксіз де – шығарған үкімдерің.
Мен күнәкар боп дүниеге келдім,
Құрсақта жатқанда-ақ күнәкар едім.
Сен жүректің таза болуын қалайсың,
Жан дүниеме даналық та құясың.
Маған құрбандық қанын себелей гөр,
Сонда көз алдыңда таза боламын,
Сен мені күнәмнан жуып-шая гөр,
Сонда қардан да әппақ тазарамын.
Шаттықты маған қайта естірте гөр,
Сен әлсіреткен денемді қуантып.
Күнәларыма назар аудамай-ақ,
Бар қылмыстарымды өшіріп тастай гөр.
Зәбүр жырынан
НАУРЫЗ КЕЛДІ!
Б. ҚЫЗЫЛБӨРІКОВ
Иса иемнің шындығы,
Жүрекке нұрын себеді.
Көктем боп гүлін егеді,
Наурыз болып келеді.
Күнәһар менің өмірім,
Жүректе қатқан қыс еді.
Нұрды көріп қашады,
Орнын таппай сасады.
Наурыз келіп шуақты,
Қыс патшаны жылатты.
Көзінің жасы көл болып,
Сай–салада су ақты.
Қыс патшалық құрған еді,
Тіршілікті түгел жоюға.
Бұйрық беріп тұрған еді,
Бас жендеті оның аязға.
Наурыз келді, алақай!
Даламызға сән беріп.
Нұрға бөлеп әлемді,
Табиғатқа жан беріп.
Қыс патшамыз сасады,
Тауға қарай қашады.
Наурыз келіп, алақай,
Өмір кілтін ашады!
Ал, ендеше, осы сөзімнің
Астарына біз қарайық.
Ажал жендеті – шайтанның,
Қысты шайтанға балайық.
Ұғынсақ егер осыны,
Сөзді ұзаққа созбайық.
Құдайға бергін қолыңды,
Арып-ашып тозбайық.
Ажал бізге қақпанын,
Қадам сайын құрып тұр.
Бұл ниетін шайтанның,
Құдай Ием Өзі біліп тұр.
Көктем нұрын себелеп,
Көзімізді ашады.
Санамызды оятып,
Шайтанға қаһар шашады.
Наурыз келіп бойыңа,
Жүрегіңді қағып тұр.
Ашып қой жүрек есігін,
Күнәдан бойды сауықтыр.
Рақымдылығын Құдайдың,
Тегіннен-тегін алғайсың.
Кешірім алсаң Құдайдан,
Пейішке жолды жалғайсың.
8 наурыз – халықаралық әйелдер күні
8 наурыз – халықаралық әйелдер күні. Яғни, бұл – дүние жүзіндегі барша әйел атаулыны құрметтеу күні. Нақтырақ айтсақ, 8 наурыз – қыз–келіншектердің, әжелердің мейрамы, аналар мерекесі десе де болады.
Қазақ халқы ежелден–ақ әйел атаулыны Ана деп қастерлеп, оған ерекше көңіл бөлген. Дегенмен де, заманына қарай, осыдан ықылым жылдар бұрын қазақ әйелінің де басында теңдік болмай, олардың құқықтары шектелген, тіпті намыстары аяққа тапталған. Бірақ, Құдайға шүкір, қазіргі күні әрбір әйел өзгелермен терезесі тең. Ол білім алуға, қоғамда еңбек етуге, өзі қалаған адамына тұрмысқа шығуға құқықты. Міне, әйелдер басына теңдік әкелген аналар мерекесін әрбір адам аса қуанышпен қарсы алады. Өйткені Ана десе, толқымайтын жүрек, тасымайтын қан, сезбейтін сезім болуы мүмкін емес. Тар құрсағын кеңітіп, тас емшегін жібіткен Ананың айналып–толғанғаны кімнің есінен кетер дейсің?!
