Айтыс түрлері
Жоспар: Жұмбақ айтысы: - Жұмбақ Айтыс– айтыс жанрының бір түрі. Онда табиғат құбылыстары, адам, жан-жануар, қоғам тіршілігіндегі көріністерді жұмбақтау арқылы өнер бәсекесіне түскен әріптестер бір-бірінің ақыл-парасаты мен ой-түсінігін сынап, сөзден тосып, тізе бүктіруді көздейді. Жұмбақ айтыстың ең алғашқы түрі – қыз бен жігіт қайымдасуларында бір-біріне тосыннан сұрақ қойып, оған қолма-қол жауап қайыруды өзара мақсат еткендіктен, көбінесе олардың жауаптасулары барынша жинақы, терең мағыналы болып келеді. Қайым айтыстарының бір топ үлгілерінде (аты-жөні мәлімсіз көптеген қыз бен жігіт қайымдасулары, “Ұлбике мен Күдері қожа айтысы”, тағы басқа) қойылатын бір-екі ауыз жұмбақ айтыс тағдырын үзілді-кесілді шеше алмайды, көбінесе, қарсыласын оқыстан тосып тоқтатудың көп тәсілдерінің бірі ғана.
Өлі мен тірінің айтысы: - Ақбала мен Боздақ — салт айтысының үлгісі, өлі мен тірінің айтысы. Авторы туралы еш дерек жоқ. Алғаш ел аузынан жазып алып, бастырған В. Радлов. Он бір буынды қара өлең үлгісімен келетін айтыс, бірін-бірі сүйген екі жас — Ақбала мен Боздақтың алма кезек жауаптасуынан тұрады. Айтыс мазмұны екі ғашықтың бас қосқанын біліп қойған қыз әкесінің “қызымды бермеймін” деп үдере көшуінен басталады. Олар алыс көшіп кеткен соң, Боздақты әкесі бұрынғы айттырған қайнына жібереді. Жігіт қайтып Ақбаланың жеріне келсе, ол қайтыс болыпты. Айтыс Ақбала мен Боздақтың, өлі мен тірінің жауаптасуына құрылған. Айтыста әлеуметтік теңсіздік, әділетсіздік, екі жастың бір-біріне сүйіспеншілігі көркем көрініс тапқан. Айтыс “Түркі халықтары әдебиетінің нұсқаларында” (ІІ-том. С.Петербург, 1870 жылы, бастырған В.Радлов), 1923 жылы “Темірқазық” журналының 2-3 санында (109-115 беттер), М., 1965 жылы, “Айтыс” жинағының 1-томында, “Қазақ халық әдебиеті” көптомдығының 13-томында (33-37 беттер) жарияланған. Соңғы жинаққа да В.Радловтың нұсқасынан алынып берілген.
Достарыңызбен бөлісу: |