АДАМ КАПИТАЛЫ – МЕМЛЕКЕТ ДАМУЫНЫҢ БАСТЫ ФАКТОРЫ
Керімбек Ғ.Е. э.ғ.к., доцент м.а.
Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті
Дулатбекова Ж.А., э.ғ.к.доцент м.а.
Керимбек А.К. магистр
Қазақстан, Астана қ.
ҚР Президентінің 2012 жылғы 14 желтоқсандағы «Қазақстан-2050» стратегиясы қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты Қазақстан халқына Жолдауында «Біздің адам капиталын дамытудағы ұзақ мерзімді салымдар саясатымыздың арқасында қазіргі талантты жас ұрпақты өсірдік» деп атап өткен болатын [1].
Қазіргі кезде адам ресурстарын тиімді қолдану мәселесі өзектi болып табылады. Сондай-ақ бүгінгі таңдағы экономикалық жағдайда шешуші рөл адамдікі, сондықтан адам капиталын жан-жақты қолдану қажеттігі туындайды және туындап отырады.
Мемлекеттің экономикалық стратегиясының бағыты мен басымдылығын таңдауда жеткізуші мақсаттық қойылымды айқындап, әлемдік беталыстарды ескере отырып, қоғамдық өмірде және жалпы экономикада не болып жатқанын білу керек. Бүгінде қоғамдық дамудың басты факторы болып ғылыми-техникалық жаңару емес, адам сапасы тұр.
Сонымен қатар жаңа менталитеттiң құрылуы мен экономикалық қайта өңдеудiң, шаруашылық жүргізуші субъектiлердiң іс-әрекетiнiң бiрi − адам капиталы теориясы, ол қазiргi кездегi нарықты экономика жағдайын есептеп, ондағы ғылым саласы мен бiлiм берудің орнын анықтайды, халықтың әлеуметтiк қарым-қатынасын құрудағы тұрақты теориялық база болады.
Бүкіл әлемдік жүйедегі болашақ орны мен рөлі адам капиталының сапасына байланысты. Өтпелі кезеңде әсіресе адам дамуы мәселесі кең өріс алуда. Адам капиталы мәнінің өсу тұжырымдамасы адамды басты мақсат ретінде қарастырады, мұның мәні қоғамдағы оң өзгерістер мен экономикалық көрсеткіштердің өсуі адамның негізгі қажеттіліктерін қамтамасыз етуге әсер етуі және ерікті таңдауға мүмкіндік ашуы қажет. Ал адамда өз әлемін басқару үшін өзін-өзі басқару мүмкіндігі мен ынта жігерін дамытуға негізгі күштің бәрі бағытталу керек.
Сонымен бірге адам капиталының сапасы да білім деңгейіне байланысты. Ал енді білімнің рөлі ғылыми-техникалық прогрестің дамуы мен механизацияланған және автоматтандырылған еңбек үлесінің ұлғаюына қарай жоғарылайды.
Қазақстанда объективтік жағдайларға байланысты адам капиталының тапшылығы бар, сол себепті саны жағынан жетіспеушілікті толтыру үшін сапасына ерекше талаптар қойылып отыр.
Кез-келген елдегi бiлiм беру жүйесi – ұлттық мәдениеттiң және танымның көрсеткiшi болса, ол экономика, саясат, мәдениет саласындағы өзгерiстердi көрсетiп қана қоймастан, өзгерiстерге де әсер етедi. Сондықтан бүкiл әлемде бiлiм тұлғаны әлеуметтiк-экономикалық үдеріске тиiмдi қатысуын қамтамасыз ететiн негiзгi фактор болып саналады және бiлiм беруге ерекше назар аударылады.
Жаңа жиырма бірінші ғасыр өзінің әлеуметтік-экономикалық кеңістігіне шықты, оның орталығында өзінің табиғи және жинаған мол қасиеттерімен, атап айтқанда мүмкіндік, іскерлік, өмірлік мамандық тәжiрибесімен адам тұр.
Ел дамуының стратегиясын дұрыс таңдап оны әрi қарай дұрыс жүзеге асыру кезінде және ең бағалы ресурсы – адам капиталын дұрыс қолдана алудан Қазақстан Республикасындағы экономикалық реформа нәтижесі мен болашағы шешіледі.
Егеменді Қазақстан мемлекеті үшiн дамудың жоғары сатысына жеткен деңгейдi тұрақтандыру және әрi қарай бiлiм беру саласын дамыту болып табылады.
Қазақстан Республикасындағы адам капиталының дамуын және оның құрылуын зерттеуде негiзiнен мынадай алға қойылған мәселелерді шешу қажеттілігі туындайды: адам капиталы – экономикалық категория; адам капиталы – соған салынатын инвестиция негiзi; адам капиталының жүйе құрушы статусы теоретикалы экономикалық зерттеу пәнi; адам капиталы теориясының көзқарасы тұрғысынан бiлiмге салынған инвестиция; адам капиталының қазақстандағы бiлiм беру компонентi; бiлiм беруге салынған салымның адам капиталына тиiмдiлiгi;
Қазақстан Республикасының бiлiм беру саласындағы жетiстiктері мен кемшiлiктерi.
Қоғамды жаңғыртуың негізгі шарты ретінде жаңа әлеуметтік біліктілік пен рөлдерді адамдардың игеруін атай отырып, сонымен қатар қоғамның ашықтығын есепке ала отырып, адамдардың әлеуметтік іс-әрекетінің мәдени дамуы, олардың жедел ақпараттануы, өзгерістер серпінінің өсуі бола алады.
Ал енді адам капиталын қоғамды жаңғырту үшін қолданудағы жақсы жақтары төмендегідей:
құндылықтар құру арқылы нарықтық ортада әлеуметтік мәселелерді жеңілдету;
негізгі әлеуметтік жетістіктерді, экономика және әлеуметтік қатынастар саласындағы тәжiрибелік біліктілікті игеру арқылы өзінің және қоғамның жағдайы үшін жауапкершілікті нығайту;
алкогольді өнімдерді тұтынуға, нашақорлықтың және қылмыстың тарауына қарсы тұру, қоғамға жат қылықтарды болдырмау;
жас өспірімдердің әлеуметтік және экономикалық рөлдерінің жедел өзгертуін игеру арқылы, соның ішінде денсаулығы шектеу қоятын тұлғаларға арнайы білім беруді дамыту арқылы, әлеуметтік шығу тегіне қарамастан талантты, білімді жастарды қолдау арқылы қоғамдағы әлеуметтік мобильділікті қамтамасыз ету;
жастарды ғаламдық әлемге, ашық ақпараттық құрылымға кіруiне қолдау көрсету.
Қоғам өзіне инвестиция құйып, білім алатын әр адам үшін еркіндік ресурсы мен таңдауға мүмкіндік беруі тиіс.
Ал енді білімге әлеуметтік тапсырыс мемлекет тарапынан жасалатын тапсырыс ғана емес, жанұя және кәсіпорындардың қызығушылығының да жиынтығы болу керек.
Егеменді мемлекетімізде адам капиталы мен оның өзектілігі жөнінде аз айтылып жатқан жоқ. Дегенмен оның тамыры тереңде жатыр.
Ал батыс елдері аталған мәселені әлдеқашан мемлекеттің негізгі саясатына айналдырып алған. Осыған орай адам капиталы біздің елімізде де ұлттық идея ретінде өзінің бағыт-бағдарын түзеуді қолға алды.
2011 жылы Елордада «Нұр Отан» Халықтық Демократиялық партиясының бастамасымен шет елдік инвесторлар кеңесі және «Атамекен» Одағымен» бірлесе отырып «Тәуелсіздіктің 20 жылы: Қазақстан Республикасындағы адам капиталының сапасы мен оны дамытудың болашағы» деген тақырыпта халықаралық конференция өтті.
Бұл бас қосуға Премьер-Министрдің орынбасары Ербол Орынбаев, Парламент депутаттары, орталық атқарушы органдар мен ұлттық компаниялардың, бизнес пен кәсіподақтың, үкіметтік емес ұйымдардың, жоғары және орта кәсіби оқу орындарының өкілдері, Ұлыбритания, АҚШ, Германия, Голландия, Ресей және т.б. елдердің сарапшылары қатысты. Интеллектуалды капиталды дамыту жолдары осы конференцияның төрт секциясында талқыланды.
Бүгінгі таңда елімізде Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың тапсырмасына сәйкес Қазақстан экономикасын дамыған және бәсекеге қабілетті елдер деңгейіне жеткізуді мақсат тұтқан кең
ауқымды бағдарламалар жүзеге асырылып келеді. Соның ішінде үдемелі индустриялық-инновациялық бағдарлама бойынша жоспарланған жаңа жұмыс орындары ашылуда. «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасы бойынша көптеген шағын және орта бизнес кәсіпорындарына қолдау көрсетілді. Сондай-ақ жұмыспен қамтудың жаңа бағдарламасын іске асыру үшін 2011 жылдың өзінде 40 млрд. Теңгеден аса қаражат бөлінді. Осындай аса ауқымды шараларды іске асыруда адам капиталының рөлі айрықша екені даусыз.
Шетелдік сарапшылардың пікірінше «Қазақстанның тәуелсіздік жылдарында қол жеткізген табыстары орасан екенін, соның ішінде экономикалық жетістіктерімен қатар, адам капиталының бағасын түсінуде үлкен табыстарға қол жеткізгенін» атап өтті. Атап айтар болсақ ресейлік ғалым Юрий Адлер «Қазақстанның адам капиталы мәселесін көтеріп жатқанының өзі болашағы зор мемлекет екенін көрсетеді» деді. Ұлыбританиядан келген сарапшы, ғалым Стефан Джон «бұл пікірді қостай келіп, Қазақстанның Орталық Азиядағы көшбасшы ел екендігі дау туғызбайтынын» көлденең тарта отырып, «Сіздердің Президенттеріңіз жүргізіп отырған саясаттың арқасында мемлекет экономикасы табысты дамып келеді. Қазақстанда қол жеткізген жетістіктер аз емес. Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамалары бүкіл әлемде қолдау тауып, жоғары бағаланады, адам капиталының жақсаруына дұрыс қамқорлық жасалынып отырғандықтан Қазақстан экономикасы қарқынды дамып келеді» – деді.
Конференция барысында осындай құнды пікірлер мен жаңа идеялар ортаға салынды. Адам капиталымен қатар корпоративтік, ұлттық және интеллектуалды капиталды дамыту мәселелері де жан-жақты сөз болды. Жиырма жылда мемлекет аймақтың көшбасшысына айналғаны даусыз. Инвестиция көрсеткіштері бойынша да алда келесіздер. Ірі шет елдік капитал Қазақстан экономикасына көптеп құйылуда [2].
Әрине, адам капиталын пайдаланғанда негізінен үш факторға айрықша назар аударылады, яғни біріншісі – жұмыс істеуі, екіншісі – өнімді іс атқаруы, үшінші – бәсекеге қабілеттілігі. Кейінге кезде республикамызда экономикалық дағдарыс кезінде азаматтарды жұмыспен қамтуға үлкен мән берілуде. Бірақ бұл уақытша қамқорлық болғанымен, түйіні шешілмеген мәселелер әлі де жетерлік. Қазақстандағы адам капиталын дамытуға кедергі келтіретін нәрсе – кәсіби стандарттардың енгізілмеуі. Негізінен біздің мемлекет 2020 жылға дейін мектепке дейінгі білім берумен балаларды 100 пайызға қамтуды көздеп отыр. Екі университет әлемдегі ең үздік жоғары оқу орындарының қатарына ілінуі тиіс. Орташа өмір сүру жасы 72-ге дейін өсіп, аналардың өлімі екі есеге дейін, сәбилердікі үш есеге дейін төмендеуі тиіс. Жұмыссыздық 5 пайыздан аспайды деп күтілуде. Мамандардың болжамы бойынша, егер біз осы қарқынмен дами беретін болсақ, аталған көрсеткіштерден де асып түсуімізге мүмкіндік бар. Жасыратыны жоқ, бұрын адам капиталы ұғымы бұрын тек жеке адамның бойындағы бай рухани құндылықтарымен бағаланып, өлшенген болса, бүгінде оған елдің жоғары экономикалық көрсеткішінің бір тетігі ретінде қарарастырылады. Мәселен, жаңадан пайда болған «Білім экономикасы», «Парасатты экономика» деген жаңа, тың тіркестер осының айқын көрінісі бола алады.
Адам капиталы – жеке бір адамның ғана емес, қоғамның азығы. Адам капиталының бірнеше өлшемдері бар екендігі ақиқат. Олардың қатарына демографиялық, әлеуметтік, құқықтық, отбасылық жағдайларды жатқызуға болады. Мәселен, демографиялық өлшем бұл елдегі халықтың саны мен сапасы. Бұл, сөз жоқ, үлкен капитал. Мысалы, Қытай үшін халық санының өсуі Қытай экономикасының дамуына үлкен қиындық туғызса, ал Қазақстанға адам санының өсуі – ол тек жақсылық. Демек, әр елде демографиялық капиталдың жағдайы әр түрлі екендігі даусыз. Сонымен, адам капиталы – сол адамның бойындағы білімнің, тәжірибенің, даналықтың, құндылықтардың көрінісі екендігін де ұмытпағанымыз абзал.
Жеке адамның және мемлекеттегі азаматтардың бойындағы адам капиталын қоғамдық өлшеммен айтқанда ешкім ұрлап та, сатып та ала алмайды. Сондықтан, адам капиталында білім мен тәрбиенің пайдасы көзге көрінбеуі мүмкін. Дегенмен де, бұлар, қоғамның дамуына әсер ететін негізгі өлшемдер. Сол себепті, білікті де білімді және өзіне өзі сенетін адам көптеген жағдайда қоғамды дүние қоңыздықтан, жемқорлықтан қорғайды. Білімді, парасатты адам бірінші кезекте өзінің бойындағы қасиетіне сенеді. Жеке басқа табынбайды.
Ал енді барлық елдерде адам капиталын үш өлшеммен бағалайды.
Бірінші – өмір сүру ұзақтығы. Ең аз өмір сүретін елдерде адамдардың өмір сүру ұзақтығы – 25 жыл. Сондай елдер бар. Мысалы, Африкада. Африкада бүгінде 20 млн.-нан астам адам СПИД-пен ауырады. Сол себепті, мұнда өмір сүру ұзақтығы өте төмен. Ал Еуропаның дамыған елдерінде, Жапонияда бұл көрсеткіш 85 жасты құрап отыр. Бұл – жоғары көрсеткіш.
Екіншісі – ересектердің сауаттылығы және балалардың мектеппен қамтылуы. Әлемдік дерек бойынша 300 млн.-ға жуық бала мектепке бармайды екен. Мұнда да үлкен үлес Африка елдеріне тиесілі.
Үшіншісі – ішкі жалпы өнімнің жан басына шаққандағы үлесі. Мәселен, ең кенже қалған елдерде ішкі өнімнің жан басына шаққандағы үлесі 100 доллар болса, бірқатар елдерде 40-44 мың доллар. Міне, осындай үш өлшеммен БҰҰ жылда әлем елдеріндегі жаңдайды саралап отырады. Қазіргі кезде Қазақстанда өмір сүру ұзақтығы 65 жастан 68 жасқа өсті. Бұрынғы кеңестік республикалардың ішінде дүниежүзі бойынша адам жасының ұзақтығы бойынша Украина – 76, Армения – 83, Грузия – 96, Әзірбайжан – 98, Түрікменстан – 109, Молдавия – 111, Өзбекстан – 113, Қырғызстан – 116, Тәжікстан – 122-ші орында. Осы көрсеткіштерге қарап, әрине, біздің шүкіршілік жасайтын орнымыз бар.
ТМД елдері ішінде Қазақстан ғылымды дамытуда Ресей мен Украинадан кейін үшінші орынға ие болып отыр. Ал, адам ресурсының сапалық деңгейінің көтерілуі – тек ғылымға жете көңіл бөлгенде ғана пайдалы болатындығын естен шығармауымыз керек. Бүгінгі таңда дамыған елдерде ұлттық байлықтың 72,2 пайызын адам капиталы құрайтынын ескерсек, біздің елімізде қолға алатын мәселелер әлі де аз еместігін байқауға болады.
Адам капиталы тұрғысынан ғылымға, білімге, бір адамға жұмсалатын қаржыны есептегенде біз, әрине, әлі де болса жоғары деңгейге көтеріле алмай отырмыз. Бүгінгі таңда тек білім-ғылым, жаңа технология салаларына бөлінетін қаржы Американың ішкі жалпы өнімінің 26 пайызын құрайды екен. Ресейде бұл көрсеткіш – 8 пайыз болса, Қазақстанда – 6,5 пайыз. Қазақстанда индустриялық-инновациялық бағдарламалар жүзеге асырылып жатыр. Осыған орай жоғары деңгейлі инженерлер мен жұмысшылар ауадай қажет.
Міне, сондықтан адам капиталының әлеуетін көтеретін кез келді. Осы мақсатта еліміздің экономикасын дамытуға мүмкіндік беретін адам капиталын дамыту жолында интеллектуалдық элита қалыптастыру үшін іс-шараларды өткізу өте құптарлық іс болып табылады.
Қолданылған әдебиеттер:
ҚР Президентінің 2012 жылғы 14 желтоқсандағы «Қазақстан-2050» стратегиясы қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты Қазақстан халқына Жолдауы.
«Тәуелсіздіктің 20 жылы: Қазақстан Республикасындағы адам капиталының сапасы мен оны дамытудың болашағы» халықаралық конференцияның материалдары.
Достарыңызбен бөлісу: |