Шырылдап жерге түскеннен-ақ, сенің ең бір жақының, ең бір досың, ең бір ұстазың бар. Ол – Ана. Қара жерді баспай жатып, есіңді білмей жатып, тырмысып, бауырына жабысатының, шырылдап, уанбай жылап, сенің іздейтінің – ана. Сен жан болып дүниеге келдің. Сенің іздейтінің – бір-ақ жан. Ол – ана. Ол саған бәрінен қымбат. Сен үшін ол жалпақ дүниеден де үлкен. Сондықтан да сен бір-ақ жанды білесің. Ол – ана.
Міне, анаға деген махаббат сенің құндақта жатқан күніңнен-ақ басталады. Ананың жолы басқа. Ана деген сөздің өзі ыстық. Ана деген сөз кедейдің лашығынан да, байдың алтын сарайынан да құдіретті естіледі.
Иә, Ана десе, өзіміз ана бола тұрсақ та, ең алдымен өз анамызды еске түсіреміз. Ал біздің анамыздың анасы кім? Бұл сұраққа жауап бермес бұрын сәл ойланып көрейік. Күллі қазақ баласы құрмет тұтатын Айша бибі мен Домалақ ананың анасы және менің анамның да анасы, бүкіл жер бетіндегі кіндік атаулының да анасы – Хауа ана емес пе? Мұны естен еш шығармағанымыз жөн. Ал Хауа ананың әкесі де, анасы да – құдіретті Құдай.
Жоғарыда айтқанымыздай, ананың балаға деген, баланың анаға деген махаббаты шексіз дегенімізбен, «Қара кемпір» мен «Бозторғай» зары қайдан шығып жатыр?.. Ал Құдайдың баласына деген махаббаты шетсіз де шексіз. Жердегі анамыздың санаулы баласының әрқайсысы үшін уайымдап, жүрегі қарс айырылса, Құдай Өзі жаратқан миллиардтаған әрбір пендесі үшін қам жейді. Ана мүгедек не болмаса қатты ренжіткен не еш кінәсі жоқ баласынан теріс бет бұра алса, Құдай Өзі жаратқан адам түгілі, құрт-құмырсқасын да далаға тастамайды. Міне, барша жаратылыстың анасы осындай. Ол әрбір адам баласына жердегі тәни аналарын құрметеуді үйретіп, былай дейді: «Балалар, ата-ананы сыйлаңдар, сонда бақытты болып, ұзақ өмір сүресіңдер!»
Әйел жайлы айта берсек, халық арасында аңыз да көп, әңгіме де көп. Жер бетінде қаншама сұлулар мен ажарлылар болды десеңізші! Олардан алар сабақ та көп. Мәселен, Хауа ана тілазарлығының арқасында мол рақымнан айырылды. Ал Рахап жеңіл жүрісті болғанымен, кешірім сұрағанының арқасында құтқарылды. Ханна Құдайдан үздіксіз тілеуінің арқасында балалы болды. Адал да мойынсұнғыш Мәриямға Құдайдың назары түсіп, жарылқанды. Нағима тек өзінің емес, өзгелердің қамын ойлады. Мағдалалық Мәриям Мәсіхтің соңынан ерді. Зәпира жүрегіне шайтанды ұялатамын деп, өмірі өліммен аяқталды. Иерусалимдік Мәриям үйін Құдайдың қызметіне бағыштады. Бұлар – көне заманда өмір сүрген әйелдер. Ал біз қазіргі заманда қалай күн кешіп жатырмыз? Жүрегімізде Құдай бар ма, әлде Езабел сияқты Құдайды ұмыттық па? Ойланайық, біз қандай әйелміз?..
Егер жоғарыда есімдері аталған әйелдер жайлы білгіңіз келсе, «Әйел, жұбай және ана», «Оның есімі – әйел» атты кітаптардан толық оқи аласыз.
Құдай бірінші Адам атаны, содан кейін оған көмекші етіп, оның қабырғасынан әйелді жаратқан. Әйел – еркектің қабырғасы. Ол бір қарыс болса да ер адамнан аласа тұратыны сондықтан. Бұлай болатын себебі – Құдайдың еркі солай. Сондықтан да әлі күнге дейін әйелдің ер адамның бетінен алуы ерсі болып саналады. Бірақ бұл әйелді төмендету деп түсінбеу керек. Мүлдем олай емес. Тек әйел мен ер бір-біріне айнымас серік болсын, сыйлассын деп солай қойылған. Киелі жазбада еркекті бас, ал әйелді мойын деп бейнелеп айтқан. Яғни, әрбір әйел еріне жол көрсетіп, ақылшы болып отыруы тиіс. Шаңырақтың қандай болуы көп жағдайда әйелге байланысты. Оның берік не осал болуына да әйел жауапты. Бұл туралы халық арасында мынандай нақыл сөздер бар: «Жақсы әйел жаман еркекті түзетеді», «Жақсы әйел – жігітке біткен бақ, Жақсы жер, жайлы қоныс – алтын тақ», «Жақсы әйел – үй дәулеті, жақсы шапан той дәулеті», т.б.
Жақсы әйел – даналықтың үлгісі
Еңбекқор, жақсы әйелді кім таба алар?
Ол інжу-маржаннан да бағалы болар!
Күйеуі оған толықтай сенім артады,
Ешбір игіліктен ада қалмайды.
Өмір бойы оның күйеуіне жасары
Жамандық емес, жақсылық қана болады.
Әйел жүн мен зығырды таңдап алады,
Қол жұмысын да ынта-жігермен жасайды.
Жер шарлаған саудагер кемесі секілді
Алыстан азық-түлігін әкеледі.
Төсегінен тұрып таң атпай ерте,
Тамағын үлестіріп үй ішіне,
Тапсырадыжұмысын қызметшілеріне.
Жер танабын қарап, ойланып, сатып алады,
Еңбегінің түсімінен жүзім отырғызады,
Белін бекем буып, қайратпен іс қылады.
Ұғады ол ісінің өнімді боларын,
Көпке дейін түнде сөндірмейді шырағын.
Саусағымен созғылап қолындағы жүнін,
Дем алмастан иіреді ұршығын.
Қолы жомарт әрдайым жарлыларға,
Құшағы ашық бейшара мұқтаждарға.
Қар жауып, үй ішім тоңар деп қамықпайды,
Бәрі де қос-қостан киімдерін киеді.
Әсемдеп тоқиды төсек жабынын,
Бәтес, қызыл жүннен тігеді киімін.
Күйеуінің атағы кең жайылады,
Елдің ақсақалдарымен кеңес құрады.
Бәтестен жапқыш тігіп сатады,
Белбеумен де саудагерді қамтиды.
Осылай ол бөленеді күш пен салтанатқа,
Шаттықпен қарайды жарқын болашаққа.
Аузынан шыққан сөзі – нағыз даналық,
Берген тәлімі – мейірімді жақсылық.
Үй шаруасын мұқият бақылайды,
Нанын бекер жеп, еш масыл болмайды.
Балалары тұрып, оны дәріптейді,
Күйеуі де былай деп құрметтейді:
«Көп әйел заты еңбекқор, жақсы екен,
Бірақ бәрінен де асып түстің сен!»
Әсемдік өткінші, алдамшы сұлулық та,
Тәңірді қастерлейтін әйел лайық мадаққа.
Беріңдер оған еңбегінің зейнетін,
Істері үшін ол жұрт алдында дәріптелсін!
Сүлейменнің Нақыл сөздері 31:10–31
Ақылды әйел үйін өркендетер,
Ақылсыз әйел үйін өз қолымен күйретер.
Нақылдар 14:1
Ұрысқақ әйел аққан тамшыдай жүйкені жұқартар.
Үй мен мал–мүлік – мұраң әке-шешеден,
Ақылды әйелің – сыйың Жаратқан иеден.
Нақылдар 19:13,14
Қыз – халықтың гүлі,
Өлең – сауықтың гүлі.
Қыз өсірдім – бой жетті, еріне кетті,
Ұл өсірдім – ер жетті, үйіне кетті.
Аяғын көріп асын іш,
Анасын көріп қызын ал.
Ағайынның алтын сарайынан,
Ананың жыртық лашығы артық.
Анасын сүйгеннің баласын сүй.
Ананың көңілі балада,
Баланың көңілі далада.
Баланың білегі ауырса,
Ананың жүрегі ауырады.
Халық мақалдары
Достарыңызбен бөлісу: |