Аманғазықызы мөлдір қазіргі қазақ прозасындағы қала моделі және ұлттық ментальділік



бет20/31
Дата12.04.2024
өлшемі314.84 Kb.
#498540
түріДиссертация
1   ...   16   17   18   19   20   21   22   23   ...   31
aman-azy-yzy-m-phd-povtorno (2)

7. «Қала – мола». ХХ ғасырдың соңында жазылған көркем шығармаларда қалалардың көрінісі өзгеше сипат алып, авторлардың танымындағы қала образы түрліше көрініс тапты. Мәселен, көрнекті жазушы Дулат Исабековтің «Сүйекші» (1993) повесі кішкентай шаһардағы молашы шалды, қаладағы молаларды баяндаудан басталады: «Желтоқсанның ызғарлы күндері де басталды. Суық түсіп, даланы қырау көмгелі Үндеместің сарыбы қайта қозып, сүйек-сүйегі сырқырап, кей күндері күн шыққанша жылы төсегінен тұрғысы келмей жатып алатын болды... Бұл қосалқы ат өзіне қашан тағылды, кім тақты – ол жағын ешкім де, тіпті, Тұңғыштың өзі де білмейді. Осы бір кішігірім шаһарға ол қашан келді, қайдан келді – оны да сұрап-біліп жатқан бір жан жоқ, бар білетіндері – жалаңаш денесіне киген түйе жүн шекпені қысы-жазы үстінен бір түспейтін қушиған молашы шал» [71].
Повестегі бас кейіпкер – Тұңғыш жан-дүниесі аяусыз тоналған, құр сүлдерін ғана сүйретіп жүрген адам: «Бұл жарық дүниеде аз жасады ма, көп жасады ма, рахат көрді ме, бейнет көрді ме, бағы ашылған ба, соры қайнаған ба, бұл жағын да ойлап толғамайтын секілді» [71, б. 227]. Шығарма басталысымен-ақ жазушы қала сыртындағы молалар, сол жерде мола қазып күнін көретін молашы шал жөнінде баяндайды: «Ертемен тұрып қолына кетпені мен күрегін, сүйменін алып, қала сыртындағы қорымға қарай ілбиді. Келген бетте сол баяғы бір қалыпты қимылмен жайбарақат жер қазуға кіріседі. Өзекті жерде өлім бар, бұ қаладан күніне екі-үш адам ақырет сапарға аттанып тұрады. Бұған ол да әбден үйреніп алған. Күніне қазатыны үшеу, әрі кетсе төртеу. Азаннан кешке дейін осы қимылмен-ақ бітіріп тастайды. Сонан соң әр молаға өзі жатып көріп, тар болса үңгіп, белгісіз марқұмға іштей иманды бол айтады да, үсті-басының шаңын қағып ымырт үйіріле үйіне қайтады. Мұны шаһардағы көп адам біледі, ал бұл олардың бір де бірін танымайды» [71, б. 227].
Қарапайым ғана молашы шалдың көкірегіндегі құпияға үңілуге тырысқан жазушы бас кейіпкер арқылы адамның өмірдің мәнін жоғалтып алып, тек тәнін ғана сүйретіп жүрген тіршілік иесіне айналғанын көрсетеді. Ал бұл жағдайдың адамдардың адамдардан жатсынуының нәтижесінде белең алатындығы белгілі. Тұңғыш өмірден мейірімділік, адамдар тарапынан жылы ықылас пен қамқорлық көрмеген адам. Содан болар оған айналасындағы өмір де қызық емес: «Мынау қан базардай құжынаған адамдар тіршілігінде дәулет бар, мансап бар, талас бар, тартыс бар, қайғы бар, сүйініш бар-ау деген сезім оның миына әсте оралған емес. Ол ештеңеге қызықпайды, ештеңеге жанталасып ұмтылмайды, еш уақыт опынбайды» [71, б. 227].
Өмірдің мәні неде? Осы сауалға жауап іздейтін жазушы «Сүйекші» повесінде өз кейіпкерінің өмір сүру кеңістігіне трагедиялық әуенде баға беруді нысанаға алған. Сондықтан да Тұңғыш өмірден ешкімнің шапағатына, жылы алақанына жарымай өтеді. Тұңғыш тағдыры басқалардың тарапынан ұмытылған тағдыр. Оның ата-бабасында жоқ кәсіп – көр қазушылықпен айналысуының өзі көп жайдан хабар береді. Өйткені, ол іс-әрекетіне баға бере алмастай халге жеткен, Үндемеске айналған. Шығармадағы трагедиялық пафостың тереңдеп кеткені соншалық, жазушы повесін оптимистік рухта аяқтай алмайды: «Алыстан кеп қалар деп күттіретін ағайын-туысы жоқ Тұңғыштың сүйегін ауыл кісілері ертесіне сәскеде шығарды. Оның өліміне ешкім жылаған жоқ. Өмірге өзі қалай тыныш келсе, сол ың-шыңсыз тыныш кетті. Тек қабіріне топырақ үйіп болғанда күтпеген жерден Өмекей ғана өкіріп жылады. Оның неге бұлай жылағанын былайғы жұрт түсінген жоқ» [71, б. 271]. Моланың басында басталған оқиға осылайша моланың басында аяқталады. Тәуелсіздік алған тұста нарықтық экономикаға көшудің салдарынан халықтың әлеуметтік жағдайы күрт төмендеп, демографиялық жағдай көңіл көншітпеді. Осы тұста жазылған шығармада қарымды қаламгер Дулат Исабеков өз туындысынан қаладағы қазақтардың саны азайып кетпесе екен деген авторлық позициясын да байқатқандай.
Жоғарыда айтылғандарды жинақтай келе, ХХ ғасырдың басында жазылған прозалық шығармаларда қала – ғылымның, білімнің орталығы, ХХ ғасырдың 50 жылдарына қарай қала – өндіріс орталығы, ал 1970-1980 жылдардан бері қарай жазылған шығармаларда қала бірде жаңа өмірдің бастауы ретінде, енді бірде керісінше адам өмірінің соңы суреттелетін орын ретінде көрінетіндігі 1-кестеде жинақталып, көрсетілді.

Кесте 1 – ХХ ғасыр прозасындағы қала модельдері





Кезең

Қала моделі

Шығармалар

ХХ ғасырдың басы

«қала – ғылым, білім орталығы»

Жүсіпбек Аймауытовтың «Ақбілек» (1927) романы, Бейімбет Майлиннің «Раушан – коммунист» (1929) повесі, Мұхтар Әуезовтің «Оқыған азамат» (1923), Жүсіпбек Аймауытовтың «Жол үстінде» (1925), «Кеп қол ағашта...» (1926) әңгімелері

ХХ ғасырдың 50 жылдарына қарай

«қала – өндіріс орталығы»

Саттар Ерубаевтың «Менің құрдастарым» (1939), Ғабиден Мұстафиннің «Қарағанды» (1952), Ғабит Мүсіреповтің «Оянған өлке» (1953), Әбу Сәрсенбаевтың «Толқында туғандар» (1953), Шерхан Мұртазаның «Қара маржан» (1977) романдары

ХХ ғасырдың 70-80 жылдары

«қала – махаббат мекені»

Тахауи Ахтановтың «Махаббат мұңы» (1960) повесі, Әзілхан Нұршайықовтың «Махаббат, қызық мол жылдар» (1970), Сафуан Шаймерденовтің «Инеш» (1958), Ілияс Есенберлиннің «Ғашықтар» (1968), «Махаббат мейрамы» (1983), Мұхтар Мағауиннің «Көк мұнар» (1972), Дулат Исабековтың «Қарғын» (1980) романдары

«қала – мола»

Дулат Исабековтің «Сүйекші» (1993) повесі

Қала қазағының ұлттық тәрбиені жоғалтуы, елдің салт-дәстүрінің ұмытылуы, бауырмалдықтың азайып, қатыгездіктің дендеп бара жатқаны М. Мағауин, Ә. Кекілбаев, Қ. Жұмаділов, О. Бөкей, Т. Ахметжан, А. Алтай, Р. Мұқанова, т.б. жазушылардың шығармаларында бейнеленгенін айта кетуіміз керек.


Сонымен, ХХ ғасыр басынан бастап жазылған М. Әуезов, Б. Майлин, Ж. Аймауытов, С. Ерубаев, Б. Бұлқышев, З. Қабдолов, Т. Ахтанов, Ә. Нұршайықов, Д. Исабеков сынды қазақ жазушыларының шығармаларын қарастыра келе, «қала» модельдерінің төмендегідей көрініс тапқандығын байқадық: «қала – ғылым-білім орталығы»; «қала – ойын-сауық орталығы»; «қала – жоқшылық»; «қала – өндіріс орталығы»; «қала – сұлулық»; «қала – махаббат мекені»; «қала – мола».


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   16   17   18   19   20   21   22   23   ...   31




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет