АДАМДЫ мақсатына жеткізетін жан қуатының бірі – қайсарлық. Бойындағы барлық қабілетін жұмылдырып, асқан төзіммен өмірлік мұратын тапқан сондай ішкі рухы мықты, сенімі күшті, жан шуағы мол қазақ зиялыларының бірі журналист, профессор Әбілфайыз Ыдырысов. Сәби шағында ашаршылықтың кермек дәмін татып, саяси қысым тұсында әліппені ашып, майдан жылдарында балалар үйіне бауыр басып өскен жалқы жігітті тағдырдың таңдамалы тұғырына шығарған да сол мінезі.
Оны өмірдің өзі төзімді, ұстамды, қарапайым әрі адал етіп тәрбиеледі. Адамның жан сырын терең түсінуге де үйреткен сол өмір мектебі. Әбілфайыз ағамыз қысылтаяң кезеңдегі қысаң соқпақтан өтті және мақсатына жету жолында ұшырасқан тосқауылды айналып кеткен жоқ. Тезімді қайсарлықпен тырмыса жүріп төбеге шығып, төңірегін шолды, тұтқалы тұғырын тапты. Сол тұғырға ешкімге еліктемей және желікпей жетті. Табалдырықтан бастап төрге шыққанға дейінгі саналы ғұмырында сабырын жоғалтпады. Үнемі ез орнын тауып отырды. Төр менікі демеді, босаға жағалап та қалған жоқ.
Ол өмірдің өз ағысымен жылжып отырып профессор дәрежесіне жетті және нағыз профессор ретінде толысты. Оған бүгінгі тәуелсіз мемлекетіміздегі баспасөз құралдарының туын көтеріп отырған министрден бастап қарапайым журналиске дейінгі қаламгерлердің осы Әбілфайыз ұстаздың шәкірті екендігі толық дәлел және профессордың мерейін үстем ететін де сол жандар. Өйткені сол майталман журналистерге алғаш баспахананың иісін иіскеткен де, әліптің басы – һаріптің түр-түрінен хабардар еткен де, макет сызудың машақаты мен маңызын түсіндірген де профессор Әбілфайыз Ыдырысов болатын. Демек, ұстаздың қуанышы – барша баспасөздің қуанышы, ал баспасөздің мерейі – еліміздің мерейі. Ендеше Әбекеңнің мүшелді жасқа толған шағында шәкірттерінің жылы лебіз білдіруі табиғи әрі парызы да.
... Өзі туралы және арғы тегі туралы айтуға өте сараң ұстаздың өмір жолы жөніндегі мағлұматтарды оның тартпасында жатқан «Өмірдерек» атты жазбасынан суыртпақтауға тура келді. Сондағы бір ерекше есте ұстайтын жағдай, жеркепеде туып, жеркепеде жетілген баланың сәби шағында есте қалған елестің бірі – газет сөзін қызықтағаны екен. Дөң басына жиналған қариялардың Әмірғали атты жігітті орталарына алып, оған газет оқыттырғаны, ен аяғы қандай суреттердің басылғанына дейін біліп барып, өзара әңгімеге кірісетіні профессордың жадында жақсы сақталыпты. Сол көрініс оның жүрегіне шоқ салып, түпкілікті мақсатына айналады. Қостанайдағы балалар үйінде тәрбиеленіп, «врачи» мен «враги» деген сөздің мағынасын ауыстырып жазып жүрген «жабайы бала» (ал ол кезде бұл сөздердің қандай саяси астары мен зардабы барын түсіндірмей-ақ қояйық), оны алтын медальмен бітіріп шығады. Мәскеудің университетіне қаражаты жетпеген талапкер Алматыға тартып, кейін өзінін ғылыми отауына айналған ҚазГУ-дің журналистика факультетіне құжаттарын тапсырады. Университет ректоры Төлеген Тәжібаев қабылдауына бес рет шақырып, өтінішіне қол қоймай жібереді. Ол туралы Әбекеңнің өзі:
– Алғаш ректордың алдына кіргенімде математикаға ерекше қабілетті екенімді жөне орысшамның түзіктігін көріп: «МГУ-дің математика факультетіне жолдама берейін», - деді. Келіспедім. Екінші рет:«Мәскеудің авиация институтына жіберейік. Авиаконструктор боласың» - деді. Тағы да көнбедім. Үшінші жолы Түсті металдар институтын ұсынды. Басымды шайқадым. Төртінші жолы Бауман атындағы жоғары техникалық институттың, одан университеттің математика, химия факультеттерін ұсынды. Бас тарттым. Сол жерде жатып кеп ашуланып: «Апырмай, бұл қазақтардың шетінен сот, прокурор, мұғалім, журналист, жазушы, тарихшы болуға құмар келетіні несі екен? Қарағым-ау, бізден авиаконструктор, өндіріс басшысы, завод директоры шықса, – маңдайымызға тар келе ме? 2000 сом және үстеме стипендия бергізейін. Ақылымды ал. Ұлтымыз үшін керек мамандық», дегенде де қасарысып тұрып алдым. Ашуланып отырып «Қабылдансын!» - деп қолын ықылассыз қойып берді. Менің бұл қасарысқанымды есінде қатты ұстап қалса керек. Арада он төрт жыл өткен соң да ұмытпапты.Ол кезде Төлеген Тәжібаев марқұм Министрлер Кеңесі Төрағасының орынбасары болатын. Бас почтаның алдында қарама-қарсы жолығып қалып, тайсақтап бұрыла беріп ем: «Едірісов! Тоқта! Қайда қашып барасың? Қане, Едірісов жазушы болдың ба? - деді. «Жоқ. «Қазақстан пионері» газетінің редакторымын», - дедім міңгірлеп. «Оған да шүкір» - деді де бұрылып кетті. Тан қалатыным, мен сияқты балаң талапкердің тағдырына араласқанын соншама жылдан кейін де ұмытпағаны. Демек, он үш жыл бойы мені қадағалап жүргені ғой. Бұл ұлтының қамын ойлаған ұлы ұстаздарға ғана тән мінез, - деп сүйсіне есіне алады.
Қазақтың рухани мәдениетіне ерекше үлес қосқан Төлеген Тәжібаев іспетті ғұламаның адамға және оның тағдырына деген ілтипатты сезімін Әбекең өз бойына да сіңіре білді. «Аялай білген алақан, соғуды да біледі», - деген ақын Қабікен Мұқышевтің сәтті теңеуі бар. Әбекең өзінің шәкірттерін мәпелей де, тәрбиелей де алды. Сондай-ақ студенттермен өзін тең ұстап, бауырына да тартты. Оған бір мысал. 1969 жылы оқуға түскен біздің курстың қураторы Әбекең болды. Өзінін тікелей тәрбиелеуіне іліккен алғашқы курсы біз болыппыз. Несіпбек Айт, Асқар Егеубай, Жүрсін Ерман, Жанболат Аупбаев, Қошқарбай Жұматай, Төлеген Берішбаев, Айтуған Шәйім, Дәмер Әбіш сияқты бозбала ақындар жарыса өлең оқимыз. Кілең қу сөзге үйір, Әбекеңнің өзі армандағанындай, тек ақын-жазушы ғана боламыз деп буырқанып жүрген бұлаң жігіттер. Журналист, оның ішінде баспахана ісі, һаріптің түрлері, макет сызу, жол есептеу деген пәнді менсініңкіремей кетсек керек. Өзгелері баспахананың иісіне қанық, аудандық газетте істеп келгендіктен де Әбекең кешіріммен қарады-ау деймін, емтихан алғанда мені қатты қинап, тура қырық бес минут сұрақтың астына алды. Әрине, жоғары баға қойды. Қойғанымен де журналистиканың әліппесін кайтып ұмытпастай етіп үйретті. Осы жайды есіне салғанымызда Әбекең осыдан отыз бір жыл бұрынғы қойын дәптерін көрсетіп, әрқайсымыздың қай күні сабаққа келмегеніміз өз алдына, мінез-құлкымызға дейін қағазға түсіріп, кімді қалай жөнге салудың жолын белгілеп қойыпты. Оның ар жағында келесі курстардың да тізімі жүр... лекциясын сондай жеңіл, әзіл араластырып оқитын.
Әр мамандықтың өз құпиясы мен сыр-сымбаты бар.Сырт көзге шебер әрі көп жазатын адам нағыз журналист боп көрінуі де мүмкін. Шын мәнінде кәсіби қаламгердің дәрежесі – басылымның ішкі мәдениетін, безендіру тәсілдерін, мақаланы орналастыру жүйесін меңгеруі мен терілетін һаріпті таңдауы жөне материалдың мазмұнын ашатындай етіп бере білуімен анықталады. Бүл тікелей өндіріспен байланысып жататын процесс. Яғни, бүгінгі таңдағы компьютердің бағдарламасын жасайтын инженердің міндетін атқарады. Міне, профессор Әбілфайыз Ыдырысов журналистерді осы білімге үйретті. Басылым тәсілдері мен безендіру ісіне теориялық тұрғыдан бағамдап беретін журналист ұстаздар бірен-саран ғана. Әбекең сол аздың ішіндегі біреуі жөне бірегейі. Осы ілім саласы бойынша «Жарты ғасыр сапта» (1972), «Газетті безендіру сыры» (1975), «Редактор мен корректорға көмекші құрал» (1978), «Шағын офсеттік машиналар жөне оларды жұмыс істету» (1989), «Фототерім» (1990), «Полиграфия өндірісі» (1991) атты ғылыми монографияларының жарық көруі соның үлкен дәлелі. Журналистиканың әліппесі саналатын басылым мен безендіру әдістерінің қазақ баспасөзіндегі негізін қалаған да Әбекең. Сондықтан да Төлеген Тәжібаев ғұламаның: «Не бітірдің?» - деген сұрағына бұл күндері Әбекеңнің қазақ баспагерлігінің теориялық және тәжірибелік негізін қалаған оқулықтар жаздым», - деп ауыз толтырып жауап беруіне әбден болады. Бұған сол ұстазы байқап қалған математикаға бейімділігі де үлкен септігін тигізгені анық. Ұстаз-профессордың бұл еңбегінің жемісін қазіргі таңдағы республика көлемінде орыс, қазақ тілінде шығып жатқан барлық баспасөз құралдарының бетінен күнде байқауға болады. Соның ішінде «Егемен Қазақстанның» қаламгерлері де бар.
Білім – ұлы қазына. Бірақ та білімді маманның барлығы бірдей шын мәніндегі ұстаз бола бермейді. Ұстаздыққа да үлкен талант қажет. Оқи, тоқи жүріп, шешім қабылдап, әр таланттың өз қырына сай жөн сілтеу үшін тәлімдік психолог болуы шарт. Әбекеннің алдына «сөз өнерінің дертіне ұшыраған» талай талантты жастар журналистика факультетіне (қабілетін көрсететін емтихансыз студенттер қабылданбайды) келіп, талабын ұштады. Ал олардың әрқайсысының өзіндік өмір тәжірибесі, ішкі әлемі, қалаған тақырыбы, жазу мәнері бар. Жоғарыдағы күнделікте соның барлығы тізіліп, талданып отырыпты. Қазақтар мұны: «Ұстаз көргендік» - дейді. Ал Әбекеннің ұстазы – ұлы Мұхтар Әуезов пен Төлеген Тәжібаев, Хайыржан Бекхожин іспетті ғұламалар. Республикалық баспасөздің бірінің редакторы болуға мүмкіндігі бар қарымды қаламгердің ұстаздыққа бет бұруы да сол тәлімгерлерінің тәлімі. Ол өз орнын таба білді деуіміз де сондықтан. Оған бір дәлел: «Лениншіл жас» газетінде жауапты хатшы болып жүрген Әбілфайыз ағамызды Қазақстан ЛКСМ Орталық Комитеті шақырып алып, ғылыми-көпшілік «Білім жөне еңбек» журналына бас редактор болуды ұсынады. Сонда мұндай үлкен қызметке рахмет айта отырып: «Қиялы бай, ғылымның өр саласына жетік, ойы ұшқыр Камал Смайыловты қойыңыздар. Бүл орын соған лайық» дейді. Соның алдында ғана партиялық жазадан өзі құтқарған Камалды бас редакторлыққа ұсынады. Міне, бұл азаматтық қасиет, дәлірек айтсақ бойына туа біткен ұстаздық мінез.
Мұндай мәртебелі ұсыныстардың талайынан бас тартқан Әбекеңнің кейде өз аңғалдығы мен мәрттігіне соңынан өкініп те жүретіні бар. «Бірақ солай істегенім дұрыс екен», - деп нық сеніммен айтады. Соның бір көрінісі өзінін ұлы ұстазы, Мұхтар Әуезов туралы жазған «Іңкәрлік» атты кітабында барынша байыпты айтылған. 1959 жылы маусымның басында таңертең Мұхтар Әуезов Бішкек қаласынан «Лениншіл жастың» редакторының бөлмесіне телефон шалады да: «Әбіл Файыз! мен Шыңғыс Айтматов деген қырғыз жазушысының шығармасына сендерге алғысөз жазып жіберіп отырмын. Бүгін өзі барады. Келесі сандарына шығарыңдар. Қырғыздардың өзі мойындамайтын көрінеді», - деп өтініш айтады. Түстен кейін Шыңғыс та келеді. Әбекеңнің өзі үлкен әдебиетке бет бұрайын деп ойға түсіп жүрген кезі екен. Жылдам аударуға кіріспек ниетімен «Жәмила» повесін оқуға кірісіп кетеді. Сол арада әдебиетші Қалжан Нұрмаханов кіріп повестін басын шолып шығады да: «Осы аударманы маған байла» - деп жатып кеп өтінеді. Іші қимаса да ағасының тілегін жерге тастамайды. Содан әлгі шығарма шұғыл аударылып, кезекті санға жарияланады, Сол айдан бастап «Лениншіл жастың» тиражы 47 мыңнан 97 мыңға бірақ өсіп шыға келеді. Қалжан мен Шыңғыс керемет дос боп кетті, тамаша аударма дүниеге келді. Әбекең де «Жәмиланы» қазақ оқырманына қапысыз жеткізер елі. Бірақ, мәрттік танытты. Сол мәрттігіне өзі әрі мақтанды, әрі өкініп те қалды. Осындай сырлы мінезімен де ұстаздың тұлғасы бізге ерекше ыстық. Ал Мұхтар Әуезовтың студенттер алдында сөйлеген сөздерін мақала етіп дайындап, «Азаматтыққа аттаныс», «Үмітті ұрпаққа – игі тілек» атты тәлімді сөздерді бүгінгі ұрпаққа жеткізген де осы Әбілфайыз Ыдырысов. Ал мұндай қасиетті қалам иесімен қадірлес болған жас журналистер бірен-саран.
Журналистің профессор болуы деген өте сирек кездесетін жай. Өйткені, өмірі баспахананың тарсыл-гүрсілі мен бір жол мақала қорытып көрмеген оқытушы профессорларымыз да бар. Ал, Әбекең сол баспасөз атты ұлы тайқазанның оты мен суына бірдей көніп жүріп шыныққан қайсар ұстаз. Сол қайсарлығының нәтижесінде соңғы жылдары басына түскен ауыр дертті мойымай көтеріп, бес жыл төсек тартып жатқан жерінен өзін-өзі қайрап, сақайып кетті. Бұған сол Әбекеңнің барша ыстық-суығына шыдаған Заря апайдың адалдығы мен еңбегі, сенімді махаббаты да үлкей дем берді. Екеуі қосылып айтқан опера ариялары мен өндері кімді де болса сүйсінтеді. Қазір Әбекең майданға қайта оралған сақа сарбаздардай шабытты күйде. Оған баспадан әне-міне жарық көргелі тұрған «Таң Шолпан» роман-эссесі, «Аңсаған менің әнімсің» атты лирикалық повесі, «Сыр мен шындық», «XXI ғасыр – өркениет өрісіне» атты публицистикалық еңбектері толық куә. Қайратыңыз қайтпасын, шабытыңыз шарықтай берсін қайсар ұстаз!
АЛМАТЫ.
ТҰРСЫН ЖҰРТБАЙ.
Достарыңызбен бөлісу: |