Ақын әрі әкім досқа жауап
Төлеген!
Жаныңды жырға орап, жырыңды еліңнің намысына жанап, адалдығыңнан таймай, қарапайымдылығыңнан айырылмай жанып-күйіп жүрген бір жан едің! Көңіліміздің тасуы да, жасуы да, туған ұлт туралы ойымыз да, досымыз да ортақ еді. Қыл аяғы тоқсанның төртеуіне келіп, төрт рет түрмеге түскен, Елбасына бата беріп, бірақ өлгенінде ескерусіз қалған Шәкір Әбенов те ортақ еді-ау. Абайдың тірі кезінде туып, елдің басына түскен барлық ауыртпалықты басынан өткерген Ел Абызы – Шәкірдің топырағы торқа болсын. Саған көңіл айту арқылы бүкіл Абай жұртына, мұқым Семей еліне, исі қазақ ұлтына көңіл айтамын. Ол Абайдың көзі тірісінде тіл білген, Әлихан, Ахмет, Міржақып, Ғаббастардың сөзін тыңдаған, Жүсіпбек Аймауытовтың үйінде айлап жатқан, Сәкенге екі жыл тағдыр айдап көшір болған, тұңғыш жинағын Ілияс пен Бейімбет оқыған, Мұхтар Әуезовтің дос-құрбысы болған, Жамбылмен бірге жыр сайысына түсіп, екі-үш рет Жәкеңді сөзден тоқтатқаны үшін қуғынға түсіп, түрмеге жатқан, Қасым мен Сырбай, Садықбек пен Ғафу, Хамит тарландар «кішкентай пайғамбар» деп атаған әулие адам еді. Тәуелсіздіктің тұңғыш Президентіне бата берер түні есіктен жаңа кірген маған сәлемімді толық алғызбай, Алматыға ала қашқан Шәкір Әбеновке қайтыс болған соң бір ауыз көңіл айтып, қазасын қалың елге естіртуге жарамаған үкімет дәбірлеріне сенің де, елдің де өкпесі орынды. Сен хатыңда: «Шыңғыстаудың бір шыңы опырылды» - деп өте жақсы айтыпсың. Шәкермен бірге қазақтың халық өнерінің де бір шыңы опырылып, бір аңызы өлді. Тірісінде патшадан да, Сталиннен де, Голощекиннен де, Гитлерден де жасқанбай айтар сөзін айтып өткен Шәкер мұқым еліміздің Абызы еді. Енді сол Шәкер Шыңғыстаудың бір төбесінде шынтақтай ескерткішке айналса құба құп. Тегінде, Төлеген, ол да саған аманат іс.
«Айтшы ағайын, ақынды кім ұғады...»
Мынау алмағайып заманда халықтың рухани қасиетінің де тезге түсіп, сергелдең күй кешіп қалаған жағдайы бар. Бірақта бір күндік тоқтықты аңсап, бір күндік жоқтықты сылтау етіп, рухани бостандықты тәрік етер болсақ, онда ұлттық тәуелсіздігімізге де қауіп төнгені. Бостандықтың дәмі қашанда кермек татып барып рухани сілкінуге жетелейді. Абай айтқандай, айналамыз, «сыпыра сидаң, сұрқияға» толып кетті деп «зар заманды» өз басымызға өзіміз орнатып жүргенімізбен де, бұл күндердің де қазақ ұлты тарихындағы ұлы жаңғыру сәті, шамырқану шағы ретінде есте қалатыны сөзсіз. Кешегі әкімдер бүгін тиын сауып, ел иесімін деп жүргендер елдің терісін теспей соратын кенеге айналған өтпелі тұста, өзінің ұлтының бойындағы асыл қасиеттері үшін күресіп, бірде күйініп, бірде сүйініп жүрген азаматтар арамызда бар. Елдің ұйытқысы да, құты да, тар кезеңдегі тайғақ кешуден алып шығатындар да солар. Сондай азаматтың бірі ақын әрі Семей облысы Абай ауданының әкімінің мәдениет жөніндегі орынбасары Төлеген Жанғалиев. Кейінгі жиырма жылдың ішінде абай елінің рухани және мәдени өсуіне аянбай ат салысып, жүрегін қолына ұстап үрлей жүріп, елінің көңілін жұбатумен жүр. Абай мен Шәкерімге, Мұхтар Әуезовке, Көкбайға және де басқа тұлғалардың тағдыры мен шығармашылығына қатысты шаралар Төлеген ақынсыз, Төлеген әкімсіз өткен жоқ. Ұлы Абайдың 150 жылдық тойының қарсаңындағы тоғышарлық пен тоңмойындық ақын әкімнің өзін де «етекбасты» (Абай) қылып жіберген сияқты. Елі үшін егілген ақынның досы, жазушы Тұрсын Жұртбаевқа жазған хаты мен оған жазылған жауапты оқырмандарға ұсына отырып, «Жас алаш» газеті мына заман елім деген әкімдерге де оңай тиіп жатпағанын, олардың да арасында жұрт мүддесін ойлаған жандардың барлығын, болашақтың кең айдынына сондай азаматтардың жол бастайтынын медеу тұтты. Төлеген Жанғалиев екі кітаптың авторы. Бірақ Жазушылар одағының мүшесі емес. Біздіңше, ақынның ақындығы – оның одаққа мүше болуымен өлшенбейді. Азаматтығымен, ақындық қуатымен таразыланады. Ал, біздің ойымызша, Төлеген Жанғалиев осы екі парызы да адал өткеріп жүрген жігіттің бірі. Біз, оған Абай атасының 150 жылдық тойын тамаша өткізіп, қазақ халқының абыройын әлем жұртшылығының алдында бір көтеріп тастауына сенім білдіреміз. «Жас алаштың» жанашыры болыңыз деген тілек айтамыз.
Төлеген!
Туған жеріңнің жаралы ыңырсуын көзіңді ашқаннан бері естіп келесің. Қазір дүние жүзінде әйгіленген шындықты айту түгілі естуге үрейленетін кезде сен екеуіміз бүкпесіз сөйлесуші едік қой. Соңғы жарылыстардың зардаптарын көзіммен көріп, ішіме у толып жүрген кезде сен мені Семейге әкеліп салғаның есіңде ме. Ол Төкен ағаның тойына ұласты. Мен сол жолы ұшақтан түскен бетте жазушылар одағына барып, Олжас Сүлейменовті күтіп тұрып, жанай өтіп бара жатқанда: «Олжеке, менің өлгім келіп тұр. Қарауылдағы ел-жұртың, бала-шаға атомның уына тұншығып жатыр. Халық өкілі ретінде ажалға арашашы болыңыз. Әйтпесе, сізге хат жазамын... өзіме қол жұмсаймын», - дедім. Олжакең сескене қарап: «Бір сағаттан соң. Анықтаймын» - деді. Айтқандай бір сағаттың ішінде шындықты анықтап, ауаға улы газдың таралғанын біліп, Мәлімдеме жасауға кірісіп кетті. «Семей-Невада» қозғалысы ақпанның 27 күні осылай басталып еді. Оның ішінде сенің де үлесің бар, Төлеген. Ал, сол қозғалысқа қаншама тер төктің! Біздің бала кездегі достарымыз суға кеткен Қарасулар, өткел бермейтін қарауыл мен шаған өзендері суалған. Тоғайлар жоқ, томарлар қалды. Сол өзендермен, тоғайлармен қоса біздің балалық шағымыздың тәтті елестері де солғын тартты. Жеріңнің ыңырсыған мұңын сен жырыңмен де, әкімдігімен де төрткүл дүниеге жеткіздің.
Бірақ, еркіңмен емес, еліңнің тілегімен әкім болған, бүгін де ауданның әкімінің орынбасары болып отырған сенің осы бір билік тізгініндегі «Күлембайларға» деген ақындық ызаң мені қатты сүйсіндірді. Қонағына сойып берер қойы жоқ, айлықпен бала-шағаңды алдарқатып отырған сенің, әкім Төлегеннің жан дүние буырқанысы маған түсінікті. Шөміштің бірін ұстап, қазан басында жүрсең де сол сорпадан өзің бір ұрттай алмай, бізге де ұрттата алмай жүрген сенің жайыңа марқұм Кеңшілік, бүгінгі Жарасқан, Ғабиден, Сайлаубай куә емес пе еді. Сенің ақындығың, шабытты сөзің, талантты өлеңің емес, аз уақыттық әсерің, жұтты қонақты құтты қонаққа балаған (дәлірек айтсақ, балаттырған) қызыл тілді таңдайың мен тапқырлығың керек болды оларға. Ғафиздай ел ағалары ғана сені талай оттан аман алып қалды. Ауданның бастықтарының бірі боп жүріп әділетсіздіктерге ішің қайнап, запыраның сыртқа шығып жүрді. Сен сияқты адал жандардың арқасында салыстырмалы түрдегі шындықтар шымбайға батпады. Егерде осындай бір адал адамдар билік басында үшінші, төртінші қатарда болса да қарайып жүрмесе халықтың халы не болар еді? Ел ішінде ондай азаматтар кеше де болған, бүгін де бар, ертең де болары анық. Ұйытқысыз ұлт, оның ішінде тәуелсіз ұлт болмайды. Ал ұлт деген тура сен сияқты жеке азаматтардан тұрады. Саған дейін де, сеннен кейін де талай әкімдер келер ауылға. Бірақ соның ішінде елдің есінде сен қаласың. Сені бүгін жырлатып, тіліңе запыран құйып отырған нәрсе – дәрменсіздік. Биліктің басындасың. Бірақ билік өз қолыңда жоқ. Сол дәрменсіздігің:
Қашанғы сорлы еліңді сора берер,
Қандала да бір күні жарылады, -
деп жақсы айтыпсың. Ол қандалалар жалғыз абай жерінде емес, барлық ауылда бар. Жарыла ма, жардай боп семіре ме, оны тағдыр көрсетер. Пендеге қарғыс айтпайық. Азаматтың ары шешер нәрсе. Бар айтарым, қиын кезде ел тізгінін ұстап отырсың. Әйтеуір жарға қарай бастай көрме. Басқызба! Осы хатыңдағы жан айқайы сенің ақындығың мен әкімдігіңнің түйісе келіп сыртқа шыққан шері. Халқыңнан жан сырыңды жасырмасаң халық сенің күйігіңді түсініп, жұбата да біледі. Оны түсінбесең – жылата да біледі. Нарықтың құрығына түскен еліне арашашы бола алмай отырған әкім жалғыз сен емессің. Өнер ағаңның ойлағаны да сол ғой деп ойлаймын. Сені мазалаған Абайдың тағдыры ғой. Оны өзің де:
Құлазиды көңілім сар даладай,
Бұл көңілмен барамын тойға қалай?
Қомағай ауыздарға түспесе екен,
Қор ашып, қолын жайған қайран Абай!, -
деп ел-жұртыңның алдына жайып салыпсың.
Абайдың қолын жайғызып, жылу сұратқанымызға да, міне, жеті жыл болып қалыпты. «Қомағайлар» Абайдың да киесінен қорықпай «асарын асап қалды». Ендігісіне қормалдық берсін. Абайдың тойын, Мұхтардың мерей мәзірін, Шәкерімнің асын жаңа өткізіп жүрген жоқсың. Жиырма жылғы тәжірибең мен жүрегіңді аманаттап өткізетініңе сенімдімін. «Абайдың намысы – бүкіл қазақтың намысы!» - деген президенттің сөзі дуалы әрі түйінді болғай.
Төлеген!
Той да өтер, билік те түзелер, қайыр тілеген қарттар да жоғалар. Оның барлығын тәуелсіздігіміздің бәсіресіне берейік. Менің үрейленетінім және сенің де жаныңды қыл шылбырға салып отырған ұлттық апат – елдіктің рухы өліп, елдің азуы! Сен елдің ішінде жүргендіктен де бұл мәселені менен көрі жақсы білесің. «Болды да партия, ел іші бүлінді» - деп абай атамыз айтқандай, осынау бір жүректің дәл басын қара құрттай кемірген рушылдық түбімізге жетпесе не қылсын! Бізге бір кезде ата-бабаларымыздың үрім-бұтақты аман сақтауы ұйытқы болған осы бір сезім бұл күнде тұқымымызды құрытатын іркітке айналды. Сен мұң етіп шаққан:
Бөлінген бір-біріне бөрі құсап,
Көргем жоқ бір адамды көңілі шат.
«Әйт» десе талап жейді ағайының,
Сөзі – оқ, өзі – мылтық, көзі – пышақ, -
деген алауыздықты мен осыдан тура он жыл бұрын байқағанмын. Сол кезде ебін тауып Жәнібек марқұмға ашық хат ретінде пікір білдіргім келіп еді. Енді соны сен қозғап отырсың. Бұл рушылдық дегеніңіз – қасірет! Ұлттық қасірет! Осынау қара күйені мына нарық өзімен қоса алып кетсе екен! Әр ауылды бұшпақтап бөлісе алмай отырған ағайын сол жерге бір тал отырғызды ма, бір уыс дән септі ме! Баянауылда келімсектердің бетінен сүйіп: «Ей, монғол! Қаңғымай еліңе кет, қайыршы. Валентина Николаевна, келіңіз мында Ей, монғол, тұр андағы жерден!» - деп бір ақсақал адамды бас салып сақалынан жұлған қазақ келіншегін көргенде жаным түршігіп кетіп еді. Енді, Алматы облыстық көші-қон басқармасындағы «қара күйелер». «Сен пәленше екенсің ғой. Бар ана, Ақмолаңа. Бұл жерге тек Қытайдан келген албандарды тіркейміз!» - дегенді қазір ауызы қисаймай, беті күймей айтатын болыпты. Оны айтқызып отырған және дәл осы көші-қон басқармасына орналастырып отырған қай қастаншықпағыр екен! «Тым болмаса кеттің ғой мал баға алмай» - деп Абай айтқандай, ең құрығанда кәдімгі инабаттылықты, залымдық пен пысықтықты да дұрыстап үйрене алмай кеттің-ау. Қ.Қабдырахманов деген бір сүмелек редамтор «Қазақстан ғылымы» деген газетсымаққа: қазақ ұлтының болашағы тек қана орыстармен будандасып, соның діні мен тілін қабылдауына тікелей байланысты. Қазақтар 50 жылдардан бастап орыстан қыз ала бастаған соң ғана тұқымы дұрыстала бастады» - деп көкіпті. Егерде дәл жоғарғыдай болсақ, әлгінің сандырағы шын емес пе екен осы» - деп қаласың. «Қазақстан ғылымының» ендігі зерттеу нысанасы және насихаттар бағыты Оралханның «Атаукересіндегі» будандар болғанына күйінесің бе, сүйінесің бе, Төлеген! Абайдың:
Біріңді қазақ бірің дос,
Көрмесең істің бәрі бос!, -
деген ұлтымыздың ұранына айналса деген арман әр қазақтың жүрегіне ұялайтын күн туса, нағыз тәуелсіздік дегеніміз сол!
Дүние – көздің де, көңілдің де құрты ғой, Төлеген. Жекешелендіру деген пәле шыққан соң, жер дауы, жесір дауы тұқымында бар қазақтың ескі дерті қайтадан асқынып кетпесе неғылсын. Өзімізден өзіміз қызғанып жүргенде, өзгенің жемі боп кеткенімізді білмей қалып жүрмейік. Менің ойымша, исі қазақ жері – барша қазақтың ортақ жері. Қазақ жері – қазақтың Отаны! Ал Отанын ешкімде саудаға салып, тәркілемейді. Әкім ретінде осыған абай бол, Төлеген.
Сенің алтыншы кластан бастап өлең жазғаныңды жақсы білемін, Төлеген! Екеуіміз бір жылы мектеп бітіріп, әр қалаға сапар шектік. Жолымызды өмір айырса да, көңілімізді ешкім айырып көрген жоқ. Рас, ақындық талантыңның толық және дер кезінде ашылып, кітабыңның ертерек жарық көрмеуіне астанадан алыстағы тіршілігің де әсер етті. Ол кездің ырқы солай. Өзіңді жарыта алмай жүріп кімді жарылқағандайсың. Әйтпесе, 1988 жылы баспаға тапсырылған «Бесігіңді түзе!..» атты Мұхтар Әуезов туралы кітабым әлі де баспаның тартпасында жатқанына өзің куәсің. Бірақ сенің талантыңды ел біледі. «Шыңғыстау шындығы» мен «Жүрегім соғып тұрғанда» атты жинақтарың сенің ақындық және азаматтық келбетіңді танытады. Ақын қашанда ақын болып қалады. Оған астананың да, дуалы ауыздың да шапағаты тимейді. Жырыңа қосқан Әнеш - Әнуәрбек Мәкенов те бір кітабын көре алмай кетті. Сен қазір ақын ретінде әбден толыстың. Өз
Атыңның басын еркін алып жүретін ел ағасы деген атың бар. Енді келешек жастарды ойла. Қайта біз бен елдің арасындағы дәнекер болып, менің Жәнібектің көңілін жібіткенімдей, сен де менің жүзімді жылыт. Ал өзге әңгімені өзара әңгімені өзара сөйлескенде қозғармыз.
Төлеген!
Сен маған жолдаған өлеңдерің арқылы бүкіл елдің мұңын жеткізіп, Шыңғыстаудың баурайына барып төнген қиыншылықты айтып, ақыл сұрапсың. Сол күйді мен де, мен сияқты мыңдаған адамдар да, сен сияқты жүздеген әкімдер де басынан кешіріп жүргендіктен өзіңнің «Жас алашыңа» жан сырыңды жайып салдым. Бұл қиындыққа жалғыз Абай ауылы емес, мұқым қазақ ауылы ұшырап отыр. Мұң ортақ. Абайдың ата мекенін болғандықтан да жауапкершілігің де ортақ. Тілейтінім халыққа сабыр, шапағат, бірлік, іскерлік берсін. Өзімізді өзіміз жұбатайық. Бірігіп жол табайық. Ел іргесі тыныш болсын.
Сәлеммен – Тұрсын Жұртбаев.
Достарыңызбен бөлісу: |