«Алтын күз» мерекесі
Мақсаты:
Күз мезгілінің ерекшеліктері туралы, білімдерін бекіту. Табиғат әсемділігін эстетикалық түрде сезіну.
Күз көрінісін ән, би, ойын арқылы сипаттау. Жұмбақ, өлең арқылы байланыстыра сөйлеу дағдыларын дамыту.
Табиғатқа сүйіспеншілігін тәрбиелеу, қорғау, аялау сезімдерін қалыптастыру.
Залды безендіру: сахнаның ортасында жапырақтар тігілген түрлі түсті маталар, шарлар, залға ілінген күзгі жапырақтар.
Көрнекіліктер: жемістер, көкөністер муляжы
Кейіпкерлер: Күз аруы, Сәбіз бөбегі, Алмұрт ата
Музыкалық репертуар:
Ән: «Күз жомарт» Өлеңі: Е.Өтетілеуов, Музыкасы: Д.Ботбаев.
Би: «Жапырақтар» Чайковский
Ән: «Жаңбыр» Ж.Қалжанов, Т. Базарбаев
Би: «Вальс» «Шық тамшысы» муз. С.Майкапард
Ән: «Туған қалам» Ө.Тұрманжанов
Балалар музыка әуенімен залға кіреді.
Жүргізуші: Бұлттар төніп,
Жерге шөгіп,
Дымқыл тұман басады.
Шөп сарғайып,
Өңі тайып,
Дала сұры қашады.
Бой жаза алмай,
Ойнай алмай,
Денең мұздап тоңады.
Бөбектерім, айтыңдаршы,
Бұл қай кезде болады?
Балалардың жауаптары:
Музыка әуенімен Күз аруы кіреді.
Күз аруы: Ой, балалар, балалар,
Қоңырқай күз болыпты.
Қурап жапырақ солыпты.
Ел егінін орыпты.
Алма, өрік, шиелер,
Себеттерге толыпты.
Сәлеметсіңдер ме, балалар! Сіздердің бала бақшаларыңызға да күз келіпті. Менің көйлегімнен ұшқан қызыл, сары жапырақтар сіздердің залдарыңызға қоныпты.
Жүргізуші: Иә, Күз Аруы, сіз біздің «Алтын күз» мерекемізге қош келдіңіз!
Күз аруы: Балалар, сендер айтып беріңдерші біздің жақсы көретін күз мезгілінде қандай ерекшеліктері бар? Мен сендерге сурет белгісін көрсетемін, ал сендер маған сол туралы сипаттап беріңдер. Жауап берген балаға әдемі жапырақ сыйланады.
Жауды жаңбыр көлдерге,
Ағаштарға, белдерге.
Қ-сы:
Жаңбыр, жаңбыр, соқпашы,
Ойнайықшы тоқташы.
(бұлт, бидай масақтары, жемістер толған себет, сарғайған ағаш, құстар)
Балалардың жауаптары: (осы суретке қатысты сипаттау сөйлемдері).
Күз аруы: Балалар, менің сүйікті мезгілім туралы білімдеріңіз өте жақсы екен.
Қайың, терек басынан,
Қызыл, сары жапырақ.
Жерге түсіп шашылған,
Жел үрлесе қалықтап.
Менің көйлегімде, залда күздің ерекшелігі сары, қызыл жапырақтар. Ал олар қай ағаштан түскендерін тани аласыздар ма?
Ойын: «Өз ағашыңды тап»
Шарты: Үлкен суретте қайың, емен, үйеңкі ағаштары бейнеленген. Шашылған жапырақтардан өз ағашына сай жапырақты таңдап іліп қою керек. Кім тез болады, сол жеңеді.
Күз Аруы: Біздің балалар ағаштар жапырағын білгеніне риза болдым, күзгі өлкемізді әсемдейтін менің жапырақтарым сіздерге би билесін.
Би: «Жапырақтар»
Жүргізуші: Күз аруы, сіздің құрметіңізге балалардың басқа да өнерлерін тамашалаңыз.
Ән: «Күз жомарт»
Өлеңі: Е.Өтетілеуов, Музыкасы: Д.Ботбаев.
Тақпақтар:
1-бала:
Берекесін сыйлауға,
Өлкемізге күз келді.
Жемістерін жинауға,
Шақырады біздерді.
2бала:
Құстар қайтты ән салып,
Бұлт шарлады аспанды.
Қыс келеді жар салып,
Күзгі суық басталды.
Музыка әуенімен Алмұрт ата мен Сәбіз бөбегі бір-бірімен дауласып музыка залына кіреді.
Сәбіз: Мен тәттімін!
Алмұрт: Жоқ, мен тәттімін дедім ғой!
Ару Күз: Сендерге не болған, достар! Бір-бірлеріңмен таласа бермей, балалардан сұрап көріңдер.
Алмұрт: Балалар, сәбізге айтыңдаршы мен тәттімін ғой!
Сәбіз: Сен тәттілеу болсаң, менің дәрумендерім көбірек!
Күз аруы: Онда балалардан сұрайық. Сәбіз бен Алмұрттың қандай пайдасы бар?
Балалардың жауаптары:
Жүргізуші: Сендер енді келісесңідер ғой балалардың жауаптарымен? Екеулеріңіз де пайдалы, тәтті екенсіздер!
Күз аруы: Балалар, мен сендерге қызықты ойын даярладым. Алмұрттың достары кім? (балалар жемістерді атайды) Сәбіздің достары кім? (балалар көкөністерді атайды)
Ойын: «Көкөніс пен жеміс»
(Жеміс пен көкөністерді ажыратып, екі себетке салу).
Жүргізуіші: Көңілді өскен балалар,
Ойнай жүріп өседі.
Даламның гүлі жаңбырдың,
Тамшысымен өседі.
Ән: «Жаңбыр» Ж.Қалжанов, Т. Базарбаев
Жүгіріп көлге келдім ғой,
Жаңбыр қандай ей-ей-ей!
Қ-сы.
Тақпақтар:
1-бала:
Піскен кезде құлпынай,
Қандай әсем шіркін-ай!
Қарай бергің келеді.
Дүркін, дүркін, дүркін-ай!
2-бала:
Апорт деген алманың
Таттың ба сен бал дәмін?
Апорт деген тәтті алма,
Ол өседі бақтарда.
Би: «Вальс»
Сәбіз бен Алмұрт: Балалар, жеміс пен көкөністерден мамаларыңыз күзде қандай тағам жасайды? Білесіңдер ме?
Балаладың жауаптары.
Сәбіз бен Алмұрт: Онда ойын ойнайық.
Ойын: «Салат пен тосап»
Шарты: Балалар жеміс, көкөніс киімдерін, маскалар киіп, музыка әуенімен еркін билейді. Музыка тоқтағанда балалар екі топқа бөлінеді.
Тақпақтар:
1-бала:
Күз де келді, күз келді,
Күндерін жаз үзді енді.
Күз де келді, күз келді,
Көкте бұлттар жүзді енді.
Ару Күз, Алмұрт, Сәбіз: Балалар, сендер көкөніс пен жемістерді талғамай көп жеңдер, сонда қыс мезгілінде ауырмайсыңдар. Бірақ, барлығын жуып жеңдер. Ал енді сендердің өнерлеріңе көп рахмет! Біз басқа балабақшалардың балаларының өнерлерін көріп келейік. Сау болыңдар.
Жүргізуі: Сау болыңдар, достар!
Жүргізуші: Балалар, «Алтын күз» мерекесі осымен аяқталды. Жомарт күз бізге тобымызға сыйлық тастап кетіпті, соны алайық. Өнерлеріңе рахмет!
МҚКК № 5 сәбилер бақшасы
«Алтын күз»
Тәрбиешілер: Э.Утешева
2013-2014 жж
Достарыңызбен бөлісу: |