Абайдың Евгений Онегиннен аудармасы
Онегин мен Әбдірахман бейнелерінің ұқсастықтары, екеуінің ұқсамайтын тұстарынан әлдеқайда басым. Тек Онегиннің ішінің қалтарысы көптеу.
Эпистолярлық романда Татьянаның Шығыс әулетіне туыстас қасиеті басым. “Досың ақпын, “тағдыр араз”, бәрін “сорлы нәсібімнен” көремін деген сөздерді айта келе, Татьяна сөзінің ақырында “Көрісуге шыдамаспыз, Айрылалық сол үшін” (Абай. 2 том. 49 б.) деген ең соңғы шешімін Ләйлі-Мәжнүн махаббатын еске түсіретін жәйтқа сүйейді. Екі асық Ләйлі мен Мәжнүнге жарық дүниеде қауышып, құшақтасып бір сүйісуге жазбаған ғой. Екеуінің өне бойлары өртеніп, ерінге ерін тигізе алмайды. Татьянаның көрісуге шыдамаспыз дейтіні сол хикаямен ағайындас. “Ләйлі-Мәжнүн” дастанымен таныс қазақ Татьянаның ғашықтығы Ләйліден кем соқпайтынын түйсініп, тебіренері сөзсіз. Ләйлі мен Мәжнүннің ғашықтық дертін тартуы Алланың бұйрығы болғанда, Татьяна “тағдыр араздығына” шағынады.
Онегин сияқты Татьяна да қазақ құлағының құрышын қандыратын орамды, образды тілмен сөйлейді.
Қаймақ еді көңілімде,
Бізге қаспақ болды жем.
Екі сөз жоқ өмірімде,
Мен де – сорлы бақыты кем. (1 том.76 б.).
Мұхтар Әуезов жазғандай, Абай орыстың дворян қызына қаспақ қырғызып қояды. Аудара қалғанда да орыс тіліне оншама кіріге қоймайтын ауыспалар. Қаймағы – сүйгені Онегин. Қаспағы – жат босаға.
Эпистолярлық романның ұлттық бояуын, тілі мен қоса ділін мейлінше қандырған Абай шығармасында әлеуметтік проблема да қоя білді. Кейіпкерлердің жеке өмірімен қатар, қоғамдық-әлеуметтік қатынасы өлең-роман жанрының бойына шақ қалыпта кесіліп пішіледі. Өмір сүрген заманының кескін-келбет сыйқы кейіпкер көзімен бағаланады. Онегин Татьянаның хатына қайтарған жауабында өзі туралы: “Соққы жедім сұм заманнан, Бір жылы сөз ем емес” – дейді.
Сұм заман автордың өзінің де сыбағасына тиген заманы. Абайдың Көкбай боп жылайтыны лирика жанрының ежелгі дәстүріне қатысты. Онегин Абайдың Көкбайы сияқты автордың өз көзқарасын білдіретін протоганист геройы. Көкбайдың жыламасқа амалы жоқ. “Мынау азған қу заман қалыбында тұрмайды” . (Абай. 2 том. 48 б.) Онегин шері, сайып келгенде, автордың өз шері. Абайдың бір өлеңінде “Ішім өлген, сыртым сау” (Сонда. 104 б.) деп толғанғаны Онегиннің: “Ішім өлген, құр денем сау” дегенімен орайлас.
Онегин махаббат сергелдеңіне түсіп жүрген адам бола тұра, замана бет алысын қапалана, қайғыра ойлап жүрген кең зейіннің, терең сезімнің кісісі. Кейіпкер өзін өрттен қалған көмірге балайды. Пенде көрген бар қызықты ішкен сұм жүрегі өмірден айнып біткен. “Бүгінгі дос – ертең жау” деп сарнайды. Мұны қалай түсінеміз? Өзін өсіріп тәрбие берген қоғамнан кейіпкер неге безінеді? Эпистолярлық роман адамзат қоғамының шешімі қиямет проблемасын ұтымды қоя білген.
Заман мен адамның, қоғам мен жеке тұлғаның бітіспес арпалысы шағын романда Онегиннің жан қасіретін шегуі барысында берілген. Абайдың бұрын да аз қаузамаған тақырыбы.
“Интернатта оқып жүр” деген өлеңінде Абай қазақ жастарының шенеунік болуды дәреже көретінін, жан байыту қаперіне кірмейтінін ашына сынай келе, Толстой қазақ жастарының бірінің ойында жоқ екенін үлкен мін санап күйінеді. Абайдың Толстой есімін жас буынды тәрбиелеу мәселесімен байланыстыруының өз мәні бар. Толстой заманынан түңілген адам. Жас ұрпақтың Толстойды білсе екен дейтін тілегі ендігі ұлан дүниеқоңыздылыққа салынбаса екен, жанын бақса екен деген ақ арманнан туған.
Онегин бар қызықтың, сән-салтанаттың бәріне кеңірдектеп тойғанда ғана барып, дүниенікі дүниеде қалатынын түсінген. Әуел баста тән рахатын ғана ойлап, жан әлемін жүдетіп алды. Күні ертең Татьянамен бас қосса, аз уақыттан соң некеліктен жалығып (“жалқып”) шыға келетініне көзі жетіп тұр. Онегинмен типтес – Лермонтовтың Печорині Бэлаға қолы жеткен соң, біраздан кейін кешегі махаббатынан суына бастамай ма? Печорин де Онегин тәрізді басын тауға да, тасқа да соғады, бірақ еш жерден көңілі жайланатындай орын таппайды. Бэла қазаға ұшырағанда аз-маз опынған болады. Біраздан соң бір бәледен құтылдым ба дегендей жеңілдеген қалып көрсетеді. Өмірден жерінуі жаны жұтаңдығынан.
Қазақ ақыны пікірінше, адамзат керуені (бір ғана қазақ елі емес) даму бағытын дұрыс ұстанбай отыр. Қарын қамына беріліп, рухани жұтаңдыққа ұшырауда. Бүкіл дүние қауіпті дағдарыста. Қай тарапқа қаңғырарын білмейтін Онегин бейнесінің астарында, міне, осы әлемдік бәлелі құбылыс жатыр.
Романның эпосқа тән кең құлаштылығы, нақтылы өмірмен байланысы осындай болғанда, жеке адам характерін жасау жағынан қалай көрінеді? Міне, бұл рөлді адамның ішкі жан дүниесінің шетсіз-шексіз құбылыстарына тіл бітіретін Абай лирикасы әдемі атқарып шыққан. Өлеңмен жазылған эпистолярлық шығармада төңіректе өтіп жатқан әлдене оқиға бөлек баяндалмайды. Оның бәрі психологиялық талдауға сіңіп кеткен. Сырт оқиғаның табы яки эпостық тағы бір белгі кейіпкерлердің жан сілкініс-тебіреністерінен, рухани өзгерістерінен бой көрсетеді.
Кейіпкер тірі жанның ісін істеп өмірден өз орнын табуға талап етпейді емес. Тәңір бұйрығымен (“Құп кіріптар қылды Алла” (2 том. 45 б.). Онегиннің сахара шөліндей сарғайып біткен көңіл даласына кенет көк бітеді. Жүрегіне махаббат өрті түседі. Татьяна хатының әсері тегін кетпеген. Қыз хатының сезімге түскен шоғы қауға түскен ұшқындай лап етіп жалындайды. Ғашық Онегин бұрынғы тәкаппарлығынан, өркөкіректігінен айырылып, бір кезде бетін қайтарған қыздың аяғына жығылады. Бұған дейін Татьяна ерік өзіңде деп қиылса, енді жалбарыну кезегі Онегинге тиеді. Не қылсаң да ерік өзіңде деп өмешесі өшіп, хат жазады.
Роман сюжеті шарықтау шегіне жетеді. Махаббат отына шарпылып, сұм тіршілікте жанына өзінен басқа бір дос, серік тапқысы келген кейіпкер, әлде бір философ-идеалистке ұқсап, алыс, көз ұшындағы жарық сәулеге қол созған. Ғашығының раушан сипатын тез көруге ынтығып, үздігеді. Піскен алмаға уақытында қол созбағанына өкініп, гауһарының қадіріне жетпегенін мойындап, тағдырын қыз қолына тапсырады.
Сөйтіп, бастапқыда Пушкин мен Абай романдарының бір арнада аққан сюжет өзені сағасына тақағанда жылғаланып, екі тарамға бөлініп тынған. Эпистолярлық роман сюжет ағысы характердегі зор әлеуметтік-қоғамдық сипатты мазмұнға, ондағы автор ойына қарай бет бұрған. Адам мен адам қатынасы яки сюжет Абай романында трагедиямен аяқталады. Уақыт теперішінен жапа шеккен кейіпкердің сюжеттік жолы тартысқа толы. Бірін бірі сүйсе де қосыла алмайтын Онегин-Татьяна арасын басқаша не деуге болады? Сюжет кейіпкерді жегідей жейтін философиясынан трагедиялық тығырыққа тіреледі. Бұл жерде Абай сюжеті қасірет-қайғыға соқпай қоймайтын әлемдік әдебиет дәстүріне сүйеніп отыр.
Эпистолярлық нұсқадағы Онегин тағдырындай тағдыр ХVІІІ-ХІХ ғасырдағы әлем әдебиетінде аз суреттелмеген. Гетенің “Жас Вертердің қасіреті” атты эпистолярлық романы мен қазақ ақынының бас кейіпкерлері тағдырлас, мұңдас. Онегин сықылды Вертер әуелден-ақ: “Я не вижу иного конца этим терзаниям, кроме могилы!” (Иоганн Вольфганг Гете. Собрание соч., в десяти томах. Том 6. М., “Художественная литература”. С. 47) дейді. Пушкин романындағы Онегин Татьянаға жазған хатында күйдім-жандыммен тынады. Өлем деп айтпайды. Соңғы кездесулерінде Татьянаның бет қайтарар сөзін есіткен соң ләм демей төбеден ұрғандай қалшиып тұрып қалады. Ал, Абайдың Онегині “Сен бетіңді әрі бұрсаң... Біздің орын – қара жер” дейтін Вертер секілді тағдырына мойынсұна береді.
Вертер “А мы от своей образованности потеряли образ человеческий!”(Гете. Том. 6., С.66) – деп күйінеді. Абай Онегиннің өзін: “бұл заманның қашқыны” санайтыны, “тәтті дүние көңілінен кеткендігі” (Абай. 2 том. 44-45 бб.) – өмір сүріп отырған қоғамға Вертер репеттес наразы.
Қазақ эпистолярлық романының “Вертерден” елеулі өзгешеліктері де бар. Әсіресе, жанрлық Һәм сөйлеу тәсілі жағынан. Ақын Гете шығармасында прозаға жүгінген. Тағы бір айырмасы – “Вертер” түгелімен бас қаһарманның қолымен (“Баспагерден” деген бөлімді есептемегенде) жазылған хаттан тұрады. Сол себепті бір жағы лирикалық, екінші жағы монологтік нысандағы туынды. Бұл жөнінде В.Вильмондтың “Вертерге” берілген түсініктемеде айтқан пікіріне толық қосылуға болады.
“...В то время, как в романах Ричардсона, Руссо... общая повествовательная нить плетется целым рядом корреспондентов и письмо одного персонажа продолжает письмо другого, в “Вертере” все написано одной рукою, рукою заглавного героя (за вычетом приписки издателя). Это сообщает роману сугубую лиричность и монологичность”. (Сонда. 465 б).
Абай романында бас кейіпкер екі түрлі тәсілде бейнеленген. Басында характері автор тарапынан сарапталады (“Онегиннің сипаты”). Ал, Онегин мен Татьянаның ішкі өмір-тірлігі олардың өздерін сөйлету тәсілі арқылы бейнеленген. Бұл жағынан “Вертерге” ұқсас болғанымен, өзгешелігі көбірек.
Татьяна мен Онегиннің хат алмасуы жан дүниеден жалындап шыққан сөзден тұрады. Жан сөзі өзіне емес, өзгеге арналады. Ішкі лирикалық тебіреністер кейіпкерлердің бір-біріне қаратып айтқан ғашықтық сөздерінен, өкпе-назынан туындайды. Гетенің эпистолярлық романы бүтіндей бас кейіпкердің монологына құрылған. Вертердің хаттарынан белгілі болатыны, Лотта екеуі жиі жолығысып тұрады. Лоттаның сол кездесулердегі сезім-күйлері монолог сипатында әрі эпостық мәнерде жазылған хаттарда суреттелген. Екі жастың қол алысқанын, бір біріне қалай қарағанын, қай жерде қалай кездескендерін бипаздап әңгімелеуге, шегініс жасап, оқиғаны тежеп, енді не болар екен дегізіп ынтықтыруға прозаның жаны құмар. Ал, лирика табиғаты бәрін түгендеп, тәптіштеп суреттеуді оншама көтере бермейді. Қазақ нұсқасындағы Онегин байғұс сүйгенін бір көруге зар.
Қазақ эпистолярлық романында образдылық ағыстан гөрі лирикалық ағыс басым. Онегиннің хаттарынан Татьянаның бет әлпетін анық айырып “көре” алмаймыз. Хат Татьянаға жазылып отыр. Бірақ қыздың портреті тым сараң, жалпылама шыққан. “Гауһарым”, “Піскен алма”, “ақ жүрек”, “ақ жүзің” деген ауыстыруларды есепке алғанның өзінде де, образдың нақтылы келбеті бұлдыр. Олай болуының өз себебі бар. Поэзия үшін “алтын иек, сары ала қыз” (Абай осылай мұқататын еді ғой) кескінін тәптіштеп түгендеп жатудың қажеті шамалы. Сүйген жүрек сырын ағыту ғашық образын жасауға әлдеқайда тиімді. Абай сол ежелгі поэзиялық заңды мүлтіксіз басшылыққа алған. Онегиндей кеудесіне нан піскен кісіге “Михрабым сен, бас ұрамын” дегізген сөзінің өзі ғашық әйелдің қандай екенін жүрек көзімен көріп ынтығуға жетіп жатыр. “Қақтаған ақ күмістей кең маңдайлы” деген бет пішіні ғана сұлу қыздан гөрі “Көзімнің қарасы” деген ішкі монологта, жан түкпіріндегі ең аяулы, ең сүйкімді сезімдерге тіл бітірген қыздың көркі әлдеқайда қымбат көрінетін сияқты.
Романдық лирикалық ағынның және бір ерекшелігіне бақсақ, хатпен жазылған туындыда ескі эпосқа тән бірсыпыра белгілер байқалмайды. Кейіпкерлердің іс-әрекеті, ғашықтық хикаялары Ләйлі-Мәжнүн дастанындағыдай жырланбайды. “Біле ме біздің қазақ ғашық жайын, Ұқсаңыз білгенімше сипаттайын”-ға (Шәкәрім Құдайбердиев. Шығармалар. Алматы. “Жазушы”. 1988. 349 б.) жатпайды. Эпистолярлық роман өлеңмен жазылса да, бұл машықты сөз оған үйлеспейтіндей. Онегин мен Татьянаның көңіл күйлері жырланбайды (не воспевается). Қыз бен жігіттің шері, жалындап сүйген жүректері өздері жыр ағытып, нөсердейін құйылып тұр. Олар есіліп майысқан мұңды-шерлі көңіл күйлерін “өздері” шертіп бейнелейді.
Абайдың лирикалық романының драмалық тектілікке де қатысы бар. Өмірден баз кешкен Онегиннің аяқ астынан ескі жараны білтелеп, ескі сертінен тайып өзгеруі, тірі адам қалыбына еніп, бойына қан жүгіріп, алас ұруы, жан айқайына көшуі лириканың драмалық әрекетшіл сюжетін қоюландырып мейлінше тартымды етіп тұр. Ғашық жүректің ауыр қасірет күй-жайы яки лирикалық ағын күші зор поэтикалық қуатпен тасқындайды.
Өлі бойға жан жүгірді,
Қайратым құрыш болды, нан.
Мұз жүрегім май сықылды
Еріп, от боп күйді жан. (Сонда. 44 б).
Жат жұрттық боп кеткен, бірақ әлі де сені сүйемін дейтін Татьянаға арнаған Онегиннің соңғы сөзінде лирикалық ағын драмалық қимыл-әрекетке ұласады.
Жарым жақсы киім киіп,
Келді жанға жылы тиіп.
Диуана болды бұл көңілім,
Басылмай бір құшып сүйіп.
Бойым тұр дал болып иіп,
Көңілім жүр құс болып шүйіп.
Есіркеп сүйгізіп еді,
Кетіппін жүз есе күйіп. (2 том. 54 б.)
Онегиннің қияли көңілінде ғашығы жақсы киім киіп келген. “Жақсы киім” нақтылы образға жатпаса да, кейіпкердің көңіл бұлтында екі жастың кездесуі әсері жағынан нағыз театр... Қазіргі тілмен айтқанда, виртуалды мизансцена. Ішкі күй-жайдың елесі. Ақтық көрінісі. Онегин есінен адасуға жақын. Шала-пұла сандырақтай бастаған. Тек өлім алқымынан алып шеңгелдегенде ғана көзін ашып жалған дүниеге бір сәт қайта оралғандай. Ақырғы демі таусыларда айтқаны: “Бір бұрмадың мойныңды”. Сүйгеніне өкпе-назы. Оған енді қайтып оралып түзеле алмаспын дейтін шағымын қосады. Эпистолярлық роман драмасының соңғы актісінде амалы құрыған бас қаһарман “Атам, анам қара жер, Сен аша бер қойныңды” (Сонда. 54 б.), – деп жарық дүниемен қоштасады. Сорлыны жалғыздықтың жегі құрты жей-жей қиып түседі.
Абайдың романында өлім тақырыбы жайдан-жай тумаған. Қазақ версиясындағы Онегин өмірден орын таба алмай жүр. Қоғам оған жон арқасын береді. Болашағы және жоқ. Жалғыздық – қоғамнан әртүрлі себептермен сырттаған адам дерті. Драматизмі, тартыстың әлегінен жол таба алмай құсаға ұшырауы. Оның әлеуметтік һәм моральдық астары бар. Жалғыздық коллизиясы Абай шығармаларынан үзілмеген тақырып. Өтемістен он едік дегендей, Абай да он ағайынды. “Сегіз аяғында” жалғыздық көрер жерім жоқ дей келе, “Моласындай бақсының Жалғыз қалдым — тап шыным!” (1 том. 123 б.) деп кенет қайғыға салынады. Абай жалғыздыққа ұшырағанын “Сөзін ұғар елі жоқтығымен” түсіндіреді. Онегиннің қасіретті ахуалы – еш жерден орын таппай сергелдеңге ұшырауынан. Себебін өзіне теріс қарайтындардың жаулығынан деп біледі.
Абайдың эпистолярлық романында жалғыздық проблемасына байланысты айтқан ойлары қоғам мен адамның жарастығын көксейтін идеядан нәр алады. Қоғам адамға не адам қоғамға қас болса, жалғыздық ондайдың мойнын астынан келтіреді. Сыңарыңнан айырылу да жалғыздықтың бір парасы. Онегин осы екі түрлі жалғыздықтың екеуінің де уын ішкен адам. Сондықтан бұл Онегиннің – эпистолярлық романның бас кейіпкерінің жалған дүниені талақ етпесіне шарасы қалмаған. “Ғақлияның” отыз жетінші сөзінде Абай: “Жалғыз қалған адам – адамның өлгені. Қапашылықтың бәрі соның басында” (2 том. 183 б.) деп тегіннен тегін жазбаған. Бұл тезистің даналығы қазақтың және бір сұңғыласы – Сәкен Сейфуллиннің “Аққудың айрылуы” поэмасында поэтикалық анық ұсталықпен қуатталғаны мәлім.
Жалғыздық Құдайға ғана жарасады. Адамға жұпсыз күн жоқ. Алла солай жаратқан. Татьянаның “Осы екен ғой – сол” дейтіні іштей көп арман еткен сыңарын тапқаны. Махаббат дегеніміз Алланың жалғыздықтан құтқаратын сыйы. Сол сыйдың рахатына бөлену үшін адам не істемейді. Татьянадай он екіде бір гүлі ашылмаған ару шарасыздыққа ұшырап беттің арын белбеуге түйгендей болады.
Амал жоқ – қайттім білдірмей,
Япырмау, қайтіп айтамын?
Қоймады дертің күйдірмей,
Не салсаң да тартамын.
Татьянаның Онегинге жазған хатының алғашқы шумағы. Бір ғана шумақтың аясына романдық, психологиялық реуішті қаншама динамика, өзгерім сыйып кеткен. Татьянаның ішкі образы лирика толқынында қайың қабығындай қалқиды. Түрлі еңісті-дөңесті күйге түседі. Шумақтың төрт жолы ішінде қыз төрт рет құбылады. Және күрт құбылысының бәрін – көркем шындықтың көкесіндей қабыл аласың.
Шумақтың алғашқы екі жолынан көз алдыңда бетінен моншағы үзіліп тұрған қыз бейнесі көлбейді. Ұялшақ, ұяң бұрымдыға жаның ашиды. Бірақ сол байғұсың шумақтың соңғы екі жолында кілт өзгеріп шыға келеді. Махаббаттай жеңілуді білмейтін күштен қуат алып, тәуекелге бел байлайды. Бар жүкті нәп-нәзік иығымен көтермекке ниет еткен Татьяна қайратына сенесің, шешімді мінезіне сүйсінесің.
Лирикалық тебіреніс – жас жүректің толқыны. Онегин жауабында қыз хатының әсерін солай бағалайды. Таңғажайып хаттың әдептілігін, шыншылдығын атап та өтеді. Татьяна “мен сені сүйемінді” баттитып төбеден түскендей етіп айтпайды. Сүйетінін “Болмасам ашына мен сізге, Түспес ем мұндай бейнетке” деп орағытып айтады. Бірақ жігіттің құлазыған көңілі бастапқыда қыздың “ием – сенсің өлгенше” деген антына мән бермейді. Абай “Жарқ етпес қара көңілім не қылса да” өлеңінде “Шыдайды риза болып жар ісіне, Қорлық пен мазағына табынса да” (Абай. 1 том. 143 б.) — дейтін махаббат гимнін осы Татьяна сықылды сорлы асықтарға қаратып айтқан ба дерсің. Кейін ашыналық айту кезегі өзіне тиетінінен тәкаппар Онегин қайдан білсін.
Татьяна сөзі – оның өзінің ішкі портреті. Психологиялық күрделі, шиелі қатынастардан қаланады. Махаббатына тойтарыс алған балаң, шешімді де кесімді Татьяна жылдар өте келе өзгереді. Онегинді бұрынғысындай сүйгенімен, енді от-жалынды сезім ырқына көне бермейді. Көңілін салқын саналыққа билетеді. Бұрынғы бас иіп табынған кісісін мақтамен бауыздағандай етеді. Екеуін де жапа шектірген астамшылық екенін аяса да бетіне басады.
Татьяна бейнесін қол жетпес биікке көтеретін мінез – ғашығына кінә артпай, наз арта отырып, екеуінің қосыла алмауының ақиқат себептеріне үңіле білетін қасиеті. Қоғам кінәратын түсініп жеткендігі. Онегин жұртынан қамшы жеп, бар тірліктен баз кешкен. Дүние жалғанды талақ еткен. Тоң-мұз жүрегін ғашықтық оты да бастапқыда жібіте алмаған. Өзінінің де сорлы нәсібі неде екенін түсінеді. Осы жерде Татьяна тағы бір үздік қасиетімен көзге шалынады. Ол – биік ар-инабат иесі. Жеке басының кіршіксіздігін, өзін жат қораның тақтасында жатқандай сезінсе де, қол-аяғы бекілген босағаға адалдығын бәрінен жоғары қояды.
“Евгений Онегин” романында Онегиннің Татьянаға жазған хатында және Татьянаның Онегинге жауабында екі ғашықтың жұптаспауы жеке бастарының ебеп-себебімен түсіндірілген. Жігіт жеке басымның бостан болуын аңсап едім, оным қате екен деп опынады. Татьяна бар кінәні Онегиннің өркөкіректігіне артады. Енді тағдырым шешіліп қойғанда, менің соңыма түскеніңізге жол болсын дейді. Сізді сүйемін. Бірақ бөтен кісінің жары болдым. Жар борышынан айныман, деп жігітін соститып жалғыз қалдырады.
Эпистолярлық романда екі ғашықтың қосыла алмауларының түп себебі, қайталаса артықтығы жоқ, қоғам мен адамның бір-біріне өгейлігінде. Оның арты “жапалақты таспен ұрсаң да жапалақ өледі, тасты жапалақпен ұрсаң да жапалақ өледіге” әкеп соғады. Зардабы адам байғұсқа тиеді. Оны жалғыздық тауқыметіне ұшыратады. Хакім Абайды аз толғандырмаған ғұмырнама пәлсапасы. “Абай это рассуждение о жизни и смерти, вот что такое Абай” (Николай Анастасьев. Небо в чашечке цветка. Алматы. Өлке. 2004. 14 б.) деушілердің пікірін қуаттайды.
Тағы да бір себеп төркіні — бас кейіпкер Онегиннің характерінде. Адамзатқа жер ортақ, су ортақ. Бәрі бір күн шұғыласында өседі. Бірақ әр перзент дара жатында жаратылмақ. Сол заңдылық көркем шығармаға да тән. Эпистолярлық романның көркемдік төлтумалық бітімі қаһарман характерінен туындайды. Характер – сюжет моторы. Кейіпкерлердің ара қатынасын өрістететін қозғаушы күш. Абай Онегині: айттым – болды, піштім – кесілді дейтін шешімінде қатып қалатын тұлға. Татьянаға турасын айтады. Адам бір өзінен басқа дос таппаса, өлген артық, бетіңді әрі бұрсаң, “шықты көзім, болдым көр” (Абай. 2 том. 45 б.) – дейді. Сол сөзінде тұрады. “Онегиннің өлердегі сөзін” айтқызушы – эпистолярлық романның бас кейіпкерінің қайсар характері.
Бар басылымдарда эпистолярлық романның ақырғы бөлімі – “Онегиннің өлердегі сөзі” тақырыбының қосалқы анықтамасы жақшаға алынған (“А.С.Пушкиннен)” деген сөзден тұрады. Бірақ Пушкинде ондай сөз жоқ және болуы да мүмкін емес. Пушкиннің Онегині – басқа характер. Бұл да мінезді бейне. “Я знаю: в вашем сердце есть И гордость, и прямая честь” (А.С.Пушкин. Соч., в трех томах. Том 3. Госиздат художественной литературы. М., 1964. С. 158), – дейді Татьяна сүйгенімен мәңгі қоштасар мезетте. Бірақ бұл Онегин реализмнің басқа шәрбетінен суарылған. Жар құша алмадым деп, Вертер я Қайыс сияқты “мәжнүнше” мүжілмейді. Романның Пушкин жазып бітіріп үлгірмеген оныншы тарауында ол декабристер қозғалысына қатысуға тиісті. Әлі жігер-қайраты кеміп таусыла қоймаған, бар өмірі – алда.
1937 жылғы мақаласында Мұхтар Әуезов Абайды Онегин образын түсінбеді деп сынайды. “Егер терең бойлап, Онегин образының логикасын түсініп, тамыр-түбін абайласа, аударманың аяғында оған мылтық ұсынып “енді өзіңді өзің өлтіруің-ақ қалды” деп дәмеленбес еді” (Мұхтар Әуезов. Жиырма томдық. 17-том. Алматы. “Жазушы”. 64 б.) – деп жазады. Абайдың бір қателескен жері, бірінші тарауда берілген сыпаттаманы ескермеген, дейді. Ескермегені рас. Оны бас абайтанушымыз дәл басып айтқан. Тек ол Абайдың “қателескен жері” емес, Онегин характерін өзінше алып бейнелеген ең табысты тұсы. Мұхтар Әуезовтің “эпистолярлық роман” деген анықтамасы тіліне сол кезде іліксе, бұл сынының орынсыздығын бас абайтанушының өзі де аңғарар еді.
“Татьянаның қырдағы әні” “Абай жолы” роман-эпопеясының кейінгі басылымдарында “Биікте” деп аталды. Татьянаның мұңына Пушкиннің өзінен кем соқпайтын тіл бітірген Абай, айтты-айтпады, эпистолярлық романында шығармагерлік шыңына көтерілген еді. Иә, Абайдың эпистолярлық романы замандастарының көңілінінің төрінен орын тапты.
“— Қайран Татьяна, қазақ қызынан да мұңдасыңды таптың ба! Талай шыншыл жасқа тіл бітірер-ау! – деген еді Ысқақ”. (Мұхтар Әуезов. Шығармаларының елу томдық жинағы. 23-том. 2005. 439 б.).
Шыншыл жасқа тіл бітірген, әрине, авторы. Абай хат түрінде жазылған шығармасымен күллі әдебиетімізді жанрлық жаңа өріске шығарды. Әдебиетімізде роман шымылдығын ашты. Сайып келгенде: дүние жалған, тағдыр тәлкегі тақырыбын қаузау арқылы өлең-хаттың эпикалық тынысын тереңдетті; махаббат драмасын лирикамен астастырды; ұлттық-поэтикалық соны дәстүрге жол салды. Қазақ өлең шығармасын роман етіп сөйлетіп, жаңа жанр тілін сындырды, стилін қалыптастырды; адамның ішкі өмірін, жан сырын жыр етіп төкті; психологиялық талдау өнерін бастады; ақжолтай болып, қазақ топырағында роман бәйшешектерін қаулатты.
Қазақтың “Бақытсыз Жамал” (1910), “Қалың мал” (1913), “Қамар сұлу” (1914) секілді алғашқы романдарының бас тақырыбы – тұрмыстық тақырып: әйелдің бас бостандығы. Жамал, Ғайша, Қамар арулар әрқайсысы дара туса да, Татьянамен мұңдас, армандас еді.
Поэзия көшінің тең-тең мүлкін шешкенде де айтулы шығарма әдебиетіміздегі өлең-роман жанрының алдында тұрғанын байқамауға болмайды. Мағжан Жұмабаевтың “Батыр Баяны” (1923) поэма аталады. Шын мәнінде ол – жаңа эпос. Роман жанрының бар қасиеті бойынан табылады, әсіресе психологизмі, суреткерлігі.
Дихан Әбілевтің “Алтай жүрегі” (1955), Софы Сматаевтың “Жарылғап батыр” (2000) сияқты өлеңмен жазылған романдары – ел өмірінің қиын-қыстау кезеңдеріндегі тарихи оқиғаларды, кешегі шындықты айнытпай жеткізетін арнасы құнарлы шығармалар. “Алтай жүрегін” Мұхтар Әуезов “мәйегі тоқ” роман деп әділ бағасын беру үстінде, кемшілігін қайсы эпизодтардың созалаңдау, жасандылау, қайсыбір оқиғалардың себептері нанымсыздау жағынан көрген. Сөз суреттілігіндегі алақол міні де байқалмай қалмаған. (Сонда. 19 том. 290 б.). Софының “Жарылғап батыры” да лайықты (Қазақ әдебиетінің тарихы. Тәуелсіздік кезеңі. (1991-2001 жылдар). Алматы. “Қазақпарат” 2006. 90-99 бб.) бағасын алып үлгерді.
“Онегин – Татьяна” романы күні бүгін жазылғандай толқытады, баурайды. Әдеби процестің қай кезеңінде де оның әсері ерекше. Әзілхан Нұршайықовтың бір романы “Махаббат, қызық мол жылдар” (1970) деп аталып, Абай өлеңінің жолын қайталаған. Ал, осы романның Меңтай мен Ерболдай кейіпкерлері тағдыры жағынан Татьяна мен Онегинге ұқсайды. “Тәңірі қосқан жар едің сен, Жар ете алмай кетіп ең” дейтін Татьянаның өкінішті зарын қайталайтындай. Тағы да бір қазақ романында Гете мен Абай екі жастың махаббат отын маздатуға себепкер. Осының бәрі кездейсоқ үндестікке жатпаса керек.
Абайдың эпистолярлық романының жарияланғанына енді бір-екі жылда ғасыр толады. Ғасыр бойы ол жан жадырататын, рух демдейтін құдіретті поэзиясына бөлеп келеді.
Авторы: Шериаздан ЕЛЕУКЕНОВ.
Достарыңызбен бөлісу: |