Ақымбек Съезд әл-Фараби атындағы ҚазҰУ, филол.ғ. к., қазақ филологиясы кафедрасының доценті Балалар әдебиетінің орфоэпиясы



Дата07.07.2016
өлшемі83.22 Kb.
#183318


ОӘЖ 811.512.122’34
Ақымбек Съезд

әл-Фараби атындағы ҚазҰУ, филол.ғ.к.,

қазақ филологиясы кафедрасының доценті
Балалар әдебиетінің орфоэпиясы



Мақаланың арқауы ретінде тілдік тұрғыдан әлі толық зерттелмеген, халық ауыз әдебиетінің бір үлгісі жаңылтпаштар алынады.

Жаңылтпаштың сөздері жаңылдыратындай қиын, көбінесе, ұяң және қиын дауыссыз дыбыстардан құралады. Егер жаңылтпаш айтушы адам қиыннан құралған қырлы сөздерді орамына келтіре алмаса, аздап тайып кетсе – онда күлкі боларлық тіпті ұятқа соғарлық жағдайға әкеледі. Сондықтан ол әрбір сөзді жылдамдата тақпақтаумен қатар, нақышына келтіре, мүлт жібермей, оралымын таба айтуға тиіс. Міне осы жерде жаңылтпаштарды айту кезінде көрінетін интонацияның компоненттері өзіндік қызметімен ерекшеленеді екен.



Түйін сөздер: кідіріс, дауыс ырғағы, мағына тұтастығы, компьютерлік сараптау, орфоэпиялық транскрипция.
Мақаланың арқауына өзіндік ерекшелігімен көрініп тұратын жаңылтпаштарды негіз етіп аламыз. Бұл жанр туралы әдеби зерттеулер үзік-үзік жазылғанмен, оны тілдік тұрғыдан зерттеген, талдаған еңбектер өте сирек. «Жаңылтпаш деген аты жаңылтудан шыққан. Қатарынан қайта-қайта шапшаң айтқанда, иә тіл келмейтін, иә тіл басқа сөз қылып бұзып келетін сөздердің басын құрап, келістірген шығарма жаңылтпаш деп аталады», - деп дәйектейді алғаш рет оның ғылыми анықтамасын ұлы ұстаз А.Байтұрсынов.

Жаңылтпаш жеке баланың ермегі емес, ол – көбінесе жұрт жиналған жерлерде балалардың тез де жаңылыссыз, дыбыстарды анық сөйлеуіне дағдылануына үйрететін үлгі-ойын. Оның ойындық сипаты балалардың бір-бірімен жарыса кезекпе-кезек айтысуында жатыр. Ол тіл жатықтыру мақсатын ғана көздемейді, жаңылтпаштағы сөздері дұрыс айтылмаса, құлаққа мүлде басқаша естіліп, күлкі де туғызады.

Мәселен:

Ақ тай // ақ па?

Қара тай // ақ па?

деген сияқты жаңылтпашты интонацияны дұрыс сақтамай, жылдамдата айтса,



Ақ таяқ // па?

Қара таяқ // па?

болып мағыналық жағынан мүлде өзгеріп кетеді.

«Ерте кезде ойын-сауықтарда жаңылтпаш айтқызу қазақтың салты болған. Жаңылтпаш жиналған жұртты күлдіру, тіл ұстартуды көздеумен қатар, ол өлең, ән білмейтін жастарға берілетін жаза есебінде қолданылған» деп жазады белгілі фольклорист ғалым М. Ғабдуллин, жаңылтпаштың үлкендер арасындағы қолданысы жөнінде. Дегенмен, жаңылтпаштар негізінен балаларға тән мұра. Ол жөнінде қазақ балалар әдебиетінің білгірі Ш. Ахметов: «бұл жанр тек қана балалар әдебиетіне арналған, көбіне мектеп жасына дейінгі балалар мен бастауыш мектеп оқушыларына лайықты. Олай дейтініміз жеке дыбыстармен айтылуы қиын кейбір сөздерді дұрыс сөйлеуге үйрету – көбіне балаға ғана тән нәрсе. Мұнда міндетті түрде оқыту ғана емес, баланы талғамы күшті қызық та көркем сөздерге әуестендіру, соған еліктіру арқылы жаттығу жүргізу үшін қолданылған шеберлік бар» – дейді.

Жаңылтпаш айтқанда екі нәрсе ескерілетін секілді. Біріншіден, жиналған жұртты күлдіру; екіншісі - әрбір сөзді тез шебер айтуға, тіл ұстартуға үйрету. Жаңылтпаштың сөздері жаңылдыратындай қиын, көбінесе, ұяң және қиын дауыссыз дыбыстардан құралады. Егер жаңылтпаш айтушы адам қиыннан құралған қырлы сөздерді орамына келтіре алмаса, аздап тайып кетсе – онда күлкі боларлық тіпті ұятқа соғарлық жағдайға әкеледі. Сондықтан ол әрбір сөзді жылдамдата тақпақтаумен қатар, нақышына келтіре, мүлт жібермей, оралымын таба айтуға тиіс. Жаңылтпаштың сөздері қара сөз түрінде, кейде өлең секілді болып келеді. Мысалы:



Қара бүркіт // томағасын түсірді,

Оны мен томағаламай // кім томағалайды,

Оны мен томағаламай // кім томағалайды.

Немесе:


Ар жақтағы Құдияр // құдам еді,

Ол мені құдамалады,

Мен оны құдамаладым, -

деп, соңғы екі жолы қайталанып айтылады.



Шуақтаған ботамды,

Шуға апарып шуладым.

Шудалаған шудасын,

Суға салдым,

Судан алдым,

Суға малдым.

Жаңылтпаштардың көлемі мен ұзақтығы әр түрлі болып келеді. Өзімізге бала кезден таныс болып келгендей:



Үйден // мысық шықты,

Үйшіктен // күшік шықты.

Күшік // мысықтан мықты шықты,

Мысық // күшіктен ықты –

деп келетін төрт жолды, әр жолы екі бунақтан тұратын толыққанды жаңылтпаштармен қатар қарапайым да қысқа:



Доп деп,

Дөп теп –

деген сияқты жаңылтпаштарды көптеп кездестіруге болады. Әрине көлемі үлкен ұйқастары шым-шытырық байланыстарға құрылған жаңылтқыш, шатастырғыш жаңылтпаштардың құрылымы мен көлемі тұрғысынан шағын, әрі жинақты жаңылтпыштардың бәріне ортақ қасиет бар. Ол – осы ауыз әдебиетінің шағын жанрын айту үшін сөйлеушіден үлкен шеберлікті талап ететіндігі.

Жаңылтпашта ырғақтық топтардың ара жігін ескермесе болмайды. Кезінде дыбыстық жүйенің жанашыры С.Мырзабеко бұл туралы: «Ырғақ – кейбір белгілері жағынан өзара бірдей‚ немесе біршама жуық элементтердің қайталануы. Бұл әсіресе өлең жолдарынан жақсы аңғарылады. Өлеңге тән буын‚ бунақ‚ ырғақ сияқты негізгі элементтердің әр тармақ‚ шумақта қайталануында белгілі бір тәртіп‚ жүйе болады» деп атап көрсеткен болатын. Бұл анықтама жаңылтпаштарға да тән [1, …].

Қазақ тіліндегі жаңылтпаштардың дұрыс айтылуы да күн тәртібенен түспеуге тиісті. Мұнда орфоэпиялық заңдылықтардың барлығы жүзеге асатыны қажетті. Жңылтпаш айтушы орфоэпиялық заңдылықтарды білмесе де, тілдің табиғи негізі арқылы біліп, оны нақышына келтіре отырып айта алады дейміз. Онда буын үндестігі, ерін үндестігі, дыбыстық құбылыстармен қатар интонациялық заңдылықтардың да жүзеге асатынын көреміз. Мысалы:

Жазылуы:

Атам:

«Балама ат аламын», - дейді

Апам:

«Балама ала мата аламын», - дейді.

Атасы ат ала ма?

Апасы ала мата ала ма?

Айтылуы:






Ата:м:

«Балам[а:] // ат аламын», - дейт°.




Апа:м:

«Балам[а:] // ала мат' аламын», - дейт°.




Атасы: // ат ала ма?↓




Апасы: // ала мат' ала ма? ↓

Мұндағы шартты белгілердің түсіндірмесі мынадай болып келеді:

1. – әуеннің көтерілуі;

2. – әуеннің төмендеуі;

3. – бірқалыпты әуен;

4. // – бунақтардың ара жігі;

5. : – сөз буынының басқа буындардан созылыңқы айтылуы;

6. [ ] – ой екпіні түскен сөздің қатты дауыспен айтылуы;

7. – қарқынның баяулауы;

8. – қарқынның жылдамдауы;

9. – бірқалыпты қарқын;

10. ' – сөз буынының эллизияға ұшырауы;

11. ° – сөздің соңғы бөлігінің үнем заңынан ықшамдалуы;

12. ↓ – эмоциялық пауза;

13. ы – екпінсіз буынның көмескі айтылуы.

14. ˆ – бір бунақ ішіне енген сөздердің бірігіп тұтасып айтылуы.

Көрініп отырғанымыздай бір ғана жаңылтпаштың айтылуы үшін барлығы 12 орфоэпиялық заңдылықтардың жүзеге асқанын байқаймыз. Сонда ғана жаңылтпаштардың айтылуында логикалық байланыс орнап түсінікке, қабылдауға, сонымен сол жаңылпашта айтуға тырысатын адамның оны тез, әрі оңай игеруіне жол ашылады.

Бұлардан бөлек сөздің ішіне болатын ерін үндестігі, буынның үнемділіке, жылысуға ұшырауы, редкция, прототеза, метатеза сияқты заңыдылықтар жүзеге асыруы мүмкін.

«Қазақ тілінің орфоэпиялық анықтағышы» [2,67] көрсеткен осы шартты белгілер мен таңбаларды ала отырып, жалпы мақал-мәтел, жаңылтпаштардың барылығын орфоэпиялық транскрипциядан өтізудің ғылыми, практикалық маңызы зор. Жеткіншек жас ұрпақты тілдің тазалығы мен мәдениетіне үйретудің болашағы ашылғанын бүгінгі күннің жастары біліуге тиісті. Сөз соңында жаңылтпашқа орфоэпиялық тарнскрипция жасаудың тағы бір көрнекті үлгісін ұсынғымыз келеді:

Жазылуы:


Алпыс алты ала баспақ бақтым,

Алпыс алты ала баспақтың ішінде,

Тарғыл тарпақ бас ақ баспақ бар,

Сол тарғыл тарбақ бас ақ баспақты,

Мен тарғыл тарбақ бас ақ баспақ демей,

Кім тарғыл тарбақ бас ақ баспақ дейді.

Айтылуы:





Алпысˆалты: // алаˆбаспақ // бақтым,




Алпысˆалты: // алаˆбаспақтың // ішінде:,




Тарғылˆтарпақˆпа:с // ақˆпаспақˆ пар.
Солˆтарғыл // тарбақˆпас // ақˆпаспақты,




Ме:н↓//тарғылˆтарбақˆпас//




ақˆпаспақˆдеме:й,




Кі:м↓ // тарғылˆтарбақˆпас//




ақˆпаспақˆде:йт°

Мұндай орфоэпиялық танскрипция-лардың практикалық маңызы орасан зор. Көркем сөз оқудың осындай озық үлгілерін оқыту әдістемесіне енгізіп, тіл мәдениетін жетілдіретін күн жетті.

А.Байтұрсынов: “Тілдің ауанына қарама, харіптің, емленің ауанына бұрып, тілдің көркін бұзған, әдеби тілмен жазамыз деп, жат тілмен жазып, өз тілінен айрылған басқа түріктердің ізіне түсіп, тілімізді аударғанымызды мақұл көрсейміз” [3, 399] - деп тілді аздырмай, асыл қалпында сақтаудың жолын көрсетті. А.Байтұрсыновтың ойын нақтылай түскен Халел Досмұхамедұлы: “Елдің тілінің бұзылуына ең алдымен оқығандары себеп болады, Бұлар жат әсерлерге бағынғыш келеді, ана тілін өзгертуге жол басшы болады.

Оқығандар өзіне ылайық әдеби тілі деген тіл түзейді. Түзеген жаңа тілін ел ішіне жая бастайды, көбіне зорлап кіргізеді. Әдебиет тілі дұрыстап түзелмесе, қара тілдің заңымен жүрмесе, әдебиет тілі көп бұқараға түсініксіз жат тіл болады, елге сіңбейді: сондықтан жер жүзіндегі жұрттың көбі әдебиет тілін қара тілге жақын қылып, елге түсінікті қылуға тырысады.

Әдебиет тілінің қаруы — баспа мен мектеп. Баспа мен мектеп шошынарлық өте қайратты қару. Баспа мен мектепте қолданған тіл елге ақырында сіңбей қалмайды” [4] - деп көп жайды аңғартты.

Ал енді жаңылтпаштарда буын үндестігінің қаншалықты дәрежеде көрініс тапқандығын байқауға тырысайық. Төменде келтірілген жаңылтпаштардың бірыңғай жуан буынды сөздермен немесе жіңішке буынды сөздермен қатар түзеп келуінде сыр белгілі бір сыр жатқан болу керек.

Жазылуы:

Түйреуішке түйрегем түйреуішті,

Күлдіреуішке тірегем тіреуішті.

Күлдіреуішке тірегем тірелмепті,

Түйреуішім тіреуішке түйрелмепті.

Фонетикалық транскрипциясы:



Түйрөуүшкө // түйрөгем // түйрөуүштү,

Күлдүрөуүшкө // тірегем // тіреуүштү.

Күлдүрөуүшкө // тірегем // тірелмепті,

Түйрөуүшүм // тіреуүшкө // түйрөлмепті.

Біздің байқауымызша бұл жаңылтпаштың адамды жаңылдыру себебі екі жағдайға келіп тіреледі: Біріншіден, шумақ пен өлең жолының бірыңғай жіңішке болып, ерін үндестігіне бағынуы. Екіншіден, дыбыстық жағынан ұқсас буындардың көптеп келуі. Олар: өуүш//-еуүш, -рөлме//релме, -түй//тір. Мұндай ұқсас артикуляциялық жасалу орны тұрғысынан ұқсас болып келгендіктен дұрыс айтуға талпынған адамды шатастырушылыққа ұшыратады.

Байқап тұрғанымыздай ұқсас буындардың көптеп қабаттасып келіп жаңылтпаштың өнебойынан бір жерден қайталанып келуі жаңылтпаштың тұтастығын сақтап тұрғанмен, жаңылтпаштың жаңылдыру сипатын артырып тұр.

Жоғарыда айтылған мәселелерден шығатын қорытынды, түйін мынадай болып келсе керек. Тілдік бірлік ретінде жаңылтпаштарда кездесетін сөздер мен бунақтар, сонымен қатар жаңылтпаштардың жолдары түгелдей буын үндестігіне бағынады. Ондағы буын үндестігіне бағынған ұқсас, тұлғалас буындардың қайталанып, араласып қайталанып келуі жаңылтпаштың негізгі мақсаты – жаңылдыруға алып келеді. Бұл тілдің әлі де болса мүлдем зерттелмеген бір қырына жатады. Қазіргі фонетикада енді ғана дами бастаған суперсегментті бағыт бойынша осы аталып өткен пролемалар қайтадан қаралатын болса, «нұр үстіне нұр» болар еді.


___________________


  1. Мырзабеков С. Қазақ тілінің дыбыс жүйесі. —Алматы: Сөздік-Словарь. 1999. —200 б.

  2. Қазақ тілінің орфоэпиялық анықтағышы. –Алматы: Арыс баспасы, 2004. -200 бет.

  3. Байтұрсынов А. Тіл тағылымы. —Алматы: Ана тілі, 1992. —448 б.

  4. Досмұхамедұлы Х. Таңдамалы (Избранное). —Алматы: Ана тілі, 1998. —384 б.




Достарыңызбен бөлісу:




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет