Актер А. Ашимов 36 – Тұрсын Жұртбай



Дата12.07.2016
өлшемі84.97 Kb.
#195444
Актер А.Ашимов
36

Тұрсын Жұртбай: – Актерлердiң еңбектерi бiрде жалт етiп бiр де жоқ болып жатады. Солармен қаншама театр өнерiнiң тарихы өшiп жатыр. Әуезов театрын «Қаллеки» театры деп айта аламыз. Сол Қаллекейiмiзге биыл 110 жыл толыпты. Торқалы той жетiм қыздың тойындай болып өттi. Ол баспасөз, теледидарларда да ұмыт қалды. Театрдың алып тұлғаларының бiрi –Сәбира Майқанованың 90 жылдық мерейтойы да атаусыз өттi. Одан басқа да театрдың уығын қадасқан Елубай €мiрзақов та ұмытылып кеттi десек асыра айтқандық болмас. Рақия Қойшыбаеваны бiреу бiледi, бiреу бiлмейтiн дей дәрежеге жеттiк.



Асанәлi Әшiмов: –Қазiр өзi ру қуалап, тұқым қуалап кеткен адамдар көбейiп кеттi ғой. Кiмде қаражат бар, сол барып әкесiне, көкесiне ескерткiш орнатады. Театрдың шаңырағын тiккен әр тұлға туралы сөз етсең таусылмайды. Олардың әрбiреуi үлкен кiтап. Олардың жоқтаушысы жоқ. Көп тұста жоқтаушы халық деп халыққа жаба саламыз. Халық деген ол жалпы тобыр. Халық абстракциялы ұғым. Халықтың бiрi мына бiз. Халық деген сен. Сен Қалибек Қуанышбаев туралы кiтап жаздың. Қазiргi техниканың өркендеген кезiнiң өзiнде болып жатқан жақсы жаңалықтарды алтын қорға сақтап қалудың орнына, ақшаны сылтау етiп театр өнерi ағып жатқан сылдыр судың кебiн киюде. Театрдың трагедиясы осында жатыр. Сондай еренсiздiктiң нәтижесiнде өр тұлғалардың сахнадағы сомдаған бейнелерi ұмытылып қалды. Солардың бiрi Серке, Қалибек, Елубай, Сәбира, Рақия... Диапазондары қандай кең едi. Комедиядан трагедияға дейiн. Күлдiрiп отырып жылату. Олар бүтiн бiр оркестр. Оркестрда қаншама аспап бар. Олардың бiр бойында сол аспаптардың бәрi ойнап тұратын. Рақияның өзi бiр театр едi ғой.

Тұрсын Жұртбай: – Рахия Қойшыбаева туралы айта кетсеңiз.

Асанәлi Әшiмов: –Оның тарихы былай. Рехең белгiлi бiр себептермен театрдан кетiп қалды. Содан бiздiң киностудияның штатына қызметке келдi. Ол кезде отыздың ар-жақ бер жағындағы қылшылдаған жiгiттермiз. Рахия бiзге келiп паналады. Сөйтiп жүрiп, бiлмеймiн, қасында кiм бар, кiм жоқ, жазда Семей полигоны жағына барып, бiр кездесу жасап келдi. Содан жұқтырып келген «ақ қан» ауруы ма деп ойлаймын, қырық бес жасында қайтыс болды ғой.

Театрдан кету актер үшiн трагедия. Соған қарамастан оптимизм деген Рахия да шексiз болатын. Соған қабақ шытып, соған ренжiгенiн көрген емеспiн. Шәкен жақсы көретiн өзiн. «Бiздiң сүйiктi дәрiгер» фильмiнде милиционердiң образы бар ғой. Сол образды көрiп, Рахияның ойынына Шәкен қарқ-қарқ күлетiн де отыратын. Кейде өз образдарының комедиялық тұстарын Рахия өзi ойдан құрастыратын. Соған орай, рольдерi өте сәттi шығушы едi. Күлкiсi де ерекше. Рахияның күлкiсiндей күлкi жоқ. Ол күлгенде оқиғаға емес, Рахияның күлкiсiне ерiксiз риза болатынбыз.

Рахияның бейне-пiшiнi де ерекше болатын. Бетi менiң бетiмдей екi келетiн. Көшеде кетiп бара жатса, орысы бар, татары бар, оған бұрылып қарамай өтпеушi едi. Рахияның театрда Зеренiң ролiн ойнағаны әлi есiмде. Сахнада тұрған бейнесiн ұмыта алмаймын. Ол сөйлемесе де, сол тұрған қалпына көз алмай қарап отыратынбыз.

Бұлардың көбiсiнiң мектебi – Қаллекей. Тiптi Шәкең: «Менiң университетiм де, мұғалiмiм де – Қаллекей», – деп ылғи айтып отыратын. Қаллекиге бас иген бiрден-бiр адам Шәкен. Қаллекейге Абайдың ролiн бергенде ұлы Мұқаң: «Ей, ауылдың шалы анадай үлкен рольдi, Абайды ойнауға өресi жетер ме екен» деген едi.

Кейiннен сол қойылымда өткiзу кезiнде Мұқаң келiп қарады ғой. «Жаман Қаллекейден Абай шығады деген менiң ойыма да келмептi», – деп таңданғаны да есте.

Тұрсын Жұртбай: – Бата беретiн тұста айтатыны ғой.

Асанәлi Әшiмов: – Әуезов ол тұста театрдың әдеби жағын басқаратын. Сонда күнде келiп отырады. Күнде көрiп отырған адамға репетиция әркезде әрқалай емес пе? Бiрде былай, бiрде басқаша әсер қалдырады. Кейде ренжiп, спектакльдiң соңын көрмей кетiп қалатын кездерi де болды. Соңғы көрсетiлiмiнде барлығы жиналып қабылдап алды ғой. «Жаман ауылдың шалы Қаллекейден Абай шығады деген менiң ойыма да келмептi», –деп сонда айтқаны ғой.

Ол жылдары I-курста оқимын. Жете түсiне алмасам да Қаллекейдiң Абайына да, Құнанбайына да риза болып қайтатынмын. Қаллеки театрдағы таза халық университетi едi ғой.

Әсiресе, «Ақан серi–Ақтоқты» спектаклiндегi Қаллеки сомдаған мылқаудың бейнесiн ұмыта алмаймын. Оны көрiп отырған кезде, залда жыламайтын адам қалмайтын. Мылқау. Бiр сөзi де жоқ. Алдында ол рольдi Сәлменовке берген. Сәлменов « мына рольдi қалай ойнаймын, бiр сөзi жоқ» деп бас тартады. Содан, «Мен ойнаймын» деп Қаллекей сұрап алған. Ақан ролiнде Шәкең, Ақтоқты – Шолпан Жандарбекова. Жандарбекованың 17-дегi кезi. «Ал, талақ тастадым Ақтоқты», –деп мылқауға қосатын тұсы бар. Алғашында түсiнбей, түсiнгеннен кейiнгi трагедиясы, Қаллекейдiң сахнада бес-он минут үлкен бас бармағын тiстеп, «а-а» деп ышқынғанда көзi қып-қызыл болып кететiн. Мiне, актердiң күшi осында жатыр.

Тұрсын Жұртбай: –



Асанәлi Әшiмов: – Ортадан төмен актер болады. Ортадан сәл жоғарырақ актер болады. Мысалы, жүз қаралы атты жiберейiк. Шауып келе жатыр. Шаң көрiнедi. Аттың құлағы ғана көрiнедi. Бiрақ содан сытылып шыққан сәйгүлiк көрiнбейдi.

Тұрсын Жұртбай: – Оның себебi неде?

Асанәлi Әшiмов : – Ғ. Мүсiрепов театры өлген театр. Онда бiр актер жоқ. М. Әуезов атындағы театрында өңшең тобыр. Актерлердiң бiр-бiрiмен таласып, шайқасып шығуының өзi үлкен еңбек. Әнуар Молдабеков болмаса, мен шыға алмас едiм ғой. Мен болмасам, Әнуар шықпас едi. Жан-жағымыз тола, артымызда Есболғандар бар, бәрiмiз жапа-тармағай қапталдасып, бәсекелесiп шыққан едiк ғой. Бiр буын шығады, соның артынан iлесiп, көлеңкесi келедi. Солардан iрiктелiп жарқырап шығатындар болады. Шәкен, Қаллеки топты бастады, Ыдырыс пен Нұрмұқан шықты, олардың артынан iле-шала Әнуарлар келдi. €здерi көтерiлген биiктiкте тұрып, соңынан ерген тұлпарларға да орын бердi. Театрдың тарихы дегенiмiз осы. Тiптi, Ленинградтағы атақты театрдың өзiнде актерлер қандай мықты болған едi. Кез-келген шығарманы жеп қоярдай қағып алатын. Мұның қасында Пушкин атындағы театрларымыз түк емес. Бұл дегенiмiз –бәсеке. Бәсекеге түсiп, бiр-бiрiңдi жеңсең ғана жеңiске жетесiң. Бұл жердегi бәсекенi жақсы мағынасында түсiну керек. Бiрақ бәсекелесу керек.

Бiздiң кезiмiзде еңбекақыдан қиындық деген болған жоқ, аштан қалуды тiптен ойламайтынбыз. Қазiр ондай емес. Әуезов атындағы театрда бiр-ақ категория қалған. Барлығы жоғары категория. Кеше келген жас бала да жоғары категорияны иемденедi. Еңбекақың да бiрдей. Жеңiлдiк деген мүлдем болмайды. Демек, барлығы жақсы актер деген сөз.



Тұрсын Жұртбай:

Асанәлi Әшiмов:Мешiттердi көбейту, халықты мешеулендiру, құдайға сыйыну. Барлығымыздың да құдайымыз бар. Мен жұрт сенетiн құдайға емес, өзiмнiң сенетiн құдайым бар. Соған сенемiн, табынамын. Әр жерге барып мешiт салу дұрыс емес. Мешiт деген киелi жер болуы керек. Бiздiң үйдiң жанында да бiр мешiт бар. Менiң ақшам болса, әкеме, атама арнап бiр-бiр мешiт саламын. Мұндай надандыққа қарсымын. Қазiр бiр ауданда үш мешiт бар, өкiнiшке орай, бiр кинотеатр жоқ. Бұл халықты мешеулендiру. Түркияның жолы осындай. Ол жақта классикалық өнер жоқ. Олар да эстрадалық, ресторандық өнер, казино ғана бар. Қазiр бiз де сол үрдiс қалыптасып келедi. Кешегi Ермек, Бибiгүлдер, қазiр жастардың арасында жоқ. Қимылдайды, костюм тiгiп алады, кiндiгiн көрсетедi. Бiздiң өнерiмiз осы. Классикадан тыс қалып бара жатырмыз.

Тұрсын Жұртбай: –Қазiр драмалық шығарманы сiз кәсiби тұрғыда бағалайсыз, бiз де өз шама-шарқымыз келгенше баға берiп жатамыз.

Асанәлi Әшiмов: – Нағыз өнердi театрдан көру керек. Телевизор өнер емес. Нағыз киноны экраннан көр. Батыста бұл қайтадан өркендей бастады. Халық театрға оралды.

Тұрсын Жұртбай: – Он екi жыл сахнадан қол үзiп қалдыңыз. Сонша уақыттан соң, сахнаға қайта оралу, сол сахнада тұрып, өзiңiзде жалғыз қалғандай сезiнген жоқсыз ба? Сол актерлардiң орны үңiрейiп қалғандай болған жоқ па?

Асанәлi Әшiмов: – Мен үшiн үңiрейген нәрселер көп. €йткенi, жанымда олар жоқ. Ол туралы жаздым да, айттым да. Кейбiреулер оны дұрыс түсiнбеген де шығар.

Тұрсын Жұртбай: – Мен айтайын дегенiм, Хадиша, Фарида апайлар сахнаға қайта шықса деген ой ғой.

Асанәлi Әшiмов: – Адам мәңгiлiк емес. Уланованы сен қайтадан сахнаға шығара алмайсың ғой. Плисесицкая анда-санда билейдi, өзiң бiлесiң. Бәрiбiр, бұрынғыдай емес. Хадиша, Фариданы қайта шығарғанда не iстейсiң? Қазiр бұрынғыдай күшi жоқ. Бикен кетiп қалды. Сәбира апай қазiр тiрi болса да, шыға алмас едi. Актердiң жұмысы деген он- он бес жылғы аралық ғой. Одан кейiн қарымы қайтады. €йткенi, денсаулығы жарамайды. Аяқ алысы басқаша болады.

Тұрсын Жұртбай: – Болат Атабаев бiр сөзiнде: «Мен халық әртiстерiне қарсымын» деген едi.

Асанәлi Әшiмов: – Болат Атабаев Қозы Көрпештi қойса, Қозыны бандит жасайды. Қодарды лирикалық батыр жасайды, Баянды жезөкше қылады. €нерге өзгеше көзқарас әркiмде де бар ғой. Оның өнерге көзқарасы осы. Сосын үлкен әртiстермен жұмыс iстей алмайды. Арамыз, қарым-қатынасымыз жақсы. Iзденедi. Бiрақ, iзденiсi жаңағы. «Абай десем» деген спектакльде Абайды наркоман қылады, өткен-кеткен құйрығынан теуiп кетедi. Ол да адам ғой дейдi. «Шырағым-ау, бұл өнер ғой. Абай ұлы тұлға», –десем, ол кемшiн жақтарын iздеп жатады. Пендешiлiк барлық адамда бар. Шекспирде кемшiлiк болмады деп кiм айтады?! Абайлар таза. Жылдар өттi. Оның тазалығы қалды. Әр адамның тазалығы шығады. Мен мұны Димекеңнен естiген едiм. Шәкен қайтыс болғаннан кейiн, Шәкенге көше беру керек деген сияқты он сұрақпен алдына барғанымда, тоғызын орындап, бiреуiн кейiнге қалдырған. Ол қазiргi Шәкен Айманов атындағы киностудияны сұрағанбыз ғой. Оны кейiнге қалдырды. Сонда: «Он жыл бола ма, он бес жыл ма, уақыт өтедi. Шәкен тазарып шығады. Сол кезде өз-өзiнен киностудия Шәкеннiң есiмiне ие болады»,– деген едi. Тура солай болды. Он жыл өткеннен кейiн «Қазақфильм» киностудиясы Шәкеннiң атын иемденiп шыға келдi. Ешкiм сұрамай-ақ, өзi келдi.

Сахнаның өнерi – ол әдемiлiк деген сөз. Сен диуананы ойнасаң да, оның бiр әдемiлiгi болады.



Тұрсын Жұрбай: – Театрда он бес жыл, жиырма жыл жұмыс iстеп еңбегi еш болып жүрген, аз ақшаға шыдап жүрген актерлер мен режиссерлер бар. Режиссер мен актердiң арақатынасы туралы не ойлайсыз?

Асанәлi Әшiмов: – Режиссер актермен жұмыс iстеу керек. Докторлық диссертация қорғауға дайындалғандай актермен жұмыс iстейтiн болса, ол еңбектен нәтиже шығарар едi. Актер классика арқылы танылады, ролi арқылы белгiлi болады. Актердiң бойында жылт еткен жылу болса, соны режиссер ашу керек. Мысалы, мен өзiмдi алайын. Мен аяқ-қолымды қайда қоятынымды бiлмейтiн кезiмде сахнаға шықтым. Сахнада не iстеп тұрғанымды бiлмейтiнмiн. Сол кезде маған Әзiрбайжан кездеспесе, Шәкен кездеспесе, мен сол күйiмше қалып қалар едiм.

Режиссер мен актер текетiресiп отыру керек. Әзiрбайжанның бес-алты спектаклiнде ойнадым. Солардың барлығында келiсе бердi деп ойлайсың ба? Арамыз болса бес жас. Соның өзiнде, кей кездерде бiр-бiрiмiзбен қатты керiсiп қалған кезiмiз де болған. Ал қазiр ондай актерлер жоқ. Обаевпен немесе Рахимовпен келiспей жататын актерлердi көрмеймiн. Режиссер не айтады, соны жасайды. Пешкiсiң бе, сен. Мәселен, «Апатты» Әубәкiр қойды. Бiрақ сол спектакльде не айтқым келдi, соны айттым, ненi жасағым келдi, соны жасадым.



Тұрсын Жұртбай: – Әнуар Молдабеков туралы…

Асанәлi Әшiмов: – Бiр рольдi бiр актер шығарады. Оны екiншi актер тура солай қайталай алмайды ғой. «Ваня ағайды» Әнуардан кейiн Тiлектес ойнады. Бәрiбiр ойдағыдай емес. Бұрынғы мизансцена бар, бұрынғы музыка бар, соны өңдеп шығаруды бiзде ввод дейдi. Вводпен шыққан жалғыз актриса бар. Ол – Ермолова. Ермолова бiр таңда Ермолова болған. Залда отырған кiшкентай Ермолова кейiпкерге ғашық болып, соның сөзiн жаттап отырады екен. Тура премьерасы болатын күнi актриса ауырып қалып, сол залда отырған қыздың көмегiмен спектакль қойылған.

Тұрсын Жұртбай:– Қазiр репертуар туралы небiр пiкiрлер бар. Мен кейде ойлаймын

Асанәлi Әшiмов: – «Қойшы көп болса қой арам өледi» Сол репертуарлық коллегияның керегi жоқ. Жазбайтын драматургтерден алыстау жүрген дұрыс. Бiреуiне таянып кетсе артыңнан еретiн сөз көбейедi. Жазушы жазатынын жазып, ұсынып қана қоюы керек қой. Театр ұжымына ұнап жатса алады. Қазiрше оза туған драматургиялық дүние тумағаны рас. Жақында пьесаларға жарияланған байқаулардан жеңiмпаз атанған шығармалардан он пьеса финалға шықты, бәрiн оқып шықтық бәрi борпылдақ, солқылдақ...

Сәбира, Қаллеки, Елаға, Сераға өз алдына бiр театрлар. Оларға ұлы едi, мынандай едi, анандай ендi деп айта берудiң қажетi жоқ. Олардың қай қайсысы болсын бiр актерлiк мектеп.



Тұрсын Жұртбай:– Астанадағы драма театр Қалибек Қуанышбаевтың атын иеленгенi болмаса, онда Қаллекидiң мектебi жоқ деуге болады.

Достарыңызбен бөлісу:




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет