ӘӨЖ 94(575+574) :39 Қолжазба құқығында
ҚАЛШАБАЕВА БИБИЗИЯ КЕНЖЕБЕКҚЫЗЫ
Орта Азия қазақтары
(тарихи – этнографиялық зерттеу)
07.00.07- Этнография, этнология және антропология
Тарих ғылымдарының докторы ғылыми дәрежесін алу үшін
дайындалған диссертацияның
АВТОРЕФЕРАТЫ
Қазақстан Республикасы
Алматы, 2010
Жұмыс әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Археология және этнология кафедрасында орындалды
Ғылыми кеңесші: тарих ғылымдарының докторы,
профессор Ә.Т. Төлеубаев
Ресми оппоненттер: ҚР ҰҒА академигі, Болония
ғылым академиясының
корр.-мүшесі (Италия), тарих
ғылымдарының докторы,
профессор О.С. Смағұлов
тарих ғылымдарының докторы,
профессор Ж.О. Артықбаев
тарих ғылымдарының докторы,
Ч. Ж. Турдалиева
Жетекші ұйым: ҚР БҒМ ҒК Р.Б. Сүлейменов
атындағы Шығыстану институты
Диссертация 2010 жылдың «25» қараша күні 14. 00 сағат
Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі Ғылым комитетінің Ш.Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының тарих ғылымдарының докторы ғылыми дәрежесін беру жөніндегі БД 53.33.01 Диссертациялық кеңесінің мәжілісінде қорғалады (050010, Алматы қаласы, Шевченко, 28)
Диссертациямен ҚР Білім және ғылым министрлігі Ғылым комитетінің Ш.Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының қолжазбалар қорында танысуға болады.
Автореферат « » 2010 жылы таратылды.
Диссертациялық кеңестің
ғылыми хатшысы, тарих
ғылымдарының докторы А.Т. Қапаева
КІРІСПЕ
Зерттеу жұмысының жалпы сипаттамасы. Диссертация жұмысы Орта Азиядағы қазақтардың қоныстану тарихының кезеңдері мен бөгде ортада қалыптастырған этникалық және этномәдени үдерісіндегі дәстүрлі мәдениеттің сақталуы мен этнографиялық ерекшеліктеріндегі өзекті мәселелерге арналған.
Зерттеу тақырыбының өзектілігі. Қазақстан Республикасы ұлттық идеяны қалыптастыру мақсатында шет елдердегі қандастарымыздың этникалық тарихын, дәстүрлі мәдениетінің сақталуын, өзгерісін, бөгде ортадағы этникалық және этномәдени үдерістерін ғылыми талдауды маңызды міндет етіп қояды. Елбасы Н.Ә. Назарбаев Дүние жүзі қазақтарының ІІ құрылтайында жасаған баяндамасында: «Дүниеде қазақ деген ұлт біреу, демек оның ұлттық болмысы, салт-санасы, әдет-ғұрпы – барша қазаққа тән, оның ғажайып мол рухани қазынасы да – бөліп-жаруға жатпайтын ортақ байлық. Сондықтан сырттағы қазақтың әдебиеті, мәдениеті, өнері деген қолдан жасалатын шек-шекара болмауға тиіс. Тағдырдың жазуымен туған топырақтан шеттеп кетуге мәжбүр болған ата-бабаларымыз бен олардан тараған ұрпақ жасаған мол рухани қазынаны шашпай-төкпей жинап алуымыз, оны атажұртта және барша әлемге таныстыру аса маңызды шаруа»,- деп көрсетті 1, 8-б. Өзімізді танып білу, жоғымызды іздеу тек еліміз егемендігін алғаннан кейін ғана мүмкін болғандығы белгілі. Бүгіндегі әлемдік өркениет жағдайында болып жатқан түбегейлі қоғамдық-саяси, әлеуметтік-экономикалық және мәдени үдерістер Орта Азия аймағындағы елдерге де тікелей қатысты. Себебі, сырттағы қазақтардың тарихи даму эволюциясы да, этникалық және этномәдени үдерістері де қазақ этносының дамуының тұтас бір бөлігі. Олай болса, зерттеу аумағындағы жергілікті халықтар ықпалындағы қазақтардың қалыптастырған дәстүрлі мәдениетіндегі ерекшеліктерді, ұқсастықтарды сараптау этнология ғылымының өзекті мәселелерінің бірі болып саналады.
Әлемдегі диаспораның үлкен бір қауымын қазақтар құрайтындығы белгілі. Өз республикасынан тыс, шет жерлер мен шет елдерге таралу жағынан да қазақтар алдыңғы орындарда тұр. Халқымыздың 5,5 миллионға жуығы төл ортадан жырақта өмір сүруде. Соның ішінде саяси-экономикалық құрылымы әртүрлі елдерде өз қандастарынан бөлек ортада өмір сүріп отырған қазақтардың үлкен бір қауымын Орта Азиядағы қазақтар құрайды. Мәселен, 2000 ж. қарсаңында Өзбекстанда 990022, Түркіменстанда 98000, Қырғызстанда 42657, Тәжікстанда 2 мың қазақ болғандығын көрсетеді 2. Қандастарымыздың шет жерлерге таралу тарихы да баршамызға аян. ҚР президенті Н.Ә. Назарбаев қазақ халқының басынан өткізген қиын да ауыр тағдыры жөнінде былай дейді: «...өз жерімізде өзіміз қуғынға түстік. Мыңдаған жандар қырылып, мыңдаған жандар ата жұртын тастап кетуге мәжбүр болды. 1932-1933 жылдарда қазақ даласында болған адам айтса нанғысыз ашаршылық, 6 миллиондай халықтың 2,2 миллионы айдың күні аманында опат болғаны, сталиндік репрессия жылдарында аяулы да абзал азаматтарымыздың жойылғаны-большевизмнің бетіне басылар қара таңба, біздің ғасырлар бойы ұмытпайтын қасіретіміз»,- деп көрсетті 3, 8-б. Тақырыптың өзектілігі міне, осы сырттағы қазақтардың төл Отанынан жырақта жүру себептерін және бөгде ортадағы дәстүрлі мәдениетінің сақталуы, жалғастылығы мен өзгерісін талдаумен сипатталады.
Бөлек этникалық ортада өмір сүріп отырған барлық диаспораның атамекенінде мемлекеті бар, ол сол халықтың дамуының этникалық кеңістігі болып саналады. Сондықтан да шет жерлерде төл ортадан бөлек өмір сүріп жатқан қандастарымыздың этникалық, мәдени-рухани дамуына мемлекетіміз бар мүмкіндігінше қамқорлық жасауда. Қазақстан Республикасы шетелдердегі отандастарды қолдаудың мемлекеттік бағдарламасын қабылдап, оларды мүмкіндігіне қарай елге қайтару не ұлттық сана сұранысына қарай жағдай жасауда. Дүние жүзі қазақтарының қауымдастығы да шетелдердегі қазақтармен байланыс жасауда маңызды іс-шаралар мен қызметтер етуде. Осыған байланысты шет жерлерде тұрып жатқан қандастарымыздың да тұрмысын зерттеп, әлеуметтік-экономикалық және мәдени рухани тыныс тіршілігіндегі мәселелерді де талдап ұлт бірлігін нығайту тарихшы-этнографтардың бірден- бір міндеті. Сондықтанда шет жерлерде мекен етіп отырған қандастарымызды тарихи-этнографиялық тұрғыдан зерттеу ұлт бірлігін нығайтып, ұлтымыздың дамуына, жандануына ғана әкеліп қоймай басқа елдердің аз санды халыққа деген қатынас тәжірибесін анықтап, зерттеуге де мүмкіншілік береді. Шет елдердегі қазақтардардың этно-әлеуметтік мәселелері және этнографиялық болмысы бүгінгі күннің өзекті мәселелерінің бірі болып табылады. Себебі, шетте жүрген қандастарымыз қазақ этносының бір бөлігі, қазақ халқының тұтастығын, көздейтін болсақ, олардың дәстүрлі мәдениетімен қазіргі жағдайдағы этномәдени үдерістеріндегі мәдени мұраларының сақталуы мен жалғастылығын зерделеу қажет. Сондай ақ шет жерлердегі қандастарымызды тарихи-этнографиялық тұрғыдан зерттеу олардың мәдени қажеттілік сұраныстарын қанағаттандырып қана қоймай, халқымыздың мәдени мұраларын жоғалтпай, қайта тірілтуге, жандандыруға, мәдениетіміздің озық үлгілерін насихаттауға мүмкіндік береді. Орта Азиядағы қазақтардың этникалық тарихын, этнографиялық ерекшелігін зерттеу халқымыздың тұтастығы мен этникалық бірлігін сақтауда өзекті тақырыптардың қатарына жатады.
Мәселенің зерттелу деңгейі. Қазақ диаспорасы тақырыбының ғылыми тұрғыдан зерттелуі ХХ ғ. 90 жылдарынан басталады. Дегенмен де, Қазан төңкерісіне дейінгі және Кеңес өкіметі жылдарындағы жарық көрген тарихи-этнографиялық еңбектерде Орта Азия қазақтары жөніндегі мәліметтер кездеседі. Мәселен, Орта Азия қазақтарының ХІХ ғ. саны, этникалық құрылымы, тұрмысы мен мәдениеті жөнінде П. Паллас, И. Фальк А.И. Макшеев, П.И. Пашино, М.А.Терентьев, Ю.Я. Янсон, Л.Ф. Костенко, А.В. Каульбарс, В.И. Масальскийдің т.б. еңбектерінен көптеген мағлұматтар алуға болады. Қазан төңкерісіне дейінгі Орта Азия халықтарының орналасу аумақтары, халқының саны, этникалық құрамы, шаруашылығы, мәдениеті жөніндегі мәліметтер әр жылдардағы «Материалы для статистики Туркестанского края», «Обзор Сырдарьинской области», «Обзор Семиреченской области», «Обзор Закаспийской области», т.б. басылымдарда жан-жақты беріледі. Сырдария облысы қазақтарының шаруашылығы А.К. Геинс, Н.А. Маев, И.И. Гейер, Н.Н. Александров, Н. Дингельштет, т.б. еңбектерінде берілсе, ХIХ ғ. ІІ жартысы мен ХХ ғ. бас кезеңінде қазақ отбасына байланысты жазылған этнографиялық материалдар Н.И. Гродеков, Р. Карутц, Ә. Диваевтың еңбектерінен кездестіреміз. Кеңес өкіметінің алғашқы жылдарындағы мәліметтер «Сельское хозяйство в Туркестанском крае», «Отчет Сырдаринского экономического Совещания за 1921-1922 гг. хоз. год», т.б. еңбектерде кездеседі.
Кеңес өкіметінің алғашқы жылдарындағы Түркістан өлкесін аудандастырумен байланысты қалыптасқан халықтардың сандық құрамы, этникалық аумақтары жөнінде Н.И. Балашев, «Материалы по районированию Узбекистана», И.И. Зарубин, Н.Б. Архипов т.б. еңбектерінде баяндалса, 1924-1926 жж. Орта Азияның этникалық шекарасы межелеу нәтижесі, оның халықтар дамуындағы орны Т.А. Жданко, Х.Т. Турсыновтың еңбектерінде көрсетіледі. ХХ ғ. 30 жылдарында ұйымдасқан Хорезм археологиялық-этнографиялық кешенді экспедиция С.П. Толстовтың, Т.А. Жданконың басшылығымен ұзақ жылдар Хорезм аумағындағы өзбек, қарақалпақ, түрікмен және қазақтардың этнографиясын зерттеп, құнды мәліметтер қалдырды. Осы экспедицияның құрамында зерттеу жұмысын жүргізіп, Қарақалпақстан қазақтарының тарихы мен этнографиясын және олардың қарым-қатынасын архив деректерімен далалық зерттеулер негізінде жазған У.Х. Шалекеновтың 4, Хиуа хандығындағы қазақтар мен қарақалпақтарды С.К. Камаловтың 5, Өзбекстандағы халықтардың мәдениетін салыстырмалы қарауда К. Шаниязовтың 6, аумақтағы қазақтардың сандық құрылымы жөніндегі мәліметтер Н.Е. Бекмаханованың 7, т.б. еңбектерінде жан-жақты қарастырылады. Жалпы, 1983–1984 жж. ҚазҰУ археология және этнология кафедрасы ұжымы алғаш рет т.ғ.д. профессор Ә.Т. Төлеубаевтың жетекшілігімен Орынбор, Астрахан облыстарындағы қазақтардан этнографиялық материалдар жинақталған болатын, соның негізінде 13 баспа табақ ғылыми есеп пен монография жазылды.
Тікелей тақырыппен байланысты Орта Азиядағы халықтардың саны, этникалық құрамы, өсу, кему динамикасы Х. Салимовтың, И.Р. Муляджановтың, т.б. еңбектерінде қарастырылады. Түркіменстандағы қазақтар жөніндегі мәліметтерді Ш. Кадыров, М.Г. Гапуров, А. Оразов, т.б. еңбектерінен, Қырғызстандағы халықтардың этникалық сандық құрылымы жөнінде К.К. Кронгардтың , А.С. Кочкуновтың, В.С. Желоховцева, т.б. еңбектерінен алдық. Сол сияқты Н.А. Ахмадиевтің, Т. Мирхаликовтың, т.б. еңбектерінен Тәжікстандағы қазақтар жөнінде мәліметтер алынды. Тәуелсіздікке қол жеткізген Қазақстан үшін қазақ диаспорасы мәселесі тек 1991 жылдан бастап ғылыми проблема ретінде қазақ диаспорасының қазіргі жағдайы мен болашағы жөнінде мәселелер көтеріле бастады. Соның бірі 1999 жылы 14 қыркүйекте өткен Дүние жүзі қазақтарының қауымдастығы, Ұлттық Ғылым академиясының Ш. Уәлиханов атындағы тарих және этнология институтының ұйымдастыруымен «Қазақ диаспорасы тарихын зерттеудің келелі мәселелері» атты ғылыми тәжірибе конференциясында да диаспора мен оралмандардың саяси әлеуметтік жағдайы және рухани мәдениетін насихаттау жөнінде көптеген келелі ұсыныстар айтылды. М.Қ Қозыбаев Қазақ диаспорасының тарихын зерттеудің келелі мәселелері атты ғылыми-практикалық конференцияда жасалған баяндамада: «Ғылымның диаспорология деген ұғымы қалыптасты. Біз біртұтас ұлт, халық боламыз десек ғылымның сол саласын әлі де зерттей түсуіміз керек» – деп атап көрсетті 8. Отандық тарихшылардың ішінде қазақ халқының сандық құрылымын салыстырмалы түрде қарауда М.Х. Асылбековтың, біздің зерттеу жұмысымыздың кейбір тұстарын ашуда С. Мадуановтың, У.Х. Шалекенов пен М.У. Шалекеновтың және т.б. еңбектерінде жергілікті халықтар арасындағы өзара байланыс пен ықпалдылық мәселелері қарастырылды. Қазақ диаспорасын теориялық-әдіснамалық тұрғыда талдап, алыс шет елдік отандастарымыз жөнінде келелі тұжырымдар жасаған белгілі ғалым Г.М. Меңдіқұлованың еңбектерінің маңызының жоғары екендігін айта кеткеніміз жөн 9. Шет жерлердегі қандастарымыздың тарихы мен этнографиясы жөнінде көптеген ғалымдарымыз қалам тартты. Мәселен, Алтай қазақтарының этникалық тарихы жөнінде белгілі ғалым, этнолог-антрополог О. Смағұлов, Монғолиядағы қазақтардың тарихы мен этнографиясы жөнінде ғалым З. Қинаятұлы, қазақ-қытай қарым қатынастары жөнінде Н. Мұхамедханұлы т.б. Орта Азиядағы қазақтардың материалдық мәдениетін салыстырмалы түрде зерттеуде арқау болған Н. Алимбай, Х. Арғынбаев, М. Мұқановтың 10, қазақ халқының баспана құрылыстарын Орта Азия халықтарымен салыстыра зерттеуде белгілі ғалым С. Жолдасбаевтың еңбектері құнды 11. Аумақтағы қазақтардың отбасы және отбасылық қатынастарындағы әдет ғұрып, салт дәстүрлерін зерттеуде Х. Арғынбаевтың 12, Ә.Т. Төлеубаевтың 13 еңбектерін негізге алсақ, қазақтың қоныстары, ғұрыптық кешендері жөнінде түрікмен, қарақалпақ халықтарымен салыстыра талдап, зерттеген археолог-этнограф С. Әжіғалидың 14 еңбектерінің орны ерекше. Сондай ақ Маңқыстау қазақтарын зерттеген Ү. Қыдыралиннің 15, қазақ этнографиясын аумақтық салыстыруда Ж. Артықбаевтың 16, қазақ қолөнерінің Орта Азия халықтарымен ұқсастығы мен ерекшелігін зерттеуде Ш. Тохтабаеваның 17, Н. Шаханованың 18, Р. Мустафинаның 19, т.б. еңбектері де жұмысымыздың кейбір тұстарын айқындауда арқау болды. Диссертациямыздың Өзбекстандағы қазақтарға байланысты тарихи жағын зерттеуде К.И. Кобыландиннің 20 еңбектерінің маңыздылығын атап көрсеткіміз келеді. Соңғы кезеңдерде сырттағы қазақтарды тарихи –этнографиялық тұрғыдан кешенді түрде зерттеуде Ш. Уәлиханов атындағы тарих және этнология институты ғалымдарының Өзбекстан мен Қарақалпақстанға, Монғолияға жүргізген кешенді экспедицияларының маңызы зор.
Зерттеудің деректік негіздері. Зерттеу жұмысының деректік негіздерін әр кезеңдердегі санақтар мен статистикалық жылнамалар, материалдар, мемлекет қаулылары мен көші-қон агенттігі, далалық материалдар мен архив құжаттары құрайды.
Деректік материалдардың бір тобын әр жылдардағы санақтар мен статистикалық мәліметтер құрайды. Оған: «Материалы для статистики Туркестанского края», «Статистический ежегодник 1917–1923 гг.», «Хозяйственный план Туркреспублики на 1923–1924 гг.», 1917, 1920 жж. Бүкілресейлік халық санақтары, 1926, 1936, 1939, 1959, 1970, 1979, 1989 жж. Бүкілодақтық халық санақтары, ҚР статистикалық агенттігі. 1999 ж. халық санағының қорытындысы, ҚР, Өзбекстан, Қырғызстан Республикалары статистикалық агенттігіктерінен, т.б.алынған материалдар енеді.
Зерттеудегі деректік материалдардың екінші бір тобын 1992 ж., 2002 жж. Дүниежүзі қазақтарының құрылтайы материалдары, Қазақ диаспорасы көші-қон жөніндегі мемлекет қаулылары мен көші-қон агенттігінің статистикалық материалдары құрайды.
Деректердің үшінші бір бөлігін 1990–1993 жж. Ташкент, Жызақ, Сырдария, Науай облыстарынан, 1999–2003, 2004–2005 жж. автордың Қырғызстан, Өзбекстан, Қарақалпақстан, Түркіменстандағы қазақтар арасына барып, 150-ден аса информаторлардан жинаған материалдары құрайды. Алынған материалдар қазақ диаспорасының этнографиясы жергілікті халықтардың дәстүрлі мәдениетімен салыстырыла отырып, жинақталған.
Жұмыстың ең бір өзекті жағын ашуда және қазақтардың қалыптасуы мен қоныстану тарихын айқындайтын, нақты мағлұматтарды Өзбекстанның Орталық Мемлекеттік архиві, Қырғызстанның Орталық Мемлекеттік архивінен, т.б. және аталған елдердегі Ұлттық кітапхана сирек қоры материалдары құрайды. Мәселен, Орта Азия республикаларының шекарасын нақтылау жөніндегі деректерді ӨРОМА Р-1 қор, 707-істе, шекаралас жерлердегі даулы территорияларды реттеу мен Ташкент уезінің Ниазбек, Зеңгіата, Болат болыстығына қатысты шекара мәселесі осы қордың 704 ісінде, қарастырылса, р-39, 2-тізбе, 454- істегі (құпия құжат) құжатта этникалық шекаралардың Қауыншы станциясының қалай бөлінгендігі жөнінде деректер беріледі. ӨРОМА 17-қор, 1-тізбе, 335–істе және 860-істе Мырзашөл уезі қазақтарының жерін Грузияға жалға беруі қаралса, 1-қор, 4- тізбе, 1380-істе Ташкент және Наманган уездерінің шекарасында жайылым жерлерге байланысты деректерден юз этникалық тобы жөнінде мәліметтер білеміз.
Орта Азиядағы қазақтардың дәстүрлі шаруашылығы егіншілік, мал шаруашылығындағы олардың үлес салмағы арақатынасын көрсететін деректер ӨРОМА алынған 25-қор, 1-тізбе, 1717-істе, ӨРОМА 20-қор, 1- тізбе, 5-істе, осы қордың 6-ісінде, Красноводскідегі адай қазақтары мен түрікмен иомудтардың мал шаруашылығындағы айырмашылықтарды көрсетеді. ӨРОМА 86-қор, 1-тізбе, 2150-іспен ӨРОМА 12-қор, 1-тізбе, 9-істе қазақтармен түркімендердің көші-қоны, жайылым жерлерге байланысты екі халықтың арасындағы қақтығыс жөніндегі мәліметтер мен қоса мал саны жөніндегі мәліметтерді сараласақ, р-29, 3-тізбе, 1612-істе Түркреспубликасының егіншілігі мен мал шаруашылығы жөніндегі деректерді де кездестіруге болады. Қазақтардың кәсіпкершілігі тұз өндіру, балық аулау жөнінде ӨРОМА Р – 1 қор, 1-тізбе, 721 – іс және ӨРОМА 34 – қор, 1 – тізбе, 421-істе отырықшы қазақтар мен Бұхара республикасы халықтарының ұлттық құрамы жөнінде мағлұматтар аламыз. ӨРОМА 90-қор, 9-тізбе, 248-істегі деректе 1947 ж. Ташкент қаласы және Ташкент облысындағы өнеркәсіп орындарына Қазақстаннан жалға берілген жерлердің тізімін Өзбекстанға бекіту жөніндегі материалдар берілген.
ҚырРОМА 847 – қор, 1 – тізбе, 27 – іс қазақтардың Жетісу облысынан Қытайға көшіп, елге оралу барысында Қырғызстан жеріне қоныстануы жөніндегі деректерді; ҚырРОМА 20 – қор, 1 – тізбе, 187 – істе Қырғызстан халықтарының саны округтер, болыстықтар бойынша берілген, біз қазақтардың осы аталған округтердегі үлес салмағын білсек, осы қордың 6 – ісінде Қазақстанмен Қырғызстан арасындағы шекарадағы жайлауларға байланысты деректер, 116 ісінде шекара мәселесі қарастырылады. ҚырРОМА 105 – қор, 33 – тізбе, 4066 – істе де халықтың саны жөнінде мағлұматтар және т.б. көптеген архивтік деректермен құпия құжаттарды жұмысымызда арқау еттік.
Зерттеу жұмысының мақсаты. Орта Азияда қазақтардың қоныстану тарихын, олардың орналасуын, санын, рулық құрамын, тұрмысы мен мәдениетіндегі этнографиялық ерекшеліктерін бөгде ортадағы өзара ықпалдастықтың ұлттық мәдениетке тигізген ықпалын ғылыми талдау, қазіргі кезеңдегі саяси, әлеуметтік-экономикалық себептермен қазақ диаспорасының елге оралу проблемаларын сараптау, жұмыстың кешенді зерттеуі болып табылады.
Қойылған мақсаттарға сай Орта Азиядағы қазақтардың тарихи және қазіргі этникалық жағдайына байланысты тарихи этнографиялық аспектілерін зерттеуге бағытталған төмендегідей міндеттер шешіледі:
- Орта Азиядағы республикалардың аумақтық– әкімшілік басқару құрылымының тарихи жүйесін көрсету;
- Орта Азиядағы қазақтардың қалыптасу, қоныстану тарихы жөніндегі архивтік, құжаттық деректер мен зерттеулерді сарапта,ғылыми талдау;
- Орта Азиядағы қазақ диаспорасы мен ирредентінің қалыптасуы мен қоныстану кезеңдері, «ирредент», «диаспора» статусына енуінің обьективті және субьективті себептерін айқындау;
- Орта Азияның әкімшілік-аумақтары бойынша қазақтардың рулық құрамы мен ондағы кейбір рулардың ежелгі тайпалармен сабақтастығын саралап, зерттеп, шоғырланған орталықтарын анықтау;
- Статистикалық мәліметтер мен әр кезеңдерде жүргізілген санақтар негізінде ХІХ ғ. екінші жартысынан қазірге дейінгі Орта Азиядағы қазақтардың сандық құрамы мен демографиялық өсу, кему динамикасын зерделеу;
- Орта Азиядағы қазақтардың этноэкономикасындағы негізгі дәстүрлі шаруашылығы мен қосалқы кәсіптерінің сақталуын, дамуын, жалғастылығын және жергілікті ортаның ықпалы мен байланыстылығы негізіндегі өзгерісі мен ерекшеліктерін көрсету;
- Зерттеулер мен ел арасынан жиналған материалдар негізінде қазақтардың материалдық мәдениетінде ұлттық болмысымызды айқындайтын дәстүрлі элементтердің сақталуы мен бөгде ортаның ықпалдастығы нәтижесіндегі өзгерістердің аражігін талдау;
- Орта Азиядағы қазақтардың отбасы және неке, отбасылық әдет-ғұрып, салт-дәстүрлердің дәстүрлілігі мен жаңашылдығын, жергілікті ортаның аз санды қазақтардың дәстүрлі мәдениетіне ықпалы мен әсерін айқындау;
- Орта Азия республикалары бойынша қазақтардың этномәдени үдерісіндегі аймақтық өзгерістер мен ерекшеліктердің арақатынасын нақты ел аарсынан жиналған материалдармен сараптау;
- Орта Азиядағы қазақтардың тарихи Отанға оралу себептері мен олардың елде шоғырлана қоныстану орталықтары және төл ортаға бейімделу проблемаларын көрсету.
Зерттеу жұмысының хронологиялық шеңбері. Диссертацияда Орта Азиядағы қазақтарды ХVІІІ ғасырдан бастап ХХІ ғасырдың бас кезіне дейін тарихи-этнографиялық аспектіде қарастырамыз. Қазақтардың Орта Азиядағы бүгінгі жай күйіне байланысты тарихи Отанға оралуы және бейімделу мәселелері де зерттеледі
Зерттеу жұмысының нысаны - Орта Азиядағы қазақ диаспорасы (тарихи-этнографиялық зерттеу).
Зерттеу жұмысының пәні – Орта Азиядағы қазақтардың этникалық тарихы, этнографиясындағы дәстүрлі мәдениеттің сақталуы мен ерекшеліктерін кешенді зерттеу арқылы қазақ диаспорасының қазақ этносымен тұтастығын көрсету.
Зерттеу жұмысының теориялық және методологиялық негіздерін теориялық және практикалық тәсілдер мен қабысатын қазіргі заманғы кешенді зерттеу әдістері құрайды. Аталған жұмысты орындауда тарих ғылымының мынадай жалпы теориялық принциптері басшылыққа алынды : қажетті деректерді табу және оларға сипаттама берудегі тарихи таным, оқиғалар мен жағдайларды зерттеуде тарихи обьективтік нақтылық, танымдағы жан-жақтылық және «диаспора», «ирредент», «этномәдени үдерістер» т.б. теорияларында көтерілген концептуалдық мәселелер өткен және қазіргі кезеңдегі байланыстық мағына дәрежесінде пайдаланылды. Еңбекте анализ, синтез, тарихи жүйелілік, тарихи – салыстыру, хронологиялық және басқа да әмбебаптық жалпыға мәлім зерттеу әдістемелері қолданылады. Осыған байланысты Орта Азиядағы қазақтардың этномәдени үрдістері мен үдерістеріндегі бағыттар республикааралық көлемде салыстырылып, жүйеленді.
Зерттеудің ғылыми жаңалықтары: алғаш рет отандық тарихнамада Орта Азиядағы қазақтардың этникалық тарихы, тұрмысы мен мәдениетіндегі этнографиялық ерекшеліктері, бөгде ортада дәстүрлі мәдениеттің сақталуы мен өзгерісі мәселелеріне компаративті талдау жүргізіліп, кешенді түрде зерттелді.
Диссертациялық зерттеуде жаңалықтардың басым бөлігі алғашқы зерттеу нысаналары болып табылады:
- Орта Азияның территориялық кеңістігіндегі өзгерістер талданып, әкімшілік–аумақтық басқару құрылымының тарихы патшалық отарлаудан қазіргі кезеңге дейін жүйеленді;
- Орта Азиядағы қазақ диаспорасы мен ирредентінің қалыптасуымен қоныстану тарихының кезеңдері айқындалды;
- Өзбекстанның Қазақстанмен шекаралас аудандардағы кейбір территориясы Орта Азия қазақтарының ежелден тұрақтаған ата-мекені екендігі және Орта Азияның ұлттық-территориалдық шекарасын межелеудегі территориалдық даулардың себептерін көрсететін мұрағат деректері мен зерттеулер топталып, талданды.
- Орта Азиядағы аумақтар бойынша қазақтардың рулық құрамы мен ондағы кейбір рулардың ежелгі тайпалармен сабақтастығы нақты деректермен негізделіп, шоғырланған орталықтары нақтыланды.
ХІХ ғ. ІІ жартысынан қазірге дейінгі Орта Азиядағы қазақтардың сандық құрамы, өзгерісі, жергілікті халықтардың санымен салыстырылып, демографиялық өсу, кему динамикасы статистикалық мәліметтер және әр кезеңдерде жүргізілген санақтар негізінде зерделенді;
- Қазақтардың дәстүрлі шаруашылық түрлері, ондағы дәстүрліліктің сақталуы мен дамуы және жергілікті халықтардың этноэкономикасымен ұқсастығы сараланып, өзараықпалдылық негізінде қабылдаған шаруашылықтағы кейбір еңбек бейімделігінің ерекшеліктері көрсетілді;
- Зерттеулер мен ел арасынан жиналған материалдар негізінде қазақтардың материалдық мәдениетінде ұлттық болмысымызды айқындайтын дәстүрлі элементтердің сақталуы мен бөгде ортаның ықпалдастығы нәтижесінде қазақ тұрмысына этноэволюциялық жолмен енген материалдық мәдениет элементтері: баспана, киім, тағамындағы ерекшеліктер айқындалды;
- Ел арасынан жиналған материалдар негізінде Орта Азия қазақтарындағы отбасы және неке құрылымы, түрі, отбасылық әдет-ғұрып, салт-дәстүрлердегі дәстүрлі мәдениеттің сақталуы мен жаңашылдығы, отбасылық салт-дәстүрде этникалық территориядағы жергілікті халықтардың ықпалы мен әсері айқындалды;
- Қазіргі кездегі Орта Азияның этномәдени үдерістеріндегі негізгі бағыттар мен аймақтық ерекшеліктер және өзгерістердің қазақ халқының этникалық дамуына тигізетін ықпалы сараланды.
- Статистикалық және баспасөз материалдар негізінде қазіргі кезеңдегі Орта Азия елдеріндегі қазақтардың тарихи Отанға оралуының негізгі саяси-әлеуметтік себептері мен орналасу аймақтары және төл ортаға бейімделу проблемалары көрсетілді.
Зерттеу жұмысының практикалық маңызы шет елдердегі қазақ диаспорасының этникалық тарихы мен мәдениетін зерттеу Қазақстан тарихының бөлінбес бір бөлшегі ретінде қазақ халқының тұтастығын көрсетуге бағыттала отырып, халқымыздың бірлігі Қазақстан Республикасында ұлттық идеяны қалыптастырып, еліміздің тұрақты дамуына ықпал етеді.
Диссертациялық зерттеудің практикалық нәтижелері қазақтардың дәстүрлі мәдениеті мен отбасылық қатынастарын зерттеумен айналысатын орталықтарда, Орта Азия кеңістігінде қазақ диаспорасының этникалық, этномәдени даму үдерістерін дамытуда нақты бағдарламалар мен жобалар және халықаралық саясатта стратегиялық бағыттар жасауға мүмкіндік береді.
Мұнан басқа зерттеудің негізгі нәтижелері мен ережелері Жоғары және арнайы оқу орындарында Қазақ диаспорасы тақырыбында арнайы курстар оқуға, ғылыми қызметкерлер мен оқытушылар өздерінің педагогикалық қызметтерінде пайдалана алады. Қазақстан Республикасы халықаралық қатынастарға байланысты мәселелерде осы зерттеудегі тұжырымдар мен қорытындыларды басшылыққа ала алады.
Достарыңызбен бөлісу: